(«Фәнилік драманың» «Мың түрлі ой» деген атпен шыққан алғашқы кітаптарынан)
... Арғынбай жинағының аты затына лайық – «Мың түрлі ой». Ой болғанда да оқырманды енжар қалдырмайтын, терең толғанысқа шақыратын толымды философиялық ойлар.
... Сонымен, жинақтағы төрттағанның көптен көбі желісті де келісті...
Қараңыз:
«- Кешір, қалқам, өзіңе көп қарадым,
Қарап алып біртүрлі боп барамын...
Қоңыр күзде көктемді аңсаттың-ау!..
Бұдан басқа айтарым... жоқ, қарағым...»
Мінсіз кесте! Сарабдал сабырмен айтылған сырлы, сиқырлы сөздерде біртүрлі бір нәзік діріл, құпия астар бар.
«Күміс түнде аспаннан Ай қарайды,
Ай сәулесі тастарда тайғанайды...
Бір жас бейбақ жуынса көз жасына,
Бір жас сері серігін аймалайды».
Бұл шумақ та сондай. Оның үстіне бұл – жырға айналған сыр және сол сырды дәл жеткізіп тұрған ауызекі сөз ғана емес, сөзбен салынған сурет: «Ай сәулесі тастарда тайғанайды...» Мұндай сұлу суретті нағыз суреткер ғана сала алады.
Зейнолла Қабдолов,
академик-жазушы,
1 маусым, 1998 ж., Алматы.
Арғынбай әуелі Омар Һәйямды қазақша сөйлетті. Омарды Арғынбайдан бұрын аударған Қуандық Шаңғытбаев сияқты ақындар бар. Ал, Арғынбай «Шығыстың жеті жұлдызының» бірінің мәңгілік мұрасын мейлінше молынан тәржімалап шықты.
Омардың рухы содан өзін қолдады ма, кім білсін, енді Арғынбайдың өзі де төрттағандар жазуға кірісіпті. Міне, мына «Мың түрлі ой» - соның жемісі... Арғынбай төрттағандарына зер сала жүріп, оның заман мен адам туралы философиялық-лирикалық толымды толғау үстінде екенін байқадым.
Төрттаған дегеніміз төрт-ақ жол. Төрт жол өлеңге белгілі бір ойды көркем бейнемен сыйдыру тіпті де оңай шаруа емес. Хас шеберлікті керек ететін іс.
Білмеймін: кім періште, кім айыпты,
Кім нені олай ұқты, былай ұқты...
Бірақ та бір ақиқат: ұлтын сатқан
Тозақтың ең төріне ылайықты!..
Ұлтын сатқандар дәл қазір де арамызда жүр. Олар туралы жазылып та жатыр. Ұзақ-ұзақ мақалалар, публицистикалық шығармалар аз емес. Ал, бірақ сол опасыздардың түптің түбінде тозақ төрінде шыжғырылатынын төрт жолға сыйдырған ешкім жоқ.
Арғынбай рубаяттарында мұндай ұтымды ой-толғамдар толып жатыр. Бұл кітап сонысымен де құнды деп ойлаймын. Жолы болғай!..
Достарыңызбен бөлісу: |