Жә, болды… одан да анау сыраңды алшы…
1054
- Сенің бейнең түсіме күнде енеді:
сылтауратып жатқаның бірдеңені…
Сен де арман боп қалғалы жүрсің бе, айым?..
Сенсіз де арман болғандар тым көп еді…
1055
Сені еш көрмесем де сен деп теңім,
Іздеумен бітті әлім, селдеп терім.
Жер-көкті сан жыл кезіп, таппадым-ау!..
Әлде әлі…дүниеге келмеп пе едің?
1056
Дәрігер өлшеп әлек қан қысымын…
Кім өлшер қанды қысқан жан қысымын?
Ал жанды кім қысады? Мына жұрт па?..
Ғалам ба бүккен ішке мәңгі сырын?..
1057
Беттің бәрі кеткен жоқ ауыз болып,
Жұрттың бәрі кеткен жоқ жауыз болып! –
Болмаса осы Шындықтың титтей дәні,
Мына Өмірде қалар ма ек қауыз қорып?!
1058
Сенен де бар! Ойға у сепкенге ердің.
Ал соныңды өкпе ғып, кектенген кім?..
Жауығу ма?.. Жоқ, ертең кетуді ойла,
Ізіменен ізгі боп кеткендердің…
1059
Жер дейтін ғаламшарлық бұл аралда,
Астам ел астам билік сұрағанда –
Аптығын өзің баса гөр, о, Тәңір?..
Астамға салсаң - тозақ тұрар алда!
1060
О, Жалған! Жарылқадың елеп кімді?
Кім сенің жәрменкеңе не деп кірді?..
Мен байғұс білмей тұрмын түс ауса да:
таптым ба, таппадым ба керектімді?..
1061
Қойсын анау!.. Қоятын бірдеме де.
Құлақтан шу кетпейді күнде неге?!
Тыныш жанды неге Өмір тыншытпайды,
Шын тыныштық тек қана мүрдеде ме?..
1062
Қабыл ал бұл ғажайып, ұлы сыйды:
қарашы, дем бір суып, бір ысиды!..
Ғашықтық - сен деп келген ғарыш лебі,
Ойланба: „бұрыс па әлде дұрыс, игі?“
1063
Бұл не хал? Ояуда елес – түс қаптайды!..
Жанымды мұң жайлаған, қыстап қайғы
бір ақ нұр бұлың-бұлың орағандай…
Ұмтылсам- көзден ғайып! Ұстатпайды…
1064
- Көрсетпе, Алла, батқанды жон арқама
күншіл итке!?.. Көрсетсең - болам таба.
От жүректі өшірсең бірден өшір,
Айналдырмай күл-қоқыс, қоламтаға.
1065
Көңліңде дауыл ма әлде тыныштық па,
Аяз ба әлде сананың күні ыстық па?..
Апаратын апатқа ауандарды,
Баста, Құдай, бастай гөр дұрыстыққа!..
1066
- Жала-жара жанымды барады ойып!..
Зор тұтуын міскінді ала қойып!
Жамандықта алдына жан салды ма ол?!.
Туа біткен ауруы – параноик.
1067
- Көзіңде жиіркеніш жарқыл басым…
Түсінем үсік ұрған жан тынбасын…
Фәниге Опасыздық рәміз болса,
Амал не?.. Аман болсын алтын басың!
1068
Бақыт құш яки жүр зорға қаңғып,
Жаныңды зар илетер жолдан аңдып –
Сол ғой, сол! – Ойламаудан бақи барын
күнде егіз туатұғын Оңбағандық!
1069
- Күншілдің көңлі – түнек, түн де мейлі,
Жақсыңды көре тұра үндемейді!..
- Асылы, асықпау жөн ақиқатқа.
Кейінгі өзі жоқты күндемейді…
1070
- Өткен дәурен, кеттің бе шым батып – ақ,
Таптың ба әлде бір жұмбақ шыңда тұрақ?..
Сағындым ғой!.. Ал алда күнім бар ма?
Бар болса, ол секілді… қымбатырақ…
1071
Сұсты ма еді бұл ғасыр – қырқа мына,
Неге асықтың жұмақтың нұр-таңына?
Әлде сәл-пәл ғасырда жылу болса,
Түгел тисін дедің бе ұрпағыңа?..
1072
- Сұрайтындай сендейден тым сызданған,
Сорлы емеспін мына мен дымсыз қалған!
Уәде берсең де алман, керегі жоқ,
Сендейлерден уәде құнсызданған!
1073
Тағдырды тағлым болар жамағатқа,
Кезінде кемеңгер жан қалап ап па?
Қаласа, қалдырса етті кетерінде,
Кейінгі бір жақсыға аманатқа!
1074
Көк шалғында шалқитын бар шығар күн! –
деуші ем… Енді шындықты аршып алғын:
егде бопты сан сұлу сарсаң қылған,
Мүмкін мен де… қарашы, шал шығармын?..
1075
Күлкісі мен көз жасы араласып,
Ғұмыр шіркін көк белді барады асып.
Асса ассын…тілерім – жүрмесін тек
Бүгінім мен Ертеңім жағаласып…
1076
Кемдікүн мастығымен көңілдестік,
„О, қандай ғажап мына Өмір!..“ дестік.
Әуенін әуейілік біз жерлеген
Махаббат не деді екен көрінде естіп?..
1077
Деп қалып „Мынау сонша асты неғып?!“
Саудаға сала көрме басты ғаріп.
Асқам жоқ!.. Мен – бір тал шөп, тақсыр Тағдыр,
Шыққан өз жазуыңмен тасты жарып!..
1078
Желкілдесе жас күнде асыл арман,
Көп арманның көп мезгіл басын алған…
Көз жасымен толар ма ғұмыр - өзен,
Су суалып, табанда тасы қалған?..
1079
- Заман ортақ… Ал оны еншілесек:
сенікі –ау ол! Менікі – кемшін есеп…
Қайтеміз…сен шалқи бер! Мен оңалам
өлгенге де Уақыт – емші десек!..
1080
Келбет бермей Тәңірім ақыл беріп,
Жаратқандар айланы мақұл көріп,
Сұңқар шығар биікке сұм боп шықса,
Не жындыға қор болып жатыр көрік!
1081
Ескі кітап…Өткенмен аралықты
жалғап, жанның талайын дана ғыпты…
Мен мұңдана сипаймын мұқабасын,
Көргендей боп көк мұнар – балалықты…
1082
Мейлі, мұны мұңдының мұңы деңіз,
Мейлі, мұны жыршының жыры деңіз:
қазып алар қазына емес қой ол,
Неге, неге жетпейді жылы лебіз?!..
1083
- Өмірдің жыл да он екі ай шырынын
татпасаң - өкінбе. Ол – жәй шығының…
Сұмдық сол – күндіз-түні қиқаласа,
Жаныңды ішке бүккен қайшылығың!
1084
- Қарама, қалқам, күйіме менің қазіргі,
Ескерме, тіпті, мұңымды яки мәзімді.
Лебізің сенің – жұмақтың лебі мен үшін,
Жалғашы, жаным, үзіліп кеткен әзілді?..
1085
- Тыңдар ма ем сені күн-түні, құмыр бұлбұлым!..
Өлсем де мені тірілтер мүмкін нұрлы үнің!..
Амал не, айдап, мазақтап қор ғып барады,
Тіршілік дейтін тепкісі темір құрғырың!
1086
- Жеткенім шын ба арманға ақыр сендей!?
Быт-шыт боп үмітсіздік жатыр сеңдей…
Куә етші құшағыңды тұрған шақта,
Жүрегім сенгенімен ақыл сенбей?..
1087
- Сені шын иманды деп бірде естіп пе ем?..
иә, естіп, дәметкем үндестіктен.
Тірідей отқа сапсың бір пақырды!..
Мақтаған елде ес жоқ білместікпен…
1088
Қампайттырған қалтасын күнде үрлетіп,
Жемқор өліп, тыншыды ел күңгір кетіп…
- Марқұм Тозақ төрінен жер алыпты,-
дейді, - сарай салуға дүмбірлетіп!..
1089
Текті, текті… мақтан сөз “текті” деген,
Заман илеп, текті де тепкілеген!
Баяғы Аты қанынан қалса тамшы
ұрпағына не күйде, жетті немен?
1090
- Кетпе, өтінем, қасымнан бір кетпеші?!
Әлі-ақ жетер ғұмырдың «Жүр!» деп кеші.
Қоңырлатты ақ жанды мына Жалған,
Жайнатпасаң сен оны, кірлетпеші?
1091
Заманның күрт өзгеріп күй ырғағы,
Сыр берді кімнің ала құйында ары?..
Біреуге-у, ал біреуге шәрбәт тисе,
Оны да деу керек пе «бұйырғаны»?
1092
Ертең…ертең?.. Қасымда бүгін барсың!
Күлші, сәулем, оны Көк ырымға алсын.
Сыбырлашы, сыбырды сағынушы ем,
Ыстық деммен ысытып сыбыр қалсын…
1093
-Шыда! Шындық бүтіндер шырқын әлі,
Аярлықтың тиылар тыртыңы әрі.
Жеті басты айдаһар боп кетсе де ол,
Жеті басы бір күнде-ақ қырқылады!
1094
-Айырам деп мерт болды Ер ақ, қараны!
Енді енжар ел қай бетпен ақталады?!..
-Кешегі үшін кешірім сұрамай-ақ,
Қабіріне шоқ-шоқ гүл ап барады…
1095
-Тоқта, айтып болғам жоқ айтарымды:
неге шалдың меселі қайтарылды?..
Өтем десең осылай асып-тасып,
Өмір шал боп қағады шайтаныңды!
1096
Небір жақсы, арам да ар аттаған,
Қызық іздеп, олжа іздеп алақтаған.
Беру емес, тек алу болса мұрат,
Мені неге басқаша жаратпаған?
1097
Елдің мүлкін, ей, сұқ ит, көріп тегін,
Алдың ақша, үй-жайын, көліктерін!
Көген көздің көз жасы қорқытпайтын,
Дүние-боқтан соншама өліп пе едің!?..
1098
Жаһанда жоқ сол нұрлы көзге сенсең,
Жалғандық жоқ сол сырлы сөзге сенсең-
Бақытың жүр қасыңда!..Бірақ, байқа:
Ғашықтықта - қашықтық өзгеше өлшем!
1099
О, Жаным, от сезімдер салған ойнақ,
Атар таң қай мұратты алға қоймақ?..
Жалғанның бары-азап, жоғы – рахат,
Жоққа емес, барамыз-ау барға бойлап!..
1100
Хызыр кеп Жер-жаһанның нұр-таңында,
Тақ тұрмақ алтын болсын ұлтаның да –
Бақыт па ол?. Болса, оның – шартты бақыт,
Бір кілті тұратұғын ұрпағыңда.
1101
- Білем, қалқам, жат жүрек жазалады!..
Жыласаң, ол-жас емес азадағы.
Ол – төгілген махаббат маржандары,
Маржан қайта құлпыра тазарады!..
1102
- Сен-ағашсың, дос, бұтақ жайғызбаған!..
- Қарап жатыр, айтшы өзің, қай қыз маған?!
Көріне ме сұлулық мына беттен,
Жоқшылықтың соқасы айғыздаған?!
1103
-Жаһанды жайлап алды-ау жаңа сағым!
Асқақ ең…бар ма алдыңда тағы асарың?
-Шығармын бәлкім биік бетегеден,
Көр, міне, көк жусаннан аласамын!..
1104
-Шырқа, сәулем! Қой босқа әңгімені!
Мойыныма оралсын ән білегі.
Тоқсан толқын арқылы ән тулатқан,
Мына Өмірдің өңіне әр кіреді!
1105
Бір қаскүнем әлгінде қан қайнатты!
Ашу шығып, серікке алды айбатты…
Айбаттан Ай батқан жоқ, қаскүнем сау,
Ал ашудан өзімдік жан жайрапты…
1106
-Айтшы өзің, айыбым ба, Ғашық күнім:
алғаным дүние есігін ашып бұрын?..
Жетейін желге мініп, еркіңде ғой,
«Жоқ!» деші сен Уақыт қашықтығын?!
1107
Үрейін көрмесем де үркіндінің,
Тежеумен келді өмірі күлкімді кім?..
Өтеуіне, өтінем, бер, о Тәңір,
Бақытты боп өлудің мүмкіндігін?
1108
Шын ұлыны ұйытса үміт, қайғы,
Саудайылық сайқалды ұлықтайды!
Жақсылығың ертең-ақ естен шықса,
Жасап көрші жамандық?.. Ұмытпайды!
1109
Бақиға жөнелгенде батып төбем,
Үкімін айта жатар Уақыт төрем.
Бақытты болдым ба өзім болмадым ба?..
Сөз емес! Қалса болды Бақытты Өлең!
1110
Адам құлқы, о, қашан оңалады?
Дос дегенің неге жау боп алады?
Ажалдылар тататын бар тәттілік,
Неге ащы боп не мұң боп жоғалады?..
1111
Туған соң жатқа тізе бүккен елде,
Армандап Азаттықты кұткен ем де…
Енді әр күн мың қайтара тәубе қылам,
Еңсесін еркін Елім тіктегенге!
1112
Деп тұрсың: „Неткен топас албасты еді!..“
Кейімеу – бұл халіңнің бар басты емі.
Адамзат бәрі оп-оңай түсініссе,
О баста-ақ пейіш орнап қалмас па еді?!
1113
-Маған деген көңліңде мұз бар неге?
Мұз қатыра соғатын ызғар неде?..
Мен де саған жай отын жарқылдатсам,
Тағдыр қайтпек сап жүрген бізді әрнеге?..
1114
Бозторғай шыр еткенде бұтағынан,
Жөнелді тобылғыдан тұтанып ән!
Сол әнмен қоса жусан исі елтітті,
Жұмақтың дәметсем де жұпарынан…
1115
Құрық жоқта бейбасқа салатын Ар,
О, неткен көп даңқты дарақылар!..
Ал Бүгінді кеудеден итерсе Ертең,
Көпіршіген көбіктің шары атылар!
1116
Иман тапсаң қадірін шапшаң ұқ та,
Жоғалтпа оны, ап жүрме ақша ғып та.
О дүниеде болмайды мемлекеттер,
Түкке аспайды ол жақта патшалық та!
1117
Адамдығың адамға танылғанша,
Арпалыспен атады таңың қанша?!
Сонда пәле көзде ме тіміскитін:
„Мансап бар ма, бар болса малың қанша?..“
1118
Небір сұмдар арыңды былғаса тым –
Дерт емес пе?! Ал дертті бір басатын
амал- доспен сырласу?.. О, бармысың
маған шын дос тірі жан сырласатын!?..
1119
-Жарасым… Өмірде оның бәрі асыл ма?
Көрсең сен түсіп тұрып дара сынға
жалғандық жарасқанын бұ Жалғанға,
Не дер ең?.. – Лағнет ондай жарасымға!..
1120
-Сұмның сөзі сұр жебедей тисе келіп жүректен,
Жарамайды, ей, жарқыным, жаның шошып дір еткен.
Сұмның өзі ақымақ боп білмей отыр, әйтпесе ол
„Берік болсын, асқақ болсын“ деген ғана тілектен!
1121
…Әппақ ару алаулайды…атып қалды тау таңы,
Неге жүрек туламайды, таусылған ба қауқары?
Әлде іңкәрлік кереметі кетті ме екен келмеске,
Әлде жанның толқын атар бола ма екен науқаны?..
1122
Талайға тапшы болса азық, тұз-дәм,
Талайлар жапа шеккен жазықсыздан…
Неге үйір бар жамандық бейшараға,
Неге өйтіп пешенені жазып - сызған?
1123
Кісәпірге кез болып шетін істе,
Өтпей қалса ең әділ өтініш те –
Қорлық емес!.. Шын қорлық - зар болғаның
„Өзімнен де болды-ау!“ дер өкінішке!
1124
Заманда да тұратын түгі инеден,
Кей ұлт, шіркін, әз басын түк имеген!
Қатаймастай қайтадан етіп бізді,
О, Тәңір, қай талқымен кім илеген?..
1125
Ащы сөзден кету бар ел елдіктен.
Ащы айтқандар, еске алшы, немен біткен?!..
-Дәрі бар ма тәп-тәтті?! Мен ащы айтсам,
„Тәтті болса-ау мына Өмір!“ дегендіктен.
1126
„Штраус… биледік, білесің бе!..
Бақытты ек қой!.. Сен шатсың, күлесің де…“
-Түсімде айтқан сырымның бұл үзігін,
Қалдыршы, Алла, өңімнің үлесінде!?
1127
„Мен! Мен!..“ деп қанша кеуде қағылса да,
Қоймайды қарсылығын Сабыр, Сана.
Бірі аң боп, бірі Адам боп арпалысқан,
Қоғамды қолға алар Кім жанын сала?..
1128
-Кімде аз дейсің, қарағым, бастағы мұң,
Қайғы шоғын қып-қызыл баспады кім?!
Ұмыт бәрін, Бақыттың сезгің келсе,
Мың күніңе татырлық қас қағымын!
1129
Ақымақтар – есеп емес! Салып есі барға лаң,
Билік құрса, ол – жалмауыз жан жарығын жалмаған!..
Уақыттың жендет бола аларына – мың шүкір!
Ал Уақытты айтшы, қәне, қашан алдай алды Адам?!
1130
Жаратқаны-ай оны ару асылы ғып,
Ажарынан кетердей жасын ығып!..
Тек „кішкене күнәлар“ амал тауып,
Ақ тамаққа жүр ме екен жасырынып?..
1131
Келешекті білсе де бір – ақ Алла,
Өлең - үміт, ұстайтын шырақ алға!
Әлдеқашан құм болып кеткен кезде,
Көркем бір сөз көрімнен шығарар ма?..
1132
Жабыса берсе улы сөз үпелегі,
Жан біткен жараланып бітер еді…
Сабыр ғып қара Дала – Анамызға:
гүлінен мың есе көп тікенегі!
1133
-Жүргеніңді сан көріп сайранменен,
Қызыққаннан қызынып „Қайран!..“ деп ем.
Өзі өзінен ұйығыш ойға бөгіп,
Шықсын бірақ сауықшыл қайдан менен..
1134
- Оян, оян ұйқыңнан, жарықтығым,
Кешегіден мына Күн жарық бүгін!
„Бір көрсем,-деп армандап кетпеп пе едің,-
бодандықтан босаған халық түрін!..“
1135
Күйіп-пісіп бір күншіл еңірейді,
„Қысылғаным - кер заман кері!“ дейді…
-Іші тарға бұл Жиһан қашанда тар,
Жалғыз өзі қалса да кеңімейді!
1136
„Тым болмаса жырыммен жақындармын,“
деп үмітпен қанша таң атырғанмын!..
Міне, сұмдық!.. Тек сені жырлағандай,
Бұрын-соңғы барлығы ақындардың!..
1137
Білмеймін, сорым ба әлде ірі мінім:
Ешкімнің көтермеппін „ірілігін“.
Тіл емес, көкірекпен сөйлескісі
келгеннің „сыбаға“ алды бірі бүгін!..
1138
Ерітпесін арудың ерні мейлі,
Бақ-дәулет те қонбасын енді мейлі…
Бәріне де көнуге бейіл ем ғой,
Тек неліктен көңілім сергімейді?
1139
Қара бас қара жерге кіргенінше,
Ақирет бір сәтке алдан бір көрінсе,
Ешкім де періште боп кетпегенмен,
Жүрер ме жын-шайтан боп білгенінше?!
1140
-Құрбылар ма?.. Бар ғой, бар құрбылар да!..
Ішінде көп жүрегі нұрлылар да.
Құлқынына құл болып кеткен де бар,
Санаймыз ба, қайтеміз, құлды барға?..
1141
-Тістеп ап Тағдыр тағы қыршып тұрып,
Жасыңды тағы кетті-ау бір сықтырып!..
Күт, күнім, Күнің сенің туары хақ!
О, сонда қайғы күйрер, қырсық тынып!
1142
-Көркің, күнім, сырлы еді, ей, не деген!..
Бояуды ойша білмеймін кейде немен.
Тек жұбаныш: өйтудің керегі не,
Жүрек үшін жаралған бейнеменен?!
1143
-Сен бар кезде өзіме сенімді едім,
Сенімді едім жоқтай еш жерімде мін.
Енді езіліп барамын, аясаңшы,
Ауыр зіл боп, ауырлап жеңіл дерім!..
1144
Десе Тәңір „Ойда не, сұра, сұра…“
Жалынар ем: „Бір жылым-бір асу, ә?..
Олай болса, қайтаршы бар жылымды,
Ессіздікпен етілген ірәсуә?..“
1145
Дұрыс па осы: Жалғанды желең кешкен,
Мұқағали өтті деу еленбестен?..
Еленгеннің бәрі ұмыт боп кетсе де,
Оны ешқашан шығармас ел енді естен!
1146
Бір ауыз сөз айттың да тыншып тұрдың.
Сайрамайтын… жоқ па едің шымшық құрлым?
-Жендет боп ем мен қашан?! Ешкімді де
көбік сөзбен келмейді тұншықтырғым!
1147
Аярды әркім айыра ала ала ма,
Содан күйіп, қалғанмен жалаға да?..
Ішке кіру қиын ба кер жыланға,
Жаңалаған терісін жаңа ғана?!
1148
Болмысыма бүгінгі сия алмаған,
Кезімде мұң басады, қиялданам.
Жүрек жылап, егілем ескі Елеске,
Қиып тұрып амалсыз – қия алмаған!..
1149
Тоты құсты айырған аспанынан,
Асқынғанның басына тастап ылаң,
Өзін торға сап қойып көрер ме еді,
Қалай сайрап, салғанын мастанып ән!
1150
Адал-арам, оң менен терістікті,
Білмей Адам билесе Кеңістікті,
Ғаламшарлар шашылып қала ма деп,
Шаманы Алла шамалы кеміс қыпты…
1151
Мезі болдым! Сұр тірлік, сүреңсіздік…
Көрік емес көрерің – кіл өңсіздік!
Кім мұңымды молынан кесіп-пішкен,
Ал шаттықты шоп-шолақ, тым енсіз ғып?..
1152
Күздегі енші, - қалған соң жаз арыда, -
Қызығу ма басқаның базарына?
Өз базарың тек қана түске кірсе, -
Егделіктің ең басты азабы да!
1153
-Мамандық? Мамандығым… журналиспін.
Кәсібім?.. Ішіндемін түрлі алыстың!
Мақсатым?.. Құлқын түзеу замандастың.
Сол үшін бірде пақыр, бірде арыспын!
1154
Сөз Адамға ақыл-ой әзірлесіп,
Жүрсе де онда сұрау жоқ мәзір-несіп.
Тек мінезі құбылғыш: кейде мұздай,
Кейде алғанды қалайды әзілдесіп…
1155
-Сен Жалғанды басыпсың жалпағынан,
Ал мен Оған таңданам, аңтарылам:
«Кенже ұлындай кекілді шолжаңдатып,
Дәмете ме-ау Ол да аздап қалталыдан?..»
1156
-…„Жоқ“ десең… қала ма деп тіл, жақ сынып…
-Айт, қанша? Мұның қалай, тым жатсынып?...
-Ақша емес, ойбай, оның не болады,
Қарызға сұрап келдім бір жақсылық?!
1157
Көргенім көз ашқалы – жұмыс қана,
Жеткен жоқ одан қолым ырысқа да!
Әуелі сол ырысың керек пе екен,
Жан-жүрек таппай жүрсе дұрыс пана?
1158
Ата Қазақ – намысшыл, тұнжыр дана,
Қарамастан шырмаған шынжырға да,
«Ұлтарақтай демесін !» деді ме екен,
Жер қалдырса тарылмас мың жылда да?
1159
…Дәмі де жоқ ауыздың…бұл ас у ма?!
Ішкі дерт пен сыртқы дерт ұласуда…
-Мәулет бере гөр, Тәңір, сайланайын,
Бақиыма бастайтын ұлы асуға?
1160
Отқа, о, неткен, төзімді жүрек еді!
Қанша күйді, өртенді – жүдемеді…
Енді өзі өшіп барады Таңшолпандай,
Ғашық оты бұрынғы үдемелі…
1161
- Сол қайғы…қонбай қойған бір де бір ем,
Уақыт та салмады оған мүлде жүген! ..
Бар амал – сенің соңғы ізің түскен
Есілдің жағасымен күнде жүрем…
1162
Бір Алла шақырғанда пендесін әр,
Аманат жан, ақырғы дем де шығар.
Ал оған жету тыныш неліктен жоқ?
Тағдырдың неге мың-сан кермесі бар?..
1163
Зәуеде ел аузына іліккеннің,
Барлығын қалай екшеп, іріктер кім?
Мыңнан бір шықса, өмірі қаралар ма:
көп пе елмен жан-жүрегі біріккен күн?..
1164
- Осы сенің күйзелгіш неменең бар?
- Қайда, қане, «обал-ау» деген ел бар?!
- Ұмыт бәрін! .. Періштең келді, әне,
Емің сонда – қолыңа немереңді ал!..
1165
Шыда өзгеге сен шығар төр берілсе,
Шыда ессізге сендік сый өңгерілсе.
Шын иманның анасы- шыдамдылық!
Шыдамды бол, жарқыным. Өлгеніңше.
1166
- Неге залым көп шыққан мәстектерден?
Неліктен көп мәстектер әспеттелген?
- Бой орнына өш алсын деп оларға
құмырасын қулықтың «бас» деп берген…
1167
Дүние, бетіңдегі сұсқа қарап,
Түршігем сені ылғида қысқа балап!
Ал енді қыстан соңғы жазың қайда?
Бар болса, неге оның қысқа ғана-ақ?!
1168
-Көрсем де күнде, қаракөзайым қарағым,
Жұмбақсың мүлде, білмеймін: кімді қаладың?
Сезімтал жаның сезініп жүрсе не дейді,
Ағаңның іште бүгулі жүрген алаңын?..
1169
Қуам деп жүріп қуғанмен жетпес сағымды,
Бұлт жоқта-ақ төбем отына жайдың шалынды!
Жай оты бірақ еткен жоқ жарық жанымды,
Сен жақшы, сәулем, жағылмай келген шамымды…
1170
-Айналайын аманбысың, бір кездегі құрбы қыз!
Рас, қазір әке-шеше, шүкір, қызды, ұлдымыз.
Назыңды айтшы баяғыдай, именбестен Уақыттан,
Уақытқа қайда өзгерту Құдай ісін: құрбымыз!
1171
Бала басты алақан зипа, жайлы,
Сипаса одан бір ерке сый тарайды.
Содан ба үлкен ұмытар еркелеуді –
Бурыл басты ешкім де сипамайды!
1172
- Сатқынды мен кешіріп, сен кешіріп,
Дей салу дұрыс па ісін «пендешілік»?..
Кешсең кеш. Бірақ оған енді сенбе,
Ешқашан көнген емес емге шірік !
1173
- Мекенді әйтеуір, дос, Күн асты ғып,
Бір шаңды бір шаңыма ұластырып,
Жүргенде тірлік қапты ашық-шашық…
Енді оны үлгірем бе құрастырып?
1174
- Сен ұлы едің, бәріне кенен де едің,
бар кемдігің – кезінде еленбедің!
Өкпе айтпадың. Қош айттың: «Бір заманда
көгіңе, елім, жұлдыз боп келем» дедің…
1175
Бір арамза мұқатса бір еңісте,
Неге ұйыған запыран жүреді іште?
Жанға обал ма? Кім білсін… Ал шын обал –
Уақытқа! Уланған іренішке.
1176
«Һәйям, шарап ішіп жүрсің, оған да мың шүкірлік,
Һәйям, сұлу құшып жүрсің, оған да мың шүкірлік!..» -
деген ұстаз сөзін ұқпау – мың мәртебе күпірлік.
Шүкір орнын күпір алса?.. Адыра қалсын бұ тірлік!
1177
Түрмеден бұйырарын несібенің,
Естіп ап: «Жаман оның несі?!..» дедің.
Тозақы !.. Ойладың ба соны айтқанда,
Өлімге сорлы анаңның кесілерін?!
1178
- Ашық айтсам көрме айып мұны, шырақ:
бір көргеннен тұрсың ғой жылы ұшырап !
Енді қайтып жолымыз тоғысар ма?..
Дәл осы сәт, - ойланшы, – ұлы сынақ!..
1179
- Сөзбен өрт салғанда бір қиқар ерін,
От шалған жүзімді сен сипап едің-
Сауықты!.. Енді оған нұр бітуі үшін
қайтесің?.. Сүйемісің, шипагерім?..
1180
Кеудемді жүрсем де ылғи қаусырмалап,
Жүрекке көзделген оқ таусылмады-ақ!
Достікі неге әрқашан дөп тиеді,
Жаудікін деп ем қашан: «жаусын жанап»?
1181
Ақты көміп, көрсетіп залымды өрден,
Бұрмаланған Тарихың – арың да өлген !
Қараулардың қаламын қағып тастап,
Өзі жазса-ау қара Жер бәрін көрген!
1182
Мүттәйім ой ұшына ілсе кекті,
Туғызар бір себептен бір себепті.
Себептен селдеп бөтен көздің жасы,
Жуарын өлгенде умен білсе нетті !
1183
- Білсең, айтшы: мына Өмір мәні неде?
- Жермен, Көкпен, Адаммен мәміледе.
- Ешбірімен олардың өштескем жоқ…
- Ойлан, еске ал..кеш емес әліде де…
1184
Қонақтауға біреуге ұшқан құтты,
Үркітуге біреуді құштар ғыпты…
Ғаламды Алла шексіз ғып жаратқанда,
Неге керек деді екен іштарлықты?..
1185
- Тұр, әне, Далаң жайнап, Күнің күліп!..
Білмеймін, жүр сені не түңілдіріп?
- Ол да әлем – Опасыздық, мың бейнелі!
Басқа ертең – танығаның бүгін біліп…
1186
Әмбеде бар «Мен» деген ұғымды айып
көрмесек те, алса ол тым ұлғайып –
нағыз тажал! Айналып көлеңкеге,
Адамды етер өзінен бұрын ғайып!
1187
Есіңде ме: «Өзіңе қара» деп ең,
Иншалла, иманымды шала демен.
Жағдайым анау айтқан жаман да емес,
Десем де… қатты ойланып қала берем…
1188
Мен, жалпы, бәрінен де кеш қалыппын,
Елесін кеш қалғанды еске алып кім…
Елесін, елемесін - бәрі өткінші.
Келмейді өткінші үшін еш тарыққым!
1189
-Мен бүгін, дос, - о ғажап! – көңілдімін.
Бұл күйіме бар ма еді көрімдігің?!.
Тек тікенек тиетін уысыма,
Уыстатқаны шын ба өзі Өмір гүлін?
1190
Ән салып, мәз-мейрам боп құстар тағы,
Атты таң, бар үміттің құштар таңы!
Ал үміт ақталса – құт, өшсе-тажал,
Онсыз да қысқа өмірді қысқартады…
1191
-Ол саған неге сырттай ұнамады?..
Пенде, рас, әрең жүрген құлағалы.
Көзіне көзің салшы?..Мүмкін ертең
табарсың табынатын ғұламаны?..
1192
- Япырай, мына қия беткейлерден,
Қалайша аман өткем!? – деп кейде мен
шошынсам – алғыс айтам бір Аллаға…
Ондайда, кәпір ме анау, етпейді елең…
1193
Әділетің жатса да өліп тегін,
Көнбесе де іш, кеткен ғой көніп терің.
Содан бүгін бір надан оқытады
мың дананы!.. Не қалды, көріпкелім?!
1194
- Әр күнім, әнбісің сен қайталанбас,
Арман да, күйік те бар шайқаған жас?..
Шырқармын шыққанынша ақтық аккорд,
Өйткені оны еш ұрпақ айта да алмас!
1195
- О, Тараз! Туған атам, ақсақалым,
Балаң мәз жақсы болып жатса халің!..
Қайтсе де күнде өзіңді ойлауым хақ,
Күніге Құдай сыйлап атса таңым…
1196
Тыңда, әлеумет! Тарихтан жолдаған жар:
Тойдан аулақ арамза оңбағандар!..
Төрге шықсын жанын сап жиырма ғасыр,
Тасын қалап, Таразды қорғағандар!
1197
- Әкім бардым… «ертең» деп ол алдайды.
Сотқа бару?.. Парасыз оған жайды…
-Айтпа!.. Қара: қоғамда иман бар ма?..
Ол жоқ болса ештеме оңалмайды!
1198
Аумаса да өмірім ырғағынан,
Мен басқамын, жарандар, жылдағыдан.
Жақсылыққа жанығып кете алмастан,
Жамандыққа жабығып, тым қамығам…
1199
- «Таста, -дейсің, - тас жарар өршілдікті,
Сенен бүгін қойторы көршің мықты…»
Сөз екен-ау!.. Болмасақ біз – бейбақтар,
Біржолата жұтпай ма көр Шындықты?!
1200
Ала-құла бұл не жұрт қаумалаған,
Саясаттың базарын дау қамаған?..
Сақал да жүр беделін бетперде ғып,
Тулағын да тұлпар деп саудалаған…
1201
«Жағымпазға неліктен ай, күн құтты?» -
десем, жұртты жүзетін айдын ғыпты!..
«Адам шыққан маймылдан» деген шын ба?
Шын болмаса, кім тыяр маймылдықты?
1202
Білгем жоқ ғұмыр қалай басталғанын,
Сезгем жоқ көзден алғаш жас тамғанын…
Бүгінде жылап келген мына Өмірден,
Күңіренбей, күліп кету – басты арманым.
1203
Алмастан-ақ Адалдың сыйға лағын,
Арамдықты, о, қанша қидаладым!..
Жер түбінен бір Шындық шырылдаса,
Үйге сыймай қазір де қиналамын…
1204
- Бір келер өмірді өткіз сауықпенен!
Сауықтан жанға ләззат тауып келем.
-Сауықтан сауап сауған пенде бар ма?..
Әй, ондай жоқ шығар деп қауіптенем.
1205
Бір үмітті сабақтап, бірін кескен,
«Уақыттың әр сәті - білім» дескен.
Сол Уақыттың ғұмырды ұрлауы анық,
Тонар ма еді өзін де білінбестен!
1206
Жалғанның не түнегі, не жарқылы,
Тауфих пен талайдың да кем – артығы…-
Ол Тағдыр. Ал дүниеде рахат барын,
Сезем тек, жан серігім, сен арқылы!
1207
- Езілген емешегі кіл өгейге,
Мына жұрт өз ертеңін тілемей ме?
- Тілер-ау… бірақ кейде жүргені рас,
Алмасып бірегейін шүрегейге!
1208
Қылығынан қырық түрлі күнә қалар,
Ұрпақ өссе, оны аршып кім ала алар?..
Баба рухы?.. Ал Баба түсіне енсе,
Тілдесе ме ымменен дүбәралар?..
1209
«Іңкәрлік айтпайды-ау, -деп, - қайталап ән»
жүріп пе ем…Қалай Сізді байқамағам?!..
Сырлы ұшқын нұрлы көзден – жетті өртеуге!..
Өртеніп жүріп қалай жай таба алам?!
1210
-Жүректі жыртып оғың бір кетті де,
Дөп тиді! Ойлап қалсам: «Тым кекті ме?»
Кек емес, сүю екен!.. Сүю үшін,
Жаным-ау, жаралау да міндетті ме?
1211
Жан да лас, Жер-топан су, Аспан да лас…
Аяғын Ақырзаман басқан ба рас?..
Адамды ақыл беріп жаратсаң да,
О, Алла, бермеуің не асқанға бас?
1212
- Мен өзімді, ей, інім, күйрек демен,
Сондықтан да бір ақыл үйретпек ем:
бір бүйрегің қашан да елге бұрсын!..
Жүргендер көп жалғыз-ақ бүйрекпенен.
1213
Түсе-түсе суына Таласымның,
Мен де қызық…толқында таң асырдым.
Салқындамау неліктен? Сағыныш па?..
Белгісі ме басталар… жаңа сырдың…
1214
Десем «Неге басымда бақ тұрмайды?»
Аңғал екем!.. Сонымнан таптым қайғы.
Арамға айтшы, сенбесең, адал жайын,
Ата жауы – дәл сенсің! Жақтырмайды.
1215
-Рас, рас, о , күнім, сезігі елдің:
сені мендей жаным деп сезінер кім?!
Кейін мәңгі мекенім пейіш болса,
Сенсіз, тіпті, одан да безінермін!
1216
Жастық шақ – махабаттың базары ма,
Қарайтын алдыменен ажарыңа?
Көкке ұшқан қуыршақтың бәсін көріп,
Тартатын іші алтынның азабы ма?
1217
-…Өмірді айттың…ал оған элексир ше?
-Еңбегің елге елден ерек сіңсе,
Балай бер бір күніңді мың күніңе.
Тірісің - өлсең де жұрт керексінсе!
1218
Мөп-мөлдір болып жатсын Есіл, мейлі,
Бәрібір жүзе алмайтын шешінбейді.
Ал, күншіл…сен ол үшін өліп-тіріл,
Бәрібір…мәрттігіңді кешірмейді!
1219
Адал болдым мезгілдік сертке де мен,
Енді ақбозын серілік ертте демен.
Әттең!.. Талай алауды аңғармаппын,
Ару жанын неге мен зерттемегем?!..
1220
Саудагердей базарға мал айдаған,
«Не таптым, - деп, - Өмірден?» санайды ағам…
Мен пақыр ше?.. Ортамнан озғындамай,
«Бірге көрсек бәрін…» деп қарайлағам…
1221
Шындық – жаны Жаһанның, қай нудың да!
Неге қиын оны айту айбынды ұлға?..
Қалмақ сарбаз салғанда қылбұрауды,
Шыңғырмаған Шындықша Тайбурыл да!..
1222
Уақыт, Жаһан, Сана…кеңістіктер…
Ақ-қара, таза-лас, оң-терістіктер…
Шексіздік…Тек бір меже қойса нетті,
Адамзат Ар-ұятты тегіс тіктер?!
1223
Мың жыл бұрын дәм айдап аялдаған,
Ұлы шайыр шәһардан аянбаған.
Ширазды емес, Таразды аңыз еткен,
Тойға келсін, хабар бер, һәйям данаң!
1224
-Шығардың-ау, қу тірлік, сілікпемді,
Күн кешсем де місе ғып іліккенді…
Қоспа, бірақ, тобына тойымсыздың,
Ол шіркіндер өздері-ақ іріктелді!
1225
Сол баяғы Ай… тағы да туды ырғалып,
Жөнелді ой-қыр, көк майса бурылданып.
Ши түбінде ағарған ақсүйек пе-ау!?..
Жоқ… Жастықтан кетіппін қуғындалып…
1226
Үзсем де, рас, жалғыз-ақ райханын,
Гүлзарына Тараздың жыр айтамын.
Сағынышым жұпар боп тарасын деп,
Гүл ішінде қарсы алдым бір ай таңын…
1227
- Қуантпаса, оқа емес, еш күткенің,
Жасыма тек, ширап бақ, ес тіктегін.
Асан-Қайғы атамыз болған біздің,
Асан-Думан дегенді естіп пе едің?!
1228
-Сені еске алсам келеді ой кіл көңілсіз,
Сен де мені жүрсің-ау тілдеп үнсіз…
Келіспеуге келісім жасап па едік,
Кеш, дос!…Жан жоқ Жаһанда мүлде мінсіз.
1229
-Фәнидегі аяз бен аптаптардан,
Небір қорыс, от пен су, батпақтардан
қайтіп өттің, қымбаттым?!.. Қандай сыйқыр
Тазалықты сәбилік сақтап қалған?..
1230
-Сол жылпыңға, жарқыным, тым елікпе,
Мейлі, тұрсын тағдырың тіреліп те.
Тағы барға тағзым ғып, санап жүр ол
бағы тайған досын да тірі өлікке!..
1231
-Әкім жатыр той жасап, бүгін ән сап…
-Соқырыңның көр онда түрін аңсап!
-Соқырың не, жанары жайнап тұр ғой?!..
-Бірі- доллар қос көздің, бірі-мансап!
1232
-Әр өткен күн түсірер торға айналып,
Өтермін-ау жыр-сырды толғай барып.
Қашан табам мен сені?.. Жүз жылдан соң?..
Күтер ем ғой!.. Тек уақытым болмайды анық…
1233
Қазір, ұры ит, не тіле – соны аласың.
Атақ-даңқ па? Иіп тұр о да басын.
Мүмкін, жын боп көрерсің, мәңгіні ойлап?..
Жерге әйтпесе лыпасыз ораласың…
1234
-Тағдыр саған қайғысын үйіп-төкті,
Ажарың да күйіктен күйіп кетті…
Бәрібір сен – асылсың!.. Көрші, алтыным:
Азап та асқан-тасқаннан биіктетті!..
1235
Достарыңызбен бөлісу: |