БІРІНШІ ДӘПТЕР
Өлең толғап, өтер болса өмірің,
Көркем жазып, судай тассын көңілің!
Қожа Ахмет Иасауи
1
Бөпеге құрсақтағы қонған бүгін,
Шыбын жан кімнің жаны болған бұрын?
Тағы да кімге барар сол аманат?..
Білмейміз... Алла білер ол мәңгі ұғым...
2
- Жап-жассың, әдемісің әдеміден,
Пейіштің келгендейсің әлемінен!
Неге ыстық болдым саған?.. Әлде сен, сен...
Жастықтың ең ақырғы сәлемі ме ең?..
3
Күз-өмір еткенменен бізді еріншек,
Көргенмен жас күндердің іздерін сеп,
Ұлы һәм ұры сезім азаптайды,
Оятқан опасы жоқ қыз-келіншек!..
4
Қайтадан ел болар ма ек Түркі деген,
Баяғы бабалардай күркіреген!
Күштінің күлі күнде көзге түсер,
Құдай-ай, әлсіздікті кім тілеген?!
5
Тоқтар ма зұлымдықтың өрлегені?
Айтарсың айқай салып елге нені?..
Әлі де ізгіліктің арқасы ғой,
Қиқулап қияметтің келмегені...
6
- Алақтама, антұрған, шен-шекпенге!
Сәлем берсең - бер тегіс, ең шеттен де..
Сәлем - сөзі Алланың, сенің емес.
Ал Ол пейлін пендеге өлшеткен бе?!
7
Адамзат бүйте берсе оңбас тегі!
Жауыздық бірге туар жолдас па еді?!..
Сүрсе өмір екі дүниеде бір мезгілде,
Тозақтан қорқып мұндай болмас па еді?
8
Болсаң да бір дәуірдің жігіті нар,
Тасыған мына өмірің түбі тынар.
Көлеңке түсірмеші кейінгіге,
Құдайдан олардың да үміті бар.
9
Қалдырмай құдай қосар жарға түгін,
Көп бикеш беріп жатыр жалға түнін.
Қайдасың сұлу һәм пәк періштедей,
Қыздары анау кезгі Алматының?!
10
"Ә" десе-ақ өзімізге ақырыстық,
Ал жатың ішке кіріп жатыр іс қып.
"Өзекке тепсең өзің кетпейді" деп,
Жатыңды жарылқау да - нақұрыстық!
11
Жол кесті боз қыраулы күз, белес кеп,
Тәңір-ау, кеше сәби біз емес пе ек!..
Кей-кейде елегзисің, көкшалғында
Жүгірген бір өрімтал қыз елестеп...
12
Жастықтың жалынымен тасу барда,
Шал-шауқан шамырқанса - ашуланба.
Басыңды и ақсақалға. Өйткені оның
жүйкесі қалған қиын асуларда...
13
Шығармай іш күйіктен сыртқа қылау,
Жетіппін жер ортасы - жұртқа мынау.
Жарқылдап жүру де жоқ, күлу де жоқ,
Көңіл пәс, жүрек жара, мұртта қырау...
14
Жазғы түн. Сондадағы тоңады бой,
Қайтадан өткен күннен оралып ой.
Көз тігер көктегі Айға жетім көңіл...
"Не пайда о да Күннің боданы ғой!"
15
- Ей, досым, қайтесің сол асқандікін!..
Кел үйге, саған бейіл бастан бүтін.
Шалқиық баяғыдай, уайымдама
Кетсе де тастап мына аспанды Күн!
16
Қалдырып қалжыратқан қала шуын,
Сағынып саған келдім, Қарасуым!..
Әй, бірақ, тағы қаңғып кетемін-ау,
Өмірдің асардай-ақ бар асуын...
17
Адалдық мәңгі айнымас сыйлас деп ем,
Әділдік жамандыққа қимас деп ем,
Бәрі де далбаса екен... Енді неге
мен бейбақ қиянатқа қиғаш келем?..
18
Бір сезім қос жүректе бірге есейіп,
Есті алды!.. Ұялмашы, тілдесейік?!
Ұяттан сәл-пәл аттау ауыр боп па,
Еткеннен іңкәрлікті күнде шейіт?..
19
Кісіге кез болса Ажал бұрылысы,
Бұрылар тұрса да алда тұнып ісі.
"Сана" атты бір кең Сарай салғым-ақ бар,
Қорқам тек бітпейді-ау деп құрылысы...
20
Қартқа қара, сүйреткен құр сүлдесін,
Тойынған топ мұңлықтың білсін несін.
Таяқ емес, таяныш өзің болшы,
Ол да ата ғой, қарағым... Күрсінбесін.
21
Қыз - көздің қашаннан-ақ құрты дейді,
Қызығар күллі әлемнің жұрты дейді.
Кім білсін, рас шығар... Бір анығы:
Қыз біткен Махаббаттай нұр тілейді!
22
Болса да бақытсыздық бастан анық,
Өксисің жаңарыңа жас қамалып.
Бір сәтке бақытты боп көру үшін,
Бар амал-жасау ма тек масқаралық?..
23
Сіңірдің қара атты да, боз атты да,
Сыпырдың бұ затты да, о затты да.
Жолың боп тозақ жаққа барып жатсаң,
Сен, кәпір, тонайсың-ау тозақты да!
24
Қолыңда болсын мейлі Жер кіндігі,
Ашылсын әміріңмен ел түңдігі –
Құдірет емес оның бәрі, бәрі,
Құдірет - өз ойыңның еркіндігі!
25
Алсаң да тас төбеңнен құйып құтты,
Қалса да патша тағы тиіп тіпті -
тасыма. Бір шайнамдай миың болса,
Өлшеме бақ-дәулетпен биіктікті!
26
Жүзінші атам аты?.. Түркі аттары
шығар-ау... Қандай еді тұрпаттары?
Сымтас боп тұр ғой мұртты баһадүрлер...
Олар - мен, мен секілді ұрпақтары!
27
Сұрасаң қыры-сырын түрлі істердің,
Адамы алыстағы тұрмысты елдің:
"Уақытты бос өткізу - қылмыс" дейді...
О сұмдық, онда мен де қылмыскермін!
28
Мейрімділік жағынан бос тұр безбен...
Жабайы аңға ұқсаймыз тас, қыр кезген.
Біреуді біреу мүлде жақтырмайды,
Біреуге біреу қарап қасқыр көзбен...
29
Деп жүріп "анау менен құрыды, ықты",
Дәмету дәлелдеуден ірілікті -
Жауыздық!.. Жақсылығын жасап кеткен
шын ірі өлген соң да ірі, мықты!
30
Біреуге біреу бірден ұнау барда,
Бола ма махаббатты бұғаулауға?
Күнә ма сүйсең жарын басқа адамның?..
Неге өмір тартады бұл сұрауды алға?
31
- О миссис, Сіз перизат секілді еңіз!..
Оянған сезім-оттың өтінде біз
сырлассақ-сый екен ол Тәңір берген!..
Ал бүгін... Жердің екі бетіндеміз...
32
Бұрылып кеттің... Суып қалғандық па?.
Өзің шеш сені аңсаған арманды ұқ та.
Сүймесең сүйме... Бірақ ұйретпеші
жалтартып жанарыңды жалғандыққа!
33
Қазақтың тарихында сойқан сыз бар,
Ұлт үшін жүрек түгіл жотаң сыздар...
Ей, Алаш! Сыйластықта қара алдымен:
сыйлай ма Отаныңды отансыздар?
34
Пайғамбар о дұниеден келсін мейлі,
Нақұрыс "өзі сәлем берсін!" дейді...
Елінің етін жеген есуастар,
Бүгінде кемеңгерді менсінбейді!
35
Сілтеніп балта біткен адалдыққа,
Қашанда бір шабуыл Адамдыққа!..
Неліктен біз осылай болдық екен,
Әлде біз Тозақ жақта жаралдық па?.
36
Таза арым, ештемеге ұялмаймын,
Ішімде неде болса қиял, қайғым...
Намыссыз болу әлде керек пе еді?..
Әйтеуір көп ортаға сыя алмаймын...
37
О Алла, елімнің бер амандығын,
Қазақы қалпын қайтар, адамдығын.
Азаттық желі сөгіп, жұлып кетсін,
Басқаның жамап берген жамандығын!
38
Аңсатса алыстағы ауыл-мекен,
Ұқсас боп кеткендей-ау қауым бөтен:
қарашы алаш, апач егіздей ғой,
Қаратау, Колорадо бауыр ма екен?..
39
"Ол да адам. Тек басқалау жаратылған...”
Десек те танбайды әйел қаратудан.
Өйткені ол өртеу үшін жүректерді
Алауын Махаббаттың ала туған!
40
Үнің де деп тұрғандай "ғажап үнді ұқ",
Сөйлесең сөзің қандай наз, әзіл ғып!..
Көзің де неткен нәркес... Бірақ,... мұзсың,
Сендегі бардың бәрі - әзәзілдік!
41
Деуменен "неге ол мені жақтырмайды?",
Бас қатып жүргенде амал таптым жайлы:
О байғұс баяғыда-ақ өліп қалған,
Әйтпесе ол жақынын жат қылмайды!..
42
Тұсауын махаббаттың қияр шақтың
алдында болма, жаным, ұяң, сақ тым.
Жасашы жаңа қадам... жақындашы...
Мен болсам сенен де өткен ұялшақпын!..
43
Түс көрдім. Ол түсімде Сені көрдім.
Даусыңды жеткізбеді демі желдің...
Қамықпа, мен өзіңде тұрғам жоқ па,
Сен болсаң сен соңыма сеніп ердің.
44
Жанымды сар сағыныш - жейді сезім,
Боркемік боп кеттім бе деймін өзім...
Кейде, анам, тірілгендей көрінесің,
Өзімнен ұшқындаса кей мінезің...
45
Өмірдің мәні не осы? Түк ұқпадым...
Жұмысың, күліп-ойнап тыныққаның?
Өткінші ол!.. Мәңгілік бір мұра жасау?
Сұмдық қой!.. Қойшы, әзірге ұмыт бәрін!.
46
- Мәскеуді Долгорукий орнатқан-ды...
Ол рас... бірақ бізден жол, дақ бар-ды:
Батумен арғы бабам барып шапса,
Бауыржан-Көкем менің қорғап қалды!
47
Көрмейсің апачтағы бетті бөтен...
Бұл жерді қашаннан ол етті мекен?
Ертеде Азиядан бір атамыз
Атлантты аттап өтіп кетті ме екен?..
48
Сенде көп төрткүл әлем қуатын жол.
Шығыстан шыққандығын өркениет
ұмытпа. Ендігісін туатын да - ол!
49
Сағындым сардаламды. Қайда қыр, ән?!
Жел жетпес Қордайдағы қайда құнан?!
Жалықтым Америка жұмағынан,
Жалықтым жұлдызды ала байрағынан...
50
Жалған - от. Жалғандықтан тұтанады үй,
Дау болса жалған сөзбен ұта ма би...
Бар сөзің шындық екен, шырақ екен,
Айналдым әруағыңнан, Мұқағали!
51
Қайсыбір сыйламаған халық тілді,
Жоюға өзін өзі барып тынды.
Қазақша сөйлемейтін қазақ көрсем,
Оллаһи, жиіркенем! Жалықтырды...
52
Көзіңе көз жасынан бұлақ тұнып,
Бір сырды айтып едің жылап тұрып,
Мен сені содан кейін сүйіп кеттім...
Адамды жарқ еткізер бір-ақ қылық!
53
Қу тағдыр кейде мәз ғып шуақ күліп,
Долданып кейде қанша құлатты ұрып!
Білместен оның осы сайтандығын,
Өтерміз өлгендікті бір-ақ біліп...
54
Жұмақ қып ек қой ол түн жалғанды шын,
Япырай, ұмытып-ақ қалғанбысың?!..
"Басқамын"?.. Рас, қалқам, рас шығар...
Онда сен... жаңа туған арманбысың?..
55
И... иә, сен... маған мылтық оқтапсың ғой?
Сыртымнан жүргенің де оттап - шын ғой?!.
Сен итке дос екен деп бірдеңе айтсам, -
Айт, кәне!.. айт!.. Өзімді соқпақсың ғой?!
56
Жан едің ғой, жарығым, жарқылдаған,
Періштедей қанатын алтындаған!
Жүзің сынық... жұқарған Ай секілді...
Кімнің білген, беу, шіркін, парқын ғалам!
57
Мен төртте едім соғыс басталғанда,
Қар емес, қаһар жауған аспаннан да.
Неге өксік қысады әлі?.. Сол қаһардан
мұз болып ақпай көзден жас қалған ба?.
58
Теберік анам: "Көрсең мүрделерді
Әруаққа құран оқып жүр" деген-ді...
Оқимын. Ал Бекбосын - қай төмпешік?..
Орнатсам орнатамын кімге белгі?..
59
Үһ, Алла!.. Сейілтші түн-түнегіңді,
Түнегің қысып кетті жүрегімді!
Бұлтта да жарқылдап жай ойнайды ғой,
Жіберші маған бір жай - бір еміңді!..
60
Өкпелеп насыбайдың атымынан,
Жау тауып жаны жақын жақынынан
жүргенге, о Жасаған, ой бере гөр,
Опырып бір ойшылдың ақылынан!..
61
Адамзат - ақ пен сары, қара - бәрі,
Тегінде бір отбасы балалары.
Сондықтан құжатсыз-ақ ұмытпаған,
Ұлт біткен Адам Ата, Хауа Ананы!
62
Қиянат қиып түсіп қаусаса адам,
Дейсің бе әділдікті аңсамаған.
Кім қарсы бас алса да әділ семсер...
О, бізде... оған дейін қанша заман!..
63
Мың кісі кездессе де ұнамаған,
Кең болғын, кесірге де шыда, балам.
Өлшесе адамды адам өзіменен,
Жаралу керек онда бір-ақ адам!
64
Біреулер - түу жаралған тұстан бүлік,
Біреулер - қылығымен құсқан былық.
Болар ма ек әлдеқашан ойран-ботқа,
Болмаса бір қасиет - ұстамдылық!
65
Туғанда кім тағдырын алды айыра?!
Сондықтан кез болсаң да қандайына,
Өшірме рух отын! Ал ажалды
жазған жоқ жалғыз сенің маңдайыңа.
66
Жастығым атқызғанда ақтөс таңын,
Жыр жазып одан ләззат, бақ тоспадым.
Япырмай, елден ұят болмас па екен,
Алпысты алқымдап ап ат қосқаным?
67
Әпенде... Америка, мына халық:
әдеппен жол береді тұра қалып!..
Ал бізде... әдептіміз әдепсізден
жатамыз әжептәуір "сыбаға" алып...
68
Дертімнің болды һәйям сөздері емі,
Білесің аударғаннан өзге нені?
Тараздан сұлу сүйіп мың жыл бұрын,
Дүниеден өткен Омар... жездем еді...
69
Замана өзгерді... Ол түсінікті...
Ел арып, аз ғана топ ісініпті.
Сол топтың жастарына жан ашиды,
Білместен кетер ме деп кісілікті...
70
"Ездік!" деп зұлымдықты байқаған құр –
Алыстым. Бой бермеді сайтан алғыр!
Сонымен егескенде қасақана
Фәниге келсем бе екен қайтадан бір?!
71
Күндердің бірі қызық, сарсаң бірі,
Ал өмір - сол күндердің ән сандығы.
Әй, бірақ, оның хоры оңар ма екен,
Тұрса ән сап аярлардың ансамблі?..
72
Өмірдің жібімеді-ау тоңы қалың!..
Білмеймін тағы несі жолығарын.
Білмеймін тағы қанша тозағы тұр?..
Білем тек бәрінің де соңы барын...
73
Соқырдың білу қиын болжап сырын,
Ал бақыт - соқыр құс қой. Оңбақшы кім?
Есірді ақкөзденіп не жексұрын,
Көргені - тек қасірет көп жақсының...
74
Қыз мінез ізгілігің былай қалып,
Біттік қой қараңғы боп, ылайланып!
О Алла, бізге өшпейтін жарық керек,
Жер емес, жүрсінші анау Кұн айналып!..
75
Тағы да асық көңіл алып ұшсын,
Жүректі сүйген жүрек тағы құшсын...
Жарқ еткен жай оты ғой оның бәрі,
Сен болсаң, о Махаббат, - сағынышсың!
76
Бақ қонса, тағдырыңның соры қалып,
О, онда оңғарылды жолың анық!..
Әй, бірақ... абай болшы, жүрмеу үшін
өзіңе бөтен түсті жорып алып...
77
Өкпе жоқ: ата-баба алысты үздік.
Мына біз - рухты алған қарыс сыз ғып!
Қайдағы қаңғыбасқа бәйек болған,
Біздегі бір қасірет - намыссыздық!
78
Адамды адам етер тегі нелер?..
Махаббат! Онсыз рух семіп өлер.
Жерден Күн, Жұлдыздан Ай жаса мейлің,
Махаббат - ең бірегей, ең ұлы өнер!
79
Адамның, мейлі, елден ерегіне,
Ел болып елпеңдеудің керегі не?
Пенде ғой ол да өзіңдей. Ал аярдың
Жалпаңы - сатулы. Сол себебі де.
80
Тығылмай қуысына сай, тасаның,
Жекпе-жек шықсын - шыдар қай қасабың?!
Бұ дүние тарлық етсе, о Зұлымдық,
Бәрібір о дүниеде шайқасамын!
81
Бұл сөзім - жылау да емес, күлкі де емес:
болады-ау қайта келмес бұл түн елес...
Қимасым, сен өзіме айналсаң ғой!..
О Тәңір, енді қайттім?!. мүмкін емес...
82
Мақтасақ ұлыны да "Ұлы" дейміз,
Ақтасақ ұрыны да "Ұлы" дейміз,
Шын ұлы ұнатар ма ұлықтауды?..
Қашан бәрін құдайдың құлы дейміз?
83
Іс қылса жамандыққа ұрындырар,
"Ұяттан өлдім!" дейтін бұрынғылар.
Маскүнем, қаскүнемдер... бәрі де жүр...
Ұяттан неге өлмейді бүгін бұлар?
84
Осы еді туысқанда жөнді неме,
Білмеймін безді бізден енді неге?
Бастыққа туысқан - тек үлкен бастық.
Ұқтың ба?.. Ұқсаң, байғұс, елжіреме!
85
Тұрса да уақыт бізді тонағалы,
Қимаймыз деп босқа ол жоғалады.
Уақытты ұзартатын азап қана,
Рахатта ол қас-қағым бола алады.
86
Емеспін асып туған асыл берен,
Сондықтан күнәмді де жасыр демен.
Жақпады-ау бір сөзім де... Керек пе әлде
ойлауым сенің жармес басыңменен?..
87
Аңыз боп алаңдатқан елді бөтен,
Ғарыштық ете ме бір Жерді мекен?
Әйтпесе Әзірейілдің әмірімен
от мініп О дүниеден келді ме екен?..
88
Деп жүрсек "бізді аспаннан жау ала ма",
Тарапты ақымақтық ауаға да.
Ұрпағын көру үшін қайта келсе,
Тұншығып қайта өлер-ау Хауа Ана да!
89
Тірлікте тап болса да қалың қайғы,
Деу бекер: өзі өзінен бағым тайды.
Уақыт зая кетсе - жендетің сол,
Ал босқа өтпесе ол - жарылқайды!
90
Қара көз, әппақ жүзді бір құралай,
Жарқ етті шашқандай-ақ мың Күн арай.
Дүние жайнап кетті!.. Әттең сол сәт
өзіме тек өз күзім тұрды ұнамай...
91
Тұр, кәне!.. Тікеңнен тік тұрып тыңда:
Мына шал - сен үшін ең ұлық тұлға!
Басынды и басыңды бас еткен жанға!..
Сен, найсап, кешегіңді ұмыттың ба?!.
92
Кешір, қалқам, өзіңе көп қарадым,
Қарап алып біртүрлі боп барамын...
Қоңыр күзде көктемді аңсаттың-ау!..
Бұдан басқа айтарым... жоқ, қарағым...
93
Қаншама десек те біз "жанбыз адал",
Қаншама кейінгіге қалды залал!
Телегей теңізінде зұлымдықтың,
Махаббат - ізгілікті жалғыз арал!
94
"Саясат?.. Түрме ме ол ой қамайтын?..
Мүмкін ол ойын шығар ойнамайтын?.."
Деп жүрсем - арсыз арбау, қулық екен,
Бір емес мың құрығың бойламайтын.
95
"Көріме ертең мүмкін құлай кетем?.."
Деп бабам бір күн өтсе жылайды екен.
Біз байғұс бір күн өтсе қуанамыз,
Кім құнын қуаныштың сұрайды екен?
96
Мойынға "қу тіршілік" дейтінді іліп,
Жүргенің кей күн жылап, кей күн күліп.
Жетпесе жетпейтіні құрып қалсын,
Жетсе екен адамға тек мейрімділік!
97
Бақ берсе кенет тағдыр баста сараң,
Қалайша бола қалар басқаша адам?..
Жасайды өмір бойы өз бейнесін,
Әркім-ақ мүсіншідей тас қашаған.
98
Жатарда жанарыңды жұмып талған,
Күтесің, пендесің ғой, үміт таңнан...
Ал таңда көретінің - тағы тозақ...
Әлде бұл... бір Алланы ұмытқаннан?..
99
Бұл өмір татыр кімнің таңдайына?..
Түсінбей сансырадым мән-жайына.
Шіркін-ай, біреу оқып берер ме еді,
Жазылған жазуларды маңдайыма!..
100
Ей, Дүние! Кісәпірсің... бірақ тыңда:
Арқама қорлығыңды құлат, тынба!..
Әйтпесе тәттіні еш татпаған мен,
Дәм-тұзын жақтырмаспын жұмақтың да!
101
Қу нәпсі бір лап етер жалын ғана!..
Мен риза! Қолқамды енді қабылдама.
Құлпыңды ашпа, қалқам, ашылмайтын
мен тұрмақ Абыл менен Қабылға да!..
102
Ажалға көңіл онша соқпағанмен,
Бір суып, бір ысыған тоқталар дем...
Мәңгілік қазағыма қарап тұрар
бір жұлдыз Құс жолында боп қалар ма ем!.
103
Малданып жағдайының жатықтығын,
Дейді екен бір жарымес: "бақыттымын!"
Бақ, сорды бағамдайтын Уақыт қой,
Қолбала етті, қане, Уақытты кім?!
104
Тұмшалап айналаны қанша ақ тұман,
Еңкейіп еңсе, әбден шаршапты жан!..
Содан ба, ой-санаға жарық берер
Кісінің кездескенін аңсап тұрам...
105
Сағынып сенің жібек мінезіңді,
Жүрегім бір алаулап, бір езілді...
Ештеңе өзгертуге дәрмен жоқтан,
Бір күнде мың жерлеймін мына өзімді!..
106
Бірер сәт тұңғиықтан жасқанды ма?..
Жарқ етті бота көзден жас тамды да!..
Жұпар иіс, жұмсақ арай, жұмбақ елес...
О Тәңір, бұл не?.. Жұмақ басталды ма?!
107
Бар шындық қирап жалған - қайраңдарда,
Бет - бетон, жүрек тасқа айналғанда
жылтады өлі жанды өлең ғана!..
О Алла, басқа үйретер айлаң бар ма?..
108
Өзекке өмір қанша тепкенменен,
Жасық боп, жарымес боп кеткен де емен.
Сынбасам - онда, асылым, саған деген
сағыныш мені құрыш еткен дер ем!
109
Бергенменен көп сырдың дерегі елес,
Тар санаға бұл ғалам бере ме дес?
Жалқау ойға жақпайды-ау бір-ақ шындық:
Кеңістікке кереге керек емес!
110
- Ей, кәззәп, жұрттың қандай кінәсі бар?!
Жасаған жауыздығың түбі ашылар!
-Тек әттең ыржалақтап Ұятсыздық,
Намыстың көрінбей тұр түрі асығар...
111
Сағындым-ау сал дәурен шуақты үнін!..
Көк мұнарды, көп мұңды сұрапты кім...
Тым болмаса, о Тәңір, бәрін ал да,
Жастығымның қайтаршы бір-ақ күнін!..
112
Бәрібір бұлқынғанмен бұқтың ығып,
Бәрібір бас июді шықтың ұғып...
Неліктен заты залым заманыңның,
Қояды өле-өлгенше тұтқыны ғып?
113
Жиһан кез, шыққын мейлі бар шығанға,
Бәрібір ол елестер жан шығарда!
Туған жер... Оған мәңгі таңған сиқыр -
Кіндіктен алғаш аққан тамшы қан ба?
114
Ананы ардақтап кім не демейді,
Жарасар оған Күнді теңе мейлі...
Ананың ұлылығы тағы сонда –
Өзінің ұлылығын елемейді!..
115
Ғылымда еш жаңалық тез келмейді,
Тез келсе "өзге өлшем, өзге ен" дейді.
Ал ақын айтқан шындық мәңгі қалар,
Өйткені Адам жаны өзгермейді!
116
Жұпар демің... көкейді күлкің кескен..
Қалғып кетті Ай, жапырақ сілкінбестен...
Көз қысып тұр жұлдыздар жеңеше боп,
Ете гөрші кетпестей бұл түнді естен!..
117
Көрге алып кетсін дей ме ғашықтығын,
Байлайды неге Тәңір ғашық тілін?
Лүпілдеп жүрек тағы үнсіз қалдың...
Ғашықтық па?.. Жоқ, әлде жасықтығың?..
118
Арман көп алдамшы боп жолда қалған...
Арманға жеттім десең - ол да жалған.
Бірінен бірі туып тамырласар,
Ешқашан орындалмас ордалы арман!
119
Тұрсам да ерінімді тақап-ақ тым,
Қана алмай ол кәусардан қаталаппын.
Сахара, Гоби де емес, Нарын да емес,
Ұлы шөл - шөлі екен ғой махаббаттың!
120
Ұсқынын көріп мына тіршіліктің,
Несіне күйзелесің түршігіп тым?
"Аязым, әліңді біл..." Шүкірлік ет:
денің сау, түтін түзу, тұр шығып Күн...
121
Телісең күнәсінің бәрін арға,
Еркекте ары бар жан табылар ма?
Кім білсін, байғұстарға гүл қуалар
бір әдет көбелектен дарыған ба...
122
Жоқшылық мәңгіртіп-ақ тұр-ау мына:
демейміз "мынау сауап, мынау күнә".
Көшкелі күлкі еріннен қанша заман...
О ғажап, ұмытыппыз жылауды да!..
123
Бұл не өзі?! Істі сөзге сатқандық па?
Мұра ғып тек сөзді біз ап қалдық па?
Қайда да қаптаған сөз... әлде бұрын
аузымыз буулы боп жатқандық па?..
124
Жыл санауды жырымдап топтапты адам!.
Уақыт мәңгі, онда жоқ соқпақ тәмам.
Иса туды екен деп Алла тағла,
Жер-жаһанның жүрісін тоқтатпаған!
125
Ақылдан талай дүлдүл шиырлаған,
Бір пұшпақ неге бізге бұйырмаған?..
Санаға мәңгі сәуле шашып тұрар
Ой тапсам?.. Әй, бірақ, бұл қиын маған..
126
Зұлымдық айналғанда ірі күшке,
Ізгілік қалады екен іріп іште.
Сұмдардың су бүркетін қолтығына,
Әлі де сол антұрған Ібіліс пе?..
127
Бар ма еді ел тілеуін тілескенің?..
Ғаріпке ризықты үлескенің?..
Күні ғой көкіректің мейрімділік,
Жүрмейік білмей қалып Күн өшкенін...
128
Өрсің сен! Қарамаса кім әліне,
Ешқашан бара алмайды тым әріге.
Намыс ол, өрлік емес!.. Ал, өр болсам,
Мен туған Алатау да кінәлі ме?..
129
Мысығы мына заман қалталының,
Жұртының жұлған жұлын, қан тамырын.
Кім қалды бетке ұстар? Саудагер ме?!.
Парақор алаяқ па?! Ал тағы кім?..
130
Кешкем жоқ мына өмірді мұз-бетпенен,
Қызықсыз қыс, жаз, көктем, күз де өтпеген.
Әйтсе де... бір жұмбақ жан жолығардай,
Әлі де әлдекімді іздеп келем...
131
"Дос барда жалғызсырап тоңбаймын да..."
Деуші едім... қайда олар?.. Сол - қайғым да.
Тәңір-ау, тәж-тақ достан айыратын
мен патша емеспін ғой! Болмаймын да!
132
Сен үшін мына ғалам сілкінді ме?..
Күл етті күңірентіп күлкіңді не?..
Қайтесің қапа болып, сергі, серім,
Ертең-ақ сағынасың бұл күнді де!..
133
Барғанда бабалардың тұрағына,
Қосылып мінәжат пен құраныма,
Кеткендей бәрі сөйлеп дабырласып...
Кіл таныс үн келеді құлағыма.
134
Жиырма ғасыр шаттық, қасіретпен,
Таразда талай тарлан, асыл өткен!
Қосылып кеткен мына топыраққа,
Арулар һәйямдарды ғашық еткен...
135
Өткенге айтып қайтем бүгін өкпе,
Жаратқан бірбеткей ғып құдірет те...
Дарынсыз екенім де айдан анық:
өтірік күле алмаппын бір рет те!
136
Қыңқ етсең бітім емес, кекті іздеген,
Қаншалар тозақылық кетті ізбенен!
Ал сұмдар не болады ұлт-ұлыстың,
Өз қолын өз аузына жеткізбеген?
137
Қашанда қарсы алатын қары, селі
Өмірдің қайда дауа дәрісі, емі?
Итшілеп әлі келем, әлі келем...
Бар болса - бақыт неткен алыс еді...
138
Көшетін көз алдымнан бұрын әркім,
Сен болсаң, о тұнығым, тұрып алдың.
Не сыр бар?.. Сорым шығар, бір күндері,
Қайтейін, тағы тым кеш ұғынармын...
139
Арқаға артылған соң жүгі нардың,
Құлдары құм болған ба бүгін Ардың?..
Ал бұрын заман жүгін көтерместен,
Ешбірі өткен емес ұлылардың!
140
Жабылып жан-жүрекке уды құйған,
Кім екен кілең мына сұмды жиған?!
Амал не, көндім... мен де құрбандығы -
Қан-жоса шайқасының қулық, иман...
141
Бір тың ой тапсам деумен, әй, қалай біз
қатқанын бас байғұстың байқамаймыз?
Шымшықтай ғана шындық шаршатыпты:
"Ескірген ескіні тек қайталаймыз!"
142
Сан жүректен жыр менен сырды арбаған,
Сен-жаһұтсың! Тек әлі қырланбаған.
Кез боп зергер - махаббат, нұрың шашсаң,
Ең бақытты - сол нұрдан құр қалмаған!..
143
Көмескі көкжиектен Күн аунаған
шақта қар жауды жұмсақ қылаулаған.
Көктем де таласа тіл қатып жатыр,
Тырна боп бір қиырда тыраулаған...
144
Бұл түннің сұлу сұңқар - әні де бар,
Бұл түннің қанды қанжар - зәрі де бар,
Ләззаттің ыңырсуы... өшкен өмір...
Бұл түнде... ой, дүние-ай, бәрі де бар!..
145
Алдына келіп сирек мәлім іс бір,
Айыр тіл, арам пиғыл - бәрі де үшкір -
қадалса қиянатпен қос өкпеден,
Ең жақсы патшаның да халі мүшкіл!..
146
Бетіңді қарыса да ызғар ана,
Құрдымға құласаң да құздан ана –
Жалынба жалпаң қағып тірі жанға!..
Жалынсаң... жалын ару қызға ғана.
147
Күншілдік... арылды жұрт сол шеменнен!
Десем мен осыныма сен сенер ме ең?
О, онда түзелген ғой ой-таразы!
Күншілдік - өзін қате өлшегеннен...
148
Дейтін кез кездессе де "ей, кім шыдар?!"
Шыдадым. Көрінген жоқ кейпім сынар.
Пірәдар бата қылса мен өлгенде:
"Тік жүріп, тік өлді ғой..." дейтін шығар...
149
- Пәкизатым, сағындым! Еркелеші!..
Екеумізді тек бірақ өртемеші?!
Өрт сезімнің мастығы - махаббат та,
Бүгін мас боп, кіретін ертең есі...
150
Тәңірім о бастан-ақ жақсылықты,
Оп-оңай таптырмайтын, тапшы ғыпты.
Тілеме оны ешқашан имансыздан,
Өйткенің - өшіргенің жақсы үмітті.
151
Күнә ма жақындассаң жақсыменен,
Жоқ болса біреулер қарғап-сілеген?
Екі оттың ортасында қақтайтұғын,
О, неткен азап еді екен нәпсі деген!..
152
Білмей тұрмын... мен не деп кеңес берем?.
Айдарымнан менің де жел еспеген.
Бар айтарым: қисық жол - дүниеде,
Түзу жүр де күн кешпе елеспенен!
153
Бармақтай бағым қайда?.. Көкте ме екен?.
Қаншама ғалам жатыр шетте бөтен...
Бір кезде іздеп кетсем?.. Тек ғұмырды
неліктен қып-қысқа ғып шектеді екен?..
154
Салмаса да жүрекке сапы-кездік,
Заман жанды жаныштап жатыр ез ғып...
Неге бедеу болады мейрімділік?
Неге егіз туады қатыгездік?..
155
Құдайдың . иірілген ұршығындай
Уақыт ұқтырады тылсымын қай?..
Тек қана ұқтырады ұмытпастан:
бір күні ұшады Жан бір шыбындай!
156
Жасасам да, жарығым, пендешілік,
Қоюшы ең ғой бәрін де сен кешіріп.
Неге енбейсің түсіме?.. Қайда рухың?
Кетті ме ол да жерге не желге сіңіп?..
157
Көп қарадым, көз байлап бір күш бекем,
Һәм қысылдым: "Сұқтану - үрдіс бөтен!"
Кешір, жаным... Бірақ та өзің айтшы:
Қырмызыға қызығу - қылмыс па екен?..
158
Тағдыр айтты: "Бәрібір айырыласың,
Қара түнде қарс ұрып қайғырасың!..
Махаббатты мазалап нең бар еді,
Махаббатта әмәнда қайғы басым".
159
Жеткергені мына өмір азабының -
Былғанышпын! Ал бұған жазалы кім?.
Ештеңенің, о Тәңір, керегі жоқ,
Тек қайтаршы жас күннің тазалығын!
160
Лүпіл қақты жүректер үстін-үсті!
Жанарлардан жарқырап ұшқын ұшты!.
Жүзі түгіл ізіне іңкәр еткен
О Сұлулық - құдірет! Күшті! Күшті!..
161
Бас аман қалса да не дауылдардан,
Ақыры алау сөніп, ауырды арман...
Жаралы жанға пана енді сол ма –
Балалық шағым болып ауыл қалған?
162
Әкеп тұрып ну тірлік әлемге сен,
Жақсы болар еді ғой жан емдесең?..
Қимасымсың бәрібір, қалқам Көктем...
Енді өзіңмен мен қанша сәлемдесем?..
163
Күнің түскен күйкі бір жанды мақтап,
Ала жібін кетпегін ардың аттап.
Жалау қылса намысты бір асыл ер,
Бір итаршы өтеді сандырақтап.
164
Текті шығар біреулер... бетті шығар,
Бірақ бәрін темірдей тепкі сынар.
Тағдыр осса о бастан қамшысымен,
Табасың ба адамнан етті шыдар?..
165
Өз қызығын өз-өзі тәркілеген,
Рух берер қазаққа нәр тілеген
Ұстаз қайда?.. Болса оны жазу керек
Замананың ең басқы әрпіменен!
166
Саған сенсем: мен ылғи түсіңдемін,
Оңаша, ортақ ләззаттың ішіндемін...
Сөйте тұра бір назым неге өтпейді?
Түсінбедім... түкті де түсінбедім...
167
Сүюіңмен сен мені сүйікті еттің,
Қызғанудан кей кезде күйіп кеттім,
Бәрі болды... Сәулешім, кереметі -
Махаббатпен сен мені биіктеттің!
168
Кеудеңді оққа дос үшін тос тығылмай,
Кімге керек достығың бос тығындай?!
Керек кезде жететін жан ұшырып,
Қайда достық қос қолдың достығындай?!
169
Әкем кегі кетті деп бір адамда,
Қайтаруға ант беріп, Құран алма.
Марқұмда да пенделік болған шығар,
Не істерін ол сенен сұраған ба...
170
Асау шаттық, қайдасың?! Келсең етті!..
Енжарлықтан еңкейіп еңсе кетті.
Сен екенсің жалғайтын бұ жалғанға,
Басқа?.. Жо-жоқ, таппадым мен себепті.
171
Айырғысыз кімнің жөн, дұрыстығы
Қу өмір-ай... бұл да бір ұрыс түрі.
Қайта келсе-ау құдайым рахым ғып,
Жас үміт пен жүректің тыныштығы!..
172
Әрбір жұрттан ұшатын қауызды ықтап,
Жер-жаһанға шашылған жауыз мықты-ақ!
Шыңғыс, Темір қылышпен алмағанды
Арамдықпен алмақшы ауыздықтап.
173
Көмілгенде қайғыға қарабасы,
Оқылғанда көзінше жаназасы,
Демеу қайда сорлыға?!. Қайда?! Қайда
тым құрыса демеудің баламасы?!.
174
Күміс түнде аспаннан Ай қарайды,
Ай сәулесі тастарда тайғанайды...
Бір жас бейбақ жуынса көз жасына,
Бір жас сері серігін аймалайды...
175
Өтіп жатыр өзіңсіз қамығып күн,
Өтіп жатыр өзіңсіз жабығып түн...
Бәрін қайтіп айтармын... ең ақыры
жүрісіңнің дыбысын сағыныппын!..
176
Теңге ұрлап бейшара ғаріптерден,
Баласына ақ сарай салып берген...
Күнәһарлар көп қой... көп... бірақ бізді
Сақта, Құдай, саяси бәдіктерден!
177
Тырп ету жоқ... қойғандай қалбырға сап..
Өмір боп па шаттыққа ат шалдырмасақ?!
Тұтас бақыт қимасаң, сараң Тағдыр,
Рахаттан да бізге аздап қалдыр масақ?..
178
Енді қанша, қарағым, жүрер дейсің,
Жүрегіме сондықтан бір енгейсің.
Беттен ала бермеші?.. Кінәм болса,
Мен кеткеннен кейін де түгендейсің...
179
-Ей, Өмір, датым - назар салшы маған:
жанда сау жер бар ма сен жаншымаған?!.
Мен неге өтем өстіп жолаушыдай,
Амалсыз ауру атын қамшылаған?..
180
Қайғының қара жартас арасында,
Жауыздың қысастық пен жаласында,
Қашанда қалқан болған, қайран үміт,
Сөндің-ау?!. Әлде әлсіреп барасың ба?..
181
Күнде ертемен боқтасып, ұғынысып,
Қу нәпсінің сиқырлы суын ішіп
бауырларым, о Тәңір, жүріп жатыр!..
Жанар жасып, беті мен буыны ісіп...
182
Көрерің тек тарихтан мың жылдаған -
Қабырғасы халықтың тыржыңдаған!
Қиямет қып өмірді қиянатпен,
Орнатқан ба о баста бір жынды адам?..
183
Айтқаныңа айтқандай тақ тұратын,
Сайтан болып кетсең де жақтыратын
бар ма біреу? Ол - өзің...Сондықтан да
сақта жанды сатқыннан тат қылатын.
184
Табыстық!.. Тағдыр басқа бұрды арнаға,
Қош айттық қос жүректен мұңдарға да.
Ілкі өмір - өмір емес, осы күнге
Жетуге өткел болған жылдар ғана!..
185
Кез салатын көңіл жоқ қыздарға да...
Жан-жағыңнан сезерің - ызғар ғана.
Жылынады байғұс жан енді қашан?
Тозақ оты шоқтанып қызғанда ма?..
186
Кей бикеш бүршік атпай ағаш құрлы,
Кей жігіт бақ пен сорды таластырды.
Қыздардың кіп-кішкентай іздері де
О, қанша тағдырларды адастырды!..
187
Жылдам келіп жылмақай ұшқыр заман,
Терең сезім - толқынға пысқырды адам.
Қайда қазір қыз хаты - махаббаты,
Қаламұштың ұшынан ұшқындаған?!
188
Тілеп қайтем Тәңірден несіп бөтен,
Пешенеге жазғанын кешіп кетем.
Ал Ажал дейтіндері немене өзі?..
Басқа әлемге бастайтын есік пе екен?..
189
Ғаламға сан дананы алып келген,
Елді кім кемсітеді ғаріп деумен.
Ал елді қалай дейді даналары
аспаса өзін өзі дәріптеуден?..
190
Сен бар жерде пейіштің лебі ескендей...
Леп ескенді жүріппін мен ескермей.
Кешір, жаным!.. Көңілден көшер енді
кейбір бейне түстегі елестердей.
191
"Жер қылдым!" - деп сен оны күлесің бе?!.
Ал бірақ сен мынаны білесің бе:
Жақсыны жарға жыққан жауыздардың –
Халықтың қарғысы да үлесінде!
192
Қарап тұрып ойлайсың баз бір жанға:
«Бұл байғұсты қу заман аздырған ба?..»
Өзіңе де ой-жебе қадалады:
«Өміріңде өксітпес аз күн бар ма?»
193
Шын сүюдің қайғысын жұттың бұрын...
Бірақ мына шындықты ұққын, күнім:
азат болып өткенше махаббаттан,
Мың есе артық мәңгілік тұтқындығың!..
194
Жан еді ол - әрі жалын, әрі дарын,
Мерт қылдың, іштар неме, барып арың!
Лағнатты айтар-айтпас... Тек тілер ел
өз уың өз бойыңа дарығанын!
195
Қамалмысың алынбас тас бекіген?..
Құшағыңды, қалқашым, ашшы?.. Өтінем?!.
Кеудедегі жалғыз-ақ жүректі де
Сенің үшін бәрібір бәске тігем!..
196
Өміріме қарасам қарашада:
бейкүнәлік бейнесі шала-шала!..
Шалалыққа шақырған күлімкөздер,
Жараса етті-ау мақшарда арашаға!
197
Біресе от-жалынсың, біресе мұз...
Сезім-семсер сілтеніп, тіресеміз...
Мен жеңілдім! Қояйық!.. Бұ жалғанға
күнде кетіп онсыз да жүр есеміз...
198
Нақұрыстық - найзаны тасқа қадау...
Қара алдымен шыға ма бастан анау
бір асыл ой?.. Әйтпесе қу жақпенен
ат шығару - атыңды масқаралау!..
199
Қаншама рет жағадан алды сайтан,
Сайтандарға сан рет қарғыс айтам!
Жұлқысуға зұлыммен уақыт берген
Ұлы Тәңір - Аллама алғыс айтам!..
200
Тағдыр ма екен, әлде... әлде қу мінезің?.
Жалғыз кештің от пенен суды да өзің.
Жарасқанын жалғыздық тек құдайға,
Миың болса білетін туды кезің!
201
Шындық шығар бұл, бәлкім, мың естілген:
Ұлты арқылы адамға ұлы ес кірген.
Қазақ қанша, ей, баурым, байқап көрші,
Бар мейірімін қазаққа үлестірген?..
202
Мәңгі сұрақ шығар бұл бір ескірген:
Кім Адал мен Арамды күрестірген?..
Кім төрелік айтады бұл күреске?..
Күрес көрмей өмірі кім ес білген?..
203
Күндіз, мейлі түнде де, таң атқанда,
Көріспеуге өзіңмен тағат бар ма?!
Бірақ шырын сезімдер көп сияқты,
Көріспеген екеуміз сағаттарда...
204
Мейірім жоқ - ол бізде түгесілген,
Байлық жоқ - қол жеткенге үлесілген.
Өз күніңді өзің көр. О, бауырым,
Өлмеу үшін шықпасын бұл есіңнен!
205
Түк те емес мына фәни безергені!
Түк те емес ерініңнің кезергені!
Мен білсем, ең сұмдығы - тіріңде ит боп,
Соңыңнан өлген соң да сөз ергені!..
206
Ақша - бүгін бәрі де: махаббат та,
Қасірет те, шаттық та, шапағат та!..
Әмірімен ақшаның қан да ағады,
Ақшаменен шығып тұр атақ-ат та...
207
Бұ жалғаннан біржола безер ме еді,
Қаңғырып әлде әлемді кезер ме еді!..
Арлы болған пендесі сорлы болды,
Алла мұны сезбесе сезер нені?!
208
Мейлі, ол болсын Тәңірдің сүйіктісі,
Ол да пенде. Пенденің күйікті іші.
Айырмасы - қандендер таласа да,
Биік болып қалады биік кісі!
209
Ажырамай бір елі шалықты ойдан,
Өз-өзіммен сырласам, қалып тойдан...
Ұлы Омар! Мәңгілік төрттағанмен
Сенсің мені азапқа салып қойған!..
210
Бар жақсысын жатбауыр алып қойған,
Жақсылыққа, әй, бүгін халық тойған!
Надандарын нән қылып, мастандырып,
Зиялысын зарлатып, арытты ойдан!..
211
Бір ашылмай қойды ғой қайран көңіл,
Дауыл соғып сойқанды жайдан небір!..
"Қимайтын не қалды?!" деп ойлауым мұң –
Көз алдымда ұршықша айналды өмір.
212
Тып-типыл... бірі де жоқ таяныштың...
Мен сорлы адам емес - Аянышпын!
Тоналдым неге бұлай? Енді қайттім?
Үміт жоқ. Жоқ ондағы баяғы ұшқын...
213
Махаббат, сый-құрмет те, зиярат та –
Бәрі де Адам деген сияды атқа.
Бірақ та сол Адамның шын таланты –
Біріне бірі жасар қиянатта!
214
Адамның ішіндегі ең алтыны
өзің боп, тисе сыйдың ең артығы -
Емес ол оңған бақыт!.. нағыз бақыт –
Пақырдың қуанғаны сен арқылы!
215
Демеймін өз-өзімнен шіріп өлдім,
Жеңісі ол - сайқал заман, "ірілердің"!
Ендігі ем... махаббат па?.. Олай болса,
Мен мүмкін бірте-бірте тірілермін?..
216
Ұмытқам жоқ мен де, рас, ол күнді әлі.
Есте жанға жас бақыт толтырғаны...
Қайтарар ма қайта оны көздің жасы,
Бір көмген соң жылдардың толқындары?!
217
Салбырайды соншама басың неге?
Болды енді! Ой, жетесіз жасық неме!..
Жамандыққа жалғыз сен жазықты ма ең?!
Үмітті оят! Кеп қалған ғасырды еле!..
218
Қас тұтпа біреуді, ол да өзгереді,
Дос та өзгерер болмаса өз дегені.
Кесіп айтпа ештеңе ешкім жайлы,
Түптің түбі өзіңе сөз келеді.
219
Керемет! Кілең құлқын іріктелді!
Ұмытқан елден қорқып-үріккенді.
Құйынға айналсам-ау бір алапат,
Апарып тастар шетке шіріктерді!
220
Ел: "Ғарыштық келіпті! Келіскен ер!..
Не мақсат бар, бірақ, бұл келісте?" дер.
Кім білсін... Жер тамұғын көру үшін,
Бәлкім, олар - кеп жүрген періштелер?..
221
Баста біреу біреуді демеді. Ұшты!..
Демей алам мен кімді?.. Деме күшті.
Арлыны атқа қондыру - ақырет қой!..
Сұра, өтінем, қолымнан келер істі.
222
"Жүресің кейде жұрттың езіменен!
Досың жоқ!.." - Кезде осындай сөз іреген
үнсізбін, кеп тұрса да айқай салғым:
"Доспын мен мынау елдің өзіменен!"
223
Сынық сөз, сыңғыр күлкі және... мүсін!.
Жаным-ау, сен не деген әдемісің!
Күнәһар бұл жаһанға қайдан келдің?..
Сен бөтен періштесің әлем үшін!
224
О достарым, бірге өткен балалығың,
Селдіреп-ақ қалыппыз - қара, бүгін.
Арамызды аралап Ажал жүр ғой!
Әне алды!.. Ал ертең алары кім?..
225
Демеймін: бақ пен дәулет, шаруаңды бер.
Демеймін: бал мен шекер, халуаңды бер.
Алысып арамдықпен әл кеткенде,
Сәл ғана демей гөрші, пәруардігер?!
226
Дей ме ел: "бұл фәниді алдап өтем",
Жалғандық болып алды жанға да тең...
Ойнатқан сан миллиард артистерді,
Кім ұлы режиссер?.. Алла ма екен?..
227
Қайырымды не зұлым айлалы, өктем,
Дүниеден, о, қаншама байлар өткен!
Жарлы Омардың рубайы мың жасаса,
Ал байлығы байлардың қайда кеткен?
228
Бір керемет жүрмесе бола қалып,
Біз байғұсты дермісің оңады анық.
Тұңғиыққа надандық сүйрелеп жүр,
Сегізаяқ секілді орап алып...
229
Неге ылай өмірдің бар ағысы?
Ризалықтан неге көп наразысы?
Неге өлшеп бермейді бұл тамұқты,
Ақыл менен Әділет таразысы?!
230
... Мына бұлт Колорадо тауларына,
Нөсерлеп сондағыдай жаумады ма?..
Неге жат Америка сағынтады?..
Сағыныш сыя ма Жер аумағына?..
231
Бармын ғой... тек бірақ жоқ бойда жалын.
Тыншытып енді қалай қоймақ арым?
Өзімнен өзім сұрап басым қатты:
Үміт пе, өкініш пе - ойлағаным?
232
Есің болса сен мына тоқта сырға:
барда тасып, бақ-дәулет жоқта сынба.
Ал береке айналып бір соғады,
Тұнып тұрса татулық от басыңда.
233
Алмасы жоқ Адамның амал ғылып,
Амалменен қаусатар қамалды ұрып.
Бірақ нағыз Адамға бар тосқауыл –
Ұят атты киелі табалдырық!
234
Оны ойлаймын, жайына бәрі қалып.
Елестетем... ләззат ап әрі налып...
Тіл сезімнен осынша осал ма еді,
Болғанымен бір жырдың бары да анық!.
235
Асаулығым неге осы бастықпады?!
Жас күндегі қоштасқан мастық па әлі?..
Өзім далмын! Кешірші?! Өлсем етті
көз жасыңды көргенше жастықтағы!..
236
Ауызбен бәріміз де "ел, ел..." дейміз,
Ел жаққа ертелі-кеш елеңдейміз...
Ал енді Ар алдында - қане, кім бар?
-Қайсымыз "жарылқадық!" дегендейміз?!
237
Мен - құлымын ары - айдын, жаны байдың.
Ал сендейге?.. Жоқ... семсер жанымаймын.
Елді жеп кеп етесің күлім-күлім,..
Жоғал әрі!.. сен итті танымаймын!..
238
Қасқырсың-ау сен адам тақылетті,
Мойыныңда қанша обал, ақы кетті!
Азу тісті азайтып апсың мүлде...
Ең болмаса енді ойла ақыретті!..
239
Түсін көріп сап-сары жарқылдаған,
Әшекей ғып апты алғаш алтынды адам.
- Неге бүгін қайда да өлшенеді
әшекеймен, о Адам, парқың, бағаң?!
240
Отыз жеті! Туған жыл зобалаңмен!
Сенде туған сормаңдай со балаң - мен!
Маған қонған Ағамның шыбын жаны,
Рухым да мәңгі бір ол Ағаммен!..
241
Базар толы дүние. «Ал, сатамын!
Асыл киім!.. Машина!.. Мал сатамын!..»
Көп қарадым - таппадым, әттең-әттең,
Кіп-кішкентай көк тасын фәлсафаның!..
242
"Кешір, жаным?!. Бір күнәм ұмытылсын...
Деп жалынып, махаббат құлы, тұрсың...
Кешірді ме ол сені? Кеше алды ма?..
Әйел - толық ашылмас ұлы тылсым!
243
Омар һәйям - Құдірет! Мың жұртын бой
бергізген бұл жаһанның бір жыртынды ой!.
Өзім болып барады қалайша ол?
Арамызда, құдай-ау, мың жыл тұр ғой!..
244
Қасіретке айналып бір түн түсі,
Оянғанда ойланар мүмкін кісі:
"Сорлы басым сонда... қап!" Жаңғырар ма
ұмыт болған бір қыздың бір күлкісі...
245
Бір мінезі қазақтың жалықтырды!..
Не алыбын алысып алып тынды.
Біздей байғұс ел бар ма жер-жаһанда,
Өзі өзінен қызғанған жарық Күнді?!
246
Кіл жемқор тойда отыр, жайнап бәрі,
Айтары: "Біз - осы елдің қаймақтары!.."
О сорлы ел! Бетке ұстарың мынау болса,
Өзені өміріңнің қайда аққаны?!
247
Қайтесің, қу тағдырға көнесің де...
Өмірім оңбады деп өлесің бе...
Өлме! Тек ойды, бойды тазарт удан,
Қалмасын тіпті тырнақ көбесінде.
248
Көзіңде жас - ол қазір туатын ән!
Сөзің де рас - шындықтың суатынан!
Жуас жүрек боп кетті асау тұлпар!..
Сезіміңнің айналдым қуатынан!
249
Жаратса да жасықты қолда бар ғып,
Жүрсе де асыл жоқтықтан жолда қаңғып-
Теңгерме еш екеуін! Өйтсең оның -
Адамзаттың намысын қорлағандық!
250
Тышқанын да жалмайтын көрсең іннен,
Мына байғұс жерге осы нең себілген?!.
Бірақ сенің ең басты жауыздығың –
Өлшейтінің бәрін өз өлшеміңмен!
251
Ойхой, би көп! Қол биі, өкше биі,
Көз қаритын қарын-би, бөксе биі!..
Жас тояттың табар-ау бір амалын,
Не болады бейшара кексе күйі?!
252
Қырқыстырған қашаннан үмбетті не?
Жерден бір сәт шыңғырған үн кетті ме?
Адамзаттың адамзат болуы үшін,
Миллиард жыл әлі де міндетті ме?..
253
Ішіс... мадақ... мағынасыз былжырақ түн.
Мен байғүс та мас боп ап былжыраппын...
Ертеңіне, ей, Намыс, ұят - отпен
өртеп, іштей өкіртіп бір жылаттың!..
254
Ту көтердік жұлдызды шақта! Бұлай
ету қалсын, о, қайдан жатқа да ұнай?!
Мәңгі-бақи өзіңнің құлыңбыз біз,
Құл болудан басқаға сақта, Құдай?!
255
Безсем де ар-намыссыз, өлі еттіден,
Әңгімем жараспады-ау көп "ептімен".
Ортаға өзім жүрген судай сіңу
орнына ой келеді өрекпіген!
256
Алланың добы десем жеке басым,
Сол допты ап, Тағдыр, қайда беталасың?..
Жол қылып енді қанша жүрер екем,
Арқа мен Алатаудың екі арасын?..
257
Аста-төк азық-ауқат, асыл киім,
Көп ақша, қызық-думан, басыңда үйің...
Бар мұрат осы-ақ па еді?.. Онда, байғұс,
Желге ұшқан жылдар екен жасың дүйім!.
258
Қалғанша біздің ғұмыр гүлі семіп,
Жөн сұрап, ей, замандас, біліселік!
"Бабалар бірін бірі білген" десін,
Біріне болар ұрпақ бірі серік...
259
Деп қалып ем бақыттың таңы атқан ба,
Қиыпты оны қып-қысқа сағаттарға!..
Тәтті елес боп тағы да қаласың-ау,
Қайттім?! Тағы тапсырдым Жаратқанға...
260
Сені ұқпаса налисың көпке неге?
Көпке өкпе жүрмейді. Өкпелеме.
Көп ішінде көк иттің жүрері анық,.
Құйрығынан ұста да теп төбеге!..
261
Біреудің болса ізі ылай, сыз, қан...
Демегін маңдайына бұлай сызған.
Бастауы бар бәленің - құдайсыздық.
Қорықсаң қорық нағыз құдайсыздан!
262
Кейпіңмен мені ешқашан сүймегендей,
Жеткіздің, білесің бе, күйге нендей?
Тамұққа тастап мені секілдендің,
Көкке ұшып періштемен билегендей!..
263
Жаратқанда сені Алла өлшеп тегі,
Сенімен шын көрікті көрсеткені!
Жаһандағы бар қыздың бар ажары –
Сұлулықтың сендегі бөлшектері!
264
Бақидың қақпасы алдан ашылғанда,
Өлі тәнді топырақ жасырғанда,
Қайтіп қиям мен сені, сәулетайым?!
Жоқ! Жырыммен ап қашам ғасырларға!.
265
Демі жұпар, жүзі гүл, жаным, нұрлым,
Саған іңкәр асау жан, арынды ұлмын!
Тізе бүгіп тіріге көрмеп едім,
Сағындырдың!.. Сен мені бағындырдың!
266
Алатаудан алапат қуатты алған,
Басын қосып бұлақтар су ақтарған
жаратыпты, о Талас, сені еркем!..
Ал сен маған дарыттың шуақты арман!..
267
Азайса азап кей-кейде желігерсің,
Желіктен де желөкпе жерінерсің.
Бәрі өткінші екен ғой, о дүние!..
- Шақыршы анау аруды, бері келсін...
268
Түбінде бейопа өмір түңілдірер,
Ертең-ақ аласарып бүгіндік өр.
Қанша арман аямастан алдап соқты.
Болды енді!.. Бірдеме етіп күніңді көр.
269
Көгорайын көтеріп Көктем келді,
Жер түледі. Құдайым көктен берді...
Мұңаямын оңаша жылап жоқтап,
Түлей алмай дүниеден өткендерді...
270
Таразда ертеден ел мекендеген
Аңыз көп. Аңызды оймен бекемдеген.
Бірінде: "Айшаны Омар армандаумен
Ақынның дүрі болған екен..." деген...
271
Ей, пірәдар, иманың, дінің барда,
Рахым ғып кешірер мініңді Алла.
Бірақ өзің сот құрып, жауап алшы:
беттің арын бес төккен күнің бар ма?.
272
Жұлатын мойыныңды бұрап тұрып -
Зұлымдық! Міне, қуат, тұрақтылық!
Миллиард тағдырлардан ұн тартса да,
Алмапты бір тісін де уаттырып!..
273
Жан-сарайға жол тартты бір ән тыңнан.
Жарқ етті әне көңілің тұман тұнған!
Сорғалауын көрдің бе сансыз нұрдың,
Соғылғандай дүние кіл алтыннан!..
274
Неткен тәтті, ләззатты мына жас түн!
Құрсауынан құтқарған ұнамастың!
Ұлпа әсерді өмірі үкілермін,
Ол тұрғанда мен енді бұла жаспын!
275
Азан-қазан, мәз-мәйрам іңір шуы...
Тал жібек ән... арудың ыңырсуы...
Үзік-үзік, дүние-ай!.. Үздіктірген
әрбір сәтің - жүректің бір ыршуы!..
276
Қонбас еді соқыр бақ оңбағанға,
Көнбес еді әділдік зорлағанға,
Өмір өңі өзгеше болары хақ,
Шындық шіркін жәйбасар болмағанда!.
277
Мән берме пұлыңның жоқ, мал азына.
Құрсыншы!.. Болма ешкімге наразы да.
Әй бірақ... азаптайды-ау күнде түсіп,
Намыс пен жоқшылығың таразыға!
278
Бақыт тапқан жүректі асыл достан,
Айырылысу айналып жасынға осқан,
Тағдыр деген осы ма, о Тәңірі,
Қасірет пен бақыттың басын қосқан?!
279
Ғұмырдың құлап түсіп мұнарасы,
Бақиға жол тартты елдің ұлы ағасы...
Топан су басса да енді қайғырмайды...
Қайғыру - тек тірінің сыбағасы!
280
Шындық - От: шыжғырады, күйдіреді,
Шындық - Күн: баршаға бас идіреді...
Күйейік! Иейік!.. Тек сонда, мүмкін,
Бетінен мына жалған сүйдіреді?..
281
Тіршілікті о баста жаратарда,
Көп болған-ау ағынан қара таңба.
Қара таңба - түйінді шешерінде
Адамзатқа бер дәйім тағат, Алла?
282
Адамдарды айырар бір айырма:
мұңды жанға қараңғы Күн, Айың да!…
Аяр болсаң, о Алла, Әйелді ая,
Әйел заты әлсіздеу уайымға!
283
Ғашық болып қалады демде кейде...
/Жайдың оты - ол сезім өрлегей де!/
Сезімталдық туғызып ғашықтықты,
Сезімталдық оны ерте жерлемей ме?..
284
Кешір, Алла, кешегі қалдықтанбыз,
Құдай деп бір құдайсыз жанды ұққанбыз!
Сенбей жүрсек Өзіңе және кешір:
Сенімсіздік дертіне шалдыққанбыз!..
285
Біреу жайлы сырды ашпа бар аңдаған!
Шынды айтам деп аңқаулар арандаған.
Бір қуың мен бір сұмың жаласса ауыз,
Сен жексұрын боласың "жамандаған".
286
Мұз көңілді жылтуға жарамай Күн,
Өнбойымды бір өксік аралайды үн...
Мың жыл өтіп кетсе де мұң шақырар,
Отырардың орыны - даладаймын...
287
Күркіре, Күн!.. Жай ойнат, күркірей түс,
Буаз бұлттар босансын, сілкілей түс!
Айналып ап Аспанға ақын жүрек,
Жарқыратсын жаһанды жыр - түлей күш!.
288
Еске салып асықтың есіл кейпін,
Ыстық жаспен алатын "өшін" кей түн...
Ал мына түн самалы-ай! - Аймалашы,
Сенен басқа ешкім жоқ есіркейтін!..
289
Десек те "жеп қоймайды адамды адам",
Улы сөз қай жүрекке қадалмаған?!
Мерт болса сол жебеден - жендеті кім?
Іздеу жоқ. Іздесе де таба алмаған...
290
Қап-қара Аспан өріп ап оттан қамшы,
Тілді жерді, қадалды сотқар тамшы!..
Неткен ғажап ғаламның қаһарлы үні!..
- Ей, балалар, шуламай тоқтаңдаршы...
291
Дүниеге болса да жарымаған,
Асыл Ердің аты озған, арымаған!
Бір қылығы мың түрлі бәле туар,
Тәңір атсын дейтінді "бәрі - маған!"
292
"Әлі тойым бар шығар тойламаған",
Деп үмітпен күндерін жойған адам.
Жалпы мына тірлікте не мағына бар?..
Басқа осындай кездерден ой қамаған?..
293
Бұдан өзге өтейін тілемей түк:
Ұрпақ берсең - бер, Құдай, бірегей ғып!
Жүрегіне отын бер найзағайдың!
Отсыз өмір өмір ме?! Плебейлік!..
294
- Сен бекер мына Өмірден шайлығасың...
Содан да сөзіңде ылғи қайғы басым.
- Қайғырсам - қайғы қайта келмеуі үшін.
Ал өзің неге одан қаймығасың?..
295
Ел "тілім" деп тіріле бастағанда,
Кәрі сайқал Сатқындық басты амалға:
өзге тілде сөйлетіп өз баласын,
Қазақ тілін үйретпек басқа адамға!
296
"Жүрегіңнің, біліп қой, иесі мен!" -
Деген сен - шын махаббат киесі ме ең?..
Онда болшы, ләззатқа шомылдыршы?!
Құтылайын күйкілік күйесінен!..
297
Неге ашпадық ол түні ол жұмақты?!
Өкінішті! Айрылған жол жұбатты...
Жұбанбадым. Ал сен ше?.. Мен бейбақты
өкіндіріп өмірдің он жылы ақты...
298
Мінез де - дерт. Қайтеміз ем қонбаса?
Оңбады ғой оның бір енді оңбаса!..
Бізді еншілес ететін не қалды өзі,
Күнде басып жүретін жер болмаса?!
299
Бұлаң басып бөксесін ойнаттырып,
Бикеш кетті-ау тентек ой ойлаттырып:
"Тілін емес бөксесін сөйлеткенде,
Дегені ме "Ер болсаң - ойнап, тынық!.."
300
Айырма жоқ еш жерде елдегіден:
тосады алдан аярлық сен жеріген!..
Бәлкім, тауып қаларсың шын инабат,
Шығып көрші мына Күн шеңберінен?
301
Не қызық бар өмірде басқа мына!
Құшағыңды ашшы, еркем... аш тағы да...
Бірте-бірте биіктеп кетейікші,
Түпсіз, отты ләззаттың аспанына...
302
Келмесе бәрінен де суынғысы,
Жықпайды құштарлықтың туын кісі!
Тізеңді құштым, міне! Рахым ғыл,
Тәңірдің, о, ғажайып туындысы!..
303
Кімдер... кімдер жүрмеді мына бақта,
Бақыт құшқан бар шығар жылап ап та...
Ал мен енді қашанғы?.. Әлде Тәңір
өмір бойы өксітіп сынамақ па?
304
Кешегі бір бәдікті - сілімтікті,
Рухани ұстаз ғып бүгін тіпті
алуға осы, жәмиғат, айтыңдаршы -
Мен бе, сен бе?.. Құдай-ау, кім ынтықты?!
305
Өтіп кеткен жылдарым жырдан жырақ,
Елестетіп жетімді тұрған жылап -
Мұңаямын... үрлеймін сезім отын...
Ал от берер жүрегім жүр қалжырап...
306
Шорқақпын ғой о бастан мен есепке...
Шорқақ ойын жәмиғат демесе өкпе -
бұл өмірім көңіліме қонар емес,
Көшіп кету мүмкін бе Келешекке?..
307
Жырдан, жаным, жанымның біл дерегін:
Сеніменен жүрегім бірге менің!..
Тілмен сөзін жүректің қайтіп айтам?..
Сондықтан да әдейі үндемедім...
308
Жарық қылмас жаһанның күндіз шамы,
Туғанында көңілдің бір күз шағы
тақтың, сәулем, жүрекке мына кеште,
Көзіңдегі ғажайып жұлдызшаны!..
309
Көріп жүріп жүздерді кіл қабарған,
Күн шуақты аңсауың - құрғақ арман.
Заман.. қоғам... қайсысы?.. әлде екеуі,
Бір жерлерін, әйтеуір, былғап алған!
310
Жаралған-ау қайырсыз, тапшы күні,
Таңдайына тамбапты бақ шырыны!..
Бастан құдай имеген бейшараға,
Не береді жорыған жақсы ырымы?
311
Кейде айналып беймәлім бір елеске,
Өмір бойы ән неге жүреді есте?
Көңіл күйге қосыла құбылатын,
Бұл не өзі?.. Шыбын жан үні емес пе?
312
Қаншама рет "Кел!" дедің, қолқаладың?..
Тартқан жоқ па әлі де оң қабағың?..
Аяқ-қолды байлаған арқан-тағдыр,
Тағы ойша қуыртты-ау жол танабын!..
313
Бұздырмастан құлыптаулы құрсауыңды,
Өтіп жатыр бір өмір... бір сарынды.
Қарап жүріп кейисің өз өзіңе,
Білмеген соң кімдерге ұрсарыңды...
314
Еркелеуі - көңліңді күйттеуге тең,
Құлығында қылық жоқ титтей бөтен,
Жақсы иттер адамға неге жақын?..
Әлде оны да өзіндей ит дей ме екен?
315
Кем-кетігін тұратын тасаланып,
Кім болса да түбінде ашары анық.
Сонда ойлайсың: "Неге өліп-өштім бұған,
Өз санамда жақсы адам жасап алып?!"
316
Көзім шуақ көзіңнен іздеп еді,
Тапты атылар сұп-суық мұз жебені!..
Сәл ілтипат қимады-ау мына жалған,
Ал құдайым бұйыртар бізге нені?
317
Неге болсын демедің болатынды?
Қорықтың сен!.. Өйткені ол ақылды!..
Ақылы азап болды да ақырында,
Жасыды әне... күйреп біржола тынды...
318
Көрдік деп аз жыл азап, аз күн қайғы,
Қалайша иманымыз азғындайды?!
Қайырлы заманға да мезгіл керек,
Суық деп Алла қысты жаз қылмайды.
319
Нағыз азап сақтауың асқақ арды!
Тағдыр қанша сол үшін жасқап алды.
Мына жалған Айға үқсас бірдеме ме,
Бір беті нұр, бір беті тас қараңғы!
320
Мұңын айттым айтсам мен өң пақырдың,
Сен кіжіндің, амалсыз мен де ақырдым.
Кекшіл емен! Бірақ та бір келтірем,
Иттігіңді алдыңа сен кәпірдің!..
321
Қызықпай іздеп, қынжылмай тастап көп қызды,
Жігіттік шағын күнәні кешіп өткізді...
Боздайды бүгін өз қызы түсіп тәлкекке:
"Баяғы күнәм соқты ма қайтып кеп бізді?!"
322
Жұптастырып жаратса жанды құдай,
Екі сыңар кез болып, алды ма ұнай?
Ұнаса - ол махаббат! Ұнамаса –
Ләззат, бақыт дей бергін қалды былай...
323
Жан кейіп дейміз: "Мына азғын байды,
Неге ешкім ең болмаса жазғырмайды?!"
Асықпа! Жазасы алдан шығар бір күн,
Аз болса ол мақшарда да мәз қылмайды!..
324
Тараздың шайханасын кей күн жүріп,
Таппадым... жоқтайды оны, ей, кім біліп...
Бүгінде жоқ та шығар онда отырар,
Баяғы шапанды шал - мейрімділік...
325
- Ата Тараз, тарихың - мұңды ертегі,
Бірде өшсе, өрлеген бірде өркені.
Сенің көшің қазіргі қауымыңнан,
Кімді тастап, ертеңге кімді ертеді?..
326
Таразды әулиелер мекендеген,
Мекендеп киелі оны етем деген...
Киелі жерді бассаң ойланып бас:
"Таразға немен келдім, кетем немен?.."
327
Таразда өзгеше гүл гүлдесі де!
Гүлгүлмен салады ескі мұңды есіме:
Мынау үй алды райхан, болып еді-ау
алғашқы махаббатым мүрдесі де...
328
Кешке жауса кететін күндіз қары
Таразымның аспаны, жұлдыздары...
Бәрі ыстық!.. Ақкөңіл азаматы,
Мәңгі қалған жүректе гүл - қыздары...
329
- Ата Тараз, Құдайдан үмітің бар,
Киелісін Иеміз түбі тыңдар.
Мен тілесем: аз болып алаяғың,
Қыз қырмызы болсыншы, жігітің - нар!..
330
Ұмыттым... қай жылы, айдың нешесінде...
Көк терек... Көшенейдің көшесінде...
Қара мең ақ жүздегі... ып-ыстық дем...
Дәурен-ай!.. Қалыпты тек осы есімде...
331
Жер бетінде жүрген соң көп қырды астым,
Елге жиі... кім білсін... кеп тұрмаспын...
Бірақ бақи кетсем де аңсарым хақ,
Самалын бір жұтсам деп Тектұрмастың!
332
Жаралауға жүректі сына қағып,
Қандай шебер боп алған мына халық!
Әне кетті біреуі былапыттап...
Боқтаймын ба, қайтемін, тұра қалып?
333
Құрысыншы кәугөрік тарпаң желік!
Тілерім тек: жүрсем-ау арқам кеңіп...
Құдалыққа келіп пе ем мына өмірге,
Неге ылғи тұрады арқан керіп?..
334
Сеніп едің - соқты алдап, оңдырмады.
Сүйіп едің - ол да бақ қондырмады.
Енді өзіңмен өзің боп көрші, мүмкін
өміріңнің түзелер сонда ырғағы?..
335
Күткенім күз еді ғой қыраулатқан,
Ақырған ақ боран не?.. Мынау ма ақпан?.
Амал не, жұмамын да мұңлық көзді,
Жас емес, мұзға айналып сұрау қатқан...
336
Тегінде, Өмір, сен мені көп сабадың:
азаптадың, алдадың, бопсаладың...
Арсызбын ба?.. Әйтеуір, сенде мін жоқ,
"Кінәлі өзім бәріне!" - деп санадым...
337
Кім сүрінсе - ол біз ғой... Көп сүріндік.
Сүрінгендік тұрғандай деп сырымды ұқ:
Қоян болып жүрген соң Шындығымыз,
Қасқыр болмай қайтеді Жексұрындық!
335
О, Талас, толқындан да жосыл, атыл,
Шабыт бер шамаң келсе қосып ақыл!
Жолыңа құрбандық қып жауды шалған,
Жетінші атам менің - Қосы батыр!
339
Ешқашан жықпауы үшін Туды қасы,
Шағылған күнге семсер, дулығасы
Бабамда бақытты күн болды ма екен?..
Сақалын не күн туып, жуды жасы?..
340
Қандай суық аулыңның қысқы лебі,
Аязы да аяусыз үскіреді!
Бірақ, сәулем, өртеніп күйіп барам,
Неге осынша жұлдызың ыстық еді!..
341
Үстіңдегі көйлектен үлбіреген,
Көрініп тұр көз тартып күллі денең...
Базар бопты-ау, о қайран, махаббат та,
Шақыруды білетін кімді немен!..
342
Түсімде сен жұмақта жүр екенсің...
Хор қызының сондағы бірі екенсің...
Сілікпемді шығарған бұл фәниден,
Бара алам ба мен саған тілесем шын?
343
Жаһандағы жандыны есептесек,
Кенелесің қызыққа кесек-кесек:
о, қанша есек жүр адам бейнесінде!
Және, әрине, аз қалған есек те - есек.
344
Рахат, ләззат, қызық төсектегі,
Махаббат отын жатар көсеп тегі...
Ал онсыз ию-қию бұл өмірдің,
Нәрі жоқ. Құр күйбеңмен бос өткені.
345
Жан-сезімің толқымай түнып тұру,
Керек сөзде келеңсіз, кіл ұттыру -
Бұл өлім ғой! Ал өлмеу үшін керек,
Ой-сезімді өлгенше шынықтыру!
346
- Сүюдің, не екенін сен білесің бе?..
Білмесең болсын дәйім бұл есіңде:
Сүю - сұлу сезімді асқақтату,
Лақтырмау оны ешқашан күресінге!
347
Сүйреген ел рухын ілгеріге
өтті Ол!.. Зармыз енді бір деміне.
Жалғыз-ақ медеу - кім кеп, кім кетпеген
Фәниге Ол кеп, өмір сүргені де...
348
Мерейтойда қосылып шарапқа өлең,
Алысады саусақ күйшанақпенен...
Бәрі жақсы! Бірақ та неге Аярлық
Инабатты қинайды мадақпенен?..
349
- О жүрек! Досым дедім, сендім әрі,
Қалды ма сол достықтың енді мәні?!
Сезімге сен ердің де кеттік батып,
Ғашықтық ұйығына... Сен - кінәлі!
350
Біздегі махаббаттың бірдемесі
жетпейді! "Жеткізейін, жүр" - демеші.
Салайық бәрін сырдың сандығына...
Мен сөндім... сөнген отты үрлемеші?..
351
Не өзі мына Өмірдің негіздері?
Неге жұп болады ылғи емізгені?..
Қашанда қатар жүрер қос перзенті
Ізгілік пен Зұлымдық егіз бе еді?..
352
Тыныштық жоқ!.. Секілді түкті кілем
ой қаптайды. Сезімге жүкті кілең!..
Өлеңсіз-ақ бұл өмір өтер деуші ем,
Алматыдан бір "пәле" жұқты білем...
353
Биіктедің биікке түрлі "іс" қылып,
Ол "ісіңнің" бастысы - жылбысқылық.
Ақылгөйсу, көлгірсу, жағымпаздық...
Ал бұлардың жалғасы - қылмыстылық!
354
Сені берді қай құдай танысым ғып?!
Татып көрші, жаныңның дәмі сұмдық:
өсекшісің, күншілсің, жемқор... және
ең сұмдығы - осының бәрі шындық!
355
Ілбіп келем... әйтеуір жүрмін әлі.
Сүйресе үміт, тартады бір күн әрі.
Қаламсаптан сия емес, у шығады...
Бұл неліктен? Білмеймін... кім кінәлі?
356
- Өзімшілсіз! Өзгені елемейсіз...
"Неге олай ойлайсың, неге?" - дейсіз.
"Негесі" сол: кішіні кішіртпеңіз!
Қайта ертеңнің егесін демегейсіз...
357
Сіз бастықсыз, әдемі қызбаласыз.
Жігіттерге тек неге сызданасыз?
- Жігіт емес, "мәмбеттер" оның бәрі!..
- Ал ертең-ақ...жә, қойдық, сіз - данасыз!
358
Мына жалған қарасаң - тас қабырға!
Тыныс кеңір жер бар ма басқа мұнда?.
Сонда да жұрт құмырсқа илеуіндей
құжынайды... бәрі де бас қамында...
359
Құдірет - Өлең деген. Өнер демен.
Онсыз еш жан шын нұрға бөленбеген.
Тағдырдың тоқсан түрлі тозағынан,
Өте алсам өтермін тек өлеңменен!..
360
"Бағайын, - деп, - әліптің артын әлі",
Батыл істен тоғышар тартынады.
Ал абырой бөлісу күні туса,
Кіл солардың көкпары тартылады!
361
Көп сандалдым... бір таныс қауышпады,
Естілген жоқ бір таныс дауыс тағы.
Тар көшесі Тараздың танымады...
Осы ма еді ұрпақтар ауысқаны?
362
Кәне, айтшы: не істедің қауым үшін,
Соққанда дәуірлердің дауылы шын?
Сенде бет болып па еді?.. Болмайды да!
Себебі сен - бишікеш тауығысың!
363
Түсте көрдім... Бұл аян бергенің бе?..
Елесіңмен "сағындым, кел" дедің бе?..
Сен де көрші түсіңде мені жүрген
Сағыныштың сахара шөлдерінде...
364
Кей күн жылау, кей күні күлкі басым...
Шұбар жалған тыншытпай ұмтыласың.
Тауға шық не сайға түс, мәрең анық:
ит талаған иттей боп бір тынасың!
365
Секілденсе сенімді сәл жүріп кеп,
Жар салыппыз "Мынаумыз мәңгілік!" деп.
Кісі өлшемін неғылсын Ұлы Уақыт!
О Адамзат, осынша әңгүдік пе ек?!
366
Еркінсісе боп алған тәйтікке тең
Зұлымдықты қай қоғам қайтіпті екен?
Құдырет жоқ қолымда, әттең!.. Бірақ,
айтарымды мен әлі айтып кетем!
367
Құр сүлдемін... қалғанда жәй қалдым ба,
Артымда - мұң, қараңғы қайғы - алдымда.
Жерден ұшқан ақ жаның аспан барып,
Бір жұлдызға, жарығым, айналдың ба?..
368
Енді жоқ!.. Ол жанымның ардағы еді!..
Қаусаған күйде күтем алда нені?
Безбүйрек, безерген бет бұ жалғанда,
Мүсіркер бір тірі жан бар ма мені?!
369
Сағындым сені... Мен мүмкін саған елеспін.
Әрине, қазір сондағы жігіт емеспін.
Өтті ғой дәурен! Өртеді өрт боп өкініш...
Қайтеді келсең?.. Келеді қайта кеңескім...
370
Ажалды қойшы!.. Келсін тек бірақ асықпай.
Көңілді көтер, жігерді босқа жасытпай!
Кім болсаң о бол, жаның бір жайнап қалмай ма,
Сұлуды сүйсең, о шіркін, алтын асықтай!..
371
Адам да, аң да сұмдықты небір көреді,
Бұлқынар, бәлкім. Бәрібір түбі көнеді!
Айырма жалғыз - адамның тапқан өнері –
Ойланбай туып, ойланып барып өледі.
372
Сұмпайыны сұлулап сұлтан қылған,
Ұнамдыны уқалап ұлтан қылған
Тағдыр ма, не?.. Ал Алла пендесінің
бас-басына таратар бір тағдырдан...
373
Келсе егер меймандыққа жерге кісі,
Не керек онда күрес, сенделісі?..
Ал жаны, рухы қайда кеткендердің?
Мүмкін ол мына ауаның тербелісі?
374
Кырсыққандай өнбесе бір ісің де -
Қиқарланба, өнсе егер - ірісінбе.
Ойлан, ойлан... Өйткені барлық түйін
ақыл-ойдың мидағы жүрісінде!
375
Жетпейтіндей Күннің де нұр-жарығы
Бос налу ма деп "Қане, кім жарыды?!"
Онда неге көзге ұрып тұрады ылғи
жамандықта тағдырдың мырзалығы?
376
Сен "Кел!" десең - жұмақты да киып тастап келер ем,
Келе салып, келген түнді Мың бір түнге теңер ем!
Амал бар ма?!. Аманатын қайтып беріп Аллаға,
Құшағыңды қимасам да... көрге қайта енер ем...
377
Терезе де ағарды, әне... Белгісі ол таң атқан!
Айырылып қалам, түсін, таң атарда тағаттан.
Болшы, жаным... Мені Тәңір саған ғашық болсын деп
жаратқанда һәм шыдамсыз етіп те өзі жаратқан!
378
Ей, төрдегі! Есіңді жи, көркөкірек болма тым.
Төрің тозса - ел ұмытар, өшер мәңгі сонда атың.
Келер күнге керекті жан - жайып салып өр жанын,
Сөзін айтар әпенденің не дананың сорлы ақын!
379
Қыз да керек, ұл да керек! Өмір де жоқ бұларсыз.
Қайттік егер болып кетсе қыз ұятсыз, ұл арсыз?
Жас өскінді азғындықтың аспандаған өрті алса,
Келешекті бір құдайдан қалай ғана сұрарсыз?!
380
Әмір Темір тірлігінде бетіне ешкім келмеген,
депті былай баса алмастан бірде ашуын кернеген:
"Мына сұмды бір өлтіру - әділетке қиянат,
Мың өлтіру үшін неге мың өмірді бермеген?!"
381
Әмір Темір тірлігінде бетіне ешкім келмеген,
депті былай өксіп тұрып шақта ұлын жерлеген:
"Сенің қазаң - менің жазам емес пе екен, қарағым?..
Ақыретке ақсай басып барсам, барам мен немен?.."
382
Жолығайық оңаша түнде мейлі,
Көрісейік көпсінбей күнде мейлі -
Сүйісеміз... Ол неге өртемейді?
Неге жүрек бүгінде үндемейді?..
353
Тек Құдайым жүрмесе салып қайғы,
Өршіл жүрек, о шіркін, шарықтайды!
Ал құлына айналса міскіндіктің,
Ол жүрек боп ешқашан жарытпайды!
384
Қу күйкілік күйдіріп тұр!.. Керек қандай серпіліс?
Шарап ішу...әйел құшу...тағы басқа желпініс?..
Бәрі алдамшы!.. Тұншықтым ғой!.. О Жаратқан, таңдағы
Ғарыш лебін ағындатып, құлыңа аздап бер тыныс?..
385
Ләйлі болып, Мәжнүн болып Ай астында мың ғашық,
Тұрған шығар ақ сәулені жамылып ап сырласып.
Ал мен тұрмын көлеңкеде ұйыған қан секілді,
Сүю де жоқ, күю де жоқ... қорғасындай мұң басып...
386
Қойшы осы, туысқан, қылжағыңды,
Әңгіме айт одан да бір жағымды...
Ой, мынауың өсек қой!.. Құрсын, тоқтат!
Онсыз да өсек менің жеп жүр жанымды!
387
Шыңғыс бір сыр ашыпты ұрпағына:
"Жарты жаһан айналды ұлтаныма...
Жарты әлемді алудан қиын екен
Сұрақ: "Ие болады кім тағыма?"
388
- Аярлықпен алдап жүрген, арбап жүрген әлі елді,
Қаскүнем көп!.. Дос бар ма өзі? Дәлелдеші, кәне, енді!
Қандай дәлел? Дәлел бұрын тумақ емес достықтан,
Шын жүректен туса достық - сол ең мықты дәлел-ді!
389
Сенің айлаң аярлықта, айтары жоқ, терең-ді...
Даусың да зор оятатын көрде жатқан кереңді.
Бір жексұрын жетпей тұрған мынау өмір-сахнада,
Роліңді, ойхой, шіркін!.. Кәне, ойнап бер енді!..
390
"Отыз жеті" дейтін қарғыс атқыр жылда мен келгем.
Құдай куә, бейнет кештім, бір күнім жоқ сенделген!
Ақ ниетпен ақ тандарды, армандарды күтуші ем...
- Қайдасың сен, сенім - серік?! Неге болам сергелдең?
391
- Сен өзіңе беріп көрші мен беретін сұрақты:
Сонымен... хош... саған жемқор, бір жас пысық ұнапты...
Өсіріпсің. Өскен одан мың момын жан жылапты...
Көр болса етті өзге көзден ағызғандар бұлақты?!
392
Нақұрыстық - арамзаны құл боп тыңдар құлақтан,
Көкаттыны көсем көрер "Көз" дейтүғын шырақтан!
Көз-құлақтан айрылсаң да тек Құдайға құлдық ет,
Адамға емес!.. Адам боп өт - қалсын тіпті бір аптаң!..
393
Жеткенше өлшеулі өмір мәресіне,
Түсер-ау айтқандарым әлі есіңе...
Беттен от шығарғандай жерім болса,
Кештағы оны-шын дос кәдесі, де.
394
Түзесем деп талқан болған тағдырымның безбенін,
Сен кеткелі қарс ұрумен қанша әлемді кезбедім!
Әурешілік екен бәрі!.. Тыншыр емес бұл жүрек!..
Жүректің де болатынын сен арқылы сезгемін...
395
Семіп сенім, сөніп сезім, алмас арман кетілді,
Бітті бәрі!.. Енді қайтып көрсетпесін бетіңді!
Аспан құлап, Ай, Күн жылап, болсын тамұқ нетүрлі,
Сенсіз көрсем - сол тамұқтың өзі жұмақ секілді!..
396
"Қой!" деп ем, қоймай тағы қозғадың ба...
Тыңда онда: шын жампозын боздағында
ағайын ардақтамас. Ал, таныса,
Асылын таниды әбден тозғанында!
397
Әлмисақтан адамзат қауымында,
Туады адам қала не ауылында.
Тек ақынға қатыссыз бұл қағида:
Ақын туар сезімдер дауылында!
398
"Соққыларың жықпаса да дір еттім.
Неге осынша қастығыңды үдеттің?!"-
десем, Тағдыр, кешір! Өзім кінәлі:
түсінбеппін тілін өзге жүректің!..
399
"Ғашық едім... қайтейін, ол ұқпады!.."
деуші ем... келем енді ұшып жолыққалы!..
Неге жүрек тулайды? Қуаныш па?
Әлде алдағы бақыттан қорыққаны?..
400
Теліп қойып өзіңді текті алыпқа,
Жүрсің "білгін, мен кіммін!" деп қалып та.
Атың шықпас бар сөзді өртесең де,
Ат шығару құқығы - тек халықта!
401
О, Тәңір, ол... ол мені... танымады!
Тек сол деп жүр емес пе ем жарым әлі!..
Жалғанда жалғандықтан басқа не бар...
Жо... жо... жоқ... жанардан жас жамырады!..
402
Қарттықтың жүзі жүдеу, көңлі сынық,
Алдында Ақырет тұр көрді ұсынып...
Саулайды сар жапырақ - ұшқан күндер,
Соғады Уақыт дейтін жел де ұшынып...
403
Жетпей тағлым, ол жетсе - қолым қысқа,
Тағдырда да бола алмай болымды ұста –
Былғаныппын! О Тәңір, неге өйткіздің?!
Тазарайын тазару жолын нұсқа!
404
Құлпыратын құбылып түрлі ұғымда,
Махаббат не? Сезім бе?.. Бұл ғылым ба?..
Ол Алланың, меніңше, құпиясы,
Мүмкін емес дәл білу бір қырын да!
405
Тазармастай боп әбден ылайланған,
Ұят, аят дейтіндер былай қалған
қоғамға да көндік біз! Ал арман ше?..
Бұл тозаққа өртенбей шыдай ма арман?!
406
Мына жайға қалам кейде қарап таң:
Неге адамды саз балшықтан жаратқан?
Неге бізді жаратпаған жарықтан,
Кішкене Күн болар ма ек нұр таратқан?
407
Өлді Сұңқар отанында болмай құны бір шілдік,
Өлтіргендер - Нақұрыстық, Күйкілік пен Күншілдік.
Ал оларды есімі етіп алған надан мыңдардың,
Шылауында шынжырланып шыңғырумен жүр Шындық.
408
Бағзы тарих көрсем бір теріп кенін:
Адамдары секілді... серіктерім!
Неге бұлай?.. Әлде мен бұған дейін
талай рет дүниеге келіп пе едім?..
409
Патша еді... Жүтты да өлім лебін,
Кете барды тастай сап көгін, жерін...
Әттең, өзі көрмеді-ау кім жымыңдап,
Қабырғасы кімдердің сөгілгенін...
410
Қайғы-мұңды басына қуыс үй ғып,
Жаты түгіл жүрегін туысы и ғып,
Сергелдеңді серік қып жүрген жанға
Шындық - шипа әрі ең ұлы сыйлық!
411
Ол ән салып, мен тыңдап түніменен...
О Тәңір-ай, теңермін мұны немен?!
Түсім екен... тек бұлбұл анау бақта,
Бибігүлдің сайрапты үніменен...
412
Көрдің бе, өзін өзі он - сан адам,
Құдайдан еш кемі жоқ зор санаған.
Зор артық қордан рас... Ал, не болдық,
Тіпті, оның оннан бірі болса надан?
413
О азапты, ләззатты ескі Арманым,
Жетті, жетер осынша есті алғаның!..
Сен де бас и шындыққа: Бақытымнан
тіпті тумай тұрып-ак кеш қалғамын!..
414
Мойынға ажал тұзағы ілінер күн -
Шын бағасы Өмірдің білінер күн!
Ал Өлімнің бағасы қанша екенін,
Бір де бірі білмейді тірілердің!
415
Қанша өртендік оттан біз надан жаққан,
Десек те, бұл тіпті емес жалам жапқан:
жағынғанын көргенде мықтысына,
Жиіркеніп кетерсің адамзаттан!
416
Өте шықты-ау бақытты бастан аз күн!..
Керегі жоқ көктемнің, басқа жаздың...
Бар келгені қолымнан - бір есімді
көз жасыммен күйдіріп тасқа жаздым...
417
Тоғышарлар дауыл-өмір толқынында жүзбеген,
Жаужүректің әлсіз жерін әлсін-әлсін іздеген..
Әне күйе жағып, күйкі, күлкі етті де ақыры,
Маймаңдады майтабандар тоғышарлық ізбенен..
418
Күн кешсем "шықпа, жаным, шықпа" деумен,
"Алдияр, итерсең де жықпа" деумен -
Тамұқта жүрерім хақ тірлігімде-ақ!
Өйткені үйренбеген ыққа кеудем.
419
Егделікті бесін де, күз де, мейлі,
Шөп басатын ертең-ақ із де, мейлі...
Оның есіл-дерті тек ескі доста,
Жаңа досты ...қайтсін-әй... іздемейді...
420
«Бақыт деген, - депті бір тосын кісі, -
Талант пенен мінездің қосындысы...»
Екеуінен мақұрым пақыр қайтпек,
Бақыт іздеп кеп тұрса жосылғысы?
421
Бір іс түсіп қайысқан шақта белі,
Ұмыт болған ағаға шапқан еді.
Деді ол: "Керек кезінде зат та сыйлы,
Айналдырма, бауырым, затқа мені!"
422
Жүрек мынау... жүдеген, жырым-жырым,
Жемі болған жалғанның - жырындының.
Өзім де иттік жасаппын, ит талапты...
Кімге обал?.. Тыңдайды сырымды кім?..
423
Түстегенде түкті бет тіршілікті,
Үлпа жүрек дірілдеп түршігіпті.
Ізгіліктен із қалсын деп жандәрмен,
Тіршілікке шаншыпты бір шыбықты...
424
Бәрі де: қызық, тозақ... ұмытылып,
Әз жүрек төрелер-ау түбі тынып.
Жан қалай пайыз табар өзі тұрған,
Ет еріп, сүйек жатса үгітіліп?..
425
Бәрін білу қолыңнан келмесіне,
Налып тұрсың, ойшылым, сен несіне?
Алла әлемді шексіз ғып жаратқанмен,
Шексіз ақыл бермеген пендесіне!
426
Ойсыз сөз - жеңіл сөз ақ қалайыдан,
Ауыздың ақтарылар талайынан.
Оны емес, естісек қой есті сөзді,
Жарқылдап шыққан Сана сарайынан!
427
- Оны тастап, сен маған несіне ердің?
Обалына қалдың ғой есіл ердің!..
Тұрақсызды кешпеуші ем, сені... амал не,
Сұлулығың үшін-ақ кешірермін!
428
Бақ құсы қонса - абайла, үндемегін,
Білсең де ертелі-кеш бір келерін.
Шошытпа шошаңдаумен киеліні...
Қолымнан ұшқан, әттең, бірде менің!..
429
Жарқын даңқ пен масқаралық болмаса да біртұтас,
Екеуі де - тек санада орнатылар құлпытас.
Сәулетшісі, мүсіншісі - өмірбақи өзіңсің,
Орнатушы - ел зердесі жалғандыққа ғұрпы қас!
430
Есіргенде есектер елде кілең,
Сотты қойшы жем жеген жеңдерімен!
Тәңір өзі-ақ соттасын шыққандарды,
Адамдықтың ең шеткі шеңберінен!
431
О ғажап! Қайда жанға батқан қайғым?!
Түн ғайып! Таңға айналып атқандаймын!
Сағыныш, ләззат оты... кешір, жаным,
Жарайды, арғы жағын ақтармаймын...
432
Уақтымның жоқ басқа бір данасы,
Құдай үшін, құлдығым, ұрламашы?!
Қимасқа да қиюға қиналасың...
Неткен қысқа жеке өмір жылнамасы!
433
Ойлайтынның тек өз басын қарақан,
Деме бетін жәмиғатқа қаратам.
Бар әлемнің бар тауығы басса да,
Шықпайды тас жұмыртқадан балапан!
434
Болған шығар дегені Алланың да:
өтті өмір тағдырдың қармағында.
Жалықтырды, оллаһи, мына жалған!..
Мен мұнда осы көп тұрып қалмадым ба?
435
Түзуге түкіріп ап "бәлем!" демек,
Біз байғұс қисық айна - әлемде ме ек?
Өтірік өрлеп жатсын -үндемейміз,
Ал шындық үшін ылғи дәлел керек!
436
Үрлеуменен шылымның түтін-демін,
Ей, пірәдар, бүгін түк бітірмедің.
Күнді осылай өткізіп келеді ә,
Тыржалаңаш тірлікті бүтіндегің?!
437
Маған берген Тәңірдің батса Күні
не істеймін?.. Естілер мақшар үні...
"Екеумізге елші бол" десе қайтем,
Фәни менен Бақидың патшалығы?..
438
Жапа шексек жазықсыз бір шіріктен,
Бәрін көріп жатамыз тіршіліктен.
Тіршіліктің тегінде тіні дұрыс.
Ал шірікті тегі ме... кім шіріткен?
439
Ажалды ойлап апшыңды қуырмағын:
жақсы емес пе жалғаннан қуылғаның?!
Несі жаман боп жатса шілдеханаң:
мұнда өлгенің - бақида туылғаның!
440
Махаббат - сезім емес бір өткелек,
Жүрме оны жүгенсіздеу тілек пе деп.
Ол - сүю! Ал сүюдің қорқынышын
жеңуге тағы да сол жүрек керек!
441
Атағынан тұрса да құлақ тұнып,
Адамдығын айқындар бір-ақ қылық:
опалы ма немесе опасыз ба?..
Кісіліктің шын аты - Тұрақтылық!
442
Неге ол байғұс, ей, әкім, ұнамады?
Ердің құны емес қой сұрағаны!..
Тәкаппарлық - тағыңа тіреу де емес,
Тәкаппарлық - қорлаудың бір амалы!
443
Жүзіп жүр жүзі әбден қажалған Ай,
Жер мүлгіп күнә менен тажалға бай...
Жан шіркін бір жұбаныш таппай қойды-ау!.
Осы ма бар қызығың, о жалған-ай?!
444
Қап-қара, салт ат мінген қола мүсін,
Қарап-ақ қабағына тоңады ішің...
Шығарған көрден төрге көрді ме ойлап,
Бақида үкім қандай боладысын?
445
Мейлі ұнасын, ұнамасын бұ тірлік,
Пендесі еткен Жаратқанға шүкірлік.
Алла алғысты алар-алмас... Ал бірақ,
Рахымды бағаламау - күпірлік!
446
Ел азып, кеміп кетсе келеден ес,
Жалғандық шындығыңа бере ме дес?..
Шындық деп шырылдар тек бейшаралар,
Күштіге шындық мүлде керек емес!
447
Бір сәуле шашу үшін адамдарға,
Ойшылдың жаны жұмбақ ғаламдарда
сан сыннан өткен бе?.. Әлде ол керемет
Ай, Күнмен әріптес боп жаралған ба?..
448
- Сұрап көрші сен де өз пайымыңнан:
неге осы жүрдаймыз қайырымнан?..
- Себебі оның: тәңірлік жандарымыз
Ақыл-ойдан тәңірлік айырылған!
449
Жел есіп айдарынан, тұрды иықта
десек те қанша ел кеткен тұңғиыққа...
Ел емес, ғаламға ұл боп қалғандарда
не сыр бар? Кіндіктерін Күн қиып па?..
450
Бітіріп Залымдықтың тастағаны:
Пәктіктен қан аралас жас тамады!..
Залымды дарға аспайды-ау мақшарда да!…
Өйткені онда... өзге Өмір басталады...
451
Қу нәпсінің тыя біл бәрі-бәрін,
Болу үшін кіршіксіз жаның, арың.
Бұл - біреуге қайырар қарыз емес,
Бұл - Адамдық қалпыңды танығаның!
452
Замандар қатал, қатқан мұртына мұз,
Қазақтың жасап кеткен жұртын абыз.
"Мың өліп, мың тірілдік!" Ол - өткен күн,
Енді біз Мәңгілікке ұмтыламыз!
453
Неге осы жан жаралап, жыртыламыз?..
Жырт-жыртпа сен де, мен де бір тынамыз.
Қазіргі күйіп-пісіп күйзелгенің
болады кейде кейін күлкілі аңыз...
454
Жасықпын мен! Махаббат, кінәлімін!
Сондықтан да жөнделмей жүр әдібің.
Айта алмай келемін асығыма,
Қайырмасын жүректің бір әнінің...
455
Нысапсыз бен ұятсыз сыбайласқан
бұ жалғаннан пенде көп жылай қашқан.
Жеті қабат күнәдан қайысса да
Жер шыдап тұр! Ал қанша шыдайды Аспан?.
456
Бұйыртпапты Тәңірім дұрыс тағдыр!..
Жан жаралы, қалғандай ұрыстан бір.
Соңғы үмітім - сен ғана, о періштем,
Ләззатпенен, өтінем, тыныштандыр?!
457
Білдірмес жақсылық не арам ісін,
Күдікшіл көз жасырған жан ағысын,
Кең маңдай, сылбыр қимыл, жұп-жуас үн…
- Сен кімсің: Залымбысың?.. Данамысың?..
458
Жастық көркі... махаббат гүлдеуі ме?..
Арманның алыстарға үндеуі ме?..
Әлде ала жөнелген тұлпар жанның
ештеңенің өлшемін білмеуі ме?..
459
"Өзгереді тіршілік әлі" десті...
Тапқан екен алдайтын жарыместі!
Адам құлқы ешқашан өзгермеген,
Күн астында тұрғанның бәрі де ескі!
460
Тарихтың әр беті - шаш жайған Қайғы...
Қарт Қасірет деймісің жайдан жай-ды?
Қайталанбау тетігі сенде, Адамзат,
Ал Жер Күнді басқаша айналмайды!
461
Шексіз билік етем десе қайбір елдің ұлығы -
Өзіне өзі ор қазғаны, дей бер оны құрыды!
Патша да аттап өте алмайтын Шындық мынау бір ұлы:
Құлдық құлық өзегінде жатар жаулық ұрығы!
462
Түсімде, жатқанда ұйқы жөргегінде
біреу тұр: "Арман жоқ, - деп, - сенде мүлде!..»
О сұмдық! Неге арман жоқ?! Арман... арман...
О онда... онда менің өлгенім де...
463
Дөп тисе титтей ғана, тұтам қайғы,
Санадан ажар тайып, жұтаңдайды.
О шіркін, осындайда Ақымақтық
міз бақпас!.. Жалпы, ол еш мұқалмайды!..
464
Найзағай қара аспанды өртегенде -
Шошыма. Ол - ризық ертең елге.
Ал әзиз жүректе жай жарқылдаса,
Бір асыл сезім өлер өртенер де...
465
Ей, ұлық! Тыңдасаң - бар айтар сырым:
бүк, шіктен басқа болар сиқы алшының...
Мысал бұл. Ал өмірде айыра біл,
Пікірін халық пенен итаршының!
466
Жердегі жауыздықты ұйымдасқан,
Білмейді тым болмаса тыюды Аспан!..
Рухтың асқары мен қу нәпсінің
құрдымы қалай-қалай қиюласқан?!
467
Миллиард жыл... одан да бұрын, әрі...
Жанға ие болсақ та ұғымы әлі
айқындалған жоқ оның... Мен білсем, ол
толқын-толқын сезімнен құрылады!
468
Бетіңе тура айтты деп сөкпе, жаным:
сыртыңа теуіп тұр сыз, өкпек арын!
Өкпеден өкпелессек от шығады,
Сен де ескер менде де аздап... өкпе барын.
469
Деп жүріп тек тұрмысты сәнді етемін,
Білдің бе өмірден бар мән кетерін.
Есте ұста есің болса: игіліктің -
өткінші, ал ізгілік - мәңгі екенін!
470
Басқа елді қырған, қуған мүлде жерден,
Ел ме екен десе де ол "іргелі ел - мен!"
Ал тажал тағылыққа түптің түбі –
Не екенін Атамекен білмегеннен!
471
Әмір Темір тірлігінде бетіне ешкім келмеген,
депті былай жұлдызшыға кезінде оған сенбеген:
Жұлдыздардың ең жарығы тұрса мына басымда,
ең ыстығы - жүрегімде, күдіктенем мен неден?!
472
"Ертең не?.. бәлкім, ғүмыр қиылады?.."-
Сауал бұл әрі қатал, қиын әрі.
Жауапсыз да ғып қойған әдейі Алла...
Өйтпесе - өмір бірден тиылады!
473
Ақкөзденіп алысқа бастарда арман,
Бас қамшыны - асасың асқарлардан!
Ергежейлі боп қалу - артыңды ойлап,
Өткелінен өмірдің жасқанғаннан...
474
Не жетсін болғанға әр жылың құтты,
болғанға қызың гүлгүл, ұлың мықты!..
Тек, Тәңір, сақта бізді пендем десең,
Ұрпақ қып қалдырудан зұлымдықты?!
475
Арамдығын жасырып, тез жұмырлап,
Боратты ма тағы да сөзді құрғақ?!
Құрсын, енді қарама бет-жүзіне!
Жанмен қоса аларсың көзді былғап...
476
Шатастырып ақыл мен ептілікті,
Біреуге "сен - данасың!" депті тіпті.
Дана болу?! О-һо-һо!.. Ол пақырға
Даналықты тану да жеткілікті...
477
Мейлі оңаша, мейлі ашық жалпы сыр ғып,
Өмір бойғы айтқаның - жарты шындық!..
Жарты шындық жайласа мына әлемді?..
Ақырзаман... ал оның арты - Сұмдық!
478
Талқысымен шын асыл кіл ездердің,
Дей алар ма "жеңілдім, міне, өзгердім..."
Дей алмайды! Өйткені ол - өршіл мінез.
Мәңгі шайқас - шайқасы мінездердің!
479
Қиянаттан көрмеген жоқ азабым!
Бар ма араша?.. Анау ма?.. О да залым...
Залымдарды, о Тәңір, тисаң етті,
Тым болмаса айында Оразаның?!
480
Тағдырға тап болғам жоқ қалауменен,
Сондықтан деп сұрама "анау неден?"
Қайтесің мен бейбақтың мазасын ап,
Көңілін жүрген күнде жамауменен...
481
Мейлі арбасын алаулап жүз ұлы арман,
Мейлі күтсін сиқырлап қызық алдан,-
Сағынасың өткенді! Өйткені онда
сүю, күю... бәрінің ізі қалған!
482
- Қайран, көңіл! Сен бұрын құздан да өр ең,
Қарушы едің отпен не ызғарменен!
Су сепкен кім? Басылдың... қызық та жоқ...
Кетті ме ол да қыр асқан қыздарменен?
483
Ойлансаң ойыстырар ойдан мұңға,
Егделік - еркелікті қойған жыл ма?
Жас күнде мөлдірейтін Уақыт та,
Айналып кетіпті бір қоймалжыңға...
484
Ренжіме, мен бір жан назға сараң,
"Сүйем, сәулем!" Осы сөз аз ба саған?..
Жалпы, адамды алдамшы етер көп сөз,
Ал сезімтал болғаннан азбас адам!
485
Сезім жоқта мөлдіреп тұнып тұрған,
Махаббат та суалып, құрып тынған.
Жүректерде періште ғайып болып,
Бір сұлуды бір сұлу ұмыттырған...
486
Еркелетсем - боп шығам олақ кілең...
Мақтауға да, түсінші, шолақ тіл ем...
"Махаббаттың мәңгүрті" десең де еркің,
Сүйем сені... Әйтеуір соны-ақ білем!
487
Танымаппын, оллаһи, әлі оңымды!
Ұқыпсызбын, білемін әрі онымды.
Тым болмаса бір гүлдің теңі етпеппін...
Кешір, жаным! Өкпеңнің бәрі орынды.
488
Қаптаган мына жұртта кім киелі?..
Жағып ап көрге кірер кім күйені?..
Ал өзің ғайбаттама ешкімді де,
Ар жағын Алла білер - кімге иеді.
489
Сен жосылсаң, жылдарым жорға жылмаң,
Табан күйіп, ол тиген жол қарылған.
Кеше жас ем, шапшаң-ақ шал еткендей,
Қай жау қуды соншама соңдарыңнан?
490
Жұрт байғұстың демесең аман басы,
Өзіне емес, бұйырды-ау арамға асы!
Бір жалмауыз жемін ап тайып еді,
Қайта шапты жебірлер "командасы"!
491
Мүттәйімді қосшы бір қалталыға,
Парақорды үстіне сал тағы да...
Құймасы оның не болды?.. - Ойбай, мынау
Зұлымдықтың оқ өтпес қалқаны ма?!..
492
Тойдым мына фәниге!.. ең білерім -
Мендегі енді жетпейтін кемдік - өлім.
Қиналам тек: сұм жалған "түзелді" деп,
Өлгендерді қалайша сендіремін?..
493
Қанша іңкәрлік соғылып, жылап қашқан,
Сендік жүрек жаралған шын-ақ тастан!
Махаббатты мақтауың маңайлатпай –
Күнді ұнату сәулесін ұнатпастан!
494
Жас та келді талайға болар аға,
Соңғы дауыл аздан соң соғар ана...
Кешегімнің кемісін қайтсем екен?..
Тұра тұру керек пе өліарада?..
495
Ақ жазықтар жасырып тұрса іреңін,
Алатауды сағынып күрсінемін...
Арқа жаққа арқалар Толағай жоқ,
Қияр еді-ау Ата тау бір сілемін...
496
Тағың кетті бір күнде-ақ келмесіне,
Кешегі ұлық, не түсті енді есіңе?..
Табам емес титтей де, құттықтаймын:
сен де айналдың Алланың пендесіне!
497
Бар ма осы мансапта бір мағына?
Жалпы, қалай қарайсың бұл бағыңа?..
- Мансап - бақыт демеймін... тек
шүкірлік мансапқордан биіктеу тұрғаныма...
498
Бос қойып па ең, о Алла, албастыңды?!
Құртты ол бәрін болғанның алғаш құнды!..
Бекзат жанды құл тәнге жығып беріп,
Махаббатты секспен алмастырды!..
499
Болса әлемде Жақсылық қалған-құтқан,
Шындық үшін жан берер жан барлықтан.
Ал Жамандық ол да адам кейпіндегі
Алтын, күміс жалатқан Жалғандықтан!
500
Қиырларға жетсе де қиялдаған,
Жауыздығын өзінің тыя алмаған
неткен жұмбақ Адамзат!.. Жалпы, өзінің
ақылына ақыры сыяр ма Адам?..
Достарыңызбен бөлісу: |