ҮШНШІ ДӘПТЕР
Кісі айтпаған сөз бар ма,
Тегіс ұғар қай құлақ?
Абай.
1001
Құдайлардың деймісің бәрі ақылды,
Бәрі әділ ме жаратын қара қылды?..
Үйлесімсіз үрдісті үлгі еткен-біз!
Ал Үйлесім Ғалам боп жаратылды.
1002
- Өзіне оның тұрсаң да боп керегің,
Сырт бергенге сыр беріп өкпеледің.
Ал дұрысы - өзіңе өкпелеу ме?..
Сырттан қарап көрші өмір өткелегін.
1003
Тұр ма өмірім алдында екіндінің?
Жеп тынардай желкілдеп жетілді мұң!
Ынтығу жоқ, елту жоқ ештемеге,
Бәрін көріп, баз кешкен секілдімін…
1004
- Мәстек топқа өр тұлғаң симады да,
Тағы сені тағылар қинады ма?..
Құрсын бәрі! Жарқ етсін десең көңіл,
Қара арудың кез келген дидарына!
1005
- Әлі ешкімнің алғам жоқ киіп кебін,
Әлі ешнәрсе қалған жоқ тиіп тегін.
Ал іздесең, қарағым, ескі қоныс -
Адамшылық дейтін сол биіктемін.
1006
Ата болса арсыздық, өсек-ене,
Көгеретін, Құдай-ау, көсеге ме?!
Адам қылып жаратқан талайларың,
Неге ит болып кетеді өсе келе?
1007
- Билікке келген байды өркөкірек,
Ешқашан, ей, пірәдар, көрме тірек!
Жансебіл іздеп одан бірде мен де,
Шыққамын шыққандай боп көрде түнеп.
1008
- Мен сені демесем де көкте Күнсің!
Жете алмай өкінішпен өткенім шын.
Жүрсем де қазір күзде қырау кешіп,
Сен, еркем, мезгілі өтпес көктемімсің!
1009
Ауылда ашамайлы атқа мініп,
Шәһарда құрбылармен бақта күліп,
Жүретін күнді о кім алмастырған,
Күндермен іште тек мұң жатқан ұлып?..
1010
Тарихтың мұхитында буырқанған,
Ғарық боп қанша ұрпақ, буын қалған…
Ал ізсіз-түзсіз кеткен заманының,
Ап шығар желбіретіп туын Тарлан!
1011
Құрметтер құрақ ұшып жатын ардай,
Қонақжай дейтін де бір аты дардай
Қазағың әлі бейғам… ертеңге арнап,
Алладан алған сенімхаты бардай…
1012
- Сен жарысың басқаның, мен басқаның…
Бұлтқа алғызып көңілдің енді аспанын,
Жүру жөн бе, асылым?.. Неге сонда
белді буып беймәлім белді аспадың?..
1013
- Тасыма біреу сені Ерсің! десе,
Жасыма біреу сені менсінбесе.
Бәрі де өтер-кетер, ұмыт болар…
Бұ жалған оңайлықпен берсін бе есе.
1014
Бастан-ақ бос емес-ті тіптен де іргем,
Неге онда түк таппаймын күткен күннен?..
- Алладан басқасына бас игізбес,
Мінез-ай, сенен бе екен сүтпен кірген?
1015
О да пенде. Жіберді бір әбестік.
Ұят ісін көз көрді, құлақ естіп.
Кешіре сал. Сен де ертең, кім біледі…
Өмір деген осы ғой, тұрады өстіп…
1016
Жаһанды жатқан жырмен жайлап алып,
Ұлы Омар өтіпті бір жайға налып:
Дүние-ай, сырыңды ашып үлгірмедім!..
Ешкім де үлгірмейді. Айдан анық.
1017
- Неге сонша бүліндің шатқаяқтап,
Саудайыны сабардай ақ таяқты ап?!
Ақ таяқтан ешкімге ес кірген емес,
Ал шатқаяқ шатақпен жатты аяқтап.
1018
- Көргеннен-ақ қараңды қараңғы үдеп,
Қастығыңнан, жасырман, қалам жүдеп.
Келсем кекпен ашулы?.. Бірақ, қайтем,
Өз жендетің өзіңде: арам жүрек!
1019
- Ей, өркен! Біз осы азат бола алдық па?
Азатпыз! Енді елге обалды ұқ та,
Ардақта Ана тілді!.. Жетті, шырақ,
Болуың жанды ескерткіш бодандыққа!
1020
- О, Сұлулық тұнған түр, қылыққа да!
Өтінемін: тұтқын ғып құлыптама?
Махаббатпен өртеме…өртелгенмін…
Мен отызда емеспін, қырықта да…
1021
Заманның тар ма сонша көші, легі?
Даналар неге өзара өшігеді?..
Ал Тарих оқып Заман шежіресін,
Қалдырса бірді, мыңды өшіреді…
1022
- Алдаспандай шарқ ұрып қан қылатын,
Болмаса бос сенделіп, қаңғып атың,
өтті ме өмір?.. Ей, бейбақ, өтеуіне
бар ма ырымға бірдемең қалдыратын?..
1023
Танығышпыз жақын мен алыстарды,
Айырғышпыз сүйем мен қарыстарды.
Бөрібасар деп қойып шәулімізді,
Майлыаяқ деп атаймыз арыстанды!..
1024
Қош айтып жастық-құсқа ұшқан алдай,
Сондағы көрген қызық-түс таралмай,
Жүргенде сен жолықтың!.. Мен хал кештім,
Шұғланы уысымда ұстағандай…
1025
Бұрын сөз жан күйдірсе шоқтай жанып,
Ар-намыс атысатын тоқтай қалып.
Ал қазір әз жүрекке еш қалқан жоқ,
Қарау сөз жарып жатыр оққа айналып!..
1026
- Әзілмен әдіптелсе жолы әрненің,
Өмір де, тірлігің де оңар дедің…
Тағдыр ғой… ол сәл күле қарағанда,
Мен нағыз езужимас болар ма едім…
1027
Десек те елміз - мына біз атақты, асқақ,
Өз ойың мен өз ойың шатақтаспақ:
неге мәзбіз жат жабы тыртаңына,
Төл тұлпарды тас қылып матап тастап?!
1028
- Ей, жарқыным, барасың не деп тегі?!..
Жақсы болсаң кім сені елетпеді?
Бар міндеті әлде елдің: сені өмірі,
Алақанға салуы керек пе еді?!
1029
Болмаса болашақсыз, соқыр жандар,
Сананың самаладай отын қамдар…
Ал, ертең қайтер екен қарабет боп,
Қыранын қуырып жеп отырғандар?
1030
Алла өмірді сыйлық қып ұстатарда,
Кең болғанмен бұ Жалған қысса - тар да.
Тойлаған көп сонда да тайраң қағып,
Ал мен кеппін бір қиын іссапарға…
1031
Тәубе Аллаға! Берді өмір - ең керекті,
Абыройдың – мың алғыс! – ел теңі етті.
Ал алақол фәни сәл еркелетсе,
Тек ата-анам арқылы еркелетті!
1032
Достарыңызбен бөлісу: |