Ақырғы актын ойнап қорымшылар…
1500
Күні ертең болу үшін ғажапстан,
Кемдік жоқ таза алтын, таза мыстан.
Кенделік – қу заманның аңқауы біз.
-Айла тап, айналайын Қазақстан!
ТӨРТІНШІ ДӘПТЕР
Жырым, сырым – екеуі егіздерім,
Екеуін екі бөліп емізбедім.
Жатсам-тұрсам мұң шағып дәптеріме,
Жабырқаған жаныма ем іздедім.
Мұқағали
1501
Мәз боп баққа, көгендеп есті іргеге,
Сырдың суын сирақпен кештім, деме.
Сенен де өткен талай зор болған ұмыт,
Керекпісің сен ертең?.. Ешкімге де.
1502
- Сұрап жатсам, О Алла, “несі, нені?..” -
Сенгендіктен деп өзің кешіреді.
Айтшы: арам құлыңның бір сөзімен,
Неге пәк құл тағдыры шешіледі?
1503
Кісі көрсем бейтаныс иманжүзді,
“Қасиетті, - деп, - кілең жиған ба ізгі?”
ойға кетем… Неге аз қазір мұндай?
Неге қысқан бұл ұлы сыйдан бізді?..
1504
Балалық, жастық, қарттық, - сатылаған
ғұмырым өтсе, қалар аты маған.
Ал заты еліктіріп келіп неге,
Қазандай сусыз отта шатынаған?
1505
Бірі болып жүрсем де жәй халықтың,
Заманаға тас түйін байланыппын!
Еріксіз боп сотсыз-ақ өткенім бе?..
Келер дейсің дүниеге айналып кім.
1506
Күрес дәйім күнеске ап шығар ма,
Қастық қылса қаскүнем бақ сынарда?
Алысуға аз жылды қайтіп қиям?!
Бір Аллаға, амал не, тапсырам да…
1507
Сөзді уәжге бір момын індетті ме?
Өйтсе құптап ойдан бір мін кетті де.
Ал сол момын болуға дуалы ауыз,
Биік мансап болуы міндетті ме?
1508
Әйелдің де, еркектің де көктемі бар, жазы бар,
Қоңыр күзден соң ақ кебін-ақ боран да азынар.
Біз нәпсінің құлы емес, патшасы да болайық,
Ал патшалық ләззатты жоқ қылса, кімнен ол айып?
1509
- Екеумізді еркін кезде ұғыстырмай, о Тағдыр,
Деп пе ек саған “жүректерді жұптастырмай от алдыр?!”
Енді біздің жолымыз тар қияметтің қылындай,
Айта аламыз емін-еркін махаббаттың жырын қай?!
1510
- Бар қылығың – құдырет неткен жаным,
Бой балқытып, жүректі еткен жалын!
Жер-жаһанда мен үшін сен-ақ барсың,
Мен өрттемін!.. Міне, осы жеткен халім.
1511
- Өзің кеттің, соңыңда сұрақ қалды:
неге арамыз, асылым, жырақталды?..
Мың түніме ұйқысыз өкінбес ем,
Сен көзбенен атырсаң бір-ақ таңды!
1512
- Асылым-ай, сен тегі нұрданбысың?!
Рас па осы көруім тұлғаңды шын?!..
Рас болса, дүниеге келмей жатып,
Сені күткен – алдыңда тұрған кісің!
1513
- Бұлбұлым болмасаң да бағымдағы,
Үніңнен жанда жалын ағындады!
Қалқам-ай, қайда жүр ең… О, не заман,
Мен де дәл өзіңдейді сағынғалы!
1514
Туған өзен ағады әлі асыға,
Сондағы ну сәмбі тал арасы да…
Өткен шаққа өтініш жолдай бердім:
“Келші, жаным, Таластың жағасына!”
1515
Ұялап ап, қайта ұшты жүректен кім?..
Қайсысынан сүріндім кіл өткелдің?..
Ойлап қап ем, о, Тәңір, ми айналды!
- Қойшы, бәрін!.. Кейін бір реттермін…
1516
Ей, кәпір! Алау-жалау шақтан астық,
Мен болсам жасамаппын аққа қастық.
Сен болсаң желбіреттің қара туды,
Ендігің… ақтығыма бақталастық?
1517
Арыз айт не жанды жеп тосын қайғы,
Істі айттың не – жоқ, жөнге қосылмайды.
Тек қоқаңдау! Әлде әккі дөкей біткен
ит орнына ұстай ма осындайды?
1518
Тез өтті-ау деп жүргенде көктеміміз,
Жаз тұрмақ тыпыршып тұр өткелі күз.
Дәурен-ай… бар тынғаны – кейінгінің
өтетін келешекке өткеліміз.
1519
- Жайсыздық жан-жағымды жайлады анық,
Білмеймін оңаламын қайда барып?!
- Ірісің… сыймайсың-ау ешқашанда,
Мінезі кеткен жұртқа майдаланып.
1520
Ол рас, өмір заңы қатал шығар…
Бәрібір қисынсыздық заты аршылар:
бекзаттық бетін басып бел асады,
Неге той жасайды өңкей бақалшылар?
1521
Қайран жұрт қорғаса ғой өз намысын!
Әлде ар-намыстың да тозғаны шын?..
Намыссыз, тілсіз, ділсіз құр далбаса,
Тарихтың түзеймін деу қозғалысын!
1522
- Келші, еркем! Түске айналды құшқан күнім,
Сол күнді аңсап жүрмін ұшқан мұңым.
Әттең-ай, сенде ерік жоқ кешіре гөр,
Сабырдан асып кетсе құштарлығым…
1523
Рас, рас ыстық та, сыз да өткені,
Сөйтсе де өмір нелерді іздетпеді?!
Ләззат тұнған шаттық шақ желге ұшқанша,
Өртенсе етті өкініш тізбектері!
1524
- Қу нәпсі ойды ораса – жан сауғала!
Басқа ойға айырбаста, сал саудаға.
Өйткені тояттан соң қалатыны –
Одан да зорын күн-түн аңсау ғана…
1525
- Алғашқы күннен бастап кірген есім,
Кездесті қадам бассам – бір бөгесін!..
Бәрінен өте білгін өжеттеніп! -
Басқаша, айтшы, саған кім не десін?!
1526
Міндет көп, қарыз да бар қайтаратын,
Ой да көп айтылмайтын, айта алатын…
Сонда орын фәни емес, тек пейіш пе,
Жан байғұс, бұйырса Алла, жай табатын?
1527
Жалғызы болдым жүре бір атаның,
Содан ба… саяқтықты ұнатамын.
Кей кезде демеу таппай торыққанда,
Өзімді “Алла ісін деп жұбатамын…”
1528
- Не келіп, не кетсе де мына басқа
жүрміз ғой… Сен де мұңды тұр, аласта!
Қапасыз қай адам бар?! Бәрі егілсе,
Жер шары тоқтай қалып жыламас па?!
1529
Біреуге ұнармын не ұнамаспын,
Өйткені мың жөн тауып, мың адастым.
Құрметтеп бетке айтқанды жек көрсем де,
Аярдан кеп тұрады тұра қашқым…
1530
- Сырыңа қандым, қалқам, бұл ақтарған:
самғаған, сан биікке құлапты арман!..
Сабыр ет! Бәрі орнына келеді әлі.
Жер де сан сілкініп ап тұрақталған…
1531
- Алдыңа келсе пенде кей қысылған,
Қарсы алғын ілтипатпен, ей, мұсылман!
“Адамды шафхат қана ап шығады,
Фәнилік, бақилық та, - дейді, - сыннан.”
1532
Бірімізді біріміз өскен біліп,
Мен құласам – “достар” бар бөскен күліп.
Көкірегімді тексеріп, тәубе қылдым:
Жиреніш бар, жоқ екен өшпенділік!
1533
Күнәні қанша қымтап жасырыңыз,
Бейкүнә бола алмаспыз, асылы, біз.
Жұмақтан кеткен Адам Хауаны ертіп,
Біз болсақ, сол жұбайлар нәсіліміз!
1534
Хақ өлім ерте яки кеш келеді,
О, да хақ: әкетпейсің ештеңені.
Ізгі бір із қалды ма тірлігіңнен?
Мақшарда, дейді, соны-ақ ескереді.
1535
Деместен “көрген михнат бастан асты!”
Өтерміз жалғауменен жасқа жасты…
Басқаны қайдам, өзім деп кетермін:
- Аман бол, Жер үсті мен Аспан асты!
1536
- Жылдар-ай, қайда кеттің буырқанған,
Жүректің желбіреткен туын таңнан?!
Бүгіннің мына үкімі соңғы үкім бе:
“Дәуренің өтті, кетті… Суын, тарлан!”
1537
- Жоқшылық жон арқамнан тілді мені!
Бейнеттен зейнет қайда?! Кім біледі?
- Береке беттемейді кей ауылға.
Аулыңның қандай еді дүмділері?..
1538
- Адал ем туғаннан-ақ мен анадан,
Бүгінде төмендейді неге бағам?
- Адалдың парқын білер бір білсе егер,
Өзі адал, ақынжанды кемел адам!
1539
Қу нәпсі талайлардың есін алған,
Қайтесің?.. Құлдарыңды кешір, Аллам.
Пәк күнде, бала күнде соны аңсап па?!..
Қор болды-ау мәкүрік боп есіл арман!
1540
Еш сырын білмеу Өмір түкпірінің…
Содан ба, неліктен көп күпті күнім?
Шырмалып шыға алмаймын өз ойымнан,
Мен, жалпы, өз өзімнің тұтқынымын.
1541
- Бес жыл бопты-ау, қалқам, сен өткелі де…
Нелер келіп, бұл бастан өтпеді не?!
Мен бір қалған жапанда жалғыз ағаш,
Жат қыс пен жаз, күз бенен көктемі де…
1542
Тірлікті ойлап алып, еппен кісі,
Атқарса әсте зая кеткен бе ісі.
Қойылса оларына сұрақ, нүкте,
Жан үшін керек, керек леп белгісі!
1543
- Туған жер, сенен таптым бар асылды,
Асылмен асау жылдар бақ асырды!
Қарызың қайтар, қайтпас… Тілей берем,
“Сау қыл, - деп, - Тараз бен Шу, Таласымды!”
1544
…Бұл қартты көрсем болды телмеңдеген,
Ұяттан бетім күйіп, мен жерге енем.
Жазықты өзі емес! Білем! Заман…
Жігіттің сұлтаны еді-ау ең “Мен!” деген!
1545
- Аурудың да дейміз ғой емі – ас, тамақ,
Осында да жұмбақ бар, кел, аш қарап:
аш жүргендер азды да місе тұтса,
Тойынғандар келеді неге ашқарақ?
1546
- Өткізбей кейде үміт сәулелерін,
Күйзелтіп, Тағдыр, қанша әуреледің!..
Әйтеуір, денім тетік, көңіл бүтін,
Көп көрме. Осыған да тәубе дедім.
1547
Бір анығы: Уақыт озады екен,
Адам тозбақ, ал жаһан тоза ма екен?
Тозған шарлар толтырса Кеңістікті,
Одан әрі оны Алла соза ма екен?
1548
Ал мына тост сұлулық құрметіне,
Сұлулықты әмбеге күнде тіле!
Бірақ… жұлқып жүру де әр жүректі,
Сұлулардың, құдай-ау, міндеті ме?
1549
- Бұл – керемет! Бір ұтса ірі ұтады,
Келмей қалса “дәу” ішін ұлытады!
- Ойбай, оның пара ғой! Әрі ол – отын,
Тасжүректің жүрегін жылытады.
1550
- Ей, тақпақшыл, тақ-тұққа кәнігі ақын!
Тие берме ұлының артына тым.
Өліде де намыс бар! Ал, сен өлсең –
Мұқағали емессің сағынатын.
1551
- Қане, шырақ, бәрін де таста, тыңда:
Данышпан да, патша да, хас батыр да
тізе бүккен заманға!.. Сен олардан
артықпысың?!.. “Қайтем?” деп бас қатырма.
1552
Бір ащы ойлар мендесе кейде мені,
Елестейді бетсіздер бейнелері!
Келбеті ме қоғамның сол жебірлер?
Әлде дақ па қоғамдық жейдедегі?
1553
Аярлықпен даңғаза сыйға алаңдап,
Қылт еткендер қап жатыр қиралаңдап…
Еркін бермес ешкімге ұлт Уақыт,
Бір иланса, тек Шынға илана алмақ!
1554
- Лас қала, келімсек көп, суық қала…
Қарашы, Ай да теріс туыпты ана!
Кетер ем!.. Әттең мұнда сен барсың ғой,
Сен мәңгі дей алмассың: “Жуықтама!”
1555
- Болсақ егер мен – шірік, сен де шірік,
Дей қоямыз неге оны “пендешілік?..”
Жалтарамыз жауаптан! Ойлаймыз ба:
қоя ма екен Құдай мен Ел кешіріп?
1556
Қиянатқа қанша рет төзбеп едім,
Көзден ұшты сонша рет көздегенім!..
Енді қайтіп, құдай-ау, өзгеремін,
Өмірім де жоқ қой, жоқ өзге менің?!
1557
Сорғалады, көзден жас сорғалады!
Шер жүректің дірілі, соңғы амалы…
Жылатуды білетін жәмиғаты,
Жылатпауды білмепті – сорлағаны!
1558
Тілеп кейде ақ қағаз, ұшқыр қалам,
Бір қиянда туады ой ұшқындаған!
Жазылуға жеткенде жалт береді,
Арман – ару секілді құштырмаған…
1559
Шығартып ап күндізге сілікпемді,
Тыншырмын деп түнге де іліккем-ді.
Бірақ түнде түспестен ертеңгі жүк,
Ойша тағы Тіршілік жіліктелді.
1560
- Қоя сап ұят пенен жөнді ысырып,
Жайғастың ұры қалтаң төрді ұсынып.
Кеткенде төрден кие, есік қайтпек?!..
Көнімпаз көген көздің көңлі сынық…
1561
Шын асылын алыстың санап жоққа,
Жасығы үшін жақынның жанады отқа!..
Шын даналық қыбласы – адал жүрек,
Арам жүрек ақылман дана боп па?!
1562
Сайысқа да сан түстім сайлана қап,
Жүрген кез де аз емес жайбарақат.
Бәрінде де жан тыншып, жай таппадым,
Бар ма өзі, Тәңір-ау, қайда рахат?..
1563
“Кім біліп жатыр дейсің іштегімді!”
Деуменен не сұмдықтар істелінді!
Осыдан ізгілігің іздеп інді,
Зұлымдық Жер-жаһанда күшке мінді!
1564
Тілесе “Шаттық бер, - деп, уа, маған!”
Қайғысын сол шаттықпен жуа ма адам?..
Көрген соң көп астарды көз шошынған,
Мен енді не нәрсеге қуана алам?..
1565
- Қой, қарағым, сабыр қыл, аһылама,
Тағдыр алмас қайғыны ақыға да.
Уайымнан табарың - өзіңдегі
сенім сөнер… болады ақыл ада…
1566
- Болмаса, болмай кетсін басқа шарам,
Өнерім болғанда ғой тас қашаған –
бейнеңді салар едім, мың жыл бойы,
түкірер етіп кәрі, жас та саған!..
1567
…Желмен билеп өзекте жұлқынып қау,
Ала шатыр аспанға тұр тігіп тау…
Жасты жанар шалмаса бұған дейін,
Енді қара, дүние құлпырыпты-ау!
1568
…Қарсы алса бозторғай ән салар таңын,
Күн де асығыс атойлап алар тағын!
Ақ селеумен желпініп манаурайды…
Сабырлысы-ай мына сал Сары Арқаның!
1569
Арамнан жиған бүкіл мал-мүлікті,
Біреуге бір қу тілді шал күліпті:
- Немене арам деген, білемісің?
Боп тұрмын білеріңе сәл күдікті…
1570
- Қаланың қамшысы да қатты өрілген,
Ол кезде, білем, саған бақ көрінген.
Шекеңе тиген жоқ па?.. Қайт, қарағым,
Айтады аулың сәлем ақ көңілден!
1571
Дертті болсам, білем ғой, дәрі барын,
Татып көрдім талайын, бәрі-бәрін…
Айықпадым!.. Сенерім – сен ғана, Үміт,
Жанға жарық бере гөр, сәруәрім!
1572
Алғыр еді жоққа да барға – қыран,
Жүйрік еді беретін алда қылаң.
Бірақ жұрты жатсынды… Құлап түсті,
Тәкаппарлық тауының салмағынан…
1573
…Әрең жеттім тау асып, шеттегі елге.
Тұнған байлық! Ешбір жан кетпеген де.
Ырыс сыры – іскерлік? Әлде… әлде,
Жалмауыздар аяғы жетпеген бе?..
1574
- Хабарыңды құдайдың күні күттім…
Серттеспеп пе ек… сен неге мұны ұмыттың?
Серттің соңы сергелдең болғаны ма?
Үні үміттің барады құмығып тым…
1575
Тараздың сағындым-ау тар көшесін!..
Жастық шақ сонда өтіп, алды есесін.
Арқада білмей жүрмін не дерімді,
Таразым “Енді өзімде қал!” десе шын…
1576
- Кел, құрбым, кел екеуміз сырласайық,
Жас күнде гүлін терген қырды асайық.
Толқытса еске түсіп тәтті сәттер,
Ешкім де… өткен үшін қылмас айып…
1577
Мойынын Азаттықтың жұлып алған,
Үш ғасыр тас төбеңде тұрып алған
Жаулықтың ең соры не? Ол… - көп қазақ!
Қазақ боп тек, әйтеуір, түрі қалған.
1578
“Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан…”
Сөз – сурет. Авторы – Абай. Жаттай жастан
өскенге көрінеді күздің бәрі,
Сол күздің баласындай ат байласқан.
1579
Қарсы алса кімдер құшақ жая қасты,
Жар салса “Бауырым!” деп аямасты,
Оңбастай опық жеген елі қор боп,
Жері сор, ар-намысы аяқасты!
1580
- Жасытар жасың түгіл кәріні де,
Өмірдің көп көрсетер жәбірі не?
Жәбірді жасап жүрген өзіміз ғой,
Біреудің біреу жетпей қадіріне.
1581
- Дәлелің қайсы Құдай елеріне,
Кепілдік беріп пе еді келеріңе?..
Жоқ қой, жоқ! Онда тулап ала тайдай,
Өмірге өкпелеудің керегі не…
1582
Ол екеуміз… қабыл боп бар тілегім,
Ойламай деп “бұл – басы, арты ненің?”
өткізе сап жұмақ сәт қайта аңсадық!..
- Шын ләззаттың, о, Аңсау, шарты ма едің?!
1583
Шартылдап жаңа әлгінде жат көрініп,
Бір қамшы жай отынан жатты өріліп…
Тырс еткен бір тамшы жоқ!.. Қалғаны ма
қаңсыған қазан – Аспан қақ бөлініп?
1584
Күзгі кеш… Оранғандай тылсымға маң…
Алтынмен Алатауды Күн сырлаған…
Қос төбе сарғаяды қомақтана,
Төсіндей жас жесірдің тырсылдаған…
1585
Біреу таудай байлығын қомсынады,
Біреу бір күлше нанын молсынады.
Нысап пенен бейнысап… Осы арадан
мүмкін пейіш, тозаққа жол шығады?..
1586
Екі иығын жұлып жеп жұлқынған да,
Қой аузынан шөп алмай құр тұрған да,
Қойындасқан қоғамға қона ма бақ?..
Қайдан шығар сілкініп ұмтылғанда?
1587
- Ажарыңның еш мін жоқ кезі екенін,
Біле тұра мұны мен сөз етемін:
Уәде естен шықса да ұмытпашы,
Әйел жазы қысқа әрі тез өтерін…
1588
- Жалпаң қақпай, дақ салмай намысыңа
көріп едің… Бағыңды тағы сына.
Ал “епті” өспек үздіксіз бір түскен соң,
Мансаптың гольфстрим ағысына.
1589
Бақ-дәулет дейтін зәулім келісті үйден,
Несібе әлеуметке тегіс тиген
кез қашан болып еді?!.. Болмаса, онда
Замандар бас киімін теріс киген!..
1590
Ұстадым ниет қылып оразаны,
Исламның қасиетті о да заңы.
- Өткенім үшін кешір, о, Жаратқан,
Ол – бізге кәпір таңған жол азабы!
1591
- Жетер, тілді беземе, желгізбе де,
Түс шайыссаң, дейді анау ел бізге не?..
Екеумізге, білмеймін, не жетпейді,
Мен жау іздеп жүргем жоқ. Сен де іздеме.
1592
- Адамдыққа әрдайым бейімдіктен,
Сізде бұрын кең еді бейіл, тіптен!
Қазір қалай, құдай-ау, өзгергенсіз?!..
Мына кеуде, шамасы, кейін біткен?
1593
Бүгінгі жастың жоқтай жөндірегі,
Кейбіреу кейде әрнені төндіреді.
Білмеймін. Білетінім: Құдай куә,
Біз өткен қайран жастық мөлдір еді!
1594
- Сенде мін жоқ! Бәрі де дұрыс, күнім!
Жұлдыздың да сыйлапты тым ыстығын.
Содан ба екен.. Оны өзің білесің бе:
алып жүрсің ағаңның тыныштығын?
1595
- Басқа шыққан балақтан бит бүгінгі -
Сенің күнәң демеймін иттігіңді!
Менің кінәм дос көрген көрінгенді!..
Болды енді, көлпалдау көңіл де өлді…
1596
…Айналам кіл найзатас мың ғасырлық,
Құлаған құз-қия ма, шың ба сырғып?..
Құтылсам деп түсімде жанталастым!..
Өңімде баттым түпсіз мұңға сұмдық…
1597
Ұятсыздық, данғойлық жүгі аздаған
артылса, сол салмақтан кім азбаған?!
Бала болып оңдырмай өз ұлтына,
Ата болуды ойлап жүр біраз надан!..
1598
Етуге жүйе, ұлық ұлтарағы,
Сан сынға салды өмірдің бұлталаңы!
Одан түк шықпаса да бұл Жалғанда
бет бар ма?! Діңкемізді құртады әлі…
1599
Бір күн кетсе жанымды жарық қылып,
Бір күн өтті қапа ғып, қамықтырып.
Неге бұлай дүние?.. Солай енді…
Басты ауыртпай бөлмеңе барып тынық…
1600
Заманның шаңы көміп шын асылды,
Жасықты жел көтеріп тым асырды!
Құдай-ау, мұнда қандай үйлесім бар?!..
Бұл қыры бұл заманның – күнә сынды.
1601
- Пір тұтып бастығыңды жүрсің ана,
Топас ол – ойша ойына бір сығала.
Сенбесең сөйлесіп көр: быды… быды…
Күштісі – астындағы күрсі ғана!
1602
Тіршіліктің басталған басы да – аңыз,
Адамзаттың жасаған жасы да – аңыз…
Бір алыстан жас дәурен сағымданса,
Айналды о да аңызға!.. Жасымаңыз.
1603
- Сезем, сені қартайтқан мезгіл емес,
Мезгіл бүйтіп кісіні езгілемес.
Дерт қой ескі! Іштен бір, тәуір шықса,
Соны құртпай тынбайтын ездік егес.
1604
- Жаның – жомарт, түсінген кеніш пе дер,
Биікте әрі жүретін періштелер.
Жалғыз сорың – жүрген соң жерде өзің,
Жердегіге жерің көп теріс келер…
1605
- Қалсам да өкініш жоқ бүгін кетіп,
Өмірді өткіздім-ақ дүрілдетіп!..
- Дүрілің дұрыс шығар… Бірақ, кетсең,
Бақидан жүрмесе ащы бір үн жетіп…
1606
- Сенің көзің – жүзімді жарық қылған,
Сенің сөзің – шаттыққа қарық қылған!
Бүгін, жаным, мен шексіз бақыттымын,
Кеше ғана мұңлық ем барып тұрған.
1607
Бала боп, кәдімгідей ес кіргенде,
“Адам бол!” деген сөз сан естілген де…
Қазір кей ересек те ескермейді,
Адамдық туралы ұғым ескірген бе?
1608
Не болған көңіліме? Зіл басқан ба-ай?..
Меңіреу Ай-жұлдызсыз түнгі аспандай…
Түн де өтер… тәңірлік нұр тарар жанға,
Иншалла, ол әйтеуір жүр ласталмай…
1609
Батыста басым бастан батыл аптық,
Қыңырлық қынға сыймай жатыр атқып!..
Ақырып қанша тұрмақ қыс ортасын,
Жыл басы деген бағзы ақымақтық?
1610
Қалдырып бар қызықты жаз бағына,
Салдырып сағыныштың саздарына,
Енді ыстық сәттерді емес, пешенеге
тек сырттай сырласуды жазғаны ма?!
1611
- Жайым жоқ бір біріңді шағыстырған:
жандары бастан басқа, алыс тұрған
сендерді қосты Тағдыр!.. Алдағы өмір –
аламан сор мен сорды жарыстырған…
1612
- Өңешпенен жалғанған жолы жалған,
Нәжіс еді-ау жалаға қолы малған!..
- Түрмеде жүретін-ақ… Заман басқа,
Ол сұмың… “демократ” болып алған!..
1613
Мейірленсе тасты да ерітеді,
Бейілденсе Жаһанды кеңітеді.
Сол бейілмен тамұқ та орнатады,
Адамзаттың немене кемі тегі?
1614
Жайына қап көп жиын, кеңестер де,
Егделіктің ермегі – елестер ме?..
Елестейді оралып тұңғиықтан,
Арулар да, онша ару еместер де…
1615
Көргелі бұл Өмірдің келіп ішін,
Жетерлік жеңісім жен жеңілісім.
Сені іздеп, сені таптым, сені сүйдім,
Сол менің бақытым һәм ең ұлы ісім!
1616
- Қолың лас. Ондай қолға алма Құран!
Жолың лас. Жеттің қайда?. Алда – тұман…
Жауыздар жарысында жүлде алушы ең,
Ертеңнің енші аларсың лағнатынан?..
1617
Білмейтін қай жерінде қаларымды
ғасырдан ала алам ба аларымды?..
Бұл енді маңызды емес… Ең тілерім:
“Жас ұрпақ, жайдары еткей заманыңды!”
1618
Тай тұяқтан ұшқан шаң бұйраланып,
Сан қызықты ауылда сыйлады анық…
Жас дәуреннің, шіркін-ай, біраз сыйын,
Сақтауға да болса ғой жинап алып!
1619
Осы дүние еді ғой күлімдеген,
Құбылардай құлқы еш білінбеген.
Қазір неге тым сұсты? Мен не жаздым?!
Қайта естірек шығармын бүгінде мен…
1620
Боз тұманды оятып ойпаттағы,
Күні кетті көктемнің ойнап тағы!
Дүркіретіп бір дүрмек келетіндей…
Көңіл содан басқаны ойлатпады.
1621
- Елдің бәрі сен итке өш дейсің бе?!
Бәдігіңнен болды ой мен төскей сірне.
Ақиретті ойласаң етті, антұрған,
Әлде Бақи жаққа сен көшпейсің бе?..
1622
- Есең болса менде, айым, алып тындың -
күткендеймін дәл мың жыл, зарықтырдың!..
Бар амалым – ең алғаш біз кездескен
саябаққа сандалып барып тұрмын…
1623
Ел азат, енді көңіл жасымас қып,
Жаңаша жап-жаңа бір ғасыр астық.
Үміт зор!.. Тек қоғамнан құрыса екен,
Біреуге біреу жаны ашымастық!
1624
Зорлығын бір халыққа бір халықтың,
тарих қып, қалай-қалай жүр танып кім?
Кешіру, көну ғана – ісі әлсіздің…
Бағасын, Алла, өзің бер бұл тамұқтың?
1625
- Қайғы-мұңда пана іздеп бұлқынатын,
Жауыз көрсе жоярдай жұлқынатын
Жүрегім, дос, сен жетсең – демалады!..
Кез де келер, әрине, шын тынатын…
1626
- Бұл өмірдің мәні не сен болмасаң?
Бұл әлемнің сәні не сен болмасаң?
Сен болмасаң бәрінен де безінер ем!
Сен қайтер ең, асылым, мен болмасам?
1627
Күн тамбай тұр... Беткейдің ауды раңы...
Дейміз қашан «Құдайдың жауды наны!»?..
Далада мұң... Қалада күнде мейрам!..
Мына ел неге мұншама даурығады?..
1628
- Қыс та кеп, мезгіл жетсе, ауысар күз,
Сөйтіп, дос, ұлы жолды тауысармыз…
Жасыма! Оған дейін әлі талай,
Ып-ыстық қуанышпен қауышармыз.
1629
Елді еміп ап, ерсініп желігетін,
Әр мықтыға әр жолмен телінетін,
Арамды ары қылсаң қыл, о Тәңірім,
Бұра көрме, әйтеуір, бері бетін!
1630
- Көп жүрдің көпшіліктің көз алдында,
Көп ісін істеу – ісі өзі ардың да.
Ар жүгі – Алла жүгі! Адалыңды айт:
Сен соған жанды аямай төзе алдың ба?..
1631
- Датым бар, ей, ағайын! Ұлы деген
ұлыңды жіберіп өз мұңыменен,
Бір жылы сөз айтуға жарамадың!..
Болады түсінуге мұны немен?
1632
Доспын деп, туыспын деп құры алдаған,
Білер ме бізге оларды кім арнаған?!
Дос болу – ісі ыстық жүректердің,
Туысқан, бауыр болу – бір Алладан…
1633
- Келген соң болмаса да келу арман,
Дүниеде күнде күтер шеру алдан.
Шегінбе өз шебіңді алмайынша,
Су емес сор кешсең де белуардан!
1634
Айбынып ай мен жылдан ентелейтін,
Егдемін десем еркем “Ерте!” дейтін.
- Құдай-ау, егде емей мен енді кіммін,
Алдымда қалмаса ешкім еркелейтін?!
1635
- Қиналсам түсіме, Анам, сен кіресің,
“Жөнделер бәрі әлі” деп сендіресің.
Тыншышы Мәңгі жайда?.. Көріп алдым,
Бұ жалған көрсетсе де енді несін!
1636
- Қарашы, қарын жапқан пішінді ана,
Туғандай тек жеп-ішу үшін ғана!
- Ол – біреудің қадірсіз асық еті,
Ал біреудің сен айтқан қасіреті!
1637
Түсімде бала күнім оралды да,
Жүр екем Баскөл менен Тораңғыда.
Шанаға жүзген артып, деймін: “Апа,
Біздің үй енді елемес боранды да…”
1638
Көргенде батар күннің қызарғанын,
Мұңаям бір батардай жүз арманым.
Арманға жету – қамал алғандай боп,
Қажыдым, көп қамалды бұза алмадым…
1639
- Мына Өмір аяз болып қақағанда,
Қадірлім, қасқая біл, қапаланба.
Бұ жалған жұмақ емес бұрыннан-ақ,
Аз ба еді көрген азап ата-анаң да?!
1640
Тәжіне бақытымның алмас етем,
Жүрегін жүрегімнің жалғасы етем,
Дегенім – далбаса екен!.. Енді ешкім,
Есіме оны ешқашан салмаса екен!..
1641
- Қош, қалқа!.. Жастық көші көшеді өрге,
Биіктеп, Алла жар боп өс өнерде!
Шомылып шұғылаңа жүрген жерің,
Гүл бітсін үйге, түзге, көшелерге!
1642
- Заманда деп жатпайтын “итім”, “кісім”,
Зая боп кетті бейнет, үйтілді ісің…
Берсеңші беретінді!.. Сонда, байғұс,
Сүйікті болмасаң да сүйкімдісің!
1643
- Жетелеп ап күндізгі түрлі үмітті,
Думандата, қарашы, түн кіріпті…
- Өмір қызық дейсің ғой… Ал, Өлім ше?
- Қорқынышты!.. Дегенмен, кім біліпті…
1644
Биіктеткен сананы бір сатыға
саңлақсыз бұл дүние – тұл сахна!
Қайта келу үшін зар болмақ па олар,
Тірілердің бүгінгі пұрсатына?!
1645
- Айтпашы сол иттердің жайын мүлде!..
Көңілім – олар үшін дайын мүрде.
Одан да айтшы ауылды?!.. Аман ба өзі,
Оранып тұрмаса да дәйім гүлге…
1646
- Адамшылық… Біл, шырақ, оның шартын:
сақта әрдайым ұлтыңның жолын, салтын.
Дәстүрінде қазақтың кең тыныс бар,
Тау самалы секілді қоңыр салқын!
1647
Бір сыр айтсам, оныма ел сенер ме:
көп ойлаймын керекті еңселі елге.
Қоя алмаймын десем де өзіме өзім:
“Ойлайтындар отыр ғой кеңселерде!..”
1648
- Қанша ойладым, ақылым ұғынбады:
Заман неге болады құбылмалы?!
- Ойламаушы ең заманды… Сен жөнінде
тұр-ау, сірә, бастығың құбылғалы!
1649
- Кең дүние кедейге жарасар ма,
Адам таппай қор болса қарасарға?!..
- Мұң-мұқтажды айтсаң айт ақкөңілге,
Арамға айтпа. Өлсең де аласарма!
1650
- Кісілікке келмепті-ау қалпың әлі!..
Көкірек бар… көзсіздеу, артық әрі.
Көрдің бе анау көлкіген көк өзенді?
Бұл күйінде тұрмайды. Тартылады…
1651
- Шындық дейсің… Киелі ол қызыл жалын,
Шарпып кетсе, шамданып қызынбағын.
Ал мен өзім оны айтып тапқан пайдам –
Құрметтілеу тізімнен сызылғамын.
1652
- Бұйырмай саған, сорлы, болмысы ақтың,
Нәпсі үшін әділ, адал жолды саттың!..
Кешер ем сені, жалпы сатқындықты,
Әттең, сен емессің ғой соңғы сатқын!
1653
- Көлденең келеді, - деп, - кіл бағыма?!
Қадірлім, қарауды айтып, тым налыма.
Төбе би бола алмайды төрешіктер,
Тұрмайды және олар тырнағыңа!
1654
Бердім бе дауысымды көп ірке мен,
Естімей заманалық көңіл керең,
Өтті өмір… Мейір қанар мезет бар ма?..
Жандаймын суда жүзіп шөліркеген…
1655
- О, заман, түлкі ме едің, тағы алдадың!
- Обал жоқ, сен тазы боп шала алмадың!
- Тазы да асыранды ит емес пе,
Ит болу болып па еді бар арманым?!..
1656
- Сен оны көргеннен-ақ күндеген ең…
Енді жөн тіс жармаған, үндемеген.
Ал анау жаңғыртса да жер-жаһанды,
Бола қал су қараңғы, мүлде керең!
1657
Аласартып барады тұрғысын Ай,
Ақ сәуленің ақырғы мұңдысын-ай!
Мұңды сәуле жұп-жұмсақ жүректегі,
дірілдетіп қояды қылды сынай…
1658
Таң атты. Шықты алтын Күн ол да асығып,
Тіршілік Уақытты қолбасы ғып,
Салды атой!.. Ақ көңілдің алдын орай,
Барады Аярлық та жолға шығып…
1659
- Хал сұрапсың… Жақсы емес жалтарған да…
Жаман емес жағдайым жалпы алғанда…
Мұқтажым бар, мұңым бар… Ал, мүкәмал?..
Айналмайды мен үшін қалта арманға!
1660
Пәрмен ап өре жетпес үстем заңнан,
Күйдірсе мына күйіп-пісіп жалған,
Сырты сыр берер-бермес сорлы Адамның,
Ол үшін ең тозағы – іштен жанған!
1661
- Сен келер деп көрінген жанға алақтап,
Отыр ем ғой, жеттің бе қанғалақтап!..
Қапалықтан құтқар, дос, құдай үшін,
Сені өтейін шыбын жан барда мақтап!
1662
- Боп бүгін мен ертеңнің арасы дау,
Дау ішінде дауасыз жан асырау,
Ылғи умен сусындау – бұл сұмдық қой!..
- Жасқаншақ боп, жарқыным, барасың-ау…
1663
- Азап аз ба көретін ер кісіге,
Ал солардың арғы емес, бергісі не?
- Жүрек лүпіл қақпауы алғаш рет,
Іңкәрінің сиқырлы белгісіне.
1664
- Мүрде болған мәңгілік үй-тұрағы,
Аруақты шақырма ұйқыдағы.
Мәмлеге кел өзді өзің. Бұл дүниенің
кеткендерге керексіз сиқы, лаңы!
1665
Бір топ бар түспейтін ел ақпарынан,
Соған сөз арналады, жатталып ән.
Жайсаңы жалғыз-ақ топ халықпыз ба?..
Қағаз да жауыр болды аттарынан…
1666
Жұртым деген ниетті қараласа,
Ұлтым деген жүректі жараласа –
Біреуге емес, халыққа қастандық қой!..
Қастандықты тыяр кім, қане, араша?
1667
- Сөз сөйлеуін қарашы, ары бардай!
Пара алады, алдайды… тағы қандай…
- Жөнге оларды бір салса сен салар ең,
Әттең, қалған жансың ғой бағы жанбай…
1668
- Шала азат, шала тілді, шала иманды…
Басқа не бізге сонша дари қалды?!
- Білмедім… Білетінім – жарлы боп-ақ,
Қоймаймыз астамдарға далиғанды!
1669
Ғарышта жолмен Алла анықтаған,
Жер дейтін нән кемемен қалықтаған
жұрттардың жаны неге бөлек-бөлек?..
Мақсат па опат болу қалып қаран?!
1670
Төр берердей адалға ақылы бар
Заман десем, жатыр ғой атылып Ар!
Ал арсыздық ап жатса алтын тақты,
Бізге қоға жетеді жапырылар!
1671
Әлбетте, Ажал жетсе жан шығады,
Қимас көз ыстық жасқа малшынады…
Тек сұрақ: оның сөлі кімге керек,
Жан неге тірлігіңде жаншылады?
1672
- Бір ағаңыз зейнеткер бопты асыға…
Көп достары ұмытты, жоқ қасы да.
Еңіреген елім деп есіл ерің,
Керек екен… керек тек отбасына…
1673
Зұлымдық біткен былай, жолай қалып,
Адамға Адам болу оңайланып,
Бұ Жалған жақсарғанша, біз пақырың,
Шығармыз о Дүниені он айналып!
1674
- Шындықты айттым. Сен оған келіспедің.
Бастан аяқ кеп тұрды терістегің…
Мені қойшы… Ал, шындық – алмас түбі
талай көздің сылиды теріскенін!
1675
Қара жол ғой баяғы ауылдағы,
Секілденіп жолдың ең “бауырмалы”
сағынтады… Ал, қазір тас қапталған
жолдан көңіл біртүрлі ауырлады…
1676
- И-иә… сен жар қадірін білмеуші едің,
Марқұмды кейде аямай, тілдеуші едің…
Қалдың-ау табасына күншілердің,
Барда ерің көзге оларды ілмеуші едің…
1677
Біреулер қойса әкесін малып құтқа,
Мен көргем жоқ оны ешбір қарық қып та.
Артында тоғыз жасар жалғыз ұл қап,
Үміт пен уайым кетті-ау жарықтықта…
1678
- Семіз қаздай жұп-жуан топшылары,
Сөзге сенсең, елдің шын жоқшылары!
- Аштан ақыл сұрама деседағы,
Тойынғандар тоғышар боп шығады.
1679
- Деуші едім сені дана, дара батыр,
Таймайтын боп кетсе де заманақыр.
Жоқ, тайдың тар өткелде бас қамымен!
Құныңды айт!.. Енді мүмкін… қара бақыр?
1680
Шұғласын ұзын-ұзын Ғарышқа атып,
Күн туды! Не әкелді?.. Таныс татып.
Анығы – Бақи жақты жақындатты,
Бір күнге Фәниіңді алыстатып…
1681
Қақсап тұр: “Бұл дүниеден қажетті ала,
Іш те же! Мол болса – оны аз ет, тала!..”
Бұл итке мына жаһан болыпты-ау тек
асхана әрі… әрине, әжетхана!
1682
- Тату еңдер туғандай бір анадан,
Енді араңды не бәле сыналаған?..
Екеуіңнің бастарың сыймайтындай,
Қазан ба екен, қарашы, мына Ғалам!
1683
Келгендей бірден еңбек еткелі біз,
Сыбансақ аз ба, көп пе жеткеніміз?..
Анығы – адал болдық бар парызға!
Үйреткен еді-ау солай мектебіміз…
1684
Кім бұларды аспаннан құлаттырған,
Тырс-тырсынан түнімен құлақ тұнған?..
Әлде тамшы – қуаныш хабаршысы,
Кіруге үйге рұқсат сұрап тұрған?
1685
- Қадам басса адамнан қалыспайды із,
Сезем: із де, біз де ертең алыстаймыз.
Жеткізбеші… әлі де бір кеш бар ғой…
деуге кейін: “Құдай-ау, таныс қай қыз?”
1686
- Жөн сұрадың – қазақы ауылданмын,
Денсаулығым? Ұлтым деп ауырғанмын.
Ел бірлігі?... Онда мен – Төле бимін.
Ел намысы… Онда мен – Бауыржанмын!
1687
- Сағындым! Сәулем, оны сезесің бе?..
“Күтіңіз” деген жалғыз сөз есімде.
Күтемін, тіпті, соңғы демге дейін,
Ал өзің күттіруге төзесің бе?
1688
Өз өзін өліп-өшіп дәріптеген,
Кездесіп қап “мырза” әрі ғаріппенен,
Сөйлессем – бір әріп те білмейді екен,
Адамдық әдеп жайлы әліппеден!
1689
- Күн-түні дәулет жию жайын аңдып,
Тегінде дұрыс шығар байығандық?
- Дұрыс қой… байлық егер тапса адамын,
Таппаса тарайды одан хайуандық!
1690
Көрген сайын бір сұмдық бір дір еткен,
Қалды ма екен сау тамтық бұл жүректен?..
Жаратқанға таңданам, берік етпей,
Неге нәзік қып оны үлбіреткен?
1691
- Жау көріп Шындықты айтып сынағанды,
Қаңғытып жіберіп ең бір ағаңды…
Күн енді шыққандай ғой, Шын-шығыстан,
Аларсың аман болсаң сыбағаңды!
1692
- Болатын қоғам жайлы әлгі үмітке
шын тірек - әділетке әл кіріп пе?
- Кірмесе, кіреді ғой, ей, ағасы!..
- Немене, келіп пе ем мен мәңгілікке?!..
1693
Бастан-ақ дүние-дүрмек тіліне ермей,
Бақытқа өз бетімше-ақ ілігердей
болсам да болдыртты әбден қу тіршілік,
Жөніне бірі келсе, бірі келмей!..
1694
Өмір-теңіз толқиды тыншып тұрмай…
Біз байғұсты батырмай, тұншықтырмай,
Тау тұрса да толқыннан дауылдарда,
Алла жарқын жағаға бір шықтырғай!
1695
- Жанның да өз бұлжымас заңдары бар,
Жаниесі, әуелден аңғарып ал:
Жамандықтан – жансарай тас қараңғы,
Жақсылықтан жарқырап шам жағылар!
1696
- Бір іске о бастан ел оң қараған,
Кіріссем?.. Мен үшін ол – соңғы аламан…
- Кіріскін. Ақыл-ойдың кені басың,
Онымен о Дүниеде неғыласың…
1697
- Сүреңсіз, бір бітпейтін типың о бір…
Ду-думан, ләззат толы бипыл өмір… -
Осыңмен бір түңілтіп, бір үңілткен,
Дауа жоқ шығар саған, сиқыр Өмір!
1698
- Біреудің ұрлап алып бастан бағын,
Алаяқ, аз ғана жыл аспандадың…
Аңқау жұрт алтын белгі қойсын кейін,
Бәрібір қарғыс болар жастанғаның!
1699
- Бірге өткізген күн-түндер сақталғанда,
Ең болмаса біреуін ап қалғанда!
Әттең, әттең!.. Асылым, неткен тәтті ең!
Айналдың ғой енді ең тәтті арманға…
1700
- Оған дау жоқ, саф алтын бүгін мұның!..
Ал енді алтын екен деп бұрылды кім?..
Алтынды алтын деу үшін алтын бергін!..
Әй, осы адамдары-ай бұрынғының…
1701
- Сөзбен салған суретін замандардың,
Кестелеген кескінін адамдардың,
Қазақы эпос сыймайтын Луврларға,
Кенепте емес, ауызда аман қалдың!
1702
- Қарашы, Ай жасалғандай сары мыстан!
- Ол Күннің сәулесі ғой шағылысқан.
Ар жағы тас қараңғы, сұмдық суық,
Өмір де тұрмай ма сор, бақ – ырыстан…
1703
- Басшылықтан әйелдер жырақ қалып,
Азғантайы-ақ ондайды жүр атқарып.
- Аз болып па үйдегі өкіметтік?!..
Қос өкімет тұрмайды тұрақталып.
1704
“Ежелден елге мәлім есімім” деп,
“Сондықтан ел үстінен несібім” деп,
Өмірі бірді берсе, мыңды алған,
Бұл қудың мына жұртқа несі міндет?!
1705
- Ғашық боп Жерге, Көкке, бұл Өмірге,
Ғашықтық айналып ап үдеп үнге,
Әлемге жар салсам да, қандай ғажап,
Тұруым тек сенің-ақ жүрегіңде!
1706
- Қуат кеміп, көзден нұр сөне ме дер
кезде келсе, немді алар шөберелер?
- Асыл мұра – Атаның ардақты аты,
Солай етіп қалдырсаң – соны егелер.
1707
- Жанын былғап антұрған сатты алтынға,
Сайтан сауда мың күнә жатты артында!
- Аманатқа алғанда таза жанды,
Қай қаскүнем қайтармақ пәк қалпында?!
1708
- Шыдамастан екпінге ай жарысқан,
Шығып жатса көп қызық айналыстан,
Жастығымды сағынам, сен арқылы!
Ал жастықпен бар өмір байланысқан…
1709
“Кеспесем келешегін еш пенденің,
Бермей өз сыбағамды не істер?!” дедім…
Енді ойға қалып жүрмін: “Мына Өмірге
тым ерте немесе тым кеш келгемін..”
1710
- Бұл сөздер оттай жанып, жатты өріле,
Жазшы оны, айым, қойын дәптеріңе:
тасырға қосқан тағдыр – мұңың мәңгі,
Мен сенің мәңгі өртенем әттеңіңе!..
1711
Құрбан ғып жас шыршаны қырқып әрі,
Шампанмен “Жаңа жыл!” деп қыртып әлі,
Қаңтарда қанша адамзат қыңырайсын,
Бәрібір Наурыз жылда Жыл туады!
1712
Бір Ғалам ашылып жыл, айында ма,
Жаңалық боп жатсын ой, пайымда да,
Бәрібір шегі болмас Шексіздіктің,
Жетсек те біз қиямет-қайымға да!
1713
- Тегің кім, айтшы!.. Емес бұл тар ұғым,
Өйткені текпен келер кіл тағылым.
- Нағашым – керей. Мүмкін хан Тұғырұл?..
Ата жұрт – Бәйдібек би ұрпағымын!
1714
Пысылдап ұйықтап жатыр қошақаным,
Бүгінде ең ет жақын досы атаның…
- О, Алла, болсын жайлы өз кешім мен
ататын бұл арқылы қоса таңым!
1715
- Мен жалалы болғанда қуандыңдар,
Бәлелінің бар сөзін құп алдыңдар.
Енді жанып тұрсыңдар сендер отта!
Қуанам ба?.. Жөн айтар бұған кім бар?
1716
Назерке жас күндегі желіктердей,
Көп қызық бізден мүлде жеріп, келмей
қояр деп ойлап па едік… Әттең, бәрін
бар жасқа қойғанда ғой бөліп теңдей!
1717
Болу үшін ең құрыса бір күн ие,
Бейіл бетке жағуға күлді күйе!
Өстіп естен естіні таңдырардай,
Неткен сиқыр билік пен қу дүние!
1718
“Осы болар бұйрығы Жаратқанның”,
деумен жасып мен, рас, жадап қалдым…
Жаңылыппын! Таймапты бастан бағым,
Өзің барсың!.. Көр, міне, қанаттандым!
1719
- Қызметің – отағасы, үй тірегі,
Көрінер күнде тұрмыс күйкі реңі.
Әйтсе де болғын аулақ әулекіден,
Сенсіз де керуен көшіп, ит үреді…
1720
- Жаныңда жастық жалын мол тұсында,
Алау бол дәуіріңе! Бол, қысылма.
Ал кейін тағдыр саған не береді?
“Тәубе” де не берсе де. Олқысынба.
1721
- Зулап жатыр Уақыт! Қарасаңшы?..
Шалқиық та! Шалқуға жарасаңшы…
Өйте алмасаң болмайын әрі-сәрі,
Жанға жаңа, өтінем, жара салшы?!
1722
Кісілікке келмейтін, ісі, реңі,
Кейбір итке кім ықылас түсіреді?
Бишігештер көздерін шел басқан ба?..
Бұлар нені, құдай-ау, түсінеді?!
1723
Баста көптің бірі боп көктегенсің,
Бар жақсылық болса екен көпке дерсің…
Ал сол көбің ойлай ма көсегеңді?
Өйтпесе оған қалайша өкпелерсің?!
1724
- Кейде шуақ, кейде бұлт – қапа көңіл,
Солай өтіп, қарағым, жатады өмір…
Дүниенің кей тұсы – гүлжазира,
Кейбір жері – қу тақыр. Қатар өңір…
1725
- Ақырет-ау жықтырмау намысыңды!
Намыс үшін қаншаның бағы сынды?!
Адамилық шығады намысшылдан,
Намысшылдан ізде, жұрт, арысыңды!
1726
Мүкәмал жанға серік бола алмайды,
Сондықтан тауып жүрме одан қайғы.
Жаныңның шырақшысы – ұятты ойла,
Бір кеткен бетке ұят оралмайды!..
1727
- Қастығының қайтарар қарымтасын,
Бір сен деуші ем пір атқыр залым қасым!
Сәлем бердің кішіріп. Кештім бәрін…
Болды енді, Тәңірім жарылқасын!
1728
- Асып жүріп амалдап шын бағаңнан,
Нең қалды енді алатын бұл ғаламнан?!
Шықса мүйіз шығар-ау дәл сен сұмға,
Аймандай ғып адалды былғағаннан!
1729
- Мына Өмірден жүрмегін қаймығып тым,
Ғұмыр көшін түземек қайғырып кім?!
Саған бұлай, қарағым, деп тұрмын ғой,
Бірақ өзім бәрінен… шайлығыппын…
1730
- Көндім Тағдыр… Отыңа пісіре бер,
Жайға сая енді тек түсіме енер…
Түсініксіз болдым ба?.. О, қасырет!
Үмітім сен, келешек! Түсіне гөр!
1731
- Онын соғып, соғылсам бір езіңнен,
Таптым бәрін, ағайын, мінезімнен.
Ал, мінезсіз?.. Құдай-ау, демей ме жұрт:
“Ер қазақтың тұқымы – кіл езілген!”
1732
- Орындалса оның бар тілегені,
Жеткізуші – шарболат жігері еді…
- Кейде солай… Ал, Өмір көбіне көп,
Қорғасындай қорытып жібереді!
1733
Ар жағын Алла қалай шешетінін
білмейміз, тапты бейбақ кеше тыным…
Мақшарда өзін қалай ұстар екен,
Қулықтың білуші еді неше түрін?
1734
- Құдай саған қимапты-ау ірілікті!
Таба қойдың бір сылтау, бір ілікті…
Үлкен мансап, ұсақ жан… О, заман-ай,
Сорымызға бұлар да бірігіпті…
1735
Жер-бесікте жарығым тербелгелі,
Тұңғыш рет түсімде “кел, кел…” деді.
Бұл не сонда, о, Тәңір?.. Қос Дүниеде
қос сағыныш осы ма теңделгені?
1736
- Жарытып бермесе де түк еңбегің,
Пірәдар, қабағыңды аш, түнермегің.
Жүнжісең жүн қылатын жұқсыздарға,
Сыр берме! “Төрт құбылам түгел” дегін.
1737
- Жүзіқара! Талайды еңсеріп ең,
Дайынбысың?.. Шайқасам мен сенімен!
Тарт сазайды Шындыққа суарылған
Әділеттің алаулы семсерінен!
1738
…Ортасы болып қапты-ау бүгін айдың!..
(Уақтында тоқтау бар ма бұ Құдайдың).
Суретін салып біте алар ма екем,
Сынаптай сырғып тұрған сұмырайдың?!
1739
Жас ұлғайып шығып ем алып тыныс,
Зейнеткерлік екен беймәлім, тың “іс”.
Кем-кетік көп… Әйтсе де бір ғажабы –
Керегім жоқ ешкімге, жаным тыныш…
1740
- Қандендерді қара, дос!.. Қара, тағы
қаптап кетті, балтырды қанатады!..
Ірілерді талау – салт. Таланумен
сен кетсең де сен үшін таң атады!
1741
- Тек жақсылық сізге де – о, тілерім!
Бар болса да, әрине, өкінерім:
бәлелікті біржола тастаңызшы?..
Көңілге ауыр алмаңыз - өтінемін.
1742
- Қайда жүрсе, құрметтің сыйын терген,
“Бұл – жұмақ!” дер әркім-ақ үйін көрген!..
- Мен де алғаш қызыққам салтанатқа,
Салттарынан соңында… жиіркенгем!
1743
Патша өлсе, енді атымен қала атауды
шешеді өз елінде шара – қаулы.
Ал адам жанын жырлап өтсе Ақын,
Жаһанда жатырқамас жан атаулы!
1744
Тестіге бір сауалды өткіз дейді,
Мәтінін оның былай деп тіз дейді:
“Мықтының босағасын жанамайтын
түзу жол неге ешқайда жеткізбейді?”
1745
- Ауылымды айтпап па ем мақтан қылып,
Таңын қара, келеді ақ таң күліп!..
Қысқа ұсынып алғашқы бәйшешегін,
Ақсақалын Көктем тұр аттандырып…
1746
- Түссе де талай-талай жаным сынға,
Кетпепті тәубе, тәубе салым суға…
Қайда да қайрат берген, қайран арман,
Сен қазір жалынсың ба, сағымсың ба?
1747
Жетпіс асып, сексенге келсе де енді,
Жағалап жүр жанығып кеңселерді.
Өз сақалын өз басы сыйламастан,
Құлжыңдайды бір ұлық берсе белгі…
1748
Кездестік!.. “Енді бізді ая, Жалған?!
Қанатын қандай күндер жаяды алдан?..”
- Гүл жүзде сан жыл ізі сайраса да,
Сен әлі аяулысың, баяғы арман!..
1749
- Армысың, әз Таласым, жарықтығым!
Сол баяғы арының, қалыпты үнің.
Танба осыңнан!.. Мен болсам сенше толқып,
Мезгіл жетсе жатармын алып тыным.
1750
Көз шошырлық кепиет түріндегі –
Бұл бейбақтың бәрінен түңілгені?..
Түңілудің түбірі не болды екен?
Ойламау ма алды-артын күнілгері?
1751
Не болдық бұл?!.. Таныс та, сәл таныс та,
Бір түкіріп қолында бар табысқа,
Кіріп кеткен “Байлық пен Билік” дейтін,
Қан ақпаса. Ар аққан арпалысқа!
1752
- Таймасын десең, ұлық, бастан бағым,
Басарда жаңа күннің баспалдағын,
Көре біл көген көздің санасында,
Жаңару құйындары басталғанын!
1753
- Жөн сұрадың… Өзімді Ақын демен,
“Азамат-ау” дегенге жақын келем…
Ал, арманым – фәниді ұғып кету,
Толқын жүрек, толымды ақылменен.
1754
- Салып кетсем, ағайын, кейде сүрең,
“Алға шықты, - демеңдер, - әй, несімен?!”
Озбасам да, омалып қалмау мақсат,
Шыншылдықтың шындауыл бәйгесінен!
1755
- Тарлан тарих – Таразым, амансың ба!
Келді ұлың, қайтадан қанар сырға.
Құт мекенім, сен әрі екі мың жыл
тұңғиығын көрсетер жанарсың да!
1756
Таратып таусылмастай несібені,
Таластың толқындары есіледі…
- Бармысың бұ жалғанда, аяулым-ау,
Кездескен жаға мынау… бесін еді…
1757
Жатса да жанды шаншып жәбір-жапаң,
Өкпелей алмай қойдым, жарық Жаһан!
Бізге ерік бермеген-ау о бастан-ақ,
Тағдыр деп не берсең де алып жатам…
1758
- Қарағым, қандай ғажап оралыңыз!
Жазда бір жайнайық та!.. Болады күз…
Арғысын несіне айтам… Бұл Дүниенің
келмейтін қайта айналып қонағымыз…
1759
- Жарқыным, жарлымыз деп налымайық,
Болған жоқ көрер қызық әлі ғайып.
Күндіз-түн дүние бөліп ырылдасқан,
Иттердің қайсысы жүр жаны байып?!
1760
- Қойшы сол саясатты! Талдамағын,
Одан да бір сұлу ән сал, қарағым.
Толқытса ән сүп-сүйкімді Уақыт та,
Тонауға келген ғұмыр тал-дарағын.
1761
- Тарай ма деп жүргенде ғашықтан нұр,
Қойыпты бір қиямет ашып Тағдыр…
Бәрібір сені табам! Тек өтінем:
есігін жүрегіңнің ашық қалдыр?
1762
- Өртесе бүгінің мен кешелерің,
Өксіме деп “Өзге өмір кешер едім!..”
Үміт ет бір Алладан… Көздің жасы
жазуын өшірмейді пешененің.
1763
Түк бітпей қойды-ау!.. Бар ма бұған айла?..
Соны ойлап күңіренген ұлы Абай да…
Әйтсе де Абайлардың арқасы ғой,
Әйтпесе Сана аспаны құламай ма.
1764
- Көзіңде мұң қалыпты-ау тұрақталып,
Жеңілдерсің, айтшы бір сыр ақтарып?
- Айтсам, аға, ашылып ескі жара,
Жүрсем қайттім біржола құлап қалып?!
1765
Сырласым боп Таластың тоғайлары,
Өтіп жатыр өмірдің көп айлары.
Көктемде кеп қысқа да жеттім, міне,
Есіркеп тұр Уақыт… Тонайды әрі…
1766
- Тартпасам да Өмірдің өріне тік,
Алға басқан адымым кері кетіп
жатса, бұған, Құдай-ау, қайтіп төзем,
Жараттың ба төзімді, берік етіп?
1767
Қарасаң шын дананың базбір кейпін,
Белгі жоқ “өз-өзіме мәз” дейтін.
Жанына не зор келген кеудемсоқтың?
Кем соқпау мақсаты ма мәжбүрлейтін?..
1768
- Бар, сөзің, - бәле-жала, кіл құйыннан,
“Солай ет!” деп сен итке кім бұйырған?!
Жақсы сөз қалса қалар… Ал, қабырда,
Арса-арса ауыздарға құм құйылған.
1769
Сол дей ме өздерінен тосқан бағам,
“Жүз жаса!” деді тойда достар маған.
Жүзі не… кеткеннен соң… Бір жақсысы –
Бұ Жалған кім кетсе де бос қалмаған…
1770
Үмітімді мүттәйім біреу кесті!
Білмейтін жұрт “Бұл неге жүдеу?” десті.
Таңырқайды… Ойда жоқ жанға үңіл,
Қойшы бәрін! Таппаспын тілеулесті…
1771
Мына Жаһан – пейіштің жасыл бағы,
Әрбір күнің – бақытың басыңдағы.
Сияқты еді-ау жас күнде!.. Енді сұрқай…
Неге?.. Мүмкін, бұл көздің ашылғаны?
1772
- О, Жасаған, Жер-жаһан сілкінбесін.
Шығарарсың осындай мүмкін кесім?
Құлдарыңның күнәсі болса да ауыр,
Қолыңда ғой кіргізу бір күнде есін…
1773
Жердің біз жатамыз ғой төліне де,
Көз жұмсақ, Жерге сіңер өлі дене.
Ал қалай қия аламыз көк Аспанды,
Ай, жұлдыз жербесіктен көріне ме?..
1774
- Көп қой, көп екі дүние сұрақтары!
Ең зоры: Адамдықты кім ақтады?
Адалмын десем, куә боламысың…
Аспанның Алла жаққан шырақтары?
1775
Мыртық бой, местей қарын… - түрі оның да!
Көк жалау үстелінің тұр оңында.
Ал, ойы – қарын, қалта… тағы қалта!
Кім қойған бұл нәжісті бұл орынға?
1776
Білмеймін, түсінбеймін – көңіл алаң!
Тынши ма жалғыздықта өмірі адам?..
“Адамның дәрісі – адам…” Қайтер екем,
Сырлассам перизатпен өңі ұнаған?
1777
- Сен наздансаң – мен іштей “жаным” деппін,
Қашанғы енді?.. Ағаңды барыңда өпкін,
Кейін кеш боп, өкініш өртемей ме,
Таба алмасаң ішінен қалың көптің…
1778
- Талаған бірді, мыңды, жүзмыңдарды,
Қайтесің, о, Жасаған, құзғындарды?
Мәңгіге өсіте ме?.. Ал, сен үшін,
Түк те емес дейтініміз біздің мәңгі…
1779
Аңқау едім мен неткен!.. Көп сеніппін,
Жоқтығын да білмеппін жоқ серіктің.
Тістегенмен бармақты тыншымадым,
Алар екен шын досым боп сөгіп кім?
1780
- Сенің жүзің, мүсінің… бұл – не ғажап?!
Ғажапты аңсау, армандау… - күндегі азап.
Ойланшы, айым… сендік жаз ортайыпты,
Ал менікі қалып тұр мүлдем аз-ақ…
1781
- Бәрі бар ғой, кейбірін… былай да алдың,
Несіне енді, жарығым, жылай қалдың?
- Сыртын сүю, білші, аға, ішті ұқпау -
Тозағы екен біздей көп жұбайлардың!
1782
- Сөйлесіп ем, таныс қой жастан маған!..
Қорлық сөзін, қарашы, астарлаған!
- Өз көңліңді қорлаған – мына өзіңсің,
Нең бар еді наданмен аспандаған?!
1783
Бермесе де қақ төрін шайтанға анық,
Заман бара жатқандай сайқалданып.
Жәлдеп, жәлеп, жебірлер… мәз-мейрам боп,
Талайымыз отырмыз жәй таң қалып…
1784
- Ей, Өмір! Тастап әдеп, төзімді енді,
Сұрайтын сенен қатаң кезім келді.
Орнына у толтырып, неге ұрладың
тәтті әрі ыстық толқын сезімдерді?
1785
Кім айтты жаралды деп жаңа Жалған,
“Әділет!” дейтін мәңгі қалады арман.
Тұсаулы тұлпар әлі жұртта тұрса,
Есектер алтын артқан қамал алған!
1786
Тоғыстыра алмастан ғасырларды,
Ескісінде, о, қанша асыл қалды?
Жаңасына асқандар еске ала ма,
Адамдықты бір белге асырғанды?
1787
- Бетіңе айтам: сен - бастан арам жансың,
Арамдықпен адалға жамалғансың.
Атын алып Адамның арын сатқан –
Жоғал!.. Мейлі, тағы да жамандарсың!..
1788
- Неліктен дана, атаулы үндес болған?
Неліктен надан біткен күндес болған?..
- Жөн шығар бұл сұраққа былай келу:
Қайсысы не көздеген, кімге ес болған?..
1789
Білгізбес күн-түні Жер шары айналып,
Бақиға жеткенімді қалай барып.
Ар жағы жарық па әлде қараңғы ма?..
Бәлкім, бір жырым тұрар арайланып?..
1790
- Баласы бір билікке өтіп еді,
Қоса өсті әкесінің көкірегі!
- Өсірген – жағымпаздың жалпаңы да,
Байғұс шал… түптің түбі өкінеді…
1791
- Тым жақсы боп, қарағым, барасың-ау…
Ал жақсы мен жаманның арасы – дау!
Жаман шалмай аяқтан тұра алмайды,
Мақсаты бар оның да: жан асырау…
1792
Уақыт: “Енді түнде ентелеуді үз!” –
десе де біз, еркектер, еркелеуміз.
- Бар тілек: Бізді сүйген аруларға,
О, Тәңір, келмесінші ертелеу күз?!
1793
Түс көрдім… Түсімді айтсам – мақтану ма?..
Бірақ бір уәжім бар ақталуға:
өңінде қуанышты ұмытқанға,
Бір рахат екен түсте шаттану да!
1794
- Көргем жоқ өз әкемнен кісіні асқан,
Қазына – кітап еді-ау ішін ашсаң!
- Сен өзің… Соңғы шанс – ашуды ойла,
Марқұммен Бақи жақта ұшырассаң…
1795
- Әділдіктің ауылы алыс әлі,
Сені атаса – жақтары қарысады!..
- Мені қойшы… Қызығы – атақ үшін
өңшең мәстек өзді-өзі алысады!
1796
- Салғыласқан саяси жалғандарды,
Аяқасты етілген армандарды,
Удай қылып жазыпсың… Қапың жоқ па?
- Оның бәрі… өзіме арналған-ды.
1797
Қарсы ап жүріп Таластың құба таңын,
Құстар әнін тыңдауды ұнатамын.
Ол ұласып “Махаббат валісіне”,
Жылатамын жүректі, жұбатамын…
1798
- Сөз сөйлепсің, имансыз, қай күні өткен,
Мына ел үшін алғандай Айды көктен.
Бола қапсың аңқауға ақтан сопы,
Ат үстінде сен жұртқа жайлы боп па ең?!
1799
Қызық-ау! Кей күніне симайды адам!
Сондайда ақ қағазды шимайлағам.
Шимаймен симас күнге қош айтсам да,
Ертеңге кешегімді қимай барам…
1800
Шырылдатқан дәл соған бола жанды,
Туған жерге оралу?.. О да заңды.
Енді пейіш – Тараздан шығармаса-ау,
Алмаменен ашсам да оразамды?
1801
У мен зәһар ішкізген енесіне,
Не күтпексің келіннен келесіде?..
Ал ол өзі Алладан не күтеді?
Оған да Алла бірдеңе бересі ме?!
1802
Ойламан “ұнар ма, - деп, - елге осыным?”
Өйткені елдің құлы, ел досымын.
Ел деуден танар болсам – аруағы атсын,
Жетінші атам менің – Ер Қосының!
1803
- Дүние дауылдатса – үйді ықтама!
Жайнаса - өткенді ойлап шилықпа да.
Жарқырап жылы қара жәмиғатқа…
Асылы, аз күн өмір – сыйлық қана.
1804
- Жан десем опасы жоқ, құбылмалы,
Қоймаушы ең оны дос деп ұғымды әрі!..
- Ұғымды. Атқа қайта мінсем ертең,
Есіне қайта түсер бұрынғы әні!
1805
- Ел тозып кесірінен жер ескірер,
Жебірді ақымақ көп “ең есті” дер!..
- Есті емес, құлы ғой ол құлқынының,
Ал естің мәңгі мекен-жұрты – ғылым!
1806
- Батыс, Шығыс… жан күйін кімнен білген,
Неге ұқсаспыз? Мүмкін бұл Күннен күлген?
- Адам жаны қайда да бір шыбын жан,
Тек тіршілік сәл аздап түрлендірген.
1807
Бүгінде дейтіндер де “мұзбалақтар”,
Деумен жүр: “Жеміс көрсең – үз, талап қал!”
Аң-таң боп ауыл жақта шалдар отыр:
“Байлық деп өле ме бұл қызталақтар?!”
1808
- Әуелі аққа жақ боп тұрған адам,
Басты, әне, құдай атып пұлға қадам!..
- Ұяты аз кей сорлының заманалар,
Бар ойын, бар болмысын бұрмалаған.
1809
Осы бопты-ау заманның келіскені,
Ар-ұятты жер қылып тегістеді!
Екі езуді құлаққа жеткізіп ап,
Шайтандар жүр құшақтап періштені!
1810
Қарап тұрсам заманға: басқа кескін!..
Құлаған ба, құдай-ау, асқары естің?!
Ұятсыздық, қиянат… Қайтіп көнем?
Алысуға, әттең-ай, жас та емеспін…
1811
Не қалды жанымда енді түтемеген?!
Өртеніп Өмір дейтін бітер өлең.
Жолымыз жолықпаса бұл Фәниде,
- Амал не… Бақида да күте берем!
1812
Айыра алмаған соң қасты араздан,
Берген-ау азапты көп, басқаны аздан.
Әділдік жоқта бірлік – арман ғана,
Түркілер – түп атамыз тасқа жазған.
1813
- Әй, көңіл-ай, көктемдей мың құбылған!
Қуаныштың нұрына құлдық ұрған
кезің сәтте ауысып ақ тұманға,
Айыра алмай жатқаның мұңды мұңнан…
1814
- Бірде оған, бірде бұған шала күліп,
“Дәу” боп жүр қазір талай алагүлік!..
- Асықпа, көптің көзі ашылғанда,
Ол иттер айдалада қалады ұлып.
1815
- Ақын өлді!.. Жо-жоқ, ол оралады!
Басына бақ мәңгіге қонады әрі.
Мұрасымен сан толқын ұрпақтарға,
Сырлас, асыл замандас болады әлі.
1816
Дос, жолдас… бәрін Тағдыр жолықтырған,
Азы қап, талайы жат болып тынған.
Туыстан Алла жазған кім безе алмақ,
Ішінде болмаса да оңып тұрған?
1817
- Әніңнен бір хал орнап жасымдағы,
Толқыған жүрек жылап басылмады!
Қалқам-ай, неге айттың бұл мұңды әнді,
Сенің де сырың ба еді ол басыңдағы?
1818
- Өмір сүрсең адалдық ұстаныммен,
Не күтерсің қысқа өмір, қысқа күннен?!
- Оны өзің біл… Адалдық – сәндік үшін,
Кілемі ғой заманның тұстағы ілген!
1819
- Әлі жұмбақ: екеуміз билегенде,
Түсіп кетіп толқынды күйге мен де,
Түсінбедім сендегі сәл дірілді…
Бәденіңе, қалқам, қол тимеген бе?..
1820
- Кейде, тіпті, білмеймін… алалай ма,
Айта гөрші жайымды ана ағайға?!
- Айтар едім, бірақ бір мәселеге бар:
Сені сенше не менше бағалай ма?..
1821
- Былғанбай өтсе өмірі арамменен,
Ұрпағын Адам Ата Адам деген.
Қайтер, дос, күллі әйелді Хауа десек,
Сен де адам бола алдың ғой анаңменен?..
1822
- “Тозақы бол!” дедің бе кейіспенен,
Әдейі емес, жаңылсам кей істе мен?..
Қорықпаймын Тозақтан тоқсан көрген,
Қорқытпасаң бейтаныс Пейішпенен!
1823
“Ала алмадым тиісті есемді!” деп,
Жан емеспін қалатын есеңгіреп.
Берем десе Құдайдың берері аз ба,
Соғып тұрса кеудеде есен жүрек!
1824
- Біздің елде адам жоқ бұдан өткен,
Замананың өзі оны қыран еткен!
- Болар, болар… Мен бірақ көрмей тұрмын,
Титтей орын ұятқа мына беттен…
1825
- Сен ғанасың сездірер бейіл барын
мына Өмірде, ей, менің мейірбаным!
Тек қорқамын: қатал да қатаң кетсем,
Жүре ме деп жұмақтық кейіп жаның…
1826
“Фәни тек тәнді ғана ап қалады” –
деу бекер!.. Айырып ол ақ-қараны,
Іздейді ізгілікті. Бар болса оның
біреуден біреуге өтіп сақталады!
1827
- Сен айналып кеткелі ақ сағымға,
Көзден ұшты көгілдір шат шағым да!..
Қайта келсең ол күнді алмаспас ем,
Бар жылына бақытты патшаның да!
1828
- Тыңда, бар зейініңді сарқып тыңда:
Бәрі жөн, бақ-дәулетті шалқыттың да.
Бір сұрақ ол тұрғанда қоса тұрсын, -
“Мен мына бейбақтардан артықпын ба?”
1829
- Өз елімен өлерше күрескенге,
Жұлынынан жұртының жіп ескенге,
Шайтан – тағдыр қисаң да, о, Жасаған,
Пейіш түгіл Тозақта үлес берме?!
1830
- Сағыныш ең боп кетсе ара қашық,
Енді жүрміз сырласып, араласып.
Тек не дейін, Талас-ау, толқыныңа,
Жастығымды әкеткен ала қашып?..
1831
Қара көз, ақ дидары қара меңді,
Әнін-ай!.. Бой балқытып барады енді…
Оянған он жыл бұрын арман еді!..
Тағы да арман болып қала берді…
1832
Артқа тастап Жалғаннан жасыған із,
Асығамыз, әйтеуір, асығамыз.
Жетер жерің – Жерұйық емес, құрдым…
Құрдым құнын асығып асырамыз!
1833
Тілейік тумасын деп аза күні!
(Тәңірім өзі көрер жазалыны).
Ал, мәйіт жуғандардың ойлары хақ:
“Жанының қалай еді тазалығы?”
1834
- Жан жолықпай жаныма бір жағымды,
Қоярға жер таппадым бұл жанымды!
Жалғыз үміт, жарығым, жалғыз сенсің,
Шешші ертерек мен барда жұмбағыңды?
1835
Басталды да Арқаның ақ бораны,
Тас қаланы, аспанды аққа орады.
Терезеден шыға ұшқан көңіл-пырақ,
Тапты ауылды, баяғы атқораны…
1836
- Пәк еді-ау! Өтті өмірін жасап ақтың…
Сен кәпір, оны ылғи тасада аттың!
Ал менің көзімде – жас, ішімде - өрт:
барында бір жақсылық жасамаппын!..
1837
“Балғын емес, шал күнде жаздың өлең” –
деп ұқпас мені кейде базбір өрен…
Жыр болмаса жылытам жанды қайтіп,
Суық күзде табармын жазды неден?
1838
Бұл суреттен, күйікті ой құралады:
Түркілердің алауы – Тұрары, ары…
Заңды сұмдық: түнекшіл тозақылар,
Өшпесе алау қалайша тұра алады?!
1839
- Қайтіп гүлге оранар дала мынау,
Қайтіп әнге ғажайып салады бау,
Қайтіп жаһан жарқырар нұрға толып,
Сүймей сүрсең Өмірді, қарағым-ау?..
1840
Ақ, адал дегендерім арам шығып,
жатса, тым торығамын, қалам сынып…
Күрессем – болу керек неге маман?..
Кәсібім… игере алсам – адамшылық…
1841
- Соңғы сәуле көрдің де алтын күзден,
Кете бардың жаңылтып, халқыңды ізден…
Ардақтым-ай!.. Кім білген бұ Жалғанды,
Бақыттырақ шығарсың бәлкім бізден?..
1842
- Ей, құрдас, әлгіме өзің не демексің?
- Демеймін сені бұған елең етсін:
жатарсың Әзірейілмен де әзілдесіп
кетерде сен, қылжақ ит… кереметсің!
1843
- Қатынға тұла бойын жын жайлаған,
Құдай-ау, сені тас қып кім байлаған?!
- Тағдыр да… тас қараңғы, болжап болмас,
Түнде кім көре алады түнді айнадан…
1844
- Толқыған шерді қайтіп бір басамын?!..
Мүмкін мен сенсіз жасты құр жасадым?..
Жалғыз жол… - жалғыздықтан жылап тұрып,
Тағы да рухыңмен сырласамын…
1845
Қарамастан аязға, түнгі ызғарға,
Аспан толып кетіпті жұлдыздарға!..
- Жүрек, неге мұңдандың жымыңынан,
Әлде бұлар… баяғы бір қыздар ма?..
1846
- Сол түнді… өткен Талас жағасында…
Асылым, әлі де еске аласың ба?..
Толқыны асау жастық мені көміп,
Аһ, Дүние!.. басқа біреу бақ асырды, ә?
1847
- Ұмытсаң ата-бабаң домбырасын,
Сен қазақ болып қайбір оңдырасың?!
Бар болса кеудеңде анау қазақ жүрек,
Құлағын домбыраның сол бұрасын!
1848
- Болу да жақсы-ау өзі отағасы!..
- Жүргеннен жақсы, әрине, соқабасы.
Бірақ бәр-бәріне сен жауаптысың!..
Кейіс пен бұл “мансаптың” жоқ арасы.
1849
- Тұрғандай жарық сәуле тұтам қалып,
Жүр ем ғой жүдеп, жаным жұтаңданып.
О, ғажап! Кеттім кенет алауланып,
Ол сенің жанарыңнан тұтанды анық!
1850
Бұл суыл?.. Қара күздің суығына
қапалы қанаттардың суылы ма?..
- О, арман, сен де құс па ең, сыз көңілден
ұштың-ау топ-тобыңмен суырыла?!
1851
Қалта толса, атақ-даңқ жарқылына
жанталасу – құзғындар салты мына!..
Ойлану жоқ әз Тарих пысқырмасы,
Міскін төстің мыс тұрмақ алтынына.
1852
- О, Жасаған! Санамды алыпты сел!..
Сел шайыпты шаттықты, қалыпты шер.
Одан қайтіп арылам?.. Бір сөз берші,
Найзағайдың оты боп қарып түсер?!
1853
- Қонақжай деп қазақты “ұнаттыңдар”,
“Ұнатып” ап салтымды құлаттыңдар.
Алтынымды алдыңдар, тағы алсаң да,
Тиіспеші тіліме, піратқырлар!
1854
- Көрдім-ау алғаш сені Есілде мен,
Әлі де бір ғажайып есімде рең…
Суыссақ… кешір демен… кінәлі-рең,
Сезіммен тал жібектей есілмеген…
1855
- Айт жасқа: байлық қайдан тигендерін,
Мастанып мінгендерін, кигендерін!
- Қарттарды ұмытқандар нені ұғады?!..
Кім білсін… ұғар мүмкін күйгенде ерін…
1856
Таластың тағы келдім жағасына,
Бәрі ыстық! Қарты, бала-шағасы да.
Құшар ем бәрін бірден – симайды, әттең,
Құшақ түгіл көздің де шарасына!
1857
- Жалынып та көп көрдім, ақырып та -
Түк шықпады! Тұншықтым қапырықта…
Несі әділет адамдық ақыл бермей,
Кейпін беру адамның мақұлыққа?!
1858
- Іске асты дейсің, достым, қиялым қай…
Әйтсе де арсыз сөзді тиям ыңғай.
Өртелсін кім жазса да өлең біткен,
Түндегі жесір мысық миюындай!
1859
- Шидей боп-ақ кетпенмен тоған шапқан,
Арба айдаған, ат баққан, одан сақпан… -
Бала күнгі осы, інім, біздің қызық!
Ал, ағалар… қан кешкен толарсақтан.
1860
- Басып жүрген Жалғанды жалпағынан,
Дәметтің-ау бірдеңе қалталыдан!..
Ала қалсаң, ол – арам дүние ғой,
Арам жақпас таймаса Ар тағынан.
1861
- Тілің қандай, қарындас, сүйреңдеген!
Енді қайттім?.. Мұндайға үйренбеп ем…
- Үйренесіз. Енемнен үйренгенмін,
Алғашқы бір байыма тигенде мен…
1862
- Нешесі… бүгін айдың, теңтұстарым?..
- Желтоқсан, жиырма екісі – ең қысқа күн!..
- Қысқасы дұрыс болды көруге… үһ…
бір жолға болса да оның кем қыспағын…
1863
- Ұлы! Ұлы! Ұлы! Жә… тағы да ұлы! -
Көпшік қойғыш қазақтың жарымы - “ұлы”!
Көпшікпенен көкке ұшып кетеді кім?..
Әлде мақсат ете ме бәрі мұны?
1864
- Сұлу ең неткен! Ғажап бұл түн, Ай да,
Ойнаған ақ жүзіңде күлкі майда…
Айналып кетсін бұл түн “Мың бір түнге”,
Айтшы, айым, жүрегіңнің кілті қайда?
1865
- Мұңайма мына елдің таласына әр,
Беретін Алланың да бағасы бар.
Арасы Жалған, Шынның ашылғанда,
Нұр жауып, маңдайыңның бағы ашылар!
1866
“Жалғыз мен – таймас Өмір қиясынан!” –
Дегенді ойласа ойлар миы ашыған:
Өткен шақ дейтін де бар… Мықты болсаң,
Суырып алшы Күнді ұясынан?!
1867
Сайратып асыранды тотыларды,
Мәз болып мадақ үнге оқыранды…
Қырсық-ай, қырғи келіп бір қиырдан,
Оң көзін оқырайтып шоқып алды…
1868
Келе сала Өмірге бақ сұраған,
Талай пенде Жалғаннан жатсыраған.
Сор қайнаудың бір сыры сол болар ма,
Жаңсақ жауап сұраққа: Жақсы? Жаман?..
1869
Мұң шағып тұр “әйгілі келесау” кеп:
“Ақыл-ойым онша сау емес-ау” деп…
Таңмын: “Өзің қосатын ақымаққа,
Адам бар ма?!.. Мынау бір елес-ау…” деп.
1870
О, қанша дана кеткен сарқып әлін,
Іздеумен мына Өмірдің жалпы мәнін!
Тапты ма, таппады ма?.. Мұнда дау көп,
Даусызы - әр пенденің арты мәлім…
1871
Жауапсыз жатса сұрақ қара даққа
айналып, жаныңды жер жаралап та.
Дауасы – пайымыңды айт шын иманмен,
Тік қарап өз арыңа, жамағатқа.
1872
- “Бір ісім бар ма өліммен жойылмайтын?” -
Деуменен он бөлінді ойым қай түн…
- Байғұс-ау, несіне оған дал боласың,
Білсең айт: не бар нүкте қойылмайтын?!
1873
Арлының қай күні бар жыламаған,
Жылмаңдап шырғалаңнан шығады арам.
Көргені бірдің – жұмақ, мыңның – тозақ!..
Кім үшін жаратылған мына Ғалам?
1874
- Атасын Әділеттің атас, тынба!
Дал-далы шығар сонда қапастың да.
Шешімін шектен шыққан шекпендінің,
Құдайдың құдіретімен шатастырма.
1875
Жын төрлеп, телмірмесін есіктен Ар! –
дер болсаң, ей, пірәдар, мешітке бар.
Иманның көппен бірге қонуы оңай,
Жанға нұр – Алла сөзі есіткен әр.
1876
Өмірді “Оған дейін… Содан кейін…” –
деп бөліп қарауға ылғи қоғам бейім…
Ең соңғы “Содан кейін” бола ма өзі?..
Болмаса, жету қайда оған зейін!
1877
Түн. Аяз. Қатты ұйқыда қыс таңы әлі,
Мұз боп тұр Айдың қызғылт мыс табағы…
Құдай-ау, қыстау қайда?.. Ит қой үрген!..
О, енді сықырлақ жол қысқарады…
1878
- Шындық менде, сенікі – жоққа сыңар!.. -
Мәңгі талас, қып-қызыл шоқ басылар.
Шоққа күйіп, өртеніп кетсе де екеу,
Шындық, мүмкін, екеуде… жоқ та шығар.
1879
Мейлі ойлан, мейлі хакім хатын ақтар,
Ашылмас шаққа дейін бақиға аттар
Шындықты мойындап тек кетеміз де:
Ақылға симайтын да Ақиқат бар!
1880
Күн дейміз, Айды айтамыз, Жұлдыз дейміз.
Бір жанды жұлдызы ыстық күнде іздейміз.
Өз күнің батқанша ол жолықпастан,
Жұлдыз боп қалса, Тәңір, кімді іздейміз?!
1881
- Мен жазар ем… мен жазсам мақаланы,
Төрде отырған біреулер қақалады!
Қарсы біткен бұтақ боп қарағайға
жүргендегі біткен жоқ шатақ әлі…
1882
- Жарлы деме, менде үлкен қазына бар!..
Көмбеде емес ол бірақ қазып алар.
- Онда қайда?! Қарассаң қайтеді, ата?
- Ақылымда!.. Абайлап, азырақ ал…
1883
- Ойлансам, алған баста шала білім,
Ылғида аяғымнан шалады, інім…
- Мен, тіпті, мүгедекпін о жағынан,
Өткізген ойынмен жас, бала күнін!
1884
Жаздыкүнгі ақ көбік, шуыл қалып,
Сары аязбен алысып, буырқанып
Талас жатыр… Айналдым асылымнан,
Мың өзеннен алатын суын танып!
1885
- Адамзаттың шайтандық шатағынан,
Жерге сіңіп у мен зәр, жатады қан.
Жер – бізде емес, біз жерде тұрмыз, Адам,
Қорықсаңшы, қара Жер қаһарынан!
1886
- Домбыраңды ал, шырақ! Бас пернесін,
Көкжиегін көңілдің, аш пердесін.
Толқып, тулап, сиқырын дыбыстардың,
Қасіретті жүрегім қастерлесін!
1887
Мұхит аунап, Ғарыштан таулар ұшып,
Қиямет пен қиямет аударысып
жатыр!.. Құрсын, түс қой бұл… Әлде аян ба,
неге Жердің барады аумағы ысып?..
1888
- Тұнжырап түнергенде күллі айналам,
Күндей боп күліп шықтың түнді айдаған.
Қалғандай жүрек тоқтап, дем үзіліп…
Тылсым сәт есті алған, тіл байлаған!
1889
- Бәлемен соғып ылғи қайқаң белден,
“Көз құнын” жеті әкенің “қайтарды” елден!..
- Ә, әлгі, “қызылкөз” бе… көп жасайды,
Күшті оған Құдай емес, шайтан берген!
1890
Тілі әлі шықпаған немеренің,
Былдырынан ұқпадым не дегенін.
Сездім бірақ жүрекпен жүрегінің
әр лүпілі атасын демегенін!
1891
- Сен, кәпір, ар-ұяттан ары асқанды,
Нәпсі үшін жуас жұртпен таласқанды
қоймасаң – соңғы ескерту: жеке өзіңе
орнатам қайта ашылмас қара аспанды!
1892
- Өшкенше біржолата шырақ көзден,
Жөн шығар көргеніңе шыдап төзген.
Тек Сөзді байқа, балам! Өледі адам,
Өзі не өзге айтқан бір-ақ сөзден.
1893
- Бұл дүние бірде ашық, бірде сағым,
Сағымда сап тиылып сырласарым
жүр ем ғой… Сен кездестің асыл досым,
Шер тарқап, айһай, шіркін, бір жасадым!
1894
- “Кел Таразға!” деп күндіз-түні аңсадым,
Келдің, сәулем! Сейілді тұман, сағым.
Зиярат ет… Қабыл ал мың жыл өскен,
Айша Бибі әпкемнің раушанын!
1895
- Аруларды мен ойша тексеріп ем,
Көп болмады қалғаны екшеліп ең.
Басқаларсыз білмеймін не боларын,
Мына Тараз көрікті тек сенімен!
1896
- Көрікті деп мен, жалпы, құлай бермен,
Сен өзгесің! Әйтпесе былай дер ме ем:
Жан-тәніңді сақтай гөр жағымсыздан,
Сұлулық та – ұлылық Құдай берген!
1897
- “Жаным! Күнім!” демеймін. Ескірген сөз.
Мың-сан рет саған да естілген сөз.
Сөзді емес, еске алшы: біз екеуміз…
жазғы таңға жібектей кешті ілген кез…
1898
Ауыл бардым. Жолықтым көп кедейге.
Түрлері бар жалыққан өкпелей де.
“Жоқ… жоқ…” деген сөз көп те, “бары” сирек…
“Бар” мұнда әлде бүрленіп көктемей ме?
1899
- Мына Өмірдің опасыз, тайғағын-ай!..
Жабырқатты-ау сені де, жайдарым-ай…
Моншақты үз көздегі! Қарамайды
жаңа туған, жарылқар Айға бұлай…
1900
- Ей, шырақ! Қойма биік өзіңді елден,
Әркім-ақ – ботасы елдің кезінде ерген.
Сыйла елді!.. Мұны айту – маған парыз:
әкеңнің, атаңның да көзін көргем.
1901
Жүрек – асау! Пысқырмас ақылыңа,
Айланың да түспейді тақымына.
Жаралғаннан болса да жан жалауы,
Кейде асығыс апарар ақырыңа.
1902
Жазам деп жел сөз емес, ойлы өлеңді,
Достарыңызбен бөлісу: |