Ашылады бәрібір «көмбелері»…
1239
Әр беретін әлемге нәзіктікті
Деу әділ ме «Бүгінде азып бітті!?..»
Сотталмай ма бұл заман, таппаса оны
қазымырлар кейінгі қазып, тіпті?..
1240
-Ей, кәззап! Көзеп ру тайталасын,
Мақсатың қоспау ма оның қайта басын!?
Қырық жілік қып отырып бір қазақты,
Қай бетпен «қазақпын» деп айта аласың?!..
1241
Көк аспанда аққу-қаз, ақ шағала…
Әлеумет мәз…гүл жайнап жатса дала…
Бейнесі ме фәнилік пейіштің бұл,
Әзірге арман елге де, патшаға да…
1242
-Сіз ғажапсыз! О, неткен сіз ғажапсыз!
Ғажаптықпен енді сіз – бізге азапсыз!..
Арылтар ем азаптан!.. Бірақ, аға,
Отау тігіп қол жетпес құзда қапсыз…
1243
Қысқа өмір қас қағымдай қиылғанда,
Бардан жоқ қылу бар ма сыйыңды, Алла?
Әкеткен жел ұшырып даусы анамның,
Жүр ме, айтшы, ғарыштағы құйындарда?
1244
Құштарлық атысымен сырнай таңы,
Арналған тек бір жанға жырды айтады!
Жаһаннан ұшатын кез келерінде,
Көлемін кешкі Күндей ұлғайтады...
1245
–Бұл суретке... паркте жүріп келіп,
Түсе сап ек кіл құрдас іріктеліп...
Саласындай бір қолдың сол достардан,
Мен-ақ қаппын!.. соғысқа кіріп пе едік?!
1246
–Заман мынау, қарағым... Тұрмыс қандай?
-Тірлігім бар, ағасы, тырмысқандай...
Біз-өткінші, ел-мәңгі. Мәңгілікке
пайдам тисе болды да бір мысқалдай!..
1247
Тарихта адамзаттық асылдардың,
Жайратқан талай жұртты жасындардың –
бәрі тұр! Бәрі жым-жырт... Сонда тарих
мүлгіген мүрдесі ме ғасырлардың?
1248
Сана да Күнді, Жерді, Суды ырысқа,
Ғұмырдың әрбір сәтін ту ғып ұста.
Өмірдің өтеуі сол өкінсек те,
Ертең-ақ сүйек қалар бір қуыста...
1249
–Ойсыз көзге көрінбес қиыр ана,
Ал еңбексіз ақыл-ой бұйыра ма.
Беттің әрін бұлдама, ол-бейнетсіз,
тегін келген Тәңірдің сыйы ғана
1250
Жуытпайтын жаныңа еш сүймесіңді,
Қарастырар еш отқа күймесіңді,-
Жүйе құру?.. Мүмкін, біз үйренерміз,
Құмырсқадан қоғамды үйлесімді?
1251
Жалғанның басқа түскен салмағынан,
Салмақтың санама еткен салдарынан,
Жанды аяп, аямасам Ар-ожданды-
кеш, Алла?! Жарылқаушым, жалбарынам...
1252
Ден қойсақ мына мәңгі түсінікке:
Адамның басты мәні – кісілікте!..
Даналар ғұмырына қойғаны анық,
Арналған кісілікке ісі нүкте...
1253
Жалғанда ары бар кім, бағы бар кім,
Кімдер жүр табынында тағылардың?..
Өмірде екшесем де мен бейшара,
Көрімде бәрін, бәлкім, сағынармын?..
1254
– Дүниеге келерімді, келмесімді-
Сен шештің!.. Ата-анам жерге сіңді...
Енді не берсең де, Алла, разымын,
Енді де сұрамаймын бермесіңді...
1255
Біреулер салып басқа жанға лаңын,
Жағалап Тозақ жақтың жар қабағын
жүргенін білмей ме әлде... әдейі ме?..
Жарандар, мен осыған таң қаламын!..
1256
–Мейлі, сен келіс яки келіспегін:
Адамзат-қоспасы жын, періштенің!
- Шұп-шұбар мына Жаһан шошытыпты-ау!..
Келісем... кеп тұрса да терістегім.
1257
Көнсе де, көнбесе де оған ішім,
Сан жылым сарп етілді қоғам үшін.
Бар болса қалған-құтқан енді өзіме,
Қаншасы мағыналы болады шын?..
1258
Қуаныш қуғандай жау бір жасағы,
Неліктен жылдам ұзап қырды асады?..
Иесіз ен жайлаудай жан шіркінді,
Мұнардай кешкітұрғы мұң басады...
1259
Бақ құсы ұшар мүмкін қона сап та,
Сен оны көндірмейсің оңаша ап та.
Одан да кейін алдан шығар-шықпас,
Жақсылық жолдай бергін Болашаққа!
1260
– Жастар жағы, байқаймын, түсінбейді.
Үлкенге айтсам – “Бұл қайбір кісім?!” дейді...
- Үлкенде де үлкен бар... Күншілдері
ықыласын, дәметпе, түсірмейді!
1261
Қайтесің өкпелеп сол қандендерге,
Өкпелеу жараланған жанды емдер ме.
Дүниеде қанден итті жоқ сана да,
Сәлем бер Ата салтын арда емгенге!
1262
– Жастық шақ, қайда кеттің, шұрайлы шақ,
Қайтер ең қуып берсек құмай құсап?..-
Бос әуре! Өтті, кетті... енді отыру-
соңына есте қалған күн, айды сап...
1263
Бір сұрақ жанды күндіз-түні ұңғылар:
“Ұрпақтар арман-мақсат, мұңымды ұғар?..”-
десе, үміт ақталды ма, ақталмаса,
Не күйге түсті екен бұрынғылар?..
1264
- Салдырдым сарайларды, саяжайды,
“Ұмтылған, деген рас, - алады Айды!”
- Ал ұят, нысап жағы қалай еді?..
Нысапсыз Анасын да аямайды!
1265
Заман желі толтырып қос өкпені,
Өкінішті-ақ көп жылым бос өткені!..
Алғы өмірде білмеймін не күтіп тұр?
Өртенбесін, әйтеуір, осы өткелі...
1266
– Аманбысың, Алатау, көк белдерім!
Кешіріңдер, кінәм бар-көп келмедім.
Сарыарқаға сыйласам бүгінімді,
Сендерде ғой сағыныш - өткендерім...
1267
– Бар жазғаның болса да бір-ақ шумақ,
Талай баста кетті ғой құлақ шулап!..
- Құлақ емес, бас шулау керек еді...
Онда жазам орман, тау, бұлақ-суды-ақ...
1268
- Қолдашы оны! Дүние тарылардай
досым үшін жүргенге бағы жанбай!?
- Міндетті емес – бақ жану, адамдық –шарт!..
Бұйымтай бар, айта бер, тағы қандай…
1269
Сөз еді бұл естіген бір кісіден:
- Жер жаралған Жұмақтың үлгісімен!
Ал Адамзат пейішке өкпелі ме,
Жерге тозақ орнатпақ түрлі ісімен?..
1270
Сенгенде адам фәниде жүрмесіне,
Қимастықпен алады кімді есіне?
Сол қинар-ау... әйтпесе сұм ажалдың
күндізі не болмаса түндесі не...
1271
Ол не пәле, заман ба азғындаған,
Қуаныштың құлашын жаздырмаған?..
Бәріне де “Рахмет!” деп кетейін,
Берші, Тағдыр, алаңсыз аз күн маған!
1272
Бақытты іздеп басқа жол бастағалы
жүрсем, қара мына бір масқараны:
“Бәрін Тағдыр шешеді” дейді маған!..
Мені менсіз Ол неге басқарады?
1273
Бой тартқам жоқ бошалап мен ірі істен,
Тартты талай сазайын небір іскен!..
Жеңісімнен не таптым желкілдеген?
Ал жүректе сау жер жоқ жеңілістен...
1274
Әуеніне сап жүріп әңгүдіктің,
Өкінбестен өткенге сан күліппін...
Көрсем етті, құдай-ау, әр күндегі
кіп-кішкентай бөлшегін мәңгіліктің!..
1275
– Қайда барсам – қарсы алдым қасарады!
Жоқ па деймін оң істің аса мәні...
- Қайдағы мән?! Қазіргі зор жетістік-
Тағдырлар да парадан жасалады!
1276
– Тигенде Арға бір міскін күле кірген,
Қайтіп тұрсың жұлқынған жүрегіңмен?!..
Намыс өлсе – сен өлдің! Неге ұқпайсың:
бір пендеге – бір өмір, бір өлімнен!..
1277
Аруға, Айға, Күнге... қарағаның,
Ойлауың елдің, жердің, бала қамын...-
бәрі де түптің түбі бір-ақ мақсат:
тануды Жаһан жанын қалағаның!
1278
Тынып тепең Тірліктің шоқырағы,
Арман қалса…ол қалай оқылады?
Оқылмайды-ау!..Өйткені Өмір дейтін,
Арман емес, Болмыстан тоқылады.
1279
Әйнек мұнар. Үй жылы. Тыста қырау…
Жарқ-жұрқ етті көкте не?.. Құс па мынау?
Күзгі құстар…Қыс жақын…қысым келсе?..
Уай, Жалған, бір самғап ұшпадым-ау!..
1280
-Кеп тұрсың, бірге өскен дос, дара теңім,
Жөндеп бер деп бір істің шала, кемін.
Мұның һәм дәлелдеу ме мына Өмірге,
Менің де керегімнің бар екенін?..
1281
- Сұлу ең…сұлуды айтар күпір деп кім…
Жүдеттің жүректерді, лүпілдеттің!
Талайы қалды шор боп… Семсеріңнен
жалғыз мен, сенесің бе, бүтін кеттім?!.
1282
Алдымды орай берсе бір сұмырай,
Демеймін неге: “Аулақ, тұршы былай!”
Неліктен ол Фәнидің кейпіне енбек,
Мен үшін Күн тұтылар, күрсініп Ай?..
1283
Ғашықтық дегенді Адам тапқан қайдан?
Құрбандық тілеп мәңгі жатқан майдан!..
Сол үшін діннен безсе небір софы,
Сүлеймен патша алтын тақтан тайған!..
1284
Тұрған иман біз үшін тым алыста,
Келуі үшін ең керек – жылы ағыс па?..
Қоғам жаны тас болып қатып жатса,
Қайта балқыр ол қанша «градуста»?
1285
Заман салған дертімнің жөні шер ме?..
Көнбей ме деп қорқамын көбісі емге.
Жасытпа тек, о, Алла?! Келер күнмен
жасыған жан жарқылдап көрісер ме…
1286
Сабыр ет, дос!.. Сөзімді елеп, түсін:
Жасады, рас, бір иттік керек кісің!
Жамандыққа жамандық сен де жасап,
Бірдеңе оған үйретем демекпісің?!
1287
Себепте сәт болған ба сәл именген,
Жан байғұс салдарынан сан иленген.
Ал ешбір себепсіз-ақ шаттануды,
Үйрену керек, бәлкім, сәбилерден?..
1288
Өткелі қашан жастық құйтыланған!
Бұл шақта бой ауырлап, ұйқы қанған…
Әйтсе де кейде елегзіп, ес кетеді,
Шығардай сылаңдап бір сиқыр алдан…
1289
Дүниеге неге келдім, не бітірдім?
Мәз болдым неге, тұттым нені кірбің?
Алдандым, азап шектім, ләззат алдым…
Жә, жетер…келмейді ары ебі тілдің!..
1290
Асқанда кейде көңіл күйі арнадан:
«Ақтығым үшін ақ нұр қияр маған!»-
десем де, Өмір жиі қоңырлайды.
Әйтеуір, жалғыз мен бе, жиі алданам…
1291
Жауап іздеу сауалға: «неге?», «несі?..»-
Осы ма Өмір азапты ережесі?
Өзгергенін қалар ма ем ол қайтадан,
Тағдырымның тартылса жеребесі?..
1292
«Енді ең дұрысы, - деп, - жоламаған!»,
Безсем де біржола одан, ол арадан,
Түсімде ылғи жылап көрісеміз…
Түсінде неге еріксіз болады адам?
1293
-Бұйыртары көп мейлі, кеміс мейлі,
Талай пенде заманын терістейді…
-Келтірерде дүниеге пендені Алла,
Заман жайлы онымен келіспейді!
1294
-Мен үшін шықпай қалып Күн тереңнен,
Сен кеткен Бақиға, әке, бір келем мен.
Бас қатты: басқа қандай құрметім бар –
Атыңды өз атыма тіркегеннен?..
1295
- Жер, Алладан бір заң тез арнатып ал!..
Әйтпесе әлі тырнағын сан батырар
кейде қатын, кейде еркек кейпіне еніп,
Заманаға күйлеген салдақылар!
1296
Байқаймын: көңлің сынық, кейпің адал,
Фәнилік саған жат-ау бейпіл амал.
Қарашы, сен де анықтап мен пақырға,
Екеуміз егізбіз бе, ей, пірадар?..
1297
Көрмесем де таяқ жеп көрінгеннен,
Көшіре алмай әлекпін көңілден мен
бір хауіпті: қашанда қорқып жүрем,
Ой мен тілі екіге бөлінгеннен!
1298
Кісіге бір тергеудің керегі шын:
Үстінде ұсақ тірлік, келелі ісің
күнәһар болсаң – басты куә өзіңсің!
Шылп етпей Шынға шыдас беремісің?..
1299
- Қарсы кеп абыз-ақыл жарлығына,
Жол салған, о Жүрегім, тағдырыма,
Қарашы, қанша өртендік, не күйдеміз?!.
Не таптық, Өмірде не қалды мына?
1300
Ажалдың білеміз ғой бір аларын,
Білген соң көлбең қағар күнәларың.
Бәрін де мойындауға жете ме ерлік?
Жетпейді-ау… «Мен» дейтін бар. Бұ да мәлім…
1301
Жерден өзге ғарыштық бір алыпта,
Ел бар дейді, сол сөздің түбі анық па?
-Бар болса олар қайда жүр?..Жерде қыз көп,
Қол қусырып келмей ме құдалыққа?!
1302
- Естуге асығымның асыл әнін,
Көруге көңлі оның тасығанын,
Сезуге бетке ыстық дем басыларын…
Кешір, дос, кеттім! Соған асығамын!..
1303
Ел өз жерін өзі үшін бір саумаған,
Елді аспанға зар қылған нұр саулаған,
Кезең кетті дейміз ғой…Десек те ойды
қалай-қалай жалтақ қып құрсаулаған?!
1304
«Құдайға не жаздым?!» деп тым асығып,
Жамандықты Жаббардың кінәсі ғып,
Шатпа, шырақ! Мүмкін ол жаза шығар?..
Болған шығар бір кезде бір асылық?..
1305
Бір кезде асау бұлақ ем – жылға қалды,
Бар нәрімді кіл жыртқыш жылдар алды.
Ал олардан алғаным – ащы сабақ.
Оны қайтем?..Бұл жағы…тым қараңғы…
1306
Тұрса да алда құрулы ылғи қақпан,
Асығамын! Тағатты кім қиратқан?..
Әлде Өмірдің өрден соң ылдиы ма,
Қолды аяққа тигізбей құлдилатқан?
1307
Сөйлесе маймыл маңдай, торғайбастар,
Айналып аярлыққа оңбайды астар!
Сөйлесе сөзі шыншыл, жүзі нұрлы Ер,
Көркейген көңліңе Ай, Күн орнай бастар!
1308
Шын талантқа қуана білмегендер –
Аурусыңдар! Қызғаныш мүлде меңдер.
Бір жылы сөз шықпаса тілдеріңнен –
Үндемеңдер! Шыдаңдар. Күндемеңдер.
1309
Тәңірім рахым ғып таң атырып,
Босанған бір түнектен Дала тынып,
Даналық нұрын күтсе, шырық бұзды-ау,
Даңғырлап дауасы жоқ Дарақылық!
1310
-Құлымыз ғой тірліктің, құт қасымыз,
Көп те шығар ұққаннан ұқпасымыз.
Кеп-кетерміз елеусіз Өмірге де…
Сонда да, дос, мына елдің тұтқасы – Біз!
1311
Замандас, есіңе әр кез мұны сақта:
Адамзат тұрмаса да ұлы сапқа,
Бүгінде тұлғаланды тұтас Тағдыр.
Ортақ ол бар болсақ та, құрысақ та…
1312
Неге үзіліп адалдық ала жібі,
Неге ауырлап барады нала жүгі?
-Барлық пәле, мен білсем, ашылмаудан,
Ізгілік пен зұлымдық аражігі!
1313
-Боп жүргенін білсе де жан, ас қайғы,
Құр қол барсаң – біткенің, аластайды!
-Жерік шығар…Дүниеге жерік болу
жынысымен адамның санаспайды!
1314
Ей, найсап! Тыңда, болсаң сөзді ұғынар:
«Жүз жылдап қорлығыма төзді бұлар»,
Деп әлі тілдейтіндей тіл, ділімді,
Бізде осы қай әкеңнің көз құны бар?!
1315
Кеткенде елдің Бақиға естілері,
Еңіреген үн көш жерге естіледі.
Барында кім парқына жетіп еді?..
Ес кіреді… Неге тек кеш кіреді?
1316
Қиялдан алдыңды орап созалаңдар,
Бір арман туып еді… О да заңғар!
Жетем бе мұратыма, жетпеймін бе?..
Жете алсам оған дейін не заман бар?!
1317
Болғанмен бөлек-бөлек құндағымыз,
Бауырмыз, бірге ішеміз құмда қымыз.
Ал ұрпақ қайтер екен жүз жылдан соң?..
Біз болсақ, бір атаның ұлдарымыз.
1318
-Ұдайы ақпаса да Далаңда айран,
Деуші ме ек «Қолдың ұшын алам қайдан?»?!
Ал бүгін неге тап-тар жұрт пейілі?..
Жарандар, мен осыған қалам қайран.
1319
Алған беттен шегінсек қарыстай да,
Қорқам: «Қайта азаттық алыстай ма?»
Неге таңсық болады сасық қолтық?!
Алатаудай аталық намыс қайда?!
1320
Сұм шындықты Тарих та жасырмапты:
Пайғамбарға еш патша бас ұрмапты!
Күшті ме әлде тақ күші ар-иманнан?..
Түсінбедім…Көп ойлап басым қатты…
1321
- Бір сөз айтқам анада, ойыңда ма:
мақтап жатса – алғыс айт. Мойындама.
Өзіңді өзің білесің. Ал мадақтау –
Өзгеруі ықтимал ойын ғана!
1322
«Айдың жүзін күндес Күн тырнап алған!..» -
Сәби кезгі аңыз бұл қырда қалған.
Қазірде де қарасам толған Айға,
Ұйытады уыз мұң, жұмбақ арман…
1323
- Білсе де жиһазсыз көр – тұрағы ақтық,
Дүние десе болды – тұрады атқып!
-Арзиды тек сұлулық қызығуға,
Басқаға жексұрын іс – сұғанақтық!
1324
-Жанарыңнан жас болып ыршып қайғы
тұрсың, күнім…Қабағын кім шытпайды.
Кешір оны, ол итті!..Кешіре біл.
Кешірмеу де кісіні тыншытпайды.
1325
- Ұстатпайды ол! Қақпанды сан құрғанмын,
Айласы бар жауызда әртүрлі аңның!
- Жерік асы не болған ол туарда,
Анасынан сұрашы антұрғанның?!
1326
- Дауды қой, дос! Мен былай түйіндер ем:
Рух-мәңгі, күнә - оған сүйінбеген!
Тән енсе де әрдайым жер қойнына,
Үстіне рух топырақ үйілмеген.
1327
Иманнан имансыздық басымдықта,
Күнәні халімізше жасырдық та.
Ал қазір «Құдай кешер» деп қойсақ, бұл –
Үміт пе әлде Аллаға масылдық па?..
1328
-Не қалды?!..Біткен жоқ па енді есебің?
Зұлымның сенен көрдім ең кесегін!..
Дүниеге қашан келу болса еркімде,
Оллаһи, сендер барда келмес едім!
1329
-Дұрыс. Алдың шаңымды қағып-қағып.
Ал өзіңді алып па ең анық танып?
Лайық болсаң – датым жоқ. Басқа болсаң?..
Талай жерге жүрмейік барып қалып!
1330
Тәубе, тәубе дүниеге келгеніме,
Ризамын Алла өмір бергеніне.
Атымды Адам - өз ойым- былғағам жоқ,
Ойлансам да: «Мен жайлы ел деді не?»
1331
Неге азаппен сорғалап қоса жасы,
Жас отаудың босайды босағасы?
Қосқанындай Адам мен Хауаны Алла,
Қосылса ғой!..Қиыны – осы арасы.
1332
Түйе қылмай, қойшы, дос, шымшықтайды,
Пейілі тардан қанша Бақ ыршып, тайды?!..
Жамандық та – адамдық көлеңкесі,
Айта берсең таң атып, күн шықпайды.
1333
- Күресің не?!.. не күрес, күрес кіммен?
- Мансап мінген аярмен тірестім мен.
Көкейі өзге, сөз басқа – жан сатады!..
Кім бұларға сансыз жан үлестірген?!
1334
- Рас, досым, шаршадым, жүрмін әрең…
Әлі өзгерген жоқ сол жас күнгі мәрем:
танып кетсем деуші ем ғой Адам затын!
Енді қайдам…әр пенде – бір-бір әлем…
1335
Айтқаны бұл, ұғып ал, ұлы ағаңның:
-Тапса ғана кісісін – сұрағанның
көңілі тынар. Әйтпесе, ол – тіленшілік.
Тіленші боп тіріге ұнаған кім?!
1336
Дүние-ай…тұнған тірлік қайталама…
Тынды деп бәрін біреу айта ала ма?
Баяны, байлауы бар болса олардың,
Барыңда бермей ме әлде байқала да?..
1337
Махаббат дейтін жұмақ гүлі елінде
көп жүрдік. Өтті дәурен!.. Құр егілме.
Жарқырап жаһұты боп өмірімнің,
Қаласың, қалқам, мәңгі жүрегімде!
1338
Жампоз Ер алау болып Ұлы арманға
көз жұмды!.. көп болар-ау жыларман да.
Жоқтасаң енді, әлеумет, жоқта үлгісін,
Дұға ғып, Мәңгі өмірге шығарғанда…
1339
-Мұны да айтқам анада, ойыңда ма:
жамандаса – жасыма. Мойындама.
Өзіңді өзің білесің. Ал жамандау –
Соғу үшін сілтенген сойыл ғана!
1340
Жалғанға бір күн ашық, бір күн мұнар,
Пендесі бір күн азар, бір күн құмар,
Кейде өзін құдірет көріп мәз болады!..
Алдамшы сәт те… керек. Ұмтылдырар…
1341
Ар-иман, ақыл келсе сөз түрінде,
Айналар рухқа тек өз тіліңде.
Туған тіл, туған жерді жұтатқаның-
Өлгенің бірте-бірте көз тіріңде!
1342
Сыйқырласа - өткінші құяр шаттық,
Жалған иба, жасанды ұялшақтық,
Ысқаяқ төс, ысытпас салқын жүрек?..
-Тый нәпсіңді, сорыңнан тый алшақ қып!
1343
-Неге суық қарасың түнгі ызғардай?
Көңліңде де шұбартқан түрлі із бардай…
Кешір, сәулем?…Кел, қайта жарасайық,
Мына мәңгі жарасқан жұлдыздардай…
1344
- Бір шындық: тудың, өстің…тұлғасындық.
Өтесің ертелі-кеш. Бұл да шындық.
Шындықта жалғандықпен өмір кешу?..
Осында бар қасірет, тұр ма сұмдық?
1345
«Аз күн Жалған…несіне безектермін?!» -
Деп өзімді өмірі тежеп келдім.
Тек өкініш: көп тоқтап көлеңкеде,
Күншуақтан неліктен тез өткенмін?..
1346
…О, дәурен-ай!..Тау таңы бозаңдады…
Суысыппыз…құштарлық қоза алмады!..
Жасқа айналды ақ жүзге бүрки қонған,
Ақ күмістей Таластың тозаңдары…
1347
Тұманға сүңгіп жатыр жол бүктеліп,
Жәй митың. Жүре алмайды орғып көлік.
Оң жақ-құз, түпсіз құрдым – сол жағымыз…
-Жүрме, Алла, келер шақты сор ғып беріп?..
1348
-Үміт сол ғой, алғашқы шақтағы ізгі!
Етуге алау оны, дос, тап тамызғы.
Құрсын, енді көрмейік қапас, түнек!
-О, Жасаған, сақтай гөр, сақта бізді?
1349
-Түссе де қолға кірген гүл түсіңе,
Не бітті?!.. Қалдың бикеш күлкісіне!..
Қансонар кімнен өтпес - қанағат қыл,
Жетерлік қызық көрдің бір кісіге.
1350
- Жабырқап, «көрген қызық келте-ау!» деме,
Барлығын асқаныңның бел, тау деме.
Адалдың екі дүние – еншісінде.
Соны ойла. Кеш қалмай, дос, кел тәубеге!
1351
Ар-намыстың шыңға шыққан шынары,
Әділдіктің жанып тұрған шырағы
дегеніңнің кейбіреуі – о, сұмдық!-
Жәй ғана бір…тілемсек боп шығады!
1352
Деу бекер «жанашыр жоқ, қас айналам!»
Досты да құлқыменен жасайды адам.
Түңілсең түрлі иттерден, Жаһан бар ғой,
Ой- сана сонымен-ақ масайраған!
1353
-«Сөздері құрқұлындай құр кептердің,
Иман бар қайсысында бұл бектердің?..» -
Деп шаршап отыр ем ғой…жә,жарайды…
Кеттік, дос! Сезіп тұрмын: «жүр» деп келдің…
1354
Күні кеше басқаша бұл ел еді…
Бүгін ақша, тек ақша тілегені!
Өсу, өшу, махаббат, салтанат та…
Бәрі кеп сол жұқсызға тіреледі!
1355
Өрге, рас, домалады жаста тасың.
Қу құлқын…Жоқ, шын одан басқа қасың!..
Мың қабат қабығыңды алтындап ал –
Бәрібір Кісі емес, сен –тасбақасың!
1356
Сол-ақ екен, азалы ас берілгені:
көл-дария көлгірсу еріндегі…
-Жүрек қайда, жұртым-ау, жүрек қайда?
Қу ерінмен қай қайғы жеңілдеді?!
1357
Есуас жел әлі де соғады мың,
Қасқаймасам қарсы кеп – о да мінім.
«Етекбасты көп көрген» небір Ұлы,
Мені қойшы…мен-заман боданымын.
1358
-Жеткіншектің сен деуші ек ағасы нар…
Кейінгіні шалдың ғой?!. Кәне, есіңе ал!..
Бетке басу ойда жоқ. Бірақ, Шынның
қарамайтын жас-пасқа пәлесі бар!
1359
-Ғұмырдың көрінгенде шеті күзден,
Мәуесін адал пенде жетіп үзген.
Сен, найсап, Фәниді алдап, Бақиға да
баратын ойың бар-ау екіжүзбен?!
1360
«Мен осы зұлыммын ба, ізгімін бе?» -
Осыны ойлаймыз ба біз бүгінде?..
Ойласақ, жақсы-жаман неге ауылдас?
Үмітін неге кей жан үзді мүлде?..
1361
-Еткен не бізді бодан, өзгені үстем?
-Ши шыққан ең әуелі сөз бен істен.
Соңғы сор - замананың лебін сезбей,
Ат-тонды ала қашу өзгерістен!
1362
Неге «қорқақ тағдыры -жеңіл» деп ең?..
Мерт боп жатса батырлар елім деген,
Қорқақтар еш шайқаста жеңбегенмен,
Есесіне ешқашан жеңілмеген!
1363
-Нарығынша «зиялы» зұлымдардың,
Құны қанша Ұят пен бүгінгі Ардың?
-Ар тепе-тең ең соңғы сорлылыққа!
Ұят – құлы ұятсыз ұғымдардың…
1364
Бір күнімнен бір күнім бір аумайды,
Түс пен өң боп төсекте түн аунайды…
Уақыттың жүрмін бе құрсағында?
Қайтіп шығам?..Шығу жоқ. Бұғаулайды…
1365
Шатағыңды кермеде ат қып ұстар
кез өтті ғой, туды деп шақ тыныстар –
дамылдасаң, дауыл боп соғатын не?..
Өз-өзіңмен, мүмкін, ол қақтығыстар?
1366
Өрге сүйреп жүрген бұл жүрек еді,
Шаншығаны – шығар-ау жүдегені.
Дерттен қорғау қолымнан келмепті ғой,
Қараулықтан сақтап ем үдемелі…
1367
Құл-құтан, мас пен жәлеп, жырбаң ақын…
Ұрылар ұлыға тең қылған атын…
-О, Тәңір, бұ дүниең немене өзі?!
Мекен бе әркім кеп бір жынданатын?
1368
Үмітім: о дүние әріде тұр,
Тәңірдің жолықпаспын кәріне құр…
Сүйеніш: сүйген жан мен сүйікті өлең,
Олардан айырылсам – бәрі де тұл!..
1369
-Мақтасақ – мойындайды әлем сені,
«Қазақтың пәленшесі», нары еңселі!.. –
Осылай ен салмасақ құлақ кесіп,
Басқа жұрт ап қоя ма «пәленшені»?..
1370
-Көп сұрасам, Рәббім, салты деме,
Білмек үшін ол: «Өмір парқы неде?»
Ал өзіме жақсылық көп жасадың,
Артық болса, өтінем, тәркілеме.
1371
Құшақтап ап толықсып тұрған Айды,
Бұлақ бұла екпінмен сырғанайды.
Түу төменнен табардай оңашаны…
Түн ұйқыда, ұйқыда кім қарайды.
1372
-Жүруші ем Бақыт жайлы сұрағалы:
бар ма өзі соның оңай бір амалы?
О да асыл тастан тұрар тәж секілді,
Сәттерден асқақ, шырын құралады!
1373
Махаббат…Сезімдегі ең көркем есім!..
Мейлі ол еркелетсін, еркелесін,
Сұмдығы – Тозақ оты онда да бар,
Онда да он қайтара өртенесің!..
1374
Бақиға кеткен ұзап ірілердің,
Соңынан созылмалы білінер мін.
Ал оны кешу-кешпеу құзырында,
Кейінгі толқын-толқын тірілердің.
1375
-Сенен гүлзар пейіштің лебі ескендей,
Сен сөйлессең – періште кеңескендей!..
Кеп тұршы енді осылай, перизатым,
Анда-санда алыстан елес бермей?..
1376
Бөліп қарау Жаһанда тек тіріні –
Шексіз ойдың болар ма шекті міні?..
Көз жас-жаңбыр, қаһар-қар, махаббат – от!..-
Дүниенің, міне, біртектілігі!
1377
Сен туғаннан нышанды, бағы бар ең:
ақыл, көрік…бар еді тағы да нең?
Суық жүрек…ол жұртты жылтпады да,
Толтырмады-ау тұлғаңды мағынамен!
1378
-Ата, апа! Түсіме кіресіңдер…
(жалғыз қалғам сендерден - білесіңдер).
Жасым асып кетсе де өздеріңнен,
Неге әлі панам боп жүресіңдер?..
1379
Мыналар мына бетсіз беттерімен
оңдырар кімді?!. Қара, шеттерінен
өздері өзек жарып шыға алмастан,
біреудің шыққан қасаң шекпенінен!..
1380
Ойламай сәтсіздікті құз деп терең,
Қыста істеп, бір тірлікті күзде етпеген,
Көңілдің қанатына мұз қатса да,
Жер-көктен ізгілікті іздеп келем!
1381
-Алғысым бұл, мүлде емес мақтанғаным:
борыштымын сендерге, ақ таңдарым.
Күнде ертемен көңілді тазарттыңдар,
Содан-сау боп, таза боп сақталғаным!
1382
-Ескі дос, ес білгелі-ақ ертеменен,
Табаның сайға тимей ентелеп ең.
Құдайым қуат берсін, әлі солсың…
Соңыңда сол Уақыт желкелеген…
1383
-Кешір?..Аудар айыптың көбін маған,
Қысылмаған дәл бүйтіп өмірде ағаң!
Жалғыз түнді жұмақ түн ете алмадық…
Сезім селкеу болған соң көңілде алаң…
1384
-Ульянов…Ұлыжан да шығарсың,
Бақи жақта сен де әділет сұрарсың.
Сауабыңды ал – картасы үшін Қазақтың,
Қуысы жоқ қу тұмсығын сұғар сұм!..
1385
-Жап-жас боп-ақ айтарың: «Құрып барам!»
Кім тағдырды туа сап құрықтаған?!
Қайрат,жігер дегендер неге керек?..
Кім болады, білмеймін, мұны ұқпаған.
1386
Жалмаған қырқын қызық, бірін егес,
Күндердің көбі әншейін бүгін елес.
Солардан сұлулықты ап қалар ма еді!..
Ол да, әттең, қолға ілігер мүлік емес.
1387
Кіші ме, үлкен бе әлде қатарың ба, -
Қарама Ақиқаттың сапарында,
Шындықты айт! Әйтпесе Уақыт жазасынан,
Алмайды арашалап сақалың да.
1388
-Елеусіздеу қарттық пен балалықта,
Таңғажайып даналық бары анық па?
-Кейде солай…Ал ылғи бар ғұмырдың
бар мазмұны сол екі аралықта…
1389
Бойлай беру тегіңнің тереңіне,
Ойлай беру о жағын…керегі не?
-Керек. Мүмкін мың жылдар ашса сырын,
Мен –ұрпағы Сақ-Үйсін патшасының?..
1390
Армандарым болса да көк тіреген,
Көп қалмаған өмірге көп тілемен.
Кеткенімде ел бір сөз айтса болды,
«Бір адал жан дүниеден өтті» деген.
1391
Бұған жас күнде көңіл түсірмеп ем,
Қалпым сол қазірде де түсінбеген:
Ғаламда еш теңдессіз сұлу етіп,
Тәңірім неге қызды мүсіндеген?..
1392
-Жастығыңнан жазира жолдар қалды,
Айтшы сонда сүйіктің болғандарды?
-Ол –құпия кететін өзімменен!
Айтсам…кейін айтармын соңғы арманды…
1393
Атақ-даңққа әбден-ақ кеткен есің…
Онсыз өлердей елге кектенесің.
Неге ұқпайсың: бәріне шын Ұлының
«Адам» деген бір ғана жеткен есім?!
1394
-Сақта, Құдай, Күнді де қара дақтан,
Әлеуметті сақтай гөр жаман аттан!
Тәнге жылу тараса нұрлы Күннен,
Жанға жылу жайылар жамағаттан.
1395
Аяр өзін көрсетсе хас арлы ғып,
Бұл –қасқөйлік, қашанғы қасаң қылық.
Ал қазіргі ең жойқын қару-жарақ-
Шебер жебір жасаған жасандылық!
1396
Сен- береке, ел, жерге күш, панасың,
Қаһарлансаң қылпыған ұстарасың.
Жағаң толы өзектес өз өркенің,
Тыныштал да сабаңа түс, Таласым!..
1397
Көп пе ескермес ертеңін ақымағы,
Толмапты ғой Адамзат ақылы әлі!
Неге қарау, айлакер АҚШ-тарға,
Пенде түгіл елдер де сатылады?
1398
- Таңда еске алдым. Жөнелді жарысып ой!..
Жастық өткен. Өткеннің бәрі - сыр, ой…
… «Таң ат-қан-да гүл бағын су-ара-мын…»
Есіңде ме?!.. «Махаббат вальсі» ғой!..
1399
Бір мүттәйім бір сөзден әзірлеген
удан өлу оп-оңай қазір деген!..
Оны іштей оңдырмай сыбап ал да,
Дауасы сол - уды айда әзілменен.
1400
Жер –ең алып, ең даукес елді мекен.
Не бітірем деп мұнда келдім екен?..
Түк бітірмей кетсем де жүрген жерде
Әділеттің ақ туын желбіретем!
1401
Сұрақ көп: тұра ма өмір келте күннен?
Жалпы, онда өтеле ме тер төгілген?
Кешегің кешірімшіл сияқтанса,
Еседі неге ызғар ертеңіңнен?..
1402
-Ғалам шексіз…Оған не теңдеседі?
Адам десек…Өлшеусіз кем бе есебі?
-Балаға Ана мейрімі Ғаламменен,
Шексіздігі жөнінен шендеседі!
1403
Әмірімен Тәңірдің келмек сый-күн:
«Ғашығыңды түс емес, өң деп сүйгін!»-
десе, аңсаулы бұл жүрек шыдар ма екен?..
Ал, әзірге…таң алды…дөңбекшимін…
1404
…Неткен өң, не деген көз мөлдіреген!..
-Бекер сөз сені, еркем, өлді деген!..
Суреттен шығып көкке самғады, әне,
Екеуміз көп айтатын сол бір өлең…
1405
-Түсімде айттың: «Боласың несіне алаң…»
Жөнді аялай алмаппын – кешір, анам?
Әр күніңді бағыма баласам ғой!..
Өкінішпен өртенем… есіме алам…
1406
Таразымның тұтасқан тал-дарағы,
Гүлзарында бұлбұлдың салған әні…
Және ғажап – Тараздық бәйтеректің
тамырлары тарихқа жалғанады!
1407
Уақыт дейтінің де бір «жынды» ұғым,
Білмейсің кейде жылдам, мылжыңдығын.
Содан ба кейде үн қатқым кеп тұрады,
Ұрпаққа тым бейтаныс мың жыл бұрын…
1408
- Өкініп тұр байғұсың, байқадың ба?
- Аяр итке сенбейді сайтаным да!
Әуелі еске түсірсін ол антұрған,
Адамдықты атқанын қай қалыңға!
1409
«Жүрекке салмасаңдар бірің әлі із –
Құрыңдар! Жат жырға да жылынамыз!» -
Деп қап ем, шумақтарым шулап кетті:
«Нақақтан нақақ неге қырыламыз?!»
1410
Қызылдың батқаннан соң «күн» - Кеңесі,
Алланы хақ деп танып, кірген есі
ұрпақпыз! Енді осымен өтсек болды,
Тағы да тап болмастан бірдеңесі…
1411
Таң кірді үй ішіне ағараңдап,
Сыртта әппақ гүл ашыпты жаңадан бақ.
Хош иіс. Тымық көңіл… Бірақ, қайдан…
Тіршілік көзін ашты тағы алаңдап…
1412
Құлдыққа құлдиласа сана сырғып,
Жалғанды жалпоштайды дана, шын ғып.
Жалпошсыз, кейіп айтқан Абай сөзін,
Не сыр бар деуінде жұрт жанашырлық?
1413
Бетті жылтып қойғанмен жылтыратып,
Бір-біріне іштері мылтық атып, -
«Сыйластықтың» аярлық осы сиқын,
Бір көргенде жатқаны жұрт ұнатып…
1414
Әділін айтсам болды – жау табамын!
Айтпасам Адамдықтың тау талабын
ақтармын қайтіп, Алла?..Ал, ақтасам –
Жаулықтан қайда барып сау қаламын?..
1415
-Арам басқыш сен өскен баспалдақта,
Болмағандай жүрсің дос-қасты алдап та.
Есекдәме!.. Сеніңше, арсыз жалған
Ақиретте ашылмай тасталмақ па?!
1416
-Тегеурінді кез емес жанған жалын,
Емеуріннен сездің бе арман барын?..
Атыңды атай алмадым…білші, ақылдым,
Іңкәрліктің тек саған арналғанын!
1417
Көңілмен кеп тұрмын күн, ай тынбаған!
Етпестен көптің бірі жәй тыңдаған,
Өтінем: ұқшы, қалқам, сөзімді емес,
Астарын айып көрмей айтылмаған?..
1418
-Болмасам Алматыға кеше келген,
Жар етіп сені өмір кешер ем мен!
-Жасымда асау болғам, көнбей жүрсем?..
-Онда мен келіспес ем пешенеммен!
1419
Бір ұсыныс астамшыл зорға, масқа:
«Алла салса сол жолы жолға басқа,
Бар болмысым басқаша болар-ау» деп,
Неге кейде өткенді болжамасқа?..
1420
-Неткен улы ең, он жерден опын, ақта!
Жаназаңа жалаңды оқымақ па?!
Ал мәйітің бейітке барып жатса,
Күйетін шығар-ау жас топырақ та!..
1421
Қайткен жөн?.. Өмірімнің сөлі сіңген,
Түк таппай таптаурын өз өрісімнен,
Көлгірсіп көзге мақтап көрсем десем –
Бар бәйге баяғыда-ақ бөлісілген!
1422
- «Өркениет» деп жүріп нені үлгердік?
Қиянаттың қаптаған селін көрдік!
-Күні ертең-ақ адамзат есін жияр…
-Сенімсізге сену де, тегінде, ерлік!
1423
Сатқындықтан сен түбі бір өлесің,
Ал әзірге сау қалдың, түгел есің…
Тек ыстық жас шықпастан жанды шаяр,
Дар жібі боп жиреніш, түнересің…
1424
Бұл не?.. Тағы қу Тағдыр аларған ба,
Енді жеттім дегенде ақ арманға?!..
Шеке шағып барады мына шиқыл,
Шымшықтар да темірден жаралған ба?
1425
«Жақсылық жасағаным үшін кей сұм,
Қадады көк найзаның ұшын!» дейсің.
Бір соры-сол ізгінің пешенелік.
Ал басқа болуды сен… түсінбейсің…
1426
Тірліктің тілеймін деп оңды, расын,
О, Тәңір, сан соғылды сорлы басым!
Барады шаш та сиреп, бурылданып,
Бұл басқа бақты қашан қондырасың?
1427
Тұрған Бақ келе сала жайнағалы,
Бір сұмның тілімен-ақ байланады.
Сонымен өте шығар өмір шіркін,
Жер дейтін диірменше айналады…
1428
Уақыт па ұлттарды қалыптаған,
Кескін-кейпін, тіл, ділін анықтаған?
Бізді арлы, мейірімді дейтін еді…
Жұрттанудан мүмкін мен қалып барам?..
1429
Күндерім өтіп жатыр құрысқан бір…
Тәңірім қимаған ба дұрыс тағдыр?
-Келші, еркем! Ендігі үміт тек өзіңсің,
Көңлімнен Күн шығар да тыныштандыр.
1430
…Теңізге алып анау – Күн құлады.
Қызыл шоқ – толқын тасты ұрғылады…
Алысқан, жұлқыласқан, беу, дүние-ай!
Бұл алыс бәрін, бәлкім, құм қылады?..
1431
Баға бермек боп жауыз, арамға да,
«Ит!» деп байғұс иттерді жамандама.
Адам болсам деп еш ит таласпайды,
Иттікке де таласар – адам ғана!
1432
-Көп сұрапсың қазіргі халім жайлы.
Өзгерген жоқ ол арман. Жалындайды!..
Жұлдызым ең неге сен алыстадың?..
Көкте еш жұлдыз жолынан жаңылмайды.
1433
-Жаңына нұрлы сипат жапсырыпты Ар!
Сен оны кейінгіге тапсырып қал.
Тек сонда біз кетсек те келе берер,
Бірінен бірі асар жақсылықтар.
1434
-Мен деп жүріп, мен үшін оққа ұштың ба?
Лоқсып жүріп Жалғаннан от құстың ба?..
Сенсіз менен бүгінде халі жақсы,
Қос қанаты түбінен жоқ құстың да…
1435
Біреу: «Жолың болмауы,-десе, -неден?»,
-Бәрі де шығар, сірә, пешенеден, -
деп қойып, қайығымды қайырлатпай,
Өмірдің дариясында есе берем!
1436
Таптырмастан ешқашан Уақыт тыным,
Бейнетпенен таң атып, батып күнім, –
Қалжырадым, қанша рет қапа болдым!..
Дегенменен мен аздап… бақыттымын…
1437
Елестеп сен тек алыс, жат төріңнен,
Өтермін «Әттең, дүние!», әттеңіммен…
Қойныңның бұйырмады қызығы! Енді
табылсам болды қойын дәптеріңнен…
1438
Ол алғыс айтты жанын жайып-ақ тым!
Мәз болдым «Қайтқаны-ау, -деп, - қайыры ақтың».
Кеше де естігенмін жылы лебіз,
Ал бүгін кешегіден байырақпын…
1439
Халық сені санаса анық тұлға,
Қабағына қарағын халықтың да!..
Әлде өзіңді өлмей-ақ көрге тығып,
Өзге болып жүруден жалықтың ба?
1440
Бірте-бірте бір сиқыр балбыратып,
Жан да, тән де тұңғиық халді ұнатып,
Келеді ұйқы күндегі…Ал , мәңгі ұйқы –
Біз білмейтін керемет, мәңгі бақыт?..
1441
-Білмеймін, тұрасың ба қылымсып шын,
Бар сөзің – болар-болмас жыбыр сыпсың…
Ішіңде бір емес жүз ит өлердей,
Қарағым, неге мұнша тымырсықсың?..
1442
-Елу жыл бұрын жыртқан тың даланы,
Дастан боп біздің ерлік жырланады!
-Елу жыл ұшқан шаң да жыр болып па?!..
«Әркім өз білгенінше жынданады».
1443
Бізде осы жасың, басың қайда екшелер?..
Орын ап босағадан жәй кекселер,
Тойда да, азада да төр басады,
Күрсіде күпінетін майбөкселер!
1444
Бір жақсыға тәңірлік нұр сауларда,
Қызғаншақтың басынан бұлт аунар ма.
Қызғаныштан туады көрсоқырлар,
Соған перзент жасанды мылқаулар да!
1445
Арсыз сұм, жалмауызға кенелгенде ел,
Мейлі атаң яки, тіпті, енең деңдер,
Әйтеуір бордай тозып кетпеу үшін,
Бірдеңе десеңдерші, кемеңгерлер!
1446
-Ғафу ет, жетпейді екен төзім кейде,
Мұны рас ойлағаным көз ілмей де:
Сенде бар, құдай куә, шалқар ақыл!
Сол ақыл неге жау дәл өзіңдейге?
1447
-Тұрмыз ғой көк төбе-жер ортасында,
Өлімнен, шыныңды айтшы, қорқасың ба?
-Жаңа хал ғой ол бастан кешірмеген,
Судан да тайынбай ма шешінбеген…
1448
-Кетті ғой небір асыл достарымыз!..
Жөн енді қандай тілек қосқанымыз?
-Бас қосу жазсын кеткен ағайынға,
«Пейіштің гүл жамылған сарайында»!
1449
-Рас, Шәке, ән-Шәмші, ерте кеттің,
О да рас - сан сұлуды еркелеттің!...
Ал үшінші мыңжылдық гөзәлдерін,
Өзің болып аялар өз әндерің.
1450
Ұйықтасам ылғиында түс көремін,
Көбіне үлгермеймін түстеп өңін…
Бұл не? Әлде болғаны ма жанама өмір,
Көргенің – бөлшегі сол үстеменің?
1451
…Опасыз таң… көрдің бе ағарғанын…
-О, қу нәпсі! Тағы арбап, тағы алдадың!..
Сол екен ғой сүйіктім!..Ал мынаған
қызықсам да түк қызық таба алмадым…
1452
Бүтін өмір менде жоқ…жамау-жамау,
Бүтін көңіл о да жоқ…алау-жалау.
Сұм дүние су құйып сөндірді отты,
Қалғаны енді…баратын анау жақ-ау…
1453
-Күйдірсін, мейлі, ішіңді күйік түрлі,
Сөйлегін сөкет сөзден тиып тілді.
Онсыз да сызды қабақ бұ Жалғанда,
Абайсыз қарып түспе сүйіктіңді.
1454
-Қалғандай қара басып бір айыпқа,
Жабыға беру жанға лайық па?!
Адамға алау керек, ләззат керек,
Ал, кеттік, аздап сауық құрайық та!
1455
-Бәрі бар: бой да, ой да. Нағыз дана!
Шешен тіл берген Тәңір ауызға да.
Мына елге бұл кісі де жақпас па екен?
-Жақтырмас жақтырмаса жауыз ғана!
1456
Сөз де әдемі әдеппен әдіптелген,
Өзі де әбден әдемі дәріптелген…
Жалған күлкі жалғыз-ақ жасырмай тұр,
Залымдығын заңды ғып алып келген…
1457
Сұп-суықпын…суитын кез келді ме?
Әлде жүрек – мәңгі дос…өзгерді ме?…
Ұмытыппын… бәрін де. Ұмытыппын
Ғашыққа айтар демі ыстық сөздерді де…
1458
Білмеген соң өлшеуді немен нені,
Сен емессің кер заман кемеңгері!
Әлде өзіңе өзгеше өлшем беріп,
Ібілісің бірдеңе деген бе еді?..
1459
-Бақытың да бар еді жолығатын,
Дәулетің де бар еді молығатын…
-Бүгін соның бірі жоқ! Сонда бұл не?
-«Тағдыр» дейтін шығар-ау оның атын.
1460
Иманды болмасақ та құлай бүгін,
Иншалла, кеңейтуде дін айдынын.
Тек енді мүттәйімге қарғыс атқан,
Құдайым көрсетсе ғой құдайлығын!
1461
Түсімдегі мен пақырды аямастан қинады,
Азаптаушы жендеттерді Тәңірім де тыймады…
Оянып ап өңім басқа екеніне қуандым,
Жеткілікті болғанымен мұнда да әлгі «сыйлары».
1462
Алса да үлкен тізгін өкіметтен,
Ордада отырғандар отыр еппен.
Кішкене мекемеде біреулер жүр,
Бастары аласа боп көкіректен…
1463
-Болсада ортақ өмір, ортақ өлең,
«Өткенді сұрап, салма қолқа» деп ең.
Әйтсе де кешегінің көлеңкесі,
Ертеңге түсе ме деп қорқа берем…
1464
Болмайтұғын жайсызы не жайлысы
Қасіреттен аман дейсіз қай кісі.
Мың есе ауыр соғады екен сонда да,
Өз қайғыңнан сүйікті жан қайғысы!
1465
Бір байғұс жігіт айтты: «Пешенеме –
Жазыпты долы қатын, есер ене.
Үй-түнек, түзім-жарық, жаным-жара,
Жарандар, мендік мекен көшеде ме?!..»
1466
Бауырым, айналайын, қазағым-ай,
Жүрсек қой дос пейілмен, таза… былай…
«Көр менен орды өзіңе өзің қаз!» деп,
Кескен бе жаратарда жаза Құдай?..
1467
Шындықты салып өтсе дойыр бастан.
Жалғанға жақсы атаулы қойынды ашқан…
Бұл солай болған әлі болады да,
Тұрған да Өзімшілдік жойылмастан.
1468
Талайлар сыйлы баста бағыменен,
Байлықпен сыйлы…тағы, тағы немен?
Қарттар да сыйлы бізде… тек кейбірі
Сақалдың жеткен дейді ағыменен…
1469
Наданның бірдемені білем деуі,
Шымшықтың қаршығаны ілем деуі –
Күлкілі. Ал ең нағыз күлкілісі –
Аярдың аярлыққа күлем деуі.
1470
Шыңдарын Алатаудың аралап таң,
Жолдары жосып берді бар алаптан.
Жер-көкті кернеп кеткен бұл құдірет –
Моторлы адам емес. Заман аққан!
1471
«Алмайсың бұл елді енді күшпен ұрып,
іріткі салсаң жатар іштен іріп» -
қаны қас десе осылай, ойландық па,
Азаттық жүрмеуі үшін түске кіріп?
1472
Кеш, еркем…асықпашы…олай емес…
Шын тәтті ләззат жолы оңай емес!
Өйткені өтсе дәурен қалады есте,
Алғашқы отты сәтке орай елес…
1473
-Әр сөзіңде жүректің жатыр мұңы,
Мұңда өксік пе…әлде айқай, ақырғы үні?
-Оны естіген жалғыз жан сен боп тұрсың…
Жылы жауып қояйық, батыр, мұны.
1474
-Сорлы емес рух, иман, түр-ажардан,
Амалдап аман қалған мың ажалдан,
Елімнің ертеңін де сақта, Тәңір,
Сұқтанса сұмпайылау мына Жалған?!
1475
-Қапа боп қастығына кіл шіріктің,
Безінбе біржолата түршігіп тым.
Бәрі де ауысады алмакезек! –
Бұл заңы шет, шегі жоқ тіршіліктің.
1476
- Баяулап келіп, зымырап кеткен жылдар-ай!
Кейбірің кеніш, кейбірің жылтыр, жылмағай…
Тасып та жүрдім, жасып та жүрдім. Сендерге
бәрін де бердім. Бермедің бәрін…Бұл қалай?..
1477
-Дуылдап жатқан дүние түскен жоқ әлі қалыпқа,
Бәріне мұның кім ие? Адамдық бары анық па?..
Бесікте жатқан немере…шоши ма өзі, немене?..
Толқындар толқып басылар…Әжесі, тыншы. Қамықпа…
1478
Қарашы, ғаламшардың кеңдігіне!..
Кеңдіктен тағы бір ой келді, міне:
Ғаламның Адам титтей моделі ғой,
Тарылса, ол пенделік кемдігі де.
1479
Ентелеп естілердей алда бір ән,
Жүргенің, жүгіргенің – бар мағынаң…
Саңғырлап тұратұғын жансарайлар,
Өткеннің арылсақ қой салмағынан!
1480
Ұмыт болып әп-сәтте-ақ тасығаны,
Су сепкендей бұл көңіл басылады.
Тек әдеті – күнде елу жыл бұрынғы,
Қара жолмен ауылға асығады…
1481
Шәмшіні ойлантқанда «күнәлары»,
«Болар-ау, - деді ме екен, - бір амалы»?..
Сол амал – елі елтитін әні емес пе,
Елінің әнге айналған дұғалары?
1482
Талантсыз-ақ талпынып, тырмаланып,
Сөздің дәмін білместен жырға барып,
Ұятсыздық қылғандар ертең қайтпек?..
Ал қазірше қалқиып тұрғаны анық.
1483
Бір қаскүнем біреуді жылатады,
Біреу келіп ғайыптан жұбатады…
Бұл не? Адамзат балалық шақта ма әлі?
Олай болса, ол қанша сақталады?
1484
Құдай-ау, шын-ақ бастан өткен бе еді,
Мезеттер о да өртеп өпкен мені?!..
Бүгінде тек іште ойнап иірімдер,
Көңілдің көзден ұшты-ау көк белдері!..
1485
-Ақыл берші: жаныма бойлап қайғы,
Көзалдымда бұ Жалған ойнақтайды!..
-Жынданба, дос!.. Ал менің көңлім алаң…
Алаң көңіл ақылды ой ойлатпайды.
1486
Көз сөйлеп тұр: «Жанға жоқ ем қонар күн!
Үміт те өлген – демеймін енді оңармын!...»
Аяп кеттім…Ал неге ол мені аяды?..
Мүмкін оған бір серік мен болармын?..
1487
Күн туса жоқ бәлені туыс тізген,
Таппассың паналайтын қуыс түзден.
Жылатқан Абайды да заманы емес,
Замандас запыран мен у ішкізген!
1488
Ән асып құба қырдан алты қатар,
Кеңейіп кетті өмірдің қалпы да тар!..
Қарашы, қалқам, үнің нұрға айналды,
Аралап жансарайды жарқыратар!..
1489
-Алып ең ғой әр кезде-ақ алынғанын,
Әлі де аздық қылды ма бағың, барың?
Неге атыңды таңбақсың Келешекке,
Жүріп оның кескілеп тамырларын?!
1490
Сайлау келді!.. Енді жұрт таласады,
Теңгеріп ап асқарға аласаны.
Тұлпар, тұғыр тоғысқан бір аламан…
Мүмкін бізге осы да жарасады?
1491
Кез болса сұлу көңіл пәрін ашқан,
Құмарлық құрық бермей әлі қашқан,
Бұл не хал?.. Құштарлық па ақырғы рет
Шырқауға махабаттың әнін асқан?
1492
-Сенуменен сенімге ел сенбеген:
Фәниден де бір жұмбақ көрсем деп ем.
Бейкүнәға мұнда оны қимайды екен…
Осындайдан шықпай ма өлсем деген?
1493
-Дейсің бе саудайылар міз бағады?!
Ал залым сенен бәрін қызғанады.
Өзіңмен өзің бол да істе ізгілік,
Қайтсе де ізгіліктен із қалады…
1494
Деместен «бақида ылғи жай табалық»,
Фәниге келсе Лұқман қайталанып,
Таныр ма ек?.. Танысақ та бір нақұрыс:
«Несі артық менен!» деп те айтары анық.
1495
-Сен айналсаң қарсы емен сыйласыма,
Тек күтпегін жүректей сыйды асыға.
Түске де енбе. Өйткені ол арналады,
Бақиға озған менің ең қимасыма!
1496
Ақын жанды айтшы өзің, шалсынар кім?!
Олай десең, оллаһи, арсынармын.
Кел, ішейік француз бал шарабын,
Райханын қабыл ал парсылардың!..
1497
-Бір шындық бас игізер ұғымдыны
(Білдірдің, сәулетайым, бүгін мұны):
Көркем ғой Көк те, Жер де! Бірақ, бірақ,
Әлемнің тәжі - Әйел Сұлулығы!
1498
-Өзің ең ғой «жанымыз үндес» деген
(Ал мен сені бұл жағын білмес деп ем).
Бар айырма – жас болса, нартәуекел!..
Тәуекелсіз ғашықтар күн кешпеген!..
1499
Шарт сынып бір күндері өмір-шынар,
Шақырып ақиретке зор үн шығар.
Бітер-ау сөйтіп мендік драма да,
Достарыңызбен бөлісу: |