Арман да, арман, шын арман



бет6/8
Дата05.11.2016
өлшемі4,7 Mb.
#456
1   2   3   4   5   6   7   8

Мұрын және Байжігіт
Дүниеге адам кезек мекендейді,

Кейбіреу өткен істі бекер дейді.

Көргенді, естігенмен дәл айтқан жөн,

Бұл тарих бұрмалауды көтермейді.


Өткеннің артығы бар, кемі де бар,

Боларлық артық пен кем жөні де бар.

Адам жоқ көргенменен нақ білетін,

Тозатын уақыт өтіп кезі де бар.


Сөйлейін бұл арада Мұрын жайын,

Ұғындым Маусекеңнен оның жайын.

Жазсам деп бұл туралы жүрсем дағы,

Жүруші ем келтіре алмай бір ыңғайды.


Жазайын Байжігітті жалғасында,

Тіл-жаққа жәрдем берсін бір құдайым.

Ауызға ап аруақтарды еңбегің үшін,

Өлең қып аз да болса шығарайын.


Келтірсе қызыл тілім сөздің ебін,

Арманым қиялдаған емес тегін.

Ұмытып ұрпақтарым кетіп жүрер,

Дүниенің кім болжайды келешегін?


Өлеңге жастар құмар сөзден көрі,

Азды-көп бұл туралы бар еңбегім.

Мен дағы арманымнан шыққандаймын,

Азырақ кейінгіге тисе себім.


Найманда Байжөке [1] атты болды құт-бай,

Десетін шынайы құт халық сырттай.

Бай ұлы алшаңдаған бәйбішеден,

Дәулетбай, Мыңбай менен Көкпай, Шотбай.

Бағыбай, Кенжебаймен алтау екен,

Атайды күні бүгін ел ұмытпай.

Жылқышыбай, Серкебай бір анадан,

Бірінсіз тату өскен дәнін жұтпай.

-----------------------------------------------------------------

1 (Бейсенқали Садықанұлы 1996 жылы тамызда маған әсілі “Найманда Байжөке ) атты болды құт-бай” емес еді. Дұрысы “ Матайдада Байжөке атты болды құт-бай” еді, қате басылып кеткен көрінеді, негізінде мен қате жазып жіберген болсам керек деп еді.)


Бұл байға мыңнан аса қара бітті,

Бақытты заманында жаралыпты.

Лықсып неше мың қой өлкені алып,

Бақыты қақ жарыпты қара бұлтты.


Бұлардың әр-біреуі бір-бір ауыл,

Туысқан ағайынды аға-бауыр.

Мекені Қалба таудың кең алқабы,

Бір шеті мекенінің Алтай-Сауыр.


Қазақта әрбір түрлі болады ырым,

Болады кейі дұрыс, кейі қырын.

Жайлауға ел жайланып қонысымен,

Шұп-шұбар жолбарыстай туды құлын.

Енесі бұл шұбардың қулық бие,

Тумаған жануар еді бұдан бұрын.

Енесі туысымен өліп кетті,

Бай айтты: Жақсы асыра мұны бірің.


Жануар жолбарыстай шұбар екен,

Шұбарға Байжүке бай құқмар екен.

Мүсіні жануардың малдан бөлек,

Жылқы да осындай боп туады екен.!?


Құлынға сүт береді шелекпенен,

Емізді әр биеге кезекпенен.

Тоймайды бір биеге емізгенмен,

Беретін болды ақыры көнекпенен.


Бай ішер қыста қымыз қысыр сауып,

Бие сауым болмай ма ауық-ауық!?

Сауыншының болса егер көзі таса,

Шұбар ішіп кетеді ебін тауып.


Тай болып шыбар құлын өсті бұла,

Жылқыда бұдан бойшаң тумас сірә!?

Құнаннан енді дөнен шыққанында,

Биігі қара нардай болды тура.


Қысырақ дөненінде салды матап,

Шұбарды Серкебайға беріпті атап.

Көрікті, әрі жорға әрі жүйрік,

Табына шыбар деген жайылды атақ.


Жорғасы су төгілмес жайқалады,

Теңселіп жан-жағына найқалады.

Жорғасын қуса дағы бір бұзбайды,

Халықтың таңырқайды байқағаны.


Үйірі қалай жүрсе соңына еріп,

Таңданып, таңырқайсың тұрсаң көріп.

Бөріні үйіріне жорлатпайды,

Белестен бой көрсетіп, атой беріп.


Бұл шұбар таңырқатты көрген елді,

Қызығып бұл шұбарға әркім төнді.

Қыстауға жаз жайлаудан беттер кезде,

Бар жылқы бұл шыбардың соңына ерді.


Ат алып бұдан әркім саңлақ мінді,

Сегіз ұл бұдан атты таңдап мінді.

Ел құлағы елу деп айтар қазақ,

Қазақ тұрғой шұбарды қалмақ білді.


Руы Қаракерей Наймандағы,

Байлықпен сауық құрып, сайрандады.

Төркіні бәйбішенің Үйсін еді,

Мезгілі болса керек жайлаудағы.


Мекені Қалбадағы Қызылбұлақ,

Айтайын аз әңгіме салсаң құлақ.

Күнінде қой мен сиыр екі сауын,

Жер екен мал болатын жетім лақ.


Қасына бес адамнан атқосшы алып,

Үйсінге бай кетіпті жолаушылап.

Үйсінде атақты бай қайны екен,

Жатыпты он бес күндей аунап-қунап.


Қайыны үйсіндегі Дәулеткерей,

Бұл дағы шалқыған бай, емес кедей.

Бір жұрты ержігіттің қайын жұрты,

Емес пе тіршілікте үлкен мерей!?


Бір күні Байжөке бай түс көріпті,

Түсінде қорқынышты іс күріпті

Түсінде дауыл соғып, қараңғы боп,

Тынысы дем ала алмай бітеліпті.


Тұншығып, үні шықпай қысылыпты,

Өлдім деп хаққа мойын ұсыныпты.

Ауылын сегіз ұлдың түк қалтырмай,

Түтін қып долы дауыл ұшырыпты.


Ықтатып барлық малын дауыл айдап,

Шулапты шошынғаннан а, құдайлап.

Шағылып шаңырағы түгел қирап,

Желменен талқандалып ауыл-аймақ.


Ұйқыдан ояныпты қатты шошып,

Көрмеген өзі туып мұндай жосық.

Оянып түсін айтып қайынына,

Қайтайын, жатпайын деп енді тосып.


Жиып ап түсін айтты қайынына,

Күйзелді түстің жетпей байыбына.

Не жазса көрмек болды тәңір ісін,

Жетеді кімнің көзі ғайыбына.


Шошыды мына түстен қайындары,

Әр біреу әрбір түрлі пайымдады.

Қайткенмен бір ғаламат болды десіп,

Барлығы қатты қорқып уайымдады.


Қос-қостан жорға, жүйрік жетелетіп,

Берелік сәлемсауқыт дайындады.

Шығарып күндік жерге әкеп салып,

Қоштасып қайтып кетті қайын жағы.


Жөнелді күн-түн демей бұлар жортып,

Қобалжып шошынғандай жүрек қорқып.

Қайткенмен бір апаттың белгісі деп,

Лоқсып қысылады кейде толқып.


Бұлардың хақтың ісі ойын бөлген,

Түсінде қорқыныштың жайын көрген.

Сапарда Байжөке бай жорта берсін,

Сөйлесейік енді әңгіме кейінгі елден.


Ұқсайды ел сарыны соққан желге,

Жайылды шұбар даңқы елден елге.

Кеңесті Доржы жиып құрбыларын,

Жігіттер, отырайық құр белерге.


Шұбарын Байжүкенің алайық деп,

Бір дүбір күш көрсетіп салайық деп.

Ел қайтып, өртеп тауға беттер кезде,

Жүз кісі аттаныпты барайық деп.

Басшысы барлығынаң Доржы болып,

Осы ойға бекініпті лайық деп.


Сайланып бұлар шықты өз елінен,

Базардың шұбай өрлеп өзегімен.

Сөйлейін момын елдің сорлағанын,

Келеді бақ пенен сор кезегімен.


Мекені Байжүкенің Қызылбұлақ,

Жайлаудан қайтқан кезі қайта құлап.

Құлдатып Көкпектіге қондырмақ боп,

Жылқысын сегіз ауыл салды жинап.


Аяғы Көкпектінің Қылы [1] құйып,

Жеткенше күншілік жер шалғын-құлақ.

Жылқысы алдыменен отарлату,

Келісіп тұрады екен байлауға ұнап.


Жалғасы Көкпектінің Бала Өртең тау,

Бетеге, бұл еспеге бітпейді қау.

Ортаға жылқышылар қонатұғын,

Бойында Көкпектінің кең бие бау.

Момын ел малын баққан шаруа қуып,

Қапыда кім ойлаған келеді деп жау.


Сауық қып сегіз мырза тамашалап,

Жылқымен қатар көшті жанасалап.

Сегізі бие байлап, тай сойғызып,

Қондырды Серкебайды ауашарақ.


Шығысы Өртең таудың Суатбұлақ,

Аяғы Қурайлыға ағар құлап.

Қолында Серкебайдың Қайша анамыз,

Мінезі ел-жұртына тұрады ұнап.


Сегізін Қайша анамыз тең көреді,

Ақымен барлығын де меңгереді.

Барлығы апатайлап тұрғаннан соң,

Қалайша балаларын кем көреді.


Бұларда еш белгі жоқ алалықтан,

Биледі бәрін Қайша даналықтан.

Ақылмен ептестіріп түзетеді,

Істесе кей бір істі балалықтан.

------------------------------------------------

1 Қыл - өзен аты


Көрмеген бәйбіше де тілден шығып,

Ақылмен басқарған соң сырын ұғып.

Жаманнығ ақылы таяз, арам ойлы,

Жүретн қастандығын іште тығып.


Барлығы ойнап-күліп жатып еді,

Күн күйіп, кешке жақын батып еді.

Ырымдап күн күйгенін жаман іске,

Қайша апаң бәйбішеге айтып еді.


Бәйбіше ішін жимас момын еді,

Ақылы Қайша апаңның артық еді.

Бір дүбір жерді жарып солқылдатты,

Сібірлеп таңда жаңа атып еді.


Дүбірлеп бір топ адам жетіп келді,

Төсекте ұйқылы ояу жатыр еді.

Сегізі кешке жақын тойға кеткен,

Барлығы мұндай істен ғапыл еді.

Дейтұғын Құлдагелді бір ағайын,

Той жасап, қыз ұзатып жатыр еді.

Сегізі Байтөкенің даңқы шыққан,

Жау көп деп қорықпайтүғын батыр еді.

Сездірмей бейқам елге араласқан,

Төбеден түскен неткен жасыл еді.


-Жылдам шық, үйде бар ма қазақ, -деді,

Аялым тез кетемін аз-ақ, -деді.

Кетуге жөн айтқалы келдім мұнда,

Жылқыға келіп тиген қалмақ!- деді.


Жылқыны алып шықтым түгел тиіп,

Еш адам беттемеді есін жиып.

Кетпейтін қостан өтіп салтым еді,

Дәм татып кетейін деп ауыз тиіп.


Жүгіріп үйден шықты Қайша ана да,

Бөтен сөз сабырлы адам айта ала ма?

Бір аяқ томыртқалап сусын берді,

Бір Алла ой түсіреді Қайшаға да.


Еш адам төтеп бермес мына жауға,

Халайық біреу ойда, біреу тауда:

-Қазақтың қалмақпенен жосыны,- деп,-

-Батырым, сұрай кетті, бер! -деп сауға.


Шұбардың батыр болсаң біреуін бер,

Тарылмас бір жылқыға өзіңдей ер.

Жылқыда шұбар айғыр өзі жорға,

Осыны жігіт болсаң әкеліп бер.


Доржы айтты:- Әкеліп бер ұстап,- деді,

Қолына нақтап әкеп ұстат, -деді,

Иіріп осы араға алып келіп,

Шалма салып ұстаңдар нұсқап, - деді.


Шұбарды үйірілген келді үйіріп,

Кім білсін ұстата ма дәм бұйырып.

Бір қызса тоқтамайтын хайуан еді,

Тұс-тұстан қаптаса да жұрт жиылып.


Алдынан Қайша шықты шелек алып,

Басында осқырса да белең алып.

Ішінде түнде сауған сүт бар еді,

Шелекке басын сұқты келе салып.


Ноқталап ұстап алды ана барып,

Барлығы таңырқасып қарады анық.

Үш күрең шауып келіп о да тұрды,

Төртеуін Қайша анамыз қалады алып.


Басқасын жөнелтіпті жаулар айдап,

Шұбарды жүген салып алды байлап.

Жылқыны жаудың алып кеткенінен,

Хабарсыз қала берді түгел аймақ.

Сегіз ұл тойға кеткен білген де жоқ,

Бар малдан айырылғанын соры қайнап.

Жылқыны иен жатқан жиып алып,

Кетті жау мәз болысып, гүлгүл жайнап.


Сегіз ұл тойға кеткен бір күн бұрын,

Ғайыптың адам болжап білмес сырын.

Ауылында Құдагелді той бар еді,

Арасы екеуінің ат шаптырым.

Жылқышы ауылдағы азаматтар

Тастамай алып кеткен бір де бірін.


Ауылда Құлбай деген малай бала,

Қорада еркек кіндік осы ғана.

Біреуін үш күреңнің жайдақ мініп,

Жөнелді мырзаларға хабар сала.


Халыққа аттан салып хабар айтып,

Тұтқиыл пәле бар ма бұдан артық.

Жүйрікпен бала шауып келе жатса,

Сегізі келеді екен тойдан қайтып.


Баланы бұлар көрді шапқан жайдақ,

Таңырқап алғашында тұрды абайлап.

Естіді мырзалар мен жылқышылар,

Жылқыны әкеткенін қалмақ айдап.


Жылқыны әкеткенін бұлар біліп,

Ұғынса жауға кеткен бар сайгүлік.

Қуайық жиырмамыз ізіменен,

Қыламыз бұдан қалып не тіршілік?


Бір-бірден талдан алды сойыл кесіп,

Осымен айқасуға жауға кіріп.

Естияр ақыл айтар жан болмады,

Азырақ тоқтатарлық сабыр қылып.


-Жылқының біз қалмайық қарасынан,

Тосайық, төте қуып Қарасудан.

Құлбай сен артқы жаққа бар хабарла,

Басқадай табылмады шара осыдан.


Деді де тура шапты бөктерменен,

Белгілі жолды тастап шет жерменен.

Келеді Қурайлыға тура тартып,

Болды деп артқа қандай ескермеген.


Жылқы айдап жеткен екен жау да жуық,

Сойыл сап дүркіретіп айдап қуып.

Тынымсыз екі тәулік күн-түн жүріп,

Осы екен келген кезі айдап суыт.


Жылқыны Қурайлыға айдап келді,

Қуғыншылар бір іске байлап белді.

Қарауылдап, аңдыған артқы жағын,

Алыстан жау бұларды байқап көрді.


Алыстан қарауылшы көрді бойлап,

Алдымен қарастырды амал ойлап.

Садақшылар тасаға тығылыңдар,

Мыналар байқаспақшы бізбен ойнап.


Қарасу арғы жағы, бер жағы тал,

Осыған тура кірді айдаған мал.

Жан өтпес Қарасудың екі жағы,

Тұңғиық арғы жағы су орған жар.


Осыған қуғыншы кеп тығылыпты,

Келмес деп осы араға ұғыныпты.

Әккі жау бекіністі біледі екен,

Кіріпті жастар білмей тұңғиықты.


Қапыда жастар кірді сырын білмей,

Ерлікпен және ашумен көзін ілмей.

Қамалып қалың жылқы аралыққа,

Тіреліп биік жарға қалды жүрмей.


Жан-жақты қамап алды қалың қалмақ,

Біреуін осы арадан жоқ шығармақ.

Ажалға алып келді мал ашуы,

Қалмақтар қойған екен бұрын барлап.


Хабарсыз қайран ерлер келді жетіп,

Атына қамшы басып екпіндетіп.

Өткелге анадайдан көз жіберсе,

Өткелден кеткен екен жылқы да өтіп.


Ерлерді намыс кернеп ашу қысып,

Іркілмей Қарасуға кетті түсіп.

Қанды қол аясын ба аңдып тұрған,

Садақпен тұс-тұс жақтан қалды көсіп.

Аңдыған жау аямай атқан жерде,

Құлады кезек-кезек аттан ұшып.


Қалмақ елі ата жауы елдеспеген,

Ерге арман жағаласпай, белдеспеген.

Қырылып бір орында он тоғызы,

Өлмепті бір жылқышы Ермек деген.


Қамады тұс-тұс жақтан түгел қалмақ,

Қапыда осындайлық түсті салмақ.

Ат шауып, сойыл сілтер шама болмай,

Өкінді ылаж бар ма тістеп бармақ?


Жылқыны қалмақ қамап иірімге,

Қалың жау алды-артында, бүйірінде.

Дұшпанмен слйыл сілтеп соғысуға,

Мұршасы келмей қалды бірінің де.


Қалмақтар қарап тұрды көзбен көріп,

Тоқтатты айдағанды атой беріп.

Қалғаны суға түспей қайта шықты,

Жағалап Қурайлыны жөнелді өріп.


Жайланды қалмақ көңілі шұбарды алып,

Бұрыннан аңсары ауған құмарланып.

-Осы жерге енді еркін дем алайық,

Келгенін қарасуға нығарлайық.


Кірісті дем алуға аттан түсіп,

Жайланып, ас әзірлеп суын ішіп.

Шығарды қарауылға он бес адам,

Іріктеп адамдарын деген пысық.

Үш тәулік тыным алмай жортуылмен,

Ұйқыға кетті олар да мұрттай ұшып.

Ақыры барлығы да ұйқы салды,

Атының жүре алмады жалын құшып.

Қан қарызы, ел дәмі жіберсін бе,

Басталды осы арада бұларға ұшық.


Шұбардың босанған соң үйірлері,

Жайылып шыққаннан соң бүйірлері.

Топталып, кісінесіп, есін жиып,

Біріне-бірі келіп иіріледі.


Жөнелді шұбар бие қайта бастап,

Қалмақтар жатқан кезде иен тастап.

Өртең тау, Көкбелтіні бетіне алып,

Шұбырып келе жатыр түнге жастап.


Таң шеті келесі күн білінгенде,

Шетіне өртең таудың ілінгенде.

Асығып тынбай жүріп жерін танып,

Тоқтады қалың жылқы жүруден де.


Сол күні бай келіпті сапарынан,

Өтіпті бір жарым ай қатарынан.

Келсе елі бұлқан-талқан болып жатыр,

Шошынды жұрт жиналға жасағынан.


Естіді жылқыны жау алғандығын,

Қапыда елі-жұрты қалғандығын.

Жетем деп Қурайлыға таңнан бұрын,

Артынан сегіз ұлдың барғандығын.


Жүргенін қалмақ бұрын құмарланып,

Бұл жайды бұдан бұрын ұға алмадық.

Қалмақтың жортуылшы батырынан,

Қалғанын Қайша апаңның шұбарды алып.


Бұрын да байды қайғы басқан күйік,

Дәм татпай, ұйқы көрмей іші күйіп.

Қууға жылқы артынан халайыққа,

Айтыпты мына сөзді елін жиып.


- Жиылған осы араға халқым менің,

Қамыма күйзеліңдер жалпың менің.

Арман жоқ жылқы кетсе бас аман боп,

Қорқамын не болды деп артым менің?!


Жау тиді қапылыста бүйірімнен,

Пайда не іс өткен соң күйінуден.

Көп адам қапылыста жарым болған,

Шошимын Қарасуда иірімнен.


Көп адам қапы кеткен бекінем деп,

Ойланып осы арадан өкінем бек.

Білмеймін балалық па, аңғалдық па,

Қуғанмен жиырма адам не бітірмек?


Соны айтып атқа мінді елін бастап,

Қалмақтар жылқыны алып Сауырды аспақ.

Ақжар мен Маңырақты кесіп өтіп,

Келген бар білетұғын жерді бастап.


Байекең келе жатыр осыны ойлап,

Қауіппен балаларын шошып ойлап.

Қаупі бар үйсіндегі көрген түстен,

Бұл істі жүргені жоқ тосын ойлап.


Ту ұстап Есенсары келе жатты,

Жүрісі бірде баяу, бірде қатты.

Бауырлап Өртең тауды еңкейгенде,

Нор қара халайықты таңырқатты.


Көз салды таңырқасып тұра қалып,

Жуықтап қалған кезі таң ағарып.

Нақтылы жылқы екенін таныған соң,

Шын қауіп қуғыншыдан қылады анық.


Қос тәулік қазірге шек өткен екен,

Жеріне жылқы жетті еткен мекен.

Оянып келесі күн таң атқанда,

Қалмақ та қайта қуып жеткен екен.


Сол кезде айқындалып таң да атқан,

Нұр шашып күн де шықты шығыс жақтан.

Жылқыға көз жіберіп тұрғанында,

Таныды қалмақтарды келе жатқан.


Ойлады қуғыншылар барған екен,

Ойранды шамасынша салған екен.

Соғысқан екі жағы арпалыста,

Айырылып жылқыдан жау қалған екен.


Дегенше жау да көзге нақ көрінді,

Жылқы үркіп дүбірменен қақ бөлінді.

Шалдығып жаудың аты қалған екен,

Ашулы ел жасағы мол шын тебінді.


-Батырлар, Есенсары, Есенгелді,

Деді жұрт, - қайтар жаудан есеңді енді.

Екі жағы айқасып соғысқанда,

Жау жүз болса, жасақтар бестен келді.


Айқасты, қалмақ-тағы тартынбады,

Кезекпен соққан шоқпар сартылдады.

Тілегенге сұраған деген осы,

Еңсеріп елдің күші жарқылдады.

Ұшырып жалғаз өзі бір талайын,

Қайраты Есекеңнің тасқындады.

Жасынан сан сайысқан Байжөке бай,

Талайын аш бөрідей алқымдады.

Көпке топырақ шаша ма бірер жүз жау,

Жеңіліп қайта қашты там-тұмдары.


Артынан өшіккен ел талмай қуып,

Күн бойы тыным алмай қашты суыт.

Өткенде Тебіскеден Ырғайлыға,

Жүз адам қос-қос атпен жетті жуық.


Қашқандар жиырма адам қуғандар жүз,

Жапырып көк шалғынды жосылған із.

Батыры Дода доржы жаралы боп,

Шаба алмай келеді екен боп дәрменсіз.


Көлденең сонда-дағы тұра қалды,

Кімсің деп Байжөке бай сұрап алды.

Өзімін ер Доржының дегеннен соң,

Мойынын әдейілеп бұра қалды.


-Сенбісің жатқан елге салған бүлік,

Елімнің тыныш жатқан шырқын бұзып.

Жөніңді айт қуып келген ерлер қайда,

Алайын шылша бұрап мойныңды үзіп.


-Ей, батыр, соғыспаймын, жаралымын,

Шынында мен тиістім, жазалымын.

Қамалды бекінем деп иірімге,

Солардың мен байқадым балалығын.


Тығылып кейін ұқтым бекінгенін,

Байқадым бекінем деп өкінгенін.

Садақпен дәлдеп атып аңдып тұрып,

Барлығын Қарасуға кетіргемін.


Деп айтып қолын созды садағына,

Қар жауып қатуланып қабағына.

Садағын атқызуға мұрша бермей,

Сарт етіп шоқпар тиді қабағына.


Садаққа қол созыпты жанталасып,

Емес пе өскен тұқым қан жаласып.

Қайта айналып найзамен шанышқанда,

Өкірді денесінен қаны қашып.


Барлығын жиырманың түгел қырып,

Ат-тонын алып кетті түгел жиып.

Қайтадан елге қарап жүріп кетті,

Бойында Тебіскенің аз тынығып.


Қайтадан Қарғыба мен Базарды өрлеп,

Бетке алып Өртең тауды кетті керлеп.

Боғасты Доңшұбармен кесіп өтіп,

Дем алып орта жлда ыңғай елдеп.


Қарады Қурайлыдан өліктерін,

Бар ма деп тірі қалған серіктерін.

Жаралы болған жігіт ол да өліпті,

Жерледі жаназалап кезіккенін.


Барлығын жіберіпті суға тастап,

Келгенге шара бар ма ажал бастап.

Айырылды Байжөке бай сегіз ұлдан,

Тағдырдан ажалды адам қалай қашпақ?


Қайтадан мекеніне жиылды елі,

Қан жұтып жиырма ерге күйінді елі.

Ел-жұрты Байжөкеге көңіл айтып,

Хатым қып, ел жиылып нәзір берді.


Жылады Байжөке бай жасын тыймай,

Өлуге уақытсыз жанын қимай.

Екі ана әсіресе есалаң боп,

Ас ішпей жатып алды күн-күн тұрмай.


Елуден қалған кезі асып жасы,

Ағарды қайғыменен сақал-шашы.

Жұбаныш біраз уақыт болар еді,

Қалса егер ең болмаса қарындасы.


Жылады күні-түні Байжөке бай,

Бай еді барлық жақтан дәулеті сай.

Айырылып сегіз бірдей қыршын ұлдан,

Үстіне жалғыз күнде түсіпті жай.


Болған іс, өткен өмір, жалған емес,

Қолыңнан келмеген іс арман емес.

Ержетті сегіз ұлдың балалары,

Иесіз дүние әр кез қалған емес.


Адамға қиын емес берсе құдай,

Болады пендесінің көңілі жай.

Сегіз жыл өткенінде бір қыз туып,

Есімін айды есептеп қойған Жүзай.

Артынан бәйбішесі бір қыз тауып,

Аты ұйқас болсын деп қойған Қызай.


Жүзайды Байыс алды жасы толып,

Қазақтың салтыменен құда болып.

Іргелі Орта жүзде құтқа айналды,

Басына Байыс байдың бақыт қонып.


Жүзайдың Мұрын деген лақап аты,

Бақыт пен кем болмаған ерден заты.

Мал мен бас қатар бітіп бақыт қонды,

Алланың жаратушы рақыматы.


Дейді жұрт Мұрын деген жердің аты,

Қалдырған бұрынғының бізге хаты.

Өсіпті Қаратаудың тұмсығында,

Бір шеті Қаратау мен Арғанаты.


Жүзайдың Мұрын деген лақап аты,

Жүзай деп қоюы анық ата-анасы.

Кейбіреулер мұрны үлкен екен дейді,

Бей ғайып бізге дағы осы арасы.


Мұрыннан Сармырза мен туған Мақта

Бір құдай күпірліктен өзің сақта.

Байыс байып болыпты елге әйгілі,

Сыр менен Қаратауда жүрген шақта.


Ақымбет бір анадан Сыбан туып [1],

Отау боп өз алдына көтерді уық.

Бір жеңге, бір келінін Байыс апты,

Әменгер деген атпен нәсіл қуып.


Бұлардан Шүрентай мен Қыржы туған,

Бәрі де көктал болып шықты нудан.

Жиыны Байыс байда бес ұл болып,

Кейінгі ұрпақтары жолын қуған.


Байыстың Мақта деген жалғыз қызы,

Елге анық жүрген жолы, басқан ізі.

Мақтаны Тоқтар деген қожа алыпты,

Жігіттің емес екен талапсызы.

----------------------------------------------------------


  1. Оразбике деген әйелінен туған ұлдар

Байжігіт, Жанжігітпен екі ұл тапқан,

Пендеге не жазса да жалғыз қақтан.

Еліне Жанжітті ап Тоқтар кеткен,

Бұйрықпен дәмі тартып батыс жақтан
Өз ұлы бәйбішенің болған алты,

Мырза деп атандыру елдің салты.

Ұрпағы алты ұлының өсіп-өніп,

Тараған осылардан Мұрын халқы.

Жолымбет, Жобалай мен ер Бәйімбет,

Үш ұл бар бәйбішеден емес жалқы.


Білсеңіз аты Көнші кіші анамыз,

Мұрын деп айтылатын нысанамыз.

Осы кіші шешеден туады екен,

Берді, Көшек, Қаңлыбай – үш ағамыз.


Бір ғайып өткен өмір білінбейді,

Ер жігіт іздейді өнер түңілмейді.

Біреуі бес Байыстың Сары мырза,

Халайық күні бүгін Мұрын дейді.


Ұрпақтары он жеті болған болыс,

Жетісу, Сарыарқаны қылған қоныс.

Ұрпағы он екі жарым мың үй бопты,

Бодан қып аларында санапты орыс.


Іс түсер ретімен арнасына,

Дәл шығу екі талай алғашында.

Әзірше осы араға тиянақтап,

Келейік сөзіміздің жалғасына.


Айтамыз Мақта менен Тоқтар жайын,

Қайталап ол туралы тоқтамаймын.

Айтайық Байжігіттің үйленуін,

Мақтаның іздеп құда тапқан жайын.


Енші алып бөлек ауыл болған Мақта,

Болыпты қадірменді жақын-жатқа.

Аралап малдың ішін келгісі кеп,

Зерігіп ат ерттепті бір уақытта.


Аяңдап келе жатты атқа мініп,

Аралап малдың жайын-күйін біліп.

Адам боп Байжігіт те жетіп қалды,

Бұл дағы бас құраса қып тіршілік.


Мінгені астындағы күрең жорға,

Ұйтқиды қозған сайын оң мен солға.

Әр үрлі ой, тәтті қиял көңілін бөліп,

Бір құдай жалғызымды өзің оңда.


Жасымнан ата-анамның еркесі едім,

Қоңыраулы қой ішінде серкесі едім .

Қожамен құдай қосып жолдас болып,

Жалындай қаулап жанып, ерте сөндім.


Қызығын енді көрсем жалғызымның,

Үстінде ойнақтап жүр нар қызылдың.

Біреуге құдай қосып құда болса,

Ендігі осы емес пе бар қызығым.

Біреуге өзі теңдес атастырсам,

Бағына кім кезігер жалғыз ұлдың.

Келеді қиялменен баяу жүріп,

Барлығын елестетіп өткен күннің.


Мекені жаз жайлайтын Қызылсу, Шар,

Мақтаның өзіне тән дәулеті бар.

Қос салып Мұрын анам енші берген,

Алдында өзінікі жайылған мал.


Алдында келе жатса қос көрінді,

Маңайы тұрған қостың бос көрінді.

Түсуге осы қосқа көңілі ауып,

Бір Алла елжіретті дос көңілді.


Қалың қос, тіккен үй жоқ бәрі жаппа,

Халықтың әдеті осы көшкен шақта.

Көз салып төңіректі тамашалап,

Ортадағы үлкен қосқа түсті Мақта.


Алдынан дыбысты естіп бала шықты,

Кестені қолындағы ала шықты.

Тамаша, абайласа салған өрнек,

Бұлына салған өрнек жарасыпты.


Түсірді үйіне әкеп атты байлап,

Төрге әкеп қоңыр кілем салды жайлап.

Ес-дерті қызда болып, бойы балқып,

Ойында армандаған қиялды ойлап.


Балаға сөз сөйледі жауап қатып,

Отырды бала сөйлеп аз тіл қатып.

Шай қойды мосыға әкеп шәугім іліп,

Кетіңіз дейді апа сіз дәм татып.


Отырды жайлап салған орынына,

Қарайды жалтақ-жалтақ порымына.

Көңілім тынып, пейілім көншір еді,

Бұл бала ие болса орыныма.


Білуге бала жөнін асық болды,

Осындай қиуасыздан нәсіп болды.

Әкелді түрлі тағам шайыменен,

Бала екен бек сыпайы, ашық қолды.


Баладан аздан кейін сұрады жөн,

Азырақ төрде отырып алған соң дем.

Жөн сұрау үлкендердің әдеті ғой,

Жөніңді айт қонағыңа, қарағым сен.


Ей, балам, алдымен айт әкең атын,

Әкенің руы мен білсең затын.

Өз атың кім болады, қарашығым,

Тарасын әңгімемен берген асың.


Қарады аз жымиып езу тартып,

Дегендей отыр неге тым құмартып.

Әдеппен сыпайылап «Сіз» деп бастап,

Кідірмей аты-жөнін беріпті айтып.


Бақберді - әкем аты, атым – Бүрлен,

Әдет қой үлкендерге сұрап білген.

Бағана әке-шешем тойға кетті,

Отырмын сол себепті шықпай үйден.


Матаймыз. Батыс жақта Қалбадағы

Көшеді біздің ауыл бүгін түннен.

Күн қызбай Қайыңдыға қонды ауыл,

Сұрайын жөніңізді енді сізден.


Бала да жауап қатты жөнін сұрап,

Қуанды айтқан сөзі көңілге ұнап.

- Төменгі біздің ауыл шар бойында,

Келіп ем малды амандап, жолаушылап.

Болғанда әкем Байыс, атым Мақта,

Жолдассыз өзім жалғыз жүрмін бірақ.


Мына мал беткейдегі менің малым,

Малымыз басқа байдай емес қалың.

Мұрынның жалғыз қызы атым Мақта,

Нақ шыным, жалған айтқан емес жанмын,

Ұлым бар жалғыз ғана екі-ақ жанбыз.

Сырды айттым баласынбай саған жаным.

Алладан үмітім бар айтарым сол,

Үлгілі бала екенсің алған тәлім.


Жымиып езу тартты бала күліп,

Тұрғандай бір нәрсені іші біліп.

Қандырып шаймен бірге ниетіне

Шығарды қолтығынан аттандырып.


Ауылы қызылсудың жағасында,

Төменгі Шарға құйған сағасында.

Дәт қылып үйінен дәм татпай тұрып,

Асығып жетіп келді ағасына.




  • Ей, аға, жетіп қалды Байжігітің,

Ойлаған ұнатсаңыз бар үмітім.

Бір қызды осы өңірден көріп келдім,

Құмарттым құдіретпенен көріп түсін.

Әуелі ертең ерте көшеді екен,

Бұл жерде еру екен бүгінгі түн.
Секілді бұл ауылдың заты Матай,

Атасы Матайдың да Төлегатай.

Осыған құда болу ниетім бар,

Беріңіз жауабыңның жөнін атай.


Бақберді екен аты әкесінің,

Бүрлен деп қойған екен қыз есімін.

Дейді екен бұрынғылар ат аспаннан,

Айтыңыз ендігінің сіз шешімін.


Қоныңыз әзір атқа ұнатсаңыз,

Ұғарсыз ендігісін сұрасаңыз

Егерде көңіліңізге ұнай қалса,

Деп жабыс бір-екі күн тұрақтаңыз.


Сары айтты: қарашығым жаным Мақта,

Айтпаушы ең мұндай жауап еш уақта.

Бармасам ренжитін нысайың бар,

Барайын жөнін айтшы, қайсы жақта?

Мұны айтып дайындалды атын ерттеп,

Мөлшері кіші бесін болған шақта.

Арасы жақын екен барып қалды,

Мөлшері қоналқылық дәл уақта.


Байдағы түскен екен тойдан келіп,

Жағалап малды амандап қойдан келіп.

Ауылына тура тартып, атын тіреп,

Қос қонақ түсе қалды ойдан келіп.


Отырды сәлемдесіп, амандасып,

Ұғысып елдің жайын хабарласып.

Жан екен силасымды жөн түс таныс.

Көрмеген ренжісіп – жамандасып.


Құрметпен бұлар күтті қонақтарын,

Мал сойып әзірледі мол астарын.

Жайланып әзілдесіп аздан кейін,

Бастады бұнда келген жауаптарын.


Мырза айтты келген шаруа бүйімтайын,

Етін жеп, қымызы мен ішіп шайын.

Алла қосса жоқ еді бөтен пиғыл,

Мырзадан бастан-аяқ ұғып жайын.


Сонымен ертең ерте көшпек болды,

Қалбада түйе қомын шешпек болды.

Жайлауға орныққан соң құда түсіп,

Тілекке алла қосса жетпек болды.


Түн қатып қайта келіп ауылына,

Жөнді айтты таң атқан соң бауырына.

Қалыңға мырзалықпен таласпайды,

Түйе қомы, атының сауырына.


Жайлауы Дәулеткерей, есіл, нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.

Аттанды ел жайланып орныққан соң,

Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда.


Жолымбет Сармырзаның үлкен ұлы,

Силайды құрмет тұтып халық мұны.

Мезгілде уәделескен құдай десіп,

Матай да күтіп алды жолаушыны.


Қаптағай екен құда Матайдағы,

Бай екен дәулеті мол қатардағы.

Тел өскен кіндігі бір Төлегетай,

Біледі Жолымбетті Матай жағы.

Ерекше құдаға арнап безендірген,

Тіккен үй көз тартады жасаңдағы.

Көгалға неше жерге бие байлап,

Жылқыны айдатып ап отардағы.


Тіккен үй жасаңдағы сегіз қанат,

Сыртынан оюлаған қызыл манат.

Жайылған төр алдына қалы кілем,

Гүліне таңырқайсың тұрсаң қарап.


Қоқанның үйдің бауы термелері,

Жібекпен нақыштаған өрмелері.

Қоқаннан, Тәшкенттен сатып алған,

Құбылтып солар салған өрнегі еді.


Қоқанның ел қарайтын қандығына,

Жинаған алтын-күміс сандығына,

Жылына жүздеп жылқы, мың қой сатып,

Жасатқан сәулет үшін жабдығына.


Түсірді тіккен үйге қонақтарын,

Асырып салтанат пен санаттарын.

Үлкенді жастар силап құрметтесе,

Үлкендер дейді жасты қарақтарым.


Мұрынды күтіп жатыр құдамыз деп,

Қызықпен ойын сауық құрамыз деп.

Әкелді ақ еркек қой құдаларға,

Ақ қой сойып, ақ бата қылымыз деп.


Мәнісін естіген жұрт дейді ұғалық,

Отырған ырым емес біз шығарып.



  • Ішінде бес түліктің қасиетті

Қой бейіштен шығыпты дейді халық.
Құрбанға Сымағұлға түскен қошқар,

Бұл сөзді шәриғат та құптап қостар.

Қой момын жануардың ішіндегі,

Болуға ырымдалсын мәңгі дос-жар.


Сондықтан алдыменен соямыз қой,

Қой сойып, тілек тілеп қыламыз той.

Алдымен мына қойға бата істелсін,

Артынан басқа малды соямыз ғой!


Осылай түсіндірді Тілеуберді

Жауабы разы етті тамам елді.

Құдалар қолқа қылып тілегенде,

Жолымен мынадай деп бата берді.



  • Омиын десең малға,

Жарылқасын Алла.

Өмірдегі қуаныш,

Осыдан қызық бар ма!?
Омиын десең қойға,

Жеткізсін Алла тойға.

Кәрілер құрып кеңес,

Жастар күліп-ойна.


Қайырлы болсын құдалық,

Алладан тілеп сұралық.

Бұрынғылар қалдырған,

Кейінгіге мұра қып.

Дүние деген дәнекер,

Бірі берсе бірі алып.


Жастарға берсін өмір,

Көтерілсін көңіл.

Жақындықпен жалғасып,

Ішпесең де семір.


Құдалықтың жоқ шарты,

Қайырлы болсын арты.

Ақсарбасқа ақбата қылу,

Атамыздың салты.


Құдалықта үш белгі,

Десе де емес бір келкі.

Ақ бата, жол-жоралғы, ақ неке,

Үш белгі осы ежелгі.


Жол-жоралғы - дәнекер,

Бастапқы, соңғы бекім.

Барлығыңа белгілі іс,

Айтамын жырлап несін!?


Жол-жоралғы қалың мал,

Бұйырғанын алыңдар.

Біз де дайын тұралық,

Сәтті күні барыңдар.


Байжігіт менің жиенім,

Сөзіме өзім иемін.

Жетелетем қалыңға

Ботасын ертіп түйенің.

Алла атымен ант етем,

Адалдықты сүйемін!


Жылқы берем үйірлеп,

Сиыр берем табындап,

Қой беремін қоралап,

Алыңыздар қабылдап.


Тілейік тілек,

Бір соқсын жүрек.

Бірлессін білек

Әмиін дейік

Бір Алладан тілеп.! – деп бата беріп, қалың малды өзі айтқан екен.

Халықтың ережесі бойынша Матай жақтан Тілеуберді шешеннің дастарқан жинардағы батасы:

Қайырлы болсын құдалар

Аттап келген қадамың.

Қабыл болсын иншалла

Көңілдегі талабың.


Өрлесін ойың биікке,

Барған сайын биікте

Алтын, күміс, ақ жамбы

Тоғыздан берем киітке.


Нар беремін боталы,

Ат беремін жоталы.

Тауып айтқан сөзіңе

Қуанып жүйем босады.


Қайырлы болсын сапарың,

Тоғыздан тоғыз атадым.

Берекеге алла жеткізіп,

Арта берсін қатарың.


Берейін шапан асылдан,

Қарадан, көктен, жасылдан.

Талайды бастан кешірдім

Құдалықты жасымнан.


Құйрықпен асат бауырды,

Қарық қып тоймен ауылды.

Естен кетпес той болсын,

Бір дүрілдет қауымды.


Жеткізсін Алла тілекке,

Түсірмей қаяу жүрекке.

Тірліктің күші бірлікте

Сақталсын мәңгі жүректе.


Сонымен қой сойылды, тай сойылды,

Сауық пен көк жайлауда салды ойынды.

Он бес күн жолаушылар қонақ болып,

Құдалар белгіледі барар күнді.

Құрметке ақтарылған разы боп,

Еліне Жолекеңдер қайта оралды.


Естіді құдалардың келетінін,

Дайындап алды алдынан беретінін.

Сиға си, сыраға бал дейді қазақ,

Дәулетті келді кезі төгетұғын.


Мақта апай ести салып елін жиды,

Бойына қызылсудың тіктірді үйді.

Жолымбет өзі бас боп күндіз-түні,

Құдаға келтірем деп қалай сиды.


Байыстың бес баласы түгел келіп,

Күтуге бірі қалмай түгенделіп.

Үлкендер белгіледі басқаратын,

Күтетін қонақтарын алды бөліп.


Әрбіреу өз қонағын күтіп алмақ,

Жетерлік бар қажетті алды қамдап.

Жатар орны, ішер ас, соятын мал,

Күн бұрын дайындады бәрін таңдап.


Қыл аяғы үй тіккен орындарын,

Асырды бір-біріне форымдарын.

Әнші-күйші, жүйрік ат, мықты палуан,

Дайындап болды түгел соның бәрін.


Айтылған мезгілінде құда келді,

Жинады салтанатқа бұ-дағы елді.

Шешендер кезекпенен әзіл айтып,

Қозғады өткен-кеткен мұраны енді.


Құдалар жиырма күн қонақ болып,

Қыдырып ауыл сайын кезек қонып.

Еліне елдей көшіп қайта қайтты,

Шаттанып, разы боп, көңіл толып.


Келер жыл көк жайлауда түсті келін,

Бөлентіп қуанышқа барлық елін.

Келіннің аяғынан дейді халық,

Болыпты шын бақытты құтты келін.

Төгіліп он саусақтан өнер тамып,

Болыпты өте шебер істі келін.

Тілегі Мақта апайдың қабыл болып,

Болыпты келер жылы жүкті келін.


Туыпты осы адамнан Жұмық, Тоғас,

Жауабы айтушының емес оғаш.

Екінші әйелінен Мәмбет, Арыс,

Осылай қатар біткен мал менен бас.


Болғанда Тоғас тоғыз, Жұмық алты,

“Ұл туса күн туады” деу елдің салты.

Мәмбеттен үш, Арыстан біреу болып,

Мінеки қалың халық бүгінгі арты.


Ұрқында сан қыдырлы болыпты бай

Ақиқат көргенге анық, сөз емес жай.

Орысқа екі болыс бодан болып,

Қытайға қарап кетті екі үкірдай.

Танылып дүниеге атақ-даңқы,

Ту ұстап, тұлпар мінді ер Қабанбай.

Алынды ауызыңа талай аруақ,

Дұға қыл аруақтарға, ей, Кәрібай!

ХХХ


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет