Барақтың [2] қыбыладағы панасымен [3].
Билеткен тобықты кеп қаратайға,
Көп жеген Құнанбайдың парасынан.
Қали,Орман “қарамолла сиязында”,
Ұстаған Ыбырайдың жағасынан.
Саламын Ырғызбайға Тоқабайды,
Орайын тарихыңа үш жанайды.
Жамантай, назарбелі, құт бәйтеке,
Түп-түгел жисаң арғын арзымайды.
Ырсақ, Сары, Қарабай, Қожетпен төрт,
Көрдің бе Жанболаттай өскен байды.
Найманның сарыарқасын сая қылып,
өз елін мақтауды Әсет ар қылмайды.
Наймандай қоңыр көрпе халық қайда,
Біріне-бірі өшігіп кар қылмайды.
Тілеуберді, Әлқанның заманында,
Ыбырай озып па еді одан Мұса.
Тозбай ма тобықтыдай саржомартым.
Еліне Ыбырайдай обыр туса,
Кәрібай қара даудан алғызбайды.
Осындай жерден санап өрен қуса,
Қаратай тобықтыға болыс болды.
Бар арғын бұл сөзіме болар құса.
Арғын келіп найманға хан болған жоқ,
Мінеки озғандығын білсең нұсқа.
Ей, Әсет, саған өлең біткен дарын,
Мұндайда кім аяйды қолда барын.
Сөйлесіп Ыбырайың Бекбосынмен,
Айзының білмеймісің буылғанын.
Бөкенші Қаратайды қатты сөгіп,
Апшысын естімеппең қуырғанын.
Жалмаған бірін-бірі бөрі бауыр,
Осы ма бар мақтанып бу қылғаның.
----------------------------------------------------
1 Жарас - Әйгілі би болған адам.
2 Барақ Сұлтанбайұлы асқан батыр болған адам.
3 Кейбір нұсқасында “Хан қисық, ер Шерубай данасымен” делінеді.
Бес ұлы Құнанбайдың болыс болып,
Шоқынып бәрі бірдей орыс болып,
Семейге Ыбырайды қаматты елі,
Тұра алмай тобықты іші қоныс болып.
Бура қызы Уазипа кепілге алып,
Босатқаны бар шығар есіңде анық.
Залок төлеп бес жүз сом алып шықты,
Сүргінге айналғанда кетуге алып.
Арғын тұрғой Тобықты жоламады,
Іздейміз деп Абайды несін барып.
Бөрі бауыр, қандықол, өңкей жемқор,
Осыны да мақтайды-ау есіл халық.
Әсет:
Бір бай бар біздің елде Иса деген,
Жылына жүз ту бие соғым жеген.
Өзге бақтың қисабын не қыласың,
Кәміл бар жылқысы да бірер түмен.
Үйіне келген жаяу атпен қайтқан,
Найманда болған емес ондай шүлен.
Бар болса бұған орай дәлдеп сөйле,
Тұқымы қара көктің жаппай кілең.
Кәрібай:
Манақтың сен естіп қайт мың мен санын,
Камыл бар алты жүз мың ақшалары.
Ескі ақшаны жаңа ақшаға айырбастап,
Семейдің құртқан жетпей төрт дуанын.
Еліңнің қаражатпен қараспаған,
Қайырсыз неге керек жиған малы.
Түйесі қар үстіне боталаса,
Қастық қып қасқыр жемес қозы-лағын.
Ауылынан мың сан қонақ аттанады,
Арғынға теңемеймін дәулет бағын.
Үйірлі бай боп өткен бабасынан,
Шұрылдап үйрек ұшқан сабасынан.
Он мың қой, үш мың жылқы, бес жүз түйе,
Бақ-дәулет қыдыр қонған о басынан.
Дөртуыл Омар батыр, Көпен болыс,
Дұшпанның әлі аман жүр табасынан.
Ей, Әсет, түк шықпайды таласыңнан,
Сен қарыз, құтылмайсың аласымнан.
Ботабай, Құт Шаянбай екі құтым,
Аумаған алтын тағы баласынан.
Жамболат, Сұрша, Байбол, Ер Қаптағай,
Ескі үлгі адаспаған жобасынан.
Боқбасар, Қоман, Сасан обасынан,
Әділдік билік айтқан турасынан.
Бекіткен жүз түйе деп ердің құнын,
Айталық куәлік сөз расынан.
Әсет:
Қаржаста бір құтым бар – Мұса-Шорман,
Үзілмей келе жатқан ескі қордан.
Қазының бел баласы – Сәдуақас,
Бағы өрлеп келе жатқан елде қайдан.
Кәрібай:
Ей, Әсет, арғыныңды арқаланба,
Жақсы деп кісілерің шалқаланба.
Дүние үшін мал үшін арын сатқан,
Мәнсап үшін жанын қиған жақының да.
Мен айтсам адамымды жарасады,
Қай Арғын бұл сөзіме таласады.
Ақылды, адалдығы-санасы мол,
Кедей-кепшік кемтарына қарасады.
Тағы да есіме түсті мына бір жай,
Арғында болған емес дәл мұндай бай.
Гүберналық, үйездік, жандаралға,
Ақшамен шай қайнатқан Ақшабай бай.
Ақшамен самаурынды қайнатқанда,
Петірдің шыдай алмай шыбын жаны.
Боғастың суы ақпай қалады екен,
Бұланның суға түссе жылқы-малы.
Әсет:
Антұрған, құдай ұрған, тәңір атқан,
Осыған қайтып сияр мұнша мақтан.
Бәйжігіт беріп жылқы саумал ішті,
Зәлім де одан бұрын қулық артқан.
Көңілге келген істің бәрін мақтап,
Менімен сөйлестің-ау әбден шатпан.
Өз іші Бәйжігіттің ала болып,
Шабылып Қамбар төре түсті тақтан.
Еліртіп Бәйжігіттің надан елін,
Жолына ер Қамбардың құрды қақпан.
Кәрібай:
Естідік қой Ақсуаттан тышқан көзді,
Атамыз қасиетті шешен сөзді.
Салып ед Ақсуатқа алтын сарай,
Мінеки оныдағы көзің көрді.
Ақ бөлке, ақ тоқаштың исі мүңкіп,
Дүрілдеп жүріп жатқан диірмені.
Прауиласы ағаш үйде орналасқан,
Бас қосатын Жанболаттың жиын жері.
Саялы қалың тоғай көлеңкелі,
Моншасынан тазаланып кеткен кірі.
Мысырдың шаһарындай сайрандайтын,
Масайраған жолымбеттің қалың елі.
Әсет:
Кәрібай, хат білмеген сен бір надан,
Наданның ғылымы жоқ көңілі қаран.
Әуелі хақ, одан соң нұр пайғамбар,
Мнімен сөйлесесің қай арадан.
Талғаусыз дін исламнан қараңғысың,
Түсінбей шариғатты қалған надан.
Көрінген әр жұмысқа жармасасың,
Кісідей суға кетіп тал қармаған.
Жынды бота секілді бір делбесің,
Сені де ақын дейді-ау аңғармаған.
Кәрібай:
Бола алман енді молла сенен оқып,
Өз дауымды аткелдейін [1] іштен тоқып.
Ғылымды молла болсаң әкеңді күт,
Зар илеп жүр өкпесін кене шоқып.
Мінген ат, үстіңдегі киген киім,
Былтыр емес, сөйлеші биыл кімнен.
Өлетін баладайын көрге қашып,
Бар болсын күнің бүйтіп ғылым білген.
----------------------------------- --------------
[1] Қолжазбада дәл осылай жазылған.
Елден тілеп аласың тоқты-торым,
Бүтіндейсің жейдеңді жетсе қолың.
Қалипа болсаң күтсеңшң ата-анаңды,
Арылтсаңшы басынан соның сорын.
Қу мұйізді құшақтап әкең жүрсе,
Қайтіп қана болады сенің жолың.
Әкең қоян болғанда, сен бір көжек,
Осылай деп айталық келді кезек.
Өз әкеңді алдымен сыйлар едің,
Ғалым болсаң оқыған алтын өзек.
Әсет:
Кел бері сөйлеселік шариғаттан,
Фанихат, мағрифат, тәрихаттан.
Есесі әлгі сөздің бұл емес қой,
Барасың қайда лағып тәңір атқан.
Оң сөйлесем лағасың теріс сөйлеп,
Әдетің бе үйренген бала жастан.
Қарапайым дал ұрған делбе екенсің,
Ақынғой деп ойлап ем елден асқан.
Кәрібай:
Баққаны патышаның жаяу салдат,
Жегені құйрықты қой, сұлу жалды ат.
Әкең менен шешеңді күтпеген соң,
Кірмейсің түстік жерге келсе жаннат.
Ей, Әсет сенің өзің пәкене құл,
Емессің нақтылы арғын шәкене құл.
Кеміртіп қу мүйізді жылатқанша,
Қалпелігің бар болса әкеңе қыл.
Хадисте хақ бүйрығы осылай ма,
Беруге шариғатқа қылдым қимыл.
Сөйтсе де маңайымды шала алмайсың,
Өйткені саған біткен кәпір - пиғыл.
Бар дағы күшігенге шоқына бер,
Болсаң да тең келмейсің қанша білгір...
Білмейді деп ойлама Кәрібайды,
Бармасам да еліңе білем жайды.
Өзіңмен бірге оқыған ер Асылбек,
Ерте күнде ұқтырған бұл ыңғайды.
Тапқаныңды үстіңе жапсырасың,
Есті болсаң сөзімді жақтырасың.
Ата-анаңды қаңғыртып жүрген байқұс,
Өстіп жүріп кімге опа таптырасың.
Өркеудесіп, өрекпіп, қиқаңдама,
Сөзіміздің дұрысын ел сынасын.
Екеумізге төреші ел емес пе,
Бірі өледі екі ердің ерегессе.
Төрелігін күтуге сарапқа сап,
Сынға беру жұртшылық жөн емес пе?
Әсет:
Үш жүздің қыранымын шарықтаған,
Емеспін қараторғай қалықтаған.
Сөзім бал, үнім бұлбұл, көмейім күй,
Ақын деп атақ берді халық маған.
Күнде той, күнде жиын жүрген жерім,
Көтеріп ұлы думан сауық салам.
Кәрібай, кейпің қандай нашар еді,
Секілді күрең мәстек арықтаған.
Өнермен ел ішінде жүрмін шалқып,
Ұсынад күнде бір ат халық маған.
Көпестің қазыналы біріндеймін,
Бақшаның жайнап тұрған гүліндеймін.
Тұлпармын айлық жолды алты аттаған,
Үш қабат ор қазсаң да сүрінбеймін.
Өзің біл мақтасаң да, сөксең дағы,
Ашу қып, ыза тартпай – күлімдеймін.
Кәрібай:
Ей, Әсет, сен немені сор қамаған,
Жүйрік жоқ дәл өзімдей жорғалаған.
Арқаулы ой,асыл сөздің иесімін,
Тамылжып үнім көкте сорғалаған.
Екенсің өз сөзіңде қазыналы бай,
Күніне мың мен санды олжалаған.
Дейді екен орны тозақ шариғатта,
Ата-анасын өмірла сыйламаған.
Алдымен ата-анаңды жиып алып,
Ей, Әсет, сөз айтсаңшы сонда маған.
өз әкесін күтпеген шын надансың,
Онанда үш айналып бол садағам.
Жылқы емес Байжігітім жамбы берді,
Арғынға мал қажет деп іздеп барман.
Атамыздың байлығы сол емес пе,
Қойнына сендей жетім қорғалаған.
Қырып бәйге қырымнан алдым дейсің,
Әкеңді көктұмада ит талаған.
Шақшамен әкең сатқан насыбайды,
Бұл сөзді Айтмұхамет [1] елге жайды.
Мен арғыннан найманға барғаннан соң,
Депсің ғой сөйлетпеймін Кәрібайды.
Баянды пайда келер абайламай,
Мына Әсет серілікпен жалтырайды.
Мына дауды ұста дейді би Тілеген,
- Жетісудың төресі Қоңыр деген.
Бар екеуің имамға жүгініс деп,
Ерегеспей қой делі хан - Сүлеймен.
Оң терісін айырсын шариғатпен,
Қазылардың алдына барғаны жөн.
Отырған он екі би кеңеске кеп,
Шешілсін шариғаттың өлшемімен.
Әсет:
Сүлеке, жолдастықтан тайғандығың,
Әсеттің сырын сыртқа жайғандығың.
Артық-кемді өз алдыңда қарыстамай,
Болысқан Кәрібайға наймандығың.
Кәрібай:
Ежелден сөзге жуан арғындығың,
Палуансып тарлан мінген тарғындығың.
Әкеңменен шешеңді жегжат етіп,
Сұраған менен хисап малғұндығың.
Осындай ұран болды ақырайлап,
Хан сияз қарап тұрды тамашалап.
Қашты имамнан мына Әсет жеңілді деп,
Төре Қоңыр ұран салды одағайлап.
Тоқтатты Кәлім болыс, молла Қызыр,
Екеуің би сынарлық сөз айттың деп.
Келіп елу теңгемен бетімді сүртті,
Шықшытың талды ғой деп көп айғайлап.
Бар Найман ұран салып хан көтеріп,
Бөленді тамашаға бүкіл аймақ.
-----------------------------------------------------
1 Айтмұхамет - Әсетке атқосшы болған адам, руы Мәмбет
Жігіттер Көктұмаға барған жерім,
Дәміне Шыбарағаш қанған жерім.
Ер өнері кем болмай тауып емін,
Әсетті сүріндіріп шалған жерім.
.
Әсет тоқтап Кәрібай жеңді деген,
Атақты хан сиязда алған жерім.
Сол жиында көрдім алғаш Әсет ерді,
Аршыстық азды-көпті ішкі шерді.
Адамда өз теңдестің жампозы екен,
Намыс үшін шырқатып төкті терді.
Мен айтысқан ақындардың дүлдүлі екен,
Ел-жұртым және өзімнің көзім көрді.
Өнерді салыстырып сан жүйрікпен,
Аралап көріп едім талай жерді.
Орыс, қытай бас қосқан сол сиязда,
Таңқалысқан керей мен найман елі.
Екі ұлы патшаның жиынында,
Атағым алты арысқа жайлып еді.
Соңы
Бәтимен айтысы
Кәрібай 14-15 жасында бір шілдехана тойда Бәти деген ақын келіншекпен айтысады:
Бәти:
Бұл жерге тамашаға тойға келдім,
Бір талай мұнда отырып ойға келдім.
Бар дейді осында бір ақын бала,
Сонымен айтысуды ойлап едім.
Азырақ осы арада шырқайын ән,
Әркімнің өнері бар өзіне тән.
“Ауылдың алты ауызын баста” дейтін,
Қазақта бір осындай бар еді заң.
“Ойында өрелгі жоқ” дейді халық,
Білген соң босқа отыру емес қой сән.
Жалынды жастан шыққан бала екенсің,
Естісін ләбізіңді жиылған жан.
Кәрібай:
Бәти-ай, үлкен қандай, бала қандай?
Ләбізің жігіттерді сынағандай.
Бар екен көңіліңде бір есебің,
Ішінен шаршы топтың қалағандай.
Айта бер өлеңіңді біз дайынбыз,
Өзіңді өзің бұлдап дараланбай.
Бәтижан, бала екен деп қапы қалма,
Бұл жерде сау кетпейсің жараланбай.
Далада тағы аңдыған саятшының
Келгеніне армандамын ара қонбай.
Мән-жайын саятшының сізге айтқызып,
Бұл жолы мен қоймаймын жауап алмай.
Бәтижан, сен қандайсың, мен қандаймын,
Сарнаған сандуғаштай жезтаңдаймын.
Дарыған түсімде өлең көк перім бар,
Күдірге тынбай шапсам дем алмаймын.
Сен мені қорашсынба бала көріп,
Сен отыр, мен жортайын қарама еріп.
Бұл жерде қорынатын Кәрібай жоқ,
Бес Бәтиді отырсаң да ала келіп.
Бәти:
Шығады тегі қандай бала сөзің,
Жұмбақ па кірістірген ана сөзің.
Тағы аңдыған ойланшы саятшың не?
Бір мезет шалықтайсың балаша өзің.
Адамның өнер сынар сөзі емес қой,
Сөзіңді ой жіберіп қарашы өзің.
Зіл жатыр аржағында өлеңіңнің,
Бала боп көрінгенмен аласа өзің.
Менің айтқан сөзімнің жауабы емес,
Ұғымсыз болды ма өзі дана сөзім?
Кәрібай:
Шыққан жоқ әлі ойымнан бала сөзім,
Ізіңе бір бұрылып қарашы өзің.
Мініңді бойыңдағы бұрын білді,
Жасым бала болғанмен бала сезім.
Болған ойын маған да мәлім болған,
Қалған күні сарайда ауаша өзің.
Бетіңе айтсам айыбың ашылады,
өрбіп шықса көңілден жаңа сөзім.
Бәти:
Кәрібай, сен талапкер баласың ғой,
Шақпақтастай жарқылдап жанасың ғой.
Жас та болсаң болған соң ойың зерек,
Қиуасыздан қисынын табасыңғой.
Түсінікті айтылған жорамалың.
Болған екен япырмау, о да мәлім!
“Көп мағна аз сөзден” дейді халық
Інішегім, мінеки орамалың,- деп шытына жүзік түйіп Кәрібайдың алдына тастапты.
Соңы
ӨЛЕҢ, ТОЛҒАУЛАРЫ
Баласы Таңатардың мен Қәрібай,
Болыппын малға кедей өлеңге бай.
Сөзімді біреу мақтар, біреу сөгер,
Жұртқа тегіс ұнауы екіталай.
Алысып озбырлықпен азап шегіп,
Арқада жүйткіп өткен қазағым-ай!
Қан кешкен өз кезінде ел мен жер деп
Тұсында кешегі өткен хан Абылай.
Қазақтың ел қорғаған қаһарманы
Кешегі Қабанбай мен ер Бөгенбай,
Бұлардың бастауында талай батыр
Түсірді өз кезінде жауына жай.
Қалайша жанын қимай шыдап тұрсын.
Жеріне жау кіргенде сары арқадай.
Обығып талай бөрі ауыз салған
Қорада жусан жатқан ақ марқадай!
Ел үшін ғазиз жанын құрбан етті
Сонда да кекті кетті шер тарқамай.
Ұйғарып Бұқар жырау тапсырған соң
Ән етті Маржан қызды ақын Сұртай
Болса егер қалған орны толықтаңдар
Шықпаса ойдағыдай дәл сайма-сай.
Айтайын естіген мен ұққанымды,
Беріңдер құлақ салып халқым тыңдай.
Естуге кәрі мен жас жиылыңдар
Әңгіме бола бермес күнде мұңдай,
Артына сөз қалдырған өлмейді деп
Айтқанын ұғыңыздар ақын Абай.
Арман
Жасымнан талаптанып өлең бақтым,
Бұлбұлдай ән шырқадым таңдай қақтым.
Ішінде шаршы топтың сан жиында,
Сөйледім ойдағысын елге жақтым.
Жүрегін сұлу жардың бағындырдым,
Әнімді шырқай салған сағындырдым.
Халықсыз тәтті сөзбен сұлуды алып,
Мұқтаж қып махаббатқа жалындырдым.
Өлеңмен тер шығармай мал құрадым,
Қандырдым тындаушының ән құмарын.
Жыр ағып, көкірегімнен өлең гулеп,
Суындай тасып аққан Қарғыбаның
Ендігі бар арманым осы болды,
Артыма қалай еңбек қалтырамын.
Кейінгі ұрпақтардың шөлі қанса,
Құйғандай ойға әкеліп тау бұлағын.
Адаммын кем оқыған білімім аз,
Тыңдаушым, ұнатсаң ал мәнді жоғын.
Мінекей осы ойыммен тұттым қалам,
Жамағат, үлкен-кіші сал құлағың.
- Келемін қозы бағып өрістетіп,
Бойына сары бұлақтың еңістетіп.
Қажалып екі аяғым жүре алмадым,
Бір етік тіктіріп бер келісті етіп! дегенде Жанапия деген жеңгесі:
- Өй, түйнек қашаннан бері ақын болып едің, - дейді.
Сонда Кәрібай тағы:
Ақындық Құдай берсе қиын емес,
Менің өлең айтқаным биыл емес.
Шетін қайыр қозының жамырайды,
Тұрмысың меніменен қылып егес [1].
ххх
Міне жұртым ерлердің өнегесі,
Оңайлықпен тынбайды ер егесі.
Шын сүймесе батырлар зорламайтын,
Осы екен ұстаған ережесі.
Оңайлықпен қыз дағы көнбейді екен,
Өзі мен тең болмаса терезесі.
Зорлықпен қүң етіп малша жұмсау,
Озбырлардың істеген келекесі.
Жаны әділ, билігі түзу болса,
Басқа пана халықтың көлеңкесі.
Ақылменен барлығы іс істейтін,
Қасиетті ерлердің берекесі.
Шорға соғысы туралы Кәрібайдың айтқаны
Қабанбай, ер Бөгенбай, батыр Барақ,
Уәлі сүйегі Уақ батыр Бармақ.
-------------------------------------------------------------------
1 Бұл өлеңді-14-15 жасында Жәнәпия мен Маржан деген екі жеңгесіне айтқан екен.
Бердіқожа, Қасабай, батыр Жантай
Қаз дауысты Қазыбек өңкей саңлақ.
Баймұрат, Райымбек батыр тентек
Барлығы жауға кеткен кегін алмақ.
Қосай, Тама, Дәулетбай батыр Шөрек
Жиылып ақ батамен қалған тілек.
Барлығына Қабанбай қол басуы,
Айқастық ата жаумен бірнеше рет.
Қалмаққа келіп кейде шорға дағы,
Бұл жолы кеш болмады олжадағы
Ер Барақ, батыр Жаман, Орақбайдың
Аққан қан қылышынан сорғалады.
ххх
Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді,
Сауыттың оқ тимеген жағасы еді.
Бір істі үш өлшемей кеспейтұғын,
Өзінің заманының данасы еді.
Жарлыға тон, нашарға қамқор болған,
Жанайдың мырзалығы танасы еді.
Нәпсіге еріп дүниеге қызықпаған,
Әз басы арамдықтан ауаша еді.
Атақты Көктұманның сиязында,
Сияздың төбе басы ағасы еді
Бітірген сияздағы істеріне,
Сүйініп, болды разы алаш елі...
Үш жүздің жер бөлігі туралы.
Баласы Ағарыстың үйсін, қыпшақ,
Болмайды бізге тері жайын ұқсақ.
Мекені Шу мен Талас, Іле бойы,
Біріне үдіреді бірін тастап.
Мекен бар Жетісу мен Сырда дағы,
Келеді бұл өңірге қысқа жастап.
Суы мол, шөбі шүйгін, өрісі кең,
Жүретін емін-еркін кең құлаштан.
Орта жүз Жетісуда жүрген жосып,
Қосылған қос ордада басын қосып.
Тобылды, Есіл, Нұра мекен етіп,
Бұл жерде бірін-бірі олар тосып.
Ерлік пен өзін-өзі қорғайды екен,
Еш бірі қорғанбапты жаудан шошып.
Қан төгіп сол майданда ерлікпенен,
Бірде жеңіп, жеңіліп, бірде босып.
Көп жерді Ертіс жарып ағады екен,
Үш орынға арнаулы үш кең қолтық.
Кіші жүз алшын, жаппас жүрген шоғыр,
Мекені Қырғыз, Торғай, Орал, Тобыл
Қысында Сырды келіп қыстайды екен
Болған соң қысы бәсең, жайлы қоңыр,
Ер бастап ел соңынан ергендіктен,
Барлығы бағыныпты шықпай содыр.
ххх
Ағажан Би ауылында айтқан өлең.
1896-жылы Көктұма сиезінен қайтып келе жатқан Бөкенші би, Шерубайдың Омары, Құрманқажының Қыдырмоласы, Әбділдабек болыс қатарлы би-болыстар Тарбағатайдың Ойжайлау жайлауында отырған тоғас Ағажан бидің ауылына түседі.
Ағажан сол көлемдегі алдына ешкім шықпаған білікті болып, қол астындағыларды қораш санап, тырнағын батырып, езіп ұстаған. Билеуші, Қыдырмолла, Әбділдабектер өзінің бақ таласы Ағажанға Кәрібайдың өлеңді тигізе айту емеурінін білдіргендігіне Кәрібай оларды арқа тұтып, өлеңді еркін айтқан. Өлеңінде жарлыға жаны ашып, зорагерлікті тілге тиек еткен.
Жиналған сары қымызға кәрі мен жас,
Батагөй осындайда кәрілер бас.
Ауылдағы бәйбіше келіндермен
Май мен құрт, ірімшіктен шашуың шаш.
Бағланның жаңа піскен уыз еті,
Жеген тоқ, ойын-күлкі ішкендер мас.
Сары қымыз сапырулы дастарханда,
Мәз болып үлкен-кіші қойып ықылас.
Ішінде ойын-күлкі шаттық думан,
Табақтан тұр алдына тартылып ас.
Үстінде көк жайлаудың араласын,
Бас қосып бір орынға құрбы-құрдас.
Жүгіріп жас балалар асыр салып,
Өзінше бір-бірімен о да сырлас.
Сыңқылдап қыз-келіншек сыбырласып,
Бұлардың әзілдері келіп тұр мәш.
Алғашқы би үйінің қымызында,
Бас қосқан бауыр-туған ағайыннан
Ерекше биылғы жаз көңілді еді
Дегендей сауық құрып көңіліңді аш.
Жайлаудың тамашасы шарықтасын,
- Ей, Кәке: - деді халық өлеңге бас.
Саралап ел жағдайын өлеңмен айт,
Ағылсын домбырадан күй аралас.
Қолқалап халық тілек еткеннен соң,
Нақтылы көз көргенді айтпай болмас.
Ән салдым тамылжытып сорғалатып,
Күй шерттім қоңырлатып, жорғалатып.
Бәйге алып Көктұмадан шыққан бетім,
Арғынның әнші Әсетін қорғалатып.
Жайлаудың көрінісін көзбен шолып,
Жөнелдім ән аралас толғау айтып.
Келсе әлім көп тілеген орындаймын,
Жайланып отыр жұртым орналасып.
Орнықты елім, ой жайлау төріне кеп,
Теректі, Қазықтыдай жолдан асып.
Қытай, Сарт, Ноғай, Қазақ Сібе, Солаң,
Төсінде Тарбағатай араласып.
Жайқалып жасыл алқап мидай жазық,
Кілемге түсіргендей гүлдеп айшық.
Өреден ірімшікті ала қашып,
Қарқ етеп жөнеледі қарға да айтып.
Жас жігіт, келіншек те олар да мәз,
Тұрғандай кезектесіп аужар айтып.
Төрінде біз отырмыз Ақаң бидің,
Шертісіп әнгімені қаулап айтып.
Қымыздың қызуыда гуілдесіп,
Шешендер нақыл сөзді зулап айтып.
Қағысып қалжың менен бәйбішелер
Біріне-бірі әзілмен даулар айтып.
Бүгінгі отырыстың көрінісін,
Ақының бере ала ма дәлдеп айтып.
Жастарға қалжың болып жүремін бе,
Біреуін біреуіне жалғап айтып.
Біреу жас, отырғандар біреу кәрі,
Теп-тегіс бірдей емес жұртың бәрі.
Теңеліп көріністе бас қосқанмен,
Біреу шат, кейісте жүр біреу налып.
Шақырған жайлау сары қымызына,
Тоғастың Ағажан би ақсақалы.
Билеушін, Қыдырмолла, Әбділдабек,
Таңдаулы Байжігіттің бағландары.
Қатысқан Көктұманың сиезіне,
Елінің ерке ұстаған сардарлары.
Ішінде осылардың мен де бармын,
Қысы-жаз байдың малы баққандары,
Жетпейді ішіп-жемге тапқандары.
Кейбіреу қор болып жүр теңдік көрмей,
Аюдай ашу қысып қақпандағы.
Кетеді үй басындық шығынымен,
Азырақ ішіп-жемнен асқандары.
Қарыздар тұрмыс үшін болғандықтан,
Қарыздар болар байға сасқандары.
Арнаулы бақ киелі аруақтарда,
Қол жетпес бақ жұлдызы аспандағы.
Егерде жөнін біліп етсек тірлік,
Еңбектің кетпес еді татсаң дәмі.
Қарын аш, киімі жоқ, ерік байда,
Осыдан көбінесе жасқанбағы.
Жайлаудағы молшылық аз-ақ күндік,
Құйған қымыз секілді астаудағы.
Сөзімді жиылған көп тыңдап отыр,
Аз емес, халық молаң шулап отыр.
Сөз төркіні жақпайды Ағажанға,
Үш мырза [1] айта түс деп ымдап отыр.
Үшеуі кезекпенен айта түс деп,
Жарайды, жарайды деп, дулап отыр.
Олардың сырын түймей аңқаулықпен,
Ақының жорта сөйлеп қонақ отыр.
Ішінде әсіресе Қыдырмолда,
Кей кезде дәл айтты деп бунап отыр.
Есіктегі отырған жаутаңбайлар,
Айтпаса деп бейнесі қурап отыр.
Ал бүгін шаттандырып көктің суы [2],
Болады қанша медет мұның буы.
Көңілі алаң жамырап кете ме деп,
Қозының құлағында айғай-шуы.
Ал төрде алқа қотан байлар отыр,
Шаттыққа мерейі үстем жайлары отыр.
Тай сойып, қойды қойып тамаша үшін,
---------------------------------------------------------
1 Үш мырза – Билеушін, Қыдырмолла, Әбілдабек.
2 Көктің суы – қымызды меңзеп отыр.
Биені желі-желі байлап отыр.
Байқасаң байлар төрде, жарлы төмен,
Кәрібай әрбір жайды ойлап отыр.
Мөлтеңдеп жан-жағымда кейбіреу жүр,
Ішінен зығырданы қайнап отыр.
Кейбіреу шындықты айтсаң жақтырмайды,
Өмірдің міне осындай айғағы отыр.
Көргенін ірікпестен сырғып шертіп,
Ақының желдей есіп, сайрап отыр.
Жақтырмай кейінгі айтқан кей сөзімді,
Көзінің қырын салып Айбала отыр.
Жарлылар кәсіп жоқ па мал бақпасаң,
Не керек мал баққанмен жан бақпасаң.
Адал еңбек қан-терің болмағанда,
Жарылқау беріп еді аруақ қашан.
Ауылым Орқашарда Шотайдамын [1],
Түспеймін мен да оңай салмақтасаң.
Дені сау, қайраты бар азаматтар,
Кәсіп көп ебін тауып тармақтасаң.
Жастарды тіршілікке дұрыс баулы,
Кәрілер есің кетіп алжаспасаң.
Нұр жауар талаптыға демеді ме,
Айтам ба, тегін біліп қар баспасам.
Мына сөз Ақаң биге жақпай қалды,
Сол жерде Кәкең зекіп қақпайланды.
Сөйлесең жөн сөйле деп ақырғанда,
Сөйлеуге басқалардан жақ байланды.
Кешегі қорғанба деп қыздырғандар,
Ешбірі айтсын деуге батпай қалды.
Ағажанды бір мықта дегендердің,
Ешбірі жақ кірісін ашпай қалды.
- Мынау бір жұрт жиналған қызық деді,
Жаңа келе жатқанда қызып деді.
ән салдырып тамаша көреміз деп,
Шырқымызды кетті ғой бұзып деді.
Жүген салғын мынадай әдепсізді,
Есбайға хат жазамын сызып деді.
- Мен айтам, шындықты айтам не десең де,
Сен бисің, мен сенімен теңесем бе.
---------------------------------------------------
1 Шотай руының Есбай зәңгі ауылын айтады
Шариғаттың жолымен іс істесең,
Сөз таласып бұл жерде егесем бе.
Мына тұрған Кәкіжан қайның екен,
Осыдағы өкпелі қайғылы екен.
Бір тоқтысын беріпсің қой серкешке,
Зорға шыдап бейшара жай жүр екен.
Өйткені ауырыпты бір баласы,
Асқынып суық тиіп қолқанаты.
Тір тоқтыны алыпты қой серкешке,
Түзеліп сауықсын деп сол баласы.
Осыған үш ай істеп сол баласы,
Және асқынып кетіпті қолғанасы.
Осы бала осыдан қайтыс бопты,
Сізге жапқан жоқ екен түк жаласы.
Осыны рақым қып кешірмепсің,
Тез алып қой серкешті келсін депсің.
Қой таппаса қойымды үш ай жайсын,
Осыған орай болып кетсін депсің.
Осымен бала өліпті жазыла алмай,
Науқастан дауаланып сауыға алмай.
Ең болмаса бір күн кеп қарамапсың,
Бейшараның болды деп қалы қандай.
Қойыңды бір ай бақса төрт жілікке,
Осының салшы жөн бе көпшілікке.
Терезем тең, мен сенен қорқамын ба,
Осыным шындықты айтсам кемшілік пе.
Осы айтқан аюым ақпандағы,
Енді өзің біл, атсаң да шапсаңдағы.
Елім аман тұрғанда болман мұқтаж,
Керек емес атың мен ақшаңдағы.
Ашу қысып қалшылдап тұра алмады,
Қайта-қайта ап аузына бір алланы.
Ием күшті сүйенген атам жуан,
Тарпа бассап қамшымен ұра алмады.
Мен айтамын өлеңмен көргенімді,
Суырамын өлеңмен өңменіңді.
Киерің өлген күні үш қабат бөз,
Білерсің өлуменен көрге енуді.
Биге қарсы еш адам шыға алмады,
Не теріске сөзімді шығармады.
Бағанағы қыздырған мырзаларым,
Желді күнгі түлкідей бұлаңдады.
Терісіне әрең сиды Ақаң биім,
Салмақшы ғой өзінше маған тиым.
Өткір тілмен түйредім кегім қайнап,
Шаршы топтың ішінде ұлы жиын.
Сараң байдың, жөн білмес топас бидің,
Тартынбастан алдына тарттым сиын.
Түнеріп құр қалшылдап қала берді,
Соққан соң есалаң қып сөзден құйын.
Мені неге соқпады Ағажаның,
Тыңдаушылар өзі айтар бағаларын.
Үйде күпті түзде ешкім ұра алмайды,
Рас екен талғамы замананың.
Ұра ма деп қорқыпты малайлары,
Таңырқапты ер-ақ деп талайлары.
Көзіне мынадай деп айтпаса да,
Жарайсың деп сүйінді маңайлары.
Осымен талас тоқтап іштік тамақ,
Қос-қостап, көл-көсір қып тартып табақ.
Соңында қош айтысқан оң жауап жоқ,
Өкпелесіп тарастық күрең қабақ.
Осы сөзді осындай жайып сал деп,
Мырзаларым болатын болған себеп.
Түсе алмайтын сияқты арамызға,
Егер жатса Ағажан мені сабап.
Ерлік-ақ болды Кәке айтқандарың,
Таймадың, бұлтармадың, жалтармадың.
Әлемді жерде аузыңды ти дегендей,
Бұдан кейін жөн болар сақтанғаның.
Мен айттым былай шығып би мен бегім,
Сендерге арқа сүйеп именбедім.
Көрінген Ағажанның мінін айттым,
Сендерді бу көрмесем бүй дермедім.
Мен ұқтым осы арада байдың сырын,
Басында Ағажанның жайдым сырын.
Шыға шаппай жөн екен тізгінді ұстау,
Алғанша жолдасыңның қай күн сырын.
Жөнелсең айғайменен алға шауып,
Өзің амал етпесең ебін тауып.
Жалт беріп сенген серің кейін тайса,
Төнбегенде қайтеді саған қауып.
Ата аруағы болмағанда сорым қайнап,
Жамбылға айдауы анық қолым байлап.
Ел-жұртыма сүйеніп ескектедім,
Мендағы жасқанбадым соңымды ойлап.
Сол жолы топтан қайтқам көңілденіп,
Сайыстан есені алып жеңілденіп.
Айтысып Әсетпенен қайтқан жолы,
Қалып ем Ойжайлауда кезім келіп.
Қорқатын тартынатын кезім емес,
Тұрғанда ауызыма сөзім келіп.
Сыймайтын адамдыққа тағылықтың,
Талайын шаужайынан езуледік.
Темеге сәлем
Байыдың Темірғали бақсылықтан,
Басында кәсіп еттің тапшылықтан.
Еңбексіз елдің малын тегін жейсің,
Нысап жоқ бұл кәсіпте жақсылықтан.
Оқисың құтырды деп құран алып,
Сарнайсың әр ауылда тұра қалып.
Көлитіп көзді жұмып білгендейсің,
Біреудің сырттан жайын сұрап алып.
Көріпкел алла арнаған тәуіп бол деп,
Танып жүр аңқаулықтан мына халық.
Момыннан алдап жиған бұл дәулетің,
Басыңа бақыт болып тұра ма анық.
Оқисың дұға жаттап құтырғанды,
Алдайсың әдісіңмен қысылғанды.
Басыңа өзің молла лайық па,
Осынша әурелейсің мұсылманды.
Өрдегі Құттығадам, Қыдыр елі,
Қойыпты басыңнан құс ұшырғанды.
Аямай бере берсе ала бердің,
Біле ме аңқау халық ұтылғанды.
Болмайды енді қойсаң ұлғайғанда,
Осында неге сенің құтың қалды.
Адамсың құдандалы алыс емес,
Жүрегі шынды айтпаудың қалыс емес.
Елді ақтап, ит үргізіп бал ашасың,
Өзіңе бұл қылығың намыс емес.
Емдейсің құрт болды деп сынаппенен,
Нақтылы жазыла ма рас сенен.
Отырмын сәті түсіп қағаз жазып,
Жүр едім білейін деп сұрап сенен.
Біреуден “марту басқан” бір бесті алып,
Артынан қатты кейіп жылапты ерен.
Емдепсің осы қыста Нұрғалиды,
өзіңді халық біліп, ел таниды.
Молласың ақ-қараны айыратын,
Кетесің әлі-ақ тастап бұл пәниді.
Болмай ма еппен алсаң лайықты,
Өзіңнен оң-терісін сұрайықшы.
Сынапқа сырды қосып улатқанда,
Кейбіреу естен танып тырайыпты.
Беріпсің сасқалақтап сиыр сүтін,
Айрылған болса керек естен бүтін.
Сойғызып бір ешкісін теріге сап,
Депсің де кетіп қапсың жақсы күтін.
Қасында бір-екі күн жатсаң нетті,
Ол байқұс артып отыр сізге үмітін.
Емдепсің одан кейін бауыр құртты,
Осымен жалғап жүрсің ауыр жұтты.
Жеріңде өзің жүрген уағыздайсың,
Жүрмін деп дәрігерлікпен бағып жұртты.
Ұстайсың одан қалса апиынды,
Қандай сыр бұған келіп жасырынды.
Себеп боп бір нәрседен желіккенге,
Жүгініп үшкіресің ясиынды.
Елеусіз жоқ нәрсені қымбаттатып,
Қойғандай сарқа жұмсап асылыңды.
Елеуреп зікір салып алақтайсың,
Басасың әрең зорға ашуыңды.
Сөйлесіп әлде кіммен күбірлейсің,
Жеңдіріп ашуыңа ақылыңды.
Кей-кейде қан желік деп қан аласың,
Халықтың қайғыға сап қара басын.
Адамды өзі ауыру әлсіреттің,
Бұл еммен елді қалай жаза аласың?
Шығасың шаңыраққа ойнағанда,
Болсын деп таңғажайып ойлағанға.
Адамсың өзің молла көп оқыған,
Осының келісе ме ойлы адамға.
Қораңа қой, алдыңа қара жиып,
Тыңдайды сорлы халық сүттей ұйып.
Айтарсың әзер болса ақымақ деп,
Отырған өнерімен іші күйіп.
Елді жеп хұшынаш боп қаңғығанша,
Болмай ма тоқырасаң нәпсің тиып.
Кейінгі ұрпақтарың тәлім алып,
Жүрмесін кесапатың елге тиіп.
Оқ жонар ата көрген деген бар ғой,
Жақсы әдетті үйренер ел де сүйіп.
Немесе айтты дерсің араздықпен,
Жете алмай іші күйіп әлі аздықпен.
Адаммын жүре оқыған шала сауат,
Жұрдаймын құран түгіл намаздықтан.
Көңілің ауырмасын сыр ашқанға,
Сайтан жүр арамызда аздыратын.
Жынменен дейді екенсің пері аспанда.
Емдепсің кейбіреуді жағып шырақ,
Азырақ бар екен деп иесымақ.
Білтелеп қырық жерден шам жағасың,
Бықсыған жалынымен бетін сылап.
Ауыру үркіп-шошып жазылады,
Қылғанмен отқа жағып майды сырап.
Табынғаның от болса тәңірің кім?
Ойлашы осы арасын молдасымақ.
Темеке молламысың, бақсымысың,
Қайсысы өз ойыңша нақтылы ісің.
Кей күн молла, кей күні хұшынашсың,
Соның бәрін істейсің нәпсің үшін.
Надан елім табынған тәңірің кім?
Қуанарлық бұл болса жақсы кісің.
Білмегенді білем деп жауша тонап,
Малмен ғана ақшада жан тынысың.
Жүріпсің бұл дүниеде өлмеймін деп,
Жауап жаз бұл сөзіме жалған десең.
Ойлама бұған жауап бермеймін деп!
Жасұзақ мырзаға айтқаны
Сен едің бай Жасұзақ мырза атанған,
Озып ең өз кезінде бір қатардан.
Көп жылқың көгалалы беткейді алып,
Қысырақ жылда салдың шу асаудан.
Жорғаны жүйрікпенен таңдап мініп,
Қаз мойын сайгүліктер жыра салған.
Мырза едің мал бетіне қарамайтын,
Көрінген бір жүйрікті сұраса алған.
Артыпты түйе шағын жүз шамалы,
Деңгейлес жасың құрбы біз шамалы.
Төгетін бергің келсе еріксіз мал,
Бар еді бір мінезің ұстамалы.
Басыңа сиыр бітті екі жүздей,
Болатын саған жолдас әркім іздеп.
Жәкеңнің дәулетінің арқасында,
Бетке ұстар қадір тұтты мырзамыз деп.
Қой бітті мыңнан асып үш-төрт қора,
Көп адам үйірлесті малға бола.
Ән салып қасыңа ерген жігіттерге,
Берушең жақсы аттарды біражола.
Бозбала жирма-отыз қасыңа еріп,
Жататын ауылыңда түнеп қона.
Әр жерде сұлу болса бағушы едің,
Қолқалап арнап үкі тағушы едің.
Атақты бәйге ат пен жүйрік болса,
Мал шашып қымбатсынбай алушы едің.
Үнемі өз қасыңда болмасам да,
Бұл жайды сырттан ұғып танушы едім.
Тайпалтып жорға міндің зырлайтұғын,
Киікті жүйрік міндің бұрмайтұғын.
Көшпелі бұл сияқты дүние ғой,
Баяндап еш адамға тұрмайтұғын.
Не көрсем өз көзіммен соны айтамын,
Жөні жоқ жалған айтып жырлайтұғын.
Жомарт деп төкпе мырза атың шығып,
Басыңды елің сүйіп бұлдайтұғын.
Қайыры ақырында болар бірақ,
Әр қашан ақ иіліп сынбайтұғын.
Мақтасам би болдың жалған болар,
Өтірік жалған айту алдау болар.
Қалды ма сандығыңда алтын күміс,
Азырақ ұрпақтарға алжау болар.
Бәрін айтта бірін айт бас аман ба,
Дені сауға кемшілік жоқ бас аманда.
Алладан еңбектеніп қайта құра,
Мал бітер талаптанса жас адамға.
Жасыма айрылдым деп дәулетімнен,
Шалқыған дәуірлеген сәулетімнен.
Емес пе дүние шіркін қолдың кірі,
Өзінің келіп кетер нәубетімен.
Жасұзақ жалындадың мал барында,
Жиналды қошаметшіл жан-жағыңа.
“Ер арыса аруақ” дейді халық,
Көрінер тұлпар сұлу жал барында.
Айрылып ата-анадан, қалың малдан,
Жарлы боп шыныменен қалғаның ба.
Ақ күмбез басыңдағы үйің қайда,
Таниды есі бар жан арлануға.
Өзіңді есерлікпен өзің құртып,
Қалмады енді күйің қармануға.
Жүріпсің көрінгенге көз түрткі боп,
Енді өзің адам таппай жалдануға.
Осынша ен дәулетті құртамысың,
Бар болса жігер намыс аржағыңда.
Жататын беткейде алып жылқың қайда,
Құратын күнде сауық күлкің қайда.
Қос-қостан жорғалатқан жолдасыңмен,
Бұралған қасыңдағы сылқым қайда.
Бөленген ақ торғын мен ыластікке [1]
Сондағы көз тартатын сиқың қайда.
Бұхар мен Ташкент жақтан алып келген,
Жиналған үйіңдегі мүлкің қайда.
Гүл көрсең көбелектей қонатығұн,
Арбайтын жасты шырмап тілсім қайда.
Байлайтын желі қағып биең қайда,
Ертетін сұлуды арбап киең қайда.
Соятын сүйреп әкеп бағланың мен
Төсейтін төр алдына кілем қайда.
Тонатқан мұның бәрін жауың қайда,
Түсетін елді жиып дауың қайда.
Өрт кетсе елге неге өшіртпедің,
Осыған ішің сенің ауырмай ма.
Сондағы жағалаған досың қайда,
Қылмай ма саған көмек осындайда.
Төскейде малы бірге болғандардың,
Төсекте басы бірге қосылмай ма.
Жасеке бай-ақ еді дарыған құт,
Түкірер жерге қарап естіген жұрт.
Әумесер есерлікпен бітіріпсің,
Ерекше саған келген қайдағы жұт.
Ауырар ішің сөзім жалған болса,
Айтар ма ең жаманда деп саңау болса.
Дариға-ай болар еді- ау әлі үміт,
Мыңнан жүз ең болмаса қалған болса.
Сен мені жақтырмассың бұй деген соң,
Кедейлік еңсені алар билеген соң.
Ойдаймын сандықта да қалмады-ау деп,
Үстіңе бүтін шапан кимеген соң,
өкпеңді кімге айтасың ойлап көрші,
Есікке басыңды өзің сүйреген соң.
-----------------------------------------------
[1] Мата атауы.
Түсіпсің жәкең мырза мына үйге,
Қадірін қолда бардың білмеген соң.
Баласы жанекеңнің Жанұзақ сен,
Қалыпсың кедейлікке жасып-ақ сен.
Мінерге ат киерге киімің жоқ,
Жүріпсің тамағыңды асырап сен.
Барды шашып, шашқанды жиа алмай,
Шын есірік, надансың ақымақ сен.
Жиында бір жамандап бір мақтадым,
Мақтағанда мырзаекем ыржақтадың.
Шындықты не десең де көргенді айттым,
Жалған сөз керек емес құрғақ сарын.
Жамағат жалған десе өзі-ақ айтсын,
Жаманда-жаманда деп мізбақпадың.
ххх
Мекен қып Тарбағатай, Жайыр, Майлы,
Жігітті ел жөнін ұқпай танымайды.
Адасқан үйірінен қаздай болып,
Мекендеп міне жүрмін құлыстайды.
Сағынып туып өскен ел мен жерді,
Шемен боп көкірегімді басты қайғы.
Ә дегенде аузыма алушы едім,
Бөкенші – Танамырза, Шерубайды.
Сары [1] да бұған қосып ауызға алам,
Тоғжігіт, Райымбек, Түсіпбайды.
Дүйсенбі, Нұрғалимен замандасым,
Серікбай, Зәкімұлы Тұяқбайды.
Аға боп, жөн көрсетіп жол сілтеген,
Сағындым Мамырбай мен Маусымбайды.
Құсайын, Садықан мен мырза Шәпей,
Дәриға-ай, сүйуші едім Исатайды.
Майқыны дастан қылып жазарымда,
Сойғаның көк қасқа тай назарымда.
Жылында он алтының мұнда келдім,
Кім білсін бейнетім бе, ажалым ба?
Сағындым екі Омар мен Абылайды,
Түседі елді ойласам тағы қайғы.
Орыстың қысымымен мұнда келдім,
-----------------------------------------------------
1 Сары - өз руы
Сөкпеңдер елі-жұртым Кәрібайды.
Әскерге алатұғын болғаннан соң,
Екі ұлым – Құнапия, Секебайды.
Бұл жаққа осы жөнмен келдім ауып,
Орыстың қысымынан қылып қауып.
Ел-жұртсыз ер жігіттің күні қаран,
Ала ма тұлпар бәйге жалғыз шауып.
Жетім бала секілді сезінесің,
Сайрандап жүрсең дағы қылып сауық.
Сағынып ел мен жерді зарығамын,
Баса алмай өксігімді ауық-ауық.
Қарғыба, қайран базар өскен жерім,
Шырылдап тар құрсақтан түскен жерім.
Ойнаған отыз жылғы қайран орта,
Секілді міне бүгін түс көргенім.
Отырмын әрбірінің басын шолып,
Арманым айта берсем жатыр толып.
Суы мол өрісі кең қайран жерім,
Үдеріп жүруші едік көшіп-қонып.
ххх
Жылында он алтының шетке бардым,
Қөрдім деп қорлық-зорлық көңілге алдым.
Баласы Мамырбектің Қызыр төре,
Ертаңғыт өріс қылдым екі нарды.
Найманның қоғалы көл бұлбұлы деп,
Көңіліме келтірмеді биттей зарды.
Бұл жақтан өкпеменен шетке шығып,
Нағашым іздеп таптым Есбай байды.
Салт ат мініп сабау қамшы ұстап барып,
Үй көтеріп алдыға салдым малды.
Қонақ деп ортамызда үш Байжігіт,
Қадірлеп құрмет тұтты бай мен жарлы.
Сайрандап Керей-Найман арасында,
Қалмады көңілімде мұң мен қайғы.
Елден ауып, дәм татып шетке шығып,
Кешірдім өз басымнан бір талайды.
Шілденің міне келдік аяғында,
Бетке алып шығып едік өткен айды.
Мен келдім Құлыстайдан елімді іздеп,
Қарғыба, Базар, Боғас жерімді іздеп.
Бұл жерден он жеті адам әтей шығып,
Шақырды ортамызға келіңіз деп.
Отырмын ортасында ауылымның,
Аға-іні үлкен кіші қауымымның.
Сайрандап қаздай қалқып үшып жүрмін,
Қадірлі құрыметінде халықымның.
Мен бардым дәм аударып Құлыстайға,
Сиынып жәрдем бер деп бір құдайға.
Ішінде Байжігіттің Шотай елі,
Нағашым Жезікеде Есбай байға.
Барған соң нағашылар алды күтіп,
Келді деп жиендерім құрмет тұтып.
Ойылып ортасынан орын берді,
Еш адам көргені жоқ қабақ шытып.
Барған соң болып кеттім құдандалы,
Үйір боп жақсылармен ол маңдағы.
Құрметтеп қадір тұтып ардақтайды,
Қасынан орын беріп ел саңдағы.
Мінеки кеп отырмын елімді іздеп,
Қарғыба, Базар, Боғас жерімді іздеп.
Өкпені көңілдегі түгел кештім,
Барған соң он жеті адам келіңіз деп.
Бар еді мұнан Мама [1] хабарыңыз,
Бар еді ақыл-айла амалыңыз.
Зорекер Николайдың тағы құлап,
Тұр екен қазір жақсы заманыңыз.
Жиналды міне қазір елім келіп,
Шаттанды көкірегім менің көріп.
Ауылым ұлы думан той жасады,
Келді деп кеткен туыс телімделіп.
Сейтқали Қаптағай мен кепті Мамаң,
Бұлардың жасы үлкен бәрі де ағам.
Үйінде Садықанның бас қосуға,
Әзелде жазған екен хақтағалам.
Бас қосып қуанышпен аман көріп,
Бірігіп бір орында таттық тағам.
--------------------------------------------------------
[1] Мама – Мамырбай ақсақал
Жүр едім алаң болып, елімді ойлап,
Ойға өлшеп, санама сап терең бойлап.
Жатбауыр балаларым бола ма деп,
Осы еді жүрген ісім менің ойлап.
Мінеки қабыл болды тілектерім,
Мыналар қасыма ерген түлектерім.
Аттары Секебай мен Құнапия,
Өзімнің жеткіншегім бөбектерім.
Түсірген екі бірдей келінім бар,
Басынан әлі алмаған желектерін.
Елімді мерейменен көргеннен соң,
Көзіме өткен өмір елестедің.
Өмір озып, өң тозып, сақа тарттым,
Мен кеше жас қарлығаш емес пе едім.
Деуші еді қарлығашым Кәрібайым,
Біледі Бұқаң биді елім тамам.
Жат жерде оңайлықпен оңалмайсың,
Дүниеде қисаймасын алтын жағаң.
Сәлем айт осында жоқ үлкендерге,
Жөнімді бастан аяақ білгендерге.
Жеткізіп сәлемімді қоярсыздар,
Бірге ойнап жас шағымда жүргендерге!
Бір алла иман берсін өлгендерге.
Айтамын рахымет мың қайтара,
Бұл жерге амандаса келгендерге.
Ата-баба жолына мұрагер боп,
Соңынан ізін басып ергендерге.
ххх
Сарала салқын Қалба, Қызылбұлақ [1],
Жеріме қоштасайын салсаң құлақ.
Күніне қой мен сиыр екі саулып,
Қайран жер мал болатын жетім лақ.
Суы мол рысы мол қайран қоныс,
Кетуші ек он бес күнге қылмай тұрақ.
Дүние мынау пәни бұл бір шолақ,
Баянсыз бұл дүниеге біз бір қонақ.
Аяғы Көкпектінің Қылға құйып,
Жеткенше күншілік жер шалғын-құрақ.
-----------------------------------------------------------------------
[1] 1931 жылдың бастапқы кезінде кеңес одағының халыққа жасаған қысымы күннен-күнге күшейе түскенде елдің мекенінен ауып, азып-тозатынын сезіп, халықтың тарихтан бері мекендеген туған жеріне қоштасып айтқан өлеңі;
Қарғыба, Нарын менен Боғас, Базар,
Қош айтып кезім келді қағаз жазар.
Қайран жер шыныменен қаласың ба,
Мекен қып қоныстанған барлық назар.
Ұлытау, Тарбағатай мекенімді,
Қалайша ұмытайын жеткенше ажал.
Күн санап көрдей қысып келе жатыр,
Қайткенмен жұтпай қоймас мына ажал.
Мекенім Үшқайрақты, Нарын едің,
Зәмзәмдай суыңды ішіп қанып едім.
Арбаған сұржыландай қылығыңа,
Мен дағы жұртпен бірге нанып едім.
Орқашар мекендеген Құлыстайдан,
Алданып мен де келіп қалып едім.
Дәм тартып қайта айналып келгенімде,
Жұртшылық қандай күтіп алып едің.
Қаңбақтай жел аударған қайта келген,
Бақытсыз мен не деген ғарып едім.
Көрінген бұдан былай Балаөртеңтау,
Бетеге бұл еспеге шығады қау.
Ішетін жылқы дүзіп жүріп Көкпектілі,
Әкетті мекен салып бұл өріс жау.
Келеді күннен-күнге қысым түсіп,
Кім білсін қандай адам қалады сау.
Жылытау, Сылдырама, Байқұлағым,
Ойлаймын келешекті қайғырамын.
Тұтқындап жақсыларды қамап жатыр,
Сондықтан шошынамын қайғыдамын.
Бойына Қарашілік ел қыстаған,
Күнім-ай, бәйге атындай ойқастаған.
Жан-жағы үш күншілік сары дала,
Жалғыз тұр бек тамаша Бортостаған [1].
Қарасу, Құлдай, Биғаш саз болатын,
Көлі бар жан-жағында - қаз қонатын.
Суы мол шөбі шүйгін қоныс еді.
Мал дерті қасқыр күзеті аз болатын.
Сыпырып қазір орыс алып жатыр,
Халықтың көбі менен азғанасын.
---------------------------------------------
[1] Бортостаған – жер аты
Қалмады малың түгіл баста билік,
Жалынсыз қып-қызыл шоқ отқа күйдік.
Малы тұрғой басынан ерлік кетіп,
Қамалды тар қапаста талай жүйрік.
Қонушы ек ел қайтқанда Қабаншатқа,
Жал біткен сегіз күнде арық атқа.
Тілеубай, Сәдібекті өрлей көшіп,
Жайлаушы ек Обалына салып артқа.
Қай жерге барсаң дағы ыбыр-сыбыр,
Уайым-қайғы түсті жас пен қартқа.
Ашылы, Ақсуат пен Жаңатоғам,
Былықты күннен күнге біздің қоғам.
Қайран ел іріп-шіріп тозады-ау деп,
Ашиды удай болып ішім соған.
Алдымен қойды жиып сиырды алды,
Күн сайын халық күйі қиындады.
Жылқыны түйеменен тізімге алып,
Енді жұрт сенің қанша күйің қалды.
Бітірді астығыңды салық салып,
Күн сайын тексеріліп, анықталып.
Егерде айтқан сөзің қайшы болса,
Тексереді кеңсесіне алып барып.
Әркімнің салық салып бас-басына,
Біз қайтып бұл қылықтан жалықпадық.
Теп-тегіс күңіренді бай мен жарлы,
Сыпырды жұрдай қылып қолда барды.
Жан сақтап өмір сүру қиын болды,
Бастағы төлей алмай шығындарды.
Жер еді құтты мекен Айнабастау,
Сарықамысты өте шығып артқа тастау.
Сарқолдың баурындағы төрт бастауға,
Орнатқан қайран халық алтын астау.
Қайтейін құтты мекен қайран жерім,
Халқыммен менде бірге сайранда едім.
Айрылдым қоралы қой, жүз қарадан,
Күймейді бұған ішім қайдан менің.
Бір күнде шетте жүрдім, мұнда тудым,
Қызығып пенделікпен дүние қудым.
Осындай басқа қысым түскеннен соң,
Кетуге мен де тастап белді будым.
Лажысыз кетеміз-ау, азып-тозып,
Мал тұрғой түскеннен соң басқа қуғын.
Болмады бір күнгідей көрген қызық,
Қарашы опасызын дүние сұмның.
Қамалды тар қапасқа талай досым,
Кеңшілік енді бізге қайдан болсын.
Қай жердің топырағы бұйырады,
Жер-суым соған осы соңғы қошым.
ххх
Әнжан-ау, аруақ қонған ауыл едің,
Жанболаттың баласы бауыр едің.
Тентекті теріс жүрген жөнге салар,
Дуалы сөзің өткір дауыл едің.
Кетем деп қопақтайды мына халық,
Жаяулап тай-тулағын мініп алып.
Суы жоқ, жайлауы жоқ, қыстауы жоқ,
Қандай күн көреміз біз онда барып.
Кетесің қайтып қиып Қалба тауын,
Толтырған Жолымбеттің атқа ауын.
Қалады төрт түлік мал мекен-жайың,
Ішер ас, киер киім, сусын, сауын.
Барғамын ел қыдырып жайшылықта,
Жыл жүріп, күн жүргенмін айшылықта.
Елімнің еркесімін - ақынымын,
Қашқын боп кете алмаймын еш уақытта.
Естимісің күн батыстан сырып келед,
Бар елді шөп шапқандай қырып келед.
Бай демей, кедей демей бір қауызға,
Сиғызып көн терідей бүріп келед.
Онанда кетсін ауып басқа жаққа,
Сыйынып жаратқан аруаққа.
Мал-жанын, бала-шаға түгел жинап,
Өткізіп жіберейік арғы жаққа.
Бәрің де ақыл асқан данасың ба,
Айтқанмен қара тілін аласың ба.
Кешегі ата жауың Шүршіт асып,
Бұрханға бас игелі барасың ба?
ххх
Боқбасар би туралы
Боқбасар туылардан аз ілгері әкесі Жамантай бір күні түс көріпті. Түсінде үйін көк майсалы жерге тіккен екен. Бір кезде көкмайса қалың көкқұрақ болып, үйін басып, шаңырағынан асып кетіпті. Ішінен бір сарыала жолбарыс атып шығып, үйге шабады. Салмағымен керегені сындырып ішке кіріп, сабаны жарып, қымызды ақтарып, қалың құмырсқа қаптап кетеді. Үйдің шаңырағы жолбарыстың мойнында бірге кетеді. Түсінен шошып, алакөңіл болған Жамантай жүз он жастағы бабасы Жанболатқа барып, (деректерде Жанболат жүз отыз жас жасап, дүние салған делінеді) түсін жорытыпты. Сонда бабасы:
- Пейілің ақ, көк құрақтай өсіп-өрбіп, ұрпағыңнан біреу жолбарыстай батыр болады екен. Несібең көлдей болып құйылып, құмырсқадай шаруақор болып өседі екенсің. Балаң тіл мен көзден аман болу үшін атын Боқбасар қой, жаман атқа жаман көз қарай қоймас – депті.
Жыл екен мың жеті жүз отыз сегіз,
Бойында туған екен Көкшетеңіз [1].
Боқбасар, ізбасармен тете туып,
Тең алған тәрбиені өсіп егіз.
Ат қойды баласына Боқбасар деп,
Тірі болса ел кегін жоқтасар деп.
Ақыл мен білімі тең азамат боп,
Алдында қалың қолдың жол ашар деп.
Айтпайық күналы сөз өтірікті,
Кей жаман мақтан үшін көпіріпті.
Құдайым сақтай гөр деп құлынымды,
Жасырып тіл мен көзден өсіріпті.
Тай сойып, бата алып үлкендерден,
Разы қып таратыпты көпшілікті.
Мекен қып қалың қамыс, жыра, жартас,
Он жылды жапаменен өткізіпті.
Әулие қырық шілтен қолдап, жебеп,
Баланы балиғатқа жеткізіпті.
Бердім деп екеуіңе бауырыңды,
Алдырып білім нәрін төккізіпті.
Сасан би, Кегенбай мен қасына алып,
Үйретір бес сайысты өткізіпті.
-----------------------------------------------------
[1] Көкшетеңіз – Балқаш көлі
Он үш ұлдан Боқбасар көзге түсті,
Бойы шағын болғанмен өте күшті.
Бес қаруды игерген бала жастан,
Сайыста талай тарлан аттан ұшты.
Боқбасар баласы еді Жамантайдың,
Бір туған тумасы еді Дәулетбайдың.
Үш жүзге билік айтқан он үш жаста,
Сасан мен шәкірті еді Кегенбайдың.
Мекені қалың орман Қызылқайың,
Өскенбай қолқа салған жердің майын.
“Томарын” бір қыстатып шығу үшін,
Сәлеммен жіберіпті Құнанбайын.
Сұраған жерін беріп сөзін қимай,
Бермепті жеті жұтқа қотыр тайын.
Силаған екі жақсы бірін-бірі,
Ескерген татулықты халық жайын.
Сарының немересі тоғыз екен,
Қарғыба, Қалба жайлау қылған мекен.
Ортаншы ұлы Сарының бабам Көки,
Көкидің немересі он үш екен.
Боқбасар, Ізбасар мен Жиенәлім,
Майбасар, Жиентүгел, Серкебайым.
Қашқынбай, Қаратышқан, Сасаным бар,
Итақ, Шағыр, Бибол, Байбол тағы дайын.
Он үш ұл қаптай көшкен қалың елім,
Қазіргі үш жүз он үй қылсам пайым.
Сарыдан шыққан екен он бір батыр,
Әрбірін талдап айтсам толып жатыр.
Он бірі тізе қосып ұрыс салса,
Жауына орнатыпты заманақыр.
Белгілеп Тоқабаймен жер бөлігін,
Байсымақ шекарада өзі жатыр.
Жансары, Жаманменен ел қорғаны,
Біреуі жаман-жұтық мыңға батыр.
Бұқаңмен тұстас еді батыр Саңқай,
Жауына қақарланса түсірген жай.
Бауырын ертіп жүріп баулиды екен,
Тоқжігіт ағайынды Тоқмырзадай.
Бәйәлі, Байашым мен Әлібайым,
Бір өзі қамал бұзған Әкімбайым.
Бас қосып бәрі түгел тұрған кезде,
Жерінен жау алмаған қотыр тайын.
Сарының Бәкім еді арыстаны,
Жоқ еді бір-бірінен қалысқаны.
Алдыңда бес Байжігіт қалғаның бар,
Артыңда бес Байысың және дайын.
Бар Найман жұмылғанда бір жұдырық,
Жауыңнан жеңілем деп қылма уайым.
Алаңсыз, ұйқы тыныш бейқам халық,
Жерінің шошытпаған бозторғайын.
ххх
Орысқа бодан болғанбыз,
Тұғырға мықтап қонғанбыз.
Бірлесіп жауды соғуға,
Найза-садақ жонғанбыз.
Қабанбай мен Боранбай,
Еспембет мен Абылай.
Қансыратты қалмақты,
Ұл мен қызын қорлатпай.
Жауды қуды елімнен,
Атамекен жерімнен.
Есін алып халмақтың,
Еш нәрсені ойлатпай.
Найза, сойыл, шоқпарды,
Төбесіне ойнатты-ай.
Жақсығұл мен Жаманқұл,
Базарқұл мен Назарқұл,
Хан Тоғастың баласы,
Таққа отырған тоғасқа,
Ешкімнің жоқ таласы.
Талай қорлық көргенбіз,
Көріп тұрып көнгенбіз.
Ашынған алты Алаш боп,
Буырқанып бар халық,
Қалмақты да жеңгенбіз.
Кең дала шалқар жерімнен,
Тырқырата қуғанбыз.
Өз қылғаны өзіне,
Қанды қанмен жуғанбыз.
Жеңгенше жауды тоқтамай,
Жанды құрбан ұсынғанбыз.
Қалмақ ханның басын ап [1],
Жер ошаққа көмгенбіз.
Қалмақтан қалған бес қызды,
Ел атына бөлгенбіз.
Малбике мен Күнбике,
Айбике мен Нұрбике,
Кенже қызы – Жанбике,
Бұлар да біздің атамыз.
Талай жақсы тараған,
Ісіне алла қараңыз.
ххх
Қыдыңдап келе жатыр таң да атып,
Он сегіз мың ғаламды таңырқатып.
Көзіңді аш, көр ананы уа қалайық,
Бей мақұрым қалмаңыздар ұйықтап жатып.
Күн шығар таң артынан нұрын шашып,
Түн тарқар қара түнек жатқан басып.
Қой үстіне боз торғай жұмыртқалап,
Тойынарсың жүргендер қарның ашып.
Кедеймін керігім жоқ аттан басқа,
Жаялық, жастанар жоқ тастан басқа.
Лағнат айтып, қара түнек сұм заманға,
Серпіліп томағаңды жұлып таста!
Қолыңа қару алып шық майданға,
Мал-мүлік бала-шаға түкке айналма.
Күн нұры қызуынан нәр алуға,
Кел бекін, елің үшін нық байламға.
Жер беті таң нұрымен балқиды әлі,
Пенделер қуанышпен шалқиды әлі.
----------------------------------------------------------
1 Айтуларға қарағанда бұл бес қыздың әкесі Тұрсын хан деген хан екен. Рақымсыз, қанішерлігіне бола қазақ оны Қатаған хан атаған екен. Тәшкент қаласын иемденіп алып, қазақ хандығын бөлшектемек болған. Есім хан оны өлтірмек болып түн ішінде барғанда қасындағы Марқасқа жыраудың Тұрсын ханды ұйқыдан оятып, айтқан жыры да бар.
Бедірейген қара тас мынау заман,
Майға еріткен қорғасындай балқиды әлі.
Надандық басып алды қара түнек,
Сусын жоқ, сусын қанар жүрмін жүдеп.
Сауығып оқ жалаған топшың сенің,
Ұшарсың қыран құстай аспанға үдеп.
Түнек басып қараңғы болдың ғарып,
Таң атып күн нұрынан көрдің жарық.
Таңның аты кедейдің жылау зары,
Жанданып көтерілер талай арық.
ххх
Ассалаумағаликім хан қалайық [1],
Басқарған елді билеп ханға лайық.
Тегім де бір, қаным да бір ақыныңмын,
Найманның жақсылығын жүрген жайып.
Елімнің құлағы да тілімін мен,
Айтайын көз көргенді таңғажайып.
Ел шетіне ашаршылық ілініпті,
Жаман рым айтты деп бұйырма айып.
Қайран елім, қазы-қарта жемейтұғын,
Көрем-ау таршылықты демейтұғын.
Сайрандап, сауық құрған, итқұс салып,
Заманың артта қалды-ау келмейтіғұн.
Бұзбаған берекені шашау шығып,
Көрмеген беті қайтып жаудан ығып.
Тоз-тоз боп, тозаң болып ұшты-ау халқым,
Ақыл мен әліңді алып ашаршылық.
Бірлесті ашаршылық обаменен,
Шындықты айтам, айтпаймын жобаменен.
Жемтігін итқұс жеген қайран елім,
Жазықты болды екенсің елде неден.
Қазақтан басқа ұлттың өлгені жоқ,
Жоқшылық тақсіретін көргені жоқ.
------------------------------------------------------------------
1 1931 жылы Кәрібай ақын өзі бері өтуден аз ілгері Қанағат Болыстың үйіне келеді. Келсе, Шәуешек қаласындағы бірқанша бай-манаптар отырыпты. Отырғандар: - Я, ақын, не естіп, не көрдің? – дегенде ел басына төнген ашаршылық пен халықтың қиын халін былай деп толғаған екен.
Жер еміп, бақша салған, егін орып,
Қайғысыз қарасумен қарыны тоқ.
Ар көрген орныққанды қала салып,
Ғылымды ескермеген ойына алып.
Тарттың-ау тақсыретін надандықтың,
Жүргенді мақтан көрдің құры қалып.
Қойдай боп қырылды әне кең далада,
Сүйегің қалды-ау қурап сай-салада.
Бір жаққа жөн сілтейтін бас-көзің жоқ,
Адасып жол таба алмай қор бола ма.
Кешегі өткен өмір көрген түсім,
Жанашыр табыларма ертең үшін.
Тоз-тоз боп тентіреген елді құрар,
Бір жақсы туар мекен ұрпақ үшін.
Алдыңнан қайда болсаң ор болады-ау,
Көңіл жасып сүйегім бор болады-ау.
Қайыспайтын, қажымайтын ұл менен қыз,
Құл болып көрінгенге қор болады-ау.
Жоқшылық келді міне көп басына,
Телмірген шұғынық, жуа шөп басына.
Я Алла жерден өндір, көктен жаудыр,
Жетім мен жесірлердің көз жасына.
Айрылдық ер қанаты тұлпарыңнан,
Саятта көңіл ашар сұңқарыңнан.
Бір тістем нанға сатып ұл-қызыңды,
Қу жаның тәтті болды-ау ұрпағыңнан.
Арыңды жауға бермес қайран елім,
Қапыда шығасың ба ел санынан.
Ес кетіп, есеңгіреп қайран қазақ,
Сіркедей сеп болмады-ау бар малыңнан.
Қарасам шелек келді, жылқың талақ,
Жеті жұт қабат келді сені қамап.
Ойылып ақтабан боп жүре алмадың,
Еңбектеп қос тізеңнен қан сорғалап.
Халық жоқ сенен басқа аштан өлген,
Қырылып мың милион түтін сөнген.
Көмек қып қолын созып қайран елге,
Жанашыр табылар ма көңіл бөлген.
Құдайға құл, Мұхамметке үмбет болсаң,
Апаттан құтқарсаңшы мына төнген.
Байлығың мен барыңның несі пайда,
Көзіңді салмаған соң мына жайға.
Садақа, құшырың мен зекетіңді,
Бер дейтін құрандағы сөзі қайда. – деп айта келіп, бар жақсылардың атын атап, тақпақтай сөйлепті:
Мәмбет, Тоғас, Жұмықпен,
Үш Бәйжігіт баласы.
Тәрбие беріп өсірген,
Мақта апай біздің анасы.
Батыр, болыс, билермен
Ұран болған бар елге,
Қабанбай батыр қолбасы.
Шал Бөгіс, Қоңыз бастаған
Алпыс екі қажы бар,
Қалың найман еліме,
Дін үйреткен қажылар.
Сөзімде ағат іс болса,
Сарапқа салсын қазылар.
Ел иесіз болғанда,
Құлазып дала азынар.
Дінге ие болатын,
Ешен Сейіт – хазірет,
Сейткамал қажы бар. – деп тақпақтап былай депті:
Шәншіп бай олыпты елден асқан,
Дін үшін мешіт салды Көкталастан.
Қала сайын бір завот салдырыпты,
Шығымға шығып жатқан қарамастан.
Құсайын, Төрақожа, Мырауыт бай,
Бақ берген аямай-ақ патша құдай.
Өзбек, сарт, дүңген, ноғай, қазағың бар,
Апаттан алып қалар дастарқан жай. - дейді.
Кәрібайдың бұл өлеңін естіген жақсылар еріксіз береке жасап, Мырауыт бай Шорық деген жерде қазан асып, ашаршылықтан босқан елді екі-үш күн тамақтандырып, тынықтырып аттандырса, қала байлары ақша, садақа беріп, ажалы жоқтарды бағып, қатарға қосыпты.
ххх
Ұлы бір жыл [1] ел ауды,
Асамыз деп Манасқа [2].
Алладан хабар келгенде,
Қоштаспай кеттім Қанашқа[3].
ххх
Талқаның кесек бопты Нүсіп марқам [1],
Өсім болсын деп жүрғой Сапар қалқам.
Екі бірдей тесікті ашып жеріп,
Әпекеңе жегіздің жарма талқан. – депті
ххх
Ақбұйрам айналайын келдің қайдан,
Жыл жарым қорлық көрдім қара шайдан.
Жиенім сен болғанда нағашың мен,
Өсіп өнген ұрхы едің бесторғайдан [2].
ххх
Тойке қажыға айтқаны
Кәрібай ақын Көктеректен (қазіргі Көкпекті) Ақсуатқа қайтып келе жатып,
Тойке қажының үйіне ат түмсығын тіреп:
Түсуге рұқсат па? – дейді. Қажының жұмыскерлері Кәрібай ақынның келгенін қажыға айтып рұқсат алған соң, Кәрібайдың атын байлап, есік ашып үйге кіргізеді. Кәрібай сәлем беріп, оң аяғымен табалдырықтан аттай бергенде қажы:
Тоқта! деп Кәрібайды тосып: Бір аяғың табалдырықтың сыртында тұрған беті, бар арман-тілегіңді бір ауыз өлеңмен айт. – дейді. Сонда:
Қарғыба Нарын құймай тасымайды,
Найманның ақыны едім басы байлы.
Алыстан атсоқты боп мен келемін,
Қажеке тастай берші насыбайды. – дейді. Сонда қажы елге шығармайтын серке мүйізінен істелген күміс шақшасын Кәрібайға ұстата беріпті. Жайланып отырған Кәрібай:
-------------------------------------------------------------
1916 жылды айтады
ҚХР ШУАР Санжы облысының бір ауданы
Ақынның ұлы Қызырғалидың әйелі
Атыма жем іліп қой шайдан бұрын,
Қиялап кесіп жейтін майдан бұрын.
Жаяуға ат жалаңашқа шапан болған,
Атыңнан айналайын қайран Мұрын. – деп ағытылған ақын түніменен өлең айтады. Бірақ сол айтылған өлеңдер қағазға түспегендіктен, бұл күнде ешкімнің есінде қалмаған. Тойке қажы сол ретте ақынды риза етіп, аттандырыпты дейді.
ххх
Артымда өзім өлсем сөзім қалсын,
Жігіттер көзі ашық ғибарат алсын.
Мәшә алаһукана өман
Ләмяшаһ уламякун
Көзі ашық, көкірегі ояу зейінді жан,
Бұл сөздің мағнасына көзін салсын.
ххх
Түс
Мен келдім Тарбағатай тағы асқалы,
Жоныңа демімді алдым таңасқалы.
Құрылды ауаға тор жерге қақпан,
Құтылар ер жігіттің бағы асқаны.
Кәрібай көзің жетті өліміңе,
Аз қалды көрер жарық өміріңе.
Отырған өрендерім тыңдап отыр,
Айтайын келген істі көңіліме.
Дариға-ай өмірімде көніп едім,
Тұрмыстың ауыры мен жеңіліне.
Өлеңмен қара сөзге өрнек салып,
Халықтың ие болдым сеніміне.
Шынымен айдалада қалғаным ба,
Қайран ел қайта ортаңа барамын ба.
Екі елге еркелеген есіл басым,
Бөрінің келіп түстім аранына.
Істеген қанша күна қылмысым бар,
Келешек салар әлі сарабына.
----------------------------------------------------------------
1 Кәрібай ақын 1920 жылдардың алды-артында Дөрбілжіннің Үшқарасуын мекендеп жүргенде Қобық жерінен келген Сапарғали, Нүсіп (тегі ноғай) деген балдыздарының тиірменіне борми апарып талқан тартқызғалы барады. Өлеңге аңсары ауған балдыздары тиірменнің екі тесігін ұмытып бекітпегендіктен талқан жарма болып шыққан. Сондағы айтқаны:
2 Бес торғай деп бес Байысты меңзеп отыр
Қалыңдар аман-есен өрендерім,
Қызығым енді бітті көрер менің.
Егерде қаза тартып қан баспаса,
Қытайдан мұнда қайтып келер ме едім.
Қытайда досым еді мырза Таңғыт,
Тамаша өткізіп ем талай сән қып.
Көп жұртқа кәрі түлкі секілденіп,
Мінеки айдалада қалдым қаңғып.
Қайтемін қасрет тартқан бір мен емес,
Айтамын бұл туралы елге кеңес.
Басында күна сұмдық болған адам,
Мақшарда жалған тұрғой опық жемес.
Сәлем айт Шотайдағы нағашыма,
Құрметті ие боп ем бағасына.
Марқадам барған жерден таппады деп,
Қалдымба-ау кей дұшпанның табасына.
Сәлем айт Сұраубайға, Шөтенменен,
Жас еді ниеті жоқ бөтенменен.
Қоңырбай, Бижамал мен екі балам,
Осылай ой барма еді өтем деген.
Шотайда досым еді Қабиқазы,
Жүруші ек араласып қысы-жазы.
Сәлем аит Мейрамбай мен Нұрғазыға,
Алланың қосқанына пенде разы.
Бәріңе еркелеуші ем жиен болып,
Бәрліғың әлпештеуші ең сүйеу болып.
Сіздерге көрсетуге нәсіп болмай,
Мекенім қалар менен иен болып.
Ер еді Құрманқажы ақсақалым,
Жалғанның қапасында көңілің жарым.
Түсіңде тентек тиіп, мақұл жиып,
Ақылың алты алашқа болған мәлім.
Ниязбек, Қыдырмолла шетелде жүр,
Жазған соң осылайша хақ парманын.
Жапанда жалғызсырап мен де отырмын,
Осы екен опасыз бұл жалғаның.
Сәлем айт Қызыл шілік келесіне,
Мәжіліс отырған жұрт кеңесіне.
Нар ботасы секілді ер Зейнолла,
Ақылы, сабыры өлшеусіз Ніл дәрия кемесіне.
Сәлем айт Әбділдабек болысына,
Жау батып кірген емес қонысына.
Мекенді түгел тастап елім кетті,
Күйеді ішім қайнап сонысына.
Білмеймін әлде қандай қалдарыңыз,
өмірге көз жіберсек алдағы біз.
Аштыққа шыдай алмай кеттік тозып,
Орысқа жем болған соң бар малымыз.
Мың тоғыз жүз отыз бір болды бір сын,
Күйзеліс болды қатты жалыққан тым.
Ерлерге ертаныған қатер төніп,
Ықтайтын керек болды қоянға жым.
Сәлем айт Керейдегі төрелерге,
Әрқашан тойған емес ер өнерге.
Ұшса да ұлар көкте, аққу төмен,
Бұлардың мәртебесі теңелеме.
Көп сәлем қымбатты інім Қызырыма,
Қайырлы тілектеспін ғұмырыңа.
Болмады бір күнгідей өткен өмір,
Дүниенің пенде тоймас қызығына.
Сәлем айт барлық төре нәсіліне,
Жиналған үлкен-кіші құзырына.
Жазуға көп ұзартып уақтым жоқ,
Тағдырдың көзім жетті шұғылына.
Еңсе үкірдай, Шотайда Қонжа батыр,
Келелі кеңестерге айтқан ақыл.
Еңседен соң ер Таңғыт үкірдай боп,
Үзілмей мәртебесі келе жатыр.
Сайраған ортаңдағы бұлбұл едім,
Дәриға-ай менде арманда өттім ғапыл.
Керейде Қызыр төре сүйеуші боп,
Болып ең бірің пана, бірің шатыр.
Алашқа ер Қабанбай болған ұран,
Ұрхынан шығып еді талай қыран.
Әлі, Жақаш, Сүлеймен, ер Әділбек,
Бәрі де шыққан нәсіл осы рудан.
Аузыма аруағыңды алдым атам,
Басыма төнгеннен соң қара тұман.
Көксеген Дөртуылда ағам еді,
Кісідей силасып ек бірге туған.
Ортаңда үріп ішіп, шайқап төгіп,
Күнім-ай нәпсіге еріп дүние қуған.
Мінеки бозторғайдай шырылдатып,
Түсірді ауызына арбап жылан.
Еске алған мен пақырды үлкен-кіші,
Оқыңдар дұға қылып аят құран.
Келейін енді оралып өз еліме,
Кетейін ауызға алып кезегінде.
Қырандай қапылыста торға түскен,
Ойласам от түседі өзегіме.
Әділбек, Жақып сәлем Сәдіубайға,
Тоқжігіт, Райымбек, Түсіпбайға.
Сарының атқа мінген азаматы,
Мұбарак дұғада бол біздің жайға.
Нұрғали, Дүйсенбе мен ер Тұяқбай,
Көрісер сендерменен заман қайда.
Ұрпағы үш Сарының [1] қош аман бол,
Тапсырдым барлығыңды бір құдайға.
Азырақ қоштасайын өлеңменен.
Еліме танылып ем өнерменен.
Кірмепті өңім тұрғой түсіме де,
Басыма мұндай зауал келер деген.
Сәлем айт тоқабайда Маусымбайға,
Сейтқали, Мамаң кәрі, Қаптағайға.
Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер,
Қазадан ерді құдай сақтамай ма.
Жалғаннан күдер үздім түстен шошып,
Мекеннен аз ауылмен шықтым босып.
Бетке алып ауылымды шыққанымда,
Алдымнан қамалады бөрі тосып.
---------------------------------------------------------
1 Үш Сары деп Әуел, Көкі, Саңғайды айтып отыр
Әкеліп бір шұңқырға қамап, жығып,
Кеудеме бір екеуі алды шығып.
Шамам жоқ қарсыласар демім құрып,
Өліппін жан тапсырып мен тұншығып.
Хат жаздым қалам алып ояна сап,
Болды деп бұл бір сұмдық уайымдап.
Еркіндеп сахарада жүрген күнде,
Болар деп ойлап па едім осындай шақ.
Осындай санаменен болжап едім,
Ең алғаш өз басыма қонғанда бақ.
Әр кезде өмірдегі тәжірибем,
Осындай көрген түсім келетін нақ.
Сіздерге осы болар соңғы хатым,
Еліме үлкен-кіші нәсихатым.
Біреуі Жанболаттың атам Сары,
Назардан таралады арғы затым.
Қазаға қан төгілер себепші боп,
Кез болды қалың нөсер жауын-шашын.
Кейінгі ұрпақтарым ұғып алсын,
Кәрібай Таңатарұлы менің атым.
Мұнан көп сөз жазуға уақтым жоқ,
Ел-жұртым қош аман бол жамиғатым.
ххх
Балбаланың (Рабиға) Кәрібайға жазған хаты
Балбала – Тарбағатайдағы атышулы Мәшетейдің (Дөрбілжінде әскер бастығы болған, ұлты - дүңген) мырзасына сүйенген бір байдың мырзасы астыртын құдалық жүргізіп, өзіне айттыратынын сезген Балбала өлеңмен табысып жүрген Кәрібайға төмендегі хатты жазып, астыртын тіл біріктірген соң, Балбаланы алып қашып алады.
Көңілім сүйген қыраным,
Алыстан болжар қырағым.
Бір қара құс шүйілді
Бұған не лаж қыламын?
Қолымнан келер сол ғана
Жылаймын да тынамын.
Құтқармасаң осыдан,
Өз мойныңда сұрағым.
Ақылын сен тап, мен дайын
Жолыңды тосып тұрамын.
Жігіт болсаң сөзге жет,
Арманнан десең шығамын.
Ендігі жауап өзіңнен
Тігулі саған құлағым.
Қандай жерден жолығам,
Қай уақытта шығамын!?
ххх
Балбала әні
(Ән өлеңі)
Ғашығым, көңілім сүйген Балбаласың,
Сырыңды сыртқа айтуға арланасың.
Жүргенде жүрек елтіп, ақыл таппай,
Уытты апжылан арбамасын.
Торғайдай топ еткізіп, шырылдатып,
Жұтуға обыр көмей қармамасын.
Тұрғанда дәл осындай қатер төніп,
Талпынып өмір үшін қарманасың.
Қайырмасы:
Уа, сүйіктім, балбала,
Арманда қалып зарлама.
Білгенде қатер төнгенін
Қарқ етіп ұшар қарға да.
Жинақтың соңы
Мазмұны
Кәрібай Таңатарұлы және оның ұрпаққа қалтырған өшпес мұрасы жайында
Дастандар
Майқы би
Қаракерей Қабанбай (үзінді)
Қанжығалы Бөгенбай
Мұрын және Байжігіт
Айтыстар
Әсетпен айтысы
Бәтимен айтысы
Өлең, толғаулар
Баласы Таңатардың мен Кәрібай
Арман
Келемін қозы бағып өрістетіп
Міне жұртым ерлердің өнегесі
Шорға соғысы туралы айтқаны
Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді
Үш жүздің жер бөлігі туралы
Ағжан би ауылында
Темеңн сәлем
Жасұзақ мырзаға
Мекен қып Тарбағатай Жайыр, Майлы
Жылында 16 шетке бардым
Сардала, Салқын қалба, Қызылбұлақ
Әнжан-ау аруақ қонған ауыл едің
Боқбасар би туралы
Орысқа бодан болғанбыз
Қылаңдап келе жатыр таң да атып
Ассалаумағаликем хан, қалайық
Ұлы бір жыл ел ауды
Нүсіпке
Жиендерге
Тойке қажыға
Артымда өзім өлсем сөзім қалсын
Түс
Балбаланың (Рабиға) Кәрібайға хаты
Балбала әні
Достарыңызбен бөлісу: |