Арман да, арман, шын арман



бет7/8
Дата05.11.2016
өлшемі4,7 Mb.
#456
1   2   3   4   5   6   7   8

АЙТЫСТАР
Әсетпен айтысы
Алланың бір бісімілла ісімі, заты,

Пенденің хаққа міндет ниғыматы.

Сөйлейін саясаттан бір азырақ,

Бар болса тыңдаушының иқуаты.

Сыпырған томағасын қыран құстай,

Жақсының көпке жеткен шарапаты.

Қызыл тіл қалай тартсаң солай кетсе,

Жастықтың сол емес пе талап аты.


Ал енді шіркін көмей бипыңдасын,

Сөзімді дәмсіз айтқан кім тыңдасын.

Қынаптан суырып алған нар кескендей,

Қызыл тіл отыз тістен жылтыңдасын.


Қалмасын жаңа сөзім ескідей боп,

Орғиын күрең төбел бестідей боп.

Халайық мені көрсе бір таңырқар,

Бау көрген ақсабанда ешкідей боп.


Атадан хақ бұйрығы бізге тумақ,

Атаның жұртқа мирас жолын қумақ.

Жылмиып жай отырсам кім сыр білер,

Кетейін арғымақтай серпе зулап.


Ыңғайлы қанат қолым сап алуға,

Жақсының жуық едім жамалына.

Азырақ жастан қалған бұл қыйқуым,

Үйренген ғадет қылып қамалымда.


Сөзімнің қала берсін ұмытылғаны,

Құп тыңда, мәжілісте елдің отырғаны.

Сөйлейін саясаттан білгенімді,

Демесең қай мұрынның құтырғаны.


Әуелі сыйынамын патша, құдай,

Шайтанның шариғаттан жолы былай.

Жеріне тоқты сойып топыр қылған,

Бұлбұлы орта жүздің мен Қәрібай


Біздің ел өсіп өнген Қалба жайлап,

Сонылап ел үдерер малын айдап.

Тамызда Көктұмада сияз бар деп,

Бұл істен хабар тапты түгел аймақ

Бойында Көкпектінің көк шалғында,

Отырған Әуелекең [1] бие байлап.


Сол кезде жиырманың төртіндемін,

Асыр сап жүрген кезім құлынша ойнап.

Жетекте жас тайлақша жүрген кезім,

Кете қойған жоқ едім шығып бойлап.


Жайсаңға біздің болыс қарайтұғын,

Ояз деп он бесыншы санайтұғын.

Десетін нарын елі – Жанболатты,

Хабарасу [2] болысын жанайтұғын.

Молайып Байжігіттің өскен кезі,

Өзінен екі болыс тарайтұғұн.

Жарымы Байжігіттің арғы бетте,

Қытайға екі үкіртай қарайтұғын.

Осылай үлкендерден ұғуымша,

Санатқа кезім емес жарайтұғын.


Сиязға жүрмек болды болыс, билер,

Әр жерге дайындық қып тігілді үйлер.

Бәрінде тамашашы, әнші, күйші,

Әр жерде сыбызғымен тартқан күйлер.


Көктұма жалғас екен еміл, бақты,

Жігітке жердің жөнін білген жақсы.

Қытаймен шекаралас орын дейді,

Мәлімсіз сияз күні қанша уақытты.


Байжігіт араласып Мұрынменен,

Санасып ерлер жағы білімменен.

Жүруге бір жүз кісі дайындалды,

Біреуден біреу естіп, білуменен.


Жүз кісі тәуекел деп түстік жолға

Кейі аяң, кейі мінген кекек жорға.

Жүйріктен тұлпар шауып бәйге алатын,

Будақтатып шығарған кез шаңды аспанға.


---------------------------------------------------

1 Әуел – Сарының бір ұлы

2 Хабарасу – Ақпатшаның Хабаров деген генаралы 500 әскермен осы асудан асқандықтан, “Хабаров асуы” атанған. Кейін ел Хабарасу деп кеткен

Жаңадан жүрген кезім өлең дарып,

Қолыма екі ішекті домбыра алып.

Атақты Көктұманның сиязына,

Дәм тартып мен де бірге қалдым барып.

Көргенім сиязды осы қадам басып,

Именіп көрмеп едім көңілім жасып.

Жылында мың сегіз жүз жетпіс екі

Келіппін дүниеге есік ашып.
Келгенде он жетіге өлең айтып,

Үн қостым домбыраға перне басып.

Ел жайын, ата жөнін, халық салтын,

Үйретті көп өнеге ақылдасып.

Алаңдап бойым қызып тоқтамаймын,

Түрғандай бір керемет жақындасып.

Келіпті Әсет деген ақын жігіт,

Мүмкін деп айтысуың болса нәсіп.

Барып ем Тоқжігіттің қасына еріп,

Атын баптап күтемін, бағып беріп.

Қажеті кезегінде боп қалар деп,

Үйреткен аты жөнін маған теріп

Қазақша дәл тамыздың он бесінде,

Бойына Көктұманның түстік келіп.

Қатарлап тігілген үй, қайысқан қол,

Қарасаң таңғажайып көз жіберіп.


Найманның өскен жері Қаракерей,

Дұшпанның көңілін басқан теңдік бермей.

Бәйгеге Найман баптап сан қосқанда,

Жері жоқ Кәрібайдың қалған келмей.


Болғанда атам – Байыс, анам – Мұрын,

Жеті атам Жолымбетке құйған нұрын.

Алдында қырық сан қырым дес бермеген,

Қай қазақ сөз сөйлеген бізден бұрын.


Жігітке оңай емес дүние қумак,

Нарқы бар осы сөздің талай тармақ.

Арғынның қаракесек Әсетіне,

Сиязда тәуекел деп салдым қармақ.


Табылмас жүйрікке ақыл жан сасқанда,

Ақылдың сабыры жерде, кілті аспанда.

Бір жігіт Қожағұлда опат болып,

Сияз қып, қытай, орыс бас қосқанда.


Арғынмен қаракесек сөз сөйлестім.

Алты арыс қырықсан қырым бас қосқанда.

Бас қосқан төрт үкіртай, елу болыс [1],

Ұстады екеумізді қолдан қолға.


Тағы бар, жесір дауы, жердің шегі,

Келіпті бұған бола елдің көбі.

Бітімге келу үшін бас қосыпты,

Атақты керей, найман би мен байы.

Сараппен осы жолы теңелмекші,

Арада бұрын болған өштік кегі.


Ту алып, тұлпар мінген елші халдай,

Егескен күндер болды-ау екі талай.

Шығысып екі ханнан сексен шерік

Құрыпты патшалықты тартып сырнай.


Егесі екі жұрттың болып алды,

Сүлеймен даулы болып ер жалбағай.

Ат шабыс, қыз қуармен көкбар болып,

Көрсетпек күш өнерін ер Молдабай.


Қобызын дуылдатып Бұйдаш келді,

Көрсетті екі жұртқа не өнерді.

Осындай қызық думан жиын болып,

Таңқалдырды орыс пен Қытай елді.


Атақты Ақсуаттың тышқан көзі,

Қысы еді-ау, қасиетті асыл сөзді.

Парат шегіп, салтанатты пәуескемен

Келгенін бұл жиынға елі көрді.


Сөйлейтін енді келдім біз аз күйге,

Жандарал алтын сурет таққан түйме.

Күнін кес, мына дауды тез бітір деп,

Кіргізді он екі би сияз үйге.


Кіргізді Бөкенші мен Мамырбекті,

Дәмежан ғарып шешен, әбзал текті.

Жайылған екі патша ел сиязында,

Қаратты ауызына талай көпті.

Алдында Сүлекемнің ән шырқадым,

--------------------------------------------------------

1 Шатабай нұсқасында 8 болыс делінеді

Жинадым айхайменен тамам-жұртты.


Байысқа болды ақсақал Бөкенші - нар,

Билеуші, Тілебалды, Әзібай да бар.

Асылбек, Қыдыр молла, би – Бекбосын,

Омары Мерекемнің өңшек дегдар.

Тілеген, Қабдылсамит, Калым болыс,

Жапабай асыл бегзат өңшең салдар.

Ел дауы, ер құнына кесім айтпақ,

Құралған сайыпқыран өңшең көкжал.

Арыстың өстіп кірдім қайырына,

Бас қосқан қытай, орыс жиынына.

Найманның шарықтаған қыраны едім,

Түсем бе, байқаусызда жайған торға.

Алаштың әлібі едім бейне алмастай,

Құдайым сапарымның артын оңда.


Сөйледім тыңдаушының қалағанын,

Қалауға қасиеттеп жарағаным.

Осындай шаршы топта жүлде әпер деп,

Құрыштап төлегетай тағаладың.

Әсет пен сөз сөйлесіп осы жерде,

Арыстың сөз тыңдаттым даналарын.

Сүйтсе де аты шыққан Жампозбенен,

Тәуекел деп өз ісімді шамаладым.


Жаратқан ғаршыл – күрсіл лауһүл ғалам,

Біткен жоқ бұл туралы сөзім тамам.

Халқым қалап, сенім артып сөз берген соң,

Сүйсінерлік сөз моншағын менде табам.


Ісімді өзің оңда хақ тағалам,

Сиынар жарлыққа деп ғалам саған.

Бал жұтқан бармағынан ер еді деп,

Келдім де Сұлекеме бердім салам.


Сұлеймен Қабанбайдың баласы еді,

Сауыттың оқ тимеген жағасы еді.

Аралас, сүйек-шатыс, құдандалы,

Солардың жолдастығы рас еді.


Бұрын да біздің жаққа келген еді,

Азырақ ән тартқызып көрген еді.

Аулына Шерекеңнің ертіп барып,

Батасын ықыласпен берген еді.


Сұлекем, сәлемнен соң сөгіп кетті,

Көрмеді бұрынғындай сыртқа тепті.

«Ерім өліп, ырысым бұзылғанда,

Қозыбай! Көңіл айтпай саған нетті!?»

Ақылын төре, қара жинап бер! – деп,

Алдырып бір домбыра жарлық етті.


Алдырып бір домбыра қылды әмір,

Қоймады ән салмауға Сұкем сабыр.

Ішімнен хаққа жылап тәуекел деп,

Жағынан күн шығыстың соқтым дабыл


Шақырдым Қабанбайдың аруағын,

Жерді ойған Төлегетай салмағын.

Отырған он екі би, сияз үйге,

Көрсеттім ата заттан сөз ырғағын,

Ерлігін Сүлекемнің «көл» деп айттым.
Қозғалтпас талай жәйін қарымағын,

Әркімге тиып жүрген зар-лажын.

Жақас пен Әділбекті тең сөйледім,

Алашқа өлшеу қылмай Дәулет жағын.


Ұрпағы Қабекемнің батырларым,

Дәстүрін ұстаған ел ата бағын.

Қара көк тұқымнан үзілместен,

Ұстадың Қабанбайдың алтын тағын.


Ту алып, тұлпар мініп ер Қабанбай,

Күніне қырық сан қолдың жолын ашқан.

Тақ мініп, тәжі киіп Әбілпейіз,

Ұрандап мұсылманға жарлық шыққан.


Қақ жарған Қарақылды менің бабам,

Боранбай өз тұсында билік айтқан.

Хан Қамбардың артынан ер Ботабай.

Жүргізген алты алашқа әділдігін.


Найманда ие болдың алтын таққа,

Жерің жоқ есең кетіп жүрген жатқа.

Сүлеке, ашуды қой, көш ақылға

Ісіңді бергеннен соң шариғатқа


Бөкенші, Мамырбек пен елдің басы,

Құн келсе қалдырмайды жаман атқа.

Осындай ұлы жиын ойдан жерде,

Жарап ем сол ерлерге қолғанатқа.


Естіпті - Әсет ақын біздің жайды,

Сол жерде болған екен ол да қазір.

Екі айғай хан сиязда душарласып,

Жиылып мың жарым қол болды қамыл.

Бір алла таразысын ауғыз ба деп,

Дұғаға қол көтерді аға-бауыр.


Бас қосқан зор жиыны екі ханның,

Бірлескен Мәжілісі хан – Сұлтанның.

Ер құны, қазақ жолы ереже бар,

Және бар шариғаты Мұсылманның.


Дүниеге ойлап тұрсам ғапыл едім,

Аллаға құлшылық та жақын едім.

Сымпиып, сұр жыландай Әсет келді,

Сөз жайлап осылайша жатыр едім.


Тысы-ләмбік, іші-құндыз, камшат бөрік,

Өзіне келді өзі, Сәулет беріп.

Үстінде шағи-шапан, құлдар-белбеу,

Құбылып келді Әсет қырын беріп.

Жиналған Керей, Найман құмарланды

Жүирігі екі арыстың душар келіп.


Сүлекем оныдағы сөгіп кетті,

Сенде ән сал! Сауық қыл-деп жарлық етті

Ол-дағы әзір жауып бейпоз [1] екен,

Қиқулап қоңыр қаздай сөйлеп кетті.


Ән салды буырқанып Әсет ақын,

Байқаған оқып, тоқып сөздің парқын.

Төрт ұлын Төлегетай тең сөйлейді

О да жат алған екен елдің шарқын.


Ерекен айтса айтқандай жүз құбылған,

Сыпайы сөзге шешен ашық-жарқын.

Іркілмей салған жерден кетті желіп,

Сезіндім шын тұлпардай бар деп қарқын.


--------------------------------------------------------------

1 Кейбір нұсқаларда бейбоз, жанпоз бұлбұлы екен делінеді

Алдынан екі ұлықтың ән шыққан соң,

Қалың ел басып кетті қара барқын.

Біз жазым сөзден оқыс бола ма деп,

Бойсырап көп толғанды біздің алқым

Дүбірге көп қосылған ол да жүйрік

Көрсетті сөзбен сөйлеп елдің нарқын.


Домбыраны Әсет шертіп маған берді,

Майысып, тілін тежеп, қасын керді.

Байқағанға тартымды, сөзі жүйелі,

Шығарды маңдайынан ашшы терді

Сөзінің басы мақтау, түбі кекеу,

Порымдап осылайша сөзін терді.


Әсетпен айтысарлық түстім жолға,

Мен сонда домбырамды алдым қолға.

Әсеттің кекесінін көргеннен соң,

Намыс қып, барлық Найман отыр зорға.




  • Сүлеке, біз найманда мазалымыз,

Түседі жатты көрсек ажарымыз.

Перімнің ғайыптағы бәрін жидым,

Келсе де қазір жаудан ажалымыз.
Секілді қараңғыға сәуле берген,

Найманның жанып тұрған панарымыз

Тез тапсақ ақы иесін, сөз жүйесін,

Көрінеді алынатын қамалымыз.


Көсілген кексе жүйрік болмасақ та

Көк зеңгір асқартаудай талабымыз.

Аз сөзден көп мағына – дейді халық,

Таразы – алды да тұр, Сарабымыз.


Тыңдады екі патша ел көзбен көріп,

Бола алмас шіркін дүние жасқа серік

Сонда Әсет домбырасын жұлып алды,

Сөзімді ажал деген шажы көріп.


Айғайлап Әсет дауысын көтереді,

Ақылымен парасатқа бермей ерік.

Ән салды сонда Әсет шығанақтап,

Кемсітіп Қәрібайды, өзін мақтап.


Асылы атпен құстың өзі болып,

Қарғаны кетпек болды жерге таптап.

Түк қоймай аты-үстімді айналдырып,

Сімердің балғасындай мыс қып қақтап,

Арындаған аптығын, бір басайын деп,

Мен де ағыттым. Сөз сарасын іле жалғап.


Кездескен дәл осындай хан сиязда,

Қытай, орыс патшалығы келген мұнда.

Айтысқа Әсетпенен сол жиында,

Кәрібайдың Маржан сөзін халқым тыңда.


Ел білді енді Әсетпен айтысарды,

Жаңжал қып, жағаласып тартысарды.

Қәрібайдың бар көргені Әсет емес

Тарқатқан айғайменен сан базарды

Өзінен шерік төмен өлшеген соң

Бұл сөзге Қаракерей намыстанды.


Іздеді біреу шауып, міна ағашты,

Минутта алып келді қу ағашты.

Ішімнен хаққа жылап тәуекел деп

Дауластым жүдетпен деп қарындасты.

Әсетте буырқанып әнге басты,

Сөз тыңдап жиналған жұрт анталасты.


Жүйріктен су төгілмес теңселгенде,

Жау алар батыр жігіт белсенгенде,

Әсеттің айғайынан шошымадым,

Мендағы келсен-кел деп шендескенде.


Тыңдады сөкпей, соқпай қытай, орыс,

Жайсан горд, Лепсі ояз, Семей облыс.

«Қәрібай, қара басып отыр ма»- деп,

Ақ найман түртіп қалды қалым болыс

Айтысшы бұл қашқынмен ұрыс салып,

Тойпаңсып неге отырсың шалыстанып?

Көкітпей бұл бәдіктің жазасын бер,

Сөзімнің кем артығын көрсін халық.

Шабандама, біз арғыннан қалыспалық,

Сөзіңді жақсы-жаман қарысталық.

Осындай хан, қалайық дулаған соң,

Қалайша екі жүйрік жарыспалық.

Әсеттің данқын білген бұрын халық,

Бұрыннан да жүреді екен есіне алып.

Бапталған екі арыстан екі тұлпар,

Таласып бәйге обаға барысалық.

Жарқырап ақ маңдайы кім озады,

Санасып ер өнерін танысалық.

Әсеттің сөзі биік көрінгенде,

Бар Найман қалған екен намыстанып.


Әсет:

Мұсылман қайтарған жоқ қабағымды,

Дағды алған көрсетейін амалымды.

Қалым түртіп, бәр найман қостай қалдың?

Көрсетші кәне маған зауылыңды.

Жөн білсе сені найман қой деп айтар,

Көтеріп бос терлетпей обалыңды.

Отыр ғой сені найман шағыстырып,

Бір көрсін меніменен жарыстырып.

Қаңтарда қалшылдаған қарт бурамын

Байқасын жас тайлағын алыстырып

Жұлайын екпеттетіп иығыңнан.

Бар найман жер шұқысын намыс қылып

Азуым бір тиген жер оңалмайды.

Ойлама емдеймін деп шатыстырып.

Аруағым арындаған арғын Әсет,

Қарамаспын Қарабайыңа мойын бұрып.

Қой, болмас, қорыққан менен кекесінің,

Бір зорлық көрсетейін сөз ершімін.

Ербеңдеп иығыма шыға қалдың

Үйреткен өзім тәлім текешігім

Кәрібай:


Мұнда мен ләбіз қылдым ия құдайлап,

Шақырдым екі ұранды боранбайлап.

Түйіліп бұл қашқынды бір ілейін.

Тас түлек-ақиықтай көзім жайнап.

Қондыбай Дүйсенбінің баласы деп,

Бір күні Найман сені алар байлап

Боқ-жының араласқан пітіна құл,

Қаларсың ат үстіңде сорың қайнап.

Симаған ел-жұртына сен бір безер,

Емес пе жалған десең халқым айғақ.


Арғының қаңғырғаны талай келген,

Біреуі мынау Әсет көзім көрген.

Бүтіндеп Найманға кеп «ит көйлегін»,

Таңлақсыз жалғыз жүйрік менмін деген.


Мың қойды өткіз судан Серке болсаң,

Былпылдақ жүз кісілік көрпе болсаң.

Қазы шайнап, қаз мойынды сұлу жайлап,

Өз еліңде жүрсең нетті ерке болсаң.


Әсет

Ақынның ел таңдайды тамашасын,

Ақылың бойға қонған ара шашың.

Ежелден арғынды артық жаратты алла,

Қалайша бәсеке қып таласасың.

Қол созған қаранарға сен бір қанден,

Өзінің байқамайтын аласасын.
Арғының ауылы алты болғанда,

Толықсып мал мен бас толғанда.

Шошайған найман екен жалғыз ауыл,

Шамасыз арлы-берлі толғануға.

Найманға арғын екен пана болған,

Жығылып туысы бір болғанына.


Кәрібай:

Найманнан Белдібай бай жалғыз туған,

Ескі сөз естуім бар бұрынғыдан.

Жасы кіші болғанмен берекелі,

Келіп жүр арғын жақтан көп қаңғырған.
Туыпты Белгібайдан тоғыз бала,

Бәріне пана болған хақ тағала.

Барлығын әлпештеген Нәзім еді

Берген соң қадір алла артық сана.

Арғынның алты ұлына есе бермей,

Ел болып өз алдына жүрген дара.

Білетін үлкендерден ұққан едім,

Бір жері бұл сөзімнің емес шала.


Әсет:

Арғыннан талай ақын шыққан кеше,

Еш бірі берген емес найманға есе.

Арысқа аты әйгілі бұлбұл дарым,

Орынбай,Жанақ пенен ақын-Шөже

Сен де жолда қаласың шаң астында,

Абайлап өз әліңді біл ендеше.

Құдай берген жел сөздің қазынасымын,

Ешкім қарсы келмейді Әсет десе.
Әуелі сиынамын бір жалғыз хақ,

Екінші қолда мені жақсы аруақ

Алмаған сөзден жүлде Сабырбайың

Жеңіпті өмірінше біздің жанақ.


Кәрібай:

Кереш [1] бұл сөзіңе арғын, найман,

Жеңілген ол Жанағың Нұрлыбайдан.

Бас қосқан жеті болыс ел, ер тана бар,

Бойында қара мола жеңіліпті.

Айтысып Орынбайың Кеншынбайдан

Алмаған сөзден жүлде ақымақ арғын

Бейшара-ау, бейнет айдап келдің қайдан

Алдында ақын аға Қәрібай отыр,

Ғибырат қып үлгі алсаңшы осы жайдан.
Бұл елге Сұлтанбысың, ұлтанбысың,

Қаңғырып,ей, бейшара жүрсің қайдан?

Сыналар ер өнері – ел алдында,

Кез болды екеумізге мына майдан.


Естісем ақын Шөжең соқыр екен,

Шыға алмай өздігінен отыр екен.

Сандалып жоқты әкеліп қыстырасың,

Ақынның топ көбейтер осы ма екен?


Жанұзақ, Сұртай, Жылтыр, ақын- Түбек,

Керіліп кер маралдай шыққан үдеп.

Маржандай сөз кестесін жіпке тізіп,

Бәйгеден келген сызып түйдек-түйдек

Естісең осылардың аруағын

Қаласың ақыл таппай бекер жүдеп.


Әсет:

Арыстың жігін бөлген Сара бейбақ,

Біржаннан ода көрген сөзден зардап.

Не Шабақ, не шортан боп өшінерсің,

Жазылған қашан сенен біздің қармақ?

Еріксіз ақырында тұралады,

Қаншалық сайрасада сілеп – қарғап.

Жеңіліп шын масқара болмады ма,

Басында ысқырған мен жыланша арбап.

Білмейтін сөздің жөнін, елдің жайын

-------------------------------------------------

[1] Қолжазбада дәл осылай жазылған.

Әкепті Найман сені маған арнап.

Емессің менің теңім сөйлесетін,


Қәрібай сен тобышақ, мен бір саңлақ.

Әкелген қолдап-қорғап, би мен болыс,

Мынаны әкетіңдер менен аулақ.
Кәрібай:

Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ,

Бетіне бар арғының салған таңлақ.

Біржанды қаңғып келген итше керіп,

Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап.

Сараның жауабының міні бар ма?

Айтпапты қарағайды талға жалғап.

Біржанды сен соққандай мықты жеңіп,

Батыпты сүйегіне өткен зардап.

Сен үшін ел мақтаған үлкен олжа,

Алсаң да жалғыз тиын бірер жармақ.

Күн көріп қайда жүрсің, кімге сіңіп,

Кім-кімге тең келмейді ойла барлап.

Кімдікі ішкен асың, татқан дәмің,

Сілеме тіл тигізіп ел адамын.

Көметін бүгін өлсең арғын бар ма,

Адамсың ақылың аз ойың шағын.

Арғынға неге симай қаңғып жүрсің,

Бар болса адамшылық баста бағың.

Әкелген құштар болып Найман бар ма,

Сарнаған неге керек тілмен жағың.
Әсет:

Делбе ақын ұран салып ел мақтайды,

Үйірін байсалды айғыр ат жақтайды.

Қолыңды көрінгенге тарбайтасың,

Көтеріп иығыңа қу тақтайды.
Көпіріп ақынсынып елді алдайды,

Ершімді ел ұғарлық сөз таппайды.

Мінерге ат, киерге киімі жоқ,

Көпестей мыңды айдаған алшақтайды.

Емініп, ешкі сауып, ескі киіп,

Күн көріп әрең-пәрең жан сақтайды.


Кәрібай:

Жүреді әркім өзі пайдасына,

Алланың рыздығын алмасын ба.

Бетіме қу тақтай деп қылдың салық,

Қолыңдағы әкеңнің найзасы ма?
Арғыннан жалғыз тиын алғаным жоқ,

Тентіреп елдеріңе барғаным жоқ.

Жарыдың Найманға кеп Әсет атқа,

Кетсең де қазір өліп арманың жоқ.

Найманның садақасын күнде алсаң да,

Екен деп анау-мынау арлану жоқ.

Өзіңе келер сөзді түсінбейсің,

Екенсің шын есірік саңлауың жоқ.


Әсет:

Арғынның алшаңдадым еліменен,

Ен дәулет еркіндеген беліменен.

Кәрібай ауданыңды қойдым байқап,

Қой жолдас бола алмайды бөріменен.

Далада құс қонбаған бір шалшықсың,

Боласың қайтіп теңдес меніменен.

Жетпейсің шабыс түгіл желісіме,

Сөйлесу маған ұят сеніменен.
Шыңғыстың ат жүгірттім көліменен,

Байқасып ед талай саңлақ меніменен.

Найманда сен де алмас, семсер едің,

Тәңірім айтыстырды-ау сеніменен.


Кәрібай:

Арысым бір тыңдап қал сөз орайын,

Жаратқан шопанды артық бір құдайым.

Қасқыр қылмай шопан қылғаныңа разымын,

Байлардың ұрлап жейсің арық тайын.

Көрсетіп сол шопанның қасиетін,

Құланың айғырындай қаңғыртайын.

Келсең кел айтысуға сөзім дайын,

Жеңіліп қалып жүрме жеп уайым.

Қасқыр болсаң қанжығада көрісерсің,

Ит қосып тірсегіңді қидырайын.

Арғынның алшаңдаған ұлы десем,

Сұранып нағып жүрсің аттың майын.

Найманның шалқып жатқан дәулетінен,

Жалғайсың жүрегіңді келген сайын.
Әсет:

Кім жетер ән-жырымның орамына,

Ұлытау бір келтірер боранына.

Сені мен ермек үшін айналдырдым,

Шын шапсам жете алмайсың бараныма.
Кәрібай:

Құданың құдыретіне таңғалғандай,

Ертеде ғазірайыл жанды алғандай.

Қырымның қызыл желін мен де жидым,

Сен тұрғой тамам Арғын сандалғандай.

Сөз берген сөйлеу үшін патша - құдай,

Сөз тізген маржандай қып тіл мен таңдай.

Өрме жал үш назардың жүйрігі едім,

Көрген жан дүбірімді аңғарғандай.
Әсет:

Найманның тіл бұлғаман делбесіне,

Көрген жоқ қазақ шыдап сермесіме.

Алдына ақ патшаның ән салғамын,

Сүйсінген жеті болыс ел кеңесіме.

Қайраулы қарқабаттың қанжарымын,

Жүрмісің көзің жетіп өлмесіңе?

Арғында асыл текті адамым көп,

Мен кепіл қолдан намыс бермесіме.
Кәрібай:

Арғынынң тіл бұлғаман шатпасына,

Ой тентек қазан бұзар от басында.

Жасыңда жарты мата көйлек киіп,

Жылаушы ең Белгібайдың қақпасында.

Найманда екі жүзді мен наркескен,

Тұрмекен көзің жетіп шаппасыма.

Әсет-ау әлі-ақ сенің көзің жетер,

Асыл кездік қын түбінде жатпасына.
Әсет:

Тұсы бір, заманы бір, тұрғысы бір,

Тұлпардың бағы өлшеулі тау әні бір.

Ұлыжүз менің теңім үйсін екен,

Кезікпей өз теңіме құр мысым жүр.

Сөзімді өңменіңнен өткізейін,

Жауапқа жас тайлағым сен дайын тұр.
Кәрібай:

Менің де атағым бар, аруағым бар,

Даңқымды естіген жан болған құмар.

Қалайша мен арғыннан кем боламын,

Кенжесі жолымбеттің атам назар.
Арғындар дауысыма құлақ салар,

Жарысса бәйгені озып найман алар.

Тарихтың тамырына көз жіберсек,

Арғыннан найман ылғи алда болар.

Арғыннан сөзге жеттік ұл туған жоқ,

Найманды сөзге жеңіп жүлде алар.

Байқарсың мен найманның алтын тезі,

Кезбені шекеге ұрып жөнге салар.


Әсет:

Кәрібай, ұзын қандай, шолақ қандай,

Қадірлі байға қонған қонақ қандай.

Сиықсыз, сипатың жоқ қайдан келдің,

Жапанда жалғыз жауға тонатқандай?

Секілді жүнін жұлған тырнадайсың,

Маңыма түрің бар ма жолатқандай.

Надансың ғылым жақтан хабарың жоқ,

Мінің көп айта берсем қолақпандай.
Кәрібай:

Батырлық, патшалық – бәрі байлық,

Жігіттің қолын байлар шіркін тарлық.

Кімде-кім өз елінде мырза болса,

Болады сонда айтуға бойға салық.
Серілік, әумесерлік - бойға қорлық,

Жоқ болса үйде қажет нанмен шайлық.

Бұл камшат қаңғып жүріп неңді алып ед,

Басыңда баспана жоқ меймандарлық.


Әсет:

Есеп қыл арғын бай ма, найман бай ма,

Бақ-мүлкі бар найманның қарпықтай ма.

Тоқсан құс, тоқсан қақпа аброты бар,

Қай Мұрын өлшеседі шорман байға?

Баласы сол шорманның кеше Мұса,

Сермесе қолы жеткен күн мен айға.

Азулы қарқабаттың арғымағы ем,

Кез болдым өлшеспейтін қолау тайға.
Азулы ел айшылық жол өлеңім бар,

Қаларсың түстік жерден сілең қатып.

Қаптал тонның битіндей бір жабайын,

Аларсың сол арадан дәмін татып.


Кәрібай:

Есеп қыл арғын бай ма, найман бай ма,

Бақ-мүлкі бар арғынның назардай ма?

Қаңғыған найманда арғын толып жатыр,

Қотыр ат арба шеккен қолау тайға.

Туысын сен сияқты тентіреткен,

Жақының Мұса, Шорман арқылмай ма?

Ішінде керей, найман сөз таластық,

Өнерді көрсетелік осындай да.

Секілді Мұса, Шорман бар мақтаның,

Шашатын тантық сөзді әлде қайда.

Шорманың Мұсаңменен тең келе ме,

Баласы Келгенбайдың Шерубайға.

Ұсынған шүйіншіге үш жүз жылқы,

Танадай орта жүзда мырза қайда.

Тыңдаған сөзімізді жан мысқалдар,

Сауданы тез қайырған дәл қылмай ма?
Әсет:

Тең келер қай жақсың бар Жексенайға,

Дұғасы қабыл болған күн мен айға.

Баласы Жексенайдың мырза Айтқазы,

Міскінге ен сап берген тоқсан тайға.

Байлығы, жомарттығы міне осындай,

Деушедім өлшемейін бұл маңайға.
Кәрібай:

Енді іліндім Тойке мен Көкебайға,

Қалмасын кезегінде бұлар жайға.

Саны бар қошқарының дәл екі жүз,

Тең келмес Жексенайың Кененбайға.

Сүйкімді болсаң мұнда неқып жүрсің,

Еліне ер қадірлі деген қайда?
Әсет:

Шығарды арғынға ұран қарқабаттан,

Кәрібай сөйлесеңші парасаттан.

Болғанда найман жалғыз, арғын алты,

Сол күннен кемшіл едің тізе қақан.
Ежелден жер мен көктей ағалығым,

Құр бекер сөйлесесің тәңір атқан.

Әр дайым айтқан сөздің өлшеуі бар,

Ем болар артық сөзден ауыз тартқан.


Кәрібай:

Шығады Найманға ұран Қабанбайдан,

Саналы ақылды би –Боранбайдан.

Жолымбет оң қанатын мыңға жайған,

Мал басы бірдей өсіп тау мен сайдан.

Көшкенде тоқсан нарға жүгі симай,

Озбаған қазақ халқы Бұланбайдан.

Мүлгіген жүз жаяуға ат мінгізіп,

Әбіштен оза алмаған арған-найман.

Затыңның қомағайлық - құлдығынан,

Жеңілген тіленші ағаң Кегенбайдан.

Бөлінсе тоқсан ауыл жоқтамайды,

Қай арғын басқа өсімді Тоқабаудан.
Әсет:

Кез болдың ажалыңа сен Кәрібай,

Шықпайсың топтан тірі жалбырамай.

Ат сауырын бермеген мұсылманға,

Итқұсты, Нұрмұқан мен Досан, Жанай.

Найманға сөзден есе берген емес,

Байлығы, батырлығы ұшан теңіз.

Ол түгіл бір шабақтай болсаң қалай?

Баяғы Сарытай, Құсбек, Шыңғыс төрем,

Жол айтқан мұсылманға талай-талай.

Жиылса қырық сан қырым жол бермеген,

Барында Мұса-Шорман, ер Құнанбай.


Кәрібай:

Ел озбас алты байыс ұруынан,

Айтпаймын өзге найман қырымынан.

Басы мұхит, аяғы Қаратеңіз,

Дариға ғайып ерен тұқымынан.

Аттанса ертең ерте кешке жетер,

Желіде үзын жатқан құлынынан.

Елекен, уәли мен екі құтым,

Аспаған қалың тоғай құрығынан.

Ер қасен, бай Мұрсәлім, мырза Ыдырыс,

Күйзелмес алты мың үй ұлығынан.

Айтайын Жолымбеттен бері қарай,

Жауапқа дайын тұрмын ұруымнан.
Құнанбай, Құсбек, Сартай, Шыңғыс, Мұса,

Талай кедей зардап шеккен болып құса.

Шорман-Мұса зорлықшыл қылығынан

Жер ауып не көрмеді Жаяу Муса.

Байларың көп, бірақ та қайырымсыз,

Нашар мен кедейіңді сойып сатқан.


Әсетжан бәрін айтсам жабырқарсың,

Салтанатына Найманның таңырқарсың.

Қашып кетіп өкпелеп көңілге алып,

Әзірге доғарайын сөздің артын.


Ер Молдабай мәнжүрмен күрес алып,

Орыс қытай таң қалды көрген халық.

Қысырақтың үйірі ат пен түйе,

Бас жүлдеге ақ жамбыны кетті алып.


Жылқысы Ақшабайдың [1] алтын шұбар,

Ақ-қара, қоңыр-жирен, көп түрі бар.

Құланның айғырымен шағылысқан,

Күміс құндыз жалтылдап көз түндырар.

Көненің көзі болған асыл тұқым,

Тарбағатай, Ақсуатта әлі де бар.

Жат елдің адамдары таңғалысып,

Жылқыны бір көруге болған құмар.

Жүз тайлақ [2] атанған Бәтіш сұлу,

Шөбересі Ақшабайдың қызы болар.

Құр бөсіп мақтанасың арғынмын деп,

Бұларға тең келетін қай жақсың бар.

Тізсем бәрін жақсыларым таусылмайды,

Найманға арғындарың тең келмейді.

Онан да жеңілдағы жолымды бер,

Ұмытпай тәңір менен бір құдайды.


Әсет:

Сүйіндік сөз сөйлейін Қарашордан,

Түстікке көше алмайды дәулет молдан.

Олжабай орта жүздің батыры екен,

Құтқарған неқиратты түскен тордан.

Жарайсың бір сөткелік тоятыма,

Қанатым аю ілген, бұған қомдан.

Арғынның осы бір ата озған жері,

Анықтап үзілместен қыдыр қонған.

-------------------------------------------------

1 Ақшабай – Шын аты Түгелбай.

2 Жүз тайлақ – ұзатылып келгенде төркініне жүз тайлақпен келген.

Баласы Бекболаттың Тіленші би,

Кезінде орта жүзге болған қорған.

Төбемді аздан кейін көре алмайсың,

Саулатсам бейпіл сөзді оңмен солдан.


Айдос, Қайрос, Жігітек - әкесі Олжай,

Бұларға кім тең келер білсең болжай.

Төртеуі бір атаның баласы екен,

Ырғызбай, Көтпақ пенен Топай, Торғай.

Салыстыр осыларға болса аруағың,

Өз обалың өзіңе қалсаң томай.


Кәрібай:

Салайын “қарашорыңа” Байжігітті,

Шаянбай, Ботабай мен екі құтты.

Қазақ жоқ малы халал Шайекеңдей

Үстаған қажы Бөгіс жомарттықты,

Ұрқынан дәл он екі қажы барып,

Мақтан емес болып тұр дінге мықты,

Жақастың мына отырған Сүлеймені,

Қалмақты Құлыстайдан қойдай атты.
Бір күнде хан тоғастан Сасан шықты,

........


Баласы Еркенженің құрманқажы,

Бір күнде қырық сан қалмақты жерге тықты.

Ерлікпен көп қалмақтың қанын төккен,

Арғында батыр бар ма тыңғылықты.

Еңсе үкірдай шотайда Қонжа батыр,

Қай қазақ өлшесуден үзді үмітті.

Жаз-қысы өлдік қой деп қу қаладан,

Арғында жылап жүрген газет шықты,

Барларың жоқтарыңа қайыр қылмай,

Кереку, Семей жаққа елің ықты.

Еліңнің ескі салты болған кекті,

Кебек өліп, Қалқаман қайда кетті?

Рақымсыз, бауырсыз ел, ол – тобықты.

Ежелгі ел тарихтан сабақ алмай,

Неге жимайд, қаңғығанын болса мықты.
Олжабай заты сіңбе қырғыз еді,

Арғын да шикілігін білгізеді.

Батырлығын, палуандығын қайрап салып,

Нашарларға жуандығын білгізеді.


Тобықты саптаяқта батыр еді,

Қалмаққа қолға түсіп жатыр еді.

Құтқарған сол бұғаудан, түскен тордан,

Найманның Тәукесі мен Тоғас еді.


Бағалаған қасиетін найман елдің,

Батырды саптаяқтай естіппедің.

“Тәуке мен Тоғастай батыр бол” – деп,

Атапты екі бірдей немересін.


Әсет:

Арыстың асқан жері Ырғызбай бай,

Арыста қай ұлың бар Ырғызбайдай.

Мекеге екі барып дәурен сүрген,

Бай ұғылы Өскенбайдың қажы Құнанбай.

Мекеге құдай үшін үй салдырған,

Сауапты адамың жоқ сенің ондай.

Алдында қажылықтың қылды жарған,

Билеген әділдікпен төрт Дуанбай.

Тұсында Мұсабала қатар шығып,

Жүрісі екеуінің кер бұландай.

Арапша, орысша оқып түгел жеткен,

Озып жүр орта жүзде мырза Ыбырай.

Ұрхымен болыс болып ел биледі,

Найманда дәл кімің бар осыған сай.

Ғалымды білімменен қатар ұстап,

Ақылы орта жүзге жанған шамдай.

Таба аламай бұған орай сандаларсың,

Қаншалық болсаңдағы құр жез таңдай.

Ойлама арғын жөнін білмейді деп,

Елінен осы күнде жүр деп шалғай.

Еліңде бұған орай кісі бар ма,

Әйтпесе тарт тіліңді былжырамай.
Тәкежан қатар шықты Оспанменен,

Өзінің дізе қосып достарымен.

Шұбар, Ысқақ дегендер қатар жетіп,

Дұшпанын жексен қылды топтарымен.

Бәрінің жүлдегері Абай болып,

Дұшпанын құрта соқты тосқауылмен.

Көрдің бе жүлде алғанын өзің естіп,

Бәйгеге мәстекті әкеп қосқаныңмен


Кәрібай:

Тілеміс, құт Шаянбай, танасымен,

Боқбасар үлгілі би Жарасымен [1].

Найманды арғындай қып жау алған жоқ,



Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет