Байланысты: Дәріс 2. Арнайы мектепте қазақ тілін оқытудың принциптері, заңдылықтары
Тілді меңгеру заңдылықтары. Бірінші заңдылық. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді. Балалар ана тілінің фонологиялық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Егер бала үйренбеген болса, мектептегі жүргізілетін жұмыстар да қиындай түседі (мысалы, оқу дағдысын қалыптастыру т.с.с.).Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектепке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.
Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады. Әдістемелік қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:
1) оқушыларда орфоэпиялық дағды қалыптастыру;
2) грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету;
3) қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және оларды сөйлеуге үйрету.
Осы ережеге сай, арнайы мектептерде бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту әдістері белгіленеді.