Арнайы мектептердегі «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтары
Әліппе оқулығы
Әліппе оқулығының негізгі мақсаты - оқу дағдыларының негізін қалау, тыңдауға, айтуға, жазуға, балалардың сөздің дыбыстық құрылысы туралы түсінігін қалыптастыру, әріп таныту, ауыз екі тілін дамытуға арналған. Арнайы мектепте әліппеге дейінгі кезең болады, ол кезеңде, негізінен, балалардың бұрыннан қалыптасқан сөйлеу дағдыларына сүйеніп, дұрыс сөйлеуге, сөз, сөйлем туралы түсінік береді. Ал әліппе кезеңінде баланың сөздік қоры, сөз саптауы жүйеленеді. Бұл кезеңдегі басты міндет- сөйлеудің, дыбыстың ерекшеліктері туралы ұғым беру. Әліппені оқу кезеңінде оқушылардың нақтылы дыбыстарды оқытып, таңбасын жазуға үйретуде, сөздік жұмыс бірінші кезекке шығады. Сөздік жұмысын жүргізудің ұтымды жағы балаларға жаңа сөзді меңгертуде сөзді зат есім, сын есім, есімдік формасындағы сөйлемдерден беру. Мысалы: Бұл-үй, Бұл- үлкен үй, Бұл- қызық кітап, т.б.
Бұл кезеңдегі негізгі оқу материалдары жеке сөздер, сөз тіркестері, шағын сөйлемдер. Сөз балаға таныс және дыбысталу жағынан жеңіл болса, оны оқу да, жазу да қиын болмайды. Бұл кезеңде балаларға нақты ұғымдар білдіретін сөздер ұсынылады. Бұл кезеңде қойылатын негізгі талаптардың бірі-көрнекілік.
Қазақ тілі оқулығы
Қазақ тілі оқулығы көп деңгейлі, дамыта оқытылатын, ұлттық ерекшелігі бар, дәстүрлі мектептерде және арнайы мектептерде оқытылатын төл оқулық. Қазақ тілі өз алдына дербес. Соңғы жылдары оқыту әдістемесінде жүйелі құрылымдық әдіс қолданыла бастады.
Яғни, ана тілінен берілген білім мазмұнын талдап, шешуде оның негізгі құрамдас бөліктерін топтап қарастыру болып табылады. Негізгі қойылатын талаптардың бірі -балалардың танымдық қасиеттерін дамыту, өз бетімен тіл фактілерін талдай алуына жағдай жасау.