Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!


«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а кәпірлерге ұқсап-еліктеуден және олардың жолына ілесуден сақтандырады»



бет18/23
Дата14.02.2018
өлшемі4,81 Mb.
#37661
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а кәпірлерге ұқсап-еліктеуден және олардың жолына ілесуден сақтандырады»

Аллаһ Тағала былай деді:



﴿ كَالَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ كَانُواْ أَشَدَّ مِنكُمْ قُوَّةً وَأَكْثَرَ أَمْوَالاً وَأَوْلادًا فَاسْتَمْتَعُواْ بِخَلاقِهِمْ فَاسْتَمْتَعْتُم بِخَلاقِكُمْ كَمَا اسْتَمْتَعَ الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ بِخَلاقِهِمْ وَخُضْتُمْ كَالَّذِي خَاضُواْ أُوْلَئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأُولَئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ ﴾

«Олар сендерден бұрынғылар сияқты. Олар сендерден күшті еді, әрі олардың малдары мен балалары да көбірек еді. Олар дүниеде өздеріне берілген несібелерінен масайрады. Бұрынғылар өз несібелерінен масайрағандай, сендер де несібелеріңнен масайрадыңдар. Олар бос сандыраққа сүңгігендей, сендер де бос сандыраққа сүңгідіңдер. Олардың бұл дүниедегі де, Ақыреттегі де амалдары жойылып кетті. Міне, солар зиянға ұшырағандар» («әт-Тәуба» сүресі, 69-аят).

Абу Са‘идтің (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сендер өздеріңнен бұрын өмір сүргендердің әдеттеріне сүйемнен сүйемге, шынтақтан шынтаққа ілесетін боласыңдар. Әрі тіпті егер олар кесірткенің ұясына кіріп кетсе де, сендер де міндетті түрде солардың ізінен ілесетін боласыңдар!» (Абу Са‘ид, Аллаһ оған разы болсын, былай деді:) «Біз: «Уа, Аллаһтың Елшісі, сіз яһудилер мен христиандарды меңзеп тұрсыз ба?», — деп сұрадық, ол болса: «Басқа кімді?!», - деп жауап берді» (әл-Бухари, 3456; Муслим, 2669).

‘Абдуллаһ ибн ‘Аббас (Аллаһ оған және оның әкесіне разы болсын) жоғарыда келтірілген аятқа қатысты былай деді: «Бүгінгі күн кешегі күнге нендей ұқсас! Бұл – Исраил ұрпақтары, ал біз оларға ұқсаспыз!» ( Ибн Жәрир әт-Табари өз тәпсірінде келтірген, 14/342).

Ал Ибн Мәс‘уд болса (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: «Сендер исраилдықтарға ең ұқсайтын үмметсіңдер! Сендер олардың амалдарына қадамнан қадамға ілесесіңдер. Бірақ сендердер бұзауға табынасыңдар ма, әлде жоқ па – мен мұны білмеймін?»

Хузәйфа ибн әл-Йаман (Аллаһ оған разы болсын) (бірде): «Сендердің араларыңдағы осы күні өмір сүретін екіжүзділер Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде өмір сүрген екіжүзділерден жаман», - деді. (Сонда) адамдар: «Қалай сонда?», - деп сұрады. Хузәйфа (болса): «Олар екіжүзділігін жасыратын, ал мыналар ол туралы ашық мәлімдейді», - деп жауап берді (Жә‘фар ибн Мухаммад әл-Фирьяби «Сыфат әл-Мунафиқ», 51).

Сүннетке келер болсақ, онда кәпірлерге дүниелік нәрселерде ұқсап-еліктеу туралы, сондай-ақ мұның айыпталатыны және тыйым салынатыны туралы хабарлар келтіріледі. Тура осы (үкім) дінде ұқсап-еліктеуге де қатысты. Дүние тіршілігіндегі ұқсап-еліктеуге қатысты айтар болсақ, онда аятта келтірілгендей, «...өздеріне берілген несібелерінен масайрады». ‘Амр ибн ‘Ауфтың сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу ‘Убәйда ибн әл-Жәррахты Бахрейнге, ол осы аймақ тұрғындарынан жиналған жизияны алып келуі үшін жібергені туралы хабарланады. Бұл (оқиға) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бахрейн тұрғындарымен бейбітшілік келісімін жасасып, олардың билеушісі етіп әл-‘Алә ибн әл-Хадрамиді тағайындағаннан кейін орын алған болатын. Абу ‘Убәйда Бахрейннен ақшаны алып келген кезде, ансарлар оның келгенін естіп, Пайғамбармен бірге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазына келеді. Намаздан кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кеткісі келеді, бірақ ансарлар оның жанына келеді. Оларды көріп, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жымиып күлді де: «Сендер Абу Абу ‘Убәйданың Бахрейннен бір нәрселер алып келгенін естідіңдер ғой деймін», - деді. Олар: «Иә, уа, Аллаһтың Елшісі!», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Қуаныңдар және өздеріңді қуантатын нәрсеге үміт етіңдер. Аллаһпен ант етемін, мен сендердің кедейлікте өмір сүретіндеріңнен емес, сендерден бұрынғыларға бұл дүниенің барлық игіліктері берілгендей, олар сендерге де беріліп, олар бір-бірімен бақталасқандай, сендер де сол (игіліктер) үшін бір-біріңмен бақталасатындарыңнан, әрі бұл оларды опат еткендей, сендерді де опат ететінінен қорқамын», - деді (әл-Бухари, 4015; Муслим, 2961).

Ал аятта аталған бос сандыраққа келер болсақ, онда Абу Хурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Яһудилер 71 (немесе 72) топқа бөлінді. Христиандар да тура солай. Ал менің үмметім 73 ағымға бөлінеді» (әт-Тирмизи, 2640 және басқалар).

Сондай-ақ осы хадистің басқа бір нұсқасында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені туралы хабарланады: «Расында, екі Кітап иелері өздерінің діндерінде 72 топқа бөлінді. Ал бұл үммет 73 топқа бөлінеді. Олардың біреуінен басқасының барлығы Отта! Міне, сол - жәма’а».

Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімде сондай адамдар пайда болады – оларға әуестіктері адамға құтыру қалай кіретін болса солай кіріп кетеді, ал содан соң іштерінде осы құтыру кірмеген бірде-бір тамыр, бірде-бір буын қалмайды» (Ахмад, 4/102; Абу Дауд, 4597; әл-Хаким, 1/128).

Шейхул-Ислам ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Аятта12: "...сендер де несібелеріңнен масайрадыңдар...", - деп айтылған. Бұл сөздерде тән құмарлықтарына ілесу туралы айтылады. Бұл – күнәһарлардың ауруы! Ал содан соң: «Олар бос сандыраққа сүңгігендей, сендер де бос сандыраққа сүңгідіңдер», - деп айтылды. Бұл сөздерде түрлі күмән-шүбәларға ілесу туралы айтылған. Бұл – бидғатшылардың, өз әуестіктеріне ілесушілердің, қайтпас даукестердің ауруы. Осы екі аурудың екеуі де бір адамның бойынан табылатыны жиі болып тұрады. Кесірлі сенімдерге ие бола, сол сенімдері амалдарынан көрінбейтін адамды өте сирек көруге болады. Әрі аятта бізге дейінгілер осы екі аурудың екеуіне де батқаны туралы айтылады» (Қз.: «И‘ләм әл-Мууақи’ин», 1/137).

Сондай-ақ Ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: "Кітап иелері мен басқа да кәпірлерге ұқсап-еліктеуге тыйым салынады, әрі бұл тыйым көптеген жерлерде келген. Өйткені сырттай еліктеу кейін іштей еліктеуге алып келеді. Және егер екі адамның іс-амалдары ұқсас болса, демек олардың жүректері де ұқсас болғаны! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Біздің жолымыз кәпірлердің жолына ұқсамайды», - деген (әл-Бәйһақи «әс-Сунан», 2/322). Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім қандай халыққа еліктесе, ол солардан», - деп те айтқан (Ахмад, 2/50; Абу Дауд, 4031)" (Қз.: «Иғасату әл-Ләхфан», 1/364).

Қырық үшінші ереже:
«Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а құлшылық-ғибадатта және жәрдем сұрауда өзіңді тек Аллаһқа байланыстыруға, әрі барлық істерде, соның ішінде өмірде кездесетін қиындықтар мен проблемаларда, сондай-ақ жан күйзелістерін емдеуде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолын ұстануға үндейді»

Аллаһ Тағала былай деді:



﴿ مَا يَفْتَحِ اللَّهُ لِلنَّاسِ مِن رَّحْمَةٍ فَلا مُمْسِكَ لَهَا وَمَا يُمْسِكْ فَلا مُرْسِلَ لَهُ مِن بَعْدِهِ وَهُوَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ ﴾

«Аллаһтың адам баласына берген мәрхаметін тосушы жоқ. Ал Ол тосқан нәрсесін Одан кейін ешкім бере алмайды. Ол – аса Үстем, ерекше Дана» («Фатыр» сүресі, 2-аят).

(Ол) сондай-ақ (былай деді):



﴿ وَإِن يَمْسَسْكَ اللَّهُ بِضُرٍّ فَلاَ كَاشِفَ لَهُ إِلاَّ هُوَ وَإِن يُرِدْكَ بِخَيْرٍ فَلاَ رَادَّ لِفَضْلِهِ يُصِيبُ بِهِ مَن يَشَاء مِنْ عِبَادِهِ وَهُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ ﴾

«Егер Аллаһ саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Аллаһтан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер Ол саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол – өте Кешірімді, ерекше Рахымды» («Йунус» сүресі, 107-аят).

Сондай-ақ (былай деді):



﴿ الَّذِي خَلَقَنِي فَهُوَ يَهْدِينِ (78) وَالَّذِي هُوَ يُطْعِمُنِي وَيَسْقِينِ (79) وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِ ﴾

«Ол мені жаратты, әрі маған тура жол көрсетеді. Ол мені тамақтандырады және сусындандырады. Ол ауырғанымда маған шипа береді» (әш-Шуғара» сүресі, 78-80 аяттар).

Тағы да (былай деді):



﴿ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ (155) الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ (156) أُوْلَئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَوَاتٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُونَ ﴾

Ендеше, сабырлыларды сүйіншіле. Олар бастарына бақытсыздық түскенде: «Расында, біз Аллаһқа тәнбіз, әрі Оған қайта ораламыз», - дейді. Олар Раббысының салауаты мен мархаметіне ие болады. Олар - тура жолға ілесушілер” («әл- Бақара» сүресі, 155-157 аяттар).

Шейхул-Ислам ибн ул-Каййим (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бақытсыздыққа тап болған қайсыбір адам болсын: «Расында, біз Аллаһқа тәнбіз, әрі Оған қайта ораламыз. Уа, Аллаһ, менің бақытсыздығым үшін маған сый бер және оны жақсырақ нәрсемен ауыстыр!», - деп айтатын болса, Аллаһ міндетті түрде оның осы бақытсыздығы үшін сый береді, әрі оны жақсырақ нәрсемен ауыстырады» (Ахмад, 4/27. Ал бұл хадистің негізі Муслимде, 918).

Бұл сөздер басына бақытсыздық түскен адам үшін ең жақсы дәрі болып табылады. Өйткені бұл сөздер өзіне оларды білген адам кез-келген бақытсыздықта жұбаныш табатын ең маңызды қос қағиданы қамтиды.



Біріншіден, пенденің өзі, оның отбасы, оның мал-мүлкі шын мәнісінде Аллаһ Тағалағаның иелігінде. Аллаһ Тағала мұның барлығын пендеге уақытша пайдалануға берді. Әрі егер Аллаһ пендеден бір нәрсені алып қойса, бұл басқа біреуге пайдалануға бір нәрсені беріп, сосын оны қайтып алатын адамның мысалындай. Бұдан тыс, мұның барлығы екі жағынан да болмыста жоқ болуымен қоршалған: яғни осыған дейін болмыста жоқ болуы және осыдан кейін болмыста болмауы. Адамның мал-мүлкі оған қысқа мерзімге пайдалануға берілген. Адам бұл мал-мүліктің шынайы иесі болуы үшін, оны жоқтан бар етіп жаратпады. Адам бұл мал-мүлікті ол бар болып тұрғаннан кейін де түрлі бәлекеттен қорғап тұрмайды. Адам бұл мал-мүліктің бар болу мерзімін (де) ұзарта алмайды! Оның қолында осы мал-мүлік үстінен шынайы билік жоқ.

Екіншіден, пендені Аллаһқа, яғни оның шынайы Раббысына және Иесіне қайту күтуде. Пенде бұл дүниені міндетті түрде артында қалдырады. Адам міндетті түрде өз Раббысына Ол оны алғаш рет жаратқан кейіпінде келеді. Ол (Оған) отбасысыз, мал-мүліксіз, ағайын-туыссыз келеді. Адаммен бірге тек оның жақсы не жаман істері болады. Егер адамның соңы осындай болатын болса, онда қалайша ол өзінде бар нәрсеге қуана алады, немесе жоғалтқан нәрсесіне бола ашына алады?! Өзінің әуелі мен ақыры туралы ойлану осы аурудан шипа табудың ең ұлы тәсілдері болып табылады!

Емделу құралдарына сондай-ақ адам өзінің басына түскен нәрселер оны айналып өтпеу керек еді, ал оны айналып өткен нәрселер оның басына түспеу керек еді деп білуі және осыған сенуі де жатады. Аллаһ Тағала былай деді: «Жер жүзінде және сендердің өздеріңмен орын алатын кез-келген бақытсыздық Біз оны жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шәксіз, бұл Аллаһ үшін жеңіл. Біз бұны сендер өткенге өкінбеулерің, өздеріңе берілгенге сүйінбеулерің үшін баян еттік. Аллаһ бүкіл тәкаппар мақтаншақты жақсы көрмейді» («әл-Хадид» сүресі, 22-23 аяттар).

Емделу құралдарына сондай-ақ адамның өзінің жоғалтқан нәрселеріне қарап, Аллаһта ол үшін осы сияқты немесе тіпті бұдан да жақсырақ нәрсе әзірленгенін түсінуі де жатады. Ол сен үшін жоғалтқан нәрсеңнен сан-сан есе үлкенірек нәрсені әзірлеп қойды, (бірақ) мұның шарты – егер сен сабырлық танытып, разы болатын болсаң. Адам «Аллаһ қалағанда бақытсыздықты бұдан да зор ете алатын еді» деп түсінуі қажет.

Емделу құралдарына сондай-ақ адам өз бақытсыздығының отын бақытсыздыққа шалдыққан өзге адамдарға қарау арқылы сөндіру де жатады. Әрбір алқапта өзінің бану Са‘ды бар13! Оң жаққа қараңызшы! Сіз бақытсыздықтардан басқа не көріп тұрсыз? Назарыңызды сол жаққа бұрыңызшы! Өкініштен басқа не көріп тұрсыз? Егер сіз бүкіл дүние жүзін зерттейтін болсаңыз, барлық жерде әлдебір сынақтар бар екенін міндетті түрде көресіз. Не адам сүйікті нәрсесін жоғалтады, не оның басына қандайда-бір жағымсыз нәрселер түсіп жатады. Бұл дүниенің сынақтары түстер сияқты, бейне бір кетіп бара жатқан көлеңке секілді. Егер бұл дүние саған аздап күлкі сыйласа, онда міндетті түрде сені көп жылатады! Егер сені бүгін қуантқан болса, онда ертең міндетті түрде ренжітеді! Егер саған пайдалануға әлдебір нәрсе берілген болса, онда жуық арада сен одан ұзақ уақытқа айырыласың! Егер қандай да бір үй игілікке толы болса, осыдан кейін ол міндетті түрде көз жасына толады. Егер бүгінгі күн шаттық күні болса, онда міндетті түрде жақын жерде қайғы күні жасырынып тұр!



Ибн Мәс‘уд былай деген: «Әрбір қуаныштан кейін қайғы келеді! Қайсыбір үй қуанышқа толмасын, ол осыдан кейін міндетті түрде қайғыға толады!» (Ибн Аби әд-Дуния «әл-И‘тибар», 3).

Ибн Сирин: «Кез-келген күлкіден соң міндетті түрде жылау келеді!», - деген (Ибн Аби әд-Дуния «әл-И‘тибар», 5).



Хинд бинт ән-Ну‘ман былай деді: «Біздің жанұямыздың ең ұлы адамдардан болғаны және өте үлкен билікке ие болғаны есімде. Бірақ күн көкжиекке батып үлгермей-ақ біз адамдардың ішіндегі ең мардымсыздарына айналдық. Әрі егер Аллаһ қандай да бір үйді игілікке толтырса, кейін оны міндетті түрде көз жасына толтырады!» (Ибн Аби әд-Дуния «әл-И‘тибар», 8).

Кейін бір кісі одан өзінің жағдайы туралы айтып беруін сұрады, ал ол болса: «Біз таңертен ұйқыдан ояндық, әрі арабтардың ішінде біздің жағдайымызды қаламаған ешкім жоқ еді. Ал содан соң кеш батты да, арабтардың ішінде бізді аямаған ешкім қалмады» (Ибн Аби әд-Дуния «әл-И‘тибар», 10).

Оның Хурқа бинт ән-Ну‘ман есімді сіңілісі (әпкесі) де бар болатын, әрі (бірде) ол айбынды жағдайда болған кезінде жылай бастағанда, (айналасындағылар) одан: «Сенің көз жасыңның себебі не? Бәлкім, сені біреу-міреу ренжіткен болар?», - деп сұрапты. Ол: «Жоқ, бірақ мен өз отбасымның рақат кешіп жатқанын көрдім, әрі мен үй қуанышқа толы болып, кейін оны мұң толтырмайтын жағдай өте сирек болатынын білемін», - деп жауап берген екен (Ибн Аби әд-Дуния «әл-И‘тибар», 9).

Исхақ ибн Тәлха былай деді: «Бірде мен оған келіп: «Сенің ойыңша, патшалардың көз жастары не?», - дедім. Ол: «Біздің бүгінгі жағдайымыз кешегімізден жақсырақ. Өйткені біз кітаптардан игілікте өмір кешіп, содан соң басына көз жас келіп түспеген отбасы жоқ екенін табамыз! Егер әлдебір адамдарда оларға ұнаған күн бар болса, онда міндетті түрде мұның артында оларға ұнамайтын күн жасырулы болады». Ал содан соң ол былай деді:

فَبينا نَسوسُ الناسَ وَالأمرُ أمرنا

إِذا نَحنُ فيهم سوقةٌ نتنصّف

فَأفّ لِدنيا لا يدومُ نَعيمها

تُقلّبُ تاراتٍ بنا وتصرّف

«Қазір, міне, біз адамдарды басқарып жатырмыз, әрі билік бізде,

Ал енді біз олардың арасындағы қоластындағыларға айналдық та, өзіміз қызмет етудеміз!

Қайран бұл дүние! Ондағы ләззат қысқа,

Ол төңкеріліп тұрады және өте құбылмалы».
Сондай-ақ шипа табудың құралдарына адам күңкілдеу мен наразылық бақытсыздықты жоймайтынын, керісінше, оны күшейтетінін білуі де жатады.

Сондай-ақ емделудің құралдарына адамның егер ол сабырлық пен мойынсұну үшін берілетін сыйдан айырылып қалса (ал бұл сый - Аллаһ (Өз) пендесін періштелердің алдында атап айтуы, Аллаһтың рахымы және құлын тура жолға салуы болып табылады), бұл оның басына қазір түсіп жатқан нәрседен анағұрлым жаман болатынын білуі де жатады.

Емделудің құралдарына сондай-ақ адам наразылық пен ашулану оның дұшпандарын қуантатынын, достарын қынжылтатынын, Раббысын ызаландыратынын, адамды сый-сауаптан айыратынын, оның рухын әлсірететінін білу керектігі де жатады. Ал егер адам сабырлық танытса әрі Аллаһтың сый-сауабына үміт етсе, онда шайтан әлсірейді де, қорланған күйге түседі, ал Раббысы разы болады, достары қуанады, дұшпандарын мұң басады, бауырлары үшін жеңілдік басталады. Бұл – беріктік және ұлы кемелдік!

Сондай-ақ шипаға қол жеткізудің құралдарына адамның сабырлық пен сый-сауапқа үміттену үшін берілетін ләззат ол жоғалтқан нәрсесінен алған қуанышынан сан есе арта түсетінін білуі қажет екендігі де жатады. Адам Аллаһқа шүкіршілік еткені және: «Расында, біз Аллаһқа тәнбіз және Оған қайта ораламыз», - деп айтқаны себепті ол үшін Жәннатта Мақтау Үйі (Бәйт ул-Хамд) тұрғызылатынының өзі-ақ жетіп асады. Ендеше, екі бақытсыздықтың қайсысы жаман екеніне қараңызшы?! Бұл дүниедегі бақытсыздық па, әлде мәңгілік Жәннаттағы осы Үйді жоғалтудың бақытсыздығы ма? Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қиямет Күні адамдар бастарына бақытсыздықтар түскендерге берілген сыйды көріп, дүние тіршілігінде терілерінің қайшымен кесілгенін қалайды» (әт-Тирмизи, 2402). Кейбір мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары: «Егер бұл дүниедегі бақытсыздықтар болмағанда, онда біз Қиямет Күніне банкрот болып келер едік», - дейтін.

Емделу құралдарына адам өз жүрегін Аллаһ Тағала Өзі алып қойған нәрсесін одан жақсырағымен ауыстыратынына үміттенумен жұбатуы керектігі де жатады. Өйткені Аллаһ Тағаладан басқа әрбір нәрсенің орнын басатын басқа бір нәрсе бар. Ал Аллаһты (өзгемен) алмастыруға болмайды! Бұл туралы:

من كل شيء إذا ضيعته عوضٌ

وما من الله إن ضيعتهُ عوضُ



«Сен жоғалтатын әрбір заттың орнын басатын басқа бір зат бар,

Алайда, егер сен Аллаһты жоғалтсаң, Оның орнына ешкімді таппайсың», - деп айтқандай.

Сондай-ақ адам өзінің қайғы-қасыреті үшін алатын сый жазасы ол осы қайғы-қасіретке қандай жауап беретініне байланысты екенін білуі қажет. Егер адам разылық танытқан болса, онда оған да разылық болады. Егер ол ашуға салынған болса, онда оны да ашу күтеді. Сіздің алар үлесіңіз сіздің қандай жауап беретініңізге тәуелді! Сондықтан да үлесіңізді өзіңіз таңдаңыз! Егер адам қайғы-қасіретке шалдықса, ал содан соң наразылық пен күпірлік танытса, онда ол опат болғандардың тізіміне жазылады. Ал егер қайғы-қасірет онда күңкілдеу мен діндегі селқостықты туындатса, онда ол селқостардың тізіміне жазылады. Ал қайғы-қасірет онда шағым мен сабырсыздық туындатса, онда ол түңілгендердің тізіміне жазылады. Ал егер адам Аллаһқа наразы болса және Оның даналығына күмәнданатын болса, онда ол құдайсыздықтың есігін қаққан немесе оған кірген болады. Ал егер қайғы-қасірет адамда сабырлық пен шыдамдылықты оятса, онда ол сабырлылардың тізіміне жазылады. Егер адам басына қайғы түскенде разылық танытқан болса, онда ол разы болғандардың тізіміне жазылады. Ал егер қайғы-қасірет адамда шүкіршілікті туындатса, онда ол шүкір етушілердің тізіміне жазылады. Мұндай адам мадақ туының астында мадақтаушылар қатарында болады. Егер қайғы-қасірет адамда махаббат пен Раббысына жолығуға деген ұмтылысты туындатса, онда ол сүюшілердің және ықыластылардың тізіміне жазылады.
Махмуд ибн Ләбидтің сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Егер Аллаһ қандайда-бір халықты сүйсе, оған сынақтар жібереді. Кім сабырлық танытса, оған да сабырлық болады, ал кім сабырлық танытпаса, оған да сабырлық болмайды» (Ахмад 5/428, әл-Бәйһақи «Шу’аб әл-иман» 9784. Хафиз әл-Мунзири мен хафиз Ибн Хажар хабардың барлық жеткізушілері сенімге лайықты деп айтты. Ал шейх Ибн Хажар әл-Хайтами хадисті сахих деді. Қз.: «Тарғиб уа Тархиб» 4/124, «Фәтхул-Бәри» 10/108, «әз-Зауажир» 1/315).

Сондай-ақ адам ол қаншалықты қатты ашуланса да, бәрібір соңында сабыр етуге мәжбүр болатынын білуі керек. Бірақ бұл сабырлық енді мақталатын сабырлық болмайды, әрі ол үшін сый-сауап та берілмейді. Сондықтан да кейбір дана-хакімдер: «Қайғы-қасірет (басқа түскенде) надандар тек күндер өткеннен кейін істейтін нәрсені қайғы-қасірет басталған шақта-ақ істейтін адам ақылды! Ал кім асыл сабырлықпен сабырлық еткісі келмесе, сол бәрібір жануарлар тынышталатындай тынышталады», - деп айтатын. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сабырлық алғашқы күйзеліс кезінде танылады», - деген (әл-Бухари, 1302; Муслим, 926). Әл-Аш‘ас ибн Қайс былай деді: «Сабырлықты Аллаһтың сыйына деген сеніммен және үмітпен таныту керек, әйтпесе, сен бәрібір жануарлар тынышталатындай тынышталасың».



Адам сондай-ақ қайғы-қасірет кезіндегі ең пайдалы дәрі – бұл өз Раббыңмен Ол сүйетін және разы болатын нәрселерде келісімде болу екенін білуі керек. Өйткені махаббаттың ерекше сипаты бұл сүюшінің өз сүйіктісімен келісуі болып табылады. Абу әд-Дарда: «Аллаһ әлдебір нәрсені тағдырға жазса, Ол (жаратылыстарының) осыған разы болғандарын жақсы көреді», - деген екен. Ал ‘Имран ибн Хусайн науқастанған кезінде: «Мен үшін ең сүйікті нәрсе – бұл Оған сүйікті болған нәрсе», - деп айтатын. Тура осыны Абу әл-‘Алийа да айтатын.

Сол сияқты, адам екі ләззаттың қайсысы тәттілеу және ұзақтау екенін өлшеп, оларды салыстырып тұруы қажет. Не жақсырақ: жоғалған нәрседен алынған ләззат па, әлде Аллаһ Тағаланың сый-сауабынан алынатын ләззат па?! Әрі егер адам осы екеуінен шындығында да жақсырағын таңдаса, онда Аллаһқа Ол оны тура жолға салғаны үшін мадақ айтсын. Ал егер адам жаманырағын таңдаса, онда қасірет оның ақылында, жүрегінде және дінінде болғаны. Ал бұл оның басына осы дүниеде түскен қайғы-қасіреттен анағұрлым жаманырақ.

Сондай-ақ адам оны осы қайғы-қасіретпен Аса Дана Үкім Етуші, мейірімділердің ең Мейірімдісі сынағанын білуге тиіс. Аллаһ Тағала бақытсыздықтарды адамды жоқ етіп жою, немесе жазалау, немесе діңкесін құрту үшін жібермейді, Ол (осы арқылы) тек оның сабырлығын, Раббысына деген разылығын және иманын тексеріп, оған қамқорлық жасайды. Аллаһ Тағала пендесінің Оған жасаған дұға-тілектерін есту үшін, оны Аллаһтың есіктерін қағып жатқанын, Оған қорғау тілеп сиынып жатқанын көру үшін оны сынайды.

Шейх ‘Абд ул-Қадир былай деп айтатын: «Әй, балақаным! Ақиқатында, бақытсыздық сені опат ету үшін келмеді! Ол тек сенің сабырлығың мен иманыңды сынау үшін ғана келді. Уа, балақаным! Тағдыр жыртқыш аң сияқты, ал жыртқыш аң өлексені жемейді».

Адам сондай-ақ егер бұл дүниенің сынақтары мен бүліктері болмағанда, онда адам баласы менмендікке, өзі-өзімен сүйсінуге, Перғауынның «ауруына» шалдығып, жүрегі қатаятын еді де, мұның барлығы оның екі дүниеде де опат болуына себеп болатын еді деп білуі керек. Ең Мейірімдінің мейірімі Ол кейде адамға осы аурулардан дәрі әрі қорғау болатын сынықтар беретінінде. Сынақтар бұл адамның құлшылық-ғибадатының саулығын сақтап тұрады. Олар одан түрлі кесірлі қоспаларды шығарып тастап отырады. Өзінің сынақтарымен мейіріміне бөлейтін және өз нығметтерімен сынайтын (Аллаһ) пәк!

Егер де Аллаһ пенделерді сынақтармен және қайғы-қасіреттермен емдемейтін болғанда, олар шектен шығатын еді, жүгенсіз бұзақылық жасайтын және зұлымдық танытатын еді. Егер Аллаһ пендесіне игілік қаласа, онда адамның дәрежесіне сәйкес оған сынақ пен қайғы-қасірет дәрі-дәрмектерін ішкізеді. Осы арқылы Аллаһ Тағала адамды түрлі опат етуші аурулардан азат етеді. Ал Аллаһ пендесін тәрбиелеген және тазартқан кезде, оны дүние тіршілігіндегі ең құрметті орынды иеленуге дайындайды. Ал ең құрметті нәрсе – бұл Аллаһқа құлшылық-ғибадатта болу. Бұл пендеге Ақыреттегі ең жоғары сыйға қол жеткізуге мүмкіндік береді, нақты айтқанда, оған Раббысын көру және Оған жақын болу мүмкіндігін береді.

Адам сондай-ақ бұл дүниенің күйінішінде келесі өмірдің тәттілігі қамтылғанын білуі керек. Аллаһ Тағала бұл дүниенің күйінішін Ақырет өмірінің тәттілігіне айналдырады. Бұл өмірдің тәттілігі болса, керісінше, Ақырет өмірінің күйініші болып табылады. Ал (бұл өмірдегі) уақытша күйініштен (Ақыреттегі) тұрақты тәттілікке өту бұл керісінше болудан жақсырақ. Алайда егер бұл сен үшін жасырын болса, онда сен сөзіне сену міндетті болған ең шыншылдың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәннат қиындықтармен қоршалған, ал Тозақ әуестік-құмарлықтармен (көңіл қалауларымен) қоршалған», - деген сөздеріне қарашы (Муслим, 2822).

Міне, осы жерде адамдардың ақылдары әртүрлі (болады), әрі осы жерде олардың шынайы болмысы әшкереленеді. Олардың басым бөлігі мәңгі және таусылмайтын ләззаттардың алдында уақытша ләззаттарды таңдайды. Олардың басым бөлігі кейін мәңгі ләззатқа қол жеткізу үшін, осы уақытша күйінішке төтеп бере алмайды. Олар мәңгіліктің ұлықтығы үшін уақытша кемсініп-қорлануға шыдай алмайды. Олар кейін мәңгі сәлеметтікке ие болу үшін қысқа ғана қайғыға төзе алмайды. Ақиқатында, олар үшін тек өздері көріп тұрған нәрселері ғана бар, ал күтілетін нәрселер олар үшін жоқ. Олардың имандары әлсіз, сондықтан да оларды көңіл қалаулары (әуестіктері) билейді. Әрі бұл оларда осы дүниені Ақыреттен абзал көруін туындатады.



Өз нәпсіңізді Аллаһ Тағала Өзіне мойынсұнатын жақын еткен (құлдарына) дайындап қойған мәңгілік ләззат пен бақыттан, ұлы жетістіктен болған нәрселерге үнде. Ал содан соң оны Аллаһ зиянға ұшырайтын, бос сенделіс ырду-дырдумен (жүрген) адамдарға дайындап қойған қорлық пен жазадан, мәңгі өкініштен болған нәрселерге үңілуге шақыр. Әрі нәпсің өзіне қайсысы көбірек тура келетінін таңдасын! Әрі нәпсі(ң) біз саған баян еткен нәрселердің барлығын ұзақ деп таппасын. Өйткені біз баяндаған нәрселерге емдейтін де, емделетін де мұқтаж. Ал көмек тек Аллаһтан ғана!

Ал Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол мұң, уайым, қайғыны қалай емдеген жолына келер болсақ, (бұл туралы хадистерде айтылады).

Ибн ‘Аббастың сөздерінен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бақытсыздық кездерінде былай деп айтатыны туралы жеткізілген: «Ерекше Байсалды әрі Ұлы Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ұлы Аршының Раббысы – Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ, көктер мен жердің Раббысы әрі Ардақты Аршының Раббысы – Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» (әл-Бухари, 6346; Муслим, 2730).

Әнастың сөздерінен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзін әлдебір нәрсе қапаландырғанда былай деп ататынын жеткізген: «Я, Тірі! Я мәңгі Тұрушы! Рахымыңа көмек тілеп сиынамын!» (әт-Тирмизи, 3524).

Абу Бакраның сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: “Басына мұң-қайғы түскен кісі Аллаһқа былай деп дұға етсін: «Я, Аллаһ! Сенің рахымыңа үміт етемін. Мені бір мезетке болса да өз нәпсіме тастама, әрі менің барлық жұмыстарымды оңда, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!»” (Абу Дауд, 5090. Хадис хасан).

Асма бинт ‘Умәйстің сөздерінен оның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Маған Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген еді: «Саған мұң басқанда айтатын сөздерді үйретейін бе: «Аллаһ – Менің Раббым! Мен Оған ешкімді серік қоспаймын»(, - деп айт)». Риуаяттардың бірінде бұл сөздерді жеті рет қайталау керек деп айтылады (Абу Дауд, 1525).

Ибн Мәс‘удтың сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Егер мазасыздық немесе уайым басқан пенде: «Я, Аллаһ, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын, Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Мен Саған бағыныштымын, әрі Сенің үкімің маған міндет, Сенің маған жасаған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен: Өзіңді Өзің атаған, немесе Кітабыңда түсірген, немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен, немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен - Өзіңе жабарынамын. Маған Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!», - дейтін болса, Ұлы әрі аса Құдіретті Аллаһ міндетті түрде оның қайғысын кетіріп, уайымын қуанышқа алмастырады». Адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Біз осы сөздерді жаттауымыз керек пе?», - деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрине. Естіген адам оларды жаттап алуы керек», - деді (Ахмад 1/391, Ибн Хиббан 3/972, әт-Табарани 10352. Хадистің сахихтығын имам әл-Хаким, имам әл-Бағауи, хафиз Абул-Фәдл әл-Бағдади, шейхул-Ислам Ибн Таймия, шейх Ибн әл-Қайим, хафиз Ибн Хәжар және шейх әл-Әлбани растаған).

Са’д ибн Әби Уакқастың (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі «Зу-н-Нунның (Юнустың) киттің қарнында болған кезде айтқан дұғасы: «Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ! Сен Пәксің! Расында, мен залымдардан болдым!» Қайсыбір мұсылман осы дұға арқылы не нәрсе сұраса да, оған міндетті түрде жауап беріледі!» (әт-Тирмизи 3505. Хадистің сахихтығын хафиз ‘Абдул-Хакқ әл-Ишбили, хафиз әл-Мунзири, хафиз Ибн Хәжар, шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: «әл-Футухан әр-раббания» 4/11, «әл-Әхкам әс-суғра» 899, «Сахих әл-жәми’» 3383). Ал басқа бір риуаятта: «Расында, мен бір сөзді білемін: егер мұң басқан адам соны айтатын болса, оған міндетті түрде үміт сәулесі беріледі! Ол – менің бауырым Юнустың дұғасы» (Ибн әс-Сунни «‘Амәл әл-яуми уа-лләйлә», 342).

Абу Са‘ид әл-Худридің сөздерінен оның былай деп айтқаны хабарланады: «Бірде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке кіріп келді де, онда Абу Умама деген бір ансарды көрді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Уа, Абу Умама, қазір намаздың уақыты болмаса да, мен сені мешіттен көріп тұрмын ғой?», - деді. Ол: «Мені уайым мен қарыздар қудалап жүр, уа, Аллаһтың елшісі», - деп жауап берді . Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен саған бір сөздерді үйретейін бе? Егер сен соларды айтатын болсаң, аса Құдіретті Аллаһ сенің уайымдарыңды кетіріп, қарыздарыңнан құтылуға көмектеседі», - деді. Абу Умама: «Әрине, уа, Аллаһтың елшісі!», - деп жауап берді. (Сонда) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Таңертең және кешкісін: «Уа, Аллаһ, уайым мен мұңнан Өзіңе сиынамын! Әлсіздік пен жалқаулықтан Өзіңе сиынамын. Сараңдық пен қорқақтықтан Өзіңе сиынамын. Қарыздардың ауыртпалығынан және адамдардың жәбірлеуінен Өзіңе сиынамын», - деп айт». Кейін Абу Умама: «Мен осыны істедім және Аллаһ менен уайымымды кетірді әрі қарыздарымнан құтылуға көмектесті», - деп айтатын» (Бұл хадистің иснады әлсіз. Оны Абу Дауд, 1555. Бірақ Әнастың сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жиі былай деп айтатыныны туралы келтіріледі: «Уа, Аллаһ! Мен уайым мен мұңнан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарыздардың ауыртпалықтары мен адамдардың жәбірлеуінен Өзіңе сиынамын» (әл-Бухари, 2893)).

Сондай-ақ Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір нәрселер қапаландырған кезде ол бірден намазға жүгінетіні туралы жеткізіледі (Ахмад, 5/388; Абу Дауд, 3191. Хадис сахих). Өйткені Аллаһ Тағала: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер» («әл-Бақара» сүресі, 45-аят), - деп айтады ғой.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп те айтатын: «Жиһад жасаңдар! Ақиқатында, ол Жәннат есіктерінің бір есігі болып табылады! Ол арқылы Аллаһ жаннан уайым мен қайғыларды кетіреді» (әл-Бәйһақи «әс-Сунан», 2/363).

Біз жоғарыда тізіп айтқан нәрселердің барлығы өзінің құрамына емдеудің он бес түрін қамтиды. Егер олар адамға көмектеспесе, демек уайым-қайғы дерті оны толық билеп алғаны, ал оның себептері өте күшті болғаны. Сондықтан да ол осының барлығынан толық азат етілуге мұқтаж. Бұл дәрілердің барлық түрлерін тізіп атап өтейік:

Біріншіден, Аллаһты Раббы ретінде жалғыз деп мойындау (таухид әр-рубубийя).

Екіншіден, Аллаһты құлшылыққа лайықты Жалғыз Құдай деп мойындау (таухид әл-улюхийя).

Үшіншіден, дұрыс ақида (таухид әл-‘илми уәл-и‘тиқади).

Төртіншіден, Аллаһ Тағаланы пенделерге әділетсіздік деген кемшіліктен тазарту. Өйткені Аллаһ қандай да бір себепсіз жазаламайды.

Бесіншіден, пенде өзінің әділетсіз (залым) екенін мойындауы керек.

Алтыншыдан, пенде Аллаһқа Оның сүйетін нәрселері арқылы, нақты айтқанда Оның есімдері мен сипаттары арқылы жақындауды іздеуі керек. Ал Оның есімдері мен сипаттарынан бұл жерде Оның «әл-Хайй» (Тірі) және «әл-Қайюм» (мәңгі Тұрушы) деген есімдері ерекше аталған.

Жетіншіден, пенде тек Аллаһқа ғана көмек тілеп жүгінуі керек.

Сегізінші, пенде Аллаһқа үміт етуі керек.

Тоғызыншыдан, пенде Аллаһ Тағалаға тәуекел етуі және өзінің істерін Оған тапсыруы қажет. Пенде өзінің Аллаһқа бағынышты екенін және Аллаһ оны Өз қалауы бойынша басқаратынын мойындауы қажет. Аллаһтың шешімі міндетті түрде орындалады. Ол тағдырға бекіткен нәрсе әділетті болып табылады.

Оныншыдан, пенденің жүрегі үнемі Құран бақтарында болуға тиіс. Құл Құранды өз жүрегінің бағы етуге тиіс. Құран күмәндар мен әуестіктердің қараңғылықтарында пенденің жолын жарық етуі қажет. Пенде кез-келген қайғыда Құранмен жұбануы керек. Ол ауырған кезінде өзін Құранмен емдеуі керек. Құран сіздің мұң-шеріңізді кетіріп, уайым мен үрей-қорқыныштарыңыздан шипа болсын.

Он біріншіден, пенде Аллаһтан кешірім тілеуі керек.

Он екіншіден, пенде Аллаһтың алдында тәубе етуі қажет.

Он үшіншіден, пенде жиһад жасауы керек.

Он төртіншіден пенде намаз оқуы қажет.

Он бесіншіден, пенде өзінің күш-қуатынан бас тартып, күш пен қуатты тек Аллаһпен ғана байланыстыруы керек.

Аллаһ адам баласын түрлі дене мүшелерімен жаратқанын біліңіз. Аллаһ Тағала бұл дене мүшелерін кемел етіп жаратты, ал егер олар кемелдігін жоғалтса, адам ауру сезінеді. Аллаһ Тағала осы мүшелердің патшасын, яғни жүректі де кемел етіп жаратты. Ал егер жүрек кемелдікті жоғалтса, онда оған күйініш, уайым және мұң түріндегі ауру-сырқаттар орналасады.

Жүрек өзінің Жаратушысын білу үшін, Оны сүю үшін, Оны құлшылықта жалғыз ету үшін, Одан қуаныш табу үшін, Оған деген махаббаттан ләззаттану үшін, Оған разы болу үшін, Оған тәукел ету үшін, Ол үшін сүю және жек көру үшін, Ол үшін дос және дұшпан болу үшін, Оны үнемі зікір ету үшін, жүреке өзге нәрселердің барлығынан да Аллаһ сүйікті болу үшін жаратылған. Аллаһ Тағала адамдардың жүректерінде өзге нәрселердің барлығынан да ұлы болуы керек. Бұл жүректің азығы болып табылады, оның саулығы мен тіршілік етуі болып табылады. Ал егер жүрек осының барлығын жоғалтса, онда оған уайым, күйініш және мұң кіруге асығады. Олар жүрекке қарай бағыт алады да, оның ішіне ұзақ уақытқа тұнып қалады.



Жүректің ең ауыр ауруларына көпқұдайшылық (ширк), күнәлар, бейғамдық, Аллаһ жақсы көретін және разы болатын нәрселерге деген ұқыпсыздық жатады. Жүректің ауруларына адамның өз-өзін Аллаһқа тапсырмауы, Оған аз тәуекел етуі, Аллаһ Тағаладан басқа әлдебіреуге тәуекел етуі (де) жатады. Жүректің ауруларына сондай-ақ Аллаһтың жазмышына деген наразылық, Оның уәде еткен және қорқытып айтқан нәрселеріне күмәндану да жатады.

Бірқұдайшылық (таухид) пендеге игілік, қуаныш, ләззат және шаттық есіктерін ашады. Ал тәубе болса адамды түрлі ауру тудыратын қоспалардан тазартады. Тәубе ету пенде үшін жамандықтың есіктерін жауып, оның алдынан бақыт есіктерін ашады.

Медицина саласының ертедегі кейбір имамдары: «Кім өзінің тәні үшін есендік тілесе, азырақ жеп-ішсін. Ал кім өзінің жүрегі үшін есендік тілесе, күнәларды тастасын», - дейтін.

Сабит ибн Қура: «Тән адам аз жегенде есендікте болады, жан адам аз күнә жасағанда есендікте болады, ал тіл адам аз сөйлегенде есендікте болады», - деген екен.

Ақиқатында, күнәлар жүрек үшін у секілді. Олар оны өлтірмесе де, міндетті түрде әлсіретеді. Ал егер жүрек әлсіресе, онда ол жоғарыда тізіп айтылған сырқаттарға төтеп бере алмайды” (Қз.: «Зад әл-Мә‘ад», 4/189-203).

Қырық төртінші ереже:

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет