Дәрістің мақсаты: студенттердің сауат ашу әдістемесінің ғылыми негіздері мен мақсат, міндеттері туралы түсініктерін тереңдету.
Дәріс бойынша қарастырылатын мәселелер Жоспары:
Сауат ашу сабақтарына қойылатын негізгі педагогикалық талаптар.
Сауаттылыққа үйрету тілінің ауызша және жазбаша түрлері.
Тілдің орфографиялық нормасы. Фонетика.
Сабақ барысында сауат ашуға байланысты аса қажетті педагогикалық талаптар мұқият орындалуы тиіс. Ондай талаптардың негізгілері төмендегідей:
мұғалімнің сөзі, оқу материалдары баланың жас ерек- шелігіне сай әрі түсінікті болуға тиіс. Алайда бұдан оқу материалдарының бәрі де бала үшін өте жеңіл болуы керек деген қорытынды жасауға болмайды. Оқу мазмұнының қиын болмауы дегеніміз – балаға оның шамасы жетпейтін аса қиын материалдарды ұсынуға болмайды деген сөз. Ондай материалдар, әрине, білуді, дамуды тежейді.
Сайып келгенде, түсініктілік талабы «жеңілден – ауырға»,
«белгіліден – белгісізге», «жақыннан – алысқа» деген дидактикалық принцип арқылы айқындалады.
Сауат ашу кезеңіндегі негізгі оқу материалдары: жеке сөздер, сөз тіркестері, шағын сөйлемдер. Бұл материалдардың бала жасына лайықты болуын қарастырғанда, ең алдымен, оқу объектісі етіп алынатын сөздер мен сөз тіркестерінің, сөйлемдерінің (кейінірек берілетін байланысты тіркестердің) оқушыға етене жақын, таныс болуы, сондай-ақ жеке қолданылған немесе сөз тіркесі мен сөйлем құрамында келген сөздердің дыбыстық құрамы жағынан шағын болып келуі ескеріледі. Сөз балаға таныс және дыбысталу жағынан жеңіл болса, оны оқу да, жазуда қиынға түспейді. Керісінше, сөз балаға таныс емес, көп әрі күрделі дыбыстардан құралса, ондай сөздер әлі оқу мен жазуға төселмеген оқушыларды сауаттандыру жұмысын едәуір қиындатады, оқушылардың оқуға деген ынтасын төмендетеді.
Балаларға таныс сөздер: айнала дүниедегі күнделікті өздері көріп жүрген заттардың аттары, олардың түсін білдіретін ұғымдар. Бұл заттар балаға қандай таныс болса, олардың аттары да сондай таныс. Демек, оқушыларға сауат ашу кезінде дерексіз абстракты ұғымды білдіретін сөздер емес, нақты ұғымды білдіретін сөздер ұсынылады.
Оқу материалдарының білімдік және тәрбиелік мәні. Сауат ашу сабақтарына оқушылардың жалпы білімін, ой өрісін дамытуға аса қажетті мағлұматтар мен оларды адамгершілікке, сұлулыққа, еңбекке тәрбиелейтін оқу материалдары ұсынылады. Оқулықтағы Отан, астана, бейбітшілік, ғарыш, Қазақстан халқының қажырлы еңбегі жайында берілген материалдар мен балалар әдебиеті үлгілері бойынша жүйелі әңгімелер өткізу барысында негізгі сауат ашу міндеттерін шешумен қатар, жалпы білім, тәрбие беру мақсаттары да жүзеге асырылуы тиіс. Талдауға арналған жеке сөздер мен сөйлемдердің өзі де түсініктілігі жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да білім, тәрбие беру талаптарына сай болуы қажет.
Жеке-дара жұмыс. Әрбір оқушымен жеке-дара жүргізілетін жұмыс - әсіресе сауат ашу кезеңінде міндетті түрде қолданылатын басты мәселелердің бірі. Мектепке балалар түрлі-түрлі дайындықпен келеді. Олардың бір бөлігі балабақшада тәрбиеленсе, қалғаны, әдетте көпшілігі, әртүрлі отбасы жағдайында тәрбиеленген. Осыған орай, бірінші сынып оқушыларының жалпы физиологиялық – психологиялық өзгешеліктері ( қабылдауы, денсаулық жағдайлары ) әртүрлі болып келеді.
Ойыннан мектептегі ой еңбегіне ауысқан балалардың әлгіндей өзіндік ерекшеліктерін мұқият есепке ала отырып, мұғалім әрбір оқушымен жеке жұмыс жүргізеді. Онсыз мектеп бағдарламасының барша балаға бірдей білім беру жөніндегі талабын ойдағыдай орындау қиын болады.
«Сауат ашудың негізгі міндетінің бірі – оқу, жазу дағдысының негізін қалау, балаларды тыңдауға, оқуға, жазуға, айтуға үйрету; балаларда сөздің дыбыстық құрылысы туралы түсінік қалыптастыру, әріп таныту, әуелі буындап, сонан соң тұтас сөзді, сөйлемді, мәтінді оқуға үйрету, сауатты жазу негізін қалыптастыру, өз бетінше оқуға, кітапқа қызығушылығын ояту, ауызша диалогтық және монологтық сөйлеуін дамыту».
Қандай пән болсын оны оқытудың ойдағыдай іске асуы
сауат ашу жұмысының нәтижесіне байланысты. Сондықтан бір жылда ма, екі айда ма, үш айда ма, әйтеуір оқушы толық сауаттанып шыққанда ғана сауат ашу әдістемесінің мақсатына жеткені деп есептеуге болады.
Сауат ашу әдістемесінің ғылыми негізі мен олардың жасалуы тіл білімінің басты бір саласы – фонетика болып табылады.
Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Тіл дыбыстары – әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер – дыбыстардың тіркесі ретінде айтылмаса, онда тілдің өзі: 1) қатынас құралы; 2) пікір алысу құралы; 3) танымдық құрал; 4) ойлау құралы болмас еді. Тілдің дыбыстық жағы оның замандар бойы өмір сүруіне,
ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыруына мүмкіндік жасады.
Тілдің дыбысталу жағы – сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы. «Сөздік пен грамматикалық құрылыс тілдің мазмұнын құрайды да, дыбыстық жағы оның материалдық жамылғышын», оның физикалық формасын құрайды деуге болады.
Тіл дыбыстары сөз ішінде айтылады. Бірақ белгілі дыбыс арнаулы бір сөздің құрамында қолданылуымен шектеліп қалмай, одан белгілі дәрежеде оңашаланып, абстракцияланады. Бұған дәлел – дыбыстардың барлық сөздерде кездесетіндігі.
Тілдегі лексикалық, грамматикалық құбылыстар тілдің дыбыстық жүйесіндегі фонетикалық құбылыстармен әрдайым байланыста, қарым-қатынаста, яғни бір дыбыс тіркесімен айтылады.
Сонымен тілдің барлық жағдайларында және қызметінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдерін және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстарды фонетика зерттейді. Фонетика лексикамен, грамматикамен, морфологиямен, синткасиспен байланыста болады.
Мектепте дұрыс оқыту, дұрыс жаздыру әдістемесінің көптеген мәселелері фонетикаға негізделеді.
Сауаттылыққа үйрету тілдің жазба түрі мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланысты бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру – ең алдымен, тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетика заңдарын жете білуді қажет етеді.
Бұрын жазу болмаған халықтардың алфавиті мен графикасын жасау, сондай-ақ бұрыннан жазуы бар халықтардың орфографиясын өңдеп жетілдіру мәселелері фонетикаға негізделе отырып шешіледі. Тілдің орфографиялық нормасы да фонетиканың басты мәселелерінің бірі болып саналады.
Шетел тілін оқып үйрену де, ең алдымен, сол тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғатын танып білуден басталады. Шетел тілін оқытуда ондағы дыбыстардағы ерекшеліктер ана тіліндегі дыбыстармен салыстырыла үйретіледі. Фонетика әдістерін қолданады. Бұл әдіс тілдегі дыбыстар мен сөздердің, сөз тіркестерінің айтылуын үйретіп, саналы түрде меңгерту үшін, шетел тілі мен ана тілінің артикуляциясын бір- бірімен салыстырып отыруды басшылыққа алады.
Фонетика ғылым ретінде жалпы және жеке фонетика болып бөлінеді. Жалпы фонетика жалпы тіл білімнің бір саласы ретінде адамдардың сөйлеу аппаратының дыбыстық мүмкіндігін айқындайды, тіл дыбыстарының сыныпификациясын, принциптерін белгілейді.
Жеке фонетика бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Сөйтіп, сауат ашу әдістемесінің іске асуы тілдің жазба түрі мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланыстарды бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру – ең алдымен тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетикалық заңдарын жете білуді қажет етеді.
Табиғи жағынан дыбыс қандай да бір дененің белгілі бір ортада теңселіп, қозғалуының нәтижесінде пайда болады да, құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта – ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстар жасалып, пайда болуы мүмкін емес. Дыбыстың жасалуында: оның ырғағы, күші, созылыңқылығы,
әуені ажыратылады.
Дыбыстың ырғағы – белгілі бір уақыт мөлшері (әдетте 1 сек.) ішіндегі дірілдің саны; ол неғұрлым көп, жиі болса, ырғақ соғұрлым күшті болады. Ал, керісінше, дірілдің саны аз болса, ырғақ та солғындап, әлсірей береді. Адамның құлағы 1 сек ішінде 16-дан 20000-ға дейінгі дірілдің нәтижесі де пайда болған дыбысты қабылдап, ести алады. Дауыс құрылысы осы ырғаққа, яғни сөйлеу барысында ырғақтың өзгеруіне байланысты болады.
Дыбыс күші дірілдің қарқынынан шығады. Егер дірілдің кеңдік (амплитуда-лат. аmplitudо). қарқыны көбейе түссе, дыбыс күші де ұлғайып, күшейе береді. Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен қарым-қатынасқа түседі.
Дыбыс әуені дыбыс дірілінің түрлерімен ұштасады. Дірілдің ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері болады. Тіліміздегі дыбыстар өкпедегі ауаның сөйлеу аппараты (өкпе, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз, мұрын қуысы, тіл, таңдай, тіс, ерін, т.б.) арқылы шығуынан жасалады. Дыбыстарды айтуда әсіресе дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады: дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады; ал тілдің бірде көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немесе ұшының қимылынан әртүрлі дыбыстар
жасалады.
Тіл дыбыстарының артикуляциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі – ерін.
Қазақ тілінде 38 дыбыс бар. Олар дауысты, дауыссыз болып, екіге бөлінеді. Бұлайша бөлу дыбыстардың буын құрау қызметіне негізделеді. Қазақ тілінде 13 дауысты дыбыс буын құрайды да, 25 дауыссыз дыбыс буын құрай алмайды. Дауыстылар: а, ә, о, ө, е, ы, і, ү, ұ, е, э, и, у. Дауыссыздар: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т,ф, х, һ, ц, ч, ш, щ. «У» дыбысы дауыстыдан кейін келсе, бірде дауысты, бірде дауыссыз дыбыс қызметін атқарады. Дыбыстарды дауыстылар, дауыссыздар деп топтастырғанда балаларға әсіресе олардың акустикалық жақтары мен
физиологиялық жақтары баса үйретілуі қажет.
Физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда, дауыстыларды айту үстінде ауа: 1) кедергіге ұшырамай, тосқауылсыз, еркін шығады; 2) дыбыстау мүшелеріне күш түспей, лепсіз, бірқалыпты шығады; 3) созып айтуға келеді; ал дауыссыздарды айтқанда ауа:
кедергіге ұшырайды; 2) тосқауылдан өту кезінде дыбыстау мүшелеріне күш түседі де, ауа лап етіп шығады; 3) созып айтуға келмейді.
Дауыстылар мен дауыссыздардың жасалуын Бодуэн де Куртенэ: дауыссыз дыбыста қысым – дыбыстау аппаратының бір ғана мүшесіне түссе, дауыстыда бүкіл дыбыстау аппаратына жайылады да, жалпылама өтеді – деп, айқындаған болатын.
Сөйтіп, тіліміздегі дыбыстарды дұрыс айтып үйрену –
сауат ашу кезіндегі ерекше көңіл аударатын жұмыс. Мұнда дауыстылар мен дауыссыздар салыстырмалы түрде айтылады, балалар бұл дыбыстардың қалай айтылатынын әрі аңғарады, әрі өздері айтып үйренеді.
Мұғалім тілдің артқы таңдайға қарай жайылуы мен бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар (а, о, ы, ұ), тілдің таңдайдың алдыңғы жағына жуықтауынан жіңішке дауыстылар (ә, ө, і, ү, е) шығатынымен таныстырады. Әсіресе, айтылуы қиындық келтіретін дыбыстар – дауыссыздар. Тіпті кейбір балалар дыбыстарды мектепке келгенде айта да алмайды (мысалы, «р»,
«с»). Осыған орай, кейбір дауыссызды айтқанда тілдің ұшы күрек тіспен жымдасып, бірден кілт ажырап кететінін («д»,
«т») кейбіреулері астыңғы еріннің үстінгі ерінге немесе тіске тиюінен (п, б, м, м, ф, в), енді біреулері тіл ұшының астыңғы тіске жуысуынан (с, з), ал тілдің артық шенінің жұмсақ таңдайға жуықтасуынан (к, қ, ғ, х), жұтқыншақтың тарылуынан («һ») дыбысының пайда болатынын байқатып, айтқызып, балаларды дағдыландырады.
Сауат ашу кезеңінде балалар дыбыстарды айтуға дағдыланыумен бірге оларды қалай таңбалайтынымен де танысады. Дыбыстардың таңбасын білу, әріптерді үйрену – сауатты болудың алғашқы баспалдағы. Әріптерді білу арқылы жазуды меңгереді.
Сауат ашу кезінде балалар сөздің дыбыс, буын құрамын меңгереді, сөйлеммен танысады. Буындардан қалайша сөз құрауға болатынын біледі, жаңа сөздер үйреніп, сөздік қорларын байытады, практикалық түрде қазақ тілінің нормасына сай сөйлем құрастырып, өз ойларын айтып беруге дағдылана бастайды.
Мұғалім балаларға айтылатын дыбыстарды қағаз бетіне түсіру үшін және оларды оқу үшін бұл дыбыстардың белгілі бір графикалық таңбалармен белгіленетіндігін айтады.
Бірінен кейін бірі рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады. Қазақ тілінде орыс графикасы арқылы белгіленген 42 әріп бар. Олар: а, ә, б, в, г, ғ, д, е, ё, ж, з, и, й, к, қ, л, м, н, ң, і, ы, ү, ұ, о, ө, п, р, с, т, у, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ, э, ю, я, ь (жіңішкелік белгі), ъ (жуандық белгі). Қазақ тілінде бір таңба екі дыбысты белгілейтін жағдайлар да бар: ё, я, ю, у, ц, ч, щ.
Дыбыс тіркестерінің, сөздердің дұрыс айтылу ережелері
орфоэпия (гр. сөзі orthos – тура, дұрыс, epos – сөйлеу) деп аталады.
Сөз құрамындағы дыбыстар немесе сөздердің аралықтарындағы дыбыстар бір-бірімен өзара үндесіп, үйлесе айтылады. Сөйлеуде олардың жүйесінің табиғатын, дыбыстардың бір-біріне әсер ету заңдылықтарын жете білу керек.
Қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы мен жазылуында аса көп айырмашылық жоқ. Дегенмен, сөз ішіндегі және сөз аралығындағы дыбыстардың барлығы бірдей айтылуынша жазылмайды. Үндестік заңына сай, қатар келген екі дыбыс бір-біріне ықпал жасап, өзгеріліп естіледі (түңгі-түнгі, Амангелді-Аманкелді, Жампейіс- Жанпейіс, башшы-басшы, баралмай-бара алмай т.б.).
Оқу-жазуға үйретудің алғашқы кезеңдерінде анық естілетін, созып айтуға келетін және дыбысталуы мен таңбалануы бірдей дыбыстардан құралған сөздер іркеліп алынады. Балалар сауат ашу кезінде өздері көріп тұрған не жазған әріптерінен буын құрай алады. Олар талдау арқылы сөздің қандай буындардан, дыбыстардан құралып тұрғанын ажыратса, жинақтау арқылы дыбыстардан буын, буындардан сөз құрап үйренеді.
Дара айтуға және басқа дыбыстармен қосып айтуға ең қолайлы келетін дыбыстар дауыстылар болады, содан кейін үнді дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар. Сондықтан да оқу-жазуға үйреткенде ең алдымен дауыстылар, сонан соң дауыссыздарды оқытқан орынды болады. Өйткені, сауат ашудың ең алғашқы кезінде балалар бірден екі әріпті біріктіріп оқи алмайды. Алғашқы кезде бала бір-екі әріпті қабылдай алады. Үйрене келе, бірте-бірте жалғасып тұрған әріпті қосып оқи алатын кезде, созып айтуға болатын дыбыстардың берілгені жөн. Сондай-ақ алғашқы кезде оқуға ұсынылған сөздер буын жағынан да жеңіл (ашық буын) көбінесе жуан дауыстылар мен созып айтылатын дауыссыздардан құралғаны қолайлы.
Балалар жуан буынды оқып үйрене бастаған кезде, жіңішке буындарды оқуға онша қиналмайды.
Сауат ашу кезінде дыбыстар және түрлерімен қатар сөздің құрамындағы дыбыстардың аз-көптігінің де әсері болады. Яғни, алғашқы сабақтарда екі-үш дыбысты ашық буыннан құралған сөздер өте аз. Сондықтан бір-екі сабақтан кейін-ақ бірнеше дыбыстан (өткен әріптердің қайталанып келуі арқылы) құрылған сөздер мен тұйық буын қатар өтіледі. Екі дыбысты ашық және
тұйық буыннан үдету амалымен үш немесе төрт дыбысты сөздер құрастырылып үйретіледі (Шо-ра, ша-на, ал, ал-ма, ар-ша, Са- ра т.б.).
Балалардың ойы мен тілін дамыту үшін оларға сөздерді, біріншіден, мағынасы жағынан, екіншіден, қолданылу аясы мен шеңбері жағынан үйретудің маңызы зор.
Сөздің ауыспалы, келтіріңкі мағынада қолданылуы бірде метафора арқылы, бірде метонимия арқылы, кейде синекдоха тәсілдері арқылы беріліп отырады. Метафора (гр. – metjopora ауысу) – белгілерінің ұқсастығына қарай, сөз мағынасының ауысуы. Мысалы, «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті» (Абай). Метонимия (гр. – metonymia атын ауыстыру) – заттың не құбылыстың атауы, екінші затқа не құбылысқа белгіленетіні (өзара іргелес, шектес болуына қарай ауысуы). Мысалы, «Жүрегім менің қырық жамау» (Абай). Синекдоха (гр. – synekdocha) – бірге жобалап түсіну. Мысалы, басың нешеу?
Сөзді үйрену барысында балалар мынадай амалдарға дағдылануы тиіс: 1) сөздің мағынасын айту; 2) сөзді тағы қандай сөздермен білдіруге болатынын айту; 3) осы мағынаны тағы қандай сөздермен білдіруге болатынын айту; 4) сөйлеуде лексикалық құралдары дұрыс пайдалану; 5) мағына жағынан ұқсас немесе қарама-қарсы сөздердің қолданылуын аңғарту.
Достарыңызбен бөлісу: |