Студенттердің өздігінен дайындауға арналған бақылау сұрақтары:
Оқытудың алғашқы сатысында сөйлеу мүшелерінің қызметі қалай пайдаланылады?
Дауыстылар мен дауыссыздарды өздерің айтып үйреніңдер және оның не үшін керек екенін түсіндіріңдер.
Орфоэпия туралы айтыңдар, өздіктеріңнен мысал келтіріңдер.
Сауат ашу жұмысына қажетті фонетикалық мәліметтер.
Сөзді үйрену барысында балалар қандай амалдарға дағдыланады.
Пайдаланылатын әдебиеттер::
Жалпы білім беретін мектептің оқу бағдарламасы (I-IV сыныптар). – Алматы, 2010.
А.Қ.Бидайбекова. Бастауыш мектептегі оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруға арналған әдістемелік нұсқаулар. Алматы, 2010.
Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. А., 2006.
2. Сауат ашу барысындағы оқу мен жазу үдерісінің психофизиологиялық ерекшеліктері
Дәрістің мақсаты: студенттерге бірінші сынып оқушыларының психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін түсіндіру. Олардың жұмыс қабілеттілігі мен жүйке жүйесінің даму заңдылықтарын меңгерту.
Дәріс бойынша қарастырылатын мәселелер Жоспары:
Бірінші сынып оқушыларының психологиялық- педагогикалық ерекшеліктері.
Оқу іс-әрекетін жүзеге асыруда анатомиялық- физиологиялық жағдайлар.
Адамның психикасы ақыл, сезім және ерік қызметтерінің түрліше формаларынан көрінетіндіктен, оны психофизиологиялық үдеріс деп атайды. Дүниетануға қажет ақыл-ой қызметі үшін түйсік пен қабылдау, ес пен ойлау, сезім мен қиял, зейін мен еріктің үлкен мәні бар. Баланың психикалық дамуы деген не? Баланың қуануы, шаттануы, қиялдануы, ренжуі, ашулануы, жылауы, сөйлеуі – осылардың бәрі баланың әлеуметтік өмір тіршілігіне байланысты ішкі дүниесін, психикасын сипаттайды. Баланың нәзік, өскелең табиғатына жарасымды әдептілік, адамгершілік, естілік т.б. қасиеттер оның өсетін ортасындағы тәлім-тәрбиенің арқасында және қайшылықтарды жеңу үстінде қалыптасады, өйткені, психикалық дамудың өзі баланың ұмтылуы мен оған жету жолындағы мүмкіндіктердің арасындағы қайшылықтардың салдарынан тұрады (мысалы, ми қабығында болатын қозу мен тежелу, механикалық ес пен логикалық ес, ескі білім мен жаңа білім т.б).
Жалпы кез-келген әрекетті іске асыру үшін, алдымен оны қабылдау қажет. Сол сияқты сөзді дұрыс қабылдамай тұрып,
оны ұғыну мүмкін емес. Мысалы, бірінші сынып оқушысы оқулықта берілген тапсырманың шартын, қалай орындау керек екенін қабылдап, ұғынбайынша ол тапсырманы өз дәрежесінде орындай алмайды.
Яғни, тілдің бірінші қызметі қатынас құралы болса, екінші қызметі тіл адамды іс-әрекетке бағыттайды. Сөзді қабылдау, оны дұрыс ұғынудың мәнін психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, сыртқы анализаторлардың рецепторларының бірлескен әрекетін реттестіріп отыратын сол жақ ми сыңарының төбе, самай, желке бөліктері қызметінің ерекшелігіне байланысты.
Балаға қойылатын талап пен сол талапты орындай алу мүмкіншілігі арасында да көптеген қиындықтар, кедергілер мен қайшылықтар кездесетіні белгілі. Бала өзін ересек адам етіп көрсетуге тырысады, олардың көпшілігі өзін асыра бағалайды, бірақ оның ақыл-ой өрісі, білімі немесе тәжірибесінің аздығы оған кедергі болады. Сонымен қатар бала ішкі қиыншылықтардан басқа сыртқы қиыншылықтарға да кездеседі. Мысалы, әлеуметтік орта баладан мәдениетті, әдепті, сыпайы мінез-құлықты талап етеді, ал олар мұндай мінез-құлыққа дағдыланып жетпеген. Осы қайшылықтарды жеңу жолында да оған көптеген қиындықтар кездеседі. Оқытудың психологиялық негіздерін білу әр шәкірттің таным деңгейін дұрыс саралауға көмектеседі. Оқушыны жеке тұлға ретінде жан-жақты зерттеп білу оның даму бағытын айқындаудың кепілі ретінде қарастырылады.
Адамның жүйке жүйесі өзінің қоршаған ортамен үздіксіз байланыс барысында дамиды. Оқыту мен тәрбиеде және баланың жеке тұлғасын дамытуда мұғалімнің міндеті – баланың саналы қызметінің формалары мен даму заңдылықтарын білу және сол үдеріске, белгілі бағытта мақсат көздеп, әсер ету.
Сонымен, психикалық даму дегеніміз, жалпы алғанда адамның қалыптасуындағы сапалық және сандық өзгерістер, ал жекелеп алғанда, анатомиялық-физиологиялық есеюі, жүйке жүйесінің жетілуі, білімнің артуы, сезім мен моральдік ұғымдардың пайда болуы. Психикалық үдерістердің қайта құрылуы, дүниеге көзқарастың қалыптасуы, белсенділік пен өзінше әрекет етудің көрінісі, белгілі бір мінез-құлыққа дағдылануы.
Адамның психикалық қабілеті сезім мүшелеріне сыртқы дүниенің ықпал етуі арқылы, сезім мүшелерін жаттықтыру арқылы дамиды.
Мектепке алғаш келген бала ежелеп оқиды, оның көру аумағында бір ғана әріп тұрады, көбінесе қайта-қайта бұрын оқыған әрпіне көз жүгіртіп отырады, әрбір әріпке жекелеп көз тоқтатады, «оқу аймағы» тар болады. Осының салдарынан олардың оқығанды түсіну дәрежесі төмен. Ал әріпті тану дағдысының қалыптасуы мен жетілуімен қабат баланың «көру, оқу аймағы» кеңейіп, ол бірте-бірте буындап оқуға, онан әрі тұтас сөзді оқуға дағдылана бастайды. Мұндай дағдыға ие болу балаға оп-оңайға түспейді, ол көп күш-жігерін жұмсайды, мұнда әсіресе зейіні мен еркі үлкен рөл атқарады. Осының барысында зейін мен еріктің төзімділік қасиеті жаттыға түседі.
Сауат ашу кезінде бала бар зейінін жеке әріптерді, буындарды қосып оқуға жұмсайды да, сөздердің арасындағы байланыстарға зер салмайды. Осыған орай, олардың түсініп оқудан гөрі механикалық оқуы басым болады. Ендеше сөзді, сөйлемді оқығанда олардың мағынасын ұғындыруға, баса көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ олар іштей оқудан гөрі дауыстап оқуға дайын тұрады. Оларға таңбалануы мен айтылуы бірдей сөздерді оқу қиындық келтірмейді, ал айтылуы мен жазылуында өзгеріс болатын сөздерді оқу да, жазу да біраз қиындық келтіреді. Ондай қиындықтан практикалық жолмен ғана шығуға болады, яғни
«ақ аю», «сары аю» сияқты жазылатын сөздердің оқылуының үлгісін мұғалім үнемі ескертіп, дұрысын оқытып отырса, балалар жаттығудың арқасында біраздан кейін дағдыланады.
Сауат ашу барысында баланың жазу жазуында да айтарлықтай ерекшеліктер кездеседі. Алғашқы кезде бала ежіктеп оқыған сияқты, әрбір әріпті таңбалау барысында оның дыбысын дауыстап айтып отырады.
Сауатты адамдар жазғанда есінде тұтас сөзді ғана емес, сөйлемді ұстайды. Бірақ олар жазғанда еріктің бір толқынынан туған өзара байланысты жүйелі бір қозғалыстан (импульсті) іске асырады. Мысалы, бір сөз жағзғанда бір импульс іске асады. Ал жаңа сауаттана бастаған бала бір әріпті жазу үшін оның құрамындағы элементтердің әрқайсысында (таяқша, ілмек т.б) бір-бір импульс жұмсайды. Мұнда да көптеген ерік күшін жұмсап, үнемі тиянақты зейін қойғанда ғана ұзақ уақыт жаттығу жұмыстарының нәтижесінде барып дағды қалыптасады: саусақ дағдыланады; ерік, зейін, сананы бағыттайды. Сана жазылатын әріптің немесе сөздің, сөйлемнің мазмұнын ұстайды; сөйтіп,
бірте-бірте санада тұтас сөз немесе сөйлем сақталады да, оларды жазу тұтас бір акт ретінде орындалады.
Оқу-жазу үдерістерін талдаудан шығатын негізгі қорытынды:
оқушы оқуға, жазуға үйрену барысында меңгеруге тиісті ең басты әрекеттер: сөйлемді сөзге, сөзді буынға, буынды дыбысқа ажырату және керісінше, дыбыстардан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрастыру. Мұғалім талдау-жинақтауға жеткіліксіз көңіл бөлетін болса, бала әрбір әріпті, дыбысты, сөзді, жеке жаттайды да, олардың әрқайсысының мәніне көңіл бөлмейді, сондықтан оларды дұрыс байланыстырып оқи да алмайды, жаза да алмайды. Әрбір айтылғанды немесе жазылғанды бір-бірімен салыстырып, талдап-жинақтатып, қайталаттырып үйретсе ғана баланың ойлау қабілетін дамытуға септігі тиеді. 2) Сауат аша бастаған бала оқу- жазуға үйрену барысында көптеген қиындықтарға кездеседі (бір әріпті немесе бір сөзді жазу үшін), осы қиындықтардан баланың нәзік табиғатына нұқсан келтірмей, күш-жігерін мұқалтпай алып шығу мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл жұмысты талапқа сай ұйымдастырып жүргізу үшін, мектепке дейінгі баланың ақыл-ойының, тілдің дамуы, жеке ерекшеліктерінің қалыптасуы жөнінде мұғалім толық сауатты болуы керек, сонда ғана әдістемелік жағынан қажетті жұмыстарды шеберлікпен ұштастырып, іске асыра алады.
Достарыңызбен бөлісу: |