АУДАРМАДАҒЫ ИНТЕРФЕРЕНЦИЯ ЖӘНЕ АУДАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕРФЕРЕНЦИЯ ҰҒЫМДАРЫНА СИПАТТАМА
Муханова Ә.Б.
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті, Алматы
«Интерференция» термині латын тілінен алғанда «inter» аралық + «ferentis» тасымалдаушы деген мағынаны білдіре отырып, алғашқыда физика саласында, кейіннен психология, лингвистика, психолингвистика сияқты ғылымдардың да зерттеу нысанына айналды.
Лингвистикалық тұрғыдан алғанда интерференция мәселесі тіларалық байланыс аясында қарастырылып, «байланысқа түсіп отырған екі тілдің қатынас ережелері мен нормаларының билингв (екі тілді меңгерген адам) тарапынан бұзылуы» деп түсіндіріледі [1, 17]. Аталмыш ұғымның лингвистика ғылымына келу тарихына тоқталар болсақ, тілдегі интерференция мәселесі У.Вайнрайхтың «Тілдік байланыстар» атты монографиясының 1953 жылы жарық көруіне орай ғалымдар арасында кең қолданысқа ие бола бастады. Атап айтсақ, бұл ұғым Э.Хауген, В.В.Алимов, Е.Бужаровская, Е.М.Верещагина, В.А.Виноградов, В.В.Климов, Л.Н.Ковылина, В.Н.Комиссаров, Р.К.Миньяр-Белоручев, Н.Б.Мечковская, В.Ю.Розенцвейг, Л.В.Щерба сынды шетелдік ғалымдар мен С.А.Абдигалиев, А.Е.Карлинский, С.Х.Амандыкова, М.Р. Югай сияқты отандық зерттеушілердің диссертациялық жұмыстарында алғаш қарастырыла бастады. Бұл жұмыстар біздің келешек зерттеулерімізге әдістемелік негіз бола отырып, қазіргі таңда өзекті деп табылатын аудармадағы интерференция және аудармашылық интерференция ұғымдарының ерекшеліктерін сипаттауға көмектеседі.
Жоғарыда келтірілген еңбектерде интерференцияның түрлері, яғни, көбінесе фонетикалық, лексикалық, семантикалық және аз мөлшерде грамматикалық интерференцияның тілдегі көрінісі қарастырылған. Алайда, аудармадағы интерференцияның ерекшелігін зерттеуші В.В.Алимовтың пікірінше кейбір интреференция түрлері әлі де ғылыми тұрғыдан толығымен талданбаған [2]. Сондықтан, бұл ұғым лингвистикада, әсіресе аударма теориясы мен практикасы үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Бұған ең басты себеп қазіргі таңдағы түрлі елдер мен халықтар арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыстардың қарқынды дамуы мен сол елдерді байланыстыратын басты құрал – тіл мен аударманың қоғамдағы айшықты орны. Ал, біз қарастырып отырған интерференция қостілділік (bilingualism) немесе көптілділік (multilingualism) және тіл аралық байланыс барысында байқалады. Себебі, кез келген ақпаратты бір тілден екінші тілге аудару барысында міндетті түрде ауытқулар, түпнұсқа мен аударма мәтіні арасында алшақтық тілдің фонологиялық, лексикалық, грамматикалық деңгейлерінде көптеп кездеседі. Осыған орай, интерференция ұғымы түрлерге жіктеліп, зерттеу нысанына алынады.
Отандық ғалым А.Е.Карлинский өзінің диссертациялық жұмысында интерференция мәселесін жан-жақты қарастырып, оның тілдік қатынастың басқа да лингвистикалық категорияларынан өзгешелігін және жіктелу қағидасы мен түрлеріне тоқтала отырып, келесі көрсеткіштерді айқындайды:
интерференция - бірінші тілдің әсерінен екінші тілдегі тұрақталған нормадан ауытқу;
бұл ауытқулар билингвтің екінші тілдегі тілдік әрекетінің ерекшелігіне байланысты;
интерференцияның сапасы мен саны байланысқа түсіп отырған тілдердің жүйесі арасындағы қатынастың ерекшелігіне байланысты;
интерференция билингвизм жағдайындағы коммуникация барысында пайда болады[3, 132].
У.Вайнрайх интерференция ретінде «екі тілде сөйлеушілердің көп тілді білуінен, яғни, тілдік байланыстардың әсерінен кез келген тілдің нормадан ауытқу жағдайларын» атайды [4].
Э.Хаугеннің пікірінше интерференция «екі тілде сөйлеушілердің басқа тілдермен танысу нәтижесінде тілдік нормадан ауытқу жағдайлары» [5].
Ресейлік ғалымдар да осы пікірлерді құптай келе интерференцияны екі жүйенің сөйлеу үрдісіндегі орын алу нәтижесі [6] және ана тілінің әсерінен шет тілінде жіберілетін қателіктер [7] деп түсіндіреді.
Алайда бұл ұғымның заманауи әрі толық анықтамасы лингвистикалық сөздікте былайша беріледі: «Интерференция – қостілдік жағдайында не тілдердің өзара байланысы немесе өзге тілді жеке дара үйрену барысында құрылатын тілдік жүйелердің ара қатынасы; ана тілінің әсерінен екінші тілдің жүйесі мен нормасынан ауытқу кезінде көрініс алады [8].
Сонымен қатар, ана тілінің екінші тілге аудару барысындағы жағымды немесе жағымсыз әсеріне қарай интерференцияны өз ішінде бөліп қарастыру үрдісі де байқалады, мысалы, А.Е.Карлинскийдің еңбегінде бұл құбылыстар «интерференция» және «фацилитация» деген терминдермен берілсе, В.В.Алимовтың жұмысында кәсіби бағытталған мәдениетаралық коммуникация және кәсби бағытталған аударма барысында интерференция «деструктивті» (жағымсыз) және «конструктивті» (жағымды) сияқты терминдермен берілген.
Сонымен, жоғарыда берілген анықтамаларды жүйелей келе интерференция ұғымының тек екі тілдің өзара байланысқа түсуінің нәтижесінде байқалатын құбылыс екендігін ескерсек, онда интерференцияның аударма барысында сөзсіз орын алатыны айқын. Бұған мысал ретінде фонетикалық деңгейде Dutch сөзінің «Даттық» емес «Голландиялық» болып, magazine сөзінің орыс тіліне «магазин» емес «журнал» болып аударылатындығы деструктивті интерференцияның көрінісі бола алады.
Мысалдардан байқағанымыздай, аударма жасау барысында ана тілінің әсерінен қателіктер еріксіз туындап, екінші тілдің тілдік нормасынан ауытқып кету жағдайлары кездеседі, ал мұндай қателіктерді болдырмау үшін түрлі деңгейдегі интерференттерді мейлінше айқындап, «интерферент сөздер жинағын» жасау қажет деп санаймыз.
Келесі кезекте біздің зерттеу нысанымыз болып отырған аудармадағы интерференция ұғымына тоқталар болсақ, бұл мәселе кейінгі жылдардағы жарық көрген Ресейлік ғалымдар И.С.Алексеева, Н.К.Горбовский, В.В.Алимовтың еңбектерінде қарастырыла бастады. Аталған жұмыстарда интерференция өзінің «лингвистикалық» аясынан шығып, «аудармашылық интерференция» ретінде жаңа қырынан зерттеуге алынған.
В.В.Алимов аударма барысындағы интерференция деңгейлерінің келесі жіктемесін ұсынады:
дыбыстық ( фонетикалық, фонологиялық) интерференция;
орфографиялық интерференция;
грамматикалық (морфологиялық, синтаксистік және пунктуациялық) интерференция;
лексикалық интерференция;
семантикалық интерференция;
стилистикалық интерференция;
тіл ішіндегі интерференция [9,13].
Көріп отырғанымыздай аудармадағы интерференцияның деңгейлері қалыптасқан, жалпы лингвистикалық интерференцияның деңгейлерінен өзгешелеу. Отандық және шет елдік әдебиеттерде лингвистикалық интерференцияның бес деңгейін, яғни, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық және семантикалық түрде қарастырады. Аудармадағы интерференция деңгейінің сан мөлшерінің басым түсуін біз аударма мәтінінде орфография мен мәтіннің стилінің де дұрыс берілуі шарт екендігімен түсіндіреміз.
Ал, И.С.Алексеева өз еңбегінде «тіларалық интерференция» деген жаңа ұғымның пайда болғандығы туралы айта отырып, «это понятие обозначает проецирование специфических черт ИТ на ПТ, результатом которого оказывается нарушение норм, конвенций и дискурса ПТ», - деп түсіндіреді [10, 169]. Ғалым мұндай ауытқуларды лексикалық, грамматикалық, заттық-мағыналық, лингвомәтіндік және мәдени аспектіде байқалады дей келе, тіларалық интерференцияны эквиваленттілікке қол жеткізудегі бөгет ретінде қарастырады.
Автор интерференцияның жоғарыда айтылған барлық деңгейлеріне сипаттама бере отырып, аударма барысында «мәдени интерференцияның» болатындығын баса көрсетеді. Бұл интерференция мәдени конвенциялардағы айырмашылықтарға, яғни, әр мәдени қоғамда қалыптасқан жағдаяттық сөз қолдану ережелеріне байланысты (уақыт алшақтықтары, сыпайылық ережелері, одағайлардың қолданысы) [10].
И.С.Алексееваның еңбегінде айқындалған «тіларалық интерференция» ұғымы тілдің лексикалық, грамматикалық, заттық-мағыналық, лингвомәтіндік және мәдени аспектілерін қамтитын интерференцияның аударма іліміндегі бір түрі (лингвистикалық интерференция тәрізді) деп түсінуге болады, ал автордың ұсынған «мәдени интерференция» ұғымын жоғарыда көрсетілген В.В.Алимовтың аудармадағы интерференция деңгейінің жеті жіктемесіне қоса қарастырудың толық негізі бар деп есептейміз. Себебі, біз қарастырып отырған тілдік нормадан ауытқу жағдайлары мен аудармадағы қателіктер мәдени аспектіде де айшықты көрініс алады. Өйткені кез келген ақпаратты тілден тілге аударғанда түпнұсқа мәтініндегі діни, әлеуметтік және тұрмыстық факторлар сол елдің мәдениетінен хабар береді. Сондықтан мәтін аудару кезінде тілдің мәдени аспектісіне де аса көңіл бөлуіміз қажет. Алайда жоғарыдағы жіктемеде бұл жайт ескерілмеген. Осыған орай, И.С.Алексеева айқындаған «мәдени интерференция» ұғымы В.В.Алимовтың ұсынған интерференция деңгейлерінің тізімін толықтырады деп санаймыз.
Сонымен, аударма барысында интерференция міндетті түрде болатын құбылыс және де аударма механизмінің оған жол бермеуге де мүмкіндігі бар екендігін ескеруіміз керек. Интерференцияның болуы аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты, әрі аудармашы өзі жұмыс жасап отырған екі тілдің арасындағы алшақтық мөлшерін ескере отырып, арнайы түзетулер арқылы интерференцияны азайта алады.
Аудармашы екі тілдің біреуінде коммуникацияға түсіп, өзге тілдің жүйесінің өзіне әсер ететіндігін сезінеді. Сондықтан оның сөйлеу мәнерінде аз немесе көп мөлшерде интерференция фактілері пайда болады. Басқаша айтқанда, синтакистік құрылымдардың дұрыс қолданбауынан, сөздердің орын тәртібінің бұзылуынан интерференция көрініс алады.
Осы айтылып отырған мәселелер «аудармашылық интерференция» деген жаңа ұғымның бар екендігін дәйектейді. Ресейлік бірқатар еңбектерде «аудармадағы интерференция» (интерференция в переводе) және «аудармашылық интерференция» (переводческая интерференция) деген ұғымдар кейінгі зерттеулерге нысан болып отыр. Атап айтсақ, Н.К.Горбовскийдің жұмысында «аудармашылық интерференция» термині ұсынылып, оның «лингвистикалық интерференция» ұғымынан өзгеше бір құбылыс екендігі айтылады. Алайда, сайып келгенде бұл екі интерференцияның да көрініс беретін аясы сол қос тілдің жүйесінің бір біріне әсер ету нәтижесіндегі қателіктер, ауытқулар жағдайы. Дегенмен, аударма – бұл интерференцияға қарсы түйсіне отырып әрекет ету үрдісі, яғни, сөйлеу барысында аудармашының түйсігіне өз тілінің жүйесі әсер етіп отырады. Бұған аударма теориясында қалыптасқан «аудармашының жалған достары» мысал бола алады.
Н.К.Горбовский «аудармашылық интерференция» ұғымының пайда болуына келесі дәйекті келтіреді. Ғалымның пікірінше «если всякий коммуникативный акт имеет идеальную основу, так как материализует в речи сообщение как некую идеальную сущность, то перевод имеет материальную основу, так как воспроизводит в речи посредством иной знаковой системы сообщение, уже получившее материальную оболочку» [11,320]. Яғни, аударманың осы аталған қасиеті ерекше бір жағдаят жасайды, демек, аудармашы тек екі тілдің жүйесінің билігінде ғана емес, сонымен қатар екі тілдің біреуінде берілген хабарламаның таңбалармен материалданған нұсқасына да бағынышты болады. Осы аталған «үшінші билік» автордың пайымдауынша, аудармашылық интерференция деген құбылыстың пайда болуына негіз болады [11,320].
Қорыта келе айтар болсақ, аудармадағы интерференция мәселесі лингвистикалық интерференциямен салыстырғанда тілдің стилистикалық, мәдени, прагматикалық аспектілерін қамти отырып, қалыптасқан тілдік интерференция деңгейлерін толықтыра түседі. Ал, аудармашылық интерференция ұғымы өзіміз байқап отырғандай әлі де толыққанды зерттеулерді талап етеді. Себебі, бұл интерференцияны айғақтайтын нақты көрсеткіштері мен қағидаттары ғылымда қалыптаспаған. Осыған орай, бұл мәселе біздің келешек зерттеулеріміздің нысаны болмақ.
Әдебиет
Алимов В.В. Теория перевода. Перевод в сфере профессиональной коммуникации: Учебное пособие. Изд. 3-е. – М.: Едиториал УРСС, 2005. -160с.
Алимов В.В. Профессионально-ориентированная межкультурная коммуникация и перевод в сфере профессиональной коммуникации. Автореф. на соиск. степени д.ф.н.
Карлинский А.Е. Основы теории взаимодействия языков и проблема интерференции. Диссер. на соиск. степени д.ф.н. – А., 1980
Вайнрайх У. Языковые контакты. Состояние и проблемы исследования. –Б., 2000
Хауген Э. Языковой контакт // Новое в лингвистике. Вып. 6. – М., 1972
Климов В.В. Языковые контакты // Общее языкознание: формы существования, функции, история языка. –М., 1970
Мечковская Н.Б. Социальная лингвистика. – М., 2000
Лингвистический энциклопедический словарь. Гл. Ред. В.Н.Ярцева. –М., 2002
Алимов В.В. Интерференция в переводе. – М., 2005
Алексеева И.С. Введение в переводоведение: Учебн. Пособие для студ. Филол. и лингв. Фак. Высш. Учебн. Заведений. – М., Издательский центр «Академия», 2004. -352с.
Горбовский Н.К. Теория перевода: Учебник. –М., изд-во Московского Ун-та, 2004.-544с.
Достарыңызбен бөлісу: |