Зерттеу жұмысының өзектілігі. Зерттеудің өзектілігі ғалымдардың ғылым метатілі теориясына деген зерттеу талпыныстарының өсуімен тығыз байланысты. Атап айтқанда, кез келген ғылым саласын бейнелейтін терминдердің тілдік табиғатын тану үшін кешенді, жүйелі түрдегі зерттеу жұмысын жүргізу қажеттілігі қазіргі таңдағы тіл ғылымының жаңа бағыттарымен тығыз байланысты. Бұған бүкіл рухани қазынасын жинақтап сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл ғылымында өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвистикалық елтану ғылымдарының пайда болуына негіз болды. Бұл ғылымдардың тығыз қарым-қатынаста болуы тілдің құрылымдық, жұмсалымдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындауды мақсат етеді. Бұл жағдай қазіргі таңдағы мемлекеттік мәртебесіне сәйкес әлеуметтік, қоғамдық, коммуникативтік қызметі ерекше өзектелу үстіндегі қазақ тіліндегі терминологиялық жүйеге де тікелей қатысты.
Осы орайда қазіргі кездегі қазақ тіл білімі метатілінің бір құрамдас бөлігі, жеке бір терминологиялық жүйе, жаңа ғылым саласы – аударматану терминологиясын даралап, когнитивтік-семантикалық құрылымын зерттеудің маңыздылығы өте зор.
Сондықтан біздің зерттеу жұмысымыздың арқауы мен негізгі ұстанымы тілдік танымның бір бөлшегі ретіндегі тіл білімі метатілінің бір саласы – аударматану терминдерінің аталуы концептологиямен байланысты анықталады.
Қазіргі тіл білімінде ғаламның тілдік бейнесі туралы мәселе Н.Хомский, М.Джонсон, Дж. Лакофф, Р.Лангакер, Ю.Д.Апресян, Т.В.Колшанский, А.А. Леонтьев, Б.Касевич, Е.М.Кубрякова, Ю.Н. Караулов, В.Н.Телия, Б.Н.Серебренников, А.А.Уфимцева, қазақстандық лингвистикада Э.Д.Сүлейменова, Г.Г.Гиздатов, Ж.Манкеева, .Ж.Шаймерденова,С.Сәтенова, Г.Смағұлова, А.Алдашева, Б.Хасанов, Қ.Жаманбаева, Г.Б.Мәдиева және т.б. ғалымдар еңбегінде қарастырылып жүр.
Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстарды санада қалыптастырып қана қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.
Осы қағидаға сәйкес терминдерді де адамның табиғи танымына белгілі деңгейде өлшем бола алатын когнитивтік құрылым ретінде арнайы қарастырамыз. Термин біздің зерттеуімізде субъектінің қабылдауы, ойлауы, танымы және практикалық әрекеті арқылы тілде тұтылған білімдердің байланысы, адам санасында ғаламның ғылыми бейнесіндегі ұйғарылған түсінігі ретінде анықталады.
Сонымен қатар, бұл тектес зерттеулер тілдік құрылымды тереңдеп қарастыруды мақсат етеді, өйткені қазіргі кезде тілді антропоөзектік бағытта зертеу тілді «өз ішінде» ғана емес, тілден тыс, яғни, ақиқат шындықпен тығыз байланыста қарауды қажет етеді.
Осыған орай жұмыстың өзектілігін айқындауда тақырыпқа сай тілдік бірліктердің семасиологиялық, ономасиологиялық, когнитивтік қырларын сабақтастықта зерттеудің мәні ерекше. Яғни, жұмысымыздың өзегі – аударматану терминдеріне когнитивтік-концептуалдық талдау жасау мен сол атаулардың ономасиологиялық негізін уәжтанумен байланысты сабақтастыра зерттеу.
Қазақ тіл біліміндегі аударматану ұғымдарын білдіретін терминдік бірліктерді ғылыми тұрғыдан жүйелей отырып, олардың когнитивтік-концептуалдық, уәждік және семантикалық қырларының сабақтастығында қарастыру қазақ терминологиялық жүйесінің танымдық қырын анықтауға қатысты тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |