10-параграф. Ветеринариялық фельдшер
128. Лауазымдық міндеттері:
жануарлар аурулары мен өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық, ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды, сондай-ақ, ауырған мал мен құсты емдеуді жүргізеді;
зертханалық зерттеулерге арналған сынама іріктеуін жасайды;
жемшөптің, жайылымдардың, жануарларды суару орындарының, үй-жайдың, жабдықтың және құрал-сайманның санитариялық жай-күйін қадағалайды, мал шаруашылығы үй-жайларына санитариялық өңдеу жүргізуді қамтамасыз етеді;
ветеринар дәрігердің басшылығымен мал өлекселерін патология-анатомиялық ашуды жүргізеді;
көңді биотермиялық залалсыздандыру, сондай-ақ, мал мен құсты тасымалдаудан кейін автомобилдерді және ыдысты жуу мен дезинфекциялау регламенттерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
дәрі-дәрмектердің, дезинфекциялық заттардың және басқа материалдардың түсу және жұмсалу есебін жүргізеді, олардың сақталуын қамтамасыз етеді;
ветеринар дәрігердің нұсқауы бойынша ветеринария бойынша есепті жүргізеді және белгіленген есептілікті дайындайды;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнаманың, еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі нормалары мен қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
129. Білуі тиіс:
Қазақстан Республикасының Конституциясын,
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»,
«Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы»,
«Ветеринария туралы» заңдарын,
сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін, ветеринария мәселелері бойынша басшылық, нормативтік, нұсқаулық және әдістемелік материалдарды, жануарларды ұстаудың зоогигиеналық және ветеринариялық қағидаларын, дәрілік және дезинфекциялық заттарды, оларды қолдану қағидаларын, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу тәртібін, ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу тәртібін, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнама негіздерін, еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.
130. Біліктілікке қойылатын талаптар:
І санатты ветеринариялық фельдшер: (Ветеринария) мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік (арнайы орта, орта кәсіптік) білім және ІІ санатты ветеринариялық фельдшер лауазымындағы еңбек өтілі 2 жылдан кем емес.
ІІ санатты ветеринариялық фельдшер: (Ветеринария) мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік (арнайы орта, орта кәсіптік) білім және санаты жоқ ветеринариялық фельдшер лауазымындағы еңбек өтілі 2 жылдан кем емес.
Санаты жоқ ветеринариялық фельдшер: Еңбек өтіліне талап қоймастан (ветеринария) мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік (арнайы орта, орта кәсіптік) білім.
Достарыңызбен бөлісу: |