Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет27/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   34

Кербұлақтың басына қарадым.

Алып Ақ ордадай болып, басын күн сүйген Шатыр-төбе тұр жарықтық. Одан бері қарай Кербұлақ өзенінің екі қапталында жусап жатқан алып ірі қара тәрізді төбелер жыпырлайды. Әлбетте, әлемдегі ең суық, ең мөлдір сулы Кербұлақ өзені жатыр, бір жерде кең жайылып, бір жерде сылдырап, бір жерде сарқырап ағып.



  • Осы- біз – туған жер,- дедім мен серіктеріме.

  • Әсем жер екен,- деді Шалқар.

  • Бәсе, Қарауылбек екеуіңнің жазушы болатындарыңдай бар екен. Ғажап өлке екен мына Кербұлақ,- деді Ерғали.

Ерғали біледі, ол- тау баласы, Алатаудың баурайында өскен. Кербұлақ – Алатаудың бір сілемі.

  • Мынадай құйқалы өңірден елді неге көшірген? –деп таңданды Шалқар.

  • Әділхан екеуміз жарыса, жоғарыдағы жайды айттық.

... Мейлі, елі көшіп кеткенімен, туған жер ыстық адамға. Кербұлаққа әр соққан сайын, бір кітап оқығандай боламын. Кербұлақтың әр тұтам жерінде менің балалығымның естен кетпес көріністері тұнып жатыр. Шетінен кіріп, «Мен – апамның баласымын» романымды жаздым.

Кербұлақ – ол мен өмір бойы қаузайтын тақырып. Дүниедегі ең етене, біте қайнасып кеткен адамдар – осы Кербұлақтың адамдары. Жаһандағы ең сұлу, ыстық әлем - Кербұлақ әлемі. Оның бәрін айтып, жазып тауысу мүмкін емес.

Жазушы қаншама жерден талантты, әлеуетті болсын, өмірдегі өзіндей етіп өрнектей алмайды. Жазушының тірлігі, бейнелеп айтқанда өмірдің көркем көшірмесін жасау. Ал, көшірме түпнұсқа емес. Кербұлақ ол менің балалық, балаң шағымның түпнұсқасы. Мен оны ешуақыт айналып өте алмаймын, қайрылып соға беремін. Кербұлақ – ол менің қуатым. Кербұлақты әр көрген сайын бір жасап, жасарып қаламын. Сөйте берсем екен!

Шулықтар маған қолқа салады: «Туған жеріңіздің қазіргі тыныс-тіршілігі туралы кітап жазсаңызшы»,-деп.

Мен ойланып қаламын, көз алдыма Кербұлақ келеді. Кербұлақта көрген, өзім бастан кешірген оқиғалар анталайды.

Ешуақыт көзден де, көңілден де кетпес кең өлке, ешқашан жазып тауыса алмас мол тақырыпсың сен, Кербұлақ!

Сен туған жерсің!

Сенің қазіргі тыныс-тіршілігің маған беймәлім, бүгінгі ұрпағың – жат. Мен оларды жаза алмаспын.

Жазушы өзі бүге-жігесіне дейін білетін жайды жазады. Егер Мұхтар Әуезов Абай елінде туып өспесе, «Абай жолы» романын жаза алмаған болар еді. Алып жазушының өзінің қыр-сырына қанық емес, өмірді – «Өскен өркенді» келістіріп жаза алмауының сыры, меніңше, осы.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің қасында біз кімбіз, тәйірі!

* * *

Бастықтар, тегі, қазіргі ию-қию заманда ғана емес, ел бала сияқты момақан сол кездің өзінде де қу болған. Олай дейтінім, өмір көрсетті ғой. Кербұлақ елін Шу бойына көшіргенде қызылшаның жұмысына жарамайтын кемпір-шалдарды көш деп қинаған жоқ, асырап-сақтары, мияты жоқтарын жұртқа тастап кетті.



Сондай қорғансыздың бірі – Ахметжан қария еді.

Ол кісінің үйі бұрын ауылдың бас жағында болатын. Осы жерде мына бір нәрсені айтуға керек: ауыл үйлері Кербұлақ өзенінің күнгей бетіне тау етегін жағалай салынған. Ауылдың барлық үйінің есігі күнге, яғни өзенге қараған, арты тау жағында. Менің ауыл алды, арты, ауылдың жоғарғы, аяқ жағы деп жазатыным сондықтан. Бір редактордың менің «ауылдың алды» дегенімді «жаны» деп өзгерткені бар. Ал ендігі бір редакторға «Жайсаң жотасы» деген сөз ұнамады. «Жота деген не сұмдық? Жердің жотасы болушы ма еді?» -деп кекетті. Жазық жерде, қара судың жағасында өскен балаға «ауылдың алды, арты» жоқ, жота тек адамда, жан-жануарда, балықта болады.

Тау баласы маған жақсы мәлім, таудың етегі, ортан белі, басы, төбесі, жотасы болады. Жайсаң – алып жота, жазира жайлау.

Ахметжан қарияға оралайын.

Өз үйі оқшаулау жалғыз қалған соң ол кісі біздің үйдің жанындағы шіңкілдек Еркештің кішкентай үйіне көшіп келіп кірді.

Екі үйдің есігінің алды көлемі әжептеуір дөп-дөңгелек айтақыр еді. Күнде кешке қарай оны біздің үйдің балалар жағы сыпырып, тазалап, су сеуіп қоятынбыз, Ахметжан атайдікі көшіп келгелі бұл шаруамызға түбегейлі өзгеріс енді. Айтақырды Ахметжан атай тазалап қоятын болды, біздің еншімізге өзеннен шелектеп су әкеліп себу ғана қалды.

Ахметжан атайдың ауланы тазалағаны таңданарлық еді. Қолына жалғыз шыбық алып, сонымен жерде жатқан шөп-шаламды біртіндеп ілгері қарай түре түртіп отыратын. Содан бесін әлетінде бастаған бұл жұмысын, ешқандай асығыс-үсігіс жоқ, бабымен намыздыгер болғанда бір-ақ тәмамдайтын. Бұл екі арада Ахметжан атай, мейлі, тіптен, ауыл көшіп жатсын, алаңдамайтын. Атай жұмысын әбден бітіріп барып, артына бұрылып айтақырдың әр тұтамына дейін ақырын көз жіберіп шолып шығар еді. Сонда көзіне көлденең жатқан қылпық шалынса, ерінбей барып еңкейіп алып, айтақырдың шетіне апарып тастайтын да үн-түнсіз бізге қарайтын.

Біз, балалар, түсіне қоямыз: ендігі кезек-біздікі. Бәріміз жалма-жан ың-дыңсыз жабылып, біреулеріміз өзеннен шелекпен су әкеліп, біреулеріміз балақты түріп тастап оны шашып, айтақырды текпілесең шаң шықпайтын етеміз.

Ахметжан атайдың бұл тірлігінің байыбына ешкім барып көрген емес, ол неге керек, кешке қарай есіктің алды тап-таза, су себіліп, салқын ауа себелеп тұрса, жетіп жатыр емес пе.

Қазір ойлаймын: осы бір кішкентай ғана тірлігімен бізге үлкен өнеге көрсетіп кетен екен жарықтық. Ол өнегенің аты – туған жерді сүйіп, аялау, қолға алған ісіңді жалықпай, жалқауланбай атқару.

Бала қит етсе, әдеп ақыл айта жөнелетін қазіргі қарттардан үндемей, ісімен өнеге көрсеткен сол Ахметжан атайлар қасиетті-ау! Күмән жоқ, солай.

* * *


Көктемнің келгенін біреу малмен, біреу құспен, біреу өсімдікпен байланыстырады. Біздің жақта көктемді көкектің келуімен орайластырады.

Кербұлаққа көкек жыл құстарының ішіндегі алғашқыларының бірі болып келеді. Көкектің «көкек!»-деген дауысы естілді болды күн жылып, сай-сайға тығылған сүр қар еріп, жылға-жылғаның табаны суға толатын. Кербұлақ өзені тасып, өткел бермей адамдар ар жақ – бер жақ болып қалатын.

Көкекті жексұрын қылып көрсететін бір сөз бар, ол - «көкек өз атын өзі шақырады». Адамды жетесіздіктен, мақтаншақтықтан сақтандыруға бұдан артық тұспал сөз табу қиын. Әлбетте, көкектің өз атын өзі шақырғаны әбес-ақ. Ал, енді осы керемет еңбекқор, әдемі құсты «өзі жұмыртқа баспайды, балапаны асырамайды,» деу- өтірік.

Осы сөзді естігенде менің көз алдыма Кербұлаққа ерте келетін көкек, өзімен бірге көктемді ала келгенін «көктем» деп жариялап жүрген бір сүйем ұзын тұмсық, қаламсап іспетті айдары бар, сарала құс елестейді.

Кербұлақтың аң-құсының арасында өскен мен көкектің таңның атысынан күннің батысына дейінгі барша тірлігіне жақсы қанықпын. Көкек ұясын ескі тас қоралардың саңлауларына салады. Ол көкек айында төрт-бес жұмыртқа туып, соларды мекиені басады. Балапан шығарған соң көкектің мекиені мен қоразы бір тынбай, маңайдың шегірткесін баудай түсіріп, балапандарына тасиды да жүреді. Көкектің басқа құстың ұясына жұмыртқасын салып жүрген зымияндығын мен ғана емес, бүкіл Кербұлақта жан адам көрген де, білген де емес.

«Өмірде жақсы көп пе, жаман көп пе?»-деген сұрақтың жауабы – жаман көп.

Жаратушы иеміз - әділ, жақсы мен жаманды теңдей етіп жаратпақ болып, «Жақсы»,-деп жақсыны, «Жаман»,-деп жаманды жаратып, арасында жаңылысып, «Жаман-жаман»-деп қалатын көрінеді. Өмірде жақсыдан жаманның көптігі содан деседі.

Жақсыдан жақсылық, жаманнан жамандық шығады. Олай болса, тірлікте, жақсылықтан жамандық көп, жақсылықтың рақатын көргендер жамандықтың зардабын тартқандардан аз.

Мына елеусіз жерге ұя салып, жұмыртқалап, балапан шығарып, олары қара қанат болғанша асырайтын көкек - жамандықтан зәбір көріп жүрген құс.

Зерделі оқырман, естігенге емес, көргенге сенген мақұл.

Ендеше, мен – көкектің өзін де, балапанын да қолыма ұстап көрген адаммын, сеніңіздер, көкек – жұмыртқасын да, балапанын да өзінен басқа құстың қанатының астына салып, тұмсығымен түрткізбеген құс.

Дүниедегі қатыгездіктің көкесі - өз перзентінен безіну, осындай оңбаған қыздарды жұрт қазір көкекке теңейтін болып алған. Шындығында, ол қыздар көкек емес. Көкек ол қыздар емес. Көкек – балапаны үшін жанын пида етуден тайынбайтын құс. Оны көзім көрген.

Елі көшкен ескі үйлер мен қораларда құстар ғана емес, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, жылан жыртылып айырылатын. Жыл жылжып жүріп құстардың балапанын қанғыта беретін.

Ешқандай құс, тіптен кішкентай шымшыққа дейін балапанын жыланға оңайлықпен жегізе салмайтын, аянбай айқасқа түсетін, балапаны үшін өз жанын пида ететіндері аз болмайтын.

Бірде ескі қора тұсынан өтіп бара жатып, көкектің кіш-кіш еткен мазасыз үнін, қанатының тез-тез пырылдағанын естідім. Қораның арғы бұрышында көкектің ұясы барын көріп жүретінмін. Солай қарай ентелей бастым, бұрышты айнала бере көрдім: басын қақшитып алған ұзын қара шұбар жылан жатыр тілі сумаңдап. Мына сұсты пәленің дәл тұмсығының алдында бүкіл қауырсын қанаты дүрдиіп, айдары адырайып айбат шашып көкек отыр. Жыланның көзін тайдыра бергені сол екен, көкек дәл төбесінен шоқып-шоқып қалды. Жылан есеңгіреп, зорға жылжып барып, қалың шөптің арасына кіріп кетті.

Көкек «Кіш-кіш»-деп, айдарын селкілдетіп, құйрығы мен қанатын тарқатып жиып, тарқатып жиып, ұясына қарай ұша жөнелді.

Мен көкектің балапанына жыланды маңайлатпайтынына көзім анық жетіп, қуанып тұрып қалдым.

Мен білетін көкек – осындай құс.

Ал, енді ана ағаш атқа мінгізіліп, жексұрын қылықтар таңылып жүрген көкек-басқа.

Ол – «Ку-ку»-деген үн шығаратын айдары жоқ, жабайы кептер тәрізді көксұр құс. Ондай көкек біздің жақта жоқ.

«Қазақ тілінің сөздігінде жазылғанындай, біздің көкек «Тұмсығы мен қанаты ұзын, тікше біткен айдары бар сарала түсті құс». Мүмкін бұл ана албасты көкек мекендейтін жақта жоқ шығар.

Біздің көкегіміздің «Көкек», деп аз атын өзі атағаннан басқа айыбы жоқ. Құстың тілін кім біліпті, мүмкін, біздің көкек: «Көктем!»-деп қуанатын шығар, не десек те көкек – еш зияны жоқ құс.

Осыны біле жүргей, оқыған жұрт.

* * *


Ұлы Пушкин өзі туралы толтырған анкетаға туған жылы мен айын жазып, «Өмірбаяным өлеңімде» деген.

Ақын туралы небір әдемі сөзді ақындардың өзі де, өзге де айтқан, бірақ Пушкиннің мына сөзі бәрінен қарапайым, шындық.

Ұлы адам, ұлы шығарма қарапайым болады.

Абайдың, Әуезовтің, Мұқановтың, Мүсіреповтің шығармалары оқыған адамның көңіліне бірден қонады. Неге? Олар – ұлылар, ұлылар шығармаларын қалың халыққа арнап қарапайым етіп, сонымен бірге шындықты жазған. Шындық пен қарапайымдылық егіз, шындық қашан да шындық, ал қарапайымдылықты қарабайырлық дей көрмеңіз, ұғынықтылық деңіз.

Бізде бір жазушылар бар, одан-бұдан оқығанына еліктеп, ой бір бұрқыратып жазады дейсің. Өз басым соларға тамсанып отырғандарды көргенде жүдеп қаламын. Менің қастер тұтатындарым-өз топырағымыздан жаралған жоғарыда аттары аталған алыптар, жете алмай келе жатқан нысанам да солар. Олардың жеткен биігі - біз сияқты пақырлар ұшып та, өрмелеп те жете алмас мұзтау.

Ақынға қайта оралайық. Пушкиннің «Өмірбаяным өлеңімде»-дегенін кең мағынада түсінген мақұл. Анығында, өлең-ақынның болмысы. Ақын өз арман-аңсарын, қуаныш-қайғысын, ысып-суынғанын, биіктегенін-жер болғанын жазады. Ақын жазған жайлар – бүкіл адамзатқа тән, етене жақын, әркім олардан өзін көргендей болады. Ақын деп сондай көптің көкейіненен шығатын, әркімнің көңіл пернесін дөп басатын өлең жазған адамды айтсақ керек.

Мен көптен білетін бір ақын бар, өзі білімсіз, бәдік, жұқсыз, дәңкеуде, мақтаншақ, бір сөзбен айтқанда, Құдай сүйер қылығы жоқ, сөйте тұра дана, пәк, өресі биік, ақ, адал адамның сөзін айтқан болады, бірақ ұқсата алмайды. Асыл қасиет қанында болмаған соң қағазға түспейді, жазғаны жаман еліктеу болып шығады.

Жаратушы иеміз адамға өмірді ғана емес, өнерді де ??? берген. Өзінде бардың бағасына жету – жетелілік, асыра сілтеу - әулекілік. Мен пәлсапа соқпақ болып әуреленіп қайтейін, «Әлін білмеген - әлек» деген ғой халық ондайларға. «Қысқа да нұсқа» деген осы болар.

* * *

Облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің дайындаған адамдары өң партия ұйымдарының хатшылары, насихатшылары екен, Құрекең облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Айдарханқызы Бибатыроваға бір нәрселерді сыбырлап айтып жатты.



Ғайникен Айдарханқызы – ысылған партия қызметкері, Құрекеңнің айтқанына мақұл болып жымиып бас изеп қойды.

Мінбердегі шешен сөзін тамамдап, орнына қарай қошуақ көңілмен маңғаз басып бара жатты.

Әр жерден бір шапалақ естілді.

- Журналдың бас редакторы Құрманбек Сағындықович бір еңбек адамының сөйлегені жөн болар еді, деп отыр. Құрекең ағамыздың мұнысы өте орынды. Біздің жігіттер мұны ескермепті. Өкінішті-ақ! Ал, қане, бұл олқылықтың орнын қайсыларыңыз толтырасыздар? Сартай Есімханович, Сіз сөйлеңіз, - деп Бибатырова Есімхановқа қарады.

Сартай Есімханов сөзге келмей, мінберді бетке алды.

- Коммунист жолдастар, мен өзі бұл журналды оқымаймын. Сонда да сөйлейін. Не айтсам екен? Осында талай адам сөйледі, бәрін айтты. Сол жетеді енді. Маған айтатын түк қалдырған жоқ. Мейлі, мен оларға сонда да разымын, - деп Сәкең залға қарады.

Жұрт ду қол шапалақтап жіберді.

Сәкең:


- Жақсы! – деді де мінберден шапшаң түсіп, орнына қарай тез-тез басып бара жатты.

Құрманбек Сағындықовтың мына конференциядан жазған есебіне бір мықты еңбек адамының сөзін енгізбек болған ниеті зая болды, томырайып отырып қалды.

Ғайникен Бибатырова Сартай Есімхановты жарыссөзге күні бұрын дайындап қоймаған, яғни айтатын сөзінің мәтінін қолына ұстатпаған қызметкеріне не шара қолдансам екен, деп бір қызарып, бір бозарды.

Сартай Есімхановтың ойына ештеңе кіріп-шыққан жоқ, тілінің ұшына келген сөзді айтты, бітті.

Қулық-сұмдығы көп партиялық жұмыстың қыр-сырына әбден қанық екеуге конференцияны жабудан басқа амал қалмаған еді. Екеуі өздерінен үлкен бастықтарға не беттерін айтады? Бәрінен сол – қайғы.

Ал, Сәкең бір құдайдан басқаға жауап бермейді, екі қолға бір еңбек – ол кісінің ұстанары.

Осы сәтте маған төрде, құрметті орында отырған ана екеуінен төмендегі, көп ішіндегі орнына барып отырып жатқан Сартай Есімханов бақытты болып көрінді. Сәкеңді жасқандырмай, аузына келгенді іріктеп айтқызған күштің аты – еңбек-ау, дедім. Еңбек материалдық қана қуат емес, рухани да қайрат-жігер екен.

* * *


«Екі қолға – бір еңбек» сөзін мен алғаш рет әкемнен естідім.

Әкем үш жылдай төсек тартып жатып барып, қайтыс болды.

Әкем ауырып жатқанда оқтын-оқтын барып, қасында болып, қайтып жүрдім.

Шуға барған екенмін, жасымнан бірге өскен достарым тауып алып, думандатып кететініміз бар. Сондай бір жорықтың ертеңіне әкем:

- Әлдихан, тентек суға құмар екенсің, абайла! – деді.

Мен – нағашы апамның бауырында өскенмін, әкемді «жезде» деймін, ата жолын ұстаған болып ептеп қалжыңдайтыным да бар. Соным ұстап:

- Жезде, өзіңіз де ішуші едіңіз ғой, - деп қалдым.

Әкем екі алақанын ашып көрсетті.

- Мен ішсем, не, мына екі қолға сенетінмін. Екі қолға бір еңбек. Мен сендерді осы екі қолыммен, еңбекпен асырадым. Сен ішсең, қызметіңді тартып алып, басқа жұмысқа жарамай, қор болып қаласың ғой. Қайтіп жан сақтайсың?

Әкемнің бір кездегі әр саусағы онша-мұнша кісінің білегіндей жуан саусақтарының, жаялықтай, тып-тығыз алақанының еті босап, сай-сай болыпты. Басымыздан сипағанда темір тигендей тітірететін шор-шор қасаңдар сарғайып, солған.

Менің оқыдым, білім алдым, шенеунік болып жүрмін деп кеуде керіп жүргенім әкеме әшейін екен. Әкем үшін мал таппақ, жан сақтамақ құралы екі қол екен. Екі қолдың құдырет екенін осылайша ұғып едім мен сонда.

Өзі ұста, тұрмыстық тірліктің бәріне бейім әкем біздерді кез-келген шаруаны атқаруға жұмсай беретін. Сондағысы өзім білгенді балаларым да білсе екен деген игі ниет екен. Әсіресе, мұнысын шау тартқан шағында үдетті.

Еңбек демалысына шыққан сайын бала-шағамды ертіп алып, әкемнің үйіне келемін. Бір ай туған төрімде аунап-қунап, балаларымды атасы мен апасына бауыр бастырып қайтатын сол бір бақытты шақ жоқ енді! Әкем де, шешем де, апам да марқұм болған.

Біз келген сайын әкем бір қойды атып ұрып байыздап, пышағын маған беріп тұрып:

- Ал, Әлдихан, мынаны енді өзің жәукемде, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы, - дейді.

Әке сөзі – заң, білейін-білмейін орындауым керек.

Әкемнің айтқаны әбден рас еді, сол шақта қойдың сойылғаны әкеме жақсы болды, үйренгенімнің пайдасын мен өмір бойы көріп келемін.

Енді бірде әкем қолыма балға, шеге беріп, шарбақтың кеткен шабақтарын қақтырды. Әкем нұсқауларын беріп, менің шегені қалай қаққанымды жіті қарап отырды. Ұста әкемнің ойынан шығу оңай емес, бар өнерімді салып, балғаны айнытпай, дәл сілтеп, шегені қисайтпай түзу кіргізіп жатырмын.

Әкем разы болды әрі өкінді:

- Нағыз өзіме тартқан балам сен екенсің. Қап, оқу құртқан екен!

Әкем өзінің ұсталығын бәрінен жоғары қояды екен.

Адам өз өнерінің қадіріне өзі жетпейінше оны ешкім бағаламайды.

* * *

Адам билік сатысымен биіктеген сайын оның өзгеге жасайтын жақсылығының игі, жамандығының жегі күші артады және бұлардың өзі, қалағанын жүзеге асыруға мүмкіндігі жеткілікті болады.



Мені мұндай ойға мына жайлар жетелеп еді.

Жамбыл облыстық партия ұйымын біраз жыл Хасан Шайахметұлы Бектұрғанов деген азамат басқарды. Ол – бұдан бұрын Қызылорда облысында бірінші хатшы, өзінің туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметте болған тәжірибелі, сұңғыла адам еді.

Хасан Шайахметұлы Жамбыл облысын жақсы басқарды. Сол жылдары біраз уақыт тікелей қарамағында, яғни нұсқаушы болып істегенім бар. Әрине, нұсқаушылық үлкен қызмет емес, бірінші хатшы оларды көзіне іле ме, ілмей ме, белгісіз. Нұсқаушылардың кейін барар жер, басар тауы күні бұрын белгілі болушы еді, бәрі дерлік өздері жетік салалар бойынша аудандық, қалалық партия комитеттерінің хатшылары болып шыға келетін. Ал, мен атқарған баспасөз жөніндегі нұсқаушылардың беттейтін өрісі – облыстық газет пен облыстық телевизия және радиохабарларын тарату комитеті. Нұсқаушы – бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін, тек бейнелеп айтқанда, бөлім меңгерушісі, ар жағында, әлбетте, хатшы тұрады, айдап салғанда қабатын, үретін пенде.

Облыстық партия комитетінде қызмет істеу – үлкен мектептен өту. Бұл мектептен әркім әрқалай болып түлеп ұшады.

Сол мектептің ең басты үйретері – қулық еді. Тәжірибелі саналатын бір ағай, онда да білдей бөлім меңгерушісі мені қулыққа үйрете алмай-ақ шаршайтын. Қайтейін, әке-шешем және апам мені қулық-сұмдыққа үйір болма, өтірік айтпа, кісінің ала жібін аттама, ақ-адал бол деп үйретті ғой. Бөлім меңгерушісі тұрмақ, одан зоры болсын, мен оның емес, өзімді өмірге әкелген, ақ сүтін, тәлімді тәрбиесін берген адамдардың айтқанымен жүріп, өмір сүріп келемін.

Қулықтың қаншалықты жексұрын қылық екенін мен сол партиялық жұмыста жүргенде көп көріп, өлердей түңілгенім бар. Майда-шүйдесін айтып қайтейін, бір-біріне ұқсас, үйренуге тұрмас екеуін айтайын.

Бірінші хатшының өз аймағында ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Не ішемін, не киемін дегенді ұмытқан, бәрі ас та төк, бір тойым жоқ.

Әлімсақтан табиғаттың заңы – жас өседі, жасамыс – қартаяды.

Бектұрғанов – облыс халқына билігін жүргізген тұлға болғанымен, табиғат перзенті, қартая бастайды.

Ол кезде қазіргідей бұлтақ жоқ, жасың алпысқа келген екен, бір сөзге келмей, қуана-қуана зейнетке шығасың.

Ал, Хасан Шайахметұлының бір сөзі, анығырақ айтқанда ойға алғаны бар екен. Ол - бүгін-ертең үйленім деп жүрген кіші ұлын аяқтандыру.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Бектұрғановты қабылдап, зейнетке шығуы керектігін айтады.

Сонда Бектұрғанов:

– Дінмұхамед Ахметұлы, бір өтінішім бар еді, айтсам, қалай болар екен,- дейді.

– Айт,- дейді Қонаев.

– Айтсам, кіші балам келін түсіретін еді, рұқсат етсеңіз, соның тойын өткізгенше істей тұрайын.

– Рұқсат. Тойыңды тездетіп өткіз.

Хасан Шайахметұлы үйіне келе салып, той қамына кіріседі.

Бірінші хатшы той жасап жатса, оған қызмет ету - үлкен бақыт. Тек қожайын иек қақса болды, жанын пида етуге әркім әзір. Ал, тойға шақырылған қонақтар ылғи ығай мен сығай – аудандық, қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, аудандық, қалалық атқару комитетінің төрағалары, облыстық мекемелердің қолы майлы басшылары.

Тойхананы Хасекеңнің өзінен басқа кім санасын, әрине, қарық болды.

Той өткеннен бір аптадан соң Хасан Шайахметұлы зейнетке жіберілді.

Ұйымдық мәселе қаралған пленумнан соң бір ауданның беделді басшысы айтыпты деген сөзді естідік.

- Қап! Мына Хасан сұмдық екен. Осы елуге келген жасым ішінде талай зұлымдықты көріп едім, бірақ мынандай кім көрген!

Бұл – бір ғана оның емес, дәуірі өтейін деп тұрған адамға алданып, үйіп-төгіп тойхана берген тобырдың да өксікті өкініші еді.

Өкінішке орай, сол жылдары Бектұрғановтың осы тірлігін қайталаған «шәкірттері» де болған жоқ. Соның бірі – Нұрғали Торғаев. Жасы егде тартқан адамдар біледі, Торғаев Меркі, Шу, Сарысу аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған, партияның ысылған жауынгері еді.

Нұрекең Шуда бірінші хатшы болып тұрғанда «Алға» кеңшарының директоры Қайып Кененбаев болатын. Қайып – иманжүзді, ақ жолдан айнымаған азамат, өзіндік беті бар басшы, ешкімнің жүндеуіне көнбейтін. Торғаевтың Шу ауданының барша басшы қызметкерлерін кіріп-жусататын қаһарына жалғыз директор Кененбаев қарсы тұра алған. Ол енді, әрине, пәре де бермеген. Сонысына бола Нұрғали Қайыпты қырына алғанын қоймайды.

Күндердің күнінде Торғаев Кененбаевты үйіне қонаққа шақырыпты.

Кененбаев жат та келіп таңданады. Мұнысы несі? Бір жағынан іші жылиды: Нұрекең бірдеңке біліп шақырған шығар, барайын.

Кешке қарай Кененбаев қызметтік машинасын мінбей ағайынының көлігімен әйелін ертіп алып, артынып-тартынып Торғаевтың үйіне келеді. Нұрекең Қайыпты қақпасын өзі ашып, қарсы алады.

Мұндай құрметке кім шыдасын, Қайып еріп кетеді.

Торғаев сағатына қарап тұрып машина жүргізушіге:

– Сағат онда кел- дейді.

Жүргізуші дәл айтқан уақытта келсе, аузына арақ тұрмақ шарап алмайтын Қайып қызып алыпты, Нұрекең рекеңмен қайта-қайта сүйісіп қоштасады.

Содан Қайып ертеңіне кешке дейін басы ауырып жатып, облыстық радионың кешкі хабарын тыңдайға әзер жарайды. Радионы қосқаны сол екен диктор:

– Бүгін Сарысу аудандық партия комитетінің пленумы өтті. Пленумда ұйымдық мәселе қаралды. Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрғали Торғаев сайланды,- деп сөйлей бастайды.

– Қайып орнынан ұшып тұрады.

– Туу! Бұл неткен адам еді?! Ақымақ болғаным-ай, қап!- деп төсегіне сылқ етіп отыра кетеді.

Шынында, неткен адамдар еді бұл бірінші хатшылар! Адамдар аяу дегенді мүлде ұмытқан ол шіркіндерге бүгін теңеу іздеп, әуре болмағанымыз жөн шығар. Олар келмеске кетті ғой, ең жаманы олардың орынтағына отырған әкімдер олардан асып түспесе, кем соқпай тұр. Бүгінгі күні бәрінен осы қайғы.

Елбасымыз сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шабу жөнінде қадап айтып-ақ келеді. Жақсы шешімдер де бар, бірақ нәтиже жоқ, болмайды да. Өйткені аз болсын – көп болсын пәрені үлкен болсын - кіші болсын бастық алады. Бастықтың қолында қандай да бір билік болады. Билік бастықтардың жауға алдырмас кіреуке сауыты. Бастықтың дәрежесі өскен сайын сауыттың беріктігі артады, яғни оны аңдыған жауы азаяды. Нәтижесі олардың шанда біреуі болмаса, басқасы алдырмайды. Сондықтан ғой Елбасының қаржы полициясының қызметкерлеріне торға ылғи шортан емес, шабақ түседі, деп ұрсатыны.

Заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз, деп қанша айтқанымызбен, бастықтар оны оп-оңай айналып кете береді. Заң, тек қана заң үстемдік құрған заманды біз көре алмаймыз, балаларымыз көрер ме екен? Балалар, олардың болашағы – үлкендердің жемісі. Олар бізден қалған мұраның иегері. Бастық болып, басқа болып, осыны біліп өмір сүрсек қане.

* * *

Шығармашылықпен айналысу – жанкешті өмір кешу.



Шығармашыл адамның үлесі – жоқшылық.

Әлем әдебиетінің алыптарының дені жоқшылықтан құтылу жолында жанталасқан. Сазгерлер мен суретшілер де сөйткен. Джек Лондон, Амодей Моцарт, Леонардо да Винчи, т.б. өздерін даңққа бөлеген шығармаларын ашқұрсақ болып жүріп жазған. Бір үзім нан үшін күрес өшпес туынды әкелген өмірге.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет