Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы


Мәшһүр - Жүсіп мысалдарының зерттелуі және орыс (еуропа) мысалдарының үндестігі



бет20/22
Дата06.02.2022
өлшемі1,49 Mb.
#31872
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
4 Мәшһүр - Жүсіп мысалдарының зерттелуі және орыс (еуропа) мысалдарының үндестігі

«Мифы Древней Греции много веков вдохновляли поэтов и художников всего мира. В стихах Пушкина и Тютчева и даже в баснях Крылова мы не раз найдем образы из мифов Эллады. Если б мы не знали древнегреческих мифов, многое в искусстве прошлого – в скульптуре, живописи, поэзии – было бы нам непонятно» - деп жазды В.Смирнова [48, с. 8].


Қазақ мысал жанрын алғаш зерттеп, пікір білдірген М.Әуезов болатын. «Спандияр Көбеев Крыловтың 44 мысалын аударып, жинақ етіп шығарды. Бекет Өтетілеуов, тағы бірнеше ақындар аударды. Сол аудармалар арқылы Крыловтың мысалдар жасау үлгісін қолданған қазақ ақындары да болды. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты ақындар да кей кезде Крыловтай мысалдап жазатын болды. Абайдан бастап бұл күнге шейін қазақ халқы жақсы біліп, шын сүйіп отырған Крылов шығармаларын қазақ мектептері де аса зор құрметтеп келеді. Біздің мектептерде, барлық әдебиет кітаптарында Крылов мысалдары көп пайдаланылады. Совет мектебі тәрбиелеген қазақ балаларының шын сүйіп оқитын ардақты ақынының бірі Крылов» - деген еді [49, б. 29].
Мәшһүр Жүсіп орыс (еуропа) басқа елдердің мысалдарын өзінің шығармасына негіз қылып алғаны айдан анық. Бұл орайда, Ежелгі грек мысалшысы Эзоп, Француз - Ж.Лафонтен, Германия - Х. Геллерт, Ағылшын - Томас Мур. Орыс мысалшылары: В.Тредиаковский, А.Кантемир, А.Сумарков, И.А.Крылов т.б. Қазақ мысалшылары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеев, Ахмет Байтұрсынов, Бекет Өтетілеуов, Мәшһүр Жүсіп т.б. атап өтуге болады. Крыловтан Абай-14, С. Көбеев-37, Бекет Өтетілеуов-12 мысал аударған. Абай аудармалары Крылов мысалымен түпнұсқасымен көбіне дәлме-дәл келеді. С.Көбеевтің 8 мысалы қара сөз үлгісінде баяндалған. Ахмет Байтұрсыновтың аудармаларында желі сақталмағанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын мән-мазмұнына байланысты жаңа ойлар айтылады. Мәшһүр - Жүсіп мысалына қатысты Түсіпова Қанипаны да қараңыз: Ақын мысалдарының жанрлық сипаты. Мәшһүр-Жүсіп оқулары. Республикалық ғылыми конференция материалы. (Бірінші жинақ) С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. ─ Павлодар: 2001. ─ Б. 143-147).
Мәшһүр - Жүсіп те қазақ мысал жанрының қалыптасуына, қазақ ұғымына лайықтап қайта өңдеп, жырлауында кейде шығыс мысалынан қосып, өзінікі сияқты жырлауы басқаға ұқсамайтын қыры болып табылады. Біз әрине, Жүсіп мысалдарын бас-басына талдап беруден аулақпыз. Тек қана атап өтсек деген ойдамыз. Олар: «Тырна мен Қасқыр», «Шайтанның саудасы», «Сәйгел, сона, бөгелек», «Жарты нан хикаясы», «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің қарғамен айтысы» т.б. Ақынның «Мәшһүр-Жүсіптің Шабдар атпен айтысы» Жүсіп пен Шабдар аттың айтысына құрылған. Оқиға шындыққа негізделген (Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары 1 том. ─ Павлодар, 2003. ─ Б. 421-425). Бұл айтыста Айдабол руы айтылып, Шабдар аттың кедей табынан екендігі Көк тақым қандыбалақ ұры Алтайдан - деген сөзінен байқаймыз. Жүсіп Көпеев Шабдар атқа айтқан болып, ел ішіндегі не бір келеңсіз жайттарды, ру тартысын, елдің нашарлап, өсек-өтірік жайлап кеткенін тіліне тиек қылады. Шығарма халықтың өмірінен алынған аллегорияға құрылған. Біздің байқағанымыз ақын өз тарапынан да мысал өлеңдер шығарған оның мазмұны, тілі нағыз қазақ өмірінен алынған. Басқа мысалдарда көбіне жан-жануарлар метонимиялық құбылыс ретінде алынып, астарлы түрде суреттелсе, Жүсіп мысалында көбіне өзі айтысады. Қарсыласы жан-жануарлар, мал, құс т.б болып келеді. Жүсіп мысалынан қазақтың ұлттық мінезін, болмысын анық байқаймыз. Мысалдар да қазақ ұғымына лайықты ескіліктер, мал мен құсқа байланысты этнографизмдер өте көп екендігі байқалады. Мысалы, бір ғана жылқыға қатысты: ығыр, жауыр, көк тақым, жетек, арқа басы ошақтай, желқомдап, шыбындап, қызыл танау, шідер, құнан, дөнен, жал, торы т.б.
«Крыловтың шын көңілі неден жиреніп, нені сүйетіні өзіне ғана аян еді. Онысы жазған еңбегінен көрініп тұрды. Мысалдарының көбінде Крылов заманынан сыртқары отырған жалпы ақылгөй болған жоқ. Сол заман жайында нелер өткір, нелер ащы мысқыл, ажуа жазып отырған. Көп мысалдары арнаулы саяси оқиғаларды мазақ етіп, нақтылы адамдарды түйреп отырады. Мысалдарына патша сарайына сүйікті талай чиновниктерді, нелер мықтыларды, жағымпаз жазушыларды орнынан тұрғысыз етеді. «Квартет» деген мысалында тіпті патшаның Мемлекеттік советін (Государственный совет) мазақ етеді» - дейді М.Әуезов [49, б. 26].
Мәшһүр - Жүсіптің мысалшы екендігін ең бірінші дәлелдеген немересі ф.ғ.д., профессор Қуандық Жүсіп: «Мәселен И. А. Крыловтың «Ала қойлар» мысалында патша арыстан әмірімен қойды баққансып жүріп жоқ қылған қасқыр (бұл мысалды Абай да, А. Байтұрсынов та тәржімалаған) әрекетін Мәшhүр-Жүсіп өзінше өрістетіп пайдаланған:
Оңдырмас мынау қойшы бізді бағып,
Сіңбей тұр ішкен тамақ бойға жағып.
Тұрғызып омақаны әрбір жерге,
Жер-суды ап кетті ғой қазық қағып (34 б.)
Бұл арада қазақ халқын бағушы губернатор, не патша деп есептесек, аталған тұспал белгінің өрбітілуін сәл кейінірек жырлаған ақындардан да кездестіреміз:
1) Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан:
Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,…
(М. Дулатовтың 1916 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Алашқа» өлеңінен);
2) Ай ұшамын аспанға
Жер жағдайды жақпайды…
Ащы, қатты дауыстан
Қарағай, терек жығылар.
Қожайынсыған арыстан
Сескенер, тасқа тығылар.
(І. Жансүгіровтің 1923 жылғы «Ызалы қиял» өлеңінен).
Салыстыра сараптасақ, И. А. Крыловта ала қойларды алдымен арыстан қырмақ болады, бірақ тікелей жоюға үндеген аю ұсынысы кейін жаман атқа қалдыратын болғандықтан, қабылданбай, құртуды іске асырып, жаман атты болу қасқыр үлесіне қалады. М. Дулатов осыны ескеріп: «Қой бағып қасқыр қашан опа қылған», - десе, І. Жансүгіров қасқырды емес, арыстанды бөліп алғандай, өзі Айға ұшқанда, ақырған дауысынан қарағай, терек жығылатынын, сол сәтте «қожайынсыған» арыстанның, демек қызыл коммунист ел билеушісінің де сескенуі мүмкіндігін әйгілейді. Назар аударарлық жәйт: И. А. Крыловта арыстан мен қасқыр және оның қой бағып қарық қылмауы тікелей байланысты берілген. Мәшhүр-Жүсіпте бағып жарытпайтын қойшы бөліп алынса, М. Дулатовта қасқырдың ешқашан қой қорғап опа қылмайтыны еске салынып, екі ақында да, отарлаушы ел билеушілер қастандығынан қазақ халқын сақтандыру жүзеге асқан. Ал, І. Жансүгіров қасқыр мен ала қойларды мүлде сөз қылмай, тек бәрінің төбесінен қараушы арыстанның өзін де сескендірер күш бар екенін қатаң ескерткен. Сөйтіп орыс ақыны И. А. Крылов мысалындағы символдық бейнелерді қазақ ақындары: Мәшhүр-Жүсіп, Міржақып, Ілияс - әрқайсысы өзінше өрістетіп пайдаланған. Мұның бәрі ақын шығармашылығын жеке алмай, әлемдік поэзия дәстүрімен тығыз бірлікте қарастыру керектігін дәлелдейді» [32, б. 92-93].
Осылардың ішінде орыс халқының классик әдебиетін, әсіресе И. Крылов мысалдарын қазақ тіліне көп аударған оларды жинап, жеке кітап етіп шығарған Спандияр Көбеев болды. Ол Крыловтың қырықтан аса мысал-өлеңдерін аударып, 1910 жылы «Үлгілі тәржіме» деген атпен өз алдына жеке кітап етіп бастырып шығарды.
Спандиярдың Крыловтан аударған, «Үлгілі тәржіме» жинағында басылған мысал-өлеңдер еді: «Күйеу таңдаған сұлу қыз», «Өтірікші», «Аң ауласқан қоян», «Емен мен тал шыбық», «Шал мен өлім», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Қасқыр мен мысық», «Шымшық пен көгершін», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан hәм шаян», «Көлбақа мен өгіз», «Қарға мен түлкі», «Аңға шыққан арыстан», «Маймылдар», «Аю мен мүсәпір шал», «Қасқыр мен қозы», «Құмырсқа мен шегіртке», «Түлкі мен жүзім жемісі», «Екі көгершін», «Әтеш пен меруерт тас», «Арыстан мен Сары масалар», «Арыстан мен кісі», «Арыстан мен тышқан», «Есек пен сандуғаш», «Ағаштың тамырлары мен жапырақтары», «Пәлеге ұшыраған қарашекпен», «Екі төбет», «Ұқыпты достар», «Хакім тілеген көлбақалар», «Көлбақалар», «Қомағай ит», «Етікші мен бір бай кісі», тағы басқалар.
И. Крылов өзінің мысалдарын нағыз орыс тілінің көркемдік байлығын сұрыптап пайдаланып, аса шеберлікпен көркем етіп жазды.
Бірақ Спандияр Крыловтың мысалдарын, Абай сияқты, зор ақындық талантпен, шабытпен, асқан шеберлікпен аудара алған жоқ. Жай ғана қарапайым өлең түрінде кейде еркін, кейде сөзбе - сөз етіп аударды, көбінше мағына-мазмұнын ғана берді. Мысалы, «Разборчивая невеста» деген мысалды «Күйеу таңдаған сұлу қыз» деп, «Листы и корни» деген мысалды «Ағаштың тамырлары мен жапырақтары» деп, «Крестьянин и смерть» деген өлеңді «Шал мен өлім» деп, «Лисица и виноград» дегенді «Түлкі мен жүзім жемісі» деп аударды. «Күйеу таңдаған сұлу қыз» деген мысалдың орысшасы 69 тармақ та, қазақшасы 52 тармақ; «Хакім тілеген көлбақалар» деген мысалдың орысшасы 71 тармақ та, қазақшасы 74 тармақ. Сонда Спандияр алдыңғы мысалды өзінше қысқартып, ықшамдап, кейінгі мысалды жанынан сөз қосып, кеңейтіп аударған; дәлме-дәл аудармай, еркін аударған [50, б. 177-178].
Мақыш мысалдары Қазанда 1910 жылы «Біраз ғибрат сөз...» деген атпен жарық көрді. Онда «Қой, сиыр, ешкі, арыстан...», «Сабырсыздық», «Есектің ойнауы», «Аз үміт көп зарар берер», «Бал құрты мен шыбын», «Жақсылыққа жамандық», «Фақырлық, байлық», «Садақат» атты барлығы сегіз өлең қамтылған [51, б. 19].
Мысал жанрын арнайы зерттеген ғалымдардың көрсеткен деректеріне жүгінсек, Иван Андреевич Крылов, Эзоп (біздің дәуірімізге дейін 6 - ғасырда өмір сүрген грек мысалшысы) Федр (б.д. д. 5-ғасырда өмір сүрген Рим мысалшысы), Лафонтен (1621-1695 ж. өмір сүрген француз мысалшысы) мысалдарының сюжетін пайдаланғанын көреміз. Шығармаларының соңғы бір басылымында Крылов 33 туындысының аударма екенін анық айтады [52, б. 77].
Әр қилы тарихи-әлеуметтік, саяси-қоғамдық өзгерістерге толы кезеңде дүниеге келген Мәшhүр-Жүсіп Көпеев қазақ жазба әдебиеті, соның ішінде мысал жанрының қалыптасуына, көркемдік көкжиегінің кеңеюіне елеулі үлес қосқан.
Мәшhүр-Жүсіп жан-жақты талант иесі. Ақынның көңіл күй лирикасынан басқа мысалдар жазғаны да бар, онысы мол әрі мәні де маңызды.
Мәшhүр-Жүсіп мысал жанрына ден қоюының үлкен мәні бар. Себебі басқа жанр түрлеріне қарағанда ондағы моральдық, адамгершілік тағылымды ол қазақ қоғамы үшін аса қажет үлгі деп түсінеді. Мысал арқылы адам бойында кездесетін намыссыздық, алауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық, қулық пен зорлық сияқты келеңсіз мінездерді сынау, шенеу немесе халықтың тұрмыс-тіршілігінің көлеңке жағын көрсетіп, қарапайым халықтың көзін ашып, жігерлендіруге ақын мысал жанрын таңдады. Әр түрлі қарым-қатынастар мен қоғамда болып жатқан әлеуметтік жағдайларға ғибыратты тұжырымдар жасайды. Мысал сюжеті негізінен бар халыққа ортақ қазына. Әлем мысалшылары Эзоптан бастап бүгінгі мысалшыларға дейін бір-бірімен тақырып алмастырып отырған. Ал Лафонтен өз жанынан мысал шығармаған. Өзіне дейінгі мысалшылар сюжетін алып өзгеше жазған ақын. Бір мысалдың өзі әрқайсысының аудармасына ілікті. Оны бір ақын өлеңмен аударса, енді біреуі қара сөзбен аударды. Бұл тәжірибе әдебиет тарихындағы назирагөйлік (ақындық) тәсілді байытты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, өмір шындығын қамтып ойға қосып отыратын үлгілер ұлттық әдебиеттегі мысал жанрының дамуына жол ашты [53, б. 78].
Бұл арада тұңғыш рет мысал жанрының текстологиясына қалам сілтеген Н.Қ. Жүсіпов «Мәшhүр-Жүсіп жинаған мысал-аңыз үлгілерінің текстологиясын» ғылыми мақаласын ерекше атап өтуге болады.
Әңгімені мысал жанры жайынан басталық –дейді С.Талжанов: И. А. Крылов орыс халқының ұлы ақыны, мысал жанрының атасы. Ол 1769 жылы 13 февральда Москвада туған. Ақынның әкесі А. П. Крылов көп уақыт қатардағы солдат болып жүріп, әрең дегенде капитан шеніне қолы жеткен кедей кісі еді. И. А. Крылов 1782 жылы 13 жасында Петербургке келіп, халыққа әйгілі қалам қайраткерлері А. Н. Радищев, Д. И. Фонвизин, Н. И. Новиковтармен кездесті. Солардың соңынан ере шыққан жас Крылов театрмен әуестенді. Петербург сахнасында Фонвизиннің «Недорослі», Княжнин, Сумараков, Аблесимовтардың комедиялары сол кезеңде жүріп жатты. И. А. Крыловтың «Кофейница» атты комедиялық операсы сахнаға шықты. «Филомела» мен «Клеопатра» деген көне грек өмірінен алынған екі трагедиясын ресми цензура сахнаға рұқсат етпеді де, кейін И. А. Крылов мысал жанрына үзілді-кесілді көшіп кетті. И. А. Крылов мысалдары 1825 жылы француз тіліне аударылған. Осы жинақты Парижде бастырған – граф Орлов. Аударған француз жазушылары: Дарь, Эньян, Жансуль, Арно, Суме, Стассар, Сегюр, Андрие, Сальм, Ле-Балья, Вьенне, Рессегие, Казимир, Делавин, Нодье, Амабль, Тасть, София Ге. Ал, Италия жазушыларынан қатысқандар: Жианноне, Монти, Пиндемонте, Лампреди, Анджелони, Бионди, Риччи және Сальфи болыпты. Бет ашарын французша Лемонте, италиянша Сальфи жазған. Крыловтың 10 мысалын араб тіліне 1863 жылы Абдаллах (Федр Иванович) Келзи аударса, 1867 жылы 41 мысалын Ризкаллах Хассун аударыпты. Келзиде «Түлкі мен қарға», «Емен мен шілік», «Бақа мен өгіз» т.б. бар. Хассун бұларды қайталамай, өзгелерін аударды. Айта кететін нәрсе, олар Крыловты арабша ойлатады, мысалы, Крылов: «Климыч Петрге қарап ымдайды» («Климыч кивает на Петра») десе, Хассун: «Бекр Омарға сілтейді» деп береді, қазақшаға біреу: «Көрсетер көзін қысып ауылнайды» деп те аударған. Арабта: Васька – Вамбуль болады, Моська – Канбура атанады. Самарқан, Андалус қалалары кездеседі. Араб еліне белгілі адамдардың аттары Джухейна, Лұқпан, Сухейль, Хасрой мен Дарий, Деила мен Әмір тәрізділер де жүр. Дозақта той жасалып («Клеветник и змея» мысалында) жатқанда Нерон, Иуда немесе Наполеон аттары да аталады, бұлардың бірде-бірі Крыловта жоқ. Егер араб тілінен қайыра орыс тіліне аударса, И. Крыловты тірі жан танымас та еді, - деп түйеді академик И. Ю. Крачковский.
Қазақ халқы И. А. Крылов шығармаларымен көптен таныс. Ең алғаш Крыловты қазақ тілінде берген Ыбырай Алтынсарин, ал кейін 1898 жылдары ұлы ақынымыз Абай: «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлыбай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден» атты мысалдарын өз мүлкіміз етіп тастап кетті. Осы ізді қуалап, XX ғасырдың бас шенінде Ахмет Баржақсин, Есет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев т.б. аударып шықты. Әркім өз қадірінше дегендей. Бірақ солардың ішінде Абайдан асқаны әлі көрінбейді. Оған қосымша бізде «Жетпіс жеті мысал» да, «Қырық мысал» да бар. Сапасы қанша төмен болса да, Крыловты қадір тұтпаған бірде-біреуі жоқ [54, 197 - 200].
Мәшһүр Жүсіп мысал жанрларын үшке бөліп қарастыруға болады: біріншісі – мысалдары; екіншісі - мысал айтыстары; үшінші - тұспал өлеңдері. Тұспал да жанрдың бір түрі, оның негізін бірінші рет салған Мәшһүр Жүсіп. Ал зерттеген ақын шөбересі, ф.ғ.к., профессор Гүлнәз Жүсіпова. Г.Қ.Жүсіпова: «Қазақ әдебиетінде, оның ішінде Мәшһүр Жүсіп шығармаларында белгілі бір ойды астарлап жеткізу, шарттылықты пайдалану үлгілері жиі кездеседі. Түркі әдебиетінде діни тақырыптағы әдебиеттің негізін салушы Қожа Ахмет Йассауи / ХIIғ./ десек, ХIХ ғасырда сол бағытты жаңа арнада дамытқан ақын Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы (1858 - 1931) екендігі белгілі» - дейді [55, 383].
Мәшһүр – Жүсіп мысал жанрын шамамен үшке бөлеміз:
1) Мысал- аңыз үлгілері: «Қаршығаны мақтағаны», «Бозторғай», «Киік», «Лашын мен қарға», «Шайтанның саудасы» (бұл өлеңі туралы әңгіме басқашалау). «Тырна мен қасқыр», «Сәйгел, сона, бөгелек туралы», «Жарты нан хикаясы», «Жыл он екі ай», «Аңқау адам туралы» - 10;
2) Айтыс мысалдары: «Сүлеймен мен Байғыз», «Мәшһүр – Жүсіптің Шабдар атпен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің қарғамен айтысы», «Мәшһүр – Жүсіптің ала қарғамен айтысы» - 5;
3) Тұспал мысалдары: «Соқыр, саңырау және жалаңаш», «Нәпсі аждаһа», «Толқын», «Күндіз бен түннің айырмасы» - 4; Барлығы: 19 мысал өлеңдері бар. Зерттеп өлеңдерін жанр түріне қарай анықтаса бұдан да көп болары анық.
Мысалы, Мәшһүр – Жүсіптің өзгеге ұқсамайтын жанрдың бір түрі: Күлдіргі сөздер (анекдот) бар. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» - деген. Оған: «Қыз таңдау», «Жігіттер сыбағасы (бірінші нұсқа)», «Жігіттер сыбағасы (екінші нұсқа)», «Түзеле алмау әңгімесі», «Барпық өнері (бірінші нұсқа)», «Барпық өнері (екінші нұсқа)», «Екі жігіттің өнер салыстырғаны», «Тіней әңімесі», «Екі құрдас әңгімесі», «Бір епті жігіттің өнері», «Бір кедейдің сараңдығы», «Сараңның барып тұрған сараңы» - 12; Қазақ әдебиетінде көзі ашылмаған тың тақырып деп білеміз. Бұған да ең алғаш түрен салған ақын – Мәшһүр – Жүсіп Көпеев.
Мәшһүр – Жүсіп «Тырна мен қасқыр»; А.Байтұрсынов «Қасқыр мен тырна», С. Көбеев «Қасқыр менен тырна» мысалын Крыловтан еркін аудармамен аударған. С. Көбеев «өлімтік», А.Байтұрсынов «жемтік» деп алған. Көбеевтің мысалы еркін аударғанымен жақсы, мәніне келтіріп аударғанын айтуға болады. Ұйқасын да, буын санын да сақтауға тырысқан. Араб – парсы сөздерін: лауахазда* - жаратылысында, тегінде деген мағына береді деген, һәман, зайығ, әм (һәмма) шылауының қысқарған түрі (Абайда ұшырасады), ғибрат, хатта, михнат, хақ т.б. Ауыз әдебиетінің ықпалы: құдыретте (құдіретте), болад (ы), ара – кідік кездесетін лексика: мойнсұнып, қауып – қауып, тамақсау, екі синоним сөздің (әрең зорға) қатар келіп қайталануы ақынның әлсіздігін көрсетеді.
Енді А.Байтұрсыновтың және Мәшһүр – Жүсіптің «Тырна қасқыр» мысалын алайық. Мәшһүр – Жүсіптің кейінгі жинағына бұл мысал кірген жоқ. Бірақ, С.Дәуітов алғы сөзін жазып жариялаған 1990 жылғы ақынның – таңдамалы шығармасында 194 – 195 беттен ұшыратамыз. Мәшһүр – Жүсіп бұл – мысалды А.Байтұрсынов аударғанын білмеді, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинағанда қолжазбаларынан табылды. Ол уақытта А.Байтұрсынов шығармалары түгіл өзінің атын атауға тыиым салынған болатын. А.Байтұрсынов нұсқасында - 19 шумақ. Мәшһүр – Жүсіп нұсқасында - 11. Мәшһүр – Жүсіп нұсқасында, А.Байтұрсынов нұсқасында бұдан былай қысқартылған шартты атаумен М-Ж. Н; А-Б. Н. – деп алатын боламыз.
А-Б.Н: жарап: (қос нүкте), Көңілден және көріп (үтір), ауызға, Шетінде бөлегірек, кемірмей сол қалпынша, тамақта жүрмей, қақалды сүйек жүрмей, түспесін бе, Бұл шумақта өзгеріс бар: Мәнісін баяндауға жайы кеткен, Ойлайды: бұ тұрғанда тіл алмас деп, Көңілін жұмсартпасам алдап еппен. Тырнаға сөз сөйлейді кішілікпен. Жүруші ем кез келгей деп, тілеп көптен, Дүниеде кім бар еді онан өткен?
М-Ж.Н: жарап. (нүкте), аузына, Шеткері жырағырақ, кемірді қалыбынша, тамаққа бармай, қадалды жүрмей сүйек, көрініпті, Бұл шумақта өзгеріс бар: Мен сені жүруші едім тілеп көптен, ал А-Б.Н – ғы соңғы үш жол М-Ж.Н жоқ. М-Ж. Н. Бұрынғы мықтылықпен былай қойып, Жалынып сөз сөйлейді кішілікпен алдыңғы жолдың соңғы екі тармағын құрайды. Ортада тағы да 4 жол қалып қалған. Дүниеде сенен артық досым болмас, Құтқарсаң мені қазір осы дерттен. М-Ж.Н. екі шумақ жоқ, оның үстіне тармақтардың орны ауысқан. Ортада тағы бір шумақ жоқ. Тыныс белгілерінде көптеген өзгешеліктер бар. Соңғы төрт шумағы жоқ. Әрине, біз толық текстологиялық жұмыс жасауға мақсат қоймадық. Оқырманның көңілін аудару ғана. Болашақта, кандидаттық диссертация жазғанда бұл – тақырыпты біраз кеңейтіп: Крылов, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, Мәшһүр – Жүсіп, С. Көбеев, М.Қалтаев, Б.Өтетілеуов мысалдарының сюжет ұқсастықтарына, ондағы өзгерістерге, текстологияға кеңінен зерттеу жұмысын жасайтын боламыз. Осы бір ғана мысал Мәшһүр – Жүсіпті орыс (еуропа) мысалдары да бей – жай қалтырмағанын аңғартады.
Мәшһүр – Жүсіптің басқа да мысалдары орыс (еуропа) мысалдарымен үндеседі. Әсіресе, шығыс мысалдарына да қатты ден қойғаны байқалады. Мәшһүр – Жүсіп аттарын өзгертіп, қазақ ұғымына лайықтап жазған мысалдары да бар. Бұл - өз алдына бір әңгіме.



Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет