Психологиялық бағыт – тіл білімінде тілді айтылу жағынан игерілген дыбыстар арқылы психикалық және рухани қалыптардың саналы түрде білдірілуі ретінде түсіндіру. Негізін салушы – Х.Штейнталь (1955 ж.). Өкілдері – М.Лацарус, В.вундт, А.А.Потебня. Тірегі – Гумбольдт тұжырымдамасы. Мұнда психологиялық факторға басым мән беріледі де, лингвистикалық фактор тасада қалады. Грамматикалық санаттарды психологиялық санттармен бірдей деп қарау қалыптасқан.
Сөйлеудің туындауы - психолингвистикада интенциядан мәтінге (дыбысталатын немесе жазбаша) көшу үдерістерінің жиынтығы. Сөйлеудің туындауы айтылыстың мазмұнын бағдарлаудан бастап, оны тілдік пішімдеуге дейінгі амалдарды қамтитын фазалық құрылымы бар.
Сөйлеу – дыбыстау арқылы (іштей сөйлеуді қоса алғанда) немесе жазбаша түрде бір ойды нақты айту. Сөйлеу дегенде сөйлеу үдерісі, сондай-ақ оның нәтижесі түсініледі, яғни Сөйлеу қарекеті айтылған сөздің есте қалуы немесе жазылуы осы құбылыстың қорытындысы ретінде танылады. Сөйлеу ұжымдық ортада қызмет атқарады және ондағы дәстүрге бейімделеді. Ол екі жақты және адамның қоғамдағы белсенділігінің бір түрі болып табылады. Әдетте, сөйлеудің жалпы сипаттамасы оны тілмен шендестіру арқылы түсіндіріледі. Филологияда сөйлеуді өзара байланысты екі сала зерттейді: Сөйлеу қарекеті теориясы немесе сөйлеу актілері теориясы, мәтін тілтануы.
Сөйлеу актісі – сөйлеу қарым-қатынасының бірлігі, адамның тіл құралдарын пайдаланып белгілі мақсатқа жету тәсілі. Сөйлеу актісі қоғамдағы әлеуметтік-сөйлеу мәнерінің ережелеріне сәйкес жүзеге асады. Тыңдаушымен тікелей қарым-қатынас жасаған жағдайда сөйлеуші айтқан бірқатар айтылыстар сөйлеу актісін түзеді және нақты нәтижені көздейді.
Сөйлеу мүшелері – дыбыстау мүшелерімен, артикуляциялық аппаратпен барабар.
Сөйлеу ағыны – мағынасы жағынан байланысты синтаксистік элементтерден құралған, айтылыс интонациясына байланысты бөлінбейтін бірліктерге (синтагмаға) мүшеленетін, сөйлеудегі дыбыстар тізбегінің бірізділігі.
Сөйлеу қарекеті – тіл арқылы жүзеге асатын коммуникативтік әрекет. Ұғымы А.Байтұрсынұлы, С.Л.Рубинштейн, Л.С.Выготский, Ф. де Соссюр, Л.В.Щерба, А.Н.Леонтьев еңбектерінен бастау алады. Адам санасы мен ағзасында болатын психикалық үдерістермен тығыз байланысты. Сөйлеу қарекеті вербалды ойлау, тіл және сөйлеу арқылы біртұтас үдеріске түседі. Сөйлеу қарекеті ойдың тіл көмегімен мүшеленуі, ішкі сөйлеу арқылы ойды сыртқы сөйлеуге аудару үдерісін, керісінше, сөз қабылдау үдерістері оны талдауды, түсінуді, игеруді қамтиды. Сөйлеу қарекеті қарекет теориясының бір түрі ретінде қарастырылады. Сөйлеу қарекетінен тіл мен сөйлеу арасындағы күрделі қарым-қатынас көрінеді. Сөйлеу тіл негізіндегі қабілеттілік арқылы ғана емес, сондай-ақ тілдік нормаларды бұзатын сөйлеушілердің жеке ерекшеліктеріне де байланысты жасалады.