ТАРИХИ ШЫҒАРМА ЖӘНЕ ОНЫҢ ТІЛ-СТИЛІ
Зайкенова Р-ф.ғ.к., доцент (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Кез-келген көркем шығарманың жанрлық сипатын айқындау әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Жанр туралы пікір әртүрлі, оны түйіндесек, мынадай болып шығады. Бірінші, жанр (французша jenre – тек,түр) әдебиеттің тегі, ол эпос, лирика, драма деген топтарға бөлінеді, ал оның эпос түріне роман, эпопея, повесть, поэма, толғау, жыр, әңгіме, очерк, новелла, сюжетті қысқа өлеңдер жатса, лириканың түрлеріне өлең, ода, идиллия, иадригал, элегия, романс, эклога, сонет, эпиталама, ал драманың түрлеріне трагедия, драма, комедия т.б. енеді. Бұл топтағы ғалымдар Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Г.Поспелов, Л.Тимофеевтер көркем шығарма атауларын жеке дербес жанр деп қарамай, жанрдың түрлері деген тұжырымға тоқтайды. Мұнда әдебиет тегі (литературные роды) мен әдебиет жанры деген терминдер бір ұғымда қолданылады. Ал Г.Абрамович, Л.Шепилова, Е.Ысмайылов сияқты ғалымдар көркем шығарма атауларын (эпопея, роман, повесть, поэма, өлең, ода т.б.) жанр деп таниды.
Қазіргі әдебиеттану ғылымында көркем шығарманың жоғарыда аталған түрлерін де, тіпті жалпы көркем шығармалардың барлығын да бір сөзбен жанр деп қарайды, айталық сонет жанры, толғау жанры, айтыс жанры т.б. деп кете береді. Бұлай атау әбден қалыптасып кеткені соншалық, солай болуға тиіс сияқты болып көрінеді. Ал ғылыми тұрғыдан келгенде, бірінші топтағы ғалымдардың жүйелеуі қисынды болғанымен, өмірге кірікпейтін, қолдануға, көнбейтін осындай да жайлар болады екен. Әдебиет қарыштап дамыған сайын оның түрлерінің де кеңеюі заңды құбылыс әрі ғылыми жетістік болуға керек.
Қарымды қаламгері бар елде ірі тарихи оқиғалар қалтарыста қалмақ емес. Ерте ме, кеш пе, ол жалғанның жарығына шығып, жалпақ жұртқа жариялануға тиіс. Өйткені әлем мойындаған бір шындық – уақыттың ашпайтын құпиясы жоқ. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» (әлденеше кітап) арқылы бұрын қазақ әдебиетінде қозғалмаған халқымыздың үш жүз жылдық тарихына түрен түсірді. Жалғыз Ілияс Есенберлин ғана емес, сол тұста Әнуар Әлімжанов, Сопы Сыматаев, Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев қатарлы бірталай жазушының тарихи тақырыпқа ойысқаны бар. Қазақстан жеріндегі қаламгерлерден басқа біздің шеттегі қандас қаламдастарымыз да көп алаңдады. Тамаша жазушы Шәміс Құмардың бір өзі тарихи тақырыпқа едел-жедел үш роман (Бөке батыр, Көз жасы құрғамайды, Ер Жәнібек) жариялатты. Жанат Ахмадидің «Дүрбелең», «Шырғалаң» дилогиясы, Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тау тағысы» романы Шыңжаң тарихынан сыр шертеді. Бір тақырыпты екі автордың жарыса жазатыны тағы бар. Мысалы, Батырхан Құсбегиннің «Зуха батыр» романынан кейін дәл осы тақырыпқа Қажығұмар Шабданұлы «Пана» деген роман жариялатты. Ал Сейітқан Әбілқасымовтың «Оспан батыр» романынан кейін, осы тақырыпқа Жақсылық Сәмитұлы жариялатқан «Сергелдең»(төрт кітап) оқырман қолына тиді. Ондай дүниелер тәжірибеде бар. Айталық, бір Шыңғыс хан жөнінде қаншама кітап жазылды?
Шыңғыс хан демекші, солардың ішінде тәуелсіздігіміздің он жылдығына орай өткізілген әдеби конкурста бас бәйгені жеңіп алған Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» атты романы - бір төбе.
Айта кететін бір жай – жариялануы кештеу демесеңіз, С.Сматаевтың «Елім-айы» мен Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көші» әріректе жазылған шығармалар. Мысалы, «Соңғы көштің» нүктесі 1971 жылы қойылып, сол жылы күзде «Лениншіл жас» газетіне көлемі әжептәуір үзінді жарияланған болатын. Ал содан дилогияның толық нұсқасы оқырман қолына тигенше арада он неше жыл өтпеді ме?! «Елім-айдың» да тағдыры соған жуық. Оның үстіне Қабдеш Жұмаділов басқа саланы қузай жүріп, тарихи тақырыпқа бес романның басын қайырып тастады. Демек, бұл екі автор да тарихи тақырыпқа қалам тартушылардың ең алғашқы легінде.
Жоғарыда аты аталған жазушылардың еңбегін таратып айту үшін көп жұмыс істеу керек. Шынын айтқанда солардың қай-қайсысы да жеке-жеке зерттеу тілейді. Өйткені, оның арқау еткен тарихи оқиғасы, ондағы әлеуметтік жағдай, қаламгердің концепсиясы мен жазу үлгісі, жасаған образдар жүйесі басқа-басқа. Бірақ бұларды бір-біріне жақындататын ортақ талап – тарихи шығарманың тіл-стилі. Мейлі кім қай заманды жазса да, шығарма сол заманның тілімен сөйлеуі шарт.
Ал шағын мақалада олардың бұл саладағы аяқ алысын салғастыру түгіл жай шолуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан мұндағы бірер жазушының шығармасында көзіміз шалған белгілерді алдыға тартсақ дейміз.
Әдебиет теориясында романның ең биік сатысын эпопея деп атайды. В.Г.Белинский «романға біздің заманның эпопеясы» деп анықтама береді. Қазақ әдебиетінің көрнекті білгір ғалымы, академик Қ.Жұмалиев: «Шын мәнінде роман – көркем сөздің ең биік шыңы. Ол дәрежеге жету үшін өмірді кеңінен қамтудың үстіне романда бірнеше сюжеттік линия, екінші сөзбен айтқанда, негізгі сюжеттік линияға қосымша сюжеттер, негізгі оқиғаға қатысушылардың іс-амалы мен образдарын толықтыра түсумен бірге қатар дамып отыруы қажет» ,– дейді. /1/. Қазақ әдебиетінде оқиғасы тұтас бір дәуірді қамтитын роман-эпопея деңгейінде талданып келген шығарма– М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, майталман қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің 2003-2005 жылдары жарық көрген 12 томдық таңдамалы шығармаларының басым көпшілігі роман десек, мұның бесеуі таза тарихи тақырыпты қозғаса, басқа романдарында қазіргі дәуір дидары, замандас бейнесі, дүниетаным иірімдері әр қырынан ашылады. Жазушының «Бір түп тораңғы» (1981), «Сәйгүліктер» (1982), «Қарауыл» (1983), «Бір қаланың тұрғындары» (1984) сияқты повесть-хикаяттары мен «Көкейкесті» (1968), «Соңғы көш» (1-кітап, 1974; 2-кітап, 1981), «Сарыжайлау» (1977), «Тағдыр» (1988), «Дарабоз» (1994,1-кітап; 1996,2-кіпап), «Таңғажайып дүние» (1999) «Прометей алауы» (2001), «Қылкөпір» (2002), «Атамекен» (2003) атты романдары қалың жұртшылыққа кеңінен танымал. Бертінде жазған («Жұлдыз» журналы. 2008, №4) «Найман-Ана ескерткіші» атты хикаят та тарихи тақырыпқа негілделген. Оның қаламынан туған шығармалар тақырыбының ауқымдылығы, көтерген мәселесінің сонылығы, идеясының терең шыншылдығы және тіл-стилінің ерекшелігі, көркемдігі туралы баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Айталық, Т.Әлімқұловтың «М.Горкий айтқандай, әдебиеттің бірінші шарты – тіл. «Соңғы көште» осы тілдің байлығы бар. Автор сан қуу үшін сөз термейді, терген сөзді шығармасына зорлап телімейді. Сондықтан да әр сөзі қалауын тапқан қардай жарасып тұрады» – деп көрсеткеніндей, жазушы шығармаларының тақырыптық, идеялық, көркемдік үндестігі біртұтас. /2/
Әдебиеттің «тілі» деген сөз қазір термин ретінде қалыптасып қалды. Біреуді біреу «тілі жақсы» деп мақтап, «тілі жаман» деп даттап жатады. Меніңше, осының өзі жетпей айтылған сыңаржақ пікір сияқты көрінеді де тұрады. Өйткені, тіл дегеніміз өзі ең алдымен ойдың қағазға түскен сәулесі емес пе?! Түрлендіріп айтсақ, ой қозғалысынан туған мәуе ғой. Жүйелі ойлай алатын ойы жақсы адамның ғана тілі жақсы болады. Бұл– бір.
Екіншіден, мейлі мықты, мейлі осал болсын сол тілдің арғы бетінде қаламгердің өзі тұрады. Олай болса, оның тілінен дүниетанымы, тілдік қоры, этнографиялық тіпті фольклорлық түсінік деңгейі, сүйек сіңді не жүре бітті білім-білігі білініп тұрады. Осыншама көлемді саланы қамтитын көпір іспетті дүниені тілі деп дараласақ, оның соңы манағы біз айтқан тұйыққа тіреледі. Сондықтан бұл мәселені әлі де ойластыру қажет сияқты.
Қ.Жұмаділов романдарының жалпы жүйесіне шолу жасағанда, алдымен оның тақырып таңдаудағы үлкен ізденісі, өзіндік көзқарасы, таным-түсінігі бірден байқалады. Себебі жазушы шығармаға өзек болатын оқиғаны әбден зерделеп, өз көкірегінде пісіріп, жетілдірмейінше қолына қалам алуды ар санайтын сыңайлы. Екінщі жазушы романдарына тән сипат сюжеттік-композициялық компоненттердің үйлесімділігі деуге болады. Романдардағы сюжеттік желілер әр кейіпкердің тағдырын кескіндеп, характерін ашып тұрады және де көп жағдайда оқиғаның болған орны нақтылы көрсетіледі. Образды сомдап, олардың алуан түрлі характерін айқындаудағы жазушының негізгі мұраты – дәуір шындығын екшеп көрсете білу. Оның қай шығармасын оқысаңыз да өз қолтаңбасына тән сыр-сипат өзгеше. Ондағы Қ.Жұмаділовке ғана тән суреткерлік қуат, терең психологизм, стильдік-тілдік даралық, ұлттық нақыш әдебиетіміздің эстетикалық-көркемдік деңгейін биік белеске көтерді.
Белгілі ғалым Т.Сыдықов «Дарабоз» дилогиясы туралы: «Біріншіден, бұл роман ойрат-қазақ жұртының арасындағы жан алып, жан беріскен қанды жорықтарды арқау еткенімен, бұрынырақ жазылған М.Мағауин, Ә.Әлімжанов, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаевтар қаламы тиген тұсқа беттемейді, тыңға түрен салған. Ашып айтқанда, қазақ-қалмақ тарихын бейнелейтін романдар Жоңғар қалмақтарының қазақ даласын қанға бөктіріп, жаулап алуын, көкірегі кекке, көңілі мұңға толы елдің арқасы қозып, ес жиып, қол бастап ата жауын алғашқы соққыға жығатын сәтті соғыс операцияларын қамтып, азуын білеп, аузынан от шашқан құдіретті көршілерінен қорынып, бас сауғалаған есекдәме күйкі күйіне тартып, күңірене келіп тоқтайтын... Демек, қалмақтар қазақтардың басы біріксе қолы қатты, екпіні жауды теңселтер жойқындығын мойындағанымен, жерінен кетуді мойындай қоймаған-ды. Бұғалық алынбай, құлдық сезімі жүрегінен сылынбай, байталын жауға қалдырып, басын қайғыға алдырып, мең-зең күй кешкен халық енді не істемек?.. Сол «Не істемек» Қабдеш Жұмаділовтің дилогиясына бес батпан жүк артқан»– деп, тақырып сонылығын дәл тауып көрсеткен /3/. Жоғарыдағы 18-ғасыр оқиғасын арқау ететін романдарда дәуір тартысының көркемдік шемімі – Ресей империясының қарамағына өтуімен тиянақталатын. Қ.Жұмаділовтің романында негізгі оқиға қазақтың қалмаққа қарсы соғысы болғанымен, ешкімнің тісі бата қоймаған 1751 жылдан кейінгі тарихи оқиғалар алынады. Мұнда Қазақстанның оңтүстік бөлігінде болған жойқын ұрыстар, Қарақалпақ жері мен Түркістан, Ташкент, Созақ қалаларын, Сыр бойын жау қолынан азат ету сияқты бұрын жыр-аңыздарда ғана ұшырасатын деректерді тірілтіп, өз шығармасына арқау еткен. 1723 жылғы қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды» аталған жылдарда ойраттар қазақтардың бейқамдығын пайдаланып, халықты босқындыққа ұшыратса, қазақ халқының қайта оянуы, күллі саяси-әлеуметтік жағдайы 18-ғасырдың екінші жартысынан басталатынын роман басында екі-үш ай бұрын үш жүзге сауын айтылып, хан мен сұлтандардың, батыр мен билердің көктемде өтетін кезекті хан кеңесіне жиналуынан айқын байқалады. Тарихи маңызы зор бұл деректер авторлық баяндауларда бар маңызымен ашылып отырады. Автордың пайымды шолуы арқылы сол кездегі саяси ахуал көз алдыға бірден елестейді. Ф.ғ.д., профессор Б.Майтанов авторлық баяндаудың бірнеше түрін анықтаған. Әсіресе, жазушы бейнесі қаһарман бейнесімен бірлікте көрінуіне байланысты, жазушы мен кейіпкер санасының тұтастануына ұмтылу–шығарманың басты идеялық-эстетикалық принципін құрайтындығын ескерсек, жазушы дүниетанымы кең сипатқа ие. /4/
Қ.Жұмаділовтің қаламынан туған тарихи шығармалар «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние» романдарының жанрлық сипатын анықтайтын болсақ, басқы екі шығармасында 20-ғасырдың ортасына дейін тек Қытайда ғана сақталған көшпенділер тұрмысы, дәуір шындығы, қазақтардың біраз бөлігінің Қазақстанға қалай келіп қоныстанғаны туралы бір халықтың басынан өткен қоғамдық-әлеуметтік мәселелер нақтылы деректер бойынша сөз болса, ал «Дарабоз» романында 18-ғасырда орын алған тарихи оқиғалардың көрінісі бар болмысымен ашылады.Аталған шығармалар дәуір шындығын ашып қана қоймайды, әдебиетімізге өзіндік ой, көзқарас алып келген тың туындылар ретінде қосылды және солай танылды.
«Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясы көтерген тақырыбы, суреттеген уақыты мен дәуірі, оқиғаларды суреттеу масштабы, бейнелерді сомдау ерекшелігі бұның эпопея екендігін көрсетіп берді. Эпопея үздік шығармаға берілетін атақ, тәж емес, деп зерттеушілер атап өткеніндей, бұл жанрлық сипатты «Дарабоздың» құнын арттыру мақсатында қолданып отырғамыз жоқ. Керісінше, шығарма табиғатын дұрыс түсініп, шығарма көтерген идеялық мазмұнның толық ашылуын мақсат етіп отырғандықтан осындай қорытындыға келдік»,–дейді ф.ғ.к. Д.Болатханұлы. Сондай-ақ жас ғалым Қ.Жұмаділов романдарының негізгі тақырыбы тарихтың ең бір күрделі кезеңдері тудырған заман тартысы, тумыс-тіршілігі, тұрмыс салты болғандықтан, оның басқа да романдарының көтерген мәселесі эпопея жүгін арқалап тұрғандығын аңғартады /5/.
Орыс әдебиетінде Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романдары классикалық роман-эпопея деп танылса, бұлардың қатарына М.Горкийдің «Клим Самгиннің өмірі», А.Фадеевтің «Ту ұстаушылары», А.Толстойдың «Азап жолы», И.Эренбургтің «Жас гвардиясы» т.б. осы сияқты революция тақырыбына жазылған жазылған романдарды да жатқызған-ды. Алайда, бұл туралы әртүрлі кереғар пікірлер кездескенімен, орыс әдебиетінде кең көлемде жазылған шығармаларды эпопея деп атауға ұмтылу басым /6/ .
«Соңғы көш» дилогиясында да, «Тағдыр» романында да сөз болған замана келбеті Қ.Жұмаділовке дейін түрен түсірілмеген тың тақырып болатын. Роман-эпопеяға тән сипат оның қаһармандары тарихта болған және жеке өмірі тарихтың дамумен тікелей байланысты тұлғалар болуы керек.Оның сыртында қаһарманның бүкіл іс-әрекеті, күнделікті өмірі, күрес жолы, отбасылық проблемасы, оның шешілуі тарихтың дамуымен сабақтасып, шындыққа сай келуі қажет. Бұл тұрғыдан алғанда жазушы романдарының салмағы ауырлап, «Дарабоз» ғана емес, «Соңғы көш» дилогиясы да эпопеяның жүгін арқалап тұрғандығын ашық айтудың қисыны келіп тұрғандай. Ал «Таңғажайып дүние» мемуарлық шығарма болғандықтан, мұнда жазушының басынан өткізген ұланғайыр оқиғасы мен жүріп өткен өмір жолы айнақатесіз алынып, бір көркем шығармаға сарқылмас азық болатындай мол материал жинақталған.
Жазушының «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» романдарындағы бір ерекшелік– тарихи дерек көздерінің дәлдігі мен оқиға орнының нақтылығы болса, екіншісі– көшпелі ұлт руханиятының тұрмыстық этнографиялық мәдениеті дәстүрлі сипатымен, қанық та айқын ұлттық бояуымен көрініс табуында. Осыған орай әр ұлттық кейіпкердің болмыс-бітімі, мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, наным-сенімі, парасат пайымы көшпелі тұрмыс мәдениетінің даналығына сай көркемдік айналымға түскен. Мысалы, аталмыш үш шығармадағы Қабанбай батыр, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Ысмайыл, Күдері, Қанағат би, Қайынбай, Жағфар, Естай, Керімбай, Нұрбек, Демежан, Ши-амбы, Балкашин (орыс консулы), Жасыбай (Башпай), Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов т.б. сияқты кейіпкерлер тарихта нақты болған адамдар. Образдар жүйесі – авторлық идеяның көркемдік көрінісі дейтін болсақ, ал оның шығармаларындағы тұтас бір кезеңнің тарихи шындығы осы адамдар айналасына жинақталып берілген. Қ.Жұмаділовтің қай романын алсаңыз да ондағы негізгі қаһармандар нақтылы тарихи жағдайлар мен шынайы оқиғалар аясында алынып, дәуір сипаты бар болмысымен көрінеді. Айталық, «Тағдыр» романындағы Демежанды 13 жасынан өз қолында ұстап, тәрбиелеп, ханзуша оқытып, қайраткерлік дәрежеге дейін көтерілуіне үлкен септігін тигізетін, мемлекеттің жоғары дәрежелі өкілі, Тарбағатай аймағының 30 жылға жуық әміршісі болған Ши-амбының іскер басшы ретіндегі кесек бейнесі барлық қырынан алынып, жан-жақты ашылады. Егер Ши-амбының тәрбиесінде болмаса, Демежанның аға сұлтандық дәрежеге дейін көтерілу де неғайбыл еді. Ши-амбы кетісімен, Демежанның да ғұмыры ұзаққа бармайды. Сондай-ақ уақыт сынына төтеп бере алмаған Ысқақ, Байсерке т.б. сияқты кейіпкерлердің халдайлармен бірлескен зұлымдық іс-әрекеттері уақыттық дүние екендігі, түбі жақсылықтың жеңбей қоймайтындығы романда нанымды суреттеледі. Сондықтан да образ сомдаудағы жазушы шеберлігі оның өмір шындығына терең бойлай алуына байланысты. Сонымен бірге көркем әдебиетте образдың тұлғалануы шығарманың жанрлық сипатына, әр қаламгердің қабілет-қарымы мен түсінік-түйсігіне де байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер характерін үйлестірудегі композициялық тұтастық – жазушы шеберлігінің жарқын көрінісі.
Сондай-ақ тарихи тұлғаларды сомдауда автор ерекшелігінің бірі - ол адам мінезін контрасты суреттеу арқылы өткені мен бүгінгісін көз алдыға алып келеді. Әсіресе бұл әдіс жағымсыз образды сомдауда айқын көрінеді. Мысалы, «Соңғы көш» романындағы Шөншіктің «бұрынғы» және «бүгінгі» бейнелерінің арасындағы қарама-қайшылықты суреттегенде адам мінезінің сан қилы қалтарысының куәсі боласыз. Кейіпкер өмірі мен мінезіндегі өзгерістерді суреттеу арқылы сол уақыттағы заман тынысы көз алдыңызда келеді. Ғалым Б.Майтановтың «Психологизмнің негізгі қызметі – өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау» /7/ деген тұжырымына сүйенсек, Қ.Жұмаділовтің сомдаған бейнелерінің жақсы, жаманын ажыратуда бұл тәсіл қапысыз қызмет атқарған. Мысалы, «Тағдыр» романындағы екі-үш бетте ғана айтылатын Бойқа деген қалмақ кемпірінің басынан өткен тағдыры, адами мінез-құлқы арқылы жалпы адамзатқа тән үлкен қасиеттің куәсі боласыз. Ертеректе қалмақтан олжаға түсіп, қазақтың бір жігітіне тиген қалмақ қызы күйеуі өлген соң егде тартқан шағында Сымайыл зәңгіні паналап, балаларының күтушісі болып жүретін. 1864 жылғы қалмақтарға қарсы дүнген-қазақ жаугершілігі кезінде Сымайыл зәңгінің екі баласы атқа мініп, қашқан кезде ағасының артынан сыпырылып түсіп қалған алты жастағы Қайыңбайды бір шерік найзаға шанышқалы жатқанда, осы Бойқа кемпір баланы танып, қолма-қол ара түсіп, «менің немерем» деп құтқарып қалады. Содан өзінің туыстарын іздеп, қалмақтармен ілесіп кетеді. Қайыңбай он екі жасқа келгенде, өз қаны емес түбі шикі екенін байқап қалған қалмақтардың баланы тірі қоймасын сезіп, баланы сенімді бір қолға тапсырайын деген ниетпен көтеріліс басылған соң, Дөрбілжін қаласындағы аймақ әміршісі Ши-амбыға бар шындықты айтып, табыстап кетеді. Арада тағы үш-төрт жыл өтеді. Баяғы босып кеткен қазақтар өз орнына қайта келіпті деген хабарды естіп жүрген Бойқа кемпірге тағы да баланың тағдыры тыныш ұйықтатпайды. Оның сыртында Сымайыл мен оның бәйбішесі Айтолқыннан көрген небір жақсы істері есіне түсіп, түн ұйқысы төрт бөлінеді. Әбден мазасы кеткен Бойқа кемпір зауал шағында жолға шығады. Алдымен баланың амандығын біліп алып, сосын Сымайыл зәңгіге келіп, сүйінші сұрайды. Ши-амбының қолында аманатта жүріп, қытай мектебінде оқитын қытайша мен қалмақшаға судай екі бетінен қан тамған, өңді жігіт ата-анасына Бойқа кемпірдің арқасында осылайша қосылады. Адам психологиясына тән ой мен сезімнің үнсіз шайқасуы барынша шынайы, әсерлі бейнеленген. Жалғыз Бойқа кемпір емес, жалпы жазушы кейіпкерлері тарихта нақты болған оқиғалармен байланысты ашылып, романның сюжеттік-композициялық желісімен динамикалық байланыста дамып отырады. Мұнда идея, тақырып, образдар жүйесі іштей тұтасып жатады. Тарихи романға тән басты сипат – кейіпкерлер мінезіндегі негізгі басым тұстарын ғана алу. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың барлығын романға тоғыта беру немесе жалаң суреттеулер мен авторлық баяндаулармен толтыру шарт емес. Тарихи романның жанрлық сипаты суреттеулер мен авторлық баяндаудан ғана тұрмайды, мұнда нақтылы тарихи оқиға жанданып, көркем шындыққа айналуы керек. Осы арқылы тарихи тұлғалардың көркем бейнесі жасалады. Суреткер шеберлігінің өзі өмір шындығын көркем бейнелей алуында.
Қ.Жұмаділов өз романдарында портрет жасаудың айшықты үлгісін көрсетеді. Ол кейіпкердің сырт бейнесін ғана суреттеп қоймай, ішкі әлеміне араласады. Сондай-ақ пейзаждық суреттеулер яғни психологиялық, лирикалық, символикалық, объективтік-заттық түрлерінің қай-қайсысы да шынайылығымен ерекшеленеді. Лирикалық пейзаж адамның көңіл-күйімен тікілей байланысты болса, символикалық пейзажда ауыспалы, астарлы образбен кейіпкердің дүниетаным иірімдері баяндалады, ал объективті-заттық пейзаж фон ретінде қолданылған. Адам характерін даралауда, оның ішкі әлеміне үңілуде, психикасына барлау жасауда жазушының портреттік, пейзаждық детальдарды пайдалануы үлгі етуге тұрарлық.
Шығарма шырайын кіргізетін көркемдік құралдардың бірі – монолог пен диалог десек, Қ.Жұмаділов романдарында ішкі монолог, монолог-толғаныс, монолог-диалог немесе керісінше, диалог-монолог үлгілерінің көркемдік ролін ерекше атауға болады. Көркемдік компоненттердің кейде дара тұруы, кейде екеуінің тұтасып кетуі жиі ұшырасады. Бұл арқылы кейіпкер мінезін танытуда психологиялық талдаудың небір үлгілерін табуға болады.
Образ жасауда жиі кездесетін суретті сөздің бірі – детальдің жазушы шығармаларындағы орны ерекше. Әсіресе, жазушы портреттік, пейзаждық суреттеулерде детальді өте шебер қолдана білген. Мысалы, адамның ішкі жан дүниесі мен беттің мимикасын ашып беруде көз, құлақ, мең т.б. қимыл-қозғалысқа түсуі шебер қиюласып отырады. Басқа да толып жатқан қазақтың тұрмыс салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, наным-сеніміне байланысты мәселелерде детальдің қызметі мүлде өсіп, характерологиялық сипат алған. Көшпелі елдің әлеуметтік өміріне ғана тиесілі детальдар бар көркемдік қалып- қасиетімен ашылып, сипатталған.
Қабдеш Жұмаділов романдарында халықтық мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, тұрақты сөз тіркестерін өз орнына қолданғанда, сөзіңіз тіріліп, ажарланып, отырады, оның үстіне қазіргі қолдануда жоқ халықтың жадында ғана сақталып, қалтарыста қалған қанатты сөздердің небір ғажайып түрлері табылады. Естен шығып кеткен кейбір фразологизмдер мен афоризмдердің, мақалдар мен мәтелдердің поэтикалық-эстетикалық сипат алуы – мәдени мұрамызды ғибраттық-нақылдық тұрғыдан сөз жоқ жаңалайды, жаңғыртады.
Әрбір жеке қаламгердің интелектісінің көрінісі оның қаламынан туған шығармаларынан пайымдалатынын ескерсек, характер, идея, композиция біртұтастығынан және де бүкіл көркемдік компоненттердің шебер қиюласуының арқасында Қабдеш Жұмаділов шығармаларындағы пішін мен мазмұн бірлігі үйлесімді әрі тұтас қарағанда хас шебердің қолынан шыққан асыл бұйымдай мінсіз екендігін көреміз. Оның шығармаларындағы әрбір қаһарман тарих тағдырымен тамырлас. Сондықтан да Қ.Жұмаділовтің негізгі тенденциясы қазақ халқының адамзат тарихынан алатын орнын айқындау. Десе де, тарихи роман көркем туынды болғандықтан, жазушы алдында тарихи шындықты көркем бейне арқылы жеткізу межесі тұрады. Шығармадағы характерлер келбеті арқылы суреттеліп отырған дәуірдің тыныс-тіршілігі, қым-қиғаш құбылысы ашылады. Бұл тұрғыдан алғанда, Қ.Жұмаділов – өзінің жазушылық интелектісіне қылау түсірмей, қазақ прозасын тақырыптық және жанрлық-эстетикалық тұрғыдан байытты.
ӘДЕБИЕТТЕР
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. -Алматы: Мектеп, 1969.-231-б.
Әлімқұлов Т. -Кітапта: Жұмаділов Қ. 12-томдық шығармалар жинағы. Алматы: Қазығұрт,2005. 10-том. -641-б.
3.Сыдықов Т. Өңінде тұлпар мінгендер. –Алматы: Қазығұрт, 2004.-212б.
Майтанов Б. Автор в посвествовательной системе казахского романа.Алматы: Қазақ университеті, 2003.-54б
5.Болатханұлы Д. Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясы (жанр және поэтика). Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы: Түркістан қаласы, 2007.-111б.,115б.
Соболенко В.Н. Жанр романа-эпопеи: Опыт сравнительного анализа «Войны и мира» Л.Толстого и «Тихого Дона» М.Шолохова. – Москва: Художественная литература, 1986.- 7с.
Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау.- Алматы: Санат, 1996. -4б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қ.Жұмаділовтің тарихи шығармаларының поэтикалық, стильдік қырлары талданады. Жазушының қаламынан туған көркем дүниелер қазақ прозасын тақырыптың, жанрлық-эстетикалық жағынан байытқандығын автор ұтымды дәйектемелер негізінде айқындап шыққан.
РЕЗЮМЕ
Статья посвящена рассмотрению поэтических и стилевых особенностей исторических произведений К.Жумадилова. На примере текстов автор доказывает, что писатель существенно обогатил казахскую прозу в тематическом, жанрово-эстетическом плане.
ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТІҢ «СОҢҒЫ КӨШ» ДИЛОГИЯСЫНЫҢ
ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ
Зайкенова Р.-ф.ғ.к., доцент (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
«Соңғы көш» романы – әлі күнге дейін оқылымнан түспей, халықтың ыстық ілтипатына бөленіп келе жатқан шығарма. Себебі 1980 жылдарға дейін Қытайдағы қандастарымыздың тағдыр тауқыметінен бұл ел мүлде хабарсыз еді. Міне, дәл осы кезде Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» (1974) роман-дилогиясының 1-кітабы жарқ ете түскенде, сусап отырған ел 40 мың дана болып шыққан бұл кітапты айналасы бір айдың ішінде пышақ үстінен талап әкетті. Неге десеңіз, кеңестік диктатураның қылышынан қан тамып, дәурені жүріп тұрған кезінде, екі ірі империяға да қатысты мәселелерді кеңінен толғауы шекараның арғы беті мен бергі бетіндегі тағдырлас ағайындарға, сонымен бірге жалпы елім, жерім деп тебіренетін қазақтарға қатты әсер еткені сөзсіз. Ұлтын жан-тәнімен сүйген, өз ұлтына адал берілген адам ғана халық басынан өткен ащы шындықты қорықпай жаза алады. Жазушыны пәле-жаладан құтқарған негізгі гәп–тарихи шежірелерді және де Ресей мен Қытайдың өткен-кеткен тарихын ғылыми тұрғыдан жақсы білуі және соны романдарында еш боямаламай, шынайы қалпында алуы. Этнографияға, салт-дәстүрге, тұрмысқа қатысты сүйек сіңді қасиеттердің бәрі де жазушыға көшпенділердің күнделікті күнелту дағдысынан жұғып отырған. «Осы ғасырдың жуан ортасына дейін қазақтың көшпелі өмірі сақталып келген сонау Шығыс Түркістан жерінде туып өстім. Цивилизациядан шалғай жатқан елдің тұрлаусыз тағдыры, құландай үріккен көшпелі халықтың шекараларды көктей өтіп, әрі-бері жөңкілуі, ұлттық езгі мен отаршылдық саясаттың небір түрі, қуғын-сүргін, атыс-шабыс, түрме, ашаршылық, ақыры қорлыққа шыдамаған момын халықтың тоз-тоз болып босқындыққа ұшырауы – бәрі-бәрі бастан кешкен, дәмін татқан жайларымыз... «Соңғы көшке», міне, осы оқиғалар арқау болды»,– деген пікірі - жазушының жан шындығы /1/. Демек, көрген-білгені жағынан Қ.Жұмаділов кешегі алашордашылармен де, М.Әуезовтермен де, бүгінгі Д.Исабеков, О.Бөкеев, Ә.Тарази, Т.Әбдіковтермен де қаралас.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, майталман қаламгер Қ.Жұмаділовті өз тұрғыластарынан даралайтын ерекшелік – біріншіден, оның оң-солын танып, білгенше, қаймағы бұзылмаған қазақтың қалың ортасында қалыптасуы, екіншіден, қызыл империяның тұсында «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген идеяны негізге алмай, жанын шүперекке түйіп, ешкім бармаған тың тақырыпқа баруы. Ең ғажабы көзбен көріп, қолымен ұстаған өмірдің өзін қағазға қалыбын құратпай түсіруі.
Қытай отаршыларының сан алуан зобалаңын бастарынан өткере жүріп, онымен күресе жүріп, халықтық рухани құндылықтарды, ұлттық болмысты сақтап қалған қандастарымыздың тарихи тағдыры туралы Қазақстандықтар тұңғыш рет Қ.Жұмаділовтің 1963 жылы жазылған «Қаздар қайтып барады» әңгімесі және «Соңғы көш» (1974), «Тағдыр» (1988) романдары арқылы танып білді. Бұл романдар жанрлық сипаты жағынан тарихи көркем туындылар болғанымен, алғашқы романда 20-ғасырдың ортасына дейін Қытайда ғана сақталған көшпенділер тұрмысы, олардың ұлт-азаттық жолындағы күресі, Шығыс Түркістан мемлекетінің күйреуі, сол өлкеде Қызыл империяның орнау кезеңі (1950-1960), ұрпақ қамын ойлаған қандастарымыздың бір бөлегінің ата жұртқа қалай келіп қоныстанғаны туралы сөз болса, екіншісінде патшалық Ресей мен көршілес Цин империясының 19-ғасырдың 80-жылдарында Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап, шекара сызығын тартқанда, осы өлкені жайлаған қазақ қонысын да қақ жарып өткендігі тарихи деректер негізінде сипатталады. «Соңғы көш» пен «Тағдырдың» Қазақстандықтарға ғана емес, Шынжаңдағы қазақ жазушыларына тигізген әсері айтарлықтай. Себебі 1950-1980 жылдар аралығында Қытай қазақ әдебиетінде бірде-бір роман жарық көрмеген. Ал 1980 жылдардан қазірге дейін Қытайдағы қазақтар тарихи тақырыпта жазылған 80-ге жуық роман жариялатыпты. Бұл туралы әр түлі пікірлер қалыптасқан. Соның бірі сыншы Асан Әбеуұлы «Қытай қазақ әдебиетіндегі тарихи дәуір сипатын ашып бере алғандарын жеке бөліп алып, құр хикаят айтып, тарихи уақиғаны сілекейлеп, шала мұжып тастағандардан тазарту» қажеттігін атап көрсетеді. /2/ Ал, Қ.Жұмаділовтің «Олардың кейін шыққан кітаптарынан «Соңғы көш» әсіресе, «Тағдырдың» таңбасын айқын ажыратуға болады» деп көрсетуі тегін емес./3.548-б./ Өйткені Қ.Жұмаділовтің романдарындағы көтерілген мәселе Қазақстанда ғана емес, Қытай қазақ әдебиетінде де бұрын ешқандай түрен түспеген тың тақырып болатын.
1949 жылы қызыл армия мен қытай коммунистік партиясы елді Гоминдаң өкіметінен біржола тазартқаннан кейін 1-қазан күні Қытай Халық Республикасы құрылды. Ал осы жылдың шілде айында әдебиет пен мәдениет қызметкерлерінің бүкілқытайлық тұңғыш құрылтайы өтіп, мұндағы көтерілген мәселелер бойынша «партиялық бағыт ұстанбаған», «пролетариат табын жырламағандар» сын тезіне алына бастайды. Көшпенді өмір салтынан әлі де толық қол үзе қоймаған қазақ халқы компартияның социалистік идеяларына бар ынтасымен сенді. 1955 жылы «кері төңкерісшілдерді аластау» қозғалысы кезінде пролетариат диктатурасы өзінің ең өткір қаруын қалам ұстаған жұртқа бағыттады. Біразын жазалап, алдын қырып-жойып жібергендіктен, аузын баға қойған елдің 1956 жылы 2-мамыр күнгі ҚКП-ның «Барлық гүлдер шешек атсын, барша бұлбұл сайрасын» деген нұсқауы екі елі ауыздың төрт елі қақпағын жұлып алды. 1957 жылдың маусым айында ҚКП-сы «оңшылдарға қарсы күресті» бастап жібергенде, аңқау ел алданғанын бір-ақ білді. Коммунистер үшін «оңшылдарды» табудан оңай нәрсе болған жоқ. Енді олар «шешек атқанның бәрі гүл емес, сайрағанның бәрі бұлбұл емес», «гүлді арам шөптен, бұлбұлды сасық көкектен ажырата білейік. Арам шөпті тамырымен отап, қарғалардың көмейіне құм құйыңдар» деген ұран тастады да, «буржуазияша жайнаған», «батысша сайрағандардың» алдын жаппай қырып, артын ұзақ уақыт түрмеге отырғызды, Тарымға жер аударылып, еңбекпен түзетілді. Қытай қазақ әдебиетінің таланты ақын-жазушылары түгелге жуық «оңшыл» болып шыға келді, өйткені олар «компартияның сара жолын жырламады, таптық қайшылықты өз шығармаларында ашып көрсетпеді», сондықтан да әдебиетті «улы шөптерден» тазарту үшін «улы» кітаптар өртелді, әдеби газет-журналдар жабылды. Сөйтіп 1949 жылдан басталған «тазарту» жұмысы 1966 жылы Қытай компартияның күн көсемі Мао-Зыдуңнің «мәдениет төңкерісіне» ұласты. Тек 1973 жылы Мао өлгеннен кейін соның өзінде де 1980 жылы өкімет басына Дэн-сиаупен келгеннен кейін ғана елге тыныштық орнай бастады. Бұл кісі «әдебиет-көркемөнер саясатқа тәуелді болмау керек» деген сөзді ҚКП ОК-нің жиналысында ашық айтты. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген шеңбердің аясында болса да, жоғарыдағы 80 романның бұрқ ете қалуы Қытайдағы сөз бостандығының жарқын көрінісі деуге болады.
Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің 1963 жылы жазылған «Қаздар қайтып барады» деген әнгімесі ұлт тағдыры туралы сәулелі терең ойлардың алғашқы қарлығашы іспетті. Бұл әңгімеде тебеннің көзіндей тесіктен тауды жарып, тасты бұзып ағатын шырдақ судай болашақ тасқынды туындыларда айтылатын қордалы ойдың ұшығы меңзеледі. Бұл әңгіме – ұлы даланың тереңдегі қат-қабат сырын сыртқа шығаратын қара дауылдың бет қаратпас жылдамдығымен, аса ауқымды романдар сериясының алдын-ала жеткен екпіні іспетті. Шағын әңгіменің өзінен-ақ үлкен-үлкен үш түрлі ой аңғарамыз. Біріншіден, Абылайхан заманынан кейін қазақ қоғамында пайда болған алауыздықты пайдаланып оның ұлан- ғайыр жеріне сұғын қадаған көрші империялар түрік тұқымдас тайпалар арасындағы отты көсеп, бірін-біріне айдап салғаны тарихтан мағлұм ғой. Әсіресе дала жорығына мейлінше жетілген жауынгер қазақ пен қалмақ арасындағы шайқастың өзі осындай екі жағын бір-біріне шағыстырудың нәтижесінде екі жағы да әбден әлсіремеді ме? Міне, сол тұста қалтарыста жатқан иесі жоқ ауылды талағандай, тілін, дінін, түрін білмейтін ірі империялар қазақ ұлысының ірі көлемдегі атақонысын өгіздің терісін бөлгендей екі-үшке бөле салғаны, жазушының жан жүрегінде дірілдеп тұрғандай... Осы бір үлкен түйін кейін келе жазушының өмірлік ұстанымы болғанға ұқсайды. Екіншіден, «аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегендей үстемдік еткен ұлт бағынышты ұлттың қабағына, мұрат-мүддесіне үнемі қарай бере алмайтыны да шындық. Сондықтан орысқа қараған қазақтар мен қытайға қараған қазақтардың басынан кешкен тағдыры ортақ. Өйткені ондағы көшпенділерді отырықшы елге айналдыру деген үлкен өзгерістер ілгерінді-кейінді арасы 30-40 ж. мөлшерінде жүзеге асқанымен оның сипаты тәсілі, мақсатында бәлендей айырма жоқ еді. Мысалы, Қазақстандағы кәмпеске, қуғын-сүргін т.б. ұлттық нышандарды жоюға бағытталған зобалаңды қытайдағы қазақтар да басынан кешірген болатын.
Үшіншіден, осы уақытқа дейін жаратылысқа кеңес өкіметі ілімі бойынша зорлық жасалып келді. Бір-екі қарыс балық та ішіндегі уылдырығын өзі туған түбекке әкеп төгіп өледі екен. Ат екеш ат та туған жерін сағынады. Хайуанға да тән осы инстинктің адам басында қаншалықты күшті болатынын жазушы өз шығармаларында басын ашып берді.
Ал Қ.Жұмаділов шығармалары жарық көрген тұспен салыстырсақ, тоталитарлық жүйенің диктовкасынан шығып, жалпы адамзатқа тән, ұлтқа тән қасиеттерді жазып көрсете білудің өзі автордың азаматтық ұстанымын көрсетпей ме? Мысалы, тұмардан шыққан топырақ қанша нәрсені меңзейді. Туған жерден жат өлкеге аттанарда осыдан жарты ғасыр бұрын түйіп алған бір шөкім топырақты тұмар ғып сақтаған Байтас шөп басып жермен-жексен болған ескі қыстаудың орнына қайта төккенде ғана шал мойнынан үлкен жүк түскендей сезінеді. Осы сәтте туған жер, қасиетті атамекен оның торқадай топырағы, адасқан ұл, ел шеті, екі дүние, арман, серт, аманат деген ұғымдарға жан бітеді. «...бүгін алсаң да разымын!»-деді шал тәңірге жалбарынып. Дәл осы кезде тайыншадай овчарканы алдарына салып, екі шекарашы шал жатқан жерге қарай түсіп келе жатты деп аяқталады әңгіме.
«Бұл шынын айтқанда, «Соңғы көшке» жасалған барлау болатын. «Редакторлар мен цензура бұл тақырыпқа қалай қарар екен?» деген ішкі есеп те жоқ емес...Күткенімдей-ақ әңгіменің жарық көруі едәуір қиынға түсті. Өмірі мұндай тақырыпқа шығарма басып көрмеген газеттер әртүрлі сылтау айтып, әңгімемді қайырып берді. Бұлар шекара бұзған шалдың шырғалаңын бойларына сіңіре алмай отырғанда, «Соңғы көш» сияқты тұтас елдің трагедиясын қалай баспақ? Соны ойлағанда әлден-ақ зәрең кетеді. Әйтеуір, «Жұлдыз» журналы біраз күттіріп барып, «Қайтқан қаздарды» ұшырды-ау бір күні»,– дейді./3.434-б./
«Соңғы көш» романы мен «Тағдыр» романының негізгі сорабы 1961 жылы жасалып, жоспары құрылып, негізгі кейіпкерлерге сипаттама беріліп қойылғанымен, сол кезде 25 жастағы болашақ жазушы бұларды Қытайда тұрып жаза алмайтынын жақсы сезінеді. 1956 жылы шет елге оқуға жіберу үшін Шәуешек қаласына екі орын бөлінеді.Соның бірі үздік оқушы болғандықтан, Қ.Жұмаділовке бұйырады. Сөйтіп арнайы өкімет жолдамасымен Алматыдағы қазіргі Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курсын аяқтап, 2-курсын орталай бергенде, елдегі науқанға байланысты шетелдегі студеттерді де Қытай өкіметі арнайы шақыртып алады, содан жазушы өмірі сүргінге айналады. Қ.Жұмаділов үстінен жүргізілген үш күнге созылған «күрес» жиналысында оған «бала жасынан ұлтшыл» деген айып тағылады. «Гимназияда оқып жүргенде тіл тазалығы жайында мәселе көтеріп ұлттар арасына жік салған. Қазақтың басын қосу жөнінде «Әр елдегі қазақтардың түп-тамыры бірге. Сондықтан Шыңжаң қазақтары Қазақстан алфавитіне көшуі керек» деген мазмұнда жазған мақаласы бар. Қазақ ұлтшылдарының идеологтары Қажығұмар Шабданұлы мен Жағда Бабалықовты ежелден таниды. Қ.Жұмаділов жай ғана ұлтшыл емес, марксизмге қарсы адам» деген тұрғыда жала жабылады. 1957 жылы «Іле газеті» бетінде алфавит туралы пікірталасқа өз ойын білдіріп жазған мақаласы газет бетіне шықпай жатып, Үрімжідегі «стиль түзету» штабына жіберіліпті. «Сөйтіп мен 22 жасымда «ұлшыл» атандым.Бұл – менің империялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үйрніп, бұл аттан онша үрікпейтін болдым. Тіпті, мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сатқын, ұры-қары, қарақщы атанбай, ұлтшыл атанғаныма мың бір тәуба! Әрине, кейін абыройға жетіп, елге танылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәрежелерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлтшыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді... Тегінде, қай елде болмасын, отаршыл өкіметтің «халық жауы» дегендерін – «Халық қаһарманы», «ұлтшыл» деп атағандарын «елін сүйген патриот» деп ұқсақ қателеспейміз»,–дейді. /3.278-б./ Отаншыл, халықшыл деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» деген сөздің құбыжық құсап көрінуі әуелде Кеңес өкіметінің Алашорда қайраткерлерін осылай атады да, бұл сөз әлікүнге дейін өзінің «қорқынышты» сипатынан арылмай келе жатқандығын Қ.Жұмаділов өмірбаяндық кітабында ашына жазады. «Стиль түзету» науқаны кезінде болашақ жазушы өзіне жабылған жаланың бәріне дәлелді жауап айтып, қарсыластарын сан мәрте логикалық тұрғыдан жаңылыстырса да, ішкі бостандығынан айрылғысы келмеген оны «еңбекпен өзгерту лагеріне» жібереді.
1962 жылы ол өлкені біржола тастап, шекара маңындағы тұтас көтерілген елді бастап, бергі бетке өтіп кеткеннен кейін араға 10 жыл салып, 1971 жылы ғана романның соңғы нүктесін қояды. Осы жылдар ішінде Қ.Жұмаділов үзіліп қалған оқуын жалғастырады, әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде, сосын 1967 жылы «Жазушы» баспасында аға редактор болып жұмыс істейді, үйлі-баранды болады. Бірақ романды жариялату қиынға соғады, себебі құзырлы орындарға оқытып, өкімет тарапынан рұқсат болмаса, ешбір баспа орындары романды басу жауапкершілігін мойнына ала алмайтындығын айтады. Содан ҰҒА-ның Тарих институты, Әдебиет және өнер институты, Орталық комитеттегілердің ешқайсысы жауапкершілікті мойнына алғысы келмегендіктен, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қытаймен арада байланыс болмағандықтан, қолымызда нақтылы дерек жоқ және ел аралық мәселені біз шешпейміз Мәскеу шешеді, сондықтан романды Мәскеудегі Қиыр Шығыс институтына жіберуді ұсынады. Содан романды екі адам жолма-жол аударып, Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Ә.Әлімжановтың қолымен хат дайындап, Мәскеуге жөнелтеді. Арада алты-жеті ай уақыт өтсе де, Мәскеуден тырс еткен хабар болмайды. Әбден шыдамы таусылған жазушы 1973 жылдың наурыз айында салып-ұрып Мәскеуге өзі жетеді. Институттағы Қытай секторының меңгерушісі кезінде Үрімжіде жұмыс істеген Шыңжаң жағдайына қанық адам болғандықтан Тұрсын Рахимов романға оң пікір береді, Алтайдағы Оспан көтерілісінің де басын ашып жазып береді. Ауырып қалғандықтан, дер кезінде мұршасы болмағандығын айтады. Сөйтіп, Кеңес Одағындағы бірден-бір құзырлы мекеменің рұқсатын алғаннан кейін ғана романға жол ашылады. «Жұлдыз» журналының сол кездегі бас редакторы Ш.Мұртаза Т.Рахимовтың пікірін алдыға салып, «Соңғы көш» романының журналдық вариантын 9-10-11 сандарына жариялап жібереді. Бұдан кейін «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шығады. «Соңғы көштің» бірінші кітабының әуре-сарсаңы өтіп кеткені соншалық жазушы біраз уақыт қолына қалам алуға беттей алмай жүреді. 1976 жылы Мемлекеттік баспасөз комитетіне аға редактор болып тұрғаннан кейін ғана кітап шығару ісіне жол ашылады. «Сөйтіп жүріп, 1979 жылдың орта шенінде екінші кітап та аяқталды-ау! Әу баста «Соңғы көш» үш кітап бола ма деп мөлшерлегем. Егер заман сенімді, баспалар ықыласты болып тұрса, қолдағы материалым үш кітапқа еркін жететін еді. Алайда, саясатқа тәуелді, дау-шары көп, тайғақ тақырыпты бұдан ары созғым келмеді. Кейін ел басына түскен ауыр күндерді, ауған елдің көшімен бірге екінші кітапқа сидырып жібердім. Романның журналдық нұсқасы 1980 жылы «Жұлдыздың» 4-5 сандарына жарияланды»,–/3.481-б./ деп жазады. 1981 жылы жарыққа шыққан «Соңғы көш» романының екінші кітабы осылайша жұрт қолына тиді. «Соңғы көштің» бірінші кітабы шығар кезде «Жазушы» баспасының сол кездегі бас редакторы алдырып тастаған 1932 жылғы аштық пен Қытайға ел ауатын тарауларды жазушы өзі атап көрсеткендей, қысқартып жіберген. Бұл екінші кітапта да кең көлемде сөз болмайды.
Қ.Жұмаділов осы «Соңғы көштің» екінші кітабы жарыққа шығысымен 15 жыл атқарған аға редакторлық жұмысты біржола қойып, біріңғай творчестволық жұмыспен айналысады. Өйткені аталмыш дилогияның жазылуынан жарық көруі әлдеқайда қиын болғаны жоғарыда айтылды ғой. Екіншіден, ол кезде Қытайдан ауып келгендерге жоғары қызмет тұрмақ, жәй бөлім бастығына көтерілуіне кауіпсіздік тарапынан рұқсат етілмейтін. Оның үй ішімен тағатсыздана күткені «Соңғы көштің» жарыққа шығуы еді. Міне осыдан кейін яғни 1981 жылдардан қазіргі уақытқа дейін тек шығармашылық жұмыспен ғана айналысқан Қ.Жұмаділовтің 20 жылдан астам уақыт үйде отырған күндердің жемісі болып, 2003-2005 жылдары 12 томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді. Жазушының «Бір түп тораңғы» (1981), «Сәйгүліктер» (1982), «Қарауыл» (1983), «Бір қаланың тұрғындары» (1984) сияқты повесть-хикаяттары мен «Көкейкесті» (1968), «Соңғы көш» (1-кітап, 1974; 2-кітап, 1981), «Сарыжайлау» (1977), «Тағдыр» (1988), «Дарабоз» (1994,1-кітап; 1996,2-кіпап), «Таңғажайып дүние» (1999) «Прометей алауы» (2001), «Қылкөпір» (2002), «Атамекен» (2003) атты романдары қалың жұртшылыққа кеңінен танымал. Мұнда тарихтың ең бір күрделі кезеңдері, көшпенділер заманының ішкі механизмдері, тарихи тартыс, отарлау саясаты, шекара мәселесі, сондай-ақ қазіргі дәуір дидары, замандас бейнесі, дүниетаным иірімдері әр қырынан ашылады.
Ресей империясы Қазақстанды толық жаулап алғаннан кейін (1731-1868), ата мекенінен біртіндеп қуыла бастаған қандастарымыздың ауыр тағдыры, екі алып империяның қазақ даласын иемденіп қалудағы басқыншылық әрекеттері мен сойқандықтары, қазақ тарихын бұрмалаушылық, әсіресе шекара бөлісі тұсында қызыл сызықтың арғы бетінде қалып қойған қазактардың отарлау саясатына қарсы наразылық күресі, уақыт сынына төтеп бере алмай, империяның қол шоқпарына айналған қазақтардың сатқындығы, ақыры ел қамын ойлаған өрелі жігіттердің арқасында ата жұртқа келіп қоныстанған қазақтардың ауыр да күрделі тарихы «Соңғы көш» дилогиясының негізгі арқауы болды. 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Тағдыр» романын да баспагерлер алдымен Орталық Комитетке және шекара әскерінің бас штабына жіберіп, олардан «шекараға қатысты оқиғалардың дәлдігіне» кепілдік алғаннан кейін ғана басып шығарады. Осылайша Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары арқылы қазақ әдебиеті тарихының ақтаңдақ беттері толықтырылып, кісен салынған тарихи шындық қажеттілікке айналды.
1866 жылы Ф.Энгельстің: «Орыс өкіметі бөтен елдерді жаулап алып, сөйтіп шет аймақтарды оңды-солды өзіне қосып алуда алдына жан салатын емес... Бірақ мұны кең көлемде тоналған иеліктердің уақытша қожайыны ретінде ғана еске алуға болады. Себебі оның бәрін кері қайтаратын уақыт туады»,– деген сөзінде қаншама мазмұн жатыр десеңізші! /4/
«Соңғы көш» романында екі империяға да тән отарлау саясатының жүгенсіздігі, өз мақсаттары жолында бодан халықтың хал-жағдайымен есептеспей, оның өткен тарихи құндылықтарын жоққа шығару, шындықты бұрмалап, айттырмай келген мәселелерді тарихта болған, соған қарсы күрескен адамдар айналасына жинақтап, өмір шындығының көркем шежіресін жасады, өшпейтін, өзгермейтін ізін, тарихи таңбасын қалдырды.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Жұмаділов Қ.Соңғы көштің арқауы. // Сөзстан. -Алматы, 1984.
2.Әбеуұлы А.Сын түзелмей көркем әдебиет көтерілмейді.// Әдебиет айдыны. 2008, 24 қаңтар.
3.Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние. (ғұмырнамалық роман). Алматы:Тамыр, 1999.-623б.
4.Маркс К., Энгельс Ф. Шығармалары, екінші басылуы. 16-том.-16-б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада автор Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романының тууына себеп болған тарихи жағдайларды саралай отырып, романның тарихи-әлеуметтік мәнін ашады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается исторические предпосылки, социально-историческое значение романа К.Жумадилова «Соңғы көш», а также история его создания.
Достарыңызбен бөлісу: |