АБЫЛҚАСЫМ ФИРДОУСИДІҢ «ШАХНАМА» ЭПОСЫНЫҢ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ РӨЛІ
Жүнісова И.Ж.-оқытушы (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
«Шахнама» шығыстың негізгі классикалық шығармасы болумен қатар, әлемдік әдебиеттің тамаша ескерткіші. Бұл туралы жырдың көптеген осы заманғы тілдерге аударылуы, сонымен қатар көне және жаңа дүние оқымыстыларының ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстарда көрсетілген. «Шахнаманың» әдеби байланыстарымен қайта түлеуі және Иран эпосының образдары дүниежүзілік әдебиетте ерекше болмағанымен, әлі де толық ашылып бітпеген тақырып.
Сол сияқты «Шахнама» - әдеби өңделген Иранның халықтық эпосы болумен қатар, әлемдегі ең бай шығармалардың бірі. Бұл бай шығарма ертедегі және ортағасырлардағы Иран халықтарының тұңғиық әлемін, географиялық жағдайы, халықаралық байланысын және мәдени-тарихи ролін түсіндіреді. Иран халқы өз эпосын соңғы әдебиеттерде Индия, Қытай, Шығыс Түркістан, Шығыс Европа, Сібір және Кавказ халықтарына қатысты жыр дастандарымен көрнекілей түсті. Оған сонымен бірге классикалық көне шыыс пен европалық Жерорта теңізі жағалауы да тән.
Фирдоусидің данышпандық шығармасы шығармашылықты қайта түлетуде көрнекі орынға ие. Сиқырлы да, күшті батырлардың әуен-ырғағы мен бейнелері (образдары) ирандық «мысденел» Исфандияр, эллиндік Ахилес, «Нибелунгтар жырындағы» Зигфрид, «Шайқаста ажал жазылмайды» дейтін Илья Мурамец, қырғын шайқаста жығылуды білмейтін Рүстем, соғыс барысында әкесінің өз ұлын танымай шайқасуы, т.б. негізінен өзара тәуелсіз болғанымен, алайда жекелеген қисындарда өзара ықпалдың болмай қалуы мүмкін емес еді.
Фирдоуси «Шахнамасындағы» мотивтер мен сюжеттердің (уақиға ырғағы мен шытырман оқиғалар) тамаша әдеби талдауы, әдеби шығармаларда, фольклорлық жырларды әдеби жырлауда тамаша көрініс тапқан. Бұл әдеби пайымдаулар тек кітаптық ықпал нәтижесі болып қоймай, «Шахнамамен» тікелей танысу, халықтардың өзара жақындасуындағы фольклорлық байланыстардан шыққан соқпақ екенін көреміз. Халықтық образдарды талдағанда «Шахнама» әсері болған көптеген шығармалардың ішіндегі бірегейі – ол XVI-XVII ғасырдағы орыстық кітаптық ертегі Еруслан Лазеревичтің баламасы болды.
Еруслан Лазеревичтің Рүстемді баласы Залямен (Зал и Зара) салыстыру, ауыспалы мағынадағы «Лазаря», осы тұста ертегінің кейбір эпизодтары «Шахнама» сахнасынан екені байқалады. Орыстың бұл батырлар жырында «Шахнаманың» ықпалы болғаны даусыз. Кейбір жекелеген тұстар әділ салыстырылғанымен, алайда орыс батыры Илья Муромецті шаруа баласы билеуші князь Рүстеммен салыстыру өзінше, ешқандай мәнге ие бола алмайды, оның орнына әдеби фольклорлық байланыстардың көп қырлы болмауы дүниежүзілік әдебиеттің ескерткіші ретінде, поэманың оқылуымен идеялық мән-мазмұнын, оның авторының көркемдік шеберлігін айқындай түседі.
Фирдоуси сүйікті классик, ал оның дастаны парсы-тәжік әдебиетіндегі өзіне ғана тән негізгі халықтық эпопея. Бұл уақыт - жераумақтарын біріктіру, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру мәселесінің күнтәртібіне қойылған дәуірі еді. Фирдоуси дастанына деген белсенділік әркез күшейе түсті. «Шахнама» бірігудің туына айналды. Әрине, бұл бірігудің нақты формаларына қатысты тарихи өмірдің түрлі кезеңдерінде түрлі көзқарастардың болғаны анық. Сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік топтар «Шахнаманы» өз мақсаттарына пайдаланбақшы да болды. Мысалы, XVI ғасырдағы феодалдық Ирандағы сефевиттік кезеңде Фирдоуси және оның дастанына деген қызығушылық шиеленісе түсті.
Ирандық көне батырлар жыры XI ғасыр әдебиетінде көрнекті орынға ие «Шахнамада» тындырылған жұмыс осындай жаңа шығармалардың жасалуына дем беруші болғандығы даусыз. Олар Фирдоусиді қайталап қана қойған жоқ, қайта Рүстемнің балалары мен немерелері жәйлі ұлы Сухраб жәйлі әңгімелер мен хикаяны одан әрі дамытып нығайтты.
«Шахнамаға» қабыстыратын XI-XII ғ.батырлық-эпикалық әдебиетте біздің көзқарасымыз бойынша, толық зерттелді деуге келмейді, ол жайында әлі де пікір айтуға болар еді. Алайда, кейбір кезеңдерді бәрібір қарастыруға болады. Мұндай шығармалар «Шахнама» толық табысқа жеткен соң жазылды деуге болады. «Шахнама» Ирандық өткен эпостық дәуірге қызығушылықты оятты ма? Жоқ. Олар X ғасырдағы прозалық жинақтардың заңды жасалуына және ерекше даңқты, түсінікті де өткен тарихқа қызығушылықтан туындады. Алайда, бұл әңгімелерді әлдеқашан өткен Саминидтер әулетінің дәуірінің тапсызданған диқандық мүдделеріне қызығушылық ретінде де ойлауға болмайды. Оқиғалардың қалыптасу тұрғысына қарап бұл әңгімелердің өте ертеректе және тек Иранда ғана емес екенін көреміз. Образ қарағанда сюжет байлығы шынында ғажап емес пе! Махмұд сарайындағы Онсоридің «Ақындар патшасы» деп аталатын белгілі аңызында Исфандияр туралы жыр тамаша көркемдікпен өрілген. Фирдоуси шығармаларының шоқтығы басқаларға қарағанда биік тұрғандығы көрініп тұр және онымен ешқайсысы таласа алмаған. Сонымен қатар бұл аңызда айтылғанындай XI ғасырда «Шахнамаға» дейінгі сарай ақындары жазғаны белгілі болып отыр. Ал Асади Тусстың «Гершасп нама» шығармасы аңыздан гөрі ақиқатқа жақын (XI ғ.ортасы). Бұлардан басқа да ортағасырлық шығармаларды атауға болады: олар «Фераморз нама» авторы белгісіз (XI ғ.басы), «Куш нама» (немесе Куш Пиль Дендане туралы повесть XI ғ.басы), «Бану Гошасп наме» белгісіз автордың шығармасы. «Шахнамада» көп айтылатын, Сухрабтың ұлы туралы жазылған «Барзу нама» үлкен дастаны, Мохтаридың «Шахриар намасы», Базневид сарай ақыны жазған Фераморзаның ұлы туралы жазылған «Азер Борзин наме», Рүстемнің ұлы жәйлі жазылған «Жаһангер наме» және бұған «Сам наме» де қосылады (XII-XIII ғ.ширегінде).
«Шахнамаға» қатысты басқа да шығармаларды талдағанда оларды өз заманына сәйкес көтерген жүгімен жанрлық ерекшелігіне соқпай өте алмаймыз. Бұл әсіресе, аңыздық серілік (рыцарлық) романға қатысты. Алайда бұл мәселе әлі де зерттелуді қажет етеді. Аталған дастан шығармалардың негізі - ол халықтық-эпикалық шығармалардың жақсы ұйқаспен құрастырылған үлгісі болады.
XI ғасырдағы «Гершасп наме» шығармасы Тусстық Асадидың үлкенді кішілі түпнұсқадан (оригиналдан) ауытқыған дерек көзі болды. Және оны тапсырыс берушінің еркіне орайластырып жасады. Бұл шығармашылықты кәсіп еткен сарай ақындарының көп бөлігі шығарманың халықтық үрдісін (тенденция) феодалдық аристократиямен ауыстырып жіберді, яғни халықтық мазмұн ерікті-еріксіз болсын бұрмаланды. Мәселе халықтық негіздегі шығарманың өңделу сипатында болып отыр. Шынында, Онсори Сфандияр туралы шығарманы өңдегенде немесе бұл өңделген шығарма бізге дейін жеткен болса, онда Махмуд сарайындағы «Ақындар патшасының» көркемдік жетістігін анық көруіміз даусыз еді. Ол сұлтанға ұнасын-ұнамасын солай болған болар еді. Рүстем бейнесін сараймаңындағы талғамға сәйкестіре жасап шығу бәрінен де қиын болды (онда халықтық батырлық белгілер тым күшті еді). Алайда, көптеген шеберлер үшін бұл мүмкін еді. Мұндай бейне фальсификациясын жасау қаласа да, қаламаса да шығармашылықтың халықтық дәстүріне жүгінуді болғызды. Жалған фантастикаға бойұрушылық, ақиқаттан қол үзушілік мұның бәрі шығармашылықтың халықтық негізі еді. XI және кейінгі ғасырларда батырлық жырларды жасаудың әміршісі ретінде мойындалған, кейінде мән мазмұнына қарай ұмыт бола бастаған нәрселер Фирдоуси шығармаларына қосымша сипат беретін материал ретінде бізді қауыштыратындай. Ал халықтық эпопея болып табылатын «Шахнама» ұлттық әдебиеттің ұлы ескерткіші ретінде ғасырлар тоғысында өмір сүре береді. Мазмұн түрі жағынан халықтық, көркемдік тұрғыдан биік «Шахнама» шығармасы Ирандық ұлттық үрдістің болмысынан туындады.
Иран халықтары әдебиетінің негізін қалаған шығармалар, ең алдымен Закавказья, Орта Азия, Индия әдебиеті жетістілігі мен байланыстылығы таңқаларлық. Осы халықтардың көркем шығармаларында «Шахнаманың» қайта жаңғырып, өзара әдеби байланыстарын көрсететін көптеген фактілерді байқағанымыз шындық. Грузин әдебиетінде «Шахнама» айқын көрініс тапқан. Грузиндердің көне жылнамасы «Картлис Цховребада» «Шахнамада» айтылатын шытырман оқиғалардың Грузиндік халықтық баламасын (вариантын) кездестіруге болады (яғни Иран эпосының).
Ұқсас уақиғалар хабарының көптеген грузиндік қолжазбаларын осыған жатқызуға болады (оның ішінде басқа автор пікірлері қосылған Фирдоуси дастаны да). XVI-XVII ғасырда өлең, карасөзбен жасалған хабар жазбалар ол кезде «Шахнаманың» көшірмесін иеленген «Ростомиани», яғни Рүстем туралы жыр (грузин жыры Рүстемнің өлімімен аяқталады). «Шахнаме» грузиндердің әртүрлі топтары арасында сүйікті де, кеңінен танымал поэма грузин патшалары сарайының әдеби қауымы және феодалдары арасында қолтума туындылары іспетті болып есептеледі (Жаңартушы Давидтың, Тамараның). Поэманың грузиндік варианты кең аудиторияда шырқалып та, айтылып та жүрді.
«Шахнаманың» танымалдылығы жайында грузин аттарымен аталатын батырлық кейіпкерлердің көптігі туралы Ирандық эпостарда да айтылады (Ростоми, Бизани, Придони, т.б). Закавказья әнші-жыршы, шәйірлардың әндерінде, жырларында шытырман уақиғалар, ырғақтар, адам аттары, таңғажайыптар кездесіп отырады.
XVIII ғасырда өмір сүрген грузин, азербайжан өлең шығармашылығына еңбек еткен армяндық шәйір ашуг Саят – Нова Фирдоусидің өлмейтіндігі туралы жырлады. Иран және Кавказ әлемінде әдеби фольклорлық байланыстар туралы аз зерттелген. Алайда, осетиндердің, пшавтардың, сванеттердің халықтық жырларындағы түпнұсқалық баламаларда Рүстемге, Биженге, Афрасиябқа т.б.қатысты адам аттарымен оқиға желілерінің бар екенін көреміз. Мұнда жергілікті грузиндер мен осетиндердің Амирандар туралы жырын және басқаларында «Шахнамаға» қатыстылығы жайында сілтеме жасалады. Мұндай фольклорлық қабаттағы бастысы, алайда олар антирандық үрдіспен жаңа идеялық-көркемдік бірлікті қарастырды. Ол Закавказьяның ертедегі Иран империясымен саяси күрес жаңғырығынан туындаған-ды. Рүстем кейде Иранға қарсы күрескерге айналады. Мұның өзі Афрасияб (Афрсуап) патшаға қатысты. Ерекше маңыздысы сол біз Иран эпосының кавказдық-түркілік түрлерін тыңғылықты оқи отырып, бізге белгісіз, «Шахнамада» айқындалған кейбір Ирандық баламасында кездестіреміз. Осының бәрі, жалпы Иран эпосындағы, оның ішінде «Шахнамада» кездесетін шытырман уақиғалармен, бейнелермен, көрші елдердің жергілікті халық жырларымен жанды байланыста болуының айқын айғағы. Мәдени шығармашылығы жақын елдердің өзара байланысы ғана емес, сонымен қатар уақиғаларды логикалық құрастыру шеберлігімен жоғары көркемдік дәрежедегі Фирдоуси «Шахнамасының» ықпалы туралы да айтуға тиіспіз. Мұндай ықпал көрінісін кавказ бен түркілердің көптеген көршілері парсылар мен тәжіктердің халықтық шығармашылығы мен әдебиетінен кездестіреміз. Жанды байланыстар ең алдымен Фирдоуси поэмасының Иран әлемінен тысқары жерлерде әдеби табысымен халықтық танымалдылығын айқындады. Олардың көбі «Шахнаманың» қызықты жырларынан өздерінің мифтерін, аңыз-әңгімелерін, ән-әуендерін көріп қана қоймай, оларды басқа қырынан тани білді. «Шахнама» - бауырлас тәжік, парсы әдебиетіндегі айтарлықтай шығарма. Ол өзінің дамуында шиеленіске толы күрделі кезеңді, классикалық дәуірдің соңына дейінгі аралықты қамтиды.
«Шахнама» Иран халқының ұлттық шығармасы, ең алдымен Абылқасым Фирдоуси толық та, терең, нақты көркемдік шеберлікпен халықтық, ұлттық бояумен жырлады. Ол дүниежүзі ұлы ақындарының қатарынан өзіне лайықты орынды иеленді.
Осының бәрі Иран әдебиетінің ертедегі Грециядан, ертедегі Индиядан, Қытайдан т.б.жалпы басымдылығын белгілемейді (оның ішінде Европаның да). Бірақ олардың даму спецификасы жайында айғақтайды. Фирдоуси шығармашылығы сол себептен де осызаманғы тәжіктер мен парсылардың заңды мақтанышы болып табылады. Ал «Шахнама» тума әдебиеттің классикалық шығармасы болды. Сонымен бірге «Шахнама» әлемдік әдебиеттің айтарлықтай маңызды шығармаларының бірі болды.
ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада «Шахнама» эпосы әлем әдебиетіндегі шығыстық сарында, нәзира дәстүрімен жазылған басқа да шығармалармен салыстырылып, жан-жақты қарастырылады. Шығарманың танымдылығы сөз болады.
РЕЗЮМЕ
Статья посвящена всестороннему сравнительному анализу эпоса «Шахнаме» с другими произведениями мировой литературы, написанными в стиле назира. Также в ней рассматривается познавательное значение поэмы.
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ
Ержанова С.– ф.ғ.к., доцент (Алтамы қ., ҚазмемқызПУ)
Жаңа үрдісті жаңаша түрлендіріп, жалғастырып келе жатқан талантты ақындардың бірегейі - Жанат Әскербекқызы. Ақынның «Көтеріп ап мұң көзені...» деп басталатын өлеңінде ол нақтылы көрінеді. Өлеңнен біз «бет-бейнесі байқалмайтын, алайда нақтылы бір кеңістіктегі лирикалық бейненің «қимыл-қозғалысын» байқаймыз. Көз алдымызға лирикалық кейіпкер періштелік сипаттан өзгешелеу, пенделік әрекеттен оқшаулау тұратын нәзік жанды болмысты елестетеді». Алғашқы шумағынан осылай басталған өлең былай сабақталады:
Тәнін бүркеп боз жамылғы,
Талақ қылып тозған үнді.
Түнде ғана бой көрсетіп,
Кешіп кетер өзге ағынды.
Сұлба-лирикалық кейіпкер түн әлеміне құмарта түседі де, күн әлемін өз-өзінен жек көріп, жатсына береді. Тәнін бүркеген боз жамылғы тұман сипатындағы табиғи құбылыстың бөлшегі ретінде танылып, кейіпкерді пенделіктен бөлек сипатқа бөлейді. Шумақтың келесі жолындағы «тозған үн» тіркесі бір қарағанда ұйқас үшін алынған тәрізді. Алайда барлап қарасақ, жанның бейтәни сипатына дерексіз ұғым «үннің» гармониясы байқалады. Бұл ретте сұлба-лирикалық кейіпкер пенделік «дауыстан» арылып, жаңа «үнге», тылсым әлемнің сазына лайықты дауысқа ие болу керек. Осы ретте «жан дауысы шығу» фразеологиялық тіркесінің негізгі көрінетіндей болады. Ал, түн лирикалық кейіпкер үшін құтқарушы, дем беруші қалай болған күнде де оның ішкі әлеміне жақын күш ретінде алынады. (Түн жоғарыда біз атаған идеал-тұлғадан бөлек). Себебі лирикалық кейіпкерге түн жат емес, қайта түнге келсе, өзін бақытты сезінетін тәрізді. Бұл ретте байқалмас «бақытқа» үстеме ретінде мына шумақ көрініс береді:
Қараңғылық - қабағында,
Түнерген ой - жанарында.
Жүрегіне ай қонақтап,
Жұлдыз жатар табанында.
«Жүрегіне ай қонақтаған» лирикалық кейіпкер толыса бастаған, табанында жатқан жұлдыздар оның биіктегенін тағы бір дәлелдей түседі. Алайда ол жұлдыздарды басып-жаншудан аулақ, ол тіпті жауыздық дегеннің бар екенін ұмытқан, білмейтін де сияқты. Шартты түрде алатын болсақ, бұл шумақ өлең композициясында шарықтау шегінің қызметін атқарады. Келесі шумақта жан әлемінің түн тылсымына ұқсай бастауы беріледі. Бұдан басқа жанның тәнге оралуы сипатындағы ой дамуы байқалады. Діни-философиялық ұғым бойынша жанның жаратылысының өзі аспан әлемі, түн кезеңі немесе кеңістік шексіздігі сияқты тылсым, құпиясы мол ұғымдармен тығыз байланысты. Біз өзіміздің қарапайым ойлау жүйеміздің өзінде де жан жаратылысын тылсым күштермен байланыстырып отырамыз.
Таңға жат боп тылсым өңі,
Тал бойына түн сіңеді.
Өң мен түстің арасында
Болар-болмас күрсінеді.
Оның негізінен адамдық сипат алуын «күрсінуінен» көреміз. Өң мен түстің арасында жатуы да лирикалық бейненің нақтылана бастағанын байқатса керек. Бұл оның жеңілісі емес, ғалам мен жаратылыс заңдылығына бағынышты болуы. Және лирикалық кейіпкердің «түнді кезуі» үздіксіз жалғаса беретін процесс екені байқалады. Ол бір түннің шеңберіне сыятын құбылыс емес, қайта түн өткен сайын жалғасып, жетіліп отыратын құбылыс.
Соңғы шумақ тікелей ақынның атынан айтылатын шешім ретінде берілген. Сұлба-лирикалық кейіпкер тыным тауып жатқан секілді болады. Өлең басталған да айтылған:
Көтеріп ап мұң-көзені,
Сұлбам менің түн кезеді,-
деген жолдардың қайталануы «сұлбаның» әрекетін көрсетпейді, қайта ақынның баяндауына ұқсайды. Бұл жоғарыда айып өткеніміздей «кезу» процесінің жалғаса беретінін білдіреді. Шумақтың келесі екі жолында сұлбаның қозғалысы мүлдем тоқталып тыншығаны байқалады да, ақын тұлғасы нақтылы беріледі:
Жолығар ма жоқшысына,
Келер ме екен бір кезегі...
Ақын бұл жерде тілекші, жаны ашушы тұлғасында көрінеді де кәдімгі күнделікті тіршіліктің танымдық сипаты байқалады. Жанның қайтадан тәнге оралуынан кейінгі қарапайым өмірдің күйбеңіне араласу керектігі көрініс береді.
Жанның негізгі ұмтылатын әлемі - жаратушы Хақтың мекені немесе өзінің түп-төркіні. Алайда ақын үшін баршаға белгілі аталған діни философиядан гөрі сондай жан мен тән бөлінісі кезіндегі сезімдік түрлену мен психологиялық хал-күй қымбатырақ. Адамның осындай бір аффективті жай-күйінің пайда болу, даму және түйінделу кезіндегі сезімдік құбылыстар динамикасын көрсету ақынның негізгі мақсаты сияқты. Өлеңде драматизм жоқтың қасы, керісінше, психологизм элементтері діни философияның болуы мүмкін шынайы негізін ашуға тырысады. Образдар қалыптастыру барысында һәм күллі шығармашылығында романтикалық ағымның жарқын үлгісін ұстана білген ақын реалистік қағидалардан да алыс кетпейді. Керісінше, романтикалық ой-сезім мен кейіпкердің өзегінен шым-шымдап суырылатын тағдырдың, қоғамның ащы шындығы жатады. Шындықты айтудың тамаша үлгісі романтикада екенін адамзат әдебиетіндегі тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да көркем шындық - шығармашылық пен қоғамдық өмірді байланыстырып тұратын нәзік желі.
Бауыржан Бабажанұлы тәуелсіздік жылдарындағы поэзия өкілдерінің ішіндегі өзіндік қолтаңбасы қалыптасып қалған ақын ретінде тануға болатын шығармашылық иелерінің бірі. Ол өзінің шығармашылығында алдыңғы 80-інші жылдар әдебиетіндегі буынның әдеби дәстүрін жаңашылдықпен жалғастыра білген ақын ретінде тануға болады. Ақын ағасы Темірхан Медетбектің пікіріне жүгінсек:
«Бауыржан Бабажанұлы барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бәр сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. ...Оның ерекшелігі сонда - қандай бір күрделі ұғымды қазақ жанына жақын етіп қорыта білетіндігінде. Ол сөз іздеп, оны жамап-жасқап жатпайды, сөзді қзі табиғи түрде құйылып жатады». Інісіне зор үміт артып, жақсысын айтып нұрын тасыта білген аға сөзіне қосыла отырып, жас ақынның шығармашылығына тоқталамыз.
«Уәде» атты шағын жыр жинағы Бауыржан ақынның өзіндік ойының бар екенін көрсетеді. Осы жыр кітабының ішіндегі «Ескендірдің мүйізі» атты өлеңіне тоқталып көрелік. Тарихта өзінің жаугершілігімен, жауыздығымен аты қалған Александр Македонский туралы және ол туралы айтылатын осы бір аңыздың ізімен жазылған қаншама туынды бар. Әлемдік әдбиетке соқпай-ақ өзіміздің қазақ әдебиетіндегі Ғұлама Абайдан басталатын шығармалар көшін қарап шығуға болады. Аңыз ізіне бағытталған М. Жұмабаевтың және Е.Раушановтың да өлеңін атап өтуге болады. Бауыржан ақынның Ескендір аңызы хақындағы өлеңі былай басталады:
Мазасыз ой тап болды неге маған,
Тыныштығын күйттеген өлең аман...
Шекпен киіп жайланып үнсіз қалды,
- Ел мұңы менің мұңым!- деген ағам.
Жалпы тәуелсіздік жылдарындағы поэзиялық шығармалар қоғамдық шындықты айтуда біршама жетістіктерге жеткенін көреміз. 80-інші жылдар поэзиясындағы қоғамдық шындықты айтудың масштабы «әрі кең, әрі биік» болатын. Ақындар ғаламдық масштабтағы адамзат мәселесіне араласып кететін. Мысалға адамның айға ұшуы, соғыс, бейбітшілік, атомдық қару тағы да басқалар. Әрине бұл тақырыптар әлі де өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес. Алайда тәуелсіздіктен кейінгі поэзиялық шығармаларда сол жалпы адамзаттық зұлымдықтардың негізгі тамырына үңілу бар. Яғни барлық жамандық та, жақсылық та адам жанында, санасында қортылып шығады сондықтан да әдебиеттегі адам мәселесі, оны тану мәселесі ешқашан толастамақ емес. Жоғарыдағы Бауыржанның өлеңінде де «қасындағы шекпен киіп жүрген» ағасын танудан басталады. Ақынның өзі таныған қоғамдық ортаның ащы шындығын айтуға келгендегі азаматтық тұлғасы қуантады:
Жә, жарайды, тек сол ма үнсіз қалған,
Көкірегіңмен не пайда Күн сызғаннан.
Мен де үнсізбін. Тек шекпен кигенім жоқ,
Әуел баста ондайға қырсыз болғам
Бұл ретте ақынның қоғамдық мәселелерге деген көзқарасы, адамдар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас тәрізді мәселелер орын алған. Алайда өлеңнің көркемдік элементтерінде кемшін тұстары бар екенінде жасырмаған ләзім. Ақын көп өлеңдерінде шұбалаңқылыққа салынып кететіні бар. Өзі жақсы көріп оқитын және еліктейтін де ақын ағасы Есенғали ЖЖ шумақпен берген идеяны Бауыржанның жеті шумақпен беруін шарасыздықтан туған амал дей алмаймыз.
Әрине көптеген идеялардың қайталанып келе беретінін бәрімізде білеміз. Мәселе сол қайталанып келе беретін идеяларды ақынның оқырман қауымына қалай жеткізетіндігінде болып отыр. Ақынның «Ескендірдің мүйізі бар екенін» айта алмауы қоғамдық кемшіліктерді ашық айта алмауының, біле тұрса да амалсыз қалуының аналогы ретінде беріледі. Тіпті біз қоғамдық шындықты айтудың өзінің негізінде де адамның қоғамдық ортаға тәуелділігі жататынын байқаймыз. «Ескендірдің мүйізі» - сол қоғамымызда орын алған келеңсіздіктердің бетін ашып көрсетуге арналған тарихи мысал. Поэзиялық шығарма арқылы өзінің жаңа сипатына ие болған аңыздың біз атаған азаттық идеясына да өзінің тигізер әсері, ашатын беттері бар екені айдан анық.
Қазақ поэзиясының жоғарыда аты аталған ақындардан басқа үміт күттіртін және өздернің бірді-екілі кітаптарын жарыққа шығарып, қаламы өлең жазуға қалыптасып қалғн ақындар ретінде Бақытжан Алдир мен Дәурен Берікқажыұлын атауға болады. Бақытжан өзінің қсыршыл да нәзік лирикасымен оқырман қауымды баурап алса, Дәурен еуропалық поэзия үлгісін қазақы қара өлеңмен көмкеріп тамаша туындылар жазған ақын. Поэзия алаңына еркін ойлау, қарымды қалам кеңістігін қамтуға болатын уақытта шыққан ақындарың талантына заманы сай келетін мезеттің туғанын аңғаруға болады.
Бақытжан:
Көнергеннің есте тұтпас көбін ел,
Көре деген көзге бірақ көрінер, -
Жер үстінде - ыбырсыған тірілер,
Жер астында - ыңырсыған өлілер.
Дәурен:
Есіре соққан Ебі жел,
Екілен тағы екілен!
Ез туған елге егесіп,
Егізің болып кетіп ем...
Бөлтірік елім шығарып,
Бөрілігін есінен
Қанымды менің қарайтса,
Қан майдан шығар несібем!
Бұл жылдардағы ақындардың өлеңдеріне жалпы алғанда күңгірт бояудың тәне екенін кезінде жарыса жазып, «жылауық өлең» қаптап кетті деп дабыра қақтық. Шындығын алғанда өлара мезгіл тарих көрсеткендей қай жерде, қай уақытта болса да қоғамға бір дағдарыс барын ұғындырады. «Жастайынан талағандардың» тағдырға өкпесі демей-ақ қояйық назы бары анық. Шығармашылық иесіне барлық жақсылықты, материалдық тұрғыдағы жақсылықты жасаған кеңес үкіметінің шекпенінен шыққын аға буынның оны басқа тұрғыда түсінгені белгілі. Қазақ әдебиеті тарихындағы тәуелсіздік идеясының сабақтасуы және тәуелсіздік жылдарынан бастау алған әдебиет өкілдері шығармашылығының жалпы даму сипаты осындай. Әдебиет дамып, уақыт арнасынан сүзіліп шығып өз жолын таба бермек. Соның негізгі дәлелі бабалар мұрасының бүгінгі поэзиялық шығармаларда көркемдік-әдіс тәсіл, стиль ретінде көрінуін атауға болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
Б.Омарұлы «Зар заман поэзиясы», «Білім» баспасы Алматы 2000 жыл
А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» Алматы «Атамұра» 2003 жыл
К.Нұрпейісов «Алаш һәм алашорда», «Ататек» баспасы, Алматы 1995
М.Жұмабаев Көптомдық шығармалар жинағы, 3-том Алматы, Жазушы 2005 жыл
Ш.Елеукенов «Әдебиет және ұлт тағдыры», Алматы 1997 жыл, «Жалын» ЖШС
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада қазіргі қазақ поэзиясындағы тәуелсіздік идеясының көріну сипаты сөз етіледі. Ақындардың жаңа толқынының өлеңдеріндегі өзгешеліктер, тақырыптары, құрылысы, өлең өлшеміндегі ізденістері қарастырылған.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается характер выражения идеи независимости в современной казахской поэзии, а также поиски современных акынов в области темы, структуры, метра и размера поэтических произведений.
МОДЕРНИСТІК, ПОСТМОДЕРНИСТІК ТУЫНДЫДАҒЫ
РОМАНТИКАЛЫҚ ЭЛЕМЕНТТЕР ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ
(Д.АМАНТАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫ БОЙЫНША)
Жанұзақова Қ. – аға оқытушы (Алматы қ. ҚазмемқызПУ)
Бүгінгі таңда барлық әдістердің танымдық тұрғылары қым-қиғаш араласқан. Кеше бір еңбектерде романтикалық арнада жазылды деген шығармалардың енді модернистік туынды ретінде бағалануы сәнге айналды. Керісінше, қазіргі әдебиеттануда модернистік, постмодернистік деп бағаланған шығармалардың көркемдік тінінде, қаламгерлердің суреткер, қоғам, жеке тұлға мен болмыс хақындағы толғаныстарынан, ой-пікірлерінен романтикалық дүние қабылдаудың сілемдерін бағамдауға болады.
Кеңес әдебиеттануында «кездейсоқ оқиғалар мен ерекше характерлер» жасаудың үлгісі болған (Ф.Энгельс) романтизмді жүйелеуде В.Г.Белинский көбінесе реализмге жүгініп, негізсіз пікір білдіреді. Кеңес тұсында да романтизмді реализмнің аясында бір жақты қарастырды. Шын мәнінде, әдебиетте адам жанының алдыңғы қатарға шығу қажеттілігімен санассақ, романтизмді реализммен қатар қарастырудан гөрі модернизммен бірлікте қатар қарастырған жөн.
Мақаланың тақырыбына қарасақ, ол екі мәселені қамтиды. Біріншісі - модернизм эстетикасында трансформацияға ұшыраған романтизм мәселесі болса, екіншісі – осы мәселенің Д.Амантай шығармаларындағы көрінісі.
Романтизм тенденциясының ХІХ ғасырмен ғана шектелмей, оның шеңберінен тыс кезеңдерде бой көрсетіп жүргенін ғалымдар да мойындайды. Әрине, ХХ ғасырдың көркемдік дамуына модернизмнің ықпалы орасан. Классикалық реализмнен өзгешелігі ол өзін поэзиядан гөрі, прозада айқынырақ, күштірек танытты. Модернизм әдебиет пен өнердің сахнасына ХХ ғасырда түбегейлі орнығып, өз дәуірінің мәдени қажеттілік талабынан табиғи туындады. ХХ ғасырда модернистік ағымдар мен интенциялар тұтастай мәдени кеңістікте қатар көрініп, әдебиеттің сан түсті, қалың бояулы көркемдік тінін құрайды. Модернизм имманенттік тұрғыда романтизмнің көркемдік жетістіктерін бойына сіңіре білді.
Модернистер әлемдік деңгейдегі қоғамдық қайшылықтар, санадағы қақтығыстар кезінде адам дүниенің мағынасыз екенін, өзінің фәнидегі жалғыздығын түсінеді деген пікірлерді алға тартты. Жалғыздық қасіреті қоршаған ортаны адамның жатсынуы модернизм өкілдерінің шығармаларында айрықша көрініс тапты. Қоғам мен адам арасындағы қайшылық сарыны тұрғысынан романтизм эстетикасымен ұқсас тұстары болды. Қазақ прозасындағы адам табиғатының трагедиялығы, болмыстың адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы бейнеленген, адамның панасыздығын, қорғансыздығын меңзейтін шығармаларда романтикалық сипат пен модернистік ұстанымның берік байланысы жатыр. Орыс әдебиетінде модернизм, постмодернизм құбылыстарын зерттеуші Д.Затонский ХХ ғасыр модернизмінің романтизм құндылықтарынан тамыр тартып жатқанын сөз етеді. «Модернизм мен постмодернизм» деп аталатын кітабының арнаулы тарауында романтизмнің көркемдік жүйесінде кездесетін, ортақ «модернистік» белгілерді «тани» отырып былай дейді: «Если обозреть бытие искусств как бы с птичьего полета, то нетрудно заметить, что они, в свою очередь, тоже тяготеют к движению циклическому: Возрождение объявляло (и даже искренне верило), будто наследует античности, романтизм в некотором роде подражал Средним векам, модернизм ХХ века - романтизму... Модернизм и в самом деле многое позаимствовал у романтиков, тех в известном смысле даже можно бы наречь «пре-модернистами». Что, тем не менее, вовсе не исключает их сродства с постмодернистами. В частности, и потому, что романтическое не=жизнеподобие в общем и целом все-таки чуждо фанатически-революционной экстреме» /2,157/.
Романтизмнің постмодернизммен кей мәселелерде тамырласып жатқан тұстары бар. Орыс әдебиетінде В.Набоковтың «Лолита», М.Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романдарын зерттеушілер бірде романтикалық, бірде постмодернистік шығармалардың қатарына жатқызып жүргені сондықтан болар. Екі бейнелеу тәсілінде де жазушылардың дүниетанымдық аңсарынан кейіпкердің өзін жалғыз сезінуі, пенденің ортамен қарама-қайшылығы, тоқтамас арынды заманның технократиялық болмысынын сескену, заңдылықтан гөрі кездейсоқтықтың басымдығы, нақты болмыстың фантасмагориялық кейіпте суреттелуі, жеке тұлғаның рухани ізгіліктердің тапшылығынан зардап шегу сарыны аңғарылады.
Д.Амантай - қазіргі қазақ әдебиетінде «нағыз» модернист, әрі постмодернист ретінде бағаланып, шығармалары әдеби сынды «шулатып жүрген» жазушыларымыздың бірі. Қазіргі таңда Д.Амантайдың туындыларына екі түрлі, бір-біріне қайшы келетін көзқарас қалыптасқан: бір топ - оның тілі қасаң, шығармаларының көркемдігі төмен, мағынасы ауыр, кірме эпизодтар мол, түсіну қиын деп жатса, екінші топ - туындылары астарлы, алыстан орағытады, философиясы терең, көп қабатты деп мақтап жатады. Біз бұл екі топқа да қосыла кетпей, өз кезегімізде зерттейтін объектімізге қатысты ғана пікір айтуды жөн көрдік.
Д.Амантай шығармашылығы мен ондағы постмодернистік сарын туралы Б.Майтанов, З.Серікқалиев, Г.Бельгер, Ә.Бөпежанова, Т.Әсемқұлов, Л.Сафронова, т.б. бірқатар әдебиеттанушылар мен сыншылар өз пікірлерін білдірді. Д.Амантайдың көркемдік әдісіне нақты сипаттама беру мақсатын алға қоймағанымен жекеленген зерттеу мақалаларында жазушы шығармаларындағы модернизм мен постмодернизм поэтикасына қатысты тұстары ғана талданды.
Қазіргі әдебиеттегі автордың, жазушының орны туралы өз көзқарастары Д.Амантайдың бірқатар эсселерінде көрініс берген. «Әдебиеттің ролі» эссесінде «жоғарғы мәдениетті транзитті экономиканың құрбандығы» /2,20/ деп бағалай отырып, мәдениетке қамқорлыққа алып, кітап бастыру дәстүрлерін сақтап қалуға шақырады. Зерттеуші Л.Сафронова: «жазушы модернистік идеологияны ағартушы, суреткер-реалист, сонымен қатар суреткер-романтик, эстет позицияларымен қатар ұстанады» /3,89/ – дейді.
Д.Амантайдың романтикалық концепциясы суреткер туралы көзқарастарында байқалады. Оның ойынша, суреткер – мессия (мессия сөзінің діни мағынасы - құдайдың жерге құтқаруға жіберген адамдары), үгіт-насихатшылар, мәдениетті алға жылжытушылар – «алға жылжудың мәңгілік азшылық бөлігі» («вечное меньшинство продвижения»). Жазушы суреткердің қызметі туралы: «И в настоящее время в Казахстане именно это меньшинство борется за настоящую культуру, которая несет в себе высокие вечные идеалы человечества. Это – высокая эстетика, погруженная в любовь и выражающаяся в великой красоте»; «Қазақстанда қазіргі жағдайда осы азғантай топ қана нағыз, шынайы мәдениет үшін күрес жүргізіп, өз бойындағы адамзаттың мәңгілік асқақ идеалдарын тарата білді. Бұл – асқақ эстетика, ол махаббаттан нәр алып, ұлы сұлулықта көрініс табады» (Жолма-жол аударма – Жанұзақова Қ.). /2,20/ – дейді.
Д.Амантайда қазіргі автор, суреткер, ең алдымен, күрескер. Бұл әрине, постмодернистік емес, романтикалық дүние қабылдау ерекшелігінен туындайды. Суреткер мен ортаның, суреткер мен оны түсінбейтін көпшіліктің қарама-қарсылығы – бір жағынан әрі романтикалық, әрі модернистік мәселе. Суреткер өзіне қарсы тұратын көпшілікпен күреседі. Д.Амантайдың пайымдауынша, қазіргі жазушы «көпшіліктің жалпылай алыс ортағасырлық өткенге иек артуымен, мифологияландырылған ұлттық тарихтың жасалуымен, сонымен қатар жалпы мәдениеттің архаикаландырылуымен» күреседі /2,20/.
Д.Амантайдың шағын ғана «Гүлдер мен кітаптар» романы әдеби сында үлкен қарама–қайшылықты пікірлер тудырды. Д.Исабеков оны «роман емес» деп бағалады. Г.Бельгер романды, тұтастай алғанда, «астар мен толғаныс, үзілген сөз, мозаикалық баяндауға, бір-бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға» құрылғанын айтады /4/. Әрине, бұл бір жағынан шығармаға құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатын жазушы жаңашылдығымен, ізденістерімен де ұштасып жатыр.
Ә.Бөпежанова Дидар Амантай шығармашылығының «көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен» және «жасампаз сұхбаттастық сипатымен» ерекшеленетініне назар аударады және жазушы туындыларына тән осындай қасиеттердің көркем көріністері – жазушының жаңа заман талабына сай «Мен Сізді сағынып жүрмін» атты повесі мен «Гүлдер мен кітаптар» романында айқынырақ танылғанын жазады. «Гүлдер мен кітаптар» романын көлемі шағын, бірақ «конструкциясы өте дамыған – бірнеше идеяны қат-қабат алып жүретін шығарма ретінде бағалайды. /5,12/.
Роман сюжетіне келер болсақ, бас қаһарман - Әлішер есімді жазушы жігіт үлкен кітап жазу мақсатын алға қояды. Шығармада қатар жатқан қос әлем бар - Әлішерге қатысты бүгінгі күн оқиғалары мен ықылым замандардағы түркілердің көне тарихын қозғайтын өткен күн оқиғалары кезектесе дамиды, яғни сақ өркениеттері мен бүгінгі мегаполис болмысы иық түйіскен. Романның алғашқы «Әлішер» тарауы бүгінгі күні, яғни жиырма бірінші ғасырда Әлішердің ойындағы кітабын жазып бітіруге бар жанымен құлшына кіріскен қаракетінен басталады. Қаһарман түс көреді: «Жорғалап келе жатып ол жердің иісін таныды, кітап иісі шығады. Кәдімгі шаң-топырақ басқан сарыала қағаздың таңсық иісі тап иегінің астынан аңқып тұр...» /6,3/.
Тәңіріні іздеп жүрген Әлішердің бүкіл ойы - қалайда өз бетінше жол салған, өзгеше өлшемді «Тәңірі кітабын» жазып бітіру. Сол кітапты жазу барысында қаһарманның күдік пен күмәнға толы сергелдең күй кешуі, өмірде жолы болмай, жалғызсыраған, көңілі толмаған, тіпті түңілетін күнделікті өмірі, таныс және бейтаныс адамдармен кездесуі, әңгімелесуі бүгінгі әлем бейнесімен байланысты. Екінші әлем қаһарманның кітабында көрініс табатын, оны санасында бейнеленіп жатқан көне түркілердің тарихын, аңызды қозғайды.
Жазушы жігіттің рухани ізденістері, өмірлік мұраты - өзінің түп негізін табуға бағытталған. Ол өз кітабында көне түркілердің сонау ерте замандардан бастап осы кезеңге дейінгі жалғастығын, үзіліссіз тарихын сомдауға бар күш-жігерін жұмсайды. Романның екінші желісі де жазушының осы ұмтылысы жүзеге асқан тарихи аңыз сілемдерімен байланысты дамиды. «Мұса», «Ғайса», «Мұхаммед», «Заратуштра», т.б. тарауларында қазақ даласына келіп орныққан діндердің тарихына шолу жасайды, түркілер арасындағы алғаш пайда болған күнә, өлім, т.б. рухани категорияларға негізделген аңыздарға иек артады.
Д.Амантай романын зерттеушілер модернистік және постмодернистік эстетикамен ұштастырады. Ғалым Б.Майтанов: «Автор баяндау барысын күлт үзіп, кенет күтпеген философиялық пайымдау сарынына түсе салады да, одан тағы оп-оңай шығып кетеді, әдеттегі өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеуге көшеді... Д.Амантай шығармаларында аллюзия, интертекст, реминисценция және «сана ағымының» автор еркіндігімен сабақтас түрі елеулі философиялық, тұрмыстық, эзотериялық мәселелерді постмодернистік поэтика ауқымында қарастыруда зор стильтүзушілік роль атқарады» - дейді /7,64-65/. Жазушы шығармалары түрлі туындылардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Шығармалары көбінесе көлемі шағын болып келеді. Дәстүрлі мағынадағы сюжет үлгісі кездеспейді.
Алайда осы шығармада модернизммен трансформацияға түскен романтикалық таным іздері де байқалады. Бұл тұрғыда қаһарман дүниені, әлем бейнесін руханиятпен байланыстырады. Ол қазіргі қоғамда кітаптың қадірі болмай, кітаптың күні өткеніне қынжылады. Кезінде кітапқа бас иген, кітапты қадірлеген адамдар оған «сатқындық» жасады. Кітаптың бүгінгі қоғамда аяқ асты болуы Әлішердің жеке өміріндегі трагедияға айналады.
Постмодернизм эстетикасы ұстаздық тағылымдардан, идеалдардан бас тартса, қаһарман үшін идеал - кітаптар мен гүлдер. Романтизм эстетикасында гүлдер қашанда сұлулықтың, сезім тазылығының символына айналады. Гүлдер Әлішер үшін сұлулық символы, ал кітаптар - өнер символы. Оның шығарма тақырыбына арқау болып отырғаны да осы себептен.
Қаһарман бүкіл әлемде өзін жалғыз сезінгенде, өмірден баз кешкенде, оның басты серігі, көңіліне медет тұтары - кітаптары мен гүлдері. «Жаратылыстың барлық түрі кітапқа ену үшін жаратылған, депті әсемдікке ғашық Малларме. Кез-келген кітаптың асқақ мұраты елге танылу болса, онда қалам жазған ойдың алдымызға сырғытып отырған тұжырымында адал ниет жоқ» /6,41/, «Асқақ кітап, ең алдымен, кісіліктің белгісі» /6,42/.
Авторланған Әлішердің «Гүлдер» тарауындағы гүл туралы толғаныстарында да романтикалық элементтер ұшырайды: «Ол гүл туралы толғанды. Көздің жасы тәрізді домалап асқар биіктен күннің дәмі шәрбәт нұры тамады, тамған нұрдан жаралып, періштеге айналған жарықтың бұла еркесі дүниеге құшағын ашып, ұяң жүзбен иіле қарайды. Төңірек жез қанат қырғауылдың әдемі күлкісінен ертегінің еліндей шексіз құлпырады. Ескі заманда шайыр қызды сұлуын гүлге теңеді. Қазір ол ізгіліктің бейнесіне айналып отыр. Қасірет шегіп, бейнет көргенде, шындықты танып, бақыт кешкенде, сіздің іргеңізден ұдайы гүл табылады. Қайғыңызға ортақтасады, қуанышыңызды бөліседі, жалғыздықта серік болады... Шөл дала ма, таулы қырат па, құнарлы өлке ме, перизат гүл аспанға қарап алақанын жаяды. Сонау жоғарыдан құлдилап құлаған бір күндік сәуле молынан төгіліп, үлбіреген қауыздың ішіне толады. Үстірттен тапқан шақпақ алтын құсап, жарқырап келіп шашақ себетіне көлденең шағылып, айналасына бұрқырап шашырады Өңі қашқан реңсіз топырағына киелі шапағаты тиеді» /6,52/ деген толғаныстың романтикалық бояулары жоқ деп көріңіз. «Гүл, бірінші кезекте, әуен. Өз орнын тапқан әсемпаз паң асқабы гүл күннің нұры құйылған нәс бөлмеде ғажайып үндестікті туғызады. Қас әдеміліктің өлшемі гүл» «Гүл – азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі. Гүлде сол бір жасырын мұң бар, сол бір жасырын мұң гүлге талмай қадалып ұзақ қараған соң, сізге көшеді, кейін қанша қуансаңыз да, сізден шыққан күлкі тереңдігі күрсіністі жасыра алмай, бетіңізде жүгірген ізінің әйтеуір бір жерінен алаң көңілді белгісін беріп тұрады» /,53/. «Кітап ой ретінде жалғыздықтың аясында дүниеге келетін жұмбақ құбылыс, ал, гүлді серік іздеген жаны нәзік адам өсіреді. «Гүл – сезімді ой тудырады, кітап – ойдың сезімін дамытады». Әлішердің кітаптар мен гүлдер туралы ой-пікірлерінде авторлық идеялар бас көрсетеді. Жалпы «Гүлдер» тарауы көлемі жағынан шағын болғанымен, мұнда романтикалық көңіл-күй ұшқыны да, эссеистикалық, публицистикалық толғамдар, гүлді күтуге байланысты натуралистік ақыл-кеңестер де араласып кеткен.
Автор гүлге тыңайтқыш ретінде калий тұзын, суперфосфатты пайдалану қажеттігін, оны қандай мөлшерде қанша сумен дайындауға болатынын ежіктеп айтып келеді де: «Нәзира гүлдің мамыражай бейқам қорғансыздығы сергек ұйықтаған жалғыз көзді жалмауызды оятады» /6,52/ деп романтикалық әуенге қайта оралады.
Сонымен қатар «Кітаптар» тарауында автор әлем әдебиетінде танымал жүз шақты кітаптардың тізімін санамалайды. «Қаламгер» тарауында да жазушыларды атап шығады. «Гүлдер» тарауында да бізге таныс және таныс емес сал алуан гүлдердің түгелдей аттарын атап шығады. Шығарманың екінші бөлімінде түркілердің ежелгі тарихы, олардың пайда болуы туралы жиырма бес жыр кірістірілген. Бір жыр – ойлары үтірлермен бөлінген бір сөйлемнен тұрады» дейді автор. Әрине, бұны постмодернистік танымнан тамыр тартқан автордың рухани тәжірибесі деп бағалауға болады. Жалпы жазушы дәстүрлі стильден кейде саналы түрде бас тартып, әдеби эксперименттерге барады.
Романның қаһарманы Әлішер бір жағынан әлеммен үйлесім іздейді, екінші жағынан ол «постмодернистік» дәуірдегі адамның рухани құлдырауына, азғындауына алаңдайды. Содан келіп қаһарманның жалғызсырауы туады. Зерттеуші Ә.Бөпежанова Әлішердің мінез ерекшелігі турасында: «Ол – адам санасының тұтастығы жойылған, «әлемнің кіндігі – адам» қағидасы белгілі бір деңгейде мағынасынан айырыла бастаған, бұқаралық мәдениеттің «жеңіп», адамның, қоғамның өмірсалты, тіпті дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып отырған кезеңнің кейіпкері деуге болады; белгілі философ-мәдениеттанушы А.Наурызбаева «постгуманистік кезең» деп анықтама беретін кезеңнің кейіпкері; алайда рухани болмысы мықты, бойына өз заманының да рухани-мәдени мұрат-идеалдарын жинақтаған кейіпкер» /5/ деп сипаттама береді. «Романда жасампаздық рух, жанды әлдилер әдемі бір мұң бар» деуі зерттеушінің шығарманың романтикалық табиғатын танудан туған байламы де қабылдауға болады.
Қарап отырсақ, Әлішердің бойынан жазушының жеке тұлғасы бой көрсетеді. Автордың демі, тынысы, көзқарасы айқын сезіледі. Д.Амантай қоғам мен жеке тұлғаның тұрмысында модернизм мен постмодернизм құбылысының тереңдеп енуінің салдары туралы «Таңбалардың ойыны» мақаласында: «Қазір өзін фәлсафашы, ойшыл, жай ғана адам санаған тұлға постмодернистік нигилизм сырқатына ем іздеудің үстінде. Оны табамыз ба, жоқ па, белгісіз. Бірақ ізденістің нәтижесі қайткен күнде де адамзаттың тағдырына тікелей әсер ететіні сөзсіз» дейді. Д.Амантай шығармада мәні мәңгілік мәселелерді сауалдар формасына көмкеріп, оған жауап іздей шарқ ұрады, қаһарманымен бірге сергелдеңге түседі. Сонымен бірге өзінің рухани ізденістері мен философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып, ортақтастырады. Осы жағынан романтикалық бейнелеу тәсілінің ұшқындары аңғарылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
Затонский Д.В. Модернизм и постмодернизм: Мысли об извечном коловращении изящных и неизящных искусств. – Харьков: Фолио, 2000. – 256 с.
Амантай Д. Роль литературы Начнем с понедельника. – 2006, 14-20 апрель. – С. 20.
Сафронова Л.В. Постмодернисткая литература и современное литературоведение Казахстана. Учебное пособие. – Алматы, 2006. – 95 с.
Бельгер Г. Дидардың гүлдері мен кітаптары Аzамаt. № 26 (26), 2.09.05. – 5 б.
Бөпежанова Ә. Гүлдер мен кітаптар – мәдениет құбылысы Қазақ әдебиеті, 09.09.2005. - 12 б.
Амантай Д. Гүлдер мен кітаптар. Роман. –Алматы: Арман-3, 2003. – 108 б.
Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы жаңашыл баяндау үрдістері Евразия. 2005, № 2. - 52-65 бб.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада модернизм, постмодернизм эстетикасындағы романтикалық тенденция трансформациясы Д.Амантайдың бірқатар эсселері мен «Гүлдер мен кітаптар» атты романының материалы негізінде талданады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается проблема трансформации романтической тенденции в эстетике модернизма и постмодернизма на материалах эссе и романа «Цветы и книги» современного казахского писателя Дидара Амантая.
Достарыңызбен бөлісу: |