Бағдарлама бойынша бастауыш сыныптарда грамматикалық білім тек қолданыстық деңгейде үйретілу мақсаты көзделген. Ғылыми тілде терминдер немесе жаттауға міндеттейтін ережелер қолданылмайды. Грамматикалық білім ықшамдалып, түсінікті тілмен арнайы «Есте сақта» айдарымен ұсынылады. Оқулықтың бұл бөлігі мұғалімнің басшылығымен түсіндіріледі. Әр грамматикалық түсінікке сай «Жаттық» айдарымен пысықтау тапсырмасы беріледі. Кей жағдайда өн бойында белгілі бір грамматикалық құрылымдарды жинақтап тұрған оқылым немесе тыңдалым мәтіндері де грамматикалық түсінігін бекітуге септігін тигізіп жатады. Айта кететін жайт, әр
сабақта грамматикалық білім беру міндет емес. Кейде керісінше де бола алады. Бір сабақ толығымен грамматикалық білімді меңгертуге арналады.
Сөздік қор
Мұғалімге арналған нұсқаулықта сөздік қорды дамытуға баса назар аударылады.
Оқушыларға жаңа сөздерді үйретудің түрлі амалдары әр сабақта сөз болады.
Қазақ тілі сабағында аударма тәсілі мүлде қолданылмайды. Мұғалім жаңа сөз мағынасын сурет немесе жест, қимыл арқылы ұғындырады. Сабақ барысында өте қарапайым, қысқа сөйлемдер құрап сөйлейді. Кейбір кездері оқушыларға жаңа сөз мағынасын өздері іздеп табуларына рұқсат беріледі. Өйткені оқушы өз бетімен іздене алатындай дәрежеге жетуі тиіс. Ескеретін жайт, сабақта тек түсіндірме сөздік немесе суретті сөздік қолдану ұсынылады.
Оқулықта ұсынылатын жаңа сөздер бір сабақтың көлемінде бірнеше рет қолданылады. Сондай-ақ, алдағы бірнеше сабақтарда қайта ұшырасып, оқушы санасында еріксіз жатталады. Лексикалық қордың аумағы оқушыларға сөз тіркестерін немесе дайын сөйлесім үлгілерін (фразалық тіркестер сынды қалыптасқан екі-үш сөзден тұратын синтаксистік оралымдар) берумен айтарлықтай кеңи түспек.
Оқушылардың лексикалық минимумдарды қолданып сөйлеуіне ерекше ден қойған дұрыс. Әрбір үйренген сөз оқушының қолданысына жарайтындай дәрежеде жаттықтырылып барып оның лексикалық қоржынына енеді.
Әлемдік тәжірибе бойынша тілді тиімді меңгеру 4 дағды арқылы жүзеге асырылады. Тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары коммуникативтік дағдылар болып табылады. Аталған дағдылардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. коммуникативтік дағдыларды басшылыққа ала отырып оқыту функционалды сауаттылықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Грамматикалық білім тілдік төрт дағдыны қалыптастыру барысында жүзеге асырылып отырады. Оқушының әдеби тіл нормаларын дұрыс және орынды қолдана білуіне үлкен мән беріледі. Ал лексикалық тақырыптар белгілі бір тақырыптар аясында оқушының сөздік қорын байыта отырып, сөздің мағынасын түсінуге, мақсатқа сай қолданылуын жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |