2.2. Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығы Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық жолын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезеңдегі (1928-1932) шығармалары – «Тулаған толқында», «Өмір ертегісі», «Көк үйдегі көршілер», т.б. суреткердің сенімді аяқ алысын байқатқан еді. Екінші кезеңде (1932-1938) өзіндік қалам қайратын, шеберлік келбетін көрсетіп, қазақ әдебиетін байытарлық туындылар жаратты. Олар: «Талпақ танау», «Шұғыла», ана туралы новеллалар, «Қыз Жібек» драмасы, Б.Майлинмен бірге жазған «Амангелді» пьесасы. 1939 жылы жарияланған «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» трагедиясынан Ғ.Мүсірепов шығармашылығының үшінші кезеңі басталады. Осы кезеңде суреткердің дарыны кемеліне келді, проза мен драматургияның татымды үлгілерін тудырды.
Әңгімелері Жазушының 1930 жылдардың бас кезіндегі, көбірек көңіл бөлген тақырыбы – ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі болды. Оның осы тақырыпқа арнап жазған тұңғыш шығармасы «Қос шалқар» (1929) әңгімесі еді. Әңгіменің оқиғасы Қазақстанда егіндік, шабындық жерлерді бөліске салу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесіне ұласады. Қасым сияөты байлардың шөбін шауып, малын баққан Күсен сияқты кедейлердің артель болып ұйымдасуы, байлар мен кедейлердің таптық күресі шеңберіндегі қазақ ауылының шындық өмірі суреттеледі.
Жазушы «Қос шалқар» атанған әсем көлдің атырабына үш рет жолы түскенін баяндац отырып, осы өңірдегі болған өзгерісті сөз етеді.
Ғ.Мүсіреповтің бұдан кейінгі жазған екі әңгімесі – «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Күсен» (1930) де осы тақырыптың жалғасы іспетті болып келеді. Онда да қазақ ауылындағы колхоздандыру кезіндегі қиыншылық таптық талас-тартыс әңгіме болады. Ғ.Мүсірепов 1932 жылы «Бір адым кейін, екі адым ілгері» атты әңгімесін жазды. Онда да таптық күрес, астыртын әрекеттер, ауылдың бай-кедей болып бөлінуі, жаңа заманға өткен қоғам өкілдерінің риза болмай, қарсы тұруы суреттеледі. Бұл әңгіменің сюжеті жазушы ойлап тапқан оқиға сюжеті емес, 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңіндегі өмір шындығы екені даусыз. Себебі бір қоғамдық құрылыс өзгеріп, оның орнына жаңа қоғам келгенде адамдардың идеялық талас-тартысының болуы, ескі мен жаңаның күресі табиғи заңды құбылыс, өмір шындығы еді. Жазушы осы адамдар санасындағы болған өзгерістерді суреттеп отыр.
Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М.Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М.Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ.Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М.Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер-ана», «Ақлима» «Ашынған ана» атты әңгімелерін жазды. «Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азам етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.
«Ашынған ана» (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: «... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...»