2.4. Ұлпан романы Қазақ ұлттық әдебиетінің «алтын қорының» төрінен өзіндік ойып алар орны бар шығарма - «Ұлпан» романы. Шығарма мазмұнына тоқталар болсақ, «Ұлпан» — тарихи роман, онда бір ғана Керей-Уаққа қарасты Сибан елінің тыныс тіршілігін суреттеу арқылы сол замандағы, атап айтқанда ХІХ ғасырдағы жалпы қазақ елінің шежіресі мазмұндалады. Шығармада ғасыр бойындағы қазақи тіршілік, оның тұрмысы, салт-дәстүрі, өзіне тән әдет-ғұрпы кеңінен қамтылған. Толығырақ айтар болсақ, бұл шығармада да Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағыдай сол заманғы қазақ халқының тыныс тіршілігін сипаттайтын жер дауы, жесір дауы, барымташылық, қыз айттыру, қалың мал беру, жарлы мен жақсының күресі тәрізді құбылыстар терең сипатталып, суреттеледі.
Шығарманың бас кейіпкері - Ұлпан, ол шын мәнінде өмірде болған тарихи тұлға. Романның екінші бас кейіпкері Есенейден қырық жасқа кіші бола отырып, тұлымы желбіреген жас қыздан бір рулы елдің басын біріктіріп, атын шығаратын ұлы тұлғаға дейін қөтеріле білген қайраткер жан. Романның мазмұнына орай, Керей-Уақтың Сибан елінің билігін қолына ұстап тұрған әйгілі биі, «мың жылқылы» байы Есеней жер дауы мәселесімен өз алдына жігіт кейпінде келген Ұлпанмен кездейсоқ ұшырасады. Оның қалың жылқысы аз үйлі кірме Күрлеуіттің жеріне түсіп кетеді де, сол елдің уәжін айта келген топтың басшысы бір кездері өзімен үзеңгілес жүрген және де өмірін сақтап қалған ескі досы Артықбайдың қызы болып шығады. Бес жасында Есенейдің арқасына мініп, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз, енді ел сөзін сөйлеп, ат құлағында ойнайтын батыр қызға айналғанын көрген Есеней жас алшақтығына қарамастан, Ұлпанға деген көңілі оянып араға өзінің әрі досы, әрі ағайындасы «Түрікпен» Мүсірепті салады. Аздап сыбызғы тартып, серілік құрып жүретін «Түрікпен» Мүсіреп, Есеней досының емеурінін шебер жеткізе отырып, Ұлпанға қолқа салады. Ұлпан болса, Есенейдің сөз салысын алғашында есеңгірей тыңдағанымен де, «Есенейдің құрығы мойныма түсе қалса, оны алып кететін күш біздің аз ғана ауыл кірме Күрлеуітте жоқ. Құдай салды біз көндік. Бірақ ағаңның есінде болсын Ұлпан арзанға түспейтін қыз»,- деп жауап береді. Осылайша, ол өзін роман сөздерімен суреттегендегідей «Таңданарлық қыз әрі есті, әрі сұлу болу керек емес пе? Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын, сұлулығы да толыға беретін қыз болады»,- дегендей қырынан таныта алған еді. Қатал да озбыр Есенейдің жан жүрегін жібіте отырып, бір кездері: «Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен болып қаларсың», - деп өзі айтқандай айналасы аз жылда дүйім елге билігін айта алар дана тұлға түрінде таныла алды. Бір кездері жас өмірін қиып келген Ұлпанның жолы ақталып, Есенейдің көзі тірісінде-ақ, Ұлпан бес болыс Сибанның қамқор анасына айналды. Артта қалған қазақ аулына жаңалықтың жаршысындай бола отырып, осыған дейін болмаған монша, қыстық үй салуды енгізу арқылы елін алға жетектеді. Әйтпесе, қыс бойы киіз үйде отырған қазақ жұртының жас баласы қысқы аязға төзе алмай, суық тиіп, шетінеп жататын еді. Ел-жұртының қамын ойлап, мұң-мұқтажын сезіне алған Ұлпан Есенейдің қалың жылқысын қарауындағы елге бөліп беру арқылы өзінің кісі ақысын жеуді ар санайтын бекзат адалдығын танытады. Бұл қасиет екінің біріне беріле бермейтін имандылық, теңдік белгісі. Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болғаннан кейін де ол өз бойындағы асыл қасиеттерінен айрылмай, бір туар жан екенін танытып отырды. Ол жайлы романда: «Ұлпан бұл кезде қара жамылған қаралы әйел. Он ауыл Сибанды Есенейдің қазаны мен қолына қарап телміріп отырудан біржола құтқарды. Қашаннан Есенейдікі болып келген кең жерді әр ауылға бөліп берді. Мұнысы жалғыз бұл ел емес, жалпы Сібір казактары үшін жаңа бір үлгі еді. Оның аты не екенін Ұлпан өзі білген емес. Кедейлік жаншып, ділгірлік сорына белден батып отырған жоқ-жітікке жаны ашыды да, қолдан келерін істеді де берді. Қазір Есенейдің малы екі есе азайды, оның есесіне ел Сибанның малы он есе көбейді. Әр үй өз текесін, өз айғырын мақтасып отырады. Ел аздап егін салады, шөп шабады. Бала-шаға дірдектеп қыс бойы киіз үйде отырмайды, жылы, қысқы үйде отырады. Әсіресе, осы қысқы үй үшін ел-жұрты Ұлпанға қатты риза», - деп суреттеліп кеткен. Ұлпанның осы бекзаттылығын көзі тірісінде бағалай білген Есеней оған өз атын қиып қана қоймай, «Ақнар» деп те атайды. Өз бойында қашанда азаматын жоғары қойып, ерін силап өткен қазақ әйеліне тән игі қасиеттерді сіңіре білген Ұлпан өзін ешқашен Есенейден жоғары қоймайды, артық сезінбейді, байлыққа масаттанып, өктемдік жүргізбейді. Осындай әйел-ана бейнесін сомдай білген Ғабит Мүсірепов сынды классик жазушының көркем тілінің шеберлігі туралы айтпасқа болмас, роман желісі оқырманды баурап алып, қызықтыра түседі. Дегенмен де менің ойымша, романның оқиғалар желісіне тарихи көзқараспен қараған дұрыс. Романда ұлт мақтанышы Кенесары батыр бейнесі теріс қырынан суреттелгендігін айта келіп, кеңес заманының жазушысы болғандықтан да, сол кездегі идеологияның сызы білініп тұрады.