«Қазақ тілі» пәнінің әдістемелік оқу кешені Мақсаты: Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымымен танысу, әрқайсының оқыту үрдісіндегі орны мен маңызын анықтау.
Негізгі терминдер мен ұғымдар:әдістемелік нұсқау, жаттығу, дидактикалық материалдар; тірек-сызбалар, электрондық оқулықтар.
Қарастырылатын мәселелер: Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымы.
Дидактикалық материалдар түрлері
Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – үйренушілердің таным қызметін басқаратын әдістемелік жүйенің толықтығын қамтамасыз ететін, оқу құралдарының жиынтығы. Оқу-әдістемелік кешен білімнің барлық сатысына арналған бірыңғай коммуникативтік-танымдық тұжырымдаманы есепке ала отырып, әзірленуі керек.
Оқу-әдістемелік кешен құрамы келесі бөлшектерден тұрады:
нормативтік құжат;
педагогтарға арналған кітап, оған сабақ үлгілері, жалпы тақырыптық жоспарлау, қарым-қатынас біліктілігін үйрету бойынша ұсыныстар мен авторлық курс тұжырымдамасының сипаттамасы енуі керек;
әр түрлі мазмұн мен бағыттағы әдістемелік құралдар;
курстың тақырыптары мен мәселелері, оның әдістемелік әзірлемелері;
оқытуды жекелеу мен саралауға арналған дидактикалық материалдар;
қажетті мәтін, сурет пен қосымша материалдардан тұратын оқушыларға арналған кітап;
оқуға арналған кітап;
оқушылардың білімі мен біліктілігін қалыптастыруға арналған тапсырмалары бар жұмыс дәптері, жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар күрделілік сатысына қарай сараланып берілу керек;
өз-өзін бағалау, өз-өзін бақылау, тестілеу, қайталауға арналған тапсырмалар мен қосымша материалдар;
оқытуға қажетті дидактикалық және үлестірме материалдарынан тұратын көрнекі құралдар альбомы;
компьютерлік оқыту бағдарламалары мен автоматтандырылған оқыту жүйелері;
ауыртпалығы бар факультативті материал.
Оқу-әдістмелік кешеннің барлық материалдары аяқталған блок /модуль/ түрінде ұсынылып, үйренушілерге аса қиындық тудырмайтын, үйренудегі ауыртпалықтарды жоюға көмек беріп, аталған пәнді меңгеруде ғылыми және идеялық деңгейдегі тапсырмаларды ашуда, пәнаралық байланысы болып, оқытудың практикалық бағытын күшейтуге және жеке тұрғыда оқытуға мүмкіндік туғызуы керек.
Дидактикалық материалдар – оқушылардың алған теориялық білімдерін тиянақты, саналы меңгеруге, ой өрісін, дүниетанымын молайтуға көмектесетін, яғни оқулықты толықтыра түсетін көмекші құрал.
Дидактикалық материал программа мен оқулыққа сүйеніп жазылады. Жаңа оқулықтың мазмұнын, ондағы берілген теориялық материалдарды жан-жақты толықтыра отырып, практикалық жағынан жұмыс істеуге көмегін тигізеді. Дидактикалық материал тақырып жүйесі бойынша жаттығу – тапсырма ретінде беріледі. Грамматикалық әрбір бөлімнен кейін тіл ұстартуға арнайы текстер беріледі.
Дидактика материалдар жинағында танымдық, білімдік және тәрбиелік мәні зор текстерге көбірек орын беріледі. Бұл материалдарды мұғалімнің оқулыққа қосымша материал ретінде пайдалануына, творчестволық тұрғыда жұмыс істеуіне көмектеседі. Дидактикалық материалдар жинағы үш жылда бір рет жаңарып отырады.
Мұғалім оқулықтағы грамматикалық ережелерге байланысты кейбір жаттығулардың аздығынан тақырыпты түсіндіруге қиналатын болса, дидактикалық материалдар жинағы арқылы өзінің қалауынша түрліше жұмыстарды ұйымдастыруына болады. Демек, мұғалім оқу-тәрбие ісіне методикалық нұсқау, дидактикалық материалды оқулықпен тығыз байланыстыра пайдаланғанда ғана оқушыға сапалы да саналы білім беруге болады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары: Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешенге нелер жатады?
Дидактикалық материалдар деген не, оның сабақтың нәтижелі өтуіәне ықпалы бар ма, қандай?
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. А., 2001.
2. 0разбаева Ф.Ш.,Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі.А.,2005.
3. Көккөзова М., САбақан. Әдіскер тағылымы. Алматы, 2000.
4. Исабаев Ә.Қазақ тілін оқыту методикасы. Ташкент-2003.
5. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005
6. Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010