Сонымен, құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігін айтады. Сонымен, оқытудағы құзыреттілік тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын педагогикалық үдеріске енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.
Аталған «құзыреттілік», «құзыр» ұғымдарының қолданыстағы білім, білік, дағдыдан айырмасы бар.
Айталық,
білімнен айырмасы – қызмет жөніндегі ақпараттық сипатта емес, өнімді қызмет формасы түрінде байқалады;
дағдыдан айырмасы – оқыған материалды топтастыра, құбылыстарды, заңдылықтарды шығармашылықпен пайдалана отырып өзгерте алатын саналы қызмет;
Қоғам талабына қарай оқытушының білім берудегі міндеті нәтижеге бағытталған іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге асыру. Қазіргі уақытта мұғаліммен бірге, оқушының алдына қойылатын талаптар да өсуде. Талап оқушылардың бойында түйінді құзыреттіліктерді қалыптастыру болып табылады.
Құзыреттілік тәсіл бірінші орынға:
нақты құбылыстарды танып білу мен түсіндіруде;
қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде;
практикалық өмірде мамандық таңдау кезінде өзінің кәсіби білім алуға дайындығын бағалауда;
еңбек нарығын бағдарлау қажет болғанда өмірден өз орнын анықтауға;
өмір салтын, кикілжіңдерді шешу тәсілдерін таңдауға байланысты мәселелерді шешу қажет болғанда туындайтын өмірлік мәні бар мәселелерді шешу біліктілігін шығарады.
Құзыреттілік ең алдымен білім алушының ақпараттық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Сыртқы ортадан ақпарат алу, оны өңдеу оқушы мінезін қалыптастырудың қайнар көзі болып табылады. Ақпараттарды өз бетімен алуға, талдауға, қайта өңдеуге үйрету ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыруға негіз болады. Мұнда оқушының өз бетімен жұмысына көп мән беріледі. Оқушылар өз беттерінше жаңа ақпараттық технологиялардың көмегімен ғаламтордан, түсіндірме сөздіктерден, түрлі тарихи ақпараттар алып, сабақ барысында пайдаланады. Бұл құзыреттілік оқушының оқу пәндеріндегі және білім аймақтарындағы, сонымен бірге қоршаған дүниедегі ақпараттармен жұмыс істей білу дағдыларын қамтамасыз етсе, ал білім беруші мұғалімнің мақсаты – оқушыға білімді өздігінен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік дүниетанымын қалыптастыруына жағдай жасау, кеңестер және бағыт-бағдар беру.
Негізгі құзыреттіліктер түріндегі күтілетін нәтижелер:
өз әрекетінің әлсіз және күшті жақтарын көрсете білуге;
нені меңгергенін, нені меңгермегенін анықтауға.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Сондықтан, қазіргі даму кезеңінде білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытушылар білім беру жүйесінде жаңа оқу технологияларын және интерактивті әдістерін қолдану арқылы оқушының қазіргі заман талабына сай білім алуына мүмкіндік береді. Ол оқытушының ізденісі, жан-жақтылығы құзыреттілік арқылы айқындалады.
Қазіргі заманғы білімдендірудің мақсаты оқушыны шығармашылыққа дайындау. Өйткені қоғамда «орындаушы» адамнан гөрі «шығармашыл» адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі өмір дәлелдеп отыр.
Шығармашылық дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады. Ұлы ақын Абай атамыздың мына дана сөзі ойға оралады: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар». Бұл жерде оқушының өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қабілетін іздете білу, өмірде өз орнын тапқыза білу қаншалықты қиын екенін түсіндіру. Шығармашылыққа баулу оқушы бойындағы талант көзін ашып, тілдік қорын байытып, ойлау, іздену сияқты психологиялық категорияларын қалыптастырып, оқушының дамуына өзіндік әсерін тигізеді.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру жолдары:
шығармашылық тұрғыда оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру мен оқу міндеттерін анықтау арқылы;
пәнаралық бірлестіктерді қалыптастыру арқылы;
оқытуды жаңа педагогикалық жаңа технологияларға негіздеу арқылы;
концептуалды идеяға негізделген оқу процесінің инновациялық әдіс-тәсілдерін енгізу, тағы басқа арқылы іске асырылады.
Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Олар:
1. Шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;
2. Жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайда болу;
3. Шығармашылық іс-әрекетке жағдай туғызу.
Оқушыларды шығармашылыққа баулу, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыру үшін төмендегідей түрлердерді қолдануға болады:
оқулық мәтінімен жұмыс;
арнайы бір тақырыпқа пікірталас тудыру;
қоғамдағы әр түрлі өзгерістерге байланысты пікір айту;
тың деректерден жаңа білімді ала білу, пайдалану, іздену;
реферат жазу;
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы талант көзін ашып, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Қорытындылай келсек, оқушы құзыреттілігін қалыптастыру үшін әр ұстаз өзіне тиімді әдіс-тәсіл мен технологияны қолдана алады. Ол Ж.Қараевтың «Деңгейлеп оқыту технологиясы», М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы», не М.Махмутовтың «Проблемалық оқыту технологиясы» болуы мүмкін, бірақ ең бастысы білім алушы қойылған проблеманың шешімін өзі тауып, әрекет жасай білуі керек. Оқушының жеке тұлға ретінде дербес өзіндік әлеміне жеткізу арқылы өзін-өзі дамытуға, өз мүмкіндіктерін таныттырып, оны жүзеге асыруға бағыттайтын әрбір білім беруші мұғалім өз қызметін үлкен сеніммен атқарғаны жөн. Себебі, «Мұғалім ең жауапты міндет орындайды – ол адамды қалыптастырады» деп М.И.Калинин айтқандай, заман талабына лайықты қызмет еткені дұрыс.
Білім мен ақпарат үстемдік құрған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Қатаң талаптары қалыптасып келе жатқан инновациялық экономика қай салада болса да, бүгінгі маманның құзыреттілігін, яғни өз саласы бойынша ой-пікірінің қалыптасуын, кәсібилігін, өмірдің өзгермелі жағдайына бейімділігін, оған сай өз білімін пайдалану ғана емес, оны қажеттікке қарай толықтырып отыруды талап етеді.
Сонымен, білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.