Қазақ тілін оқыту әдістемесінің педагогикамен байланысы
Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық тілі. Қазақ тілі сыры мен қыры көп, өз ішінде түрлі-түрлі салаларға бөлінетін күрделі де бай тіл. Мектептегі қазақ тілінің жүйелі тақырыптары фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис және пунктуация, тіл дамыту сияқты салаларға бөлініп оқытылады.
Бүгінгі оқушы –ертеңгі маман. Қазақ тілін дамытатын да, оның қанатын кең жаюға көмектесетін де бүгінгі оқушы. Себебі, ол мектепте бүгінгі жаңалықтарды терең меңгеріп, ертеңгі күні қоғамда жүзеге асыруы қажет.
Оқыту әдістемесі оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда, сондай-ақ жас жеткіншектің дүние-танымын жетілдіруде өте қажетті практикалық міндеттерді іске асырады. Оның басты мақсаты оқыту нәтижесінде оқушыларға қазақ тілінің негізін тиянақты меңгерту болып табылады.
Оқыту әдістемесі өз алдына дербес ғылым ретінде басқа ғылымдармен, яғни лингвистика, психология, логика және педагогика ғылымдарымен өзара байланыста дамып отырады.
Қазақ тілін үйретудің әдіс-тәсілдерін анықтау, берілген білім көлемі мен мазмұнын белгілеу оқытудың педагогикалық негізіне сүйенгенде ғана дұрыс әрі сапалы түрде жүзеге асады.
Қазақ тілі әдістемесі – ана тілін ұғынудың заңдылықтарын, тілдің қыры мен сырын балаға үйретудің жолдары мен құралдарын зерттейтін педагогика ғылымының бір саласы. Педагогика ғылымының дидактика саласы оқыту ұстанымдарын, оқуды ұйымдастырудың алуан түрлі әдіс-тәсілдерін, білімді игерудің ең тиімді, ұтымды жолдарын, іскерлік пен дағдыны қалыптастырудың амалдарын зерттейді.
Сабақ үстінде, тақырыпты меңгеру барысында мұғалім дидактиканың оқыту, білім беру жөніндегі теориялық қағидаларына сүйенеді.
ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген әйгілі чех педагогі Ян Амос Каменский дидактика саласында еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа өшпес із қалдырды. Педагог «Ұлы дидактика» еңбегінде оқу-тәрбие жұмысының негізгі әдісі – баяндау мен сөзге құрылған бақылау емес, дидактика заңдарын терең қолданып, жаттықтыру, яғни білімді іскерлік негізінде меңгеріп, оны дағдыға айналдыру деп көрсетеді. Ол: «Білімнің негізі зат пен құбылыстың өз табиғатынан алынсын. Ұстаз аз сөйлеп, шәкірт көп үйренетін болсын» - деген дидактикалық қағидасы осы күнге дейін өзінің құнын жойған жоқ.
К.Д.Ушинский оқу материалын меңгеруде әңгіме, салыстыру, пысықтау, бекіту сияқты әдістерді тиімді қолданудың жолдарын көрсетеді.
«Балалар әдебиетінің атасы» атанған Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін оқытудың қолданбасы» деген еңбегінде әңгіме әдісін қазақ мектебінде алғаш рет қолданады.
А.Байтұрсыновтың мұрасын зерттеуші ғалымдар ғалым-ұстаздың әдістеме саласындағы еңбектерін былайша топтап береді:
1. Оқулықпен қатар жазылған, оқытудың әдістемесін көрсететін еңбектер.
2. Қазақша әліп-бидің, дыбыстың негізінде сауат ашу әдісін іске асыратын еңбектер.
3. Ана тілін оқытудың әдістерін баяндайтын еңбектер.
4. Тіл ұстартуды көрнекілік әдіс арқылы дамытуды көздейтін еңбектер.
5. Қазақша сауатты сөйлеудің, оқудың, жазудың әдістерін қарастыратын еңбектер.
6.Әдістің түрлерін жіктеп көрсететін еңбектер.
Ғалым өзінің оқулықтарында «жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге» деген ұстанымды ұстаған.
Методология –гректің metodos – зерттеу, әдіс, ілім деген сөздерінен алынған термин. Әдістеме білім беру құралдарының жиынтығы деп қарастырылса, ал методология осы білім беру құралдарын басшылыққа алатын негіздер болып табылады.
Дидактика – педагогика ғылымының білім беру және оны оқыту теориясын қарастыратын саласы. Ол білімнің мазмұнын, ғылыми негізін, оқыту әдістерін зерттейді. Нені оқыту керек, қалай оқыту қажет деген сұрақтарды шешіп отырады. Осы мәселелер жөнінде өзінің ұстанымдарын белгілейді.
Б.Құлмағанбетова дидактикалық ұстанымдардың сегіз түрін, атап айтқанда, оқытудың ғылыми ұстанымын, жүйелілік ұстанымын, материалды дұрыс орналастыру ұстанымын, алдын-ала болжау ұстанымын, саналылық ұстанымын, оқытудың берік, тиянақты болу ұстанымын, теория мен практиканы өмірмен байланыстыру ұстанымын, оқытудың көрнекілік ұстанымын ұсынады.
С.Қазыбаев балаларды тәрбиелеу әрі дамыту, оқу материалын саналы меңгерту, ғылыми дұрыс білім беру, білім, білік, дағды беріктігі, түсініктілік, көрнекілік, оқушылардың оқу еңбегінде көрсеткен белсенділігі мен өздік жұмысы, білімнің жүйелілік және бірізділік, оқытудың сабақтастығы ұстанымдарын, барлығы тоғыз ұстанымның қажеттігін айтады.
Әдіске Ә.Исабаев қазақ тілін оқытудың әдістемелік ұстанымдарын ғылыми, жүйелі, көрнекілік, саналылық пен белсенділік, теорияны практикамен байланыстыру, түсінуге жеңіл қолайлылық, шәкірттердің психикалық ерекшелігін ескеру ұстанымдары деп топтастырады..
Ғылыми ұстаным. Қазақ тілінен білім мен практикалық дағды беруде жиі іске асырылатын ұстанымның бірі – ғылыми ұстаным.
Оқушыларға берілетін тілдік мәліметтер төмендегі өлшемдерге сәйкес болуы қажет: 1) Меңгерілетін объектінің термині анық болуы қажет. 2) Қазақ тілінен берілетін тақырыптардың дәлдігі талап етіледі. Тілдік фактілерге сай меңгерілетін тақырыптардың дәл, анық болуы студенттердің түсінігінің кеңеюіне септігін тигізеді. 3) Тілдік тақырыптардың өзіндік белгілері сараланып алынғаны абзал. Бұған бір тақырып пен екінші тақырыптың байланыстылығы, материалдың ішкі өзіндік қасиеттері енеді. 4) Қазақ тілінен берілетін материалдардың анықтамалары мен ережелері дәл болғаны абзал. Негізгі берілетін мағыналары мен ішкі заңдылықтарына қарай нақтылы анықтамалар мен ережелер шығарылады. 5) Тілдік тақырыптарға байланысты берілетін практикалық дағдылардың да көлемі дәл болғаны жөн.
Сонымен жоғарыдағы айтылған шарттарды ескергенде ғана қазақ тілінен ғылыми ұстаным негізінде білім беруге болады. Бұл ғылыми ұстанымның іске асырылуы болып табылады.
Жүйелілік ұстанымы. Оқытудың жүйелілік ұстанымы – жаңа материалды түсіндіруде, білім мен дағдыларды бекітуде, біріккен сабақ құрылымында, білім мен дағдыларды тексеруде, пысықтау мен қайталауда, үй тапсырмасын беруде және оны тексеріп, еске түсіруде іске асырылады.
Көрнекілік ұстанымы. Оқушыларға қазақ тілі материалдарын анық, дәл түсіндіруде іске асырылатын принциптің бірі – көрнекілік принципі. Бұл принцип оқушылардың дыбыс жүйесіндегі білімі мен дағдыларын әрі қарай нығайту үшін және оны жете меңгерту үшін қолданылады. Қазақ тілі сабағында мынадай көрнекіліктің түрлері іске асырылады: кесте, схема, плакат, сурет, анықтағыш дәптер, көрнекілік тақта, сөздіктер, және техникалық құралдар.
Саналылық пен белсенділік ұстанымы. Қазақ тілі объектілерін саналы түрде меңгерту үшін мына сияқты жұмыс түрлерін іске асырған жөн: 1) Тілден берілетін мағлұматтарды жеке түсіндіріп, ол мәлдіметтерді өз түсінігі бойынша айтқызып отырған мақұл; 2) түрлі жаттығулар жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар тапсырманы еркін орындауы керек; 3) күнделікті, семестрлік және жылдық қайталаулар тұсында өткен материалдарға байланысты сұрақтарға толық жауап болуы тиіс; 4) орфография мен орфоэпияға байланысты дағдыларды шартына қарай орындай білгені дұрыс; 5) күнделікті өмір қажетіне қарай практикалық дағдыларды саналы түрде меңгергені жөн.
Теорияны практикамен байланыстыру ұстанымы. Студенттерге қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беріледі. Қазақ тілінен берілетін теориялық білім мына сияқты практикалық мақсаттарда жүзеге асырады: 1) тілден алған теориялық білімін ауызша және жазбаша мақсатта қолдана білу; 2) түрлі талдаулар жасай білу; 3) орфография мен орфоэпиядан алған білімді ауызша және жазбаша түрде сауатты іске асыру.
Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы. Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін, білім дәрежесін ескере отырып, оқытушының түсіндіруі, оқулық тілі және оның баяндалу желісі сияқты үш түрлі ерекшеліктерді басшылыққа алады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімнің анықтамалары мен ережелері, терминдері мен өзіндік белгілері, жасалу жолдары оқушылардың қабылдау, ойлау сияқты психикалық қасиеттеріне лайықты түсіндіріледі. Алдымен қазақ тілінен тақырыптарды дәл таңдап алып, оны жеңіл мысалдармен түсіндіреді; тілдік тақырыптардың өзіндік белгілерін анықтайтын мысалдар көрсетіп, оларды талдайды; тақырыптың өзіндік ерекшеліктерін оқушыларға айтқызып, ауызша мысалдар келтіреді; бұл мысалдарын тақтаға жаздырып, талдау жасатады; талдау үстінде тақырыптың өзіндік белгілерін саралап айтқызып, қорытынды пікір шығаруға төселдіреді.
Оқушылардың психикалық ерекшелігін ескеру ұстанымы. Оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беруде олардың психикалық қасиеттері, оқуға бейімділігі, икемділігі мен дайындық дәрежесі ескеріледі. Оқушыларға өткен материал мен жаңа материалдың байланысын таптырып, тақырыптың өзіндік белгілерін қаншалықты меңгергендіктерін оқытушы бақылап отырады.
Пайдаланылатын әдебиет:
1 Оразбаева Ф.Ш., Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы,2005
2 Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. Алматы,1993
3 Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы,1996
4 Қазақстан Республикасының Орта білімді дамыту тұжырымдамасы. Жоба. //Қазақстан мұғалімі. -1997.№14, 1-б.
5. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы,1993
6.Жұбанова М.. Құдайберген Жұбанов ұлттық дидактика хақында. Алматы,2002
Аннотация
В этой статье рассматриваются педагогические аспекты методики преподавания казахского языка
Достарыңызбен бөлісу: |