Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ПӘНІ


ОҚУШЫЛАРДЫҢ МАЗМҰНДАМА МЕН ШЫҒАРМА ЖҰМЫСТАРЫНАН ЖІБЕРГЕН ҚАТЕЛЕРІН ТҮЗЕТУ ЖОЛДАРЫ



бет53/54
Дата11.06.2024
өлшемі357,38 Kb.
#203316
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54
Байланысты:
С Рахметова Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту әдістемесі

4 ОҚУШЫЛАРДЫҢ МАЗМҰНДАМА МЕН ШЫҒАРМА ЖҰМЫСТАРЫНАН ЖІБЕРГЕН ҚАТЕЛЕРІН ТҮЗЕТУ ЖОЛДАРЫ
Мазмұндама мен шығарманың түпкілікті мақсаты оқушылардың ойын және тілін дамыту болғандықтан, ең алдымен бұл жұмыстардың мазмұны мен тіліне көңіл аударылуға тиіс. Бірақ бұл айтылғаннан орфографиялық қателіктерді есепке алудың керегі жоқ деген пікір тумайды. Оқушылардың жіберген қателіктерін түзету екі түрлі жолмен жүргізіледі:
1. Балалар өзін-өзі тексеруге нақты тапсырмны орындауы мақсатымен бірте-бірте үйретіледі. Мысалы, оқушылар «Өзен жағасында» сурет бойынша шығарма жазып болған соң, мұғалім балаларға тақтадағы сұрақтарды оқытады. Содан соң: «Осы сұраққа қайтарған жауабың дұрыс па, түсінікті ме, толық па – осыны ескеріп, бірінші сұраққа жазған жауабыңды есіңе түсір», - дейді.
Осы әдіспен қалған сұрақтарға берген (жазған) жауабын да қайталатады. Содан кейін: «Жазған әңгімеңді (айтқан әңгімеңді) енді тақтадағы сұрақтарға қарамай, өзің басынан аяғына дейін тұтас оқып (қайталап айт) шық. Одан не жөнінде жазып отырғаныңды байқа. Бір сөзді бірнеше рет қайталаған жоқсың ба, соны аңғар»,- деп, екінші рет оқытады.
Үшіншіде «Жазғаныңда қате жоқ па, әр сөйлемнен кейін тыныс белгісін дұрыс қойдың ба, «орманға» сөзінде «н»-ның орнына «ң», ойнадым сөзінде «й»-дің орнына «и» т.б. жазып қойған жоқсың ба – осыларды байқап, жақсылап, асықпай, бір рет оқып шық, - деді.
Сөйтіп, жазып болған балалар осындай нақты тапсырма алып, жұмыс жасай береді. Бірте-бірте балаларға: «өз жұмысыңды оқығанда басқа біреудің жұмысын оқып отырғандай сезін. Сен болсаң, ол сөйлемді қалай құрастырар едің? Қалай жазар едің?» деген сияқты тапсырмалар беріледі.
2. Балалар өзін-өзі тексеруге бір-бірінің жұмысын оқып түзету арқылы үйретіледі. Бұл жұмысты мұғалім оқушылар шығарманы түзету техникасын бірсыпыра меңгерген кезде бастайды. Кішкене балалар бірінің жұмысын бірі тексеруге, яғни қызыл сиямен мұғалім болып жұмыстың қатесін тауып түзетуге зор ынтамен кіріседі. Бірақ мұнда ескертілетін жай кей баланың дұрыс жазылған сөздер мен сөйлемдерді қате түзетіп қоюынан сақ болған жөн. Ол үшін мұғалім оқушылардың жұмысты жөндеулері барысында көз жіберіп қарап жүреді, қажетті жерінде көмек береді, оларға асықпай оқып шығып, қай жерінде қате барын алдымен байқап алып, қате екеніне көз жеткенде ғана жөндеу керектігі ескертіледі. Жұмыстарға көз жүгіртіп қарап жүргенде бір қате үш-төрт балада кездескен болса, сол сөзді жөндеп жатқан баладан не себепті жөндегені сұралады. Жұмыс барысында осы сияқты тәсілдер арқылы балалар бірінің қатесін түзетіп болған соң дәптерлерін мұғалім жинап алып кетеді, балалардың түзеткендерінің дұрыс қателігін қарайды, баға қояды.
Бастауыш сынып оқушыларының жазған жұмыстарында кездесетін қателерді жоюдың екінші амалы – ол жұмыстарға толық талдау жасау. – Бұл сабақтарда балалар өз жұмыстарында кеткен қателермен танысады, мұғалім оқушылардың жұмыстарын тексеріп болған соң ондағы қателерді топ-топқа жіктеп, барлық жұмысты салыстырады. Балалардың көпшілігіне тән қателерді анықтап қатені талдау сабағы да осыған орай ұйымдастырылады. Мысалы, оқушылардың көпшілігі бір сөзді бірнеше рет қайталаған болса, («көктем шыға бастады. Су аға бастады» т.б.) сөйлем қайталанған сөздермен тақтаға жазылады. Балалар ол сөйлемдердің қатесін түзейді. Басқа балалар өз жұмыстарынан осы сөйлемдерді табады, қателері болса, түзетеді. Жұмысының түзелген жері көп оқушы оны қайта көшіреді.
Оқушылардың қателерін талдауға арналған сабақтың алғашқы 5-7 минутын мұғалім жазылған жұмысқа шолу жасауға пайдаланады. Онда кей балалардың жетістігі, тәуір жазылған жұмыстардың біреуі тұтас оқылып әңгімеленеді. Кейбір жағдайда мұғалім әр жұмыстың жақсы жазылған жерлерінен үзінді оқиды. Мысалы, бір жұмыстың мазмұнының түсініктілігі, екінші бір оқушының ойы жүйелі түрде баяндалғандығы, сол жұмыстардың нашар жақтары айтылады. Мұнда да мұғалім кей жұмыстардан мысал келтіреді. Содан кейін тақтаға алдын ала жазылып қойған сөйлемдер мен жұмыс басталады. Оқушылардың өз қателерін байқауға және оның дұрыстығына көз жаттықтырып екіншілей ол сөздерді қате жібермеуге қайта көшіріп жазудың пайдасы көп. Ал оқушылар шартты белгілер қоюға ІІІ сыныптың алғашқы кезеңінен бастап үйретіледі. Онда алдымен бір белгі қойылады, балалар бұл белгіге әбден үйренген кезде екінші белгі қойылып, оның нені білдіретіні түсіндіріледі. Белгілер осылайша бірте-бірте меңгеріледі.
Оқушылардың шығарма, мазмұндама жұмыстарында кездесетін қателерді жоюдың үшінші жолы – қатенің түріне қарай жаттығу сабақтарын өткізу. Мұндай сабақтарда балалар өздерінің жазба жұмыстарында мән бермеген, ойланбастан жаза салғандықтан кеткен қателерін сезінеді, дұрыс жазбағандарын саналы түрде түсінеді де, кейін ондай қателерді жібермеуге тырысады. Мазмұндама мен шығармаларда кездесетін қателерді түзету үшін дидактикалық материалдарға байланысты жүргізілетін жұмыстардың да маңызы зор.
Оқушылардың жазу жұмыстарында кезесетін қателерді болдырмау жолындағы жұмыстарды тиісті дәрежеде жолға қойып, үзбей жүргізіп отырмаса, ол қателер жалғаса береді де, балаларда стереотип жасалады, яғни ми қабығында берік шартты рефлекстер жүйесі орнығады. Сол себепті кейбір қателерден олар жоғары сыныптарда да арыла алмайды. Шығарма жұмысын талдау былайша жүргізіледі: 1) шығарма жазған оқушылардың саны, 2) тақырыпты дұрыс ашып көрсеткен және орфографиялық қате жібермеген оқушылар саны, 3) жұмысты мазмұнды жағынан нашар орындаған оқушылар саны, а) жоспардың бірде-бір пункті ашылмаған, ә) жоспар түгел қамтылмаған, 4) стильдік жағынан қате жіберген оқушылар саны: а) сөйлемдегі сөздердің тәртібі бұзылған; ә) бір сөзді қатар келген сөйлемдерде бірнеше рет қайталайды. б) сөз орынды қолданылмаған, в) сөйлемдегі сөздердің байланысы нашар, 5) орфографиялық, пунктуациялық қате жіберген оқушылар саны (әсіресе қандай ереже бойынша көп қате жіберген, көпшілініне тән жекелеген қателерді жазып көрсету керек).

Сұрақтар мен тапсырмалар:


1. Бастауыш мектеп оқушыларының мазмұндамалары мен шығармаларындағы қателерді болдырмау шаралары қандай?
2. III, IV сынып оқушыларының шығармаларын мазмұны, құрылысы, тілі жағынан талдаңыз.
3. Мазмұндама мен шығармаға үйрету үшін, құралдар мен дидактикалық материалдар іріктеп алыңыз.
4. Оқушыларды мазмұндама немесе шығарма жазуға дайындайтын бір сабаққа қатысып, талдау жасаңыз.
5. Шығарма жүргізу үшін тақырыптар жасаңыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет