1.2 Адамгершілікке қарсы қылмыстылықтың түсінігі Қоғамның адамгершілік бастаулары - қоғам мүшелерін, алдымен жас ұрпақты заңдық, моральдық, өнегелік тұрғыдан тәрбиелеудің тірегі ретінде танылады. Кез келген қоғамның, мемлекеттің тағдыр-талайы, ондағы адамдардың мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері, мұрат-мүддесі, халықтың адамгершілік ахуалының жай-күйіне байланысты. Қоғамдық адамгершілік қоғамда үстемдік етуші тәртіп, идеялар, әдет-ғұрыптар, салт-сана, қайырымдылық пен жауыздық, әділдік пен әділетсіздік, парыз бен ар-намыс жөніндегі түсініктер нормасына және ережесі жүйесіне орнығады.
Адамгершілікке қарсы қылмыстылық түсінігіне күні бүгінге дейін ортақ құқықтық айқындама жасалған жоқ. Әр қилы тарихи кезеңдегі әр халықтың өзіне тән әлеуметтік - экономикалық тұрмысы, шаруашылығы, тұрмыс салты, этномәдениеті, әдет-ғұрпы, жөн-жобалары, этнопсихологиясы, діни, қоғамдық санасы мен моралы, мемлекеттік заңдары мен мемлекеттілігінің қоғамдық-саяси құрылысы ерекшеліктеріне қарай адамгершілікке қарсы қылмыстардың сипаты және таралу көлемі әр түрлі болды.
Әрбір тарихи кезеңде қоғамдық сананың белгілі бір дәрежеде өзгеруіне орай, адамгершілікке қарсы қылмыстылықтың мәні мен түр-сипаты да өзгеріске ұшырап отырды. Оның түрлері қандай да бір қоғамда үстемдік еткен дін, мораль, идеология және заң талаптарына сай зерделеніп, я моральға жат құбылыс немесе қылмыстық іс-әрекет ретінде танылды. Осыған орай, адамгершілікке қарсы қылмыстылық түсінігіне түрлі анықтамалар берілді. Адамгершілікке қарсы қылмыстылықтың түсінігіне көне заманнан бері бүгінгі күнге дейін, әр елде әркелкі сипат берілді. Тіпті бір қоғамда қылмысты іске жатқызылған іс-әрекеттер өзге бір қоғамда тек бейморальдық қылық ретінде танылуы мүмкін.
Көптеген мемлекеттердің заңнамасында адамгершілікке қарсы қылмыстар жүйесі ХІХ ғасырда құрылды. Жүйе екі тұрғыдан қарастырылды. Бір елдерде адамгершілікке қол сұғушылыққа жыныс қатынастарына байланысты кез келген қылмыс түрі: зорлау, жезөкшелікке тарту, кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу т.б. жатқызылды. Екінші елдерде, мысалы, Бельгияда, қоғамдық адамгершілік кейбір нысандармен біріктіріле қарастырылып, дербес қорғалмады, ал Францияда отбасына қарсы қылмыстар құрамына енгізілді.
Ресейдегі жазалау жөніндегі ережелер бойынша, адамгершілікке қарсы қылмыстар қоғамдық жайлылық және қоғамдық орындардағы бекітілген тәртіп ережелеріне қарсы қылмыстардың бөлігі ретінде танылды да, кәмелетке толмағандарды азғыру, ашыналық, табиғи емес жыныстық қатынастар, ата-анасы немесе жұбайы тарапынан жеңгетайлық, қалыпты әдет-ғұрыпқа, сыпайылыққа кереғар шығармаларды дайындау, тарату, жариялау қоғамға қарсы қылмыстардың дербес түрі ретінде қарастырылды.
Қоғамдық адамгершілік Бельгияда жеке-дара емес, өзге кейбір обьектілермен бірге қарастырылса, Францияда отбасына қарсы қылмыстар құрамына жатқызылды.
Ресейде, 1903 жылғы Қылмыстық ережеде қоғамдық адамгершілікке қарсы қылмыстар өзге әрекеттер шеңберімен бірге байланыстырылды. Жеңгетайлық, еркек пен еркектің жыныстық қатынасқа түсуі жеке тұлғаларға қарсы қылмыстар құрамына жатқызылды. Қоғамдық адамгершілікке қарсы қылмыстарға есі ауысқандарға қатыгездікпен қарау, қайыршылыққа салыну немесе 17 жасқа толмаған адамдардың өнегесіз істермен айналысуы, сондай-ақ алкоголь тұтынумен байланысты және спиртті ішімдіктер ішуге, тыйым салынған қарта ойындарын ойнауға арналған көңіл көтеру мекемелерін ұйымдастыруға байланысты жекелеген әрекеттер енгізілді. Сол тәрізді жерленген немесе жерленбеген аруақтарды ұрлау немесе қорлау тәрізді дінге қарсы қылмыстар жатқызылды [16].
1922 жылғы және 1926 жылғы кеңестік Қылмыстық Кодекстерде қоғамдық адамгершілікті қылмыстық-құқықтық қорғаудың дербес нысаны ретінде қарастырудан мүлде бас тартылды. Сондай-ақ, «Есепке тіркелетін коллекцияларды және көне заман мен көркемөнер ескерткіштерін жасыру» басқару тәртібіне қарсы қылмыстар ретінде қарастырылды.
Тарихи-құқықтық талдау порнография түсінігі көне дәуірдегі қоғамда пайда болғанын және эротикалық туындылардан оның ара жігін ажыратуға талпыныс жасалғанын көрсетті. Аталған тарихи дәуірде жезөкшелік тәрізді порнография да қылмыстық қудалауға ұшырамаған.
Англияда, 1727 жылы әдепсіз туындылар (порнография) бойынша бірінші сот процесі жүргізілген. ХІХ ғасырда, өркениетті елдердің көпшілігінің заңнамасында порнографиялық материалдарды таратқаны үшін жауаптылық белгілеген қылмыстық-құқықтық нормалар бекітілген.
Порнографиялық материалдарды таратқаны үшін Ресейде, 1865 жылы алғашқы рет қылмыстық жауаптылық бекітілген. Дегенмен, революциядан бұрынғы ресейлік заңнамада аталған қылмыстың тек обьективтік жағының белгілері көрсетілген. Ал порнография түсінігі айқын анықталмаған.
Порнографияны таратуға 1910 жылғы Ұлттар Лигасы Келісімінде қылмыстық-құқықтық тыйым салу қарастырылған. Бірақ бұл құжат декларация түрінде болғандықтан, оған материалдық құқық нормасы енгізілмеген. 1910 жылғы Келісімде порнографиялық өнімдердің айналымын қысқарту жөніндегі жалпы нормалар көрсетіліп, ұсыныстар жазылған. Құжаттың қылмыстық құқық үшін жалғыз мәні онда порнографиялық сипаттағы материалдар мен заттардың жобалы тізімі жасалғандығында.
Келісімнің тиімділігі аз болуы себепті әлемдік қауымдастық 1923 жылы порнографиялық өнімдер айналымын болдырмау жөніндегі жаңа Конвенцияны қабылдады. Онда қарастырылып отырған іс үшін жауаптылықтың жалпы негіздері бұрынғыдан гөрі сараланып баяндалған. Алайда, 1923 жылғы Конвенция қандай да бір өзгерістер мен түзетулер енгізілместен 84 жыл бойы қолданыста жүр. Қылмыстық заңнама болса, бастапқы қалпында қалмай, қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және өзге де жағдайлардың өзгеруімен бірге дамытылып, жетілдіріліп тұрады. Конвенция қабылданғаннан бергі кезеңде көптеген елдерде сексуалдық революция болып өтті және жыныстық қатынасқа байланысты біршама ұғымдар қайта қаралды.
Ресейдің 1996 жылғы Қылмыстық Кодексінде қоғамдық адамгершілік қылмыстық-құқықтық дербес нысан ретінде қайта танылды. Қоғамдық адамгершілікке қол сұғушылық халықтың денсаулығына қарсы қылмыстармен байланыстырылып, адамгершілік түсінігі мәдениет саласы тәртібімен, өлгендер және жануарларға қатысты қылықтармен бірге қарастырылды [17].
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық Кодексінің 11-тарауында халықтың денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстың құқық бұзушылықтар арнайы жауаптылық белгіленген және олар тікелей объектісіне байланысты екі түрлі топқа: халықтың денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстар болып бөлінген.
Адамгершілікке қарсы қылмыстарға жезөкшелікпен айналысуға тарту (308-бап), жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (309-бап), сондай-ақ дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірту үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (310-бап); порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (311-бап); қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (313-бап); өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (314-бап); жануарларға қатыгездік жасау (316-бап) жатқызылып, қылмыстық жауапкершілік жүктелген.
Жаңа Қылмыстық Кодекс бұрынғы кодекске қарағанда ізгілік принципі басшылыққа алына отырып, қоғамға онша қауіпті емес іс-әрекеттер жасағандарға оларды қоғамнан оқшауламайтын жаза түрлерін (түзеу жұмысы, шартты жаза, міндетті жұмыс, шын жүректен өкінуіне немесе талаптардың келісімге келуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) қолдануға кең жол ашылған. Мұндай ізгілік қағидалар қылмыспен күресуге пәрменді әрі тиімді жағдай туғызады.
Ірі заң ғылымдары адамгершілікке қарсы қылмыстарды төмендегідей жеке-жеке талдап көрсеткен.