Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген-ді. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді.
Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады. Қазақ жазбаларының орфографиясы мен жазба мәдениеті туралы әлеуметтік үн де ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылы барысында ашығырақ шықты, мақалалар жарияланды, қазіргі тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен орындары көрсетілді . Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті. Тағы да коммунистік империялық саясаттың тегеурінімен латын жазуы аласталып, кириллица − «орыс жазуы» қабылданды. Бұл тұстағы «орыс жазуын» қостайтын ғылыми-теориялық негіздеме әлсіз болды, араб жазуындай (сан ғасырлық) қолданыстағы тарихи дәстүрі болған жоқ, не қазақ тілінің дыбыс құрылымына сәйкестену мүмкіндігі де (қазақ жазбасына қажет дыбыс әріптерінің болу-болмауы) өзге жазулардан (айталық, алдыңғы латын әліпбиінен) артықшылығы көрінбеді, не сауатты жазуға ұсынылатын емле ережелерінде үлкен өзгерістер болмады. Тек орыс тілінен және орыс тілі арқылы келіп жатқан интерсөздер орыс тіліндегі қалпында жазылатын ереже бел алды.
Мемлекет мықты болса, оның елі де, болашағы да мығым. Біздің Президентіміздің арман-аңсары да осы қазақ мемлекетін сондай биік әлеуетке жеткізу екені «Қазақстан-2050» Стратегиясынан анық байқалады. Мемлекет басшысының халыққа арнаған стратегиялық бағдарламасындағы айрықша назар аударатын мәселе – мемлекеттік тіл жайы, тілдердің үш тұғырлылығы туралы жайттар. «Қазақ тілі, – деді Елбасы, – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет… Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек». 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған еліміздің даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен оны мемлекеттік деңгейде орнықтыру мәселесіне айрықша орын берілген. Бұл, әрине, болашақта қолданылатын әліпбимен тікелей байланысты кең қанат жаятын аса маңызды іс. Тегінде, әліпби – дыбысты таңбалап жазу үшін ойлап шығарылғанын, ал жазу – ойдағыны қағазға түсірудің, сол әліпбиді тұтынған тілді көркейтудің, оның қолданылу аясын нығайтудың амалы екенін әлем ғалымдары атап келе жатқаны мәлім. Сол себепті, әліпби мәселесін өркениетке жетудің, рухани-әлеуметтік дамудың жолы ретінде қарастырған орынды.
Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.
Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады.
Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», - деген болатын.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деп айтты. Латын әліпбиіне көшу – өмірдің қажеттілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік мәселесі. Егер латын әрпіне көшіп кетсек, осы уақытқа дейін жазылған бүкіл әдеби, ғылыми мұраларымыз қолданыстан қалып қояды, мемлекеттік тіліміздің дамуы кешеуілдеп қалады, ел ішінде түсінбеушіліктер болады деген пікірлерді алға тартып, жөнсіз қауіптенетіндер де бар. “Көз – қорқақ, қол – батыр” дейді халқымыз. Ойымыз бен ісіміз бір жерден шығып, дұрыс бағытта жұмыла қимылдасақ, алынбайтын қамал жоқ.
Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |