Дәріс №7.
Дәріс тақырыбы: «Толық ондықтар. Жүз» тақырыбының мазмұны және оны оқытудың әдістемесі
Ондықтардың атаулары және оларды жазуға машықтандыру.
Ондықтарды қосу және азайту.
Дециметр ұғымы.
1. 10 санын шығарып алудың әр түрлі жолдары бұрыннан белгілі. Ал 10 таяқшаны санап, олардан 1 бума жасау, ондық жайында түсінік береді, яғни 10 таяқшадан тұратын бума бір ондықтың баламасы болып табылады. Осындай екі бума алсақ ол 2 ондықты білдіреді және т.с.с. Демек бумаларды пайдалану арқылы толық ондықтардың атауы енгізіледі, яғни екі ондық – жиырма және т.с.с.
Он санын жазып көрсету үшін екі цифр қажет. Осыған ұқсас кез-келген толық ондықты жазу сәйкес екі цифрді таңдап алумен байланысты, оның сол жақтан бастап санағандағы біріншісі неше ондықтың алынғандығын білдірсе, екіншісі – 0 цифры – толық ондықтың құрамында жекелеген бірліктің болмайтынын көрсетеді. Мысалы: 2 онд. – жиырма санындағы 2 цифры осы санда неше ондықтың бар екенін, яғни санның барлығы неше бірліктен құралғанын білдіреді, ал 2 ондықта барлығы жиырма бірлік бар, демек, оның үстінде ешқандай жекеленген бірліктің жоқ екенін 0 цифры көрсетеді, олай болса, жиырма саны 20 түрінде жазылады және т.с.с.
Он көлеміндегі сандарды шығарып алуда жекелеген бірліктерді пайдаландық. Ал осындай 10 бірлік бір ондықты құрайды. Енді «санаудың бірлігі» ретінде ондықты қолданудың толық мүмкіндігі бар. Өйткені толық ондықтарды санаудың ұқсастығына сүйене отырып, толық ондықтардың атауларын және жазылуын енгізуге болады.
Сонда бұрыннан белгілі білім пысықталады, қайталанады, тиянақтала түседі және қорытындыланады. Мәселен, «2 және 1 десек 3 шығады», ал осыған ұқсас «2 онд.(жиырма) және 1 онд. (он) десек, онда 3 онд. (отыз) шығады». Демек, үйреншікті білім өзгерген жаңа жағдайда қолданылып отыр.
2. Ондықтарды қосу және азайту ондықтарға келтірілетіндіктен, осы жағдайларда есептеулержүргізу 10 көлеміндегі кестелік қосу және азайтуға ұқсас орындалады, яғни бұрынғы білім жаңа жағдайда қолданылып, қорытындыланады. Мысалы, 30+40 болғанда 3 онд. + 4 онд. деп пайымдаймыз. Ал 3+4 – бір таңбалы сандарды қосу. Ондықтардың атауларын игеру және оларды жазуға жазуға машықтандыру, сандардың атауларын және жазылуын қарастыру барысында оннан асып санау, әрбір ондықты құру кезінде оның неше бірліктен құралатынын ескеру толық ондықтардың арасындағы сандарды атап шығунемесе мәселен 30-ды шығарып алу үшін 2 ондыққа 1 ондықты, яғни 10 жеке бірлікті қосу керектігіне назар аудару және т.б. бағыттарда ұйымдастырылатын жұмыстар ондық санау жүйесінің ерекшелігін сипаттайтын білімнің құрамды бөліктерімен алдын-ала таныстыруды жүзеге асырады. Сондай-ақ ондықтарды жазу ілгеріде екі таңбалы сандарды жазуға үйретуге дайындық болып табылады.
Толық ондықтардың қатары бір таңбалы натурал сандар қатарына ұқсас, осы екі қатардың ұқсастығы және айырмашылығы тағайындалады, ең кіші және ең үлкен толық ондықтар анықталады, ондықтар өсу және кему ретімен орналастырылады, әр ондық көршілес ондықтармен салыстырылады, кез-келген ондыққа 10-ды қосу және азайту арқылы келесі және алдыңғы ондықтар шығарылып алынады.
3. Ондықтармен санауға мазмұндық тұрғыдан алғанда өте жақын мәселе – ұзындықты дециметрдің көмегімен өлшеу болып табылады. Себебі, дециметрдің енгізілуі шаманы өлшеу бірліктері мен ондық санау жүйесінің арасындағы байланысты нақты көрсетіп береді. Шынында да, сантиметрді жекелен бірліктердің, ал дециметрді ондықтардың баламасы ретінде алу орынды сияқты. Мұндағы жауапты кезең - сантиметр моделінің көмегімен, яғни 1 см жолақшаны бір-біріне жалғастыра 10 рет кесіндіні бойлай салып, 10см=1дм теңдігін құру. Бұл теңдік сантиметр және дециметр бірліктерінің арақатынасын анықтайды. Әрі қарай дециметрдің көмегімен әр түрлі ұзындықты өлшеуге машықтандыру жүзеге асырылады және осы өлшеу бірлігінің тұрмыстық қажеттігінен туындап отырғандығы аңғартылады.
Достарыңызбен бөлісу: |