Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы



Pdf көрінісі
бет132/227
Дата09.02.2023
өлшемі3,11 Mb.
#168140
түріБағдарламасы
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   227
Байланысты:
әдебиет теориясы

классицизм
(латынша classicys – үлгілі, өнегелі 
бағыт).
Сөз өнеріндегі әрбір ағымның тууында таза әдеби «құпиялармен» 
қатар, қоғамдық сыр мен себеп болатынын да айттық. Классицизмнің 
туған тұсы – Еуропа елдерінде абсолютизм дәуірлеген кез. Ол тұста 
елдегі барлық үстемдік дворяндар сословиесінде, барлық билік 
монарх қолында болатын; солардың ықпалымен жұрт назары сарайға 
ауған, жұрттың бәрі сарай маңындағы ат төбеліндей «асыл нәсілдер» 
(ақсүйектер) аузына қараған кез еді. Қоғам өміріндегі осы хал өз кезінің 
әдебиетіне де әсер етіп, оның дамуында өзгеше бір өнегелі бағыт атанған 
классицизм ағымын белгіледі.
Бұл ағымның өкілдері (әсіресе Расин, Корнель, Мольер сияқты 
француз драматургтары) баяғы көне дүние классикасын өздеріне өнеге 
тұтты (классицизм аталу себебі де сондықтан), әдеби шығармаларын сол 
үлгімен жазды. Француз ақыны Буало өзінің «Поэтикалық өнер» деген 
белгілі поэмасында классицизм ағымының творчестволық принципін 
белгілеп берді.
Классицистер қаламынан туған шығамалардың негізгі тақырыбы, 
ежелгі грек әдебиетіндегі сияқты, ел өмірінің елеулі, ірі оқиғалары; негізгі 
идеясы – елдің елдігін қорғаушы «ессіз ерлердің» қанды жорықтары 


229
мен дүрбелең саясаты; негізгі қаһармандары – қарапайымдар емес, 
қастерлілер — қолбасылар, корольдар, патшалар.
Классицистер жазған жанрлар да, кәдімгі антик әдебиетіндегідей, 
трагедия, комедия, батырлық поэма, желғабаз ода... Бұлардың тілі де сол 
көне әдебиеттегі көтеріңкі пафос, шешен һәм көсем сөз рухындағы бояма 
диалогтар мен монологтар, күлдібалам ақыл-нақылдар, атам заманғы 
архаизмдерге толы әсіре айшықтар болатын. Адам образдары да тым бір 
жақты не мінсіз жақсылар, не іске алғысыз жамандар кейпінде көрінді. 
Оның үстіне бұл ағымның көркем шығарма мазмұны мен пішініне қоятын 
қатал талабы, дәлірек айтқанда, кәдімгі «үш бірлік» (уақыт бірлігі, орын 
бірлігі, оқиға бірлігі) атанған бұлжымас шарты болды. «Үш бірлікке» 
бағынған шығарманың мазмұны: а) бір-ақ тәулік ішіндегі шындық, ә) тек 
бір орында өтетін тартыс, б) бір ғана сюжеттік желінің бойында жататын 
оқиға; бұл үш талап бұлжымай орындалуы шарт.
Классицистер қаламынан туған көркем шығармалардың ең жақсы 
үлгілері патриотизм, ұлт мақтанышы, қоғам алдындағы борыш, асқақ 
мүдделер үшін айқас секілді әп-әсем идеялық принцип ұсынып, негізінен, 
шыншылдық тенденцияда жазыласа да, ағымның жоғарыда айтылған 
ұшы-қиырсыз шарттылығы мен жасандылығы сөз өнерін ақиқат өмірден 
алшақ әкетіп, «өнердің табиғилығы мен еркіндігін талақ етті; шындықта 
болған адамдар орнына ешбір елде, ешбір жерде болмаған дерексіз 
елестер қаптап кетті» (Белинский). Нәтижесінде, әдеби ағым классикалық 
сипаттан әншейін схемаға көшті. Адамдар жерде қалды; ағым аспанда 
жүрді. Қарапайым қалың бұқара мүлде қаламға ілікпей қойды. Адамға 
тән нәзік сезімдер мен терең тебіреністер орын лепірген жел сөз, айғай-
сүрең басып кетті.
XVIII ғасырдың орта кезінде өмірдегі абсолютизммен күрес идеясынан 
туған 
сентиментализм
(французша 
sentimentalisme
– сезімталдық) 
өнерде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалыптасты.
Сентиментализм әуелі Англиядан ағылшын жазушысы Стерннің 
«Сентиментальдық саяхатынан» (ағымның аты да осыдан алынған) 
басталды да, кейін Францияға (Руссо), Германияға (Жан Поль, жас Гете, 
жас Шиллер), Ресейге (Карамзин, жас Жуковский ауысты).
Сентименталистердің идеялық тұрғысы – елде енді-енді орнығып, 
нығая бастаған жас буржуазияның идеологиясы; творчестволық объектісі 
– сарай маңындағы ақсүйектер өмірі емес, кәдімгі «орта қол» адамдардың 
күнделік тіршілігі, солардың көңіл күйлері, жеке бастарына тән күйініш- 
сүйініштері, қуаныш-реніштері. Негізгі тақырыбы классицистердегідей 
тарихи оқиғалар емес, әдеттегі семья тұрмысы; негізгі қаһармандар – 
қолбасылар, корольдар мен патшалар емес, алпауыттар, қолөнершілер 
мен қарапайым шаруалар. Көркем шығармаға мазмұн болған оқиғалар 
енді сарай маңынан аулақ, ашық мөлдір аспан астына, көктемде 


230
құлпырған көк майса шөп үстіне, өзен жағасына, жасыл төбе баурайына 
көшірілді. Адамдардың көңіл күйін сентименталистер осынау сұлу 
табиғат көркімен ұштастырып, бір алуан сезімдер мен сырлар қозғау – 
«жан тебіренту» тәсілдерін тапты. Олар оқырман көңілін оңай босататын 
иен дала, иесіз жұрт, жас қабір, құлаған қыстау... секілді көрністерді 
суреттеуге, әсіресе, құштар болатын. Ағымға тән осы ерекшеліктер енді 
әдеби жанрлардың да бұрын көп өріс алмаған (элегия, психологиялық 
роман, мещандық драма, «жылауық комедия» атанған) жаңа түрлерін 
туғызды.
Сентиментальдық шығармаларда сезімге табыну әбден шарықтау 
шегіне жетті, кітап беті ашылса-ақ болғаны, көңілдегі кірбің, көздегі жас, 
көкейдегі мұң-шер ағытыла жөнелетін. Мұндай шығармалардың тілі де 
бұрынғыдай асқақ, адуын емес, майда, нәзік орамдар мен өрнектер тапты.
Сентиментализм ағымы әдеби шығармаларға көл-көсір лиризм 
дарытты; классицизм тұсында тым аспандап кеткен асыңқы әуенді жерге 
түсірді; жұрт назарын арсы-гүрсі сырт әрекеттерден гөрі адамның ішкі 
сырына аударыңқырады; әдеби шығармалардың классицизм тұсында 
ұмыт қалған прозалық түрлерін туғызып, оларға әжептәуір табиғи, 
шыншыл сипат берді. Сөйте тұра сентиментализм классицизммен күресте 
біраз қажет нәрседен айрылып та қалды: әдебиетті ірі тақырыптардан 
аулақ әкетті; тіршіліктегі ұсақ-түйек, күйкі жайлармен көбірек әуестенді; 
адамның жеке қара басына ден қойыңқырап, қоғамдағы халықтық 
мәні бар келелі мәселелерден сырт қалып қойды. Сөйтіп, бұл ағымның 
ғұмыры да онша ұзаққа бармады.
Қысқасы, жалпы дүние жүзі әдебиетінің даму тарихына қарап отырсақ, 
классицизм мен сентиментализмнен басқа да толып жатқан «измдерді» 
тауып, олардың әрқайсысына әдеби ағым ретінде мінездеме беруге 
болар еді. Айталық, 
натурализм
 
(латынша 
natura
 
– табиғат). Бұл ағымды 
басында Золя ұсынды, оның «Эксперименталдық роман», «Театрдағы 
натурализм» тәрізді теориялық толғамдарында өмір құбылыстарына 
ешқандай идеялық баға бермей, қазқалпында суреттеуді талап еткен 
творчестволық принциптер бар. Алайда Золяның өзі іс жүзінде бұл 
«принциптерін» ұстана алмады да, ағым әртүрлі кертартпа қаламгерлердің 
экспериментіне айналып кетті. Демек, натурализмді, біріншіден, орыс 
әдебиетіндегі «натуральдық мектеппен» шатастыруға болмайтын 
болса, екіншіден, оның ағым ретіндегі табиғатын тереңірек тану қажет. 
Натурализм – бәрінен бұрын, әдебиет пен өнердегі принципсіздік; 
эстетикалық талғамның жоқтығы; ақиқат шындыққа енжар бейтараптық. 
Әдебиеттегі натурализм де философиядағы буржуазиялық позитивизм 
секілді лайсаң ағым. Натурализм өмірде ірі мақсаттар да, асыл мұраттар 
да жоқ, тіршілік ұсақ-түйектен ғана тұрады деген кертартпа ұғымға 
негізделген. Мұның өзі, сайып келгенде, адамдарды жаңа үшін ескімен 


231
күрестен оқшау әкетіп, «буржуазиялық барға» қанағат етуге шақыру. Міне, 
дәл осы секілді кертартпа ағымдар бүкіл әлемдік әдеби дамудың кезең-
кезеңдерінде көптен-көп: әдебиеттегі мазмұн дегенді біржола ұмытып, 
жалаң пішінді ғана қуалаған жат сарынды формализм, оның асқынған түрі 
абстракционизм, бұлардың «бел балалары әсіре қызыл экспрессионизм, 
бет алды аққан футуризм, дарашыл, күйрек импрессионизм, күңіренген 
символизм, діни мистикалық акмеизм, қылтың-сылтың трюкке толы 
имажинизм, күллі кертартпа ағым атаулының бүгінгі буржуазиялық 
өнердегі қырық құрау қосындысы өңі айналдырылып, қайта тысталған 
түрі – 
модернизм
. Бұлардың бәрін жіпке тізіп жатуды артық деп білеміз.
Себебі, біріншіден, әдеби даму әншейін ағымдар ауысуы сықылды 
ылғи ғана аумалы-төкпелі, аласапыран әлдене емес;
екіншіден, әдеби ағым атаулының бәрін мына соңғы көрсетілгендер 
сияқты, өңшең кертартпа, кесірлі бағыттар екен деуге тіпті де болмайды;
үшіншіден, жалпы әдеби-творчестволық процесте стиль мен ағымнан 
гөрі әлдеқайда тұрақты және тұрлаулы зат бар, ол – 
әдіс.
Енді соған көшеміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   227




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет