Есбергенова Б.С.
Астана/Қазақстан
ТҮРК КЕЗЕҢІНІҢ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕГІ ҚҰСТЫҢ ОБРАЗЫ
Құс образы әрқашан аспанды, аспан әлемін, яғни ежелгі түрктердің жоғарғы құдайы – Тәңір әлемін бейнелейді.
Жартастағы сурет өнерінде аң аулауда қырағы құсты пайдалану сюжеттерінің орны ерекше. Түрк кезеңіне тән жартас беттеріндегі суреттердің ішінде құс бейнесі бірнеше ғибадатханаларда кездеседі. Солардың ішінде айтарлықтай қызығушылық тудыратыны Таңбалы ғибадатханасында бейнеленген салт аттының бүркітпен аңға шығу көрінісі.
Бұл петроглифтердің қатарына Орталық Азия, әсіресе Жетісу жеріндегі ерте түрк тас мүсіндерінде бейнеленген құстардың бейнелерін қосуға болады. Бірақ бұл құстардың қайтыс болған адам жанының тәнінен ұшуы немесе аңшылықпен байланысты суреттелгені белгісіз. Қайткенмен де ерте түрктерде қырағы құстарды пайдаланып аң аулау әскери-спорттық сипаттағы ақсүйектерге ғана тән жаттығу емес, қоғамдық өмірдегі белгілі нормалар мен принциптерге сүйенген маңызды мәдени-идеологиялық іс-шаралар болып табылды. Сондықтан да әлеуметтік деңгейі жоғары адамдарға орнатылған тас мүсіндерде қырағы құстар бейнеленген. Сонымен бірге түрктердің дүниетанымында адам қайтыс болған соң, оның жаны тәнінен құстың кейпінде ұшқан. Мұндай көзқарас түрк халықтарында қазіргі этнографиялық кезеңге дейін сақталған.
Қыран құспен аң аулау кейінгі қазақ петроглифтерінде де орын алған. Бұл сонау ерте замандардан келе жатқан кәсіптерінің бірі болып саналады. Қазақтар қыран құспен негізінде ұсақ аңдар мен һалал етті құстарды аулаған. Мұның бір көрінісі Маңғыстаудағы петроглифтерде аң аулап жүрген құс түрімен таныс.
Құстардың қауырсыны да жауынгердің бойтұмары ретінде қасиетті болған. «Ежелгі түрктерде құстың қауырсыны жиі қолданылатын қару түріндегі оқтың (жебенің) қауырсынымен байланысты болды».
Түрк тайпаларының пайда болуына байланысты аңыз сюжеті және Тәңір белгісі құс бейнесінде ғұрыптық ескерткіштерде суреттелген. Батыс Түрк қағанатындағы ашина тайпасының символы – Алтын құс болғаны және оны Тан патшалығына сыйға тартқандығы туралы ақпарат жазба деректерде келтірілген. «Бұл Қарға болатын. Олар ағаштан қанатты тіршілік иесін ойып және оның үстін алтынмен жапқан» (Зуев, 2002, с. 24).
Мерке ғибадатханасындағы Қарақыстақ шатқалындағы Қарақыстақ 1 қорымынан табылған ортасында құс бейнеленген алтын жапсырма стильдік жағынан Күлтегін қағанның бас киімінде бейнеленген құс бейнесіне жақын және бұл бейнелер Алтын құс Дулы жайындағы аңыздың көрінісі тәрізді.
Ортағасырлық деректерде құстың бейнеленуі ежелгі халықтың дүниетанымымен тығыз байланысты. Құс бейнесінің түрк тайпалары әлеуметтік элитасының символы ретінде қолданылғаны күмәнсіз, ал оның ғұрыптық дәстүрде қолданылуының тамыры тереңде жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |