ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІН МӘСЕЛЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИММУНИТЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Он бес жыл бойы миссионерлер елімізде қарқынды жұмыс істеді. Он мыңдаған қандасымызды өзінің дініне тартты. Бұған қандай көзқарастағы адам да болса қарсы тұру керек. Себебі, халықтың дінге бөлінуі асқандықтың, тасығандықтың, еркіндіктің, демократияның, адам құқықтарының, дамығандықтың көрінісі емес. Бұл ыдырау мен әлсіреудің айғағы. Бұл бақытты өз дінінен емес, басқа діннен іздеушіліктің көрінісі. Ғылыми теориялар басқа дінге кеткен азаматтар басқа этносқа айналатындығын дәлелдеген. Ұлттардың қалыптасу теориялары бар. Осы теория бойынша пенделер ортақ дін айналасында бас қосады. Секталарда бүгін мың адам болса, ертең 10 мың, 100 мың, тіпті миллион адамға дейін өсе береді. Басқа діннің жетегінде кеткен азаматтарымыздың өмір сүру салты, киген киімі, ішкен асы, той-томалағы, өлім-жітімі, өмірге деген көзқарасы, менталитеті өзгереді. Кейбірі өздеріне басқа ат қояды да, басқа ұлтқа айналады. Оған тарих дәлел. Мысалы: Югославиядағы хорват, серб, босния халықтарын алайық. Бұлар негізінен бір ұлт. Тілдері бірдей, бет-әлпеттері бірдей. Бөлінген себебі сербтер - православие, хорваттар - католик, босниялықтар болса - ислам дінін қабылдаған. Бұл тәжірбиенің тірі куәсімін. Қазақ халқы оны қайталамауға тиіс. Ата-бабамыз қабылдаған ислам діні 1250 жыл бойына қазақтармен бірге жайылып келеді. Қазақ халқы моңғол шапқыншылығы кезінде де моңғолдардың дінін қабылдаған жоқ. Қайта Шыңғыс хан бастаған моңғолдар біздің салт-санамызға сіңісіп түркіленді, біздің дінімізді қабылдады. Одан кейінгі жоңғарлармен болған ғасырлық соғыста қазақ жоңғардың дінін қабылдаған жоқ. Жоңғарлар жойылды, басқа ұлттарға сіңді. Ресей Патшалығының бодандығында екі ғасыр болған қазақ дінге бөлінген жоқ. Кеңес билігінде де дінге бөлінбедік. Бұл тарихи деректердің барлығы да қазақтың дінге бөлінбегендігін көрсетеді. Қазақстанда дендеген миссионерлер мәселесі бар. Бұл исламға қарсы жасалып жатқан әрекет. Ислам дінінің өз отанында қарқынды дамуының алдын алу үшін. Тарихта қазақ дінге бөлінбеген және басқа дінге кірмеген сенімі таза ұлт болатын. Сол ел қазір 40 шақты конфессияға бөлінді. Бұл жерде тек христиандарды ғана айтып отырмын. Ал, басқа діндердің ағымы қаншама. Олар сайнтология, хара кришна, будда ағымы, Батыстан келіп жатқан бахаизм сенімі, сатанизм шіркеуі т. т.. Бұлардың барлығын қосқанда қазақтың діни бірлігі жайлы сөз қозғау қиындау секілді. Қайта діни бөліну жайлы әңгіме қозғау оңайырақ сияқты және оған мәжбүрміз. Шіркеулер ұйымдасқан түрде үгіт жүргізіп жатыр. Нәтижесінде бір деректерде 50 мың қазақ, ал кейбірінде 500 мың қазақ басқа дінге кірген делінген. Оның нақты санын дөп басып ешкім айтып бере алмайды. Барлығы да мемлекетіміздің тұтастығы, халқымыздың береке-бірлігі тұрғысынан алғанда өте қауіпті. Ендігі мәселе басқа діннің жетегінде кеткен қандас бауырларымызды өз ата-бабасының жолына қайтару қалай болмақ дегенге келіп тіреледі. Шәкәрім өзге ағымдарды «шатақ діндер» дейді. Бізде шатақ діндерге хизбут- тахрир, уаһһабилік ағымдар сияқты ислам дінінде пайда болған радикалды ағымдар жатады. Бұлармен күресу үшін ұлттық иммунитет керек. Ұлттық иммунитет дегеніміз – сол халықтың өзінің ұлттық салт- дәстүрі, ұлттық дүние- танымы. Қазақ руханиятында өзге ағымдар кіріп кететіндей бос жер болмауы керек. Ол үшін балаға мектептен бастап қазақ руханиятындағы ұлы тұлғалардың: Ясауидің, Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр- Жүсіп Көпейұлының еңбектерін оқытып, Ұлттық иммунитетті қалыптастыру орталықтарын құрып, Ұлттық иммунитетті қалыптастыратын ұлттық әдебиетті көбірек оқыту керек. Сонда ғана біз ондай ағымдарға қарсы тұра аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |