Манкеева Ж.А
Алматы/Қазақстан
КӨНЕ ТҮРКІ ЕСКЕРТКІШТЕРІМЕН ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ МӘДЕНИЕТАНЫМДЫҚ САБАҚТАСТЫҚТЫҢТІЛДІК ДӘЙЕКТЕРІ
Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде таным көкжиегін кеңейтіп келе жатқан өрелі өріс-руханияттың көне дәуірлердегі негіздері ретіндегі ұлттық сана мен болмыстың күре тамырлары іспетті тарихи бастауларын кешенді де терең тану үрдісі.
Осы орайда тарихи көнетүркі жазбалар мен мәдени мұраларымыз ежелгі заманнан күні бүгінге дейін ұласқан рухани даму барысының үзілмес желісі іспетті бүгінгі күнмен сабақтасады.
Нақты айтқанда, ежелгі түркі дүниесін танытқан көнетүркі ескерткіштерінің мазмұны мен мәтіндеріндегі көркем ойлау жүйесінің бүгінде іштегі қайта түлеп жаңғырып жатқан түркі халықтарының бірі – қазақ елінің рухани-әлеуметтік тарихнамасы іспетті танылуы.
Осы ретте тілдің таным құралы ретіндегі (қарым-қатынас құралы ғана емес) және құжаттық (мұрагерлік) қызметін дәйектейтін көне тілдік деректері – соның нақты айғағы.
Белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі тілдік қолданыс аясын архетиптік ұлт мәдениетімен сабақтастыру бағзы замандардан бастау алып, халық санасына сіңіп, жадында жатталған көне сөздердің тарихи сырын тіл тұтынушының іс-әрекетімен байланысты ашады. Бұл жайт, тіл тарихының ұлт тарихынан ұзақ екенін негіздейді. Осымен байланысты ол – бүгінгі ұлттық сананы тіл арқылы жаңғыртуға ерекше мән беріліп жатқан антропоөзектік бағыттағы тіл ғылымының көкжиегінде ерекше назар аударатын мәселенің бірі, келесі кезеңдердегі ұрпақтың ана тілдің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде төл мәдениетіміздің түп тамырларын дұрыс танып білудің кепілі.
Осы бастаулар көзін кешенді тіл ғылымының өрісінде жан-жақты зерттеу ұлттық мәдениеттің көзі ретінде мәдени-ақпараттық тағылымдары мазмұнына сіңірілген тарихи-рухани қазына-көне түркі ескерткіштерінде сақталғанын анықтайды.
Осымен байланысты ұрпақтан ұрпаққа тіл арқылы жететін бірнеше дәуірдің тарихы, мәдениеті, қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық іс-әрекеттері, рухани жаңғырулары сақталған көне түркі ескерткіштері тілдік деректерінің танымдық, рухани-мәдени маңызы тіл арқылы ұлттық танымның көне дәуірдегі тілдік негіздері мен тарихи күретамырларын зерделеумен сипатталады. Оған теориялық – әдістанымдық негіз болатын кешенді көне түркілік мұраны кешеден бүгінге жеткізетін, бүгіннен енді ертеңгі ұрпаққа жеткізетін тілдің құдіретті құжаттық қызметіне (кумулятивтік) ерекше мән бере зерттейтін тіл білімінің антропоөзектік бағыты. Осыған орай тарихи-көркемдік кеңістікті тұтастықта қарап, көркемдік-танымдық заңдылықтары ұлттық болмысымен ерекшеленетін нақты тілді деректерді талдау арқылы, сонымен бірге туыстас түркі халықтары мен жалпыадамзаттың өркениетімен тамырласатын қазақ мәдениетінің өміршең сипаттарын санаға сіңіру, әрі жаңғырту – қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарын белгілейтін өзекті мәселелерінің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |