Тағатова Ж.С.
Астана/Қазақстан
АУДАРМАДАҒЫ МӘДЕНИ ЖӘНЕ ТІЛДІК ТОСҚАУЫЛДАР
Аударма адамдарды жылдам әрі ұзақ қарым-қатынаспен байланыстыруда маңызды роль атқарады. Тілдік тосқауыл бар жерде, яғни ол әртүрлі тілде сөйлейтін екі достың әңгімелесуінен бастап, Ғаламторға дейін болуы мүмкін және оны жеңу үшін тек аударма ғана көмектесе алады.
Аударма түрлі сипаттағы ақпарат алмасуына себепші болады және мұндай ақпарат алмасулар адамзат дамуының негізі болып табылады.
Қазіргі кезде аудармашылар деген сұраныс көбіне техникалық салаларда байқалады, әлем бойынша аудармашылардың 70% осы салада қызмет етеді. 1987 жылғы «London Computer Integrated Translation GmbH» мәліметтеріне сүйенсек, әлемдік деңгейдегі аударма көлемі жылына 200 млн. бет құрайды және оған деген сұраныс жылына 15% жоғарылаған. Дәл осы бағыт біздің заманымызда әлі де сақталып келе жатыр. Аударылатын мәтіндердің ең көп көлемін іскерлік корреспонденция, одан кейін түрлі ақпарат мәтіндері, ғылыми-техникалық мәтіндер, келісім мәтіндері, техникалық сипаттамалар құрайды.
Аударманың мәдени және тілдік тосқауылдарды жеңуде маңызды роль атқаратындығы бұрыннан белгілі. Тілдік тосқауылдардың болу себебі адамзат өз тарихынан көптілді. Қазіргі заманғы зерттеушілердің бағалауы бойынша әлемде өмір сүретін тілдердің саны 2500-ден 5000-ға дейін жетеді. Мыңнан астамы үнді тілдері, мыңға жуық тіл африкалық тілдер; тек Жаңа Гвинея аралдарында ғана 700 астам әртүрлі тілдер бар. Расында тілдердің маңызды бөлігі – бұл өте аз сөйленетін тілдер болып табылады. Жер шарындағы 95% халық ең көп дегенде 100 тілде сөйлей алады. Дегенмен де егер біз болжау арқылы планетаның әрбір тұрғыны үшін әлемдегі барлық тілдердің өкілдерімен байланысу қажеттілігі туады деп елестететін болсақ, онда тілдік тосқауылдардың саны тым жоғары болар еді. Тілдік тосқауылдарды жеңуде жиі кездесетін жағдайлардың бірі шет тілдерін білу болып саналады [1, 9].
Ең ауыр мәселе мәдени тосқауылдарды жеңе білу болып табылады. Мұндай процестегі аударманың ролі өте маңызды. Дегенмен тұрмыстық және рухани мәдениет барлық ұлтта бірдей бола бермейді. Мәселен, «бостандық» сөзін алатын болсақ, бұл сөздің әлемнің барлық тілдерінде өзінің дайын мағынасы бар. Ағылшын тіліне ол «freedom» деп аударылса, неміс тіліне «Freiheit» деп аударылады, яғни бірмағыналы сәйкестік бар. Бірақ түрлі тарихы мен қоғамдық тәжірибесі бар түрлі мәдениет өкілдері бостандықты әртүрлі түсінеді. Американдық, орыс, неміс және қытай халықтарында бостандық айрықша ерешеленеді. Мысалы, орыс адамы үшін бостандық – бұл ең алдымен, белгілі бір міндеттердің болмауы, өзін және өз уақытын өздігімен басқару, сыртқы қысымның болмауы; неміс адамы үшін бостандық – оның құқықтарының заңды кепілдемесі, қаржылай қамтамасыз етілуі. Ал чукот тілінде, М.Л.Гаспаровтың айтуы бойынша, тіптен «бостандық» деген сөз жоқ екен, тек «бұғауынан үзілген» деген сөз қолданылады [2,57]. Мұндай жағдайлар көбіне қарым-қатынас кезінде түсініспеушіліктерге алып келеді. Сондықтан аударманың басты міндеті осындай тілдік және мәдени тосқауылдарды жеңу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |