1965
|
1970
|
1975
|
1980
|
1985
|
1990
|
1995
|
2000
|
2001
|
-
|
-
|
17775
|
46623
|
57464
|
65000
|
-
|
-
|
-
|
Кесте 7.Каустик.сода(ойып түсетін өткір сода)өндіру (тонна есебімен) көрсеткіші [37]
1993 жылы «Қазақстан алюминий» Акционерлік қоғамында алюминий сульфатын (күкірт қышқылы тұзы)-коагулянттық су тазартатын (хлорды айырбастайтын) шығару жолға қойылды. Қазіргі кезде ол Қазақстан және таяу шетелдердің (Өзбекстан, Ресей) су құбырлары кәсіпорындарында пайданылады.
Облыстың машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібі 1917 жылғы қазан төңкерісінен соң пайда болып, ХХ ғасырдың екінші жартысында тез даму жолына түсті. Облыстың Орталық Қазақстанмен көршілес болуы машина жасау өндірісінің трактор, бульдозер шығару салаларын игеріп қана қоймай оларға артық бөлшектер жасау мүмкіндігін де берді. Ертіс бойында трактор алыбының пайда болуы ауылшаруашылығын жаңа технологиялық негізде қайта құру міндетіне орай туындады. 1966 жылы Павлодар машина жасау зауытының базасында қуатты шынжыр табанды ДТ-75М машиналарын жасауға мамандандырылған трактор зауытының құрылысы басталды. 1968 жылдың 12-ші тамызында тек Павлодар қаласының ғана емес, бүкіл республика тарихында ұмытылмас оқиға болды. Іске қосылған трактор заводының механикалық құрастыру және сұйықтай штамптау (металды қалып арқылы дайындап шығару) өндірісінің өзіне 96,4 мың текше метр аумақ бөлінді. Осы аумақта 2700 қондырғы жабдықталды. Бір тракторды шығару үшін 1260 детальдар мен тораптар қажет екен. Ал, ол тетіктер болса қала зауыттарында дайындалып республиканың басқа аймақтарынан және ТМД елдерінен келіп түседі (мысалы, маторлар Алтай өлкесінен, трансмиссиялары (машинаны қозғалысқа келтіретін двигательдің білігі және жетек қайысы) Омбыдан. Сондай-ақ, бір бөлігі кәсіпорында да жасалады. Экономикалық байланыстардың үзілуі, сатып, алушының қаржы көзінің болмауы, оны жаппай шығарудың тиімсіздігі зауыт үшін тракторды одан әрі шығару қажетсіз болып қалды. Зауыт ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрды, себебі трактор шығару зиянға айналды.Тек, 2000 жылдан бастап қана «Қазақстантрактор» ЖШБ ауылшаруашылығы жұмыстарының барлық түрлерін бір мезгілде орындай алатын жаңа Т-95,4 тракторын шығару қолға алынды. Жалпы облыс көлемінде трактор шығарудың көрсеткіші :
Кесте 8. Трактор шығарудың көрсеткіші (38)
1965
|
1970
|
1975
|
1980
|
1985
|
1990
|
1995
|
2000
|
2001
|
2002
|
0
|
8101
|
34345
|
46632
|
54550
|
4150
|
1803
|
948
|
545
|
82
|
Павлодар облысының алғашқы ауыл шаруашылығы машиналарын жасайтын кәсіпорны 1942 жылы құрылған «Октябрь» зауыты. Бұл- технологиялық қондырғыларды шығаруға мамандандырылған тәжірибе- эксперименталды кәсіпорын. Онда механикаландырылған және автоматтандырылған құрастыру қондырғылары (автоматты және жартылай автоматты станоктар, құрастырушы конвейерлер, сынақ орны) жасалады. Бүгінгі күні зауыт ұн тартатын кәсіпорындар үшін қондырғылар дайындап, басқа да түрлі тапсырыстар орындайды. Тәуелсіздік жылдарында машина жасау саласында өндіріс өсімі тек 2000 жылы қана байқалды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есе. Ал, 1998 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда машина жасау 4,6 есеге кеміп кеткен болатын. Тек, 2000 жылы 1999 жылмен салыстырғанда бульдозер (2,7 есе), трактор (1,5 есе) көп шығарылды. Бірақ, 2001 жылы трактор шығару қарқыны тағы да төмендеп кетті. Себебі, трактор зауыты көбінесе Ресейден келіп түсетін трансмиссияның уақытында жеткізілмеуінен тоқтап тұрады. Қазіргі кезде оларды зауыттың өзінде шығаруды жолға қою мәселесі қарастырылуда. Жалпы алғанда 2002 жылы Павлодар облысы өндірісінің құрылымы мынадай болды.
Кесте 9. Павлодар облысы өндірісінің құрылымы (39)
Өндіріс,электр қуатын, газ бен суды бөлу 22%
Өңдеуші өнеркәсіп 63%
Тау-кен өндірісі 15%
Сондай-ақ, 2005 жылдың он бір айындағы облыстың әлеуметтік -экономикалық дамуы тұтастай алғанда нәтижелі көрсеткіштермен сипатталады. Атап айтқанда, 2005 жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 282,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жеке көлемнің индексі 109,6 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 5,4 пайыздық деңгейге жоғары болды. Өнеркәсіп өндірісінде негізгі үлесті өңдеу секторы иеленді. Сөйтіп облыста мұнай өнімдері өндірісінің көлемі 24,8 пайызға, химия өнеркәсібінде 4,9 пайызға, азық- түлік өндірісінде 7,5 пайызға арттырылды [39].
Енді осы 2005 жылы өнеркәсіп саласында қол жеткен табыстарды таратыңқырап айтатын болсақ, онда еліміздегі ірі өндіріс ошағы саналатын «Қазақстан алюминий» АҚ-ында техникалық жарақтанудың кешенді бағдарламасы жүзеге асу үстінде. Мұнда негізгі капиталға инвестиция құюдың көлемі 5744,1 мың теңгені құрады. Ақсу ферроқорытпа зауытында өнімді кешенді түрде қайта өндеу жұмыстары қарқынмен жүруде. Бұл мақсатқа 4012,3 мың. теңге инвестиция тартылып отыр. «Кастинг» ЖШС Павлодар филиалында №2 электрлі-болат құю цехының құрылысына байланысты жұмыстар жүзеге асырылуда. Кәсіпорынның бұл бағытына өз қаржысы есебінен 600,1 мын. теңге инвестиция салынған. Еліміздегі ең алып әрі бірегей құрылыс мәртебесіне ие болашақ ірі кәсіпорны - электролиз зауытында құю цехының табантастарын орнату жұмыстары аяқталды. Зауыт құрылысы басталғаннан бері 90 млн. АҚШ доллары игерілді [40]. Құрылыс жұмыстары қызу түрде жалғасын табуда. Сол сияқты Павлодар мұнай-химия зауыты, «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС, «Шығыс кеніші, Екібастұз ГРЭС-2 станциясы ААҚ, «Ромат» ЖШС кәсіпорындары кешенді жоспарларды іске асырып, нәтижесінде облыс экономикасын дамытуға қомақты үлес қосуда.
Өз алдына жеке облыс ретінде құрылғанына 2008 жылы 70 жыл толған Павлодар облысының өнеркәсібі Кеңес Одағы кезінде 15 республика ішінде алдыңғы қатарлылардың бірінде болса, бүгінгі таңда да тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тек ТМД елдерінің арасында да сандық және сапалық көрсеткіштер бойынша үздіктер санатынан көрінуде. Жоғарыда көрсеткеніміздей облыс өнеркәсібі кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, металлургия өнеркәсібі, электр энергиясын өндіруден жылма жыл жоғары табыстарға жетуде.
Біріншіден, шикізат көзі мол, екіншіден оны өндіретін техникалық құрал – жабдық базалары сұранымға сай, үшіншіден жоғары сапалы білікті кадрлар бар облыс өнеркәсібі нарықтық экономика тығырығынан шығып, еркін даму жолына түскен. Кезінде негізінен шикізат қорын жасақтауға икемделген зауыт, фабрикалар қазір дайын өнімдер шығаруға бейімделе бастаған. Әрине, олардың өндіріс қуаттары бұрынғы кездегідей болмағанымен бірте – бірте техникалық қайта жабдықтау жұмыстарына байланысты заман талабына сай дәрежеге көтерілуде.
Павлодар өнеркәсібінің пайда болу, қалыптасу, даму кезеңдерінің өзіндік ерекшеліктері, ғылыми тілмен айтқанда тарихы бар. Жоғарыда біз бұл мәселеге аздап болса да тоқталып кетуге тырыстық. Әрине, 1917 жылы қазан төңкерісіне дейінгі патшалық самодержавие кезінде қазақ жеріндегідей Павлодар уезінде де өнеркәсіптің кейбір түрі пайда болып қалыптасқанымен оның айтарлықтай даму сатысынан өтті деп айта алмаймыз. Негізінен тұз, таскөмір, алтын өндірісімен айналысқан капиталистер өңдеу өнеркәсібімен айналыспай, оны тек орталықтарға тасымалдаумен ғана айналысты.
Бүкіл Қазақстандағыдай өнеркәсіптің шындап дамуын жолға қою тек Кеңес Одағы тұсында ғана қолға алынды. Әсіресе, өткен ғасырдың 20 – 30 –жылдарында өнеркәсіпті индустрияландыру және ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдарында ғасырлар бойы бар байлығын бауырына жиып үнсіз жатқан қазақ жері өзінің аса бай шикізат көздері арқылы дүниежүзіне танылды деуімізге болады. Оны осы Павлодар облысы жерасты шикізат көзі және оның дарынды ұлы геолог Қаныш Сәтбаев арқылы айқын көз алдыңызға елестетесіз.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының неміс – фашист басқыншыларын жеңуінің бір ұшы да осы Қазақстан жер асты байлығында, оның жедел дамыған өнеркәсібінде жатыр десек өтірік айтпағанымыз. Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы, шынжыр табанды танктердің оқ өтпес сауыттары қазақ жерінен шыққан ғой. Әрине, осының бәрінде де Павлодар облысы өнеркәсібінің қосқан үлесі зор.
Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында және тың көтеру кезеңінде де Павлодар облысының өнеркәсібі үнемі көтерілумен, яғни алға жылжып, халықтың әл – ауқатының жақсаруына үлес қосумен болды. Бұл өңірде жоғарыда айтқанымыздай, өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, металлургия өнеркәсібі, электр энергиясын өндіруге байланысты жаңа қуатты завод, фабрикалар салынып, қатарға қосылуы республикамыздың бұл салалар бойынша одақ көлемінде алдыңғы қатарға шығуына мүмкіндік берді. (38,24б)
Сондай–ақ, кеңестік құрылысты өркендету немесе қазіргі айтып жүргендей тоқырау жылдары да (1970-1980) Павлодар облысы өнеркәсібі Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда қарқынды өсу, даму сатысында болды. Әсіресе, көмір өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі, электр энергиясын өндіруден облыс еңбекшілері әрдайым биік межеден көрінді..(38.112б)
Ал, тәуелсіздік алған он тоғыз жылдың ішінде Павлодар облысының өнеркәсібі басынан бірталай қиыншылықтарды өткеріп, үлкен өзгерістерге ұшырады. Атап айтқанда, нарық заңына сәйкес қайта құрудан өтіп, неғұрлым бәсекеге қабілетті деген өнеркәсіп ұжымдары ғана істерін әрі жалғастыру құқығына ие болды. Осы тұрғыдан алғанда бұл аймақтың өнеркәсібі көп шығынға ұшырамай, аз ғана уақыт аралығында тік тұрып, көлемді де сапалы өнім шығарып, өңдеуге қол жеткізіп отырды деуімізге болады. Оны Павлодар облысының 2004 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамыуның төмендегідей көрсеткіштері мысалында байқауға болады.(38, 114 б)
1.2 ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ, КӨЛІК ПЕН БАЙЛАНЫС, САУДА МЕН ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК
Тәуелсіздік жылдарындағы Павлодар облысының құрылысы мен инвестицясына, көлігі мен байланысына, саудасы және кәсіпкерлік мәселесіне тоқталмай тұрып, алдымен оның тарихына біраз көңіл аударалық. Сонда ғана өзіміз зерттеу нысаны қылып алып отырған проблеманың мақсаты мен міндеттерін ашуға толықтай мүмкіндік туады деп білеміз. Павлодар облысының құрылуына байланысты оның өте бай мүмкіндіктері кеңінен пайдалана бастады. Атап айтқанда, оның пайдалы қазбалары, тұз бен басқа да шикізат көздерінің аса мол қорлары өнеркәсіп салаларының, әсіресе тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуына мықты негіз болды. Бұл кезеңде Павлодар облысы негізінен ауыл шаруашылығы аймағы ретінде қалса да өнеркәсіпті дамытуда айтарлықтай алға басушылық байқалды. Әсіресе, қазып шығаратын өнеркәсіпте: Қиыр Шығыс пен Сібір балық өнеркәсібіне қажетті тұз өндіру көлемі артты. Алғашқы бесжылдық жылдарында наубайхана, ұн тартатын комбинат, май айыратын және тері илейтін зауыттар, элеватор, мұздатқыш, жаңа цехтер құрылыстары салынды. Қатарға қуатты 1200 киловаттық жаңа электростанция қосылды. 1930 жылдардың басында Павлодар қаласында аэропорт ашылып, жолаушы тасымалдаушы ұшақтардың тұрақты ұшу кестесі қалыптасты. 1932 жылы «Майкаинзолото» комбинаты құрылды. Оның құрылысына 1940 жылы 10 мың сом бөлінді. Онда 244 адам жұмыс істеді [41,192 б].
Барлық жұмыстар қолмен жасалды. 1940 жылы Павлодарда жергілікті маңызы бар 85 өнеркәсіп кәсіпорындары қатарға қосылды. Су қорының аса молдығы мен Екібастұз бассейнінің арзан көмірі Павлодар-Екібастұз өнеркәсіпті энергетикалық ауданы мен оның әкімшілік орталығы Павлодар қаласының тез дамуына жағдай жасады. 1946-1950 жылдары соғыстан кейінгі кезеңмен салыстырғанда 1951-1960 жылдары күрделі құрылыс көлемі едәуір артты. Бұл жылдары облыста 779 млн. сомның күрделі қаржысы игеріліп, іске 680 млн. сомның негізгі қорлары қосылды [42,131б].
1955 жылы комбайн және алюминий зауыттары құрылыстарының басталуы Павлодар облысының және қаласының тарихында ерекше кезең болып, оның шапшаң қарқынмен дамуына жол ашты. 1955 жылы Павлодар құрылысшылардың алғашқы механикаландырылған колоннасы келіп, «Павлодарстрой» басқармасы құрылды ( 43,42б]. Бірден Сібірдің құрылыс индустрия зауыттарынан құрастырмалы темірбетон құрылымдары, құрастырмалы барақтар мен құрылыс материалдары жүйелі түрде түсе бастады. Павлодар энергоқуатымен жабдықтаудың ең ірі көзі «Октябрь» зауытында орнатылған 1000 киловаттық булы турбиналық станция болды. Ал басқа ұсақ кәсіпорындар: сүт зауыты, теміржол торабы, кеме жөндеу зауыты және т.б жалпы қуаты 1500 кВт локомобиль (бу двигателі) және дизельді қозғағыштарды пайдаланады.
Бұл өндірілген қуат көздері кәсіпорындардың өз ішкі қажеттері мен маңайларындағы әкімшілік мекемелерді жарықтандыруға әсер етті. Осындай қиын жағдайларды есепке ала отырып және техникалық- экономикалық есептерге сүйене отырып, Киевтің «Теплоэлектропроект» институты қаланың электроқуатымен жылуға деген сұранысын толықтай қанағаттандыру мақсатында Павлодарда жалпы қуаты 900 мегаваттық үш ТЭЦ (жылу энергетикалық орталығы) құрылысының жобасын дайындады. Ең алғашқы болып комбайн зауытының қажеттігін жабу үшін үш турбиналы қуаты 100 мегават ТЭЦ-2 құрылысын салу көзделді. Сондай- ақ, алюминий зауыты мен солтүстік топтағы зауыттардың сұранымын қанағаттандыру үшін өте қуатты ТЭЦ-1 және ТЭЦ-3 құрылыстары жобаланды. Ертістің сол жақ жағалауында, Ақсудан 15 шақырым төмен (бұрынғы Ермак қаласы) Ақсу ферроқорытпа зауытын электр қуатымен жабдықтау үшін қуаты 2400 кВт болатын ірі ГРЭС (гидроэлектр станциясы) құрылысының жобасы жасалды. 1955-1959 жылдары Павлодарға Брянскі мен Екібастүздан және Қостанайдан жалпы қуаты 17 мың кВт 5 энергопоезд орнықтырылды. Бұл Павлодар облысының құрылыстарындағы энергетикалық сұранымдарды едәуір қысқартуға мүмкіндік берді [44,38 б)].
1956 жылы теміржол вокзалының жаңа ғимараты салынып, кинотеатр, емхана мен ауруханалар, қонақ үйлер мен мейрамханалардың, «Асхана» дәмханасы мен 1-май көшесіндегі екі қабатты дүкеннің құрылыстары басталды. Бұған дейін Павлодар кейінірек «Пионер»деп өзгертілген Ленин көшесінде «Ударник» деген бір-ақ кинотеатр болған. Сондай-ақ, 100 орындық мейрамханасы бар 54 кісілік қонақ үй де пайдаландыруға берілді [45,85б].
Өткен ғасырдың елуінші жылдарында облыста емдеу және профилактикалық (ауруға қарсы алдын-ала қолданылатын шаралар) мекемелердің жетіспеушілігі байқалды. Сондықтан да, 1955 жылы Павлодарда алғашқы аурухана кешенінің құрылысы аяқталса, 1962 жылы бірден 500 кісіні қабылдай алатын емхана іске қосылып, 1965 жылы, 240 төсектік стационарлық (тұрақты, көшіп жүрмейтін емдеу мекемесі) корпусы қабылдау бөлмесімен және қосалқы қызмет көрсету орындарымен пайдаланылуға берілді [46,91б].
1961-1980 жылдары облыстың барлық халықшаруашылығы салаларына 8 млрд. сомнан артық капитал (бір іске, өндіріске жұмсалған капитал, қаржы) жұмсалған. Бұл жылдар тың игеру, жаңа кәсіпорындар салу, Екібастұздың жаңа кен орындарын игеру кезеңі болып саналады. Бұл жылдары Павлодар трактор зауыты, Ақсу ГРЭС- тері сияқты ірі өнеркәсіп кәсіпорындары салынып, іске қосылды. Облыстың өнеркәсіп кешені мынадай маңызды өндіріс қуаттарымен толықты: электростанциялар- 4,3 млн кВт- қа, көмір өндіру - 63 млн. тоннаға, ферроқорытпа шығару қуаты 884 мың тоннаға, құрылмалы темір бетон құрылымдары мен бұйымдары - 86,5 мың текше метрге, құрылыс темір құрамалары -21,8 мың тоннаға және т.б. Осы аралықта жалпы аумағы 8,8 млн. шаршы метр тұрғын үй, 129910 орындық оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп, 47289 орындық мектепке дейінгі мекемелер, 4687 төсектік аурухананың құрылысы салынып, пайдалануға берілген [47,197б].
1962 жылы жаңадан ұйымдасқан «Целинпроектің» филиалының ұжымы 4000 орынға арналған екі темірбетон трибунасы бар қалалық стадионның жобасын жасады. 1963 жылы бұл стадион жаттығу және спорт жарыстарын өткізу үшін ашылды. 1963 жылы трамвай депосының құрылысы басталып, 1965 жылы оның бірінші кезегі - алюминий мен Трактор зауыттарын жалғастырып жатқан участогы тұрақты пайдаланылуға берілді. 1964 жылы басты теміржолдардың үстінен тікелей қиып өтетін көлік жолдары салынды. Соның нәтижесінде солтүстік өнеркәсіп ауданы қалаға неғұрлым жақындай түсті. Ірі зауыттардың салынуы бүкіл Павлодар облысының теміржол тораптарын қайтадан жабдықталуға алып келді. Сондай-ақ, жаңа теміржол станциялары: Оңтүстік, Солтүстік және Жағалаулық 1962 жылы Ертіс өзені арқылы өтетік автокөлік көпірі салынды.
Мұның өзі Павлодарды өзеннің солтүстік жағалауындағы елді мекендермен тұрақты байланыс жасауына мүмкіндік берді.
1981-1989 жылдары өндіріске жұмсалған қаржы көлемі 7,3 млрд. сомды құрады. Осы жылдар ішінде 6,8 млрд. сомның негізгі қорлары енгізілді. Облыстың өнеркәсіп кешені мынадай маңызды өндірістік қуаттармен толықтырылды: электростанциялар-3080 мың кВт-қа, көмір өндіру - 35 мың. тоннаға, кесілген материалдар (арамен кесілген) өндіру қуааты 74,4 текше құрамалы темір бетон құрылымдары және бұйымдары 239,9 мың текше метр және т.б. 1981-1989 жылдар аралығында 48,6 мың оқушыға арналған 76 жалпы білім беретін мектеп, 25,1 мың орынға арналған мектепке дейінгі мекемелер салынып, пайдалануға берілген. Бұл уақыт аралығында жұмыс істеп тұрған ауруханалар тағы да 2175 төсекке көбейіп, 16500 орындық 48 клубтар мен мәдениет үйлері қатарға қосылған [48,7 іс].
Құрылыс капиталына «Қаржы жұмсау» инвестиция (бір іске, кәсіпке капитал салынуы) игерудің жоғары көрсеткіші 1990 жылы тіркелді. Онда облыстың негізгі қорларын құруға және ұдайы өндіріске жұмсалған қаржының көлемі бір жыл ішінде 1,3 млрд. сомға жетті. 1990 жылы облыстық халық шаруашылығының барлық салаларында негізгі қорлар 0,9 млрд. сомға жеткізілді. Жаңа құрылыстар салумен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту және қайта құру негізінде: электростанциялар (500 мың кВт), көмір өндіру қуаты (1300 мың тоннаға), ірі қара малға арналған қора- қопсы (9,4 мың орын), шошқаға (2,9 мың орын), қойға (4 мың орын) қора- қопсылар көбейтілді, 144,5 шақырым автомобиль жолдары (қиыршық тастармен жабылған) салынды, 557 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 1980 жылмен салыстырғанда 26,9 пайызға артық. 1990 жылдық қорытындысы бойынша әлеуметтік сфера (өріс, орта) 2980 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептермен, 3525 мектепке дейінгі мекемелермен, 305 төсектік ауруханамен және тәулігіне 1270 адамды қабылдай алатын емханамен толықтырылды [49,350 б].Ал керісінше, 1995-1997 жылдары облыста құрылыс капиталына жұмсалатын инвестиция көлемі күрт төмендеп кетті.
Алайда, 1998 жылдан инвестициялық ортада инвестициялық құлдырау процесі тоқтатылып қана қоймай, тұрақтану, тіпті инвестициялық қызметтің өсу тенденциясы байқалды. Оны мына кестеден айқын байқауға болады (өткен жылдармен салыстырғанда пайыз есебімен):
Кесте 10. Инвестициялық қызметтің өсу тенденциясы (50)
1991 1992 1993 1994 1995 1996 1997 1998 1999 2000 2001 2002
163,8
200 122,6 112,5
87,1 85,5 123,6
100 60,3 72,8 61,5 51,5 51,6 65,1
Ал, 2005 жылдық қаңтар - желтоқсан айларында болса, облыста тұрғын үй құрылысына салынатын қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артты. Сөйтіп, 2005 жылы тұрғын үй құрылысына бағытталған қаржының тиесілі бөлігі, яғни оған жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі 3,9 пайызға көбейіп, 7,6 пайызды құрады. Тәжірибе жүзiнде осы салаға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 100 пайызға игеріліп, жалпы көлемі 2346,9 мың. теңгенің жұмысы жасалды. Қала шаруашылығына тән коммуалды үй- жай құрылысына бөлінген 393,8 мың. теңге жыл қорытындысы бойынша 99,8 пайызға немесе 393,О мың теңгеге орындалды. Сондай-ақ жергілікті атқару ұйымдарын несиелеуге арналған қаржы да толықтай игерілді.
2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй мен индустрия құрылысын дамыту бағдарламасына сәйкес жалпы көлемі 17,6 мың шаршы метр коммуналды үй- жай, оның ішінде: Павлодар қаласында 5 қабатты 30 пәтерлі және 10 қабатты 120 пәтерлі тұрғын үй; Екібастұз қаласында 9 қабатты 54 пәтерлі тұрғын үй, облыс аудандарында 7 бір қабатты екі және бір пәтерлі тұрғын үй құрылыстары салынып, пайдалануға берілді. Павлодар қаласында ипотекалық жүйе бойынша 30,1 мың шаршы метр баспана: оның ішінде 4 тоғыз қабатты, 2 он қабатты және 1 бес қабатты тұрғын үйлер қатарға қосылды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру құрылыс материалдарын шығаруды көбейтуге де жағдай жасады. Әсіресе, керамикалық және силикатты кірпіштерді шығару 2 есеге, бетон бұйымдары 2 есеге, құрылысқа қажетті металл құрылымдары 25,8 пайызға, жылу ұстағыш материалдар 15,9 пайызға артты.
Ең бастысы, Қазақстан Республикасы статистика жөніндегі агенттігінің есебі бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция облыс көлемінде 51298,1 млн. теңгені (114,7 пайыз) құраған. Қаржыландыру көздерінің мәліметтері бойынша кәсіпорындардың (мекемелердің) өз қаржылары-инвестиция құрамындағы құрылысты салушылар мен азаматтар заңды тұлғалар жетекші ролді сақтап қалып, 74,1 пайызды құраған. Инвестицияның салалық құрамында негізгі қорда басты орында 45,8 пайыз көрсеткішпен өңдеуші өнеркәсіп иемденуде. Ірі және орта деңгейдегі кәсіпорындар мен мекемелер облыс көлеміндегі инвестицияның 37979,8 млн. теңгесін немесе 84,3 пайызын игерген. Инвестицияның өсуі АҚ «Евразия энергетикалық карпорациясына» (1,6 есе), ЖШҚ «Богатырь Аксес көмірге» (1,4 есе), ЖАҚ «Қазақстан алюминийіне» (2,2 есе) инвестициялық салымның ұлғаюынан байқалады [51,52 б)].
2005 жылы бюджет қаржысы арқылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың әлеуметтік секторындағы жобаларының саны артты. Республикалық бюджеттің есебінен Ақтоғай селосында 520 орындық және Павлодар қаласының Усолка мөлтек ауданында мемлекеттік тілде оқытатын 1078 орындық мектептің, сондай – ақ Қашыр ауданында 35 төсектік, Ертіс селосында 30 төсектік туберкулез ауруханасының, Екібастұз қаласында 480 адамды қабылдай алатын емхана құрылыстары басталды. Баянауыл селосында туберкулез ауруханасы пайдалануға берілді. Шарбақты ауданының Шалдай селосында туберкулезбен ауырған балаларға арналған 220 орындық демалыс орны тәрізді мектеп-интернатының құрылысы салынуда. 4 ауылдық елді мекендерде сумен қамтамасыз ететін құрылыс жүйелері қайта жондеуден өткізілді. Жергілікті бюджет есебінен Аққу ауданының Жабағылы селосында 80 орындық, Баянауыл ауданының Мұрынтал селосында 50 орындық, Қашыр ауданының Зеленая роща селосында 50 орындық мектеп құрылысы салынып бітті. Сонымен қатар облыстық онкологиялық диспансердің сәулелі терапия бөліміне қосымша құрылыс, облыстық №1-ші мамандандырылған мектеп-интернатқа монша, Павлодар қаласында жедел басқару орталығы да өз иелерін тапты.
Облыс экономикасының дамуына көліктің қосар үлесі ерекше. Атап айтқанда, көлік шын мәнінде шығарушы және өңдеуші өнеркәсіп арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, көлік өнеркәсіп пен ауыл шыруашылығының арасын, өнімді шығарушы мен оны тұтынушының арасын да байланыстырады. Барлық көліктің түрі бір-бірімен тығыз байланысты. Олар бір-бірін толықтырып, біртұтас көлік кешенін (жиынтығын) құрайды. Облыста теңіз көлігінен басқа, көліктердің барлық түрі бар. Облыстағы көлік жұмысының дамуы өтпелі кезеңнің ішкі және сыртқы факторларының әсерімен қалыптасып отырады. Облыста көліктің пайда болуы 1917 жылғы қазан төңкерісінен әлдеқайда бұрын басталған. Одан кейінгі көліктің дамуы төңкерістен және соғыстан кейінгі кезеңді қамтиды. 1954 жыл Павлодар облысы үшін үлкен өзгерістер жылы, тың және тыңайған жерлерді игеру жылы болып саналды. Осы тың игеру облыстың қарқынды дамуына негіз болды.(52,124 б).
Соңғы 19 жыл Қазақстан Республикасы үшін экономика мен қоғамның өзгеру, қайта құрылу жылдары болды. Экономикадағы жоспарлау қатынастары нарықа ауысты. Осы ретте нарыққа өту сәті экономиканың барлық субъектілеріне өте қиынға соқты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының алғашқы жартысында өндірістің күрт төмендеуі байқалды. Осының барлығы да көліктің дамуына да тежеу жасады. 1999 жылдан бастап еліміздің экономикасы өзгерістің жаңа жолына түсіп, экономиканың тұрақты өсуі басталды. Бұл тұрақтанудың қазіргі сатысында көлік- байланыс кешенін сақтап қалу, оны кеңейту және модернизациялау (қазіргі заманға сай өзгерту) шаралары жасалып, ұлттық көлік инфрақұрылымын 2008 жылға дейін дамыту концепциясы тұжырымдалған. Олар ұзақ мерзімді қамтитын (Қазақстан -2030) дағы - «Инфрақұрылым, көлік және байланыс» стратегиясында да көрсетіліп, көлік пен байланыстың дамуының негізгі доктринасына айналып отыр. Транзитті көлік, байланыс жүйелерін модернизациялау және дамыту мақсатында стратегиялық маңызы бар объектілерде (нысандарда) жұмыстың шапшаңдығы мен көлемі арттырылған. Бұл тұрғыда Павлодар облысы ТМД елдеріндегі ірі теміржол жұйелерін, «ИЛ-76» сияқты ауыр жүктерді көтеретін және «Боинг» тәрізді жолаушылар таситын ұшақтарды қабылдай алатын заман талабына сай аэропортқа ие. Сондай-ақ, аймақта үлкен автомобиль көлігінің паркі, байланыс пен телекоммуникация жүйелері, теміржол және автомобиль жолдарының үлкен жолдармен байланыстыратын тармақтары, жүк және жолаушыларды тасымалдайтын өзен порттары, мыңдаған шақырымға созылып жатқан құбырлар сілемі бар.
1938 жылға дейін облыста тас жолы болған жоқ. Тек ұзындығы 1530 шақырымдық қара дала жолы және ұзындығы 185 шақырымдық профилді (пішінделген, кескінделген) жол ғана болды. Ең бiр жайлы жол болып 1940 жылы салынған Павлодар қаласы мен Осьмерыжск аралығын жалғастырып жатқан 126 шақырымдық қиыршық тас төселген жол есептелді. Автомобиль жолдарының жақсарып, дамуы 1955-1956 жылдарғы тың көтеруге байланысты қарқын алды. Ол жылдары облыс көлеміндегі жалпы жол ұзындығы 9,1 мың шақырымды құрады. Ал, 0,2 мың шақырымнан тұратын автомобильге арналған тас жол 1960 жылдардың соңында ғана пайда болды. Дер уақытта облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 10 мың шақырымды құраса, оның 4739 шақырымы жалпы пайдалануға арналған тас жол. Тас жолдармен жабылған автомобиль жолдары арқылы барлық аудан орталықтарымен және ауылдық елді мекендердің 39,3 пайызымен көлік байланыстары орнатылған. Сондай-ақ, 2003-2005 жылдары облыс бюджеті қаржысының есебінен 676,5 мын.теңгенің күрделі жөндеуі және 451,5 мың теңгенің орташа жөндеуі жүргізілген [53,124 б].
Ал, облыстың теміржол көлігін дамыту тарихы болса, 1899 жылы Воскресенск теміржол құрылысын салудан басталған. Бұл жол Оралға көмір тасымалдауды көздеп салынғандықтан, Воскресенск пристанынан (кеме тоқтайтын орын) - қазіргі Ақсу қаласынан Екібастұзға дейін созылып жатты. Облыстың дамуына ерекше әсер еткен оқиға - 1923 жылы салынған Құлынды- Павлодар және 1953 жылы салынған Павлодар- Ақмола теміржол тораптарының іске қосылуы болды. Өйткені бұл жолдар Екібастұз - Павлодар өнеркәсіп кешенінің дамуын тездетті. Тың және тыңдайған жерлерді игеруге байланысты батыстан шығысқа қарай Орталық- Сібір теміржолының бір бөлiгі болып саналған тағыда бір теміржол торабының пайда болуы, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар, машина, жағармай, минералды тыңайтқыштар, ағаш, халық тұтынатын тауарларды тасымалдауға мүмкіндік берді. Осындай жағдайларға байланысты кезінде теміржолдардың Павлодар бөлімшесі ашылған болатын.
Жүк тасымалдау тез қарқын алды. Жүк тасымалдау 1950 жылға қарағанда 1955 жылы 10 есеге жуық артты. Теміржол көмегімен жүк тасымалдау көлемі 1989 жылы 105 миллион тоннаға артты. Кейін экономиканың құлдырауына байланысты жүк тасымалдау көлемі азайып, қазір 1970 жылдардың деңгейінде жүзеге асырылуда. 2001 жылдың соңында ұзындығы 184,2 шақырымдық Ақсу- Дегелең теміржолы пайдалануға берілді.(48,45 б)
Соның нәтижесінде Республикамыздың солтүстік, батыс және орталық аудандарын оның шығыс бөлігімен байланыстыратын жаңа транзит жолы пайда болды. Жаңа жолдың пайдалануға берілуіне байланысты Павлодар мен Семейдің арасын 1600 шақырымға, Өскеменге дейін 1400 шақырымға және Алматыға дейін 377 шақырымға қысқартты. Жүргіншілерді тасымалдайтын поездардың қозғалыс уақыты еліміздің солтүстігінен шығыс аймақтарына дейін тоғыз сағатқа, ал жүк тасымалдау уақыты 1 тәулікке қысқарды [54,21 б].
Облыста су (өзен) көлігінің дамуы 1861 жылдың жазында 20 оттық күші бар бумен қозғалатын Тюменнен келген алғашқы кемеден басталады. Мұнда жүзу маусымында Тюмень, Тары, Омбыдан 4-5 кемеден келетін болған. Ал 1865 жылы болса Ертіс өзені бойымен 25 кеме жүре бастаған. Павлодардан өзен бойымен төмен қарай көп мөлшерде тұз, ал кейінірек астық, май, жүн, тері жіберіп отырған. 1880 жылдан Тюмень мен Семей қалаларының арасында тауар мен жолаушыларды тасымалдайтын кемелер қатынасы жолға қойылды. Бірақ олар тайыз бен тастарға көп кездесқендіктен, тек Павлодарға дейін ғана жете алған.(50,42 б)
1962 жылы Қазақстанда, оның ішінде Павлодарда алғаш рет «Ракета» деп аталатын қанатты кеме пайда болды. Павлодар облысында жалпы қолданылатын ішкі кеме жолдарының ұзындығы 2003 жылы 634 шақырымды құраған.
Экологиялық таза және сенімді көліктің бір түрі болып электрлі көлік, яғни трамвайлар саналады. Трамвай жол қатынасы Павлодар қаласында 1965 жылдан жұмыс істейді. Алғашқы жылдары көліктің бұл түрімен 0,4 миллион адам тасымалданса, қазір ол 145,1 адам шақырымға артып отыр.
Құбыр магистралы Павлодар облысындағы көліктің жаңа түрі. Негізінен Павлодар- Шымкент мұнай құбыры арқылы 24 миллион тонна мұнай тасымалданады. Оның жалпы ұзындығы 2574,4 шақырымды құрайды.
Облыстың автомобиль паркінде 1939 жылы екі автобус, 323 жүк тасымалдайтын және 54 жеңіл көлік болған. Осы жылы олар 130 мың жолаушы тасымалдап, 109,7 мың тонна жүк тасыған. Ал, 1944 жылы болса облыстың автомобиль паркінде 539 жүк таситын және 65 жеңіл автомобиль болған. Тың көтеру жылдарында барлығы 9527 көлік болса, оның 7684-і жүк, 1030-ы жеңіл автомобильдер және 44-і автобустар болды. 1955 жылы олар 11,1 млн. тонна жүк тасымалдаған. Осы уақытта жеке меншікке 536 жеңiл көлік болған.
Нарықтық қатынастар даму жағдайында азаматтардың жекеменшігіндегі автомобильдер саны күрт өскені байқалады. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуына байланысты жекеменшік иелері автобустар мен жүк машиналарын да көптен сатып ала бастады. Сөйтіп, 2003 жылы облыс тұрғындарының жеке меншігінде 60187 жеңіл, 9000 жүк машинасы мен, 1128 автобус болған. Бұл облыс тұрғындарының 1000 тұрғынына шаққанда 80 жеңiл, 12 жүк автомобилі және 1 автобустан келеді деген сөз.
1929 жылы Павлодарда ұшақтың алғашқы ұшу алаңының құрылысы басталып, 1930 жылы сәуір айында ұзындығы 350 шақырымдық Павлодар мен Семей аралығындағы бірінші әуе жолы ашылған болатын. Ал 1999 жылы Павлодардың әуежайы халықаралық дәрежедегі статусқа ие болды. Енді мұнда кез келген елге ұшар алдында барлық қажетті кедендік қызмет түрінен қиналмай өтуге болады. Алғашқы сапар Павлодар- Ақтөбе-Москва бағытында болды. Енді Германия мен Түркияға да әуежолы ашылып отыр.(55,64б)
Павлодар облысында телеграф байланысы 1882 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Алғашқы байланыс Омбы және Семеймен жасалған. Алғашында облыстың барлық телеграф станциясының қондырғылары 2 Морзе телеграф аппаратынан және 58 байланыс батареяларынан тұрған. Сондай- ақ, қарамағында екі хат тасушы қызмет атқарған пошта кеңсесі болған. Телефон жүйесі 1919 жылдың желтоқсан айынан, алғашқы қабылдағыш радиостанция 1920 жылдың тамыз айынан, радиоторабы 1930 жылдың 19 мауысымынан жұмыс істей бастаған. Бірінші ауылдық радиоторап Шарбақты ауданының Сосновка селосына орнатылған.
1938 жылдың басында басқарма аппаратында 27 адам болса облыстың байланысшылар штабында 799 адам жұмыс істеді. Осы жылы Павлодар Семей байланыс жүйесі іске қосылды. Келесі жылы Лебяжі мен Семиярка күшейткіш пункттер монтаждалды. 1940 жылы барлық аудан орталықтарымен телефон байланысы орнатылды. Тәулігіне 122 халықаралық байланыстар жүзеге асырылады. Павлодар байланыс кеңсесінің телефон станциясында 600 номер және 380 абоненттен тұратын 4 коммутатор жұмыс істеді. Облыс бойынша барлығы 510 абонент болды. 1925 жылы Павлодарда алғашқы радиоқабылдағыш пайда болды, ал 1930 жылы тұрақты радиохабар ісі ұйымдастырылып, 2 шақырым аймаққа 7-і радионүкте бойынша хабар таратты. 1940 жылы 12 ауданың 11-і радиоландырылып, 6059 радионүкте қатарға қосылды. 1941 жылы облыста 60 пайыз совхоз, 46 машина- трактор станциялары, 42 пайыз ауылдық кеңестер телефон байланысымен қамтылып, 1229 шақырым байланыс желісі салынды. 1946 жылы өте қуатты кабелді және радиорелейлі байланыс орнатылып, алғаш рет Павлодар қаласында 4200 номерге арналған автоматты телефон станциясы қатарға қосылды [55,14б].
Байланыс саласын дамытудың барлық кезеңдерінде, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында республикамызда дәстүрлі телефон және телеграф байланысы дамудың жоғары сатысына көтеріліп қана қоймай, кескінді телеграф, телевизия, радио пайда болып, телефон және телеграф желілерін автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп, пошта кәсіпорындарын толықтай механикаландыру жүзеге асырылып, космостық байланыс құралдары пайдаланыла бастады. Байланыс саласы тез дамитын сала, сондықтан мұнда технологияның тез ауысып тұруы заңдылық деп саналады.
Облыстың байланыс құралдарының дамуы әсіресе тың көтеру және зауыттар мен электр станциялары құрылыстарын салу жылдарында ерекше байқалды. Облыс орталығында және екі ауданда автоматты телефон станциялары пайдалануға берілді. 120 каналға арналған жаңа халықаралық телефон станциясының қатарға қосылуы облыс ішіндегі жүйе мен магистралды халықаралық телефон байланыстарының одан әрі дамуына мүмкіндік берді. АТС- тардың жалпы көлемі 1,8 есеге артты. Облыстың барлық совхоздары мен колхоздары телефон желісіне қосылып, жаңадан ұйымдастырылған барлық елді мекендер радиомен қамтамасыз етіліп, радионүктелері орнатылды. 1961 жылы облыста Алматымен, кейінірек Москва қаласымен байланыстыратын фототелеграф (кескінді) пайдалануға берілді.
1965 жылы байланыс қондырғыларының барлық түрлерін қайтадан жаңарту мен одан әрі дамыту бағытында үлкен жұмыстар жүргізілді. Пайдалануға 4000 нөмірлік АТС беріліп, 1500 абонент қызмет көрсетудің жаңа жүйесiн көшірілді. Осы жаңа Павлодардағы телеорталық құрылысы да аяқталды. Тура жалғастыратын жаңа станцияның монтаждау жұмыстары да уақытында бітті. Жаңадан ұйымдастырылған аудан орталықтарында (Май, Лебяжі) жергілікті және халықаралық байланыс ұйымдастырылды. Бұдан басқа 390 нөмерге арналған 8 жаңа селолық телефон станциялары құрастырылып, 18 байланыс бөлімшелері ашылды.
Қазіргі телекоммуникация қоғамдық пікірді қалыптастыруда, елiміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде, оны ақпаратпен қамтамасыз етуде басты рөлге ие болуға тиіс. Облыста 1998 жылдан бастап спутниктік радиотелевизия қатарға қосылып, ОРТ+Қазақстан, Республикалық 1-арна бағдарламаларын тарататын қабылдау-тарату қондырғылары орнатылды.
2002 жылдың қорытындысы бойынша 100 адамға шаққандағы телефон санынан облыс Алматыдан кейін -республика бойынша екінші орынды иеленді. Облыс тұрғындарын телефонмен қамтамасыз ету 100 отбасына шаққанда 63,5 бірлікті қамтиды [56,25 б].
Облыста 36 қалалық және 160 жергілікті АТС жұмыс істейді. Павлодар облысы АТС-торының жалпы көлемі 163,3 мың нөмерді құрайды. 2001 жылы талшықты оптикалық кабель негізінде қала аумағын байланыспен қамтамасыз ететін құрылыс объектісі аяқталды. Ленин (қазірда осылай аталады) поселкесінде Қазақстанда бірінші рет жапондықтар шығарған сандық радиотаратқыш жүйе орнатылды. Телефондық байланыс сапасын жақсарту абоненттерді маусымдық-қадамдық АТС- тардан жаңа электронды станцияларға ауыстыруға тікелей байланысты болып отыр. Облыста Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ХХ-ғасырдың ең жаңа телекоммуникациялық жетістігі-токсыз телефон байланыс жүйесі жүзеге асырылды.
2001 жылы Павлодарда Интернет орталығы құрылды. Республикада бұл Астанадан кейінгі екінші орталық. Сондай-ақ интернетке 293 мектептер қосылды. Оны пайдалану тарифы мектепте басқалармен салыстырғанда 30 пайызға кемітілген.
Павлодар қаласын ұлттық ақпараттық ерекше желіге қосу Қазақстанның ірі облыс орталықтарын өзара байланыстырып қана қоймай, Қазақстан арқылы Қытай, Корея, Оңтүстік-Шығыс, Орталық Азиядан халықаралық ақпарат тасқынын ТМД және Европа елдеріне өткізетін ең қысқа жол болып табылады. Мұның өзі тек байланыстың сапасын арттырып қана қоймай, байланыстың барлық түрін, оның ішінде көріністі ақпаратты да қалаған жеріңе жеткізуге жағдай жасайды. Облыста Ертіс және Баянауыл аудандарының шеткері қонысталған елді мекендеріне арналған «ДАМА» спутниктік жүйесі орнатылды. Облыста осындай 18 жүйе бар. Сондай-ақ, Павлодар облысының аз коныстанған елді мекендерін телефонмен қамтамасыз ету жоспары да жүзеге асырылды.
Байланыс салаларын дамыту тұрақты, нақты өсу динамикасымен ерекшеленеді. Мысалы, облыс байланыс кәсіпорындарының 2002 жылға қызмет көрсету көлемі 3064,8 миллион теңгені құраған. Бұл дегеніңіз алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,6 пайызға көп. Осының 1680 миллион теңгені құрайтын бөлігі тұрғындардың еншісінде.
Облыста байланыс қызметінің түрлері бойынша кіріс құрылымында неғұрлым салмақты орында 26,1 пайызбен жергілікті телефон байланысы, одан соң 5,4 пайызбен пошта байланысы, радиобайланыс, радиохабарларын тарату және телевизия-4,4 пайыз, байланыстың басқа түрлері 12,1 пайыз мөлшерін қамтиды.
Соңғы жылдары облыста байланыстың жаңа түрлері дамуда. Байланыстың жаңа түрі-сымсыз байланыс жақсы қарқын алуда. Одан басқа қызмет көрсетудің пейджинг жеке радиошақырулар түрі де сұранымға ие болып тұр. Интернет бойынша деректерді беру де кең қанат жайған. Жыл өткен сайын осындай қызмет көрсету түрлерінің көлемі арта түсуде. Мысалы, 2002 жылы Интернет жүйесінен түскен кіріс 2 есеге дейін өскен.Жалпы пайдаланылатын телефон жүйесінің телефон аппараттарының немесе оған жалғануға тиісті барлық байланыс құралдарының саны 2003 жылы 151,9 мың болса, соның 136,7 мыңы тұрғындардың үлесінде болды. Бұл дегеніміз облыс тұрғындарының 100 отбасына шаққанда 63,5 телефоннан келеді деген сөз [57,125 б].
Облыста пошта байланысы қызметін ЖШАҚ «Қазпоштаның» Павлодардағы филиалы көрсетеді. Оның 11 торабы және 188 бөлімшесі (158 бөлімше-ауылдық жерлерде) бар. 2000 жылы ЖШАҚ «Қазпошта» банктік қызметтің жекелеген түрлерін атқаруға құқық беретін республика ұлттық банкінің лицензиясын алды. Бұл пенсиялар мен жәрдемақыларды төлеу. Салықтарды қабылдау. Сондай-ақ коммуналды және басқа да өнімдерді, бюджеттегі мекемелер қызметкерлерінің еңбекақыларын төлеу, жеке салымдар мен депозиттерді қабылдау жұмыстары да жүргізіледі. Пошта халық тұтынатын жеке тауарларды сатумен де айналысады. Бұрын түрлі қиыншылықтарға байланысты жабылып қалған пошта тораптары мен бөлімдері Железинка, Ақтоғай, Май, Баянауыл және Павлодар аудандарында қайтадан ашылды. Осының барлығы да пошта байланысының кірісін арттырып, оның жұмысын жандандыра түсті. Осыған орай 2002 жылы пошта байланысы көрсеткен қызметтен түскен кіріс 166,9 миллион теңгені құрады. Бұл дегеніміз оның алдындағы 2001 жылмен салыстырғанда 30,7 пайызға жоғары.
Кесте 11. Байланысы дамуының негізгі көрсеткіштері (58)
|
1940
|
1950
|
1960
|
1970
|
1975
|
1980
|
1990
|
2000
|
2002
|
Кәсіпорын
дар саны
|
128
|
144
|
224
|
307
|
328
|
348
|
328
|
191
|
198
|
Телефон аппараттарының саны, бір мың
|
1,0
|
1,9
|
3,8
|
18,1
|
45,8
|
72,5
|
129,8
|
137,3
|
151,9
|
Қалаларда ауылдық жерлерде
|
|
|
|
|
|
|
|
|
0,9
|
Хабар тарататын радионүктелер, бір мың
|
0,9
|
1,5
|
2,9
|
13,5
|
38,0
|
59,1
|
102,0
|
115,1
|
125,1
|
Оның ішінде ауылдық жерлерде
|
3,3
|
5,7
|
35,6
|
62,1
|
38,1
|
83,5
|
90,2
|
2,4
|
2,2
|
Павлодар облыстық статистика басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2006 жылдың қаңтар - наурыз айларында облыс көлігімен (теміржол және әуе көлігін есептемегенде) 14 миллион тонна жүк тасымалданыпты. Бұл 2005 жылдың осыған сәйкес кезеңімен салыстарғанда 5,7 пайызға артық көрсеткіш. Құбыр көлігімен тасылған жүк көлемі 1,4 есеге артса, автомобильмен тасылған жүк көлемі керісінше 0,7 пайызға азайған.
2006 жылдың қаңтар - наурыз айларында автомобиль, қалалық электр көліктерінің жолаушы айналымы (коммерциялық тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің тасымалдау көлемін бағалау есебімен) 2005 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға көбейіп, 2151 миллион жолаушы- шақырымды құраған.
2006 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың байланыс кәсіпорындары жалпы құны 1085 миллион теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл 2004 жылдың қаңтар - наурыз айларымен салыстырғанда 12,5 пайызға артық көрсеткіш. Сөйтіп, тұрғындарға көрсетілген байланыс қызметінің үлесі 60 пайызға жеткен.
Социалистік құрылыстың алғашқы жылдарында жеке меншік сауда елдің жекелеп сататын тауар айналысында маңызды орын алды. 1924 жылы жекелеп сататын тауар айналымының жартысынан көбі және сауда кәсіпорындарының 90 пайызы жекеменшік сауданың үлесінде болды.
1931 жылдан бастап барлық жекелеп сататын тауар айналымы мемлекеттік және кооперативтік мекемелермен жүзеге асырылды. Сауданың бұл екі негізгі түрінен басқа, оның үшінші түрі де- кеңестік сауда яғни колхоз базары да болды. Онда колхоз бен оның мүшелері өздері шығарған өндіріс өнімдерін сатты.
1960 жылдары мемлекеттік және кооперативтік сауда даму үстінде болды. Тұрғындарға неғұрлым нәрлі азық-түлікті және ассортименті (әр алуан тауар жинағы) жағынан бағалы және әртүрлі азық-түлік емес тауарларды жүйелі түрде сату мақсатты түрде өсіп отырды.
1960 жылы тұрғындарға мемлекеттік және кооперативтік сауда арқылы сол кездегі баға бойынша 1950 жылға қарағанда ет пен құс- 9 есе, балық-5 есе, мал майы -6 есе, сүт және сүт өнімдері- 13,5 есе артық сатылды. Тұрғындарға азық-түлік емес тауарларды сату айтарлықтай өсті. Әсіресе, киім мен төсек-орын 5,4 есеге, аяқкиім 4,9 есеге, тоқыма бұйымдар 7,3 есеге артты [59,25 б].
Қазақстанда экономиканы реформалау жекешелендіруді асқан белсенділікпен жүргізді, алғашқы кезекте сауда кәсіпорындары болды. Мемлекеттік саудамен қатар сауданы ауылдық жерде жүргізетін тұтыну кооперациясы да өз маңыздылығын жоғалтты.
Облыстың қазіргі тұтыну нарығы тауар түрлерінің көптігімен, молдығымен ерекшеленеді. Тауарларды тарату құрылымы мен көлем динамикасы бірте-бірте тұрақты сипат алуда. Егер 1991-1994 жылдары жекелеп сататын тауар айналымының көлемі күрт төмендеуі байқалса, 1995 жылдан бастап саудада дамыған бәсекелес орта қалыптасып, жоғары кәсіпкерлік белсенділік артты. Енді осыған орай жекелеп сататын тауар айналымының көлемі өсу жолына түсті.(50,45б)
Облыста бірте- бірте экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты және тұрғындардың кіріс деңгейінің өсуі жекелеп сататын тауар айналымының құрылымында азық- түлік және азық- түлік емес тауарлардың арақатынасын соңғылардың пайдасына шешіп берді.
Экономиканы реформалау жылдарында сауда саласында түпкілікті өзгерістер жүзеге асырылды. Сауда саласына толықтай қайта құру жұмыстары жүргізілгендіктен нарықтық инфрақұрылым кәсіпорындары даму жолына түсіп, кәсіпорындардың басым бөлігі жекеменшік формаларын өзгертіп, шаруашылық және құқықтық дербестікке қол жеткізді. Жекелеп сататын тауар айналымының негізгі айналымы сауданың мемлекеттік емес секторының есебінен қалыптасып, жекелеп сату тауар айналымының көлемі жыл өткен сайын ұлғая түсуде.(50,64 б)
Соңғы жылдары жекелеп сату тауар айналымының физикалық көлемінің артуы белгілі бір жағдайда жеке адамдармен киім-кешек, аралас және азық- түлік базарларында сауданың қарқынды дамуына алып келді. 2002 жылы мемлекеттік емес сектордың 83,5 пайыздық тауар айналымы киім- кешек, аралас және азық-түлік базарларында жеке кәсіпкерлердің жасаған сауда есебінен құралды. Мемлекеттік емес сектордың сауда айналым көлемі 41,5 пайыздан 1995 жылы 42 пайызға, 2002 жылы 83,5 пайызға артты [60,56 б].
Облыстың әр тұрғынына шаққандағы жекелеп сату тауар айналымының көлемі, тауарларды сатып алудың орташа көрсеткіші 2002 жылы 47119 теңгені құрады, бұл 1993 жылға 313 теңгемен салыстырғанда әлдеқайда артық.
Қоғамдық тамақтандыру саласы да 1995-1997 жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Азық-түлікке бағаның артуы, сонымен қатар тұрғындардың сатып алу мүмкіндігінің төмендеуі 1995 жылы мейрамхана мен дәмханаларға келушілердің санын қысқартты. Сондай-ақ тұрғындардың көп бөлігі тұрақты түрде пайдаланатын жылдам қызмет көрсететін асханалар мен арнайы мамандандырылған кәсіпорындардың да саны қысқарды. Осының барлығы да қоғамдық тамақтандыру саласының тауар айналымының көлемін азайтып қана қоймай, жекелеп сатудағы тауар айналымының да өзіндік үлесіне нұқсан келтірді.(50,141 б)
Экономика саласында ең бір болашағы зор, барған сайын дамудың алдыңғы қатарынан орын алып отырған түрі қызмет көрсету өрісі саналады. Бұның өзі тұрғындардың күнделікті өмір- тұрмыстарымен тығыз байланысты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қызмет көрсету аясы экономиканың өз алдында бөлек секторына айналды. Ақылы қызмет көрсетуге бұрын бұнымен айналыспаған облыстық ұйымдары мен кәсіпорындары тартылды. Оларда келісім шарт бойынша тұрғын және бау-бақша үйін салу мен жөндеу және жеке меншік автомобильдерге техникалық қызмет көрсету сияқты және т.б қызмет көрсететін бригадалар мен цехтар құрылды. Тұрғындарға қызмет көрсету үшін бұған дейін тек өз қызметкерлерін ғана қамтыған сауықтыру орындары мен спорт кешендері де жұмысқа кірісті. 1985 жылдың соңында ақылы қызмет көрсететін кәсіпорындардың жалпы саны 1,1 мың бірлікті құрады.
1985-1992 жылдары қызмет көрсету құрылымында ақылы қызмет көрсетудің екі түрі алда болды. Бұл тұрмыстық және жолаушылар көлігінің қызметі еді. Олардың үлесіне орта есеппен облыстағы ақылы қызмет көрсетудің жалпы көлемінің 23,8 және 23 пайызы тиеді.
Тұрмыстық қызмет көрсету аясы 20 жыл ішінде (1965-1985 жылдар) қызмет көрсету саласындағы ең бір көпқырлы және өнімді түрі болып саналды. Номенклатура мен әралуан тауар жағының өсуі жағынан тәжірибе жүзінде мұнда ешқандай шектеулік болған жоқ және оны тарату көлемі сол кездегі баға бойынша 8 есеге дейін көбейді.
Облыста нарықтық қатынастар орнаған кездері ақылы қызмет көрсетудің көлемінінің қысқарғаны байқалды. Әсіресе, 1992-1994 жылдары. 1995 жылы да қызмет көрсету көлемі қысқарғанмен, қысқару екпінінің бәсеңдегені сезілді.
Облыста ақылы қызмет көрсетудің құрылымында міндетті түрде төленуге тиіс сипаттағы тұрғын-коммуналды және көлік түрі ерекше орында.
2000 жылдан 2002 жылға дейін нарықты қызмет көрсетудің құрылымында коммерциялық қызметтің түрлеріне байланысты (2000 жылы- 17,5 пайыз, 2001 жылы- 17,6 пайыз, 2002 жылы- 16,8 пайыз) және мемлекеттік басқару саласына жататыны қызметтер (19,4, 49,5, 56,4 пайыз) неғұрлым қомақты көрсеткішті иемденді.(51,21 б)
Республикамыз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атануына байланысты сыртқы сауданың да неғұрлым қазіргі кезеңге тән пайдалы да сапалы түрін жүзеге асырудың қажеттігі туындады. Сауданың мұндай түрі 1995 жылы кедендік статистиканың енгізілуіне байланысты жүзеге асырылды. Оған жүктің кедендік декларациясы негіз болған. Кедендік декларацияны Қазақстаннан тыс жерлерге азық-түлік пен тауарларды өндірістік немесе сауда жасау мақсатында шығаратын және оны шетелдерден ішке тасымалдайтын кәсіпорындар мен мекемелер, сондай-ақ, жеке адамдар да міндетті түрде толтырады. Бұл жылдары жақын және алыс шетелдермен, жеке және заңды тұлғалар жасаған барлық сыртқы сауда жұмысы туралы жинақталған ақпараттар Павлодар облысының да бірқатар жылдарғы сыртқы саудасының даму қарқынына талдау жасауға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы республиканың сыртқы сауда қызметінде ерекше орын алады. Кеден статистикасының көрсеткіштері бойынша облыстың сыртқы сауда айналымы ұйымдастырылмаған сауданы есепке алмағанда 1995-2002 жылдары республиканың сауда айналымының 7,4-10,4 пайызын құрады. Сөйтіп, 2002 жылы облыстың сауда айналымы АҚШ-тың 1103,3 миллион долларын құрап, 1995 жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға артты [61,80 б].
Ал, соңғы деректер бойынша 2006 жылдың 1 тоқсанында бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемі 12,8 миллиард теңгені құрады (қоғамдық тамақтандыру қызметі айналымынсыз), бұл - 2005 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артық көрсеткіш.
Нарықта және жеке меншік сауда орындарында жеке тұлғалармен сатылған тауарлардың үлесі 64 пайызды құрады немесе 8,2 миллиард теңге болды.
Сауда жасайтын кәсіпорындар желісі арқылы тауар айналымының жалпы көлемінің 36 пайызы сатылды немесе 4,6 миллиард теңгені құрады.
Облыстың көтерме нарығында өткен кезең ішінде сату көлемі 25,9 миллиард теңгені құрады. Көтерме саудамен айналысатын кәсіпорындардың делдалдық айналымы 105,7 миллион теңгеге теңгерілді.
Қызмет көрсету бойынша жалпы көлемі 250 миллион теңгені құрады. Қызмет көрсетулердің жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес салмақ қоғамдық тамақтану қызметтерінің еншісінде келді- 72 пайыз, олардың айналымы 180 миллион теңгені құрады [62,140 б].
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында елімізде белсенді түрде жүргізілген жекешелендіру процестері шағын кәсіпкерліктің құрылуы мен дамуына алғышарттар жасады.
Тиімді нарықты экономика құру үшін шағын кәсіпкерліктің маңызы оның құрылымды жасайтын рөлі арқылы анықталып, бәсекелестік ортаны дамытуды; базарды тауармен және қызметпен қамтамасыз етуді; жергілікті өкімет биліктерінің экономикалық базаларын нығайтуды; ауылдар мен шағын және орташа қалаларды қамтамасыз етеді.
Шағын кәсіпкерлік секторы сондай-ақ, бірқатар маңызды әлеуметтік функцияларды да орындайды. Атап айтқанда, оның қатарына жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістерді жұмсарту мен нарықтық қатынастарды демократияландыру проблемаларын шешу міндеттері енеді.
Шағын бизнес секторының дамуы үнемі Үкімет тарапынан қолдау тауып отырғанына қарамастан өтпелі кезең мен ерекшелігіне байланысты оның тұрақтану процесі өте күрделі түрде өтті және қарама-қайшылықтарға толы болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басынан бастап, яғни отандық шағын бизнестің пайда болуынан бастап шағын кәсіпкерліктің субъектісіне, тіркеу және есеп беру жүйесіне, нормативті-құқықтың базасына кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтың формалары мен талап-тілектері үнемі өзгеріп отырды.
Кәсіпкерлік жұмыстың алғашқы түрлері кооператив болды. Олардың қатарларының өсуі мен белсенділіктерінің артуы үкімет ұйымдарының талдауы мен екі жылдық жеңілдікпен салықтан босатылуында еді. ХХ-ғасырдың 80-ші жылдарының соңында шағын кәсіпорындар санының өсуі байқалады. Бұл мемлекет саясатындағы құқықтық және экономикалық өзгерістерге байланысты болатын. Салықтардан босатылған екі жылдық жеңілдік мерзім біткен соң көптеген кооператорлар өз жұмыстарын тоқтатты немесе тағы да салықтық төлемдерден екі жылға босатылатын шағын кәсіпорындарға айналды.(50,149 б)
Шын мәнінде, шағын бизнестің кеңінен дамуы 1997 жылы 6 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Шағын кәсіпорынды мемлекеттік қолдау және белсенділігін арттыру» туралы Жарлығы мен Қазақстан Республикасының «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау» туралы (1997 жылдың 19-маусымы) заңынан соң басталды. Бұл арада шағын бизнестің субъектілері-шағын кәсіпорындар ерекше орын алады. Облыста 2003 жылдың басында шағын бизнестің 6041 кәсіпорны тіркелген. Оның 80 пайызы жарамды деп саналған. Яғни, олар экономикалық іс -қимылды жүзеге асыруға қабілетті болған. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 2491-і (51,6 пайызы) белсенді болған.
Шағын бизнестің көпшілік кәсіпорындары (әрбір екіншісі) сауда, автомобильдерді жөндеу мен тұрмыста пайдаланатын бұйымдарды жасауға мамандалса, әрбір сегізіншісі өнеркәсіпте, әрбір он біріншісі құрылыста құрылған.
Шағын кәсіпкерліктің дамуының негізгі өндірісі болып ауыл шаруашылығында - ауылшаруашылығы өнімдерін өндеу, ет-сүт және астық өндірісі; өнеркәсіпте-жеңіл және тамақ саласы; машина жасау секторында (машиналар мен қондырғаларға артық бөлшектер) кәсіпкерліктің даму бағыты байқалады; құрылыста-жобалау ісінің дамуы, өңдеу жұмыстары, құрылыс материалдарын дамыту; көлікте-жолаушыларды тасымалдау.
Шағын бизнес кәсіпорындары облыстың барлық аймағында құрылып, жұмыс істеуде. Шағын бизнес кәсіпорындарының көп бөлігі Павлодар қаласында (743,3 пайыз). Екібастұз қаласында (16,9 пайыз), Ақсу қаласы мен Ертіс ауданында (1,4 пайыздан) шоғырланған.(51,140 б)
Шағын кәсіпкерліктің дамуының ең басты міндеттерінің бірі тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуі болып табылады. Есептік көрсеткіштер бойынша шағын бизнестің кәсіпорындарында 2003 жылдың басында 21,7 мың адам жұмыс істеген. Өнімдерді таратудан түскен кіріс 2002 жылы 24,2 миллиард теңгені құрады.
Шағын бизнес сондай-ақ дербес (жеке меншік) кәсіпкерліктің дамуымен де сипатталады. Дербес кәсіпкерлер қатарына кәсіпкерлікпен айналысатын қоғамның құқықта мүшелері жатады. Дербес кәсіпкерлік-нарықтық экономиканың өмір сүруінің заңды нәтижесі. Оны сондай-ақ, тұрғындардың жұмыссыздық пен басқа да экономикалық тығырықтар тұсында күнкөрісті қамтамасыз етудің тәсілі ретінде қарастыруға болады.
Ауыл шаруашылығы саласында дербес кәсіпкер шаруалардың (фермерлердің) шаруашылығының дамуымен сипатталады. 2003 жылы облыста олардың жалпы саны 3116 болғанымен, шын мәнінде олардың 1840-ы, немесе 59,1 пайызы жұмыс істеген.(51,27 б)
Ал шағын бизнестің қазіргі жағдайына келетін болсақ, онда 2006 жылдың 1 сәуірінде заңды тұлға болып табылатын 7 мыңнан астам шағын бизнес кәсіпорны тіркелді (облыстағы заңды тұлғалардың жалпы көлемінің 70 пайызы). Оның ішінде 68 пайызы жұмыс істейтін, яғни экономикалық қызметті жүзеге асырған, немесе жүзеге асыра алатын заңды тұлғалар болып табылады.
Белсенді кәсіпорындардың 34 пайызы сауда мен автомобиль және үй шаруашылығында пайдаланатын бұйымдарды жөндеуге мамандандырылған, шамамен 17 пайызы өнеркәсіп қызметімен қамтылған, 15 пайызы құрылыспен айналысады. Аумақтың бөлігінде белсенді шағын бизнес кәсіпорындарының басым бөлігі Павлодар мен Екібастұз қалаларында шоғырланған. Олардың үлес салмағы облыстың белсенді кәсіпорындар санының сәйкесінше 70 және 20 пайызын құрайды.2006 жылдың 1 сәуірінде шағын бизнес кәсіпорындарында 23 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығы саласында шағын бизнес шаруа (фермерлік) қожалықтарының дамуымен сипатталады. 2006 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша облыста шамамен 4 мың шаруашылық тіркелді, онын ішінде 71 пайызы жұмыс істейтін, яғни малы немесе жердің егіс алқаптары бар шаруашылықтар болып табылады. 2006 жылдың сәуір айының басында жұмыс істейтін шаруашылықтарда шамамен 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.(49,14б)
Достарыңызбен бөлісу: |