1.2.4. Әйел қолөнеріне байланысты бұйым атаулары. Әйел қолымен тері, жүн, мата сияқты материалдардан жасалатын тұрмыстық яки сәндік бұйым түрлері сан алуан. Теріден жасалатын бұйым атаулары: тулақ, кебежеқап, тізеқап, т.б.
Күнделікті тіршілікте жиі қолданылған тұрмыстық бұйымдардың бірі – тулақ. Тулақ деп кей жерде көбінесе тайдың терісін шикідей керіп кептірген төсенішті айтады. Сондықтан оны тайтері деп те атай береді. Терінің майын алған соң, оны тегіс жерге, тақтайға керіп, шегелеп тастайды. Көлеңкеде кептіріп алған соң оның үстіне бөстек, көрпе, жержастық аталатын бұйымдарды салып, төсеніш ретінде пайдаланады.
Тулаққа байланысты қалыптасқан дәстүр бойынша ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, оны босағаға тулақ төсеп отырғызады екен. Күйеу жігіттің қайынатасының төріне шығып отыруына қақысы болмаған, яғни, бұл күйеу жігітке қойылатын тыйымның бірі. Ел іші болған соң түрлі оқиғалар болып тұрады. Сондай оқиғалардың біріне қатысты «...атаңның төрі тұрмақ көріне кірерсің» деген сөз қалған. Осыған байланысты ел ішінде сақталған мынадай бір аңыз әңгіме бар. Ертеде бір жас жігіт қайынатасының үйіне келгенде, жеңгелері күйеудің астына тулақ төсеп отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен, бөтен адамды көріп қалып, арс етіп үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрден бір-ақ шығыпты. Жеңгелері бетін шымшып: «Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетті ғой», – дегенде, ол есік жақтағы төбетті қолымен нұсқап: «Апандай бәлекет арс етіп ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің», – деген екен.
Теріден жасалған бұйым түрлері көп болған, соған орай қалыптасқан атаулар да мол: тайжақы, тон, ішік, тізеқап, шалбар, желетке, кеудеше, жеңсе, алшалғы, тымақ, құлақшын, бөрік, алдаспан бауы, айыл, ноқта, жүген, адырна, бау, баулық, белдік, божы, желдік, желкелік, тебінгі, т.б.
Тоқыма бұйым атаулары. Тоқымашылық о бастан-ақ әйелдерге тән кәсіп, өнер түрі болып қалыптасқан. Ол алғаш әйелдердің өсімдіктер мен жүннен тұрпайы киім тоқуынан басталған.
Күні бүгінге дейін тұрмыста алаша, құр, шекпен, кілем тәрізді тоқыма бұйымның көптеген үлгілері кездеседі.
Мақтадан тоқылған маталар бөз, боз, тор, шыт деп аталған. Мал жүнінен де иіріп, жүн маталар тоқылған. Ал жібек маталар Қытай мен Самарқаннан, Ферғанадан тарады.
Достарыңызбен бөлісу: |