Алаша деп әртүрлі жіптен өрмек арқылы арқау салып жолақтап тоқылған, түрлері: әрекет // жүн алаша – жүннен тоқылған алаша, кілем шалша – ою-өрнек салып тоқылған алаша, қарала – алашаның жергілікті атауы, терме алаша // терулі алаша – әшекейлеп, өрнек салып тоқыған алаша, мақта алаша – мақта жібінен тоқылған алаша, т.б.
Киіз үй бөлшектерін байлап бекіту үшін және сәндік мақсатпен өрмекпен тоқылған енсіз, ұзын тоқымаларды құр деп айтады. Оның бір тұрі – басқұр – уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тартатын әрі сән беріп тұратын, өрнекті, жалпақтау құр. Дөдеге құр – дөдегенің сыртынан оралатын құр түрі, құрбау – киіз есіктің екі иін бауы, аяққұр – туырлықтың етегін бастырып тартатын құр, тең құр – тең бууға арналған құр, т.б. Бұлардан өзге құрдан жасалған заттар құр белбеу, құр дорба, құр басжіп, құр аяққап, құр қоржын, құр алаша, т.б. деп аталады.
Шекпен тоқу әр аймақта да кездесіп отырған. Шекпеннің қазақ арасындағы атаулары: түйе жүн шекпен, биязы шекпен, таңдай шекпен, қой жүні шекпен, шидем шекпен, су шекпен, бояулы шекпен, шым шекпен, түбіт шекпен, ала шекпен, ақ шекпен, әр шекпен, қара шекпен, т.б.
Ерте заманнан бері қазақ тұрмысында мықтап орын алған, бүгінгі күнде де маңызын жоймаған, өте тығыз тоқылатын, өте төзімді, ұзақ уақыт сақталатын бағалы үй бұйымдарының бірі – кілем деп аталатыны белгілі. Қазақ арасына кілем тоқудың кең тарағанын және әр жерде әртүрлі мәнермен тоқылатынын төмендегі атаулардан байқауға болады. Масаты кілем, тақыр кілем, арабы кілем, алаша кілем, тұс кілем, хан кілемі, шешенгүл кілем, шатыргүл кілем, самаурынгүл кілем, т.б.
Қазақ жерінің әртүрлі өңірінде түп-түп болып өсетін, сабағы жіңішке, қамыс тектес ши деп аталатын өсімдіктен тоқылған бұйым да ши деп айтылады. Шидің түрлеріне байланысты мынадай атаулар кездеседі: ақ ши – қабығынан аршылған ақ шидің жүн оралмай, ою-өрнексіз тоқылған түрі, шым ши шидің түрлі түсті жүн орау арқылы өрнектеп тоқылған түрі (жергілікті тілде шымырау ши), орама ши // ораулы ши – өнебойына тұтастай емес, әр жерінен аралатып жүн оралған ши, шидек – құрт жаятын кішкене ши, терме ши – шым ши, өреше – киіз үйдегі ас-су тұратын жерді қоршап қойған ши, дүзтеру ши – қошқар мүйіз өрнегімен жүн орап тоқылған ши, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |