Қазақстан Республикасының агенттіктері — спорт және туризм, денсаулық сақтау және т.б. салалар бойынша басшылықты жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік комитеттері арнаулы функцияларды орындап, нақты салалар бойынша бірыңғай саясатты қамтамасыз етеді. Оар ведомстводан тыс заңдық биліктік өкілеттікке ие және қызметін өздеріне бағынбайтын мемлекеттік басқару органдарына қатысты жүзеге асырады. Комитеттер орындайтын міндеттер олардың атауларынан көрініс табады. Мемлекеттік мүлік саласы бойынша жетекшілікті — Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитет жүзеге асырады. Осы сияқты Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитет инвестицияларға қатысты қызметті, Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі комитет өзіне қатысты атауынан көрініс табатын тиісті қызметтерді атқарады және т.б. Мемлекеттік комитеттердің қаулылары барлық министрліктермен өзге де басқару органдары үшін міндетті.
Республика Президентінің актілеріне сәйкес атқару билігінің орталық органдарының жүйесі тәртіпке келтірілген және олар қоғамдық қатынастардағы өзгеріске орай өзгеріп отырады. Мәселен, 1999 жылға дейін мемлекеттік комитеттердің басты міндеті болып келген қызметті 1999 жылғы Президент актісі негізінде қайтадан құрылған министрліктер мен агенттіктер атқарып келеді. Өз кезегінде олардың нақты құрылымдары департаменттері, комитеттері, басқармалары нақты айқындалған қызметтерді атқарады.
Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.
Жергілікті өкілді органдар — мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді әрі жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын бақылап отырады.
Ал жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді. Сонымен қатар тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ұштастыра отырып, атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етіп отырады. Олардың құзыретіне: аумақты дамыту жоспарларын; экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын; жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету; коммуналдық меншікті басқару; жергілікті органдардың жұмысын ұйымдастыру және т.б. жатады.