Қазақстан республикасы мәдениет және спорт



бет25/42
Дата06.09.2024
өлшемі2,5 Mb.
#203888
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   42

ТІЛЕУБАЙ БАТЫР ТАҒДЫРЫ


Қ. Құттымұратұлы - өлкетанушы, Батыс Қазақстан облысы
Ә. Мұқтар - т.ғ.д., профессор,
Атырау облысы
1837-1838 жылдары Ішкі Бөкей Ордасын түгел қамтып, Жайық өзенінің сол жағына да тараған Исатай-Махамбет бастаған халық қозғалысы туралы аз жазылған жоқ. Бірақ көтеріліс тарихын жүйелі зерттеген ғалымдардың көпшілігі қозғалыс көсемдері Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы тұлғаларына ғана барынша көңіл бөлген. Ал олардың айналасындағы сарбаздар, халық батырлары толыққанды ғылыми зерттеуден тыс қалды. Мысалы, Исатай мен Махамбеттің үзеңгілес достары Үбі Үсеұлы, Тәни Түменұлы тағы басқаларының кейнгі өмір жолдары әлі күнге жұмбақ. Олардың қолға түсіп, итжеккенге айдалғаны, бірақ бірнеше мәрте қашып келгені ел арасында аңызға бергісіз әңгімелерде ғана айтылады.
Міне, осы қозғалысқа қатысқаны үшін бүкіл бауырларымен бірге Сібірге айдалып, бірақ ол жақтан елге қашып келген, соңына түскен қуғыншылардың
түртпегінен атажұрт – Құм Нарында тұра алмағандықтан Жайықты жарып өтіп Тайсойғанға қоныстанған Тілеубай батыр Қойсарыұлы туралы сөз қозғамақпыз.
Тілеубай Қойсарыұлы XVIII ғасырдың соңында дүниеге келген. Ұрпақтарының аузындағы әңгімеге қарағанда ол 1891 жылы 94 жасында Тайсойғанда 5 баласынан 25 немере көріп, өз балаларының қонысы Уса- Талпақ деген жерде дүниеден өткен, сол жерде жерленген.
Тарихта ХІХ ғасырдың басы, нақтырақ айтсақ 1801 жыл – Бөкей сұлтан Нұралыхан ұлының Жайықтың оң бетіне, Еділ мен Жайық арасына қоныстанып, өз алдына Бөкей хандығын, Ішкі Орданы құрған жылы деп саналады. Сол жылдары Бөкейге ерген қалың жұрттың қарасы көбі – беріш руы деседі. Кіші жүз Байұлындағы ең қабырғалы рудың бірі болған беріштер Бөкей ханның жақын қолдаушысы, арқа сүйер жұрты болған екен. Бірақ Бөкей өліп, билікке Жәңгір жеткенде айналасына жиналған келімсектерге ақа сүйеп, жас билеуші қара қазақтан алыстай бастады дейді. Ал 1837-1838 жылдары болған Исатай-Махамбет қозғалысы басып-жаншылған кезде, хан билігі тарапынан ең көп репрессияға ұшыраған да осы беріш руы өкілдері болатын.
Жалпы, Исатай-Махамбет көтерілісінің сарбаздары туралы сәл-пәл таратып жазған зерттеушілердің бірі – жазушы Әнес Сарай. Ол өзінің
«Исатай Махамбет тарихы» еңбегінде бір тақырыбын «Көтеріліс сарбаздары» деп атаған. Жазушы осы еңбегінде жалпы көтеріліске 7 мыңдай сарбаз қатысқанын, бірақ олардың есімін түгел анықтау «аяғы жерге тимейтін арманды қиял» екенін айтады. Дегенмен жазушы Махамбет жырларында, Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында, ел аузындағы әңгімелерде айталатын және кейінгі зерттеулерде анықталған 100 қаралы адамның есімін көрсеткен [1].
Бұдан бөлек, оралдық тарихшы Зұлқожа Ғайнеденұлы (Шарафутдинов) өзінің «Тастөбе соғысы» деген кітабында «Тастөбе тарландары» деген тақырыппен көтеріліс сарбаздарына арнайы тоқталып өтеді. Автор архив құжаттарына сүйеніп, Тастөбе шайқасынан соң және кейінірек орыс қолына түсіп, сотталған, Сібірге айдалған жүздеген тұтқынның аты-жөнін келтірген. 2013 жылы 18 қарашада Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының орталығында Тастөбе шайқасына арналып ашылған ескерткіш белгінің қабырғасына осы сарбаздардың есімі қашалып жазылды [2].
Көтеріліс сарбаздары туралы ел аузындағы тағы бір дерек Қаржаубай Медихановтың «Жеті баулы беріш шежіресі» еңбегінде: «Беріш руынан Исатай-Махамбетке қолбасшы болған батырлар» деген бөлімде қос батырды қолдап, соңына ерген сарбаздар қатарында 201 адамның аты-жөнін нақтылап көрсетеді. Оның ішінде біздің кейіпкерлеріміз – Қойсары балалары да бар [3].
Енді осы жерден әңгімемізді нақты кейіпкерімізге бұрайық.
Көтеріліс жеңіліп, оған қатысқандар жазаланған кезде бірге туған үш бауырымен бірге итжеккенге айдалған Тілеубай Қойсарыұлы Кіші жүздің
Байұлы тобына кіретін беріш руының бесқасқа тайпасынан болады. Дәл көтеріліс кезінде Қойсары ұлдарының нақты қандай іс атқарғаны белгісіз. Бірақ көтерілістің ең шырқау шегі, шешуші майданы дәл осы бесқасқа ауылдарының – Тастөбе құмының үстінде болғанын ескерсек, бұл кісілердің де майданнан тыс қалмағаны шындық. Содан да болар, дұшпаны жеңіліп, кек алу кезеңі келгенде Жәңгір хан бұл әулетті аямаған. Әулеттің кенжесі Шолым Қойсарыұлы хан сарайы маңында жүргеніне қарамастан, оның төрт ағасын – Қайыпбай, Құтымбет, Айбатыр және Тілеубай Қойсарыұлдарын Ордаға алдап шақыртып алып, аяқ-қолын кісендеп, итжеккенге айдатады.
Қойсары балаларын Жәңгір хан бұған дейін де бірнеше шақыртқан екен. Олар бір қауіпті сезіп, не де болса өліспей беріспекке дайындалып жүреді. Бірақ хан ордасында халық емшісі болып жүрген інісі Шолым арқылы
«тиіспеймін» деп уәде беріп, қайта-қайта шақыртады. Әйткенмен уағдада тұрмай, іс ақыры абақтымен бітеді. Сонда Шолымға сеніп, қапы қалған Қайыпбай батыр «Әттең, жастығымды ала өлетін едім!» деп өз бармағын шайнап тастаған екен.
Бір қызығы, Қойсары балаларын көтеріліске қатысқаны үшін емес,
«Мәмбет пен Шамұрат Хожаниязов деген түрікмен саудагерін өлтіріп, дүние- мүлкін тонады» деген жалған айып тағып соттаған. Онда да анық дәлел болмағандықтан, «сенімсіз тұлғаларды Сібірге жер аудару» туралы шешім қабылданған. Бірақ негізгі себеп – батырлар мен хан арасындағы дүрдараздық болғанын белгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының мына жырлары дәлелдеп тұрғандай:
Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен, Жерінде көкжал бөрі болып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап, Ер еді дүниеге қолы жеткен.
Зырғанап хан ордада тұра алмады,
Қаймығып Қайыпбай мен Құтымбеттен! – дейді төкпе ақын Мұрат Тыныштықпен айтысы кезінде [4].
Тілеубай Қойсарыұлы итжеккенде орысқа бағынбай, елге қашып тұрмаған. Сол үшін оның маңдайына «Б» (беглец – қашқын) деген таңбаны күйдіріп басқан екен. Тіпті Сібірде тұрғанына 10-15 жыл өтіп, үйлі-баранды болса да Тілеубай атажұртты аңсауын қоймапты.
Тілеубай Сібірден соңғы қашқан кезде Исатай-Махамбет көтерілісінің бас сардары, әйгілі Үбі батыр Үсеұлымен бірге болған.
Тілеубай Қойсарыұлының тікелей ұрпағы, шөбересі Құттымұрат Құлтумаұлы «Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен» кітабында атадан балаға жеткен осы тарихты былай деп жазады:
«Тілеубай Сібірде ат баққан. Соңғы айдауында есенғұл беріш Үбі батырмен бірге болады. Бұл баяғы Исатай өлетін қанды қырғында атына оқ тиіп жаяу қалған Исатайға астындағы атын түсіп беріп: «Мен өлейін, сен кет!» дейтін батыр Үбі еді. Тілеубай Үбіден бір жас кіші екен.
Сол Үбі Тілеубайды інім деп бауырына тартып жүреді екен. Бір күні Үбі батыр Тілеубайға: «әй, Тілеубай, сен ат жарат. Қашайық!» - дейді.

  • Әй, Үбі, қорада тұрған атты қалай жаратам? – деп, Тілеубай атамыз күледі. Сонда Үбі:

  • Сен жалынан ұстап, тартқанда толқымаған ат бізге жарайды ғой,– дейді.

  • Жарайды, мен атты жаратармын, бірақ мынаны қайтеміз?!– деп, Тілеубай атам маңдайындағы таңбаны көрсетеді.

  • Сен шыдасаң, мен кесіп аламын,– дейді Үбі.

  • Сен кессең, мен шыдаймын!

Сонымен тұтқыннан қашар кезде Үбі Тілеубайдың маңдайын сүлгімен ысқылап жанын кетіріп, жазуды бұрап тұрып, кесіп алады. Содан Тілеубайдың маңдайы үлкен тыртық болып бітіпті.
Тілеубайдың ағалары Қайыпбай, Құтымбет, Айбатыр Сібірде, итжеккенде қалып қойған. «Балаларымыз өсті, қызығынан кетті. Енді несін барамыз?!» деп, сол жақта үйленіп, үйлі-баранды болып, қалып қойған-мыс [5].
Тілеубай, Үбі және бір жауғашты шеркеш жігіт үшеуі бірге қашыпты. Сібірдің ағысы қатты өзендерінің бірінен өткенде бірінің аты, біреуінің бөркі суға кетіпті. Жолда тайгада кездескен қуғыншыларды Үбі батыр кеңірдегінен қысып, қарағайдың бұтағына іліп кете береді екен. Үбі – бойы екі метрден едәуір артық, орасан күшті адам болған. Тілеубай оны көбіне тежеп, «зияны тиер» деп, кісі өлтіруден сақтандырады екен. Өзі алысқан адамын астына баса береді екен. «Кісінің астына алты кісі сияды екен, жетінші кісі жырылып шығып кете береді екен» деген сөзі сол сапардан қалса керек».
Әрине, сынық инесі сұраусыз қалмайтын Ресей империясының құрығынан құтылу оңай емес. Он бес жыл сергелдеңнен кейін елге жеткен Тілеубайдың даңқы Орда билеушілерінің де құлағына шалынады. Бұл кезде Жәңгір хан өмірден өтіп кеткенімен, Ішкі орданы билеуші Уақытша советтің төрағасы Ващенко беріш руының басқарушысы хорунжий Нұралыхановқа 1856 жылы 11 шілдеде тапсырма беріп, Сібірден қашып келген Тілеубай Қойсариннің ісімен айналысуды, қашқынды паналатқандарды жазалауды бұйырады. «Сібірден қашқан Тілеубай Қойсариннің қылмыстық ісі» делінетін архив құжаттары бүгінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің №4 қор, №1 тізбе, №3751 іс, 505 орамында [6], Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік архивінің №6 қор, №10 тізбе,
№7786 ісінде [7] және №231 қор, №1 тізбе, №2 ісінде [8] сақталған.
Архив құжаттарынан бұл кезде (1858 жылы) Тілеубай Қойсариннің сақал-шашына ақ кіріп, егде тартқанын, бірақ қайратты екенін, өзін ұстауға келген он шақты адамға жалаң қылышымен ұмтылып: «Бәріңнің де қаныңды ішем, кері қайтыңдар! Мені тірі ұстай алмайсыңдар!» деп қолға түспей кеткенін көреміз. Бір назар аударарлық оқиға, Тілеубайды ұстауға келген орда нөкерлері Тілеубайдың ауылы – Қияқты шағылы маңынан екінші
қашқынды – Исатай-Махамбет қолының әйгілі сарбазы Тәни палуан Түменұлын қолға түсірген. Бұл оқиға да Тілеубай Қойсарыұлының Исатай- Махамбет сарбаздарымен бір болғанын жанама болса да дәлелдеп тұрғандай.
«Сібірден қашқан Тілеубай Қойсарыұлын паналатқаны үшін Ішкі Орда қазақтары Шолым Қойсарыұлы және Омаш, Жандыр Тілеубайұлдарын айыптау ісі» үздік-создық оншақты жылға созылып, ақыры аяқсыз қалған. Оған себеп – Тілеубай мен Шолымның өзіне қараған әулетті алып, мал- мүлкімен түп көтеріліп, Жайықтан асып жалпақ қазақ даласына өтіп кетуі болатын. Осылайша намысты батырлар Тайсойған құмын жайлап, сол жерде Совет өкіметі келгенше өсіп-өнген. Халел Досмұхамедұлының арғы атасы, беріштің белгілі биі Машақ Байнақұлы өз ағайындарына «Сендер бесқасқаны кірмедеп кемсітіп жүрмеңдер! Тілеубай-Шолым тұқымы кісі ойнайтын тұқым емес. Аруақ қонып, бақ дарыған ел, қыз алып, қыз берісуге болады» деген екен.
Содан да болар, Мұрат Мөңкеұлы Тілеубай-Шолымды «қашқын» деп кемсітпек болған Тыныштық ақынға шамырқанып:
«Сен Шолымды білесің бе, нағып өткен?! Жайықты талқан қылып жарып өткен!
Нарында хан баласын итше сабап, Астына табанының салып өткен! Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ,
Бар жинақ қара орманын алып өткен!» деп толғайды.
Бүгінде Исатай-Махамбет көтерілісінің бір сарбазы Тілеубай Қойсарыұлы туралы там-тұм болса да баспа бетін көріп қалады. Мәселен 2018 жылы жарық көрген Индер ауданы энциклопедиясында былайша жазылған:
Тілеубай ҚОЙСАРЫҰЛЫ (1797-1891 ж.ш., Атырау облысы, Тайсойған құмы, Уса-Талпақ мекені) – батыр, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы. Тегі – Беріш Бесқасқа. Исатай-Махамбет көтерілісінен кейін Жәңгір хан Қойсары балаларын қудалап, итжеккенге айдатады. Тілеубай батыр Сібірден бірнеше мәрте қашып, тұрмағандықтан, орысар оның маңдайына «Б» (беглец-қашқын) деген әріпті күйдіріп басқан. Сібірден соңғы рет Тілеубай 1855 жылы Үбі батыр Үсеұлымен бірге қашып, елге жеткен. Ішкі Орданы басқарушы Уақытша Кеңеске төрағалық етуші Ващенконың бұйрығымен Тілеубай Қойсаринді ұстауға шыққан Беріш руының басқарушысы хорунжий Нұралыханов 1856 жылы 23 шілде күні Қияқ деген шағылда Шолым Қойсариннің ауылы жанынан Сібірден қашқан басқа бір қашқын – Тәни Түменовті тұтқындағанын жазады. Тілеубай- Шолым әулеті бүгінде Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы және Ақмола облыстарында, Ресейдің Орынбор өлкесінде тұрады» [7].
Қойсары батыр Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа ұлдарымен түгел қатысқан. Олар Қайыпбай, Құтымбет, Айбатыр, Тілеубай, Шолым. Олар әкесі Сібірге айдалған соң да қарсылықтарын тоқтатпағандай.
Өйткені орыс үкіметіне берілгендер оларды да жер аудауға күш салған. Ақырында оны қолмен ұйымдастырған. Араға уақыт сала Жәңгір хан Қойсары ұлдарына түркімен саудагерлері Мамбет пен Шамұрат Қожаниязовтарды өлтірді деген сылтау табылады. Содан Шолымнан басқа Қойсары батырдың 4 ұлы итжеккенге айдалады [6].
Міне, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысының бір сарбазы Тілеубай батыр Қойсарыұлының тағдыры осындай.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет