ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚОРҒАЛУЫ
Д.Ұ.Хамидуллина- pHd., қауым. профессор, М.К. Макжанова - магистрант, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтап, есепке алып, қорғап, сақтау және насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар жасады. Оның ішінде, тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу, олардың қорғау аймақтарын белгілеу, жаңадан ескерткіштер анықтау бағытында ұйымдастырылған экспедициялар және тарихи-мәдени мұраларды насихаттау жұмыстар да бар.
Облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен оларды есепке алу- инспекцияның басты жұмысы. Мекеме мамандары жыл сайын тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында экспедициялар ұйымдастырады. Мұндай экспедициялар бұрын зерттелмеген аумақтарға жүргізіледі. Олар:
өлкенің Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарымен шекаралас жатқан аумақтарынан жаңадан тарихи-мәдени мұра обьектілерін анықтау бағытында ұйымдастырылған экспедиция;
Бөкей мен Жәңгір хандардың есіміне және Бөкей Ордасына қатысты тарихи орындарды іздеу және анықтау мақсатында далалық зерттеу экспедиция;
облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілері саналатын археологиялық ескерткіштерді (қорғандар) анықтау бағытында далалық ғылыми-зерттеу экспедициясы;
өлкеміздің оңтүстік-шығыс аумағындағы Доңызтау, Желтау таулы аумақтарына жүргізілген экспедиция және т.б.
Осындай зерттеу экспедициялары нәтижесінде2016 жылы 106 (143 объект) объект, 2017 жылы 71 объект анықталып, есепке алынды. Нәтижесінде, қазіргі таңда облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілердің алдын-ала есепке алу тізіміндегі нысандардың жалпы саны 675-ке (1156 объект) жетті (196 ансамбль, 318 археология, 161 қала құрылысы және сәулет). Одан басқа Республикалық 4 және жергілікті дәрежедегі 313 тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізімге енгізілді. Сонда, барлығын қосқанда облыс бойынша барлығы 992 (1681 объект) ескерткіш (255 ансамбль, 491 археология, 246 қала құрылысы және сәулет) есепке алынып отыр [1].
Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде тұрған Қайнар, Ақмешіт және Ұшқан ата ансамбльдерді толық құжаттау бағытында да жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде, Қайнар қорымынан 586 объект, Ақмешіт қорымынан 36 объект және Ұшқан ата қорымынан 75 объектінің сызбалары сызылып, құжаттары жасақталды.
Инспекция тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау тақталарын орнатып (2016 жылы - 63, 2017 жылы - 40), соңғы екі жылда облыс аумағындағы 11
ескерткіштің қорғау аймағын анықтау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырды. Облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілеріне аэрофототүсірілімдер жасап,олардың жай-күйіне мониторинг жүргізді.
Атырау қаласы Жұмыскер кентіндегі Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған обелискідегі боздақтар есімінің қате жазылғанына байланысты, оны қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тарих және мәдениет ескерткіштерін жандандыру мақсатында Меншік иелері тарапынан Жылыой ауданындағы Дүйсеке мешітіне және Атырау қаласындағы Орал мейрамханасы ғимаратына реставрация жұмыстары жүргізілді.
Мекеменің жылдық жоспарына сәйкес өткен жылы «Құлпытастар – Атырау көшпелілерінің тарихы мен мәдениетінің дереккөзі» сериясымен кітаптар шығару үшін араб эпиграфикасымен жазылған құлпытастарды арнайы оқу және зерттеу мақсатында мекеме мамандары Махамбет, Индер аудандарында далалық іс-сапарда болды. Іс-сапар барысында Махамбет ауданындағы Алтын қорымындағы 75 құлпытас, Индер ауданындағы Дәрі қорымындағы 49 құлпытас зерттелді [2].
Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысының Орал қаласының мұрағат қорынан Алашордаға қатысты Атырау жеріндегі тарихи орындар туралы деректер іздестірілді.
Атырау жеріндегі Бөкей Ордасына қатысты тарихи-мәдени орындар туралы деректерді іздестіру және көшірмелерін алу мақсатында Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архив пен ұлттық кітапханада археографиялық ізденіс жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Атырау облысының аумағындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихына қатысты (ақпараттық, фотосуреттік, иллюстрациялық және картографиялық материалдарды) деректерді іздестіру және анықтау мақсатында Алматы қаласының ғылыми ұйымдарының қорларына тарихи-архивтік, тарихи-библиографиялық зерттеу жұмыстары жүргізуұйымдастырылды.
Ортағасырлық Сарайшық қалашығына және Ақтөбе-Лаэти қалашығына Атырау облыстық музейінің ұйымдастыруымен археологиялық қазба жұмыстары жүрді.Х.Досмұхамедовуниверситетінен М.Қасеновтің жетекшілігімен Қызылқоға ауданындағы Қарабау 3 қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы «Ескерткіш – ел мұрасы» атты фотокөрмесі мен «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғаудың өзекті мәселелері» - тақырыбында семинар-кеңесте ұйымдастырылып, облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын, зерттелуін және насихатталуын талқылау мақсатында «Атырау даласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау ісі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шара аясында инспекция тарапынан шығарылған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарық көрген Алтын Орда мен Ноғай
Ордасының бас қаласы, Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қалашығынақатысты ХІV-ХХ ғасырдың 80 жылдарына дейін жазылған деректер жинақталған «Сарайшық – бабалар мұрасы. Сарайчик – наследие предков» кітабының тұсау кесер рәсімі өткізілді [3].
Сондай-ақ, мекеме басшысы М.Кипиев Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасына қатысты деректер іздестіру үшін Ресей Федерациясының Санкт- Петербург қаласындағы архивтеріне барған.Соның нәтижесінде«История и культура Атырау в русских источниках (ХVІІІ-ХХ вв.)» атты деректер жинағының 5 томдық басылымы дайындалып, жарық көрді. Бұған дейін 4 томдық тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы басылымға шығарылған еді.
2017 жылы «Атырау даласының тарихи-мәдени мұрасы» атты кітап- альбом мен «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» жарық көрген болатын.[4]
Елбасымыздың бастамасымен басталған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.Нәутиевпен
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Атырау облысы бойынша жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы тобының құрамы бекітілді. Бағдарлама аясында, өлкеміздің киелі жерлері саналатын қасиетті орындарын зерттеу және насихаттау бағытында көптеген шаралар атқарылу жоспарланды.
Қазіргі таңда 7 киелі орын саналатын нысандар республикалық маңызы бар макронысандар тізіміне енгізілді. Олар: Сарайшық қалашығы, 1836–1838 жылдардағы, көтеріліс басшысы ақын Махамбет Өтемісовтің жерленген орны, Ақмешіт, Ұшқан ата қорымы, Иманқара кешені, Аралтөбе қорғаны және Құлшан ата жер асты мешіті. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізу үшін 40-қа жуық қасиетті орындар тізбесі ұсынылған болатын [5].
Өлкеміздегікиелі жерлерді насихаттау мақсатында «Атырау облысының киелі жерлері» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде открытка шығарылды.
Міне, осындай жұмыстармен қатар тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлерді жандандыру, сақтау және насихаттау бағытында көптеген іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда.