АРҚАЛЫҚ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІНЕ ҚАРАСТЫ АЙМАҚТАҒЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕР
Ж.А.Шаукенов - доцент, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Арқалық қаласынан оңтүстікке қарай 100 шақырым көлемінде, күре жолдан алыста «Қараторғай» өзені ойпатында алыстан ақ шаңқан күмбез көрінеді. Осы жерде Жанбосынұлы Әбдіғаппар хан әулеттерінің ата-бабадан бері келі жатқан рулық қорымы бар. Сол қорым жанына 2010 жылдың жаз айында 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, тарихқа бейресми отырғызылған хан ретінде енген Әбдіғаппардың 130 жылдығына орай ұрпақтары өте көрікті ақ мәрмәр кесене орнатты [1].
«Қалай болғанда да Әбдіғапар мен Аманкелді аталас қандас ағайын, бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтыны анық. Батырдың жаулары осы
бір тұста екі амал жасауы ықтимал. Бірі – болған қайғылы оқиғаның ауыр салмағын Әбдіғапарға аударып, қылмыс ізін суытуы, екіншісі – батырды қолға түсіру барысында Әмірдің беделін алға ұстап, есімін алдау-арбауға пайдалануы мүмкін» деген, академик М.Қ. Қозыбаевтың тоқтамын Әбдіғапардың кеңес өкіметі орнаған соң төңкеріс комитетіне, уездік кеңес атқару комитетіне мүше болғандығы дәлелдей түседі [2].
Әбдіғаппар ханның мүрдесі осы жерде қызыл тамның ішіне жерленген. Атыраудан арнайы алдырған құрылыс материалы ханға арналған кесенеге ерекше сән берген. Әрі кесене өте биік. Көрікті, күмбезді, мұсылман жобасымен салынған. Алматы мен Нұрсұлтан қаласында тұратын ұрпақтары бабасы рухына арнап салдырған кесене Торғай өлкесіндегі тарихи ескерткіштердің бірі.
Қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен, сол жолда шәйт болған арыс азаматы Әбдіғаппар хан Жанбосынұлын халқы құрмет тұтады.
Қазақ халқының өзге де тарих және мәдениет ескерткіштерінің арасында Екідің маңынан кездесетін ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшысы Кенесары ханның серігі болған Жәуке батыр мазары ерекше назарды аудартады. Жәуке жастайынан өр мінезді, намысқой, дұшпанына қатал болып өскен.
1838 жылы Жәуке батыр Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы Кенесары көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түскен. Жәуке батырдың басқаруындағы әскерлер бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген [3]. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» атты зерттеуінде Жәуке батырдың есімі аталып, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман- трилогиясында, ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастанында Жәуке батырдың көркем тұлғасы сенімді өрнектелген [4].
Жәуке батырдың тайпасы Арғын, руы Төлек. Қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін, елін, халқын қорғаған батыр барлық саналы ғұмырын ел бірлігі үшін ат үстінде өткізген, сыртқы жаулардан елді қорғаған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының екінші жартысында ұрпақтары батырдың 175 жылдығына орай мүсінін салдырған. Естелік ретінде салынған батырдың дулығасы жүргіншіге алыстан анық көрінеді.
Екідің ауылының маңайындағы Жәуке батырдың рухына салынған мешіт те бар. Оны ХІХ ғасырдың аяғында Жәуке батырдың ұлы Орманбек тұрғызған. Қызыл кірпіштен салынған мешітке жүз жылдан астам уақыт өтті. Бұл мәдени құндылықтың бір ерекшелігі, онда ауыл балаларын оқытқан және Ислам дінінің негіздерін ұғындырып, араб тіліне үйрететін медресе болған [5].
Екідің ескерткіштері Екідің ауылынан солтүстікке қарай, «Қараторғай» өзенінің екі жағалауында орналасқан.
Біріншісі (Дің - 1) Екідің ауылынан шығар жол жиегінде, өзеннің сол жағында, ал екіншісі (Дің - 2) өзеннің оң жағындағы төбешіктің басында тұрғызылған [6]. Археолог-ғалымдар дің құрылыс қазіргі Қазақстан аумағында Түрік қағандығы мен Қыпшақ мемлекеті құрылған кезеңде оғыз- қыпшақтар, қарлұқтар және т.б. тайпалар арасында кең тараған деген пікір айтады.
Құрылыстардың сыртқы түрі киіз үйге ұқсас. Іргетасынан бастап шеңберлене қаланып, жоғары көтерілген сайын бүрмелеп өрілген. Біріншісінің биіктігі 3,1 м, екіншісінің биіктігі 3,7 м. Оның жоғарғы жағын күмбездеп немесе шошақ етіп, тастан, кірпіштен, балшықтан қалаған. Есік ойықтары шығысқа қаратылған. Құрылысқа жергілікті табиғи тақтатастар пайдаланылған. Діңдердің диаметрі 5 м.
Дің айналасындағы жермен тегістеліп кеткен қабірлер бір-бірімен тас жолдар арқылы жалғасады, олар белгілі бір тәртіппен, торкөзді шеңберлер жасаған.
Екідің сәулет өнерінің озық үлгісі қатарына жатады және Орталық Қазақстандағы ислам дініне дейінгі құрылыс үлгісі ретінде ғылыми құндылығы зор. Ескерткішті 1959 жылы Ә. Марғұлан жетекшілік еткен ғылыми экспедиция зерттеген. Екідің Қазақстанның республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген (1982 ж.) [7].
Осы ескерткіштерді «Қазреставрация» Қызылорда филиалы қайта жаңғыртып берген болатын. Арқалық қаласынан 120-125 шақырым жерде орналасқан [8]. Діңнің төбесінен айналаның бәрі анық көрінеді. Жауды алыстан байқауға болады. Төбесінде тесігі бар. Қауіп төнген сәтте карауылдағы сарбаздар ішіне от жағып, түтінін белгі ретінде қолданған. Ауа райы қолайсыз кездерде үй есебінде пайдаланған.
«Геоглиф» термині қазіргі таңда әдетте 4 м жоғары геометриялық немесе бейнелі айшықтар салынған жерлерді белгілеу үшін кеңінен қолданылады.
Геоглифтерді жасаудың екі тәсілі бар – айшық желісі өтетін жерге топырақ немесе тас себу арқылы айшықтың параметрі бойынша жер қыртысының жоғарғы қабатын алу немесе керісінше. Көптеген геоглифтер соншалықты үлкн, оны тек жоғарыдан көруге болады (ең атақтысы – Наска геоглифтері).
Торғай ойпатында геоглифтер 2007 жылы Дмитрий Деймен Google Earth бағдарламасына қол жетімдіғарыштық түсірілімдерді зерттеудің нәтижесінде табылды.Геоглифтерді А.В. Логвиннің жетекшілігімен Торғай археологиялық экспедициясының мамандары зерттеді. Қазіргі таңда Қостанай облысының аумағында орналасқан геоглифтердің бірнеше түрлері белгілі: төрттаған, свастика, крестер, сақина, желілер және т.б. [9].
Геоглиф «Үштоғай төрттағаны» Аманкелді ауданының Үштоғай кентінен шығысқа қарай 15 шақырымда орналасқан. Диагональдармен көрсетілген геометриялы фигура болып табылады. Төрттаған қабырғаларының ұзындығы 284 м, диагональінің ұзындығы 406 м. Фигура диаметрі 10-12 м, биіктігі 1 м болатын 101 үйіндіден құрастырылған.
Ағаштыкөль ауылының маңында 700-800 м арырақ «Торғай свастикасы» (трискель) орналасқан. «Торғай свастикасы» [10] үшайырақ (трискелион) бір нүктеден шыққан үш тармақты «сәулелерден» тұрады. Мамандардың есептеуінше, ол барлығы 5375 шаршы метр көлемді алып жатыр. Бір нүктеден шығып, үш тармаққа бөлінетін ежелгі нысанның ортасындағы шеңбердің диаметрі 4 м. Үшайырықтың басындағы ирек қалыпты пішіндердің ұзындығы 40-50 м, ені 5-6 м, иілген бөлігінің ұзындығы 15-20 м құрайды.
«Торғай свастикасы» геоглифі ауылдың іргесінде, мал тұяғының астында жатыр. Оның осы кезге дейін аяқ астында жатса да, тапталып, жоғалып кетпегені таңғалдырады.
«Шилі шаршысы» Қайыңды ауылының батыс жағында орналасқан. Оны бірінші болып Николай Рычков байқап және сипаттама берді. 1771 ж. сәуірінде Н.Рычковты академик Паллас бақылаушы ретінде Еділ бойының бүлікші қалмақтарын қайтару мақсатында ұйымдастырылған генерал-майор фон Траубенбергтің әскери экспедициясына жібереді. Экспедицияның жолы Торғай даласының үстемін өтті. Нәтижесінде Рычков даланың жер бедерін, геологиясын, өзендер торабын, азық көздерінің орналасуын, жануарлар мен өсімдіктерін, ежелгі қирандылар мен қорымдарды сипаттаған құнды жазбаны алып келді.
«Шилі шаршысы» [11] жал топырақпен және іш жағындағы ормен қоршалған шаршы алаң тәрізді. Шаршының жақтарының ұзындығы 225 м шамасында. Жал топырақтың ені 10-12 м, биіктігі 1-1,5 м, ордың ені 10-12 м, тереңдігі 1 м дейін. Оңтүстік бөлігінде жал топырақ пен орды үзу арқылы құрылысқа кіретін жол жасалған.
Шаршыдан оңтүстікке қарай 100 м жерде төбесі тегіс қорған бар, үйінді топырақтан жасалған, үйіндінің диаметрі 30 м, биіктігі 1,5 м, тереңдігі 0,8 м болатын ормен дөңгелете қоршалған. Шаршыдан солтүстікке қарай жүз метр жерде жал топырақпен дөңгелете қоршалған және шаршының жақтарына қатарластыра орналастырылған алаңшалар түріндегі бес дөңгелек бар. Дөңгелектің диаметрі 30-35 м, жал топырақтың ені 4-5 м, биіктігі 0.2-0,3 м.