Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы



бет2/8
Дата04.07.2018
өлшемі1,43 Mb.
#46938
1   2   3   4   5   6   7   8

Өңірлік саясат

Өңірлік саясат өңірлердің теңгерімделген дамуына, экономикалық өсу орталықтарында еңбек және қаржы ресурстарын аумақтық шоғырландыруды ынталандыруға, тұратын жеріне қарамастан, жұмыспен қамтуды және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Ұлттық деңгейде Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі агломерацияларда экономикалық өсу орталықтары бар макроөңірлер қалыптастырылуда. Өңірлік деңгейде облыс орталықтары мен Семей және Түркістан қалалары, перспективалық моно- (27) және шағын (41) қалалар, тірек ауылдар (6660-тың 314-і) мен шекара маңындағы аумақтар өсу нүктелері ретінде айқындалды. Басқарылатын урбандалуды жүргізу үшін инвестицияларды тарту, инновацияларды, жайлы қалалық ортаны дамыту, ішкі көші-қонды басқару бөлігінде агломерацияларды дамытуға аса көңіл бөлінеді. Моно- және шағын қалаларды дамытуда экономиканы әртараптандыру және ШОБ-қа қолдау көрсету жөніндегі шараларға екпін жасалған.

Сонымен бірге Қазақстан халықтың орналасу тығыздығы төмен болуымен (орташа есеппен шаршы км-ге 6,6 адам) және урбандалудың орташа деңгейімен (Ресейдегі 74%-бен, Малайзиядағы 77%-бен салыстырғанда, 54%) сипатталады, бұл әлеуметтік қызметтерді көрсету және инфрақұрылымды салу құнын ұлғайтады.

Өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуында сәйкессіздік негізгі проблема болып қалуда. ЖӨӨ бойынша ең көп үлес Алматы қаласына (20%-дан астам), ең аз үлес Солтүстік Қазақстан облысына (2%) тиесілі. Өңірлердегі халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ ең жоғары (Атырау облысы) мәндері ең төменгісінен (Оңтүстік Қазақстан облысы) 7 есе ерекшеленеді.

Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіліктерге жүргізілген орталықсыздандыру нәтижесінде тиісті штат саны бар функциялардың басым бөлігі кезең-кезеңімен жергілікті деңгейге берілді, ауылдық округтер әкімдіктерінің аппараттары құрылды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін арттырды. Аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдық (селолық) округтерде оларды аудандардың (қалалардың) мәслихаттарында сайлау арқылы әкімдердің сайлауы өткізілді. Мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі енгізілуде, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджет көздері кеңейтілді.

Көпшілік функциялардың жергілікті деңгейге берілуіне байланысты өңірлерді институционалдық, кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді нығайту талап етіледі. Бюджетаралық қатынастар, субвенцияларды бөлу және алып қою жүйесі өңірлерді өзін-өзі ұйымдастыруға және ішкі ресурстарды дамытуға, экспорттық әлеуетті және салық салынатын базаны өсіруге, инвестициялар тартуға жеткіліксіз деңгейде ынталандырады. Бұл ретте жоспарлау шешімдер қабылдау кезінде жергілікті жерлердегі мүмкіндіктер мен шектеулер туралы толық хабардар болмау жағдайларында «жоғарыдан төменге» қағидаты бойынша орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады.

Сыртқы экономикалық интеграция

Сауда қатынастарының әлемдік жүйесіне интеграциялау мақсатында Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ойдағыдай жүргізуде.

Қазақстанның 2015 жылғы қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіруі сауда ашықтығы саясатының басты жетістігі болды. ДСҰ-ға мүше болуының арқасында Қазақстан сыртқы нарықта неғұрлым қолайлы жағдайларға, сондай-ақ сауда дауларын реттеу және кемсітушілік шаралардың алдын алу құралына қол жеткізді.

Өңірлік экономикалық интеграция шеңберінде Қазақстан Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) дейінгі жолдан өтті. Қазақстанның еуразиялық интеграция процесіне қатысуы экономиканы әртараптандырудың, шикізаттық емес секторларға инвестициялар тартудың және өткізу нарығын кеңейтудің тиімді құралдарының бірі.



Ұлттық бірегейлік

Қоғамдық сананы жаңғыртудың базалық қағидаттары «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде, Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларында көрініс тапқан және қол жеткізілуде.

Қазақстанның бәсекелес артықшылықтарының арасында елдің бірлігі мен мәдени алуантүрлілігі, айқын ұлттық бірегейлілігі, толеранттылығы және ең үздігін ғана меңгере отырып, өзгерістерге бейімделе білу қабілеті атап көрсетіледі.

Қазақстандық қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық тұтастық моделі әлемдегі неғұрлым сәтті модельдердің бірі деп танылды. Республикамыз азаматтардың жеке және ұлттық қауіпсіздігі деңгейі бойынша жоғары позицияларға ие. Қазақстандық этносаясаттың артықшылықтары: этникалық және діни тиесілілігіне қарамастан, азаматтық теңқұқылықты іске асыру тетіктері, азаматтық қағидаты бойынша қазақстандық бірегейлікті және бірлікті нығайту, этностардың топ тілін, дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау мен қолдау көрсету болып табылады.

Мемлекет гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін жыныстық белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандарын еңсеру және еңбек, қоғамдық және жеке өмірдің барлық салаларында әйелдер мен ерлердің мүмкіндіктерін толыққанды іске асыру жағдайын жасайды. Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы негіз құрайтын құжаттарына қосылды.

Азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін құқықтық және институционалдық жағдайлар жасалды. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізілетін әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қаржыландыру тетіктері жетілдірілуде. Жергілікті өзін-өзі басқару құралдары дамып келеді.

Халық бастамашылдығы деңгейінің төмен болуы (халықтың сауалнамаларына сәйкес олардың тек 10%-ы өз әлеуеттеріне ғана сенеді) проблема болып табылады. Әлеуметтанушылық сауалнамалардың деректері бойынша халықтың 30%-ы ел дамуына белсенді қатысуға дайын, бұл ретте жастар арасында осы көрсеткіш шамамен 60%-ды құрайды.

Жасыл экономика және қоршаған орта

Қазақстан энергияны көп қажет ететін экономикасы бар ел болып табылады, сондықтан бүгінгі күні тұрақты ұзақ мерзімді даму жолына өту үшін қадамдар қажет.

Қазақстан жаңғыртылатын энергия көздеріне көшу және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кешенді түрде шешетін «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыруда. 2050 жылға қарай балама және жаңартылатын энергияны пайдалану үлесінің 50%-ына қол жеткізу бойынша мақсат қойылды.

Қазақстан Париж келісіміне қосылып, парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға дейін 15%-ға төмендету жөнінде мәліметілген жарналарға қол жеткізуге міндеттенеді.

Жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК), энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін дамыту үшін заңнамалық және экономикалық тетіктер құрылды. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде жиынтық қуаты шамамен 300 МВт ЖЭК-ті пайдаланатын 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 2016 жылы өндірген электр энергиясының үлесі 1%-ды құрады.

Халықтың орталықтандырылған сумен жабдықталуға қолжетімділігі қалаларда 82%-дан 88%-ға дейін, ал ауылдық елді мекендерде 42,5% -дан 52,3% -ға дейін өсті.

Қоршаған ортаның жай-күйіне байланысты проблемалар әлі шешілмеуде: жерлердің тозуы, су ресурстарының тапшылығы, қалаларда ауаның ластану деңгейінің жоғары болуы, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату.

2.3 Болашақтың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері: мегатрендтер мен жаһандық даму сценарийлері

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды әзірлеу кезінде 100-ден астам жаһандық мегатрендтер зерделенді және жаһандық даму сценарийлері әзірленді. Жаһандық мегатрендтерге орта мерзімді перспективада Қазақстанға тікелей әсер ететін, қазірдің өзінде жаһандық деңгейде бұрыннан бар үрдістер кіреді. Жаһандық даму сценарийлері өз кезегінде болашақтың айқынсыздығын ескереді және неғұрлым ықтимал, сонымен қатар біздің еліміз үшін маңызы бар, 2025 жылға дейінгі әлемдік өзгерістердің түрлі полярлы нұсқаларын қамтиды.



Қазақстан үшін өзекті жаһандық мегатрендтер

Алуан түрлі мегатрендтердің ішінен 5 негізгі топ таңдап алынды: әлеуметтік, технологиялық, экономикалық, экологиялық және саяси.



Әлеуметтік мегатрендтер

Көптеген дамыған және дамушы елдер, сондай-ақ ірі компаниялар адами капиталды дамытуға басты назар аударған. Бүкіл әлем бойынша білім беруге инвестициялар өсіп келеді. Бұл салаға мемлекеттік инвестициялар 34%-ға


2012 жылы 4,4 трлн. АҚШ долларынан 2016 жылы 5,9 трлн. АҚШ долларына дейін өсті. Жеке инвестициялар да арта түсуде: 2017 жылы кадрларды дамыту саласындағы бес жүз көшбасшының қатарына кіретін жекеменшік компаниялардың 27%-ы өз қызметкерлерін оқытуға арналған бюджеттерін ұлғайтты. Білімді халықтың үлесі 2050 жылға қарай қазіргі 66%-дан 77%-ға дейін өсуге тиіс, бұл ретте жоғары білімі бар адамдар саны екі есеге дерлік өседі.

Жаңа экономикалық тәртіп – «білім экономикасының» қалыптасуы жүріп жатыр. Белгісіздік жағдайында жұмыс істей алатын, шығармашылық көзқарасты талап ететін күрделі талдамалық міндеттерді орындауға қабілетті адамдар көптеген кәсіби артықшылықтарға ие болуда. Озық елдердің жұмыспен қамту құрылымында мұндай форматтағы адамдар қазірдің өзінде кемінде 25%-ды құрап отыр, бұл ретте дамушы елдер үшін – 8-17%. Ақпаратқа жеңіл қол жеткізудің пайда болуымен адам жинақтаған білім деректер іздеу мен өңдеу дағдысына орын бере отырып, өз құндылығын жоғалта бастады. Әлем өз тарихында алғаш рет мамандарды әзір нарықта жоқ мамандықтарға даярлауға мәжбүр болып отыр. Тиісінше, сыни тұрғыдан ойлай білу, деректердің ауқымды көлемімен жұмыс істеу, командамен тиімді жұмыс істеу, өзгерістерге тез бейімделу сияқты және т.б. «ХХІ ғасырдың әмбебап дағдыларын дамытуға» баса назар аудару арқылы білім берудің жаңа құрамдас бөлігі туралы мәселе туындап отыр.

Білім беру моделінің өзі де өзгеруде. Дәстүрлі білім беру жүйесінде енді білімге деген монополия жоқ, цифрлық технологиялардың арқасында өзін-өзі жетілдіру рөлі артуда. 2015 жылы АҚШ-та академиялық сағаттардың жалпы санының 22%-ы онлайн режимде оқыту үлесіне тиесілі, 2005 жылы бұл цифр небары 7%-ды құраған болатын. Осыған байланысты соңғы 20 жылдың ішінде білім беру технологияларына жеке инвестициялардың көлемі ерекше қарқынмен өсті және 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі кезеңде бұрын-соңды болмаған 32%-ға жетті. 2015 жылға қарай әлемдік білім беру саласында 3 100-ден астам компания жұмыс істеді, олардың базасында әртүрлі ойындар, әлеуметтік тұғырнамалар, оқу қоғамдастықтары, сондай-ақ тіл үйрету және сауаттылықты арттыру бағдарламалары жасалды. Салыстыру үшін 1995 жылы мұндай компаниялар 800-ден кем болған.

Урбандалу және көші-қон жаһандық аумақта күшейіп келеді. Жаңа технологияларды енгізу және масштаб әсері елішілік және трансшекаралық көші-қон көлемінің өсуіне алып келеді. Атап айтқанда, бүгінгі күні бүкіл әлемде трансшекаралық мигранттар саны үш еседен артыққа өсті: егер


1960 жылы олар 80 миллионнан аз болса, 2016 жылы ол шамамен төрттен бір миллиардқа жуық. Бұл тұрғылықты жерін, оқитын, жұмыс істейтін жерін іздеген кезде мүмкіндіктер ауқымының едәуір кеңейгендігін білдіреді. Неғұрлым талап етілетін мамандық алу құқығына бәсекелестік деңгейі өңірлік деңгейден жаһандық деңгейге ауысты. Этникалық толеранттылық ерекше рөлге ие болуда: 2015 жылы халықаралық мигранттардың саны 244 млн адамға жетті, бұл 2000 жылмен салыстырғанда, 41%-ға артық.

Елдер шегінде адамдар қалаларға көшуде. Мәселен, 1960 жылы қала халқының үлесі тек 34%-ды құраса, 2015 жылы ол 54%-ға дейін өсті, ал


2050 жылға қарай болжам бойынша 70%-ға дейін ұлғаяды. Қалалар әлемдік ЖІӨ-нің 70%-дан астамын және жаңа жұмыс орындарын құруға ұқсас үлесті қамтамасыз етеді. Бұған дамыған инфрақұрылым, тұрғындардың жоғары өмір сүру, тұтыну және шоғырлану деңгейі ықпал етуде. Бұл ретте 2030 жылға дейін халықтың ең көп өсуі мегаполистерде және олардың агломерацияларында күтіледі. Мегаполистер саны 2012 жылы 20-дан 2025 жылға дейін 37-ге дейін өседі деп болжануда.

Z ұрпағы - бұл жаңа құндылықтарға ие және жаңаша ойлайтын адамдар ұрпағы. 2025 жылға қарай Z ұрпағының немесе екі мыңыншы жылдар ұрпағының (1995-97 жылдары және кейінірек туған адамдар) өкілдері бүкіл жұмыс күшінің жалпы көлемінің шамамен 25%-ға жуығын құрайтын болады. Бүгінгі күні алдыңғы буын «жаңа технологиялар» деп есептейтін, Z ұрпағы үшін олардың бүкіл саналы өмірі сонымен өткен жалғыз шындық. Олар – бала кезден бастап цифрлық технологияларды (digital natives деп аталатын) пайдаланатын және ақпаратқа шектеусіз қол жеткізе алатын адамдар. «Зет» үшін жеке тұлға ретінде өсу, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік қаржылық сыйақы мен мансапқа қарағанда, басымырақ. Алдыңғы ұрпақтарға қарағанда, «зеттер» жұмыс берушілерді ғана емес, қызмет салаларын да, тіпті тұрғылықты жерін де оңай өзгертеді. Жаңа қызметкерлер үшін күресте ұйымдарға Google, Apple, Amazon сияқты және басқа да ең ірі корпорациялар жасаған құндылықтарға бейімделуге тура келеді.



Технологиялық мегатрендтер

Жаңа технологиялар әлемдік экономикаларды, тиісінше, еңбек нарықтарын да өзгертеді. «Индустрия 4.0», заттар интернеті, робот техникасы, нанотехнологиялар, автономды көлік құралдары, 3D басып шығару сияқты және басқа да технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Роботтандырылған шешімдердің құны төмендейді: 2005 жылы робот-дәнекерлеуші ​​шығындары 182 мың АҚШ долларын, 2014 жылы - 133 мың АҚШ долларын, алдын ала бағалаулар бойынша 2025 жылға қарай 23%-ға, 103 мың АҚШ долларына4 дейін төмендейді. Әлемде жұмыс істейтін роботтардың жалпы саны 2017 жылы 1,6 миллионнан асты және бағалаулар бойынша 2 жылдан соң олардың саны 56 %-ға, 2,5 миллионға дейін өседі деп болжануда5.

Әлемдік еңбек нарығындағы технологиялық серпілістен кейін жаһандық «дағдылардағы алшақтық» байқалуда. Жұмыс процестерін автоматтандыру және цифрландыру кәсіпорындардың біліктілігі орташа және төмен кадрларға деген қажеттілігін жойса, ал жоғары білікті мамандарға деген сұраныс күрт жоғарылауда. Нәтижесінде әлемдік жұмыс берушілердің орташа есеппен 35%-ы білікті персоналды іздестіруде қиындықтарға ұшырауда, ал Жапонияда бұл көрсеткіш 85 %-ға жетіп отыр6.

Әртүрлі бағалаулар бойынша бизнес-процестердің басталған автоматтандырылуы мен цифрландырылуы таяу арада қазіргі кездегі барлық мамандықтардың 9%-дан 50%-ға дейін жоғалу қаупіне әкеп соқтырады. ДЭФ бағалауы бойынша 2020 жылға қарай 7,1 миллион жұмыс орны жойылып кетеді7. Қазірдің өзінде қысқартуға ұшырағалы отырған лауазымдарға талдамашылар, бухгалтерлер, заңгерлер, трейдерлер, рекрутерлер, әкімшілік персонал және басқалары жатады. Сақталып отырған «дәстүрлі» мамандықтардың мәні айтарлықтай өзгереді. Біліктілігі, құзыреті мен өзгерістерге қабілетсіздігі жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік бермейтін «артық адамдар» пайда болады. Қазіргі заманғы экономика жағдайында «артық адамдар» бейресми жұмыспен қамту қатарын толықтырып, әлеуметтік шиеленіс көзіне айналуы мүмкін.

Технологиялық өсу қашықтықтан жұмыспен қамтудың және өзін-өзі жұмыспен қамтудың белсенді түрде дамуына бастау болды. Тұғырнамалық шешімдерді (Uber, Airbnb және т.б. сияқты) дамыту өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамытуға ынталандыру болды. Тек Еуропада бұл сегменттегі жұмыспен қамтуды кем дегенде 17%-ға ұлғайтып, 2025 жылға қарай платформалар арқылы транзакциялар көлемі 20 есеге өседі.

Цифрлық технологиялар өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық қызметтер цифрлық қоғамдастықтар шеңберінде ыңғайлы әрі аз шығынды шешімдерге негізделген бірлесіп пайдалану экономикасының өсуіне ықпал етеді. Олар, мысалға, BlaBlaCar немесе Airbnb сияқты бірлескен сапарлар (райдшеринг) немесе тұрғын үйді бірлесіп пайдалану қызметтері. Мұндай экономика едәуір әлеуетке ие; 2025 жылға дейін ол жылына 27%-ға өседі деп күтілуде.

Ауқымды деректер жиынтығы теңдесі жоқ өсуді көрсетуде. Бүгінгі күні адамзат «ақпараттық дүмпу» дәуірін бастан кешіруде – 2013 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде деректердің жалпы саны 10 есеге ұлғаяды. 2015 жылы бұл нарықтың көлемі 125 миллиард АҚШ долларына жетіп, жыл сайын шамамен 10 %-ға – бағдарламалық қамтамасыз ету нарығына қарағанда, шамамен екі есе жылдамырақ өсіп келеді. Бұлтты есептеулер және деректер талдамасы – 2015 жылы технологияларды дамыту саласындағы барлық стартаптардың 46%-ы тиесілі жаңа цифрлық экожүйенің 2 негізі. Сансыз мүмкіндіктерден басқа, ауқымды деректерді дамыту оларды қауіпсіз түрде жинау, сақтау және олардың қоғам өмірінде шамадан тыс көп болу салдары туралы мәселені көтереді.

Жасанды интеллект жасау жолындағы алғашқы қадам болып табылатын машинамен оқыту (өзін-өзі оқыту жүйелері) мен нейрондық желілерді әзірлеу және енгізу деректермен жұмыс істеу саласындағы жаңа технологиялардың бірі болып табылады.



Экономикалық мегатрендтер

Протекционизмнің өсуіне қарамастан, нарықтардың жаһандануы қазірдің өзінде кері қайтарылмайды. Әлемдік экономикада ДСҰ қағидаттарына (Трансатлантикалық әріптестік, өңірлік Тұтастай қамтитын экономикалық әріптестік және т.б.) залал келтіретін сауда режимдерін өңірлендіру, «санкциялар соғыстар» және протекционизмнің күшеюі сияқты күрделі процестер байқалуда. Экономикалар мен билікті орталықсыздандыру жүріп жатыр: «Брексит» - (Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуы), Дональд Трамптың инаугурациялық сөзінде «глобализмдік емес, американдық» деген сөздерімен атап өтілген АҚШ-тың жаңа бағыты және т.б.. Ресей үшін қағидатты болып табылатын АҚШ-пен және Батыспен ынтымақтастық тереңдей түсуде. 2015 жылда «үлкен жиырмалық» елдері 600-ден астам шектеуші сауда шараларын енгізді. Дамыған елдердің көпшілігі мигранттар ағынын шектеуде.

Дегенмен нарықтар мен ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететін технологиялар мен ұтқырлықты дамыту, капитал ағындарының трансшекаралық қозғалысы және халықаралық қаржыландыру жаһандану процесін қайтымсыз етеді.

Жаппай өндіруден жаппай кастомизациялауға ауысу жүріп жатыр. Ірі компаниялар арасында өнімнің сапасы, қосымша көрсетілетін қызметтер және клиентке бағдарлану деңгейі шешуші рөл атқаратын «тұтынушы үшін үздіксіз шайқас» жүргізілуде. Мarketplace цифрлық алаңдары (Aliexpress.com және басқалары) есебінен әлемдік нарықтардың қолжетімді болуы бәсекелестікті күшейтетін тағы бір фактор болып табылады.

Әлемдік тауар айналымының төмендеуі аясында қызметтердің саудасы бойынша қарқынды өсу байқалуда. Қызметтердің көпшілігі цифрлық қызметтерге айналуда, ал дәстүрлі тауар өндірушілері өз ұсыныстарында түрлі қызметтерді қамтиды. Мәселен, автоөндірушілер өз күш-жігерін машиналарды иеленіп, оларға қызмет көрсетуді ғана емес, оларды пайдалануды қалайтын жүргізушілерге бағыттай отырып, қызмет көрсету нарықтарына шығады. Мысалы, Daimler компаниясы car2go деп аталатын автомобильдерді бірлесіп пайдалану қызметін Солтүстік Америкада, Еуропа мен Қытайда 30 шақты жерде тіркелген екі миллионнан астам клиенттер үшін іске қосты. BMW компаниясы Аустралияда және Sixt автомобильдерді жалға беру компаниясымен әріптес бола отырып, 14 еуропалық елде DriveNow деп аталатын осындай қызметті ұсынады.

Әлеуметтік қолдау енді таза мемлекеттік жауапкершілік аймағы болып табылмайды. Әлеуметтік қолдау көрсетуде үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі мен қызметі ерекше рөл атқарады. Мысалы, АҚШ-та корпоративтік және жеке әлеуметтік шығындардың ЖІӨ-дегі жалпы көлемі 11%-ды құрайды, бұл қазірдің өзінде мемлекеттік шығындардың көлемімен тең – 19%.



Экологиялық мегатрендтер

Таза өндіріс пен жаңартылатын энергия көздеріне көшу жалғасуда. Қалдықтарды кәдеге жарату, көмірқышқыл газы шығарындыларына арналған квоталарды сақтау және т.б. мәселелерге байланысты бизнес пен үкіметке көп қысым көрсетіліп отыр. Бұл бизнесті жасыл технологияларды іздестіруге, әзірлеуге және енгізуге ынталандырады. Болжамдар бойынша 2020 жылға қарай әлемдік энергетикада жаңартылатын энергияның үлесі 2013 жылғы 22%-ға қарағанда, 26%-дан асады. ЖЭК-ке халықаралық инвестициялар 2001 жылғы 61 млрд. АҚШ долларынан 2015 жылы 301 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды, ал энергиямен жабдықтауға жалпы инвестициялардан ЖЭК-тің үлесі іс жүзінде екі есеге, 10%-дан 19%-ға дейін ұлғайды.

Аурулардың алдын алу және салауатты өмір салты танымал болып келеді. Дамыған елдердің халқы өз уақыттары мен жеке ресурстарын аурулардың алдын алуға және өз өмірлерінің ұзақтығы мен сапасын ұлғайтуға көбірек жұмсайды.

Органикалық, экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артуы ерекше байқалуда. Нәтижесінде 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде органикалық өнімдерді өндіруге бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы 22%-ға,


36 млн. гектардан 44 млн. гектарға дейін ұлғайды. 2020 жылы экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарығы 200-250 млрд АҚШ долларын құрайды.

Таза ауа мен таза ауыз суға қол жеткізу сияқты базалық өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету аса маңызды проблема болып қалып отыр. Мысалы, 2025 жылға қарай 1,8 млрд адам су ресурстары мүлдем тапшы елдерде немесе өңірлерде тұратын болады, ал әлем халқының үштен екісі су режимі шиеленіскен жағдайда болуы мүмкін.



Саяси мегатрендтер

Үлкен экономикалы елдер өздерінің экономикалық және саяси билігін жоғалтуда. «Үлкен жетiліктің» тарихи тұрғыдан басым мемлекеттерi (бұдан әрі – G7) «көпполярлы» әлемнің пайда болуымен және бірқатар дамушы елдер мен ықпалды коалициялардың өсiп келе жатқан алып күшімен бетпе-бет келуде. 2012 жылдан бастап дамушы елдердің ЖІӨ-сі (сатып алу қабілетінің паритеті бойынша) G7 елдерінің ЖІӨ-сінен асып түсті. Бүгінгі күні әлемдік ірі проблемаларды талқылауға тең дауыс беру құқығына ие елдердің үлкен тобы қатысады. «77-топ» (бұдан әрі – G7) мысалы, өздерінің экономикалық мүдделерін қанағаттандыруға және БҰҰ ішіндегі келіссөздерде өз позицияларын нығайтуға ұмтылатын дамушы елдердің коалициясы ретінде пайда болды. 2015 жылға қарай G77-ге 134-тен астам мемлекет кірді.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әлемдік қоғамдастықтың күн тәртібіндегі мәселе. Экстремизмге және терроризмге қарсы күрес бойынша алдын ала күш жұмсалып жатқандығына қарамастан, террористік шабуылдар мен саяси зорлық-зомбылық қаупі, әсіресе Африка, Таяу Шығыста және Ауғанстанда жоғары күйінде болып қалып отыр. Соңғы уақытта террористік актілер терроризммен байланысты «дәстүрлі» елдерде ғана емес, сонымен қатар ішкі ішкі терроризм ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін дамыған елдерде де орын алуда. Діни экстремизм қорқынышы христиандық, сол сияқты көптеген мұсылман елдерінде де күшейді.

Физикалық терроризммен қатар, кибер терроризм қаупі артып келеді. Дәстүрлі террористік шабуылдарға ұқсастықтарға қарамастан, кибер-шабуылдар ерекше көзқарасты талап етеді. Әлемдік қоғамдастыққа ақпараттық инфрақұрылымды одан әрі нығайтып, үкімет пен жеке сектор арасындағы неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қалыптастыру қажет. Мәселен, халықаралық қауіпсіздік нарығы оған деген өсіп келе жатқан қызығушылықты көрсетіп отыр және 2021 жылы жоспарлы өсуі 182 млрд. АҚШ долларына дейін, жыл сайын орташа есеппен 9,5%-ға өсумен, 2015 жылы 105 млрд. АҚШ доллары болып бағаланған.

Үкіметтердің көпшілігі цифрлық ақпарат арналарын халықты диалогқа тарту және азаматтарға дауыс беру құқығын ұсыну тұғырнамасы ретінде пайдалана отырып, халықпен қарым-қатынас арналарының санын ұлғайтуда. БАҚ рөлінің күшеюі, оның ішінде жаңалық ақпаратын интернетке және әлеуметтік желілерге ауыстыру есебінен күшеюі байқалады, бұл оның таралу жылдамдығын жеделдетеді және оқырманды тарту деңгейін арттырады.

Жаһандық даму сценарийлері және олардың Қазақстанға әсері

Жаһандық даму сценарийлерін зерделеу стратегиялық жоспарлаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде стратегияны ықтимал сыртқы сілкіністерге неғұрлым икемді етуге көмектеседі. 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар әлемдік алдағы оқиғалардың үш сценарийін қамтиды және олардың әрқайсысында заманауи табысты мемлекеттің мәртебесін сақтау және нығайту үшін Қазақстанға қажетті даму жолдарын әзірлейді. Жаһандық сценарийлерді қалыптастыру кезінде Қазақстан экономикасы үшін өзекті, айқын емес салаларға: геосаяси, экономикалық және ресурстық, сондай-ақ әлеуметтік салаларға ерекше көңіл бөлінді.

Оқиғалардың әртүрлі даму нұсқалары әлемнің үш әртүрлі полярлық даму сценарийі болып қалыптасады.

«Технологиялар серпілісі» сценарийі технологиялық прогресс әлемдегі негізгі бәсекелі артықшылықтың біріне айналды деп болжайды. Дер кезінде инновацияларға инвестиция салған және оларды енгізуді қамтамасыз ете алған елдер экономиканың барлық салаларында өнімділіктің жоғары өсу қарқынына қол жеткізді. Мұндай жағдайда дамыған елдер жыл сайын орташа есеппен 2,5%-ға, дамушы елдер 4,7%-ға өсті.

Егер бұл сценарий іске асырылатын болса, Қазақстанға өмірде қажетті жоғары технологиялық тауарлар мен қызметтердің басым бөлігін импорттауға және ол үшін табиғи ресурстармен ақы төлеуге мәжбүр қалыс қалған елдер тобында қалып қоймау үшін барлық салаларға дер кезінде технологиялық жаңғырту жүргізу өте маңызды. Негізгі құралдарды және өндірістік процестерді жаңарту, жұмыс күшінің когнитивті және технологиялық дағдылары мен құзыреттерін дамыту, жоғары білікті мамандарды тарту, кибер-қауіпсіздікті қамтамасыз ету ең бастысы болуы керек. Осы сценарий бойынша 2050 жылға қарай әлемнің отыз жетекші елдерінің лигасына кіруді қамтамасыз ету үшін Қазақстан 2025 жылға дейін нақты мәнінде 5,0% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізуі қажет.

«Біртұтас ашық әлем» сценарийі ырықтандыру саясаты, еркін сауда және халықаралық интеграция аясында жаһандану процестерін күшейтуді болжап отыр. Азия елдерінің рөлін күшейте отырып, дамушы елдердің озық өсуі күтілуде. Мұндай қолайлы жағдайларда дамыған елдердің өсу қарқыны жылына орташа есеппен 3,1%-ға, ал дамушы елдер қарқыны 5,2%-ға жоғарылайды.

Мұндай сценарий іске асырылған жағдайда, Қазақстан үшін халықаралық интеграция процестеріне, әсіресе Еуразия өңірінде «Жаңа Жібек жолы» жобасына неғұрлым терең интеграция арқылы белсенді түрде қатысу маңызды. ҒЗТКЖ-ға және инновацияларға жедел ірі ауқымды инвестициялар тарту, сондай-ақ ішкі бәсекелестікті күшейту Қазақстанға неғұрлым бәсекеге қабілетті тауарлармен және қызметтермен әлемдік нарыққа шығуға және әлемдік сауда көлеміндегі өз үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Шетелдік инвестицияларды тарту және Қазақстанның қолайлы имиджін қалыптастыру үшін ЭЫДҰ-ның заң үстемдігін қамтамасыз етуге, экономиканың ашықтығын арттыруға және тұрақты дамуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдарын іске асыруды жеделдету қажет. Бұл жағдайларда өзінің 2050 жылға қарай әлемнің отыз жетекші елінің лигасына кіруін қамтамасыз ету үшін Қазақстан 2025 жылға дейін нақты мәнінде 5,4% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізуі қажет.

«Бөлінген әлем» сценарийі протекционизм саясатының кең таралуын болжайды, нәтижесінде жалпы әлемдік өсу баяулады, ал дамушы елдердің экономикалары өз серпінін жоғалтты. Әлемдік сауданың айтарлықтай құлдырауы күтілуде. Саяси тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық құбылыстарының, ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстардың өсуі, көші-қонды шектеу аясында әлем одан сайын бөліне бастайды. Бұл қолайсыз сценарий дамыған елдердің ЖІӨ-сінің орташа жылдық өсу қарқынының жылына орташа есеппен 1,2%-ға дейін, ал дамушы елдерде 2,7%-ға дейін төмендеуіне алып келеді.

Бұл сценарий іске асырылған жағдайда, Қазақстан үшін шикізат тауарларының экспортынан түсетін кірістердің азаюын өтеу мақсатында экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ассортиментін кеңейту және әлемдік нарықтарда олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Халықтың осал топтарын қорғау үшін әлеуметтік басымдықтарға баса назар аудару қажет. Шетелдік әріптестермен сындарлы қарым-қатынастарды сақтау үшін егемен, зайырлы мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджін ұстап тұру аса маңызды болады. Бұл жағдайда 2050 жылға қарай әлемнің отыз жетекші елінің лигасына кіруді қамтамасыз ету үшін Қазақстанға 2025 жылға дейін нақты мәнінде 4,3% деңгейінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізу қажет.

Ұсынылған үш даму сценарийінің неғұрлым ықтимал сценарийі - «Технологиялар серпілісі» сценарийі. Бүгінгі күннің өзінде өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердегі озық технологияларды кеңінен пайдалануға ауысу үрдісін көруге болады. Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан күтілетін шығуына және АҚШ-тың жаңа президентінің консервативті саясат жүргізетініне қарамастан, 2017 жылы дамыған экономикалардың өсу қарқыны жеделдеді. Консервативтік бағытты ұстанатын популист-саясаткерлерге үміттенуді жоғалтудың алғашқы белгілері пайда болуда, бұл Франциядағы президенттік сайлаудың нәтижесі арқылы көрініп отыр. Ресурстар бағаларының деңгейі тұрақтанды және шамалы өсуді көрсетеді, бұл ретте нарыққа қатысушылар орта мерзімді перспективада бағаның өсуіне қатысты оптимистік танытуда. Бұл фактілер шынайы әлемдегі оқиғалардың даму серпіні «Технологиялар серпіні» сценарийінде алдын ала айқындалған шарттармен сәйкес келеді деп есептеуге негіз болады, сондықтан да бұл сценарий


2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда басым сценарий ретінде таңдап алынған.

3-тарау. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі пайымы, өсу моделі және даму мақсаттары
Отыздық лигасына кіру жолында - Елдің Үшінші жаңғыруын іске қосу

2017 жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Елдің Үшінші жаңғыруының басталғаны туралы жариялады. Оның мақсаты жеделдетілген экономикалық өсу және адамдардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады, бұл елімізге өзінің 2050 жылғы пайымын іске асыруға және әлемнің дамыған отыз елінің лигасына кіруге мүмкіндік береді. Үшінші жаңғырту жаңарудың үш маңызды процесін қамтиды:

бірінші - бұл жеке сектордың рөлі басым болған жағдайда технологиялық жаңғыртуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін айтарлықтай арттыруға негізделген экономиканы жаңғырту;

екінші - бұл билікті орталықсыздандыруға және Президенттің Қазақстан Республикасының Парламентіне және Үкіметіне өкілеттіктерін беруге, сондай-ақ мемлекеттік басқару институттарының тиімділігін арттыруға бағытталған саяси және институционалдық жаңғырту;

үшінші жаңару процесі - бұл республика халқының ашықтығын, прагматизмін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қоғамдық сананы жаңғырту.

Бірінші кезекте 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар Үшінші жаңғыру мақсаттарын орындауға мүмкіндік беретін экономикалық өсудің жаңа моделін құруға бағытталған. Жоспардың мәні 2025 жылға дейін іске асыру түбегейлі маңызды жүйелік реформаларда және «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру шеңберінде басталған, жалғастыруды қажет ететін басым саясаттарда болып табылады.



Экономикалық өсудің жаңа моделі: жоғары өнімді экспортқа бағдарланған бәсекелі экономика

Қазақстан экономикасының қағидатты трансформациясы мұнайдың жоғары бағасының дәуірі үшін тән сандық өсу басымдығынан және мемлекеттік капитализмнің үстемдік рөлінен бас тартуға негізделген сапалы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді талап етеді. Бұл экономикалық өсудің үш негізгі факторы: экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыру, құзыреттерді дамыту, сондай-ақ жеке капиталды тарту ең бастысы екендігін білдіреді. Басты міндеттердің бірі бәсекелестікті, жеке бизнестің жетекші рөлін көтермелеу және өсуді барынша ұлғайту факторы ретінде өңірлер әлеуетін ашып көрсету болып табылады. Жаңа модель қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған экономиканы құруға бағытталатын болады.

Экономиканың өнімділігі мен күрделілігінің өсуі кәсіпорындар мен салалардың операциялық тиімділігін арттыру, ел өмірінің барлық экономикалық, саяси және әлеуметтік аспектілерін технологиялық жаңарту және цифрландыру есебінен оның көлемін ұлғайтудың негізгі факторы болып табылады. Технологияларды көшіруге және бейімдеуге бағытталған қолданбалы зерттеулер мен инновацияларға, сондай-ақ қолданыстағы артықшылықтарға негізделген немесе өзекті проблемаларды шешуге бағытталған технологияларды әзірлеуге инвестициялар салуды ынталандыру үздіксіз технологиялық жаңару процесін құруға мүмкіндік береді.

Алайда экономиканың өнімділігі мен күрделілігінің өсуі үнемі жетілдіріліп және күрделендіріліп отыратын технологиялар жағдайында шешімдер іздестіру, енгізу және орындау үшін қажетті креативті дағдылар мен когнитивті құзыреттерге ие адамдар болмаса мүмкін емес. Осылайша, құзыреттерді дамыту қажеттігі, қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету, салалар мен өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының ағыны процестерін басқару ең басты болып отыр.

Экономикалық өсудің жаңа моделінде бәсекелестікті және жеке бизнестің жетекші рөлін көтермелеу ерекше орын беріледі. Бәсекелестік кәсіпорындар өнімділігінің өсуі, еңбек нарығындағы құзыреттерді дамыту, жаңа кәсіпорындардың пайда болуы есебінен жаңа жұмыс орындарын құру үшін ынталандырады. Тұтастай алғанда бәсекелі ортаны дамыту кәсіпкерлік бастаманың және жеке кәсіпкерліктің өсуіне алып келеді.

Қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың салдарынан туындаған мемлекеттік ресурстардың шектеулілігін ескере отырып, жекеменшік капиталды тарту қажетті технологиялық жаңарту жүргізу мен инновацияларды дамытудың міндетті шарты болып табылады.

Экономикалық өсудің қосымша факторы өңірлердің әлеуетін ашып көрсету болып табылады. Жергілікті экономикалық резервтерді тарту және адами капиталды жақсарту, бір жағынан, өңірлік өндіріс көлемін барынша ұлғайтуға және тұтыну нарықтарын өсіруге, ал екінші жағынан - тұтастай алғанда өңірлердегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Отандық тұтыну нарығының кішігірім сыйымдылығын ескере отырып, экспортқа бағдарлану тауарлар мен қызметтердің өсіп келе жатқан көлемін өткізу нарығының шекарасын кеңейтуге және құн жасаудың жаһандық тізбегінен орын алуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық және логистикалық шектеулері жоқ қызметтер экспорты Қазақстанның сыртқы нарықтардан қашықтығы проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Экспорттық нарықтардағы сауда шетелдік өндірушілермен бәсекелесу есебінен экспортталатын тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін, күрделілігін және әртараптандырылуын арттыру үшін ынталандыру болып табылады.



Экономиканың сапалы өсу драйверлері

Сапалы өсуді қамтамасыз ету үшін экономика салаларында жаңа өсу драйверлерін енгізу талап етіледі. Базалық салаларда және қызмет көрсету салаларында олардың технологиялылығын және экспортқа бағдарлануын арттыру үшін қажетті өзгерістер болуға тиіс.

Бірінші драйвер экономика салаларының операциялық тиімділігін арттыру және өнімді өндіруге, тасымалдауға және сатуға, технологиялық жаңару мен цифрландыруға арналған инвестицияларға шығындарды азайту есебінен, сондай-ақ жасыл экономикаға көшу үшін жағдайлар жасау есебінен экономиканың тиісті салалары өнімділігінің өсуі болуға тиіс. Бұл қазіргі салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс.

Екінші драйвер экспортқа бағдарланған тауарлар мен қызметтердің алуан түрлері есебінен экспортқа бағдарланған қазіргі салалардың өндіріс көлемінің өсуі болып табылады. Сонымен қатар қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтерге, жаһандық жеткізу тізбектерінен орын алуға экспортты ілгерілетуге және экономикалық айналымға табиғи және жер ресурстарын ұтымды тартуға басымдық берілуі тиіс. Нәтижесінде жаһандық нарықтағы елдің позициялары барлық негізгі экспорттық бағыттар бойынша нығайтылуы тиіс.

Өсудің үшінші драйвері жеткізу тізбегін құру, қазіргі салалар қиылысында қызметтерді дамыту, технологиялық компанияларды оқшауландыру, технологиялар трансфері және инновацияларды коммерцияландыру есебінен туындауы тиіс экономиканың жаңа жоғары өнімді салаларын қалыптастыру болады. Осыған байланысты экономика әртараптандырылады және өңірде жаңа бәсекелі артықшылықтар жасалады.

Бұл ретте, экономика салаларында жаңа өсу драйверлерін табысты іске қосу үшін жеке инвестицияларды тарту және технологиялық құзыреттерді арттыру бойынша барынша қолайлы жағдайлар жасау шешуші фактор болып табылады.



Жаңа экономикалық өсу моделінің бес қағидаты – 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың негізін қалаған шешуші өзгерістер.

Жаңа экономикалық модельге көшу қазіргі мемлекеттік саясатта қағидатты өзгерістерді талап етеді. Бұл өзгерістер Стратегиялық жоспардың идеологиясын құрайды және оның реформаларын, мақсаттары мен басымдықтарын негіздейді. Үкімет, орталық мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң стратегиялық және ағымдағы мiндеттерiн орындау кезiнде 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда баяндалған қағидаттарға сүйенедi.

Осылайша, экономикалық өсудің жаңа моделі мынадай қағидаттарға:

өнімділік пен сапаға жаппай бағдарлану: жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мен жалақыны арттыру есебінен тұтынуды ынталандырудан тауарлар мен қызметтер өнімділігінің өсуі, әртараптануы және сапасы есебінен өндірісті ынталандыруға;

адамдардың, кәсіпорындардың және салалардың технологиялық бағытталуы: білім беруде жаттап алу мен есте сақтау әдістемесінен және жекелеген салаларда технологияларды пайдаланудан өмірдің барлық кезеңдерінде креативті, когнитивті дағдыларды дамытуға, технологияларды жаппай енгізуге және жалпыға ортақ цифрландыруға;

бәсекелестік өсуді ынталандырушы ретінде: мемлекеттік және жекеменшік моно- және олигополияларды дамытудан, импорт алмастырудан және шетелдік таланттарды тартуға шектеулерден салаларды монополиядан шығару, экспортты ілгерілету, технологиялық компанияларды оқшаулау және таланттарды тарту есебінен бәсекелестікті көтермелеуге;

жеке сектордың басым рөлі: өсу локомотиві ретінде мемлекеттік сектордан: жоспарлау, іске асыруға жауапкершілік, инвестициялар, кәсiпорындарға тiкелей қолдау көрсету өсу локомотивi ретiнде жекеменшiк секторға: тосқауылдарды жою, инвестицияларды ынталандыру, iске асыру үшiн ортақ жауапкершiлiк;

өңірлердің белсенді ұстанымы және теңгерімді өңірлік даму: ресурстарды орталықтандырылған жоспарлаудан және бөлуден, ірі агломерациялардың өсуіне шоғырландырудан үлкен экономикалық дербестілікке, жауапкершілікке, бәсекелестікке және өңірлер арасындағы кооперацияға ауысу қағидаттарына негізіледі.



Қазақстанның 2025 жылға дейінгі пайымы мен мақсаты

Халықтың, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерінің күтулеріне сәйкес, Қазақстан алдыңғы қатарлы технологиялар мен дағдыларға негізделген халықтың өмір сүруінің өсіп келе жатқан деңгейі мен бәсекеге қабілетті экономикасы бар ашық, біріккен және әділ елге айналуға тиіс.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға қарай стратегиялық мақсаты – бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, технологиялық жаңғырту, институционалдық ортаны жетілдіру және табиғатқа теріс әсерді барынша азайту негізінде экономиканың ЭЫДҰ елдерімен салыстырылатын адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруға алып келетін сапалы әрі тұрақты өсуіне қол жеткізу.

Қазақстан ЭЫДҰ-ға мүше елдерден кем емес әлеуметтік-экономикалық және институционалдық даму деңгейіне қол жеткізуге және кейіннен ЭЫДҰ құрамына кіруге бағытталған. Бұл өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына және ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес арттыруға мүмкіндік береді. Тұрақты даму мақсаттарына, сондай-ақ мемлекет өмірінің барлық салаларында озық практикалар мен ЭЫДҰ стандарттарын енгізу Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елдерінің қатарына кіру жолындағы прогресін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл мақсатқа қол жеткізу жылына орташа есеппен ЖІӨ-нің 4,5-5,0%-дан кем емес деңгейінде экономикалық өсуге сәйкес келеді, бұл Қазақстанға 2025 жылға қарай ЖІӨ деңгейінің өсуін жан басына шаққанда 46 100 АҚШ долларына дейін (СҚП бойынша) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету белгіленген мақсаттарға қол жеткізудің қажетті алғышарты болып табылады. Сонымен бірге ЖІӨ елдегі өмір сүру сапасын, азаматтардың нақты әл-ауқатының деңгейін және қоршаған ортаға келтірілген зиянды толық көрсетпейді. Осыған байланысты прогресті өлшеу және мақсатқа жету үшін халықтың өмір сүру сапасын және экономикалық өсудің сапасын өлшейтін ұлттық нысаналы көрсеткіштер көзделген.



7x7 жоспары - жеті жүйелік реформалар және «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың жеті басым саясаты.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жүйелі өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған дамудың басым бағыттарының екі түрін қамтиды.

Бірінші түрі: бұл 2025 жылға дейін ел экономикасында және әлеуметтік өмірінде болуға тиіс жеті маңызды серпінді өзгерістер.

Екінші түрі: «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың басым саясаттары – бұл «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған басым бағыттар бойынша Үкімет жүзеге асыратын бағыт.


1-сурет. 7 жүйелік реформа және 7 басым саясат жоспары


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет