Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы


«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасау» бастамасы



бет4/8
Дата04.07.2018
өлшемі1,43 Mb.
#46938
1   2   3   4   5   6   7   8

2.11 «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасау» бастамасы. Интернеттің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық қауіпсіздікті бұзуға байланысты оқиғаларға жауап беру мәселелері бойынша үйлестіру жүзеге асырылатын болады. Зиянды кодты зерттеу зертханасы, ақпараттық қауіпсіздікті зерттеу зертханасы, ақпараттық қауіпсіздікті саласында сынақ зертханасы жарақтандырылатын болады. Киберқауіпсіздікті бұзуға байланысты оқиғаларға мониторингті жүзеге асыру және оларға ден қою үшін мемлекеттік органдар шеңберінде және мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар арасындағы әріптестік шеңберінде қажетті құрылымдар (мысалы, бейіндік қауымдастықтар арқылы) құрылады немесе күшейтіледі. Қазақстан ақпаратты беру және сақтау және т.б. стандарттарын айқындау бойынша киберқауіпсіздік мәселелеріндегі халықаралық процестердің қатысушысы болады. Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша хабардар болуы арттырылатын болады, мектептерде АКТ қауіпсіз пайдаланудың негіздерін оқыту енгізілетін болады.
«Өнімділігі жоғары технологиялық компанияларды тарту» міндеті

Өнімділігі жоғары технологиялық компаниялар келешек экономиканың негізі болуы тиіс. Бұл үшін меншікті инновациялық компаниялардың пайда болуына және дамуына, сондай-ақ жоғары технологиялық шетел компанияларын оқшаулау үшін жағдайлар жасау қажет.



2.12 «Жоғары өнімді технологиялық компанияларды оқшаулау» бастамасы. Трансұлттық және жоғары технологиялық компаниялармен нақты қарым-қатынас орнатылады және оларды Қазақстанға тарту үшін жағдайлар жасалатын болады.

Шетелдік инвесторлар үшін ұлттық және өңірлік деңгейлерде барлық қолданыстағы инвестициялық қолдау шаралары туралы шет тілдеріндегі ақпаратқа қолжетімділік жақсартылатын болады. Қолдау шаралары бірінші кезекте технологияларды дамыту деңгейі жоғары және өнімділігі жоғары компанияларға, сондай-ақ жасыл технологияларды дамытушы компанияларға беріледі (шикізатпен айналыспайтын компанияларға басымыдық беріледі). Бұл ретте қолдау шараларына оңтайландыру жүргізіледі, тиімсіз шаралар жойылады, мемлекеттік органдар мен салалық даму институттары рөлдерінің аражігі ажыратылады және нақтыланады.

Қазақстан аумағындағы шетел компанияларын оқшаулау кезінде компания жұмысы шеңберінде де және жергілікті білім беру бағдарламаларына қатысқан жағдайда да жергілікті қызметкерлерді оқыту үшін компания бөлетін жеңілдіктер жүйесі әзірленеді және енгізілетін болады.

Инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі саясат жоғары өнімді технологиялық компанияларға қолданылатын болады.



2.13 «Оқшауланған компаниялардың өзара байланысын қамтамасыз ету» бастамасы. Оқшауланған компаниялар арасындағы өзара іс-қимылдың ыңғайлылығы үшін олар, мүмкіндігінше, арнайы экономикалық аумақтарда (бұдан әрі – АЭА) және индустриалдық аймақтарда (ИА) орналасатын болады. Осы мақсатта АЭА және ИА инфрақұрылымның құрылысы аяқталатын болады. ИА құрылысының тетігі мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша индустриалдық парктер қосымша дамитын болады. Сондай-ақ басқару тиімділігі арттады. ИА басқару үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жергілікті және шетел ұйымдарын тарта отырып басқару компаниялары құрылуы мүмкін. Бұдан басқа, АЭА және ИА регламенттейтін заңнама елеулі жетілдірілетінзаң әзірленетін болады. Осы бастаманы іске асыру инновациялық кластерлер қатысушыларына технологиялық шешімдерді тестілеу және енгізу, технологиялық платформаларды орналастыру, құзыреттілік орталықтарын, моделдік өндірістерді, инкубаторларды құру, сондай-ақ экономиканың дәстүрлі және жаңа секторларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін консалтингтік қызметтерді беру үшін бірыңғай жүйеге бірігуге мүмкіндік береді.
«Жаңа экономика үшін негіз құру» басымдығы

Жаңа экономиканы дамыту экономиканы қажет жаңа технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үздіксіз инновация процесін талап етеді. Ол үшін инновацияға сұраныс қалыптастыруға жағдай жасау, атап айтқанда корпоративтік сектор басшыларының жаңа технологияларды енгізуге қызығушылығын арттыратын жағдай жасау қажет.

Инновациялық даму қолданбалы және іргелі сипаттағы ғылыми-зерттеу қызметін үнемі жетілдіруді талап етеді. Бұл ретте қолданбалы зерттеулер бизнестің айқын қажеттіліктеріне сәйкес келіп, ал іргелі зерттеулер нәтижелері жаңа технологияларды әзірлеу үшін негіз болуға тиіс. Отандық ғылыми қоғамдастықты халықаралық ғылыми ортаға қосу арқылы оны интернационалдандыру қажет. Қазақстандық зерттеу ұйымдарының шетелдік ҒЗИ-лармен барынша жоғары кооперациясы және шетел ғалымдарын тарту елге жаһандық зерттеу ортасына жылдам енуге мүмкіндік береді.

Бұл басымдықтың шеңберінде мынадай міндеттер іске асырылатын болады:

«цифрлық адамдарды» дамыту;

инновацияларды ынталандыру;

ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту.
«Цифрлық адамдарды» дамыту» міндеті

Цифрландыруды тарату үшін экономиканы мамандар және басқарушылар сияқты кадрлармен қамтамасыз ету керек. Қажетті дағдылар мен құзыреттерді жедел дамыту үшін алдыңғы қатардағы мамандардың айтарлықтай бөлігі шетелде және Қазақстан аумағында халықаралық орталықтар мен ұйымдарда дайындалатын болады.

Азаматтарға цифрлық технологияның артықшылықтарын түсіндіріп, күнделікті өмірлерінде оларды қолдануға үйретіп, халық тарапынан оларға сұранысты қамтамасыз ету маңызды, бұл цифрлық өнімдер мен шешімдерге сұранысты жедел дамытуға мүмкіндік береді.

2.14 «Экономика салаларын АКТ саласындағы мамандандырылған кадрлармен қамтамасыз ету» бастамасы. Бүгінгі таңдағы өзекті міндеттердің бірі экономиканың нақты салалары үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау болып табылады. Заманауи цифрлық құзыреттерді қалыптастыру үшін колледждер мен жоғары оқу орындары ірі кәсіпорындармен әріптестікте шетелдік жоғары оқу орындарын және трансұлттық компанияларды тарта отырып, ІТ-мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады. Цифрлық технологияларды ескере отырып, оқытушылар үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Астана қаласында кампустары бар халықаралық ІТ университетін және басқа да университеттерді ашу мәселесі пысықталады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік бойынша тиісті мамандықтарға абитуриенттерді тарту үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мамандар даярлауға грант бөлу көзделген.

2.15 «Азаматтардың цифрлық технологияларды қолдануын ынталандыру» бастамасы. Цифрлық сауаттылықты арттыру үшін халықтың барлық санаттарын базалық және практикалық цифрлық дағдыларға оқыту процесі ұйымдастырылатын болады. Бұл бастама бастауыштан бастап кәсіби деңгейге дейінгі білім берудің барлық кезеңдерін қамтиды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне ерекше назар аударылатын болады, олардың цифрлық сауаттылығын және өнімділігін арттыру мақсатында жеңілдік шарттарымен АКТ көрсетілетін қызметтерінің базалық топтамасының құрамы айқындалатын болады. Бұл бастама күнделікті және кәсіби өмірде цифрлық технологиялардың барлық мүмкіндіктерін қолданатын цифрлық және креативті қоғам құру үшін бағдар болады.
«Инновацияларды ынталандыру» міндеті

Технологияларды ұзақ мерзімді дамыту үшін қазақстандық компаниялар шетелден жаңа шешімдер мен мамандарды импорттап қана қоймай, сонымен қатар өздерінің технологиялық әзірлемелерін, оның ішінде әлемге танымал шешімдерді ел нарығының ерекшеліктеріне бейімдеуге бағытталған технологиялық әзірлемелерін жасаулары қажет. Бұл үшін жаңа және цифрлық технологияларды жеңілдету және оларға салынатын инвестицияларды анағұрлым тартымды ету мақсатында инновацияларды коммерцияландырудың толыққанды инновациялық экожүйесі керек және кәсіпорындардың инновациялық қызметке қатысуын ынталандыру қажет. Бұл міндетті іске асырудағы маңызды нәтижелердің бірі ел аумағында технологиялық стартаптардың танымалдығын және санын арттыру болады.



2.16 «Инновациялық экожүйені дамыту және инновациялық бизнесті жандандыру» бастамасы. Жаңа отандық инновациялық кәсіпорындардың (стартаптардың) пайда болуын қамтамасыз ету үшін инновациялық экожүйені дамыту жалғастырылады. Бірыңғай саясатты және идеяны іске асырудан бастап бизнес-модельді ауқымды етуге дейін толық циклды қалыптастыру мақсатында қазіргі уақытта шашыраңқы жұмыс істейтін инновациялар жүйесінің негізгі қатысушылары (Білім және ғылым, Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктері, салалық министрліктер) арасында байланыс, ақпарат алмасу және ынтымақтастық кеңейтіледі.

Жобаларды ілгерілету үшін бастапқы кезеңде міндеті технологиямен байланысты бизнесті жеке инвестициялар үшін тартымды деңгейге жеткізу болып табылатын коммерцияландыру офистері мен бизнес инкубаторлар желісі кеңейтіліп, жаңғыртылады. Бизнес-инкубаторлар жаңа форматта, оның ішінде жоғары оқу орындарымен ынтымақтаса отырып жұмыс істейді, бұл ретте стартаптарға консультациялық және тәлімгерлік көрсетілетін қызметтердің кең ауқымы ұсынылатын болады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер білім алудан бастап бизнес-жоспарлар мен жобаларды іске асыруға дейін толық даму жолынан өте алады.

Осыған байланысты индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруда тікелей бизнес-инкубаторларды да, олардың резиденттерін де қолдауды көздейтін бизнес-инкубациялау жүйесін дамыту бағдарламасы іске қосылады. Жоғары технологиялы стартаптарға өндірістік алаңдар түрінде, оның ішінде жұмыс істеп тұрған өндірістер базасында сервистік қолдау ұсынылады. Стартаптар бизнес-инкубаторларда тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге, тәжірибелік үлгілер, прототиптер немесе пайдалы модульдер құруға, өз өнімдерінің аз сериялы топтамасын шығаруға мүмкіндік алады. Бұл стартаптарға өздерінің ауқаттылығын және өз әзірлемелерінің өткізілетінін дәлелдеуге, сатуды және өндірісті кеңейтуді бастауға нақты мүмкіндіктер береді. Зерттеулер мен инновацияларға инвестиция салатын компанияларды дамыту үшін жерді сатып алу немесе жеңілдік шарттарымен жалға алу мүмкіндігі беріледі.

Жоғары технологиялы бизнестің сындарлы массасын ұлғайту мақсатында технологиялар мен инновациялар саласында анағұрлым талантты мамандарды тарту есебінен Қазақстанда «Стартап Қазақстан» бастамасын іске асыру жалғастырылады. Бағдарлама халықаралық венчурлық қорларды және стартаптарды дайындау (акселерациялау) бағдарламаларын тарту арқылы жүзеге асырылады. Әріптестік желісі АҚШ, Еуропа, ТМД елдері мен Азияның жетекші инкубаторлары мен қорларын қамтиды.



2.17 «Инновациялық жобалар мен кәсіпорындарды қаржыландыру жүйесін дамыту» бастамасы. Инновациялық жобалар мен стартаптарды қаржыландыру жоғары тәуекелмен байланысты бизнестің жеке саласы болып табылады және ерекше заңнамалық және саяси қолдау шараларын қабылдауды талап етеді. Осы себепті инновациялық гранттар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуді және тәуекелді жеке қаржыландыруды тарту үшін жағдай жасауды қамтитын инновациялық жобалар мен стартаптарды қаржыландырудың кешенді жүйесін енгізу қамтамасыз етіледі. Инновациялық жобалар мен стартаптардың жоғары тәуекелін ескере отырып, халықаралық практикаға сәйкес оларды бақылау және бюджеттік қаржыландырудың тиімділігі жеке жобалар бөлінісінде емес, жалпы инвестициялық портфель шеңберінде қаралуға тиіс.

Инновациялық гранттарды мемлекеттік қаржыландыру жүйесі жетілдіріледі. Инновациялық жобаларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін, бағалау тәсілдері әзірленетін және/немесе өзгертілетін болады, халықаралық үздік практикаға негізделген және венчурлық инвестициялау нарығына қатысушылардың белсенділігін ынталандыруға, осы салаға жеке капитал тартуға, инвестор мен кәсіпкердің өзара іс-қимыл жасау тетіктерін жетілдіруге бағытталған венчурлық қорларды ұйымдастырудың тиімді жүйесі енгізіледі.

Жеке тәуекелді қаржыландыруды тарту және жас компаниялар мен инноваторлар үшін бастапқы жағдайлар жасау үшін ЭКСПО-2017 инфрақұрылымы базасында Astana International Smart Technologies Hub халықаралық технологиялық хабы құрылады. Бұл, бір жағынан, стартаптарға венчурлық инвесторларды, адал бизнесті, жеке инвестициялар қорлары мен басқа инвесторларды және екінші жағынан, өз идеяларын коммерцияландыру үшін қаражат іздейтін бүкіл әлемнің стартаптарын және инноваторларын тартуға арналған бірегей алаң болмақ. Хабтың тиімді жұмыс істеуі және оның барлық қатысушылары арасында өзара іс-қимыл жасау үшін қолдау құралдары айқындалады, тиісті технологиялық инфрақұрылым, жаңа іске салынған инвестициялар қоры және инвесторлармен идея алмасу және кездесулер өткізу үшін әлеуметтік инфрақұрылым жасалады. Сондай-ақ идеяларды пысықтауда және тестілеуде стартаптар мен инноваторларға әріптес болатын Назарбаев Университетінің жанындағы ғылыми паркпен өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі. Осы саладағы үздік әлемдік практикаларды қолдану тәжірибесі бар мамандар хабты басқаруға тартылады. Хабты басқаруда және оның жұмыс істеуінде Үкіметтің рөлі аз болады.

2.18 «Кәсіпорындардың инновациялық қызметін ынталандыру» бастамасы. Компаниялардың инновациялық өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді әзірлеуге және жаңа технологияларды енгізуге қызығушылығын арттыру ынталандырылатын болады. Кәсіпорындар үшін ҒЗТКЖ мен инновацияларды ұзақ мерзімді инвестициялаудың перспективалары мен артықшылықтарын көздейтін жағдайлар заңнамалық деңгейде жасалады. Салық заңнамасына Фраскати Басшылығына сәйкес ҒЗТКЖ анықтамасын қайта қарау; ҒЗТКЖ байланысты күрделі шығыстарды шегеру; сәтсіз инновациялар жағдайында шегерімге қатысты қағидаларды (патент алу туралы талап және мұндай болмаған жағдайда салық субсидияларын қайтару туралы талап) және қолайлы шығындардың тізбесін (негізгі қызметі ҒЗТКЖ болып табылмайтын компаниялар үшін ҒЗТКЖ арналған шығындар) қайта қарау бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады. Квазимемлекеттік секторда басшыларды уәждеу жүйесі инновациялық қызметті (ҒЗТКЖ жүргізу және жаңа технологияларды енгізу) жүзеге асыруға қайта бағдарланатын болады, тиісті міндеттер мен ТНК айқындалады.

Заманауи технологиялар импортын одан әрі дамыту мақсатында инновациялық шешімдердің шетелдік өндірушілерімен әріптестікке жәрдемдесу бойынша шаралар әзірленеді және енгізіледі.


«Ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту» міндеті

Қолданыстағы ғылыми зерттеулер жүйесі технологиялық жаңғыртуды белсенді қолдауға қайта бағдарланады. Әлемдік үрдістерді ескере отырып, цифрландыру, жасанды ақыл-ой, нейрожелілер, заттар интернеті, ғарыш ғылымдары, дағдарыстарды болжау (су дағдарысы, өңірдегі соғыстар) және т.б. сияқты ең өзекті тақырыптар бойынша ғылыми жобаларды өткізу және қаржыландыру қажет. Ол үшін ғылыми және/немесе ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін (бұдан әрі – ҒҒТҚН) коммерцияландыру бойынша жобаларды жеке бірлесіп қаржыландыру көлемін 50%-ға арттыру қажет.

Ғылым дамуының басты қозғаушы күші экономика және индустрия қажеттіліктері болып табылады. Өз кезегінде мемлекет ғылыми-зерттеу жобаларына гранттар ұсыну және ҒҒТҚН коммерцияландыру кезінде ғылымды бірлесіп қаржыландыру тетігі арқылы өндіріспен байланысқа бағдарлайды.

2.19 «Адами капиталға басты назар аудару және жас ғалымдарды қолдау» бастамасы. Болашақ ұлт ұзақ мерзімді перспективада талап етілетін дағдылар мен білімге ие болуға тиіс. Жастарды ғылымда, технологияларда, қоғамдық қалыпта болып жатқан және алдағы уақытта болатын өзгерістер үрдісіне бағдарлау қажет. Алайда, жас көшбасшы ғалымдардың болмауы бүгінде жаңа бағыттарға ден қоюдың баяулауына әкелуде. Сондықтан, жас ғалымдарды қолдау гранттық қаржыландыру үшін өткізілетін конкурстар шеңберінде, сондай-ақ тікелей жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар ішінде жүзеге асырылатыны маңызды. Барлық кезеңдерде жас ғалымдарды белсенді қолдау PhD-ге және тағылымдамаларға грант санын арттыру, жас ғалымдар топтары үшін ғылыми гранттар бөлу, қазақстандық жобаларды іске асыру үшін шетел ғалымдарын тарту арқылы жүзеге асырылады.

Жастарды ғылымға белсенді тарту мақсатында жас ғалымдар қауымдастығы құрылады, ал ғылымды жалпыға танымал ету және жас ғалымдар санын арттыру үшін өңірлік ғылыми форумдар өткізіледі,


ғылыми-танымал журналдар шығарылады және ғалым мамандығы имиджін барынша насихаттау жүзеге асырылады.

2.20 «Қазақстандық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялау. Ағылшын тіліне толығымен көшу» бастамасы. Қазақстан ғылымы халықаралық ғылыми қоғамдастықтан оқшау жатыр, оның дәлелі – сілтемеде пайдаланудың төмендігі. Қазақстандық журналдар көп жағдайда халықаралық ғылым тілі – ағылшын тіліне аударылмайды. Аталған бастама шеңберінде қазақстандық ғалымдардың Қазақстан үшін маңызды халықаралық бағдарламаларға және жобаларға қатысу пайызы артады. Қазақстан ғылымының жұмыс тілі ағылшын тілі болады. Міндетті түрде қазақ және ағылшын тілдерінде нұсқалары бар 3-4 ғылыми-танымал бұқаралық журналды немесе интернет-басылымдарды дамыту арқылы отандық ғылымды әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялау бойынша жұмыс жалғасады. Ірі ғылыми базалармен толықтырылатын 6-8 ағылшын тіліндегі қазақстандық ғылыми журнал шығарылады. Жоғары оқу орнында ғылымды дамытуға басты назар аударылады.

Қазақстан ғылымын халықаралық интеграциялау:

CERN, NASA, NSF, ESF (European Science Foundation), Helmholtz Association (Германия), Вашингтондағы Карнеги институты, Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МФГАТЭ) және басқа т.б. жобаларға қатысушы мәртебесін алу;

Human Brain Project және The Human Genome Project мегажобаларына қатысу;

Shell, Total, Кремний даласы, Google және т.б. өкілдерімен зерттеу жобаларын бірлесіп іске асыру;

Scopus, Elsevier, Euromonitor және басқалардың халықаралық деректер базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

Ислам елдері ұйымының ғылыми қорын дамыту;

жас ғалымдарды Қытай ұлттық жаратылыстану ғылымдары қорының, Еуропалық одақтың ғылыми орталықтарының жобаларына оқыту және қатыстыру және т.б. есебінен жүзеге асырылады.

Қазақстан халықаралық ғылыми ұйымдардың барынша көп
штаб-пәтерлерін тартатын хабқа айналуға тиіс.

2025 жылға қарай Қазақстанның кемінде 10-15 ғалымы халықаралық ғылыми жобаларға қатысады, ал бірлескен халықаралық жобалар саны 2-3 есе ұлғаяды.



2.21 «Ғылыми беделді қайта жаңғырту» бастамасы. Бүгінде Қазақстанда бедел тетіктері жұмыс істемейді, олардың орнына әлі күнге дейін төрешілдік сипатқа ие, формальды, ғылымға тән емес бақылау құралдары қолданылады. Бұл жағдайда ғалымдар жұмысының тиімділігін бағалау кезінде ғылыми сыйымды параметрлерді енгізу ең үздік құрал болып табылады.

2.22 «Ғылыми өсу үшін қолайлы орта. Ғылымды тұрақты дамыту» бастамасы. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекіткен ғылымды қаржыландыруды 2025 жылға қарай 1%-ға дейін кезең-кезеңмен арттыру жоспарын өзектілендіру қажет.

Ғылыми әзірлемелердің нарыққа шығуын және бизнестің ғылымға қатысуын ынталандыру мақсатында қазақстандық әзірлемелерді коммерцияландыруды жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін салық преференциялары мен жеңілдіктері, оның ішінде ҚҚС бойынша жеңілдіктер көзделеді.

Салалардың, секторлардың және кәсіпорындардың ғылым арқылы ілгерілейтін экономикаға көшуі үшін қажет (ғылымды көп қажет ететін экономика) барлық факторларға және ресурстарға аса назар аударылуға тиіс. Осылайша, жер қойнауын пайдаланушылардың ЖЖК 1 % ҒЗТКЖ бөлу практикасы «Ғылым қоры» АҚ қаржыландыратын ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларына қатысты да қолданылады.

Осыдан бөлек, ғылыми әзірлемелер нәтижелерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін қолданыстағы тетіктер мен процестерді жетілдіру, оның ішінде ғылымды үш жылдық бюджеттеуге көшу (үш жылдық шарттар жасау) бойынша жүйелі мәселелер шешіледі. Бұл ғылыми процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етеді, ғалымдардың жалақысы бойынша мәселені шешуге мүмкіндік береді, ғылыми нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді, төрешілдік және әкімшілік кедергілерді төмендетеді, жалпы ҒҒТҚН коммерцияландыру бойынша мемлекеттік бюджеттік бағдарламаның іске асырылу тиімділігін арттырады.

Базалық қаржыландыру көлемі ғылыми ұйымдар мен ғылыми ұжымдардың нәтижелілік көрсеткіштерімен байланыстырылады. Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ ең үздік ғылыми ұжымдар үшін бәсекеге түседі, сондай-ақ жақсы инфрақұрылымды қамтамасыз етуге уәждейтін болады. Базалық қаржыландырумен бірге ғылыми ұйымды инфрақұрылымдық дамыту гранттарды тарту қаражаты есебінен қолдау табады. Грант саны неғұрлым көбірек тартылған сайын, университеттің немесе ғылыми ұйымның инфрақұрылымына соғұрлым жоғары пайыз аударылады.

Сарапшылардың құпиялылығын сақтай отырып, жобаларға ашық және жария сараптама қамтамасыз етіледі.

«Ғылым қоры» АҚ «іргелі зерттеулер – қолданбалы зерттеулер – ҒҒТҚН коммерцияландыру» тізбегін сүйемелдейді. «Ғылым қоры» АҚ базасында бірыңғай үйлестіру орталығымен бірге аумақтық білімді генерациялау және коммерцияландыру орталықтары құрылады.

Ғылыми зерттеулердің заманауи инфрақұрылымы жасалады – жетекші жоғары оқу орындарының жанындағы инжиниринг орталықтары, сондай-ақ технологиялық дамудың негізгі бағыттары бойынша 2025 жылға қарай


ұлттық зерттеу орталықтарының (зертханалардың) дамыған жүйесі пайда болады. Осылайша, зерттеулер жүргізу үшін «ғылыми қалалар» жүйесі құрылады және халықаралық зерттеушілер топтарын тарту үшін ең жаңа инфрақұрылымға барынша үлес қосу қамтамасыз етіледі.

2.23 «Жоғары технологиялық өндірісте ғылыми әзірлемелердің талап етілуі» бастамасы. Ғылым дамуының басты драйвері экономика және индустрия қажеттіліктері болып табылады. Бірлесіп қаржыландыру қағидаттарында гранттарды іске асыру өндірістік консорциумдар санын арттыру; Falling Walls Lab,  K-Startup Grand Challenge және басқа да конкурстарға қатысу есебінен ғылыми жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту; іргелі және гуманитарлық зерттеулерді бірлесіп қаржыландыру қағидаттарына бірте-бірте көшіру; жеке инвестицияларды тарта отырып қана, коммерцияландыру жобаларын іске асыру; «Горизонт 2020», «Фольксваген қоры» және басқа халықаралық бағдарламаларға қатысу есебінен шетелік инвестицияларды тарту; ТҰК-пен ғылыми жобаларды бірлесіп іске асыру; жоғары оқу орындарының жанындағы коммерцияландыру офистері желісін дамыту және олардың қызметін өзектілендіру арқылы жүзеге асырылады. Жобаларды іске асыру кезінде ғылымның өңірлік өнеркәсіп алыптарымен және жүйе құраушы кәсіпорындармен өзара іс-қимылын ретке келтіру бойынша жұмыс жалғасады.

2.24 «Ғылымның бизнес-процестерін цифрландыру» бастамасы. Ғылымның бизнес-процестерін толық цифрландыру шеңберінде ғылым бойынша ұлттық ақпараттық жүйе енгізіледі, ол мемлекеттік қолдаудың барлық түрлерін, барлық жобалар мен бағдарламаларды, олардың орындаушыларын және нәтижелерін, сондай-ақ ғылыми инфрақұрылым, материалдық-техникалық база туралы инфрақұрылымды қоса алғанда, өзекті ғылыми-техникалық ақпаратты көрсететін болады. Жүйе ғылыми салалар, өңірлер, мекемелер бөлінісінде ғылымның дамуын болжауды; авторлық құқықтарды сақтай отырып, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне және диссертацияларға онлайн қолжетімділік ұсынуды; нақты уақыт режимінде ғылыми-техникалық дамудың есептерін, статистикасын, талдауын және басқа көрсеткіштерін онлайн генерациялауды; гранттық және нысаналы бағдарламалық қаржыландыруға өтінімдер беруді толық автоматтандыру; нақты уақыт режимінде ұлттық R&D жобаларды басқару; ғылыми-техникалық ақпарат жүйесінің мобильді көрсетілетін қызметтерін қамтамасыз етеді.
Күтілетін нәтижелер

Цифрлық бастамаларды және инновациялық, ғылымды қажет ететін даму бойынша бастамаларды іске асыру қосымша құнды жасау және экономикадағы шығасыларды қысқарту үшін елеулі әлеуетке ие, бұл 2025 жылдан бастап елдің ЖІӨ-нің жылына 5-6% деңгейінде өсу қарқынына қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл ретте 1,7%-2,2%, яғни шамамен 30%-40% цифрландыруға ғана тиесілі болады.

2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының ЖІӨ-дегі онлайн экономиканың үлесі ағымдағы 0,2%-дан кемінде 2,3%-ға дейін өсуге тиіс. ҒЗТКЖ шығындары бұл ретте ЖІӨ-нің 1%-ға дейін артады.

Нәтижесінде, барлық салалар, әсіресе шикізат емес салалар сыртқы және ішкі нарықтардағы өнімнің және көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын төмендетіп, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сондай-ақ өндіріс көлемін арттыру үшін ресурстарды босата алады. Зияткерлік меншікті сатудан түсетін кіріс 2025 жылға қарай біртіндеп 25%-ға дейін артады.

Реформаның бенефициары Қазақстан Республикасының барлық халқы, бизнесі және мемлекеттік органдары болады, өйткені ол тыныс-тіршіліктің барлық салаларын қамтиды және мемлекеттің әрбір азаматы мен тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Реформа
ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жұмыс істейтін мамандардың пайдасына жұмыспен қамту құрылымында елеулі өзгерістер әкелуге тиіс.

Бағдарламаны іске асырудың маңызды нәтижесі 2022 жылға қарай Қазақстанның халықаралық цифрландыру индексіндегі (БҰҰ АКТ даму индексі) 30 елдің қатарына және 2025 жылға қарай алғашқы 25 елдің қатарына кіруін жеделдетеді.

ЖІӨ энергия сыйымдылығын 2008 жылғы деңгейге қарағанда 40%-ға дейін төмендету отандық өнімдердің өзіндік құнын тиісінше төмендетуге және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, энергияны көп қажет етпейтін өндірістер құруға, өнеркәсіптің, энергетиканың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың негізгі құралдарын жаңғыртуға, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға, бюджеттік ұйымдардың энергетикалық ресурстарға жұмсайтын шығыстарын төмендетуге алып келеді. ЖЭК-тен энергия өндіру көлемінің бірте-бірте өсуі (2025 жылға қарай 6%) Қазақстанда қоршаған ортаның ластану деңгейін азайтуға және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Экономикалық әсер мен бәсекеге қабілеттіліктің өсуіне қол жеткізуден басқа цифрландыру бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі - халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік салаларға оң әсерін тигізеді. Мұндай бастамалар қысқа мерзімді перспективада инвестициялардан тікелей қайтарымдарды болжамайды, бірақ олар елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды (мысалы, білім беруді дамыту), сондай-ақ мемлекет рөлінің квинтэссенциясы ретінде (денсаулық сақтауды, электрондық үкіметті, «Ақылды қалаларды» дамыту) қажет. Осындай бастамалардың жиынтық әсері тұрақты әсерге ие және бірнеше жылдар өткеннен кейін ғана толық көрінеді.


2025 жылға қарай білім берудің, денсаулық сақтаудың және инвестициялық ортаның сапалы дамуының әсері басталады деп күтілуде.

3-реформа. Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес

Реформаның мәні: Реформа мемлекеттің және мемлекеттік монополиялардың рөлін қысқартуға, бизнесті жүргізудегі кедергілерді төмендетуге, жеке кәсіпорындардың, әсіресе орта кәсіпорындардың өсуін ынталандыруға бағытталған. Негізгі нәтижелер бәсекелес ортаны дамыту, жеке секторды және кәсіпкерлік бастаманы жандандыру, шикізат емес экспорттың өсуі болып табылады.

2025 жылға қарай Қазақстан үшін түбегейлі өзгерістер:

мемлекет иелігінен алу жөніндегі бағдарламаны шектеулі қамтудан – бағдарламаны қамтуды кеңейту, оның ішінде МЖӘ құралдары есебінен кеңейту;

тізім бойынша мемлекеттік активтерді сатудың «сандық» міндетінен – компанияларды таңдаудың және жекешелендіру бағдарламасының табысын бағалаудың құрылымданған жүйесіне;

жеке бизнесті күшейтілген әкімшілік бақылаудан және кедергілердің болуынан – қызметті қысқартуға және жеңілдетуге, әкімшілік бақылау деңгейін және кедергілер санын төмендетуге;

төрелік ету мүмкіндігі бар салық жүйесінен – кәсіпорындар мен инвестициялардың өсуін ынталандыратын салық жүйесінің тұрақтылығына;

экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шектелген көлемінен – халықаралық сападағы экспортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әртараптандырылған құрылымына.



Алдағы міндеттер

Дамудың жаңа кезеңінде жеке бизнес экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші және жаңа жұмыс орындарының пайда болуының негізіне айналуға тиіс, ал бәсекелестік өнімділік пен өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін ынтаны қалыптастыратын болады.

Бәсекелестіктің және бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыру үшін мемлекеттің экономикадағы рөлін қайта қарау, ішкі нарықта жеке сектордың өсуіне жағдай жасауды қамтамасыз ету және халықаралық нарықта бизнесті одан әрі кеңейту қажет. Осы міндеттерді шешу үшін мемлекеттің экономикадағы ағымдағы рөлін оны ішінара төмендету және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету арқылы өзгерту өте маңызды. Бұл жекешелендіру жүргізудің тиімді және сараланған процесіне байланысты, оның ішінде бағдарламаның мақсаттары мен объектілерін нақты айқындауға, мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беруге және МЖӘ құралдарын пайдалануды кеңейтуге байланысты.

Кәсіпорындарды дамытуды ынталандыру мақсатында бизнес ашуды, жүргізуді және жабуды жеңілдету, үздік практикалар мен салалық стандарттарды ілгерілету бойынша жұмыс жалғасады, барлық бизнес субъектілерін қаржылай емес сапалы қолдау (бірінші кезекте консультациялық және ақпараттық) қамтамасыз етіледі.

Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қажетті көзі компаниялардың, атап айтқанда басқа салаларға көрсетілетін қызметтерді немесе аралық өнімдерді ұсынатын компаниялардың, мысалы барлық қалған салалардың бәсекеге қабілеттілігіне мультипликативті әсер ететін табиғи монополиялардың ішкі бизнес-процестерін оңтайландыру болады.

Жеке бизнесті халықаралық нарықтарға тарату, оның ішінде қаржылай емес қолдау шаралары мен экспортқа бағдарланған қызметтерді алға жылжыту есебінен тарату оның өсуінің табиғи жалғасы болады.


«Мемлекеттің экономикадағы рөлін өзгерту» басымдығы

Бес институционалдық реформа шеңберінде мемлекеттік меншік үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін – ЖІӨ 15% дейін төмендету бойынша мақсат айқындалды. Бұл мақсат бизнес үшін, оның өзін-өзі дамытуы және елде адал бәсекелестік құру үшін кеңістік ашуға бағытталған.

Бұдан әрі жекешелендіру, МЖӘ құралдарын дамыту, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметінің түрлерін қысқарту, қайта реттеу, әкімшілік кедергілер мен қысымды төмендету бәсекелес экономиканың қалыптасуына және жеке бизнестің дамуына жәрдемдеседі.

Осыған байланысты осы басымдық шеңберінде мынадай міндеттерді шешу қажет:

жекешелендіру бағдарламасының тиімділігін арттыру;

жеке бизнесті МЖӘ құралдарын қолдануға тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

мемлекеттік функцияларды беру және қайта реттеуді оңтайландыру.
«Жекешелендіру бағдарламасының тиімділігін арттыру» міндеті

Мемлекет экономиканың бәсекелес орта құруға болатын секторларынан толығымен шығады. Аталған міндет шеңберінде жекешелендіру бағдарламасына қатысты тәсіл қайта қаралады, рәсімдер жеңілдетіледі, компанияларды таңдау үшін нақты қағидаттар белгіленеді және активтерді бәсекелес ортаға берудің ықтимал әдістері кеңейтіледі. Жекешелендіру процесі тұрақты болады және мемлекет қатысатын тиімсіз компанияларды таратуға, сондай-ақ бәсекелес ортада жұмыс істейтін кәсіпорындарды жеке секторға беруге бағытталады.



3.1 «Тұрақты жұмыс істейтін процесс ретінде жекешелендіру» бастамасы. Жекешелендіру бағдарламасы үшін кәсіпорындарды таңдау елдің стратегиялық даму, ұлттық қауіпсіздік мақсаттарын, мемлекеттің экономикаға қатысу негіздемесін және мерзімдерін, саладағы бәсекелестік дәрежесін, компанияның инвестициялық тартымдылығын, кәсіпорынды басқарудың әлеуметтік маңызын, тиімділігін және өзге де өлшемшарттарды негізге ала отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады. Жыл сайын тауар нарығын талдау қорытындылары бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор объектілері Yellow Pages қағидатына сәйкес кейіннен жекешелендіру үшін айқындалатын болады. Жекешелендірудегі реттеуді өзгерту және кедергілерді жою бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады.

3.2 «Ашық және айқын жекешелендіруді жүргізу» бастамасы. Жекешелендіру үздік әлемдік практикаға және айқындықтың, ашықтықтың және барлық инвесторлар топтарына әділ қарым-қатынастың стандарттарына сәйкес, сондай-ақ қоғамдық бақылау арқылы өтеді. Орталықтандырылған
веб-сайтта жоспарлар, рәсімдер, мерзімдер, объектілер, мәмілелердің параметрлері мен құрылымы, сату алдындағы дайындық және мәмілелер жасасу барысы, мәмілелердің нәтижелері және объектілердің жаңа иелері/операторлары туралы өзекті ақпарат қазақ, орыс және шет тілдерінде ұсынылады.

Әлеуетті инвесторларға және қоғамға жекешелендіру барысы мен нәтижелері туралы үнемі ақпарат беріледі, оның ішінде халықаралық алаңдарда үнемі ақпарат беріледі, маңызды объектілер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі жарияланымдар және репортаждар,


онлайн-трансляциялар жүргізіледі.

Бұл шаралар қоғамның мемлекетке сенімін нығайтуға ықпал етеді және мемлекеттік меншіктің, сондай-ақ ұлттық компаниялар активтерінің шектеулі тұлғалардың пайдасына әділетсіз қайта бөлінуіне жол бермейді, ал бұл бәсекелестіктің нақты өсуін ынталандыратын болады.


«Жеке сектордың МЖӘ құралдарын пайдалану үшін қолайлы жағдай жасау» міндеті

Міндет шеңберінде МЖӘ рәсімін жеңілдету бойынша жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ жеке инвестициялардың құралдары және қолданылуы кеңейетін болады.



3.3 «МЖӘ рәсімдерін және тетіктерін жеңілдету» бастамасы. Үздік әлемдік практиканы қолдана отырып, МЖӘ рәсімдері мен тетіктерін жеңілдету бойынша жұмыс жалғасады. Жобаларды бағалаудың және іріктеудің стандартталған тетігі енгізілетін болады, құжаттаманы келісу және шарттарды жасасу үшін кезеңдер мен мерзімдер оңтайландырылады. МЖӘ жобаларының валюталық тәуекелдерін қаржыландыру және кепілдендіру тетігі жетілдірілетін болады. Жалпы, реттеушi ортаның ашықтығын және болжамдығын арттыруға бағытталған заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ МЖӘ жобаларын іске асыру бөлігінде бюджет және салық заңнамасын жақсарту процесі жалғасады.

3.4 «МЖӘ қолданылатын құралдарын және тәсілдерін кеңейту» бастамасы. Негізгі құралдар объектілерін құру және/немесе реконструкциялау туралы талап қоймай, жеке секторды тартуға мүмкіндік беретін қызметтер көрсету шарттары есебінен МЖӘ құралдарын әлеуметтік салада, мысалы денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және т.б. салаларда пайдалану кеңейтіледі. Сондай-ақ МЖӘ құралдарын қолдану үшін объектілерді таңдауға қатысты бағдарламалық тәсіл қамтамасыз етіледі.
«Жеке бизнестің өсуін ынталандыру» басымдығы

Экономиканың жаңа өсуі тұрғысында елде бизнес жүргізу жағдайларын одан әрі жақсарту, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру қажет. Атап айтқанда, жеке бизнесті дамыту және ынталандыру табиғи ресурстармен байланысты емес тікелей шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты мынадай міндеттерді:

бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың дамуын ынталандыруды;

тәуекелдерді азайту және қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз етуді;

өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыруды шешуге күш-жігер жұмсау қажет.



3.5 «Функцияларды мемлекеттен бәсекелес ортаға беру» бастамасы.
Мемлекет функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жүзеге асырылатын болады. Бәсекелес ортаға берілуге жататын мемлекеттік органдардың функцияларын жыл сайынғы іріктеу функцияларға түгендеу жүргізу арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Стратегиялық функциялар мен ұлттық қауiпсiздiк мәселелерiн қозғайтын функцияларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың реттеу және іске асыру функцияларын бәсекелес ортаға беру қаралуда. Беру туралы шешім нарықтардың және реттеушілік әсердің дайындығын объективті және тәуелсіз талдау нәтижелері бойынша ғана қабылданады. Тиісінше орындалмаған жағдайда функцияларды мемлекетке қайтару тетігі белгіленетін болады.

Алғашқы толқын шеңберінде талдаудың оң нәтижелері кезінде мемлекеттік органның бірқатар функцияларын берумен және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарды бақылау функцияларын мемлекеттiк органға бекітумен экологиялық аудит және бағалау қызметі саласында өзін-өзі реттейтін ұйымдар құрылатын болады. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік саладағы міндеттерді шешуге бағытталған әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар бойынша функцияларды іске асыру көзделуде.

Бұл бастама да жекешелендіру, аутсорсинг және өзге де тетіктер негізінде квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының бірқатар көрсетілетін қызметтерін жеке секторға беру бойынша шаралар қабылдауды көздейді. Бұл ретте стандарттау және регламенттеу мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын, халыққа және бизнеске қатысты белгілі бір сақталған функциялар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жатқызылады.



3.6 «Квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополиялар субъектілерінің рұқсат беру жүйесін жетілдіру» бастамасы. Квазимемлекеттік сектор және табиғи монополиялар субъектілерінің рұқсат беруші реттеуін кезең-кезеңмен реформалау жүргізілетін болады. Мұндай рұқсаттардың толық тізбесі бекітіледі, сондай-ақ оларды ашық беру рәсімдері, ережелері мен біліктілік талаптары регламенттеледі.

3.7 «Мемлекеттік бақылауды және қадағалауды қысқарту» бастамасы. Мемлекеттік бақылау-қадағалау функцияларына жүргізілген ауқымды ревизия нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау салалары алып тасталады, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша талаптар қысқарады, мемлекеттік органдардың қайталанатын және мемлекет пен тұтынушы қауіпсіздігіне қатер туғызатын тәуекелмен байланысты емес бақылау және қадағалау функциялары алып тасталады. Бақылау органдарының жеке бизнесті тексерулерінің санын және ұзақтығын қысқарту жалғасады, сондай-ақ бақылау органдарының құжаттама көлемін және тексерулер уақытын қысқартуы есебінен тексерулер рәсімі жеңілдетіледі. Тексерулер жүргізуді ұйымдастыру мемлекеттік бақылау және қадағалау ашықтығын қамтамасыз ететін бірыңғай электрондық платформада жүзеге асырылады, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін кәсіпкерлерді іріктеу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады.

«Профилактикалық бақылау» институты енгізіледі, бұл мемлекеттік органдарды қолданыстағы анықтау және жазалау саясатының орнына құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту саясатына қайта бағдарлауға мүмкіндік береді.



3.8 «Есептілік және ақпарат беру талаптарын қысқарту» бастамасы. Есептілік және ақпарат беру бойынша талаптар жүйеге келтіріледі және қайталану алып тасталады. Сондай-ақ цифрландыру есебінен кәсіпкерлік субъектілерінің ақпарат жинауға және беруге байланысты шығасылары азайтылады. Гильотина әдісін пайдалана отырып, 2024 жылға қарай есептілік және ақпарат беру бойынша талаптар санын 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

«Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамыту» міндеті

Міндет шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау есебінен бизнестің өсуі үшін жағдай жасау және оны жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі.



3.9 «Бизнеске қызмет көрсету және қолдау бойынша жалғыз терезе құру» бастамасы. Қазіргі «Атамекен» ҰКП КҚО базасында және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тәжірибесі ескеріле отырып, жалғыз терезе қағидаты бойынша толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары (КҚО) ашылады. Жалғыз терезе бизнесті қолдау мен дамытудың барлық қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары бойынша толық ақпарат береді, сондай-ақ аталған бағдарламаларды іске асыруға тартылған барлық операторлардың көрсетілетін қызметтерін бірқалыпты түрде ұсынады. Сондай-ақ ақпарат және көрсетілетін қызметтер қарапайым және пайдалануға ыңғайлы веб-сайт және мобильды қосымша арқылы ұсынылады. Бұл кәсіпкерлердің көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетуге, бизнес үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы алу және жинау, өзге де міндеттерді шешу процесін жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік береді.

3.10 «Кәсіпкерлерді сервистік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту» бастамасы. Кәсіпкерлік әлеуетті, құзыреттерді арттыру және іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында бизнесті қаржылай емес қолдау құралдары жетілдірілетін болады. Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы шеңберінде оқыту бағдарламаларына қатысушыларға, оларды іріктеу рәсіміне, басшылық пен тәлімгерлік деңгейіне мониторинг жүргізіледі, бұл бағдарламаның негізгі кемшіліктері мен ақауларын анықтауға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысу үшін берілетін квота кеңейтіледі, бұл көптеген кәсіпкерлерді оқытуға тарту үшін мүмкіндік береді.

3.11 «Бизнес жүргізу үшін жағдайларды жақсарту» бастамасы. Дүниежүзілік банк тобының «Бизнесті жүргізу» рейтингісінде елдің позициясын жақсарту бойынша жұмыс жалғасатын болады. Көрсетілетін қызметтер мен тауарлар экспортының уақыты мен құнын (шекаралық және кедендік бақылау, құжаттарды ресімдеу) қысқарту, электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу рәсімдерінің санын азайту, кредиттік операцияларды қорғау және кредит тізілімі мен кредит бюросын қамту деңгейін арттыру, есептілікті дайындауға, беруге және салықтар мен аударымдарды төлеуге (немесе ұстап қалу) жұмсалатын уақытты қысқарту және т.б. сияқты артта қалу орын алған салаларды жақсартуға қол жеткізілетін болады.

3.12 «Орта бизнестің өсуін ынталандыру үшін салық жүйесін үндестіру» бастамасы. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен дара кәсіпкерлер үшін тең салық жағдайларын жасауға арналған салық жүйесін өзгерту жалғасатын болады. Бұл компаниялардың өсуін және шоғырлануын ынталандыруға мүмкіндік береді.

3.13 «Аграрлық секторда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың кооперативтер ұйымдастыруын ынталандыру» бастамасы. Жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін реттеу үшін нормативтік-құқықтық база жаңартылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ауыл шаруашылығы кооперациясына барынша тарту және кооперативтердің ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау көлемін одан әрі ұлғайту үшін жағдай жасау және мемлекеттік қолдау көрсету жалғасатын болады. Бұл оларға жеке мүлікке билік етуде дербестікті сақтай отырып, экономикалық қызметті енгізуге бірлесіп қатысу арқылы өздері өндіретін өнімді өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


«Тәуекелдерді азайту және қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету» міндеті

Жеке кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту үшін кредиторлар мен инвесторлардың тәуекелдерін азайту мақсатында олардың төлем қабілеттілігі мен ашықтық деңгейін арттыру қажет. Міндет шеңберінде кəсіпорындарды жабу рәсімдері жеңілдетіледі, компанияларды корпоративтік басқару күшейтіледі, кредиттік-рейтингтік ұйымдардың құзыреттілігі мен жауапкершілігі артып, кредиттік шешім қабылдау процесі жетілдіріледі.



3.14 «Кәсіпорындарды жабу рәсімдерін жеңілдету» бастамасы. Белсенді емес және тиімсіз жұмыс істейтін кәсіпорындардың үлесін азайту үшін рәсімнің ашықтығын, қарапайымдылығын арттыру және мерзімдерін қысқарту есебінен тетіктер мен заңды тұлғаларды жабу жеңілдетіледі. Заңды тұлғалардың банкроттық рәсімдерін одан әрі жетілдіру мүмкіндігі қаралады және заңды тұлғалардың банкроттық рәсімдері енгізіледі.

3.15 «Корпоративтік басқару деңгейін арттыру» бастамасы. Корпоративтік басқару жүйесін және эмитенттер мен қарыз алушылардың тәуекелдерді басқару жүйелерінің ашықтық деңгейін арттыруға және жетілдіруге бағытталған ақпарат ашуын одан әрі жетілдіру жалғасатын болады.

3.16 «Қарыз алушылар мен эмитенттердің қаржылық жағдайы туралы ақпараттың ашықтығын арттыру» бастамасы. Қарыз алушылар мен эмитенттердің қаржылық жағдайы туралы деректердің ашықтығын және қолжетімділігін арттыру бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілетін болады. Кредиттік тарихтарды қалыптастыру және кредиттік есептерді ұсыну мәселелері бойынша кредиттік бюролардың банк институттарымен өзара
іс-қимылы күшейтіледі, ақпарат берушілердің және көрсетілетін қызметтер спектрінің тізбесі кеңейту мәселесі қарастырылады, үздік халықаралық практикаға сәйкес қарыз алушылардың кредитті өтеуге қабілеттілігін бағалау құралдары жетілдіріледі. Жергілікті рейтингтік агенттіктерге көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту есебінен кең ауқымды өкілеттіктер ұсынылатын болады; рейтингтік бағаларды беру жөніндегі әдіснама жаңартылады; рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау тетіктері енгу мүмкіндігі қарастырылып, олардың рейтингтік бағаларды берудегі жауапкершілігі арта түседі. Аудиторлық қызметті реттеу, оның ішінде айыппұлдар мен анық емес ақпарат үшін лицензияны қайтарып алу тетігі арқылы реттеу күшейтуі қарастырылатын болады.

3.17 «Баламалы қаржыландыру көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету» бастамасы. Қорландыру құралдарының шектеулі болуы дәстүрлі емес қаржыландыру құралдарын дамытуға және енгізуге серпін берді. Private eguity, факторинг, микрокредит беру, венчурлық қорлар және басқалар сияқты банктік емес қаржыландыру құралдарын дамыту үшін нормативтік-құқықтық база жаңартылады. Микроқаржы институттары үшін анағұрлым арзан қаржыландыруды тарту мақсатында апекс ұйымын құру бойынша іс-шаралар әзірленетін болады.
«Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыру» міндеті

Міндет шеңберінде ұлттық стандарттарды халықаралық деңгейге келтіру және сертификаттау инфрақұрылымын дамыту есебінен өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыру көзделеді. Бұл ұлттық компанияларға өз бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ халықаралық өткізу нарығына шығуға мүмкіндік береді.



3.18 «Ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен жедел үйлестіру» бастамасы. Ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру процесі жеделдетіледі. Экспортқа бағдарланған салаларға арналған стандарттар негізгі сыртқы нарықтардың тиісті стандарттарымен үндестірілетін болады. Басқа да өнімдер мен көрсетілетін қызметтер үшін халықаралық стандарттарды таңдау талап етілетін сапа деңгейіне негізделе отырып жүзеге асырылады.

3.19 «Сынақ базаларын, сертификаттау орталықтарын дамыту» бастамасы. Жаңа сынақ және сертификаттау орталықтары құрылады, сондай-ақ қолданыстағылары кеңейтіледі және толық жарақталады. Жоғары оқу орындарының зертханалық базалары негізінде жаңа сынақ орталықтары құрылады.

3.20 «Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын тұрақты бақылау» бастамасы. Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін техникалық аудит (өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын тәуелсіз бақылау) жүргізілетін болады. Мемлекеттің бизнес қызметіне артық араласуынсыз бизнесті дамыту мақсатында кәсіпорындар тәуелсіз аудит арқылы өнім сапасы тұрғысынан үнемі өз-өзіне бақылау жүргізуі қажет. Бұл ретте, нарыққа қатысушылар функцияларының аражігі ажыратылады. Аудит қорытындылары бойынша қалыптастырылған тізбе адал компанияларды одан әрі дамуға ынталандырады және сапалы өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді.
«Өнімділіктің өсуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою» басымдығы

Технологиялық жаңғырту мен цифрландырудан басқа өнімділік өсуінің маңызды факторы кәсіпорындардың операциялық қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады. Тиімділік жеке қызметті жақсарту (өндірістік процестер, материалдарды сатып алу және жеткізу процестері, әкімшілендіру процестері және т.б.), сондай-ақ ресурстарға (оның ішінде электр энергиясына, суға, газға), логистикаға және өнімдерді өткізуге арналған шығындарды азайту есебінен артуы мүмкін.

Осыған байланысты мынадай:

жұмыс істеп тұрған салалардың операциялық тиімділігін арттыру;

табиғи монополиялардың операциялық тиімділігін арттыру;

көлік-логистика және сауда инфрақұрылымын дамыту міндеттерін шешу қажет.


«Жұмыс істеп тұрған салалардың операциялық тиімділігін арттыру» міндеті

Экономиканың барлық секторларында төмен өнімділік жағдайында өңдеу өнеркәсібінен басқа да салаларға өнімділікті арттыруға бағытталған шаралар құралдарын кеңейту және қолданыстағы бағдарламаларды қамту қажет. Мұндай ауысу салалар арасындағы айырмашылықтарға байланысты бизнеске тікелей қолдау көрсетуден басқа жаңа тетіктер әзірлеуді талап етеді. Мысалы, ішкі автомобиль нарығын қорғауға бағытталған кедергіні жою көлік және логистика саласында парктың жаңаруын жылдамдатуға мүмкіндік береді. Сауда инфрақұрылымын жасау, мысалы электрондық сауда платформасын құру делдалдар санын және тиісінше ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнын төмендетеді.

Өнімділік өсуінің технологиялық процестері, құралдары мен ықтимал нәтижелері туралы хабардар болуды арттыру мақсатында компаниялар басшылары мен иелерінің білім және құзыреттілік деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі.

3.21 «Операциялық тиімділікті арттырудың қамтуын ұлғайту және оның ынталандырылуын оңтайландыру» бастамасы. Ынталандыру шараларын салалық қамту кеңейтілетін болады, атап айтқанда барлық салаларда өнімділікті арттыру үшін ынталандыру көзделеді. Бұл ретте, қолдау тетіктері әрбір жеке саладағы өнімділіктің өсуін тежейтін нақты кедергілерге байланысты салалар арасында әртараптандырылады. Қолданыстағы шаралардан тиімсіз және қажетсіз шаралар алып тасталады. Оның орнына кедергілерді жоюға және бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған өнімділіктің өсуін ынталандырудың жаңа қаржылай емес тетіктері әзірленеді.

3.22 «Бизнеске операциялық тиімділікті арттыру құралдары туралы көп ақпарат беру» бастамасы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қазақстандағы компаниялардың басшылары мен иелерінің хабардарлығын арттыру үшін тұрақты негізде салалық зерттеулер мен конференциялар өткізу бойынша жұмыстар басталады. Зерттеулер мен іс-шаралардың негізгі тақырыптарының бірі өнімділікті арттыру және энергия тиімділігін жақсарту болады. Бұл зерттеулер технологиялар шолуын, операциялық тиімділікті арттыру құралдарының сипаттамасын, үздік практикалар мысалдарын, персоналдың біліктілігін арттыру әдістемелерін, экспорт нарықтарында жұмыс істеу үшін қажет ақпаратты қамтиды.

3.23 «Өнімділікті арттыру шараларын әзірлеу және оның мәртебесін мониторингілеу үшін диалог платформасын құру» бастамасы. Экономика салаларында өнімділікті арттыру жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру жеке және квазимемлекеттік секторлар кәсіпорындарын тарту арқылы жүргізілетін болады. Бұл үшін бизнестің, банктердің және мемлекеттік органдардың қатысуымен тұрақты мемлекеттік-жекешелік диалог алаңдары жұмыс істейтін болады. Алаңдар Бәсекеге қабілеттілік кеңесі шеңберінде жұмыс істей алады. Жетекші рөл Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беріледі.
«Табиғи монополиялардың операциялық тиімділігін арттыру» міндеті

Табиғи монополиялардың операциялық тиімділігін арттыру барлық салаларда өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Шекті тарифтер тетіктерінен басқа, инновациялық технологияларды енгізуге бағдарланған тариф белгілеудің ынталандырушы әдістері енгізілетін болады. Тариф белгілеудің ынталандырушы әдісінің негізгі өлшемшарттары ұсынылатын қызметтердің сапасы, сенімділігі және тиімділігі болып табылады.



3.24 «Электр энергиясы мен қуаттың көтерме сауда нарығының моделін енгізу» бастамасы. Электр энергиясын өндіру сегментінің проблемаларын шешу үшін шекті тарифтер тетігін ауыстыратын электр энергиясы мен қуаттың (нысаналы модель) көтерме сауда нарығының моделі әзірленіп, енгізілетін болады. Нысаналы модель шеңберінде электр энергиясы мен қуат нарықтарының бәсекелес баға белгілеумен жұмыс істеуі көзделуде. Нысаналы модельге көшуді 2019 жылдан бастап жүзеге асыру болжанады.

Электр энергиясының тарифтері, сондай-ақ қуат бағалары (қолданыстағы, жаңа және жаңартылатын) электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ететіндей қалыптастырылуға тиіс. Атап айтқанда, электр энергиясының тарифі электр энергиясын өндірушілердің барлық негізделген шығындарын өтеп, тіркелген пайда қамтамасыз етуге тиіс, ал қуат төлемақысы өндірушілердің инвестициялық шығындарын өтеуге тиіс.



3.25 «Ұзақ мерзімді тарифтік реттеу жүйесін өзектілендіру» бастамасы. Энергетика саласын тиімді дамыту, оны технологиялық жаңарту және жаңа активтер құру үшін тариф белгілеу әдістері жетілдіріледі.

Тариф белгілеудің үздік әлемдік практикасына сәйкес көрсетілетін қызметтер сапасы, сенімділігі және тиімділігі өлшемшарттары сияқты табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтерінің сапасын арттыру тетіктері енгізіледі, бекітілетін тариф деңгейі осыларға қол жеткізуге байланысты болады.



3.26 «Энергетика саласында бәсекелестікті күшейту және қатысушыларды шоғырландыру» бастамасы. Энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және электр энергиясының шығындарын төмендету үшін энергетика саласында құрылымдық өзгерістер жүзеге асырылатын болады. Өңірлік электр желілері компанияларын (ӨЭЖ) ірілендіруге ықпал ететін тетіктер мен талаптар енгізілетін болады. ЕЖҰ электр энергиясының тарифтерін қалыптастыру туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ашуға және жариялауға, оның ішінде электр энергиясын сатып алудың, беру және тарату бойынша көрсетілетін қызметтердің және т.б. құнын көрсетуге міндетті болады. Энергия беруші компаниялар үшін біліктілік талаптары енгізілетін болады. Жылу энергиясын өндіретін және беретін субъектілердің жаңа өзара іс-қимыл тетіктері қаралады.

3.27 «Магистральдық теміржол желісінің тариф белгілеу жүйесін жетілдіру және операциялау қызметтерін мемлекеттік реттеуден шығару» бастамасы. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін тарифтік реттеудің оңтайлы моделін қалыптастыруға, қызметтерді көрсету шығындары мен кірістерін құрылымдауға және теңгерімдеуге, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа прогрессивті тәсілдер енгізіледі. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді реттеу мемлекет қарамағында қалады, ал жылжымалы құрамды операциялау қызметтері мемлекеттік қадағалаудан шығарылады.
«Көлік-логистика және сауда инфрақұрылымын дамыту» міндеті

Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту біріншіден, Қазақстан аумағында тауарлар тасымалдау құны мен уақытын азайтуға, екіншіден, халықаралық көлік дәліздеріне интеграциялануды қамтамасыз етуге бағытталады. Сауда инфрақұрылымын дамыту делдалдар санын азайтуға және тиісінше тауарларды өткізу құнын төмендетуге бағытталады.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсуді қолдау көлік-логистика жүйесінен негізгі халықаралық көлік дәліздеріне белсенді интеграциялануды талап етеді. Көлік саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы ең жоғары деңгейге шығарылып, сондай-ақ жүктердің тасымалдануын оңтайландыруға және жеткізу мерзімдерін қысқартуға негізделуі қажет. Бұл негізгі транзиттік бағыттардың дамуын қамтамасыз етуге, қолданыстағы көлік инфрақұрылымының «тар жерлерін» жоюға және Қазақстанның барлық халықаралық көлік дәліздерін дамытуға мүмкіндік береді.

Экономиканың жекелеген секторларында (атап айтқанда, ауыл шаруашылығында) көптеген делдалдардың болуына байланысты шығасыларды азайту мақсатында көтерме сауда-тарату орталықтарын және электрондық сауданы дамыту үшін жағдай жасалады.



3.28 «Автомобиль жолдарының сапасын арттыру және жол бойында көрсетілетін қызметтерді дамыту» бастамасы. Республикалық автомобиль жолдары желісінің жағдайын жақсарту үшін оларды күтіп ұстауды қаржыландыру көлемі ұлғайтылады, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарымен қамту кеңейтіледі. Бұл ретте, жолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалатын шығыстардың тиімділігін арттыру үшін автожолдарды ақаусыз күтіп ұстау жөніндегі келісімшарттардың жаңа нысандары, яғни тікелей нәтижеге бағдарланған жаңа нысандары енгізіледі. Аталған келісімшарттардың басты ерекшелігі жұмыс көлемін сандық есепке алудан жол жағдайының сапалық көрсеткіштеріне ауысу болып табылады, бұл ретте мердігер жұмыстарды орындаудың реттілігі мен технологияларын өз бетінше таңдауға құқылы.

Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында көрсетілетін қызмет объектілерін салу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жол бойындағы сервис объектілерінің бір бөлігін республикалық бюджет есебінен, оның ішінде «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» бағыттары бойынша жобалар, сондай-ақ автожолдарды реконструкциялаудың басқа да жобалары шеңберінде қаржыландыру жоспарлануда. Объектілердің бір бөлігі желілік бизнес-құрылымдарды, оның ішінде ірі кәсіпкерлік субъектілерін және мүдделі инвесторларды тарту арқылы салынады, кешенді объектілер болып өзгертіледі немесе толық жарақталады. Бұл ретте, жеке сектордың мүдделілігін арттыру үшін перспективалы сервис объектілерін халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына орналастыру схемасы бекітіледі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың салынып жатқан және жоспарланып отырған сервис объектілеріне инженерлік коммуникацияларды тартуға рұқсат құжаттарын беру рәсімдерін жеңілдету мүмкіндігі қаралады.



3.29 «Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру» бастамасы. Транзиттік жүк ағыны әлеуетін тұрақты талдау негізінде және «тар орындарды» жою қағидаты негізге алына отырып, көлік инфрақұрылымының қуатын ұлғайту жүзеге асырылады. Осылайша, халықаралық дәліздердің өткізу қабілеттілігі ұлғаяды, оның ішінде Алматы қаласының айналма теміржол желісі, Достық-Мойынты учаскесінде екінші теміржол жолдары салынып, Жарық-Жезқазған және Қызылорда-Шалқар теміржол учаскелері жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар, жылжымалы құрамның санын, атап айтқанда жалғамалы платформаларды ұлғайту және автомобиль жүк көлік құралдарының паркін жаңарту үшін ынталандыру жасалатын болады.

Кедендік өткізу пункттерінің тиімділігін арттыру мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін стандартталған түрдегі кедендік декларацияларды берудің және табыс етудің электрондық жүйесі - «Бірыңғай өткізу арнасы» енгізілетін болады. Жүктерді тексеріп қараудың тәуекелге бағдарланған жүйесі енгізіледі және мемлекеттік қызметшілердің тексерулер кезіндегі жұмысын үйлестіру ұйымдастырылады. Қазақстандық өткізу пункттерінің инфрақұрылымы жүк және жолаушылар ағындары, қала инфрақұрылымы және кедендік бақылау технологияларына қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып, бірыңғай кешенді шешім негізінде жаңартылады.



3.30 «Электрондық сауданы дамыту» бастамасы. Электрондық сауданың және тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы өзара қарым-қатынастың регламенттелуін, сондай-ақ Интернет желісінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормаларын айқындайтын реттеу жетілдірілетін болады. Атап айтқанда, қолма-қол ақшасыз төлемдерде кездесетін қазіргі шектеулер ақпараттық түсіндіру жұмыстары және банк карталарымен қауіпсіз онлайн төлеуге қолжетімділік есебінен алып тасталады. Электрондық сауда қатысушыларына мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігі қаралады.
«Экспортты және әртараптандыруды ілгерілету» басымдығы

Ішкі нарықтың сыйымдылығы төмен болған кезде экономиканы әртараптандыру бағыты өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтер саласын экспортқа бағдарлауды талап етеді. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын арттыру мақсатында экспорттаушыларды қолдау тетіктері енгізілген. Перспективалы экспорттық қоржын ұғымы енгізіледі, ол Қазақстанның перспективалы өткізу нарықтарының қажеттіліктеріне және салыстырмалы артықшылықтарына негізделе отырып айқындалады.

Бұл ретте Қазақстан өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендететін сыртқы және ішкі кедергілер сақталып отыр. Айталық, сыртқы нарықтардағы импорттық баждар өнімдердің құнын арттырады. Экспорттың өсуіне кедергі келтіретін қосымша фактор шетелде бизнес жүргізуде білім мен тәжірибенің жоқтығы, сондай-ақ отандық өндірушілерде ауқым әсерінің жоқтығы болып табылады.

Осыған байланысты аталған басымдық шеңберінде мынадай екі міндетті:

экспорттаушыларды қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын кеңейтуді;

экспортқа бағдарланған көрсетілетін қызметтерді дамытуды шешу қажет.


«Экспорттаушыларды қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын кеңейту» міндеті

Экспорттаушылар сыртқы нарықтарда жұмыс істеу кезінде тарифтік және тарифтік емес кедергілердің болуы, сауда инфрақұрылымының жоқтығы, тәжірибенің және сұраныстың ерекшеліктері, өткізу арналары мен құқықтық өріс туралы хабардар болудың жеткіліксіздігі сияқты бірқатар қиыншылықтарға тап болады. Міндет шеңберінде осы қиындықтарды еңсеру және экспорттаушыларға ыңғайлы нысанда қолдау көрсету бойынша шаралар іске асырылатын болады.



3.31 «Институттарды үйлестіру және экспорттаушылар үшін «бір терезе» құру» бастамасы. Процестердің қайталануын болдырмау және экспорттаушылардың қолдау алу процесінің айқындығын қамтамасыз ету үшін рөлдердің аражігін нақты бөлу жүргізіледі және экспортқа қолдау көрсететін ұйымдарды (оның ішінде «KazakhExport») үйлестіру үшін тетіктер құрылады.

Бұдан басқа, Қазақстанда экспортты қолдау бойынша барлық көрсетілетін қызметтерді біріктіретін бірыңғай онлайн-платформа әзірленетін болады. Аталған платформа базасында электрондық сервистер кешені, оның ішінде рұқсат беру құжаттарын алу, қолдау шараларын көрсету, көлік және логистиканы басқару жөніндегі сервистер және экспорттаушыларға консультациялар беруге арналған қосымша сервистер іске асырылады. Платформаның инфрақұрылымы экспорттаушыларға бірыңғай өткізу арнасы арқылы стандартталған түрде құжатты бір рет ұсынуға мүмкіндік береді, кейіннен мұны мүдделі мемлекеттік органдар және даму институттары көрсетілетін қызметтерді ұсыну және сыртқы экономикалық қызметтің жүзеге асырылуына бақылау жүргізу кезінде өз құзыреттеріне сәйкес пайдаланатын болады.



3.32 «Сыртқы нарықтарда тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою» бастамасы. Туындайтын сауда дауларын реттеу және сыртқы сауда кедергілерін жою мемлекеттік органдар мен жеке сектордың күш-жігерін үйлестіру (кәсіпкерлер қауымдастығы мен одақтары арқылы) кезінде жүзеге асырылатын болады. Жеке сектордың міндеті сыртқы нарықтарға қолжетімділік жағдайларының нашарлауы туралы ақпарат беру болады. Сыртқы сауда кедергілерін жою үшін мемлекет Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭС) мүше болу шеңберінде Преференциялық сауда туралы келісімдердің, еркін сауда аймақтарының санын кеңейту; сыртқы сауда кедергілерін жою бойынша келісілген шаралар кешенін әзірлеу; жаңа өткізу нарықтарына шығумен байланысты экспорттаушының шығасыларын азайтуға бағытталған шараларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізетін болады.

Нарыққа қолжетімділікте халықаралық келісімнің тікелей бұзылуынан туындамайтын кемсітушілік жағдайлары болған кезде (мысалы, саудадағы техникалық кедергілер) мемлекет консультациялар беру тетіктерін пайдаланады, нарыққа қолжетімділік бойынша бар шектеулерді жоюға тырысатын болады. Мемлекеттік органдар мен жеке сектордың өзара


іс-қимылы экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператордың қолдауымен жүзеге асырылатын болады.

3.33 «Сыртқы нарықтарда экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператор өкілдіктерін дамыту» бастамасы. Басымдығы және мүдделілігі жоғары елдерде қазақстандық бизнестің тұрақты болуын және оның мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, экспорттаушылар үшін сауда әріптестерін іздеуге және коммерциялық келіссөздер жүргізуге көмек көрсетуге бағытталған өкілдіктер желісі құрылады. Бұдан басқа, өкілдіктер промоутерлік іс-шаралар жүргізуге, сыртқы нарықтардағы сұраныс пен сату арналары туралы ақпарат жинауға қолдау көрсетуді, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің қазақстандық қатысушыларына қазақстандық өнімдерді экспорттаудағы кедергілерді еңсеруге жәрдем көрсетуді жүзеге асырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет