2.4. Мемлекеттік бақылау. Елдің ұлттық қауіпсіздігінің бөлігі ретінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі субъектілердің (объектілердің) Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бағалауға және сақтауын тексеруге бағытталған мемлекеттік бақылау мен қадағалау болып табылады.
Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізудің қазіргі тәсілдері мен нысандары алдын алу-хабарлама сипатына ие және жедел, дұрыс және объективті қадағалау мен бақылауды жүргізуге мүмкіндік бермейді. Себебі, қадағалау және бақылау субъектісін алдағы тексеру туралы алдын ала хабардар ету, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тексеруді есепке алу және тіркеу қолданыстағы тәртіппен міндетті болып табылады.
Қауіпті биологиялық объектілерді мемлекеттік бақылауды талдау тексеру жүргізудің қолданыстағы тәсілдері мен тетіктері шеңберінде барлық қауіпті биологиялық объектілерді бақылаумен қамту мүмкін еместігін көрсетті.
2020 жылы аталған объектілерге қатысты 141 тексеру жүргізілді, ПБА жұмысында пайдаланатын 174 объект тексерілді. 109 объект тексерумен қамтылған жоқ. Көрсетілген тексерулердің нәтижелері бойынша 42 өрескел бұзушылық, Елеулі – 12, болмашы – 6 бұзушылық анықталды.
Көрсетілген бұзушылықтар бойынша өрескел бұзушылықтарға елеулі үлес жатады, олардың жасалуы мемлекеттің, халықтың теріс факторлардың әсерінен қорғалуына елеулі нұқсан келтіруі мүмкін. Сондай-ақ 1 және 2-топтардағы патогендермен жұмыс істейтін аса қауіпті объектілердің тексерумен толық қамтылмауына назар аудару қажет.
Осыған байланысты биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды ұйымдастырудың жаңа тәсілдері мен нысандарын әзірлеу, биологиялық тәуекелдер беретін және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын субъектілер мен объектілердің өлшемшарттары мен тәуекел тобын белгілеу қажеттігі туындайды.
ҚР-да зертханаларды биологиялық қауіпсіздік деңгейлері бойынша саралаудың халықаралық тәжірибесін (БҚД-1 – БҚД-4) пайдалану биологиялық қауіпті басқару тәсілдерін біріздендіруге мүмкіндік беретін биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес зертханалардың ұлттық желісін дамытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, биоагенттерді зертханалық зерттеулердің сапасын бағалау және оларды жүргізу әдістемелерін сақтау бағытында бақылауды кеңейтуді де қарастыру керек. Сапасыз жүргізілген не әдістемелерін бұза отырып жүргізілген зерттеулер ел халқының өмірі мен денсаулығы үшін ауқымды тәуекелдерге әкеп соғуы мүмкін. Мысалы, мұндай зерттеулердің нәтижелері өлімге әкелетін және тез таралатын инфекциялардың эпидемиясын болжау және алдын алу, емдеу хаттамаларын әзірлеу, белгілі инфекциялардың әрқайсысы үшін басқару органдары мен халықтың іс-қимыл алгоритмдерін жасау үшін қолданылады. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуде және аса қауіпті инфекциялар эпидемиясының туындауын болдырмаудың кепілі болып табылады, сондықтан тиісті бақылауды талап етеді.
Бұдан басқа, биологиялық тәуекелдерді бағалау, оларды болжау және Қазақстан Республикасының қауіпті биологиялық объектілерінде басқару жөніндегі ғылыми негізделген құрамдауышы бар биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мониторинг жүйесін жүзеге асырудың жаңа қағидаларын әзірлеу талап етіледі.
Террористік тұрғыдан осал осы объектілер үшін алдын ала тіркеуді және хабарлауды болдырмайтын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жоспарлаудың, тағайындаудың, жүргізудің ерекше белгіленген тәртібін әзірлеу және заңнамалық деңгейде енгізу көзделеді.
Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мониторинг халық пен жануарлар арасында инфекциялық аурулардың пайда болуы мен таралуының себептері мен жағдайларын және осыған байланысты әлеуетті медициналық-биологиялық және экономикалық салдарларды уақтылы анықтау, анықтау мақсатында аумақты, объектілерді және қоршаған ортаның қауіпті факторларын жүйелі жоспарлы, тұрақты және тәуелсіз зерттеп-қарауды жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс.
Қазақстан Республикасының биотерроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы биологиялық қорғалуына ден қоюға және олардың жағдайын бағалауға жаңа тәсілдер әзірлеу талап етіледі.
Биологиялық қауіпті объектілердегі технологиялық бұзушылықтардың, авариялардың, төтенше жағдайлардың және ахуалдың туындауы туралы хабарламаларға ден қоюдың, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдардың, багаж бен көлік құралдарының кесіп өтуін санитариялық-карантиндік, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылаудың үздіксіз процестерін жүзеге асырудың қолданыстағы жүйесі, адамның, жануарлардың, өсімдіктердің аса қауіпті аурулары бойынша карантиндік аймақтарда және қолайсыз пункттерде іс-шараларды ұйымдастыру және аса қауіпті инфекциялардың, аса қауіпті зиянды организмдердің, агенттердің таралу ошақтарында террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жағдайын бақылауды жүзеге асыру құқықтық өріс шеңберінде барлық карантиндік және эпидемияға қарсы іс-шараларды жедел және толық көлемде жүргізуге мүмкіндік бермейді.
Террористік қауіп-қатерлерді ерте алдын алуды және оларға ден қою шараларын алдын ала әзірлеу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті уәкілетті органдардың мемлекеттік ақпараттық жүйені белсенді пайдалануы көзделеді. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер қолданатын есепке алу жүйелерінің осындай ақпараттық жүйесін әзірлеу және интеграциялау осы Тұжырымдамада көзделген.
Атап айтқанда, патогенді биоагенттермен (ПБА) жұмыс істеу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатқан барлық объектілер, патогендердің түрлері, олардың айналыс субъектілері туралы ақпараттың болуы ПБА-ның осындай орын ауыстыруын және түпкі мақсат нүктесін қадағалауға, ықтимал пайдалану және трансшекаралық орын ауыстыру нұсқаларын болжауға мүмкіндік береді. ПБА-ның шығуы мен мақсаты ақпараттық жүйемен белгіленбеген орын ауыстыруы ПБА-ны заңсыз пайдаланудың ықтимал тәуекелдерінің болуы туралы пайымдауға мүмкіндік береді.
Осыған ұқсас ақпараттық жүйе арқылы жедел ақпарат алмасу авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары, ерте ден қою шараларын қолдану үшін неғұрлым кең мүмкіндіктер береді.
Бұдан басқа, заң жобасында биологиялық қауіпсіздік және биологиялық қорғау шеңберінде ден қоюдың үйлестірілген тетіктерін нақтылау үшін бірлескен (келісілген) актілерді қабылдауға уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретін айқындау жоспарлануда.