Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор


Қазақ қолжазбаларының 3 томының алғы сөзі



бет6/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33

Қазақ қолжазбаларының 3 томының алғы сөзі

АННОТАЦИЯ

«Қазақ қолжазбалары» (б.д.д. ІХ ғ. бастап – ХХ ғ. дейін) атты 10 томдық басылымның V-VI томына көне түркі тілінде, көне ұйғыр әрпімен VІІІ-ІХ ғасыр аралығында хатқа түскен, ғылымда «Майтри симит ном бітік» деген атпен белгілі пұт мінажаты туралы жәдігердің 1959 жылы Шығыс Түркістанның Құмыл (Хами) аймағынан табылған, 1067 жылы көшірілген «Құмыл» нұсқасы (бұдан басқа қолжазбаның Тұрфан, Күсән және Тохар тіліндегі нұсқалары бар) енгізіліді. Қолжазба 27 тараудан (бөлім), 293 парақ, 586 беттен тұрады. Түркі жазба әдебиетінің төлбасының бірі болып табылатын көне мұра тұңғыш рет ана тілімізде ғылыми айналымға түсіп, қазақ оқырмандарының назарына ұсынылып отыр.

Басылымның V томына көне қолжазбаның Кіріспесі мен алдыңғы 4 тарауының факсимлиясы, түпнұсқа мәтінінің халықаралық ғылыми ортада қабылданған ережеге сәйкес латын қарпіне түсірілген транскрипциясы және оның қазіргі қазақ тіліне аударылған жолма жол тәржімасы мен еркін аудармасы енгізіліп отыр. Сонымен қатар көне түркі тілінің мәтініне қатысты Алғы сөз бен ғылыми сипаттамалар, түсініктер мен сілтемелер берілген.


БІЗ ЖАТСЫНЫП КЕТКЕН МҰРАЛАР

Түркі дүниесі, соның бір бұтағы қазақ елі, әлмисақтан бастап осы уақытқа дейін өзінің даму тарихында 16 түрлі жазу үлгісін қолданды. Арғы хұн, бергі ғұн, сақ, скиф дәуірлерінде қашалып, ойылып, бедерленіп түсірілген жартастағы, күміс тостағандағы, мәңгітастардағы,, қыштағы, кеспектегі таңба, белгілер көзге қанық. Соның ішінде барынша жәдігерлік сыпат алған көне түркінің сына жазуы, Шам шаһарының жазба үлгісіндегі араб әліпбиінің сүлдесі, латын және славян һаріптерінің барлық жазылымы түйсікке таныс. Тіпті көне қытайдың иероглифінің және арамей сына жазуының негізінде түркілік дыбыстық жазу үлгісіне бейімделген әріптік жүйе де болыпты-мыс. Қалай дегенмен де сол 16 әріптің әрқайсысымен жазылып, сақталып қалған мұралардың барлығында да бүгінгі қазақ ұлтының демі бар. Мұрахаттар арқылы ғылыми айналымға түскен жәдігерлердің демі мен дені бізге етене жақын. Олардың мазмұны мен ұзына сарыны да танымымызға таңсық емес. Өйткені сол жазбаларда біздің ұлттық тағдырымыз бен таным тарихымыз жатыр. Қадым заманнан қазіргі кезеңге дейінгі даму деңгейімізді анықтап берген сол жазу үлгілерінің бәріне де қарыздармыз. Алайда түркі бүтінінің бұтақталар тұсында – Біріккен түрк қағанаты кезінде, яғни, 795 жылы пайда болып, қазақ ұлтының мәйегін ұйытқан түркі қағанатының, сол қағанаттың құшағынан шыққан найман мемлекетінің ресми жазуы ретінде қолданылған, содан кейін Шыңғыс хан империясында жалғасын тауып, ұлы дала кеңістігін жайлаған Жошы мен Шағатай, Хұлағу мен Құбылай ұлыстарының ортақ ұлысаралық жазуы болған, сол ұлыстардың орынына тебін тепкен Алтын орда мен Ақ орда, Көк орда мен Боз орда хандарының жарлықтары жарияланған, қазақ хандығы дәуірінде де дәуірі жүріп тұрған, Абылай ханның тұсында мәнжу империясымен екі ортадағы мәмілегер ретінде өмір сүрген, қилы-қилы тарихи тағдырды басынан кешірген, бірақ та қазір біз жатсынып кеткен бір жазу үлгісі бар.

Ол – Шам әліппесінің негізінде сүзілген, қолдану аясы ендігі мен бойлығы бойынша Шығыс Түркістаннан – Түркияға, солтүстік Түркістаннан – оңтүстіктегі араб түбегіне дейінгі кеңістікті қамтыған, ХІХ ғасырға дейін қолданыстан шықпаған «ескі жазу» – «хұдам бітік», яғни, сүйретпелі жазу. Хұдам бітік әрпімен қағазға түсірілген жәдігерлер мен сарай жарлықтары, қағандар мен хандардың, басқақтардың мәміле хаттары Ауғанстанның, Иранның, араб елдерінің, Түркияның, Ресейдің, сондай-ақ батыс елдерінің мұрағаттары мен кітапханаларының қорында біршама сақталып қалған. Солардың қатарында, осы басылымның ҮІІ томында жарық көруге тиісті Алтын орда дәуірінде, 1393 жылы жазылған Тоқтамыс ханның жарлығы, 1398 жылы жазылған Темір Құтлұқтың жарлығы, Абылайдың мәнжу патшасына жазған хаттары да бар. Өкінішке орай қазақ хандығы жойылып, Ресейдің бодандығын қабылдаған соң және араб әліпбиі жаппай орныққан тұста бұл ата жазуымыз мүлдем санадан өшті. Жоғарыдағы тарихи жарлықтарды аударған Березин, Григориьев сияқты ғалымдар «ежелгі (көне емес) түркі жазуы», «көне жазу» – «хұдам бітік», «Алтынорда жазуы», «сүйретпе жазу» деп атаған жазу үлгісі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында атаулық өзгеріске ұшырады. Саясатта да, ғылымда да нәсілдік көзқарас өршіген кезде: көшпелі түркілердің мұндай өркениетті жазу үлгісіне ие болуы мүмкін емес. Ол маздақтармен (христиан мен мұсылман дінін қабылдаудан бас тартып Иранға, одан Ауғанстан мен Пакстанға, одан Шығыс Түркістан мен Орталық Түркістанға қоныс аударған көшпелі таяушығыстықтармен) араласқан эфталиттер арқылы келген. Сондықтан да оны рулық, яғни, түріктік тектері ажыратылмаған құраманың атымен «ұйғыр жазуы» деп атайық – деген астамшылық мәміле орын алды.

Тарихтың осы бір қиянатты атауы тез орнығып, қазір халықаралық ғылыми айналымда скифтерді – ирантілдес (яғни, арий тектес) ел деп, ал көне «хұдам бітік» жазуын – «ұйғыр жазуы» деп атау дәстүрге айнлып кетті. Соның нәтижесінде, қытай сияқты ұлы дәстүрге ие мемлекеттің өзінде түркітану ғылымы – «ұйғыртану» ғылымына меншіктеліп берілді. Бұған тарына қарайтындай іштарлығымыз жоқ. Ұйғырлар да түркінің бір тамыры. Тек жоғарыдағыдай астам пайымдаулар рухани намысты қозғайды. Сондықтан да біз сол Біріккен түрк қағанаты мен найман мемлекетінің және Шыңғыс ханның ұлыстары мен қазақ хандығының мемлекеттік жазуын сол тұстағы және бүгін де Сыртқы Монғолия мен Ішкі Монғолияда сақталған аталымы бойынша – хұдам бітік деп пайдаландық. Мұны – біз жатсынып кеткен жазуды жадында сақтаған ұлысқа деген құрмет деп түсінуге де болады. Сондай-ақ, соңғы жарты ғасырдың аңғарында жоғарыдағыдай «бөліп алып билеуге» негізделген пайымдауларды ұлттық өзімшілдікке айналдырған кейбір қандастарымыз исі түркі тектес қауымның ортақ мұрасын мүшелеп алу арқылы түркі жұртының тұтастығының түте-түтесін шығаруға бет алып барады. «Ұлы өктемдіктен» туған жалған ғылыми тұжырымды малданып, аға-ініден іргесін бөліп, оны саяси идеология ретінде ұстануды үрдіс еткен бауырластарымыздың «кіші өктемдігі» қынжылтады. Пекиндегі Орталық ұлттар институтында дәріс беріп жүрген кезімізде атақты түркітанушы Гың Шымин ғұламаның бізге қарата: «Сендер, қазақтар, ғылымдағы өз мұраларыңнан өздерің жеркеніп жүрсіңдер. Егерде дәл қазір қауырт кіріспесеңдер, ертең өз мұраларыңды өздерің ұйғырдан, өзбектен, әзірбайжаннан, түрікменнен сұрап, ала алмайқаласыңдар. Менің бұл пікірімді өзімнің ұйғыр шәкірттерім де жақтырмайды. Кейде сынап қояды. Бірақ шындықты ашық айтқанды ұнатамын», – деген сөзі үлкен ой салып еді.

Сол бір орынды айтылған ойлы ескертуден кейінгі бес-алты жылдың ішінде «ұйғыр жазуы» үлгісіндегі, яғни, құдам бітікпен жазылған Қазақстандағы, Германиядағы, Ресейдегі, Түркиядағы, Ауғанстандағы жәдігерлердің біразының көшірмесін жинақтап, жүйелеп, салыстырып, ежіктеп көргенімізде Гың лаужиенің пікірінің шындығына көзіміз жеткендей болды. Қазақ мемлекеті мен қазақ ұлты тікелей мұрагері болып танылатын ХІ – ХІІ ғасырдағы найман мелекеті, Жошы мен Шағатай ұлысы, қазақ хандығы, қазақ ханы Абылай ресми мемлекеттік жазу ретінде пайдаланған: найман жазуынан – хұдам бітіктен – сүйретпе жазудан – ұйғыр жазуынан бас тартатындай біздің еш жөніміз жоқ екен (Әрине, бұл туралы дербес пікір қозғалуы тиіс. Сондықтан да шағын кіріспеде оны таратып жатпаймыз).

Сонымен, қазақ ұлтының құрылу, даму жолының куәсі болған осындай етене мұраны біз неге жатсынып кеттік? Оның басты себебі, қазіргі қазақ ұлты қоныстанған кеңістікте ІХ ғасырдан бастап ислам дінінің, сол арқылы араб әліпбиінің сіңіріле таралуы. Екіншіден, хұдам бітікті мәмілегерлік жазу ретінде қолданысқа түсіріп отырған қазақ хандығының жойылып, Ресейге бодан болуы. Үшіншіден, хұдам бітікпен жазылған мұралардың негізгі бөлігінің пұт мінәжатын насихаттауға арналуы. Жатсынудың түп төркінінің өзі осы діни танымда жатса керек. Оңтүстіктен етек түре індеген исламдық шариғат пен Монғол империясының құлауымен шығыстан дендеп кірген пұт мінәжатының жосын, қағидалары қазақ даласында, соның ішінде Шығыс Түркістан мен Алтай тауларында бетпе-бет келіп, ұзақ уақыт шарпысумен болды. Қаңғай үстірті мен Саян тауы бауырында қалған арғын, қоңырат, алшын, найман, керей қауымы пұт мінәжатында қалды. Олар ХІХ ғасырда православиелік «әулие әкейлердің» арбауына ілікті. Қосағаштағы қазақтар қазір осы үш діннің үшеуінің де ықпалында жүр. Әкесі – пұтқа, шешесі – Исаға, баласы – исламға жүгінген отбасын көріп, жағамызды ұстағанымыз бар. Бұл – тарих талқысы. Дегенмен де, исі түркі тарихының Тәңірлік танымы мен бұрхандық діни танымынан мағлұмат беретін аса құнды мұрадан бас тартудың қазір еш қисыны жоқ. Тәңірлік таным мен пұт мінәжатының аңсарын танытатын ырымдық нысаналардың сарқыны қазақ халқының тұрмыс-ырымынан бүгін де нышан беріп қалады. Көне мұраларға көз қиығын салғанымызда мұны анық байқадық. Жалпы алғанда, Біріккен түрк қағанатының сүйретпелі хұдам бітік жазуымен сақталған жәдігерлерді шартты түрде: 1) Ислам діні туралы, 2) Мани діні туралы, 3) Несториян діні туралы, 4) Будда діні туралы мінажат уағыздар және 5) Түрлі іс қағаздар (қазірге дейін белгілі болған іс қағаздар саны 400-ге жуық) деп жіктеуге болады екен.

Ал осы бағыттағы біздің алғашқы талпынысымыз – түпнұсқасы Ауғанстандағы аласапыран кезінде өртеніп кеткен «Ләтафатнама» атты дастанның сақталып қалған фотокөшірмесін қазіргі қазақ тіліне аударуды қолға алудан басталды (Ол тәржіма осы басылымның ҮІІ томында жарияланады). Кезінде түркітанушы Ғұбайдолла Айдаров марқұм Гансу мен Дунхуаңнан табылған жәдігерлердің ішінен «Тариаттың» транскрипциясы мен жолма жол аудармасын қазақ тілінде жариялаған екен. Сол тәжірибеге және Гың Шыминның «Ұйғыр жазуындағы Майтри симит Құмыл нұсқасының зерттелуі» (2008), сондай-ақ, осы ғалымның шәкірттері Исрапыл Юсуп, Абдухейум Қожа, Долқұн Қамбаридің «Көне ұйғыр жазуындағы Майтри симит 1» (1987) атты еңбектеріне сүйене отырып пұт мінәжатының уағызын – «Майтри симит ном бітікті» қазақ тіліне аудару міндеті Гың шымин ғұламаның шәкірті, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Еркінжан Сыламханұлына жүктелді. Ол – Гың шымин түсірген латын әрпіндегі транскрипцияны қайта көшіру, оны мағынасы бойынша жатық етіп жолма жол аудару, түсініктеме беру, түсіндірме сөздік жасау сияқты аса ауқымды әрі өте күрделі жұмыстарды табанды түрде атқарып шықты. Әсіресе, Будда дінінің танымдық, философиялық жосындары мен қағидаларын, пұт мінәжатының ұғымдарын, астарлы пікірлерін түпнұсқаға сай түсінікті жеткізуге барынша көңіл бөлді. Әрбір діни атау мен ұғымға сілтеме берілді. Дегенмен де, жолма жол аударманы түпнұсқамен салыстыра оқып шыққаннан кейін оқырманның мәтінді тереңдеп түсінуі үшін еркін аударма жасау қажеттігі туды. Тиісті түсініктемелер де сол мақсатпен жазылды. Осы тақырыппен таныс ғалымдардың пікірінен соң тағы да жұмыс істелді.

Міне, енді сондай ғылыми саралаулардан өткен жас ғалымның төрт жылғы еңбегінің нәтижесі ғылыми қауымның назарына ұсынылып отыр. Ғылыми ой тоқырап қалмауға тиісті. Қалайда алға жылжуы үшін тәуекел де қажет. Сондықтан да алғашқы ғылыми ізденістердің кемшілігі болуы әбден мүмкін екенін ескере отырып, тиісті сын, ескертпелер алдағы уақыттағы осы бағыттағы зерттеулерге шипасын тигізеді – деген сеніммен сөзімізді аяқтаймыз.


Ислами түркі дүниесінің көркем ойлау жүйесіне жаңа философиялық мағына әкелген, шығармалары күллі мұсылман әлеміндегі софылық танымның оқулығы ретінде қабылданған Софы Аллаярдың шығармалары бүгінгі қазақ оқырмандарына мүлдем бейтаныс. Абайдың өзі ұстаз тұтқан тасаууф (философиялық софылық ойлау жүйесі) бағытының негізін қалаған ақынның «Сәбәт-ул әжизин» атты шығармасының түпнұсқалық транскрипциясы мен қазіргі қазақ тіліне жасалған сөзбе сөз және көркем аудармасы тұңғыш рет жарияланып отыр.

Оған қосымша Софы Аллаярдың өмірі мен шығармашылық жолы туралы ғылыми өмірбаян мен түсініктер, шағатай тілінің термин сөздігі қоса беріліп отыр.

Факсимилиясы жеке берілген.

АҢҒАРТУ АРНАЛАРЫ


«ДӘРМЕНСІЗДІҢ» ОЙ ҚУАТЫ
Қазіргі қазақ қауымының тарихи көркем танымының және даму жолындағы тылсымды (хаос) кеңістіктің ең осал тұсы – тәңірлік таным мен ислами дүниетанымның жікарасындағы Болмыс пен Бітім ұғымдарының жаратылыстық сыпаты мен оның мағыналық түсінігін қамтитын әсіреәфсаналар мен рауаяттардың көркем жүйеге түсірілмеуі. Ал көркем қабылау арқылы көркем сыни талғамы мен көзқарасы қалыптаспаған кез-келген танымдық ілім мен «танымсыз пенденің шикілігі» (Абай) сананың бір инсанға (идеяға) бойсынбауына әкеліп соғады. Мұндай сана сарсаңы (Софы Аллаярдың тілімен айтқанда – «ойдың ыдырауы») ұлттық сана мен инсанды ірітеді. Таным тұрғысынан алғандағы осы бір «ой ыдаруы» бүгінгі қазақ қауымының бойындағы діл мен ділдің мәйегін ұйытпай отыр. Мұндай мәтқапылы танымдық тоқыраулардың таты бүгін ғана түйсік тамырын тотықтырып отырған жоқ, ол кеше де көрініс берген, қазақ сақрасында біртұтас ислами сенім орныққан Софы Аллаярдың тұсында да сананы мазалаған, көз жетпейтін күмәнсіз ертеңгі күнде де жайнамазымыздың бетіне бояуы сүзіліп шығатыны анық нышан танытты. Оған қазіргі қазақ қоғамының арасындағы халықты қобалжыта бастаған қозғалыстар дәлел. Мұның басты себебі, бүгінгі қазақ ұлтының танымдық ойлау болмысты тарихи көркем қабылдау жүйелерінің санаға үзіліп-жалғанып, кей тұстарда жаңғырығының, кей тұстарда ұшығынығ ғана жетуі, ал ондай жүйеден мүлдем мақұрым қалған жамиғи топтардың жүлгесі бар. Бұл мәселе Софы Аллаярдың заманында да орын алған. Оның «Кітаптың жазылу себебі» туралы баянында:

«(«Масләкул мұттақин» кітабі) Парсы тілінде жазылды, (онда) Алла тағалаға жақын болуға себеп болатын ақида, фуруғ – фиқһ мәселелері (қамтылған). Оны (кітапті) түркі тілді достар көргенде: «Егер ұлық кісілер дұға жасаса (дұрыс болар еді)» – деп айтты. «Түркі тілінде бір ақида кітап жазылса, одан көңіліміз жай табар еді» – (деп) Бірнеше достарым өтініш етті, (енді) жазуға кірісейін, Құдай тағала өзі жәрдем берсін», – деп түсіндіруінің астарында дла сондай емеуірін жатыр.

Мұның барлығының басты кінәрәтті кілтипаны мен түйткілі – төрт шадиярдан кейінгі ислами көркем таным мен сыни көркем қабылдаудың «ақли» және «нақли» бағыттарының екі ұстаным болып айырылуында жатыр1. Біріншісі – дінді ғылым жолымен танып ұстану. Екіншісі – діни нақли ғұрып, яғни, жаттанды уағызға бойсұнды. Ұлықбектен кейін алдыңғы жолды ұстағандар болмады. Сөйтіп, екіұдай жол қалыптасты. Бұл – әл-Фараби мен ибн Рушдиден басталып, әл-Ғазали, Софы Аллаяр, ғұламаһи Дауани, Маржани назарын салған, Алланың сөзін сөйлеп, оның мағынасын сабырлы парасатпен мүһминдерге жеткізген пікір. Сөйтіп, қасаң қағидаларды сынаған, дінді ғылыми арнаға бұрған да солар еді.

Жәдидшілер: "Құранды" түзету – күнә, бірақ шариғаттың қағидаларын түсіндіріп, оның астарлы сырын ашып, мүһминдерді дұрыс жолға бағыттап, заманға үйлестіре қолдану – парыз деп тұжырым жасады.

Діни философия, табиғаттану, таным тұрғысынан ислам әлеміне жаңа түсінік әкелген әл-Ғазали өзінің сыни пікірімен өз заманында өте жоғары бағаланған ғұлама. Ибн Рушд өзінің "Қарсылыққа қарсылық" атты зерттеуінде әл-Фарабидің "Табиғат матбуғатын" білімнің көзі деп бағалап: "Жаратылған дүниені танымаған – Жаратушыны тани алмайды» – деп тұжырымдады.

Дауанидің философиялық көзқарастарын Ш.Маржани де тәпсірлеп, ғақли ғылым мен нақли сөздердің мәнін тереңдеп ашады. Сондықтан да Абайдың діни көзқарастарының бір тамыры ретінде ескерте кетудің еш әбестігі жоқ. Әзірше, Абайдың шығыстық діни философиясының тамырын іздегендегі ілгерілеген бір сала – софылық ой ағымы. Қазақ даласында туған немесе тектік туыстығы бар Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани іспетті ақындардың өлендеріндегі софылық дәстүр қазақ ғылымында біршама талданды. Бірақ та Софы Аллаяр, Әбу-Хамид ибн әл-Ғазали, Жалаладдин Әд-Дауани сияқты исламның аса ірі ғалымдарының философиялық пайымдауларын таратып талдамай, алдыңғы екеуі арқылы тұйықталып қалу да діттеген мақсатқа жеткізбейді. Абай соңғы үшеуінің еңбектерін түпнұсқадан оқығандықтан да, "түрлендіріп шыққан ойдың" күретамарының өзін ұстамай, ой ұшығын аңғара алмайсыз.

Жадидшілер исі ислам дүниесі мен түркі әлемінің санасына төңкеріс әкелді. Олар біріншіден: барлық тұжырымды "Құраннан" алатын "мүтәкәләм" бағытын өзгертіп: математика, химия, жаратылыстану, қоғамтану, жағырафия пәндерін игере отырып, дінді ғылым дәрежесіне көтерді, сөйтіп Алланың жасырып қойған шындығын ақылмен табуды ұсынды. Екіншіден: Әр халықтың өзінің тіл ерекшелігіне сай жазу-сызуын қалыптастырып, дыбысталуы бойынша әріптермен белгілеуді мақсұт етті. Сол арқылы "Құранды" да әр ұлттың өз тіліне аудара отырып оның мағынасын сол тілде жеткізіп, түсіндіріп, тәмсілдерін талдап дінді "жаттаумен" емес, санамен сіңіруді шарт етіп қойды. Үшіншіден: ұлы рухани (дін исламның) және тарихи (түркілердің) тұтастыққа ұмтылуын басты нысана – идеология дәрежесінде көтерді. Бұл мәселені ғазауат пен жаһатсыз, сана мен санат, таным мен тарих тұтастығы арқылы ғылымға сүйене отырып, ақылмен бейбіт тұрғыда шешуді көздеді.

Жадидшілер "зар заманның" мұндай зауалды ағымын "суық ақылмен" талдады. Олар ХІХ-ХХ ғасырларда ислам дүниесі мен түркі әлемінің адамзаттың даму сатысынан кейін қалып, тоқырауға ұрынғанын мойындады. Исламият пен түркі тарихындағы жәдидшілердің заман сахнасына шығуы кездейсоқ құбылыс емес. Дін тарихы – таным тарихы. Ал танымда тоқырау болмауға тиіс. Ол да адамзаттың даму сатысымен қоса жаңа баспалдаққа көтеріліп, қоғамның ішкі заңдылығына байланысты бағыт-бағдарын анықтап, уағызын соған орай жүргізуі парыз. Алланың елшілеріне – нәбилері және ғылыммен ақиқат көзі жеткен хакимдер шариғаттың қағидаларына заманға сай өзгеріс енгізбек. Демек, қатып қалған уәжіп жоқ. Тек: "Алланың өзі де, сөзі де рас» – екендігіне кәміл сенсең болды. «Пиғылыңа – иманың күзетші», – дейді Абай. Сондай «иман күзетшісінің» бірі – Софы Аллаяр. Қадым мен жәдидтік ағымдар мен көзқарастардың аралығында «өткел» болған Софы Аллярдың туындыларын Абай жатқа білген. Оның: әр нірсенің себебі туралы айтқан:

Тама` бір парча болса, бермагіл рай,

Болұр бір парчадин йүз парда бежай –


Дәмету – бір перде болса, оны ашпа,

Бір пердеден (кейін) жүз перде көтеріледі (ашылады), –

деген сияқты өлең жолдарын үнемі сөз арасында тәмсіл ертінде қлданып отырған.

Абай үшін қасиетті үш ұғым бар. Ол – Алланы жаныңнан да тәтті көріп сүю. Адамзаттың бәрін "бауырым!" деп жақсы көру және һах жолын ұстау. Демек, адамзаттың ақылы мен махаббаты ортақ. Исі адамзатты сүю хаһтың – Алланың ісі. Жаратылыстың құпиясын ашып, адамның керегіне жаратуды Алланың өзі парыз еткен – дейді.

Сонымен, қатар исламияттық көркем қабылдау мен сыни ойлдау жүйесін қазақ сақрасында орнықтыруға, соның ішінде Абайдың дүниені көркем қабылдау мен көркем ойлау жүйесіне Софы Аллардың мәснәуилері тікелей әсер еткен. Осы реттен алғанда, көркем санамыздың саңлауын түгелдеуге негіз беретін Софы Аллаярдың бұл еңбегі өз оқырманын табатынына және ғылыми пайымдауларға негіз қалайтынына сеніміміз кәміл.

(Қайым Мұхамедханов)

І.
Адамның бойындағы қасиеттерге берілген ғұламалардың анықтамалары көп. Соның ішінде “талант дегеніміз – мінез” деген қисын ғұлама ғалым Қайым Мұхамедхановтың жеке басына да, оның өмірлік жолына да, ғылыми шығармашылық еңбектеріне де қаратыла айтылған сияқты. Шындығында да, мінезсіз талант-қанатсыз қыран, жер бауырлап көтеріле алмайды. Ал шабытты қолдан жасай алмайсың. Бұл реттен алғанда азамат Қайымның, оқымысты Қайымның тұтастық табатын тұсы - шындық. Осы шындық үшін басын бәйгеге де тікті. Түрменің торлы терезесі де, ыстық-суық карцердің қинап-қыстаулары да, достардың сатқындығы да, жабылған жалған жала да, көрген бейнет пен зейнет те оның бойындағы бұл қасиетті қайсарлыққа сызат түсірген жоқ. Ол Абай айтқандай әуелі “өзіне сенді”, өйткені қандай тауқыметтен де “еңбегі мен қайратының екі жақтап” демеп шығатынын білді.

Бұл мінезі қиын-қыстау күндерде жанына медет беріп, сатпайтын, сатылмайтын азамат деген атын шығарса да, кәдімгі етек басты тіршілікте өзіне көп кедергісін келтіріп, кесірін тигізді. Сәл ғана езу тартып, қас-қабағын дұрыс керіп, басын бір изей салса бітіп-ақ кететін іске келгенде тасырқап қалатынына кейде іштей налып та қалған кезіміз болды. Бұл фәниден сол бір өзегі болат, қайраты қатқан емендей қасарысқан күйінен танбай кетті.

Алған бетінен қайтпайтын, жақынының өзін жалғандығы үшін жек көретін, ұнаса – қырындысыз құлай ұнататын осынау адамға тура отыз жыл таң қалумен келіппін. Қаншама жылы қабақ танытып, бауырына тартып, кейде еркелеткенімен де, өз басым Қайым ғұламаның алдында үнемі сескеніп тұратынмын. Ол сырты жуасыған, іші ашуға толы, атылуға кез-келген сәтте дайын тұрған арыстан сияқты еді. Қай жерден қапы жіберіп аламын деп қылпылдап-ақ тұрғаның. Өзінен басқа кез-келген адамды мақтай бер – үндемейді, сынай бер – үндемейді, өзін қоса сынап, өмірге бейімсіздігін айт – күліп қойып отыра береді. Ал енді Абай мен Әуезов туралы сөз қозғап, сәл ғана жалған сөйлеші, онда шаруаңның біткені! Онда – Қайым арыстан! Арыстан болғанда да майысқақ Қаратай айтқандай, “неғылайын жоқ” арыстан. Өйткені, өмір сүру мен ғылыми пікір тұжырымдауды тек сол екеуінің ілімі мен тәлімінен үйренген. Олардан басқа ешкімді тағы мойындамады, мойындата да алмайтынсың.

Шындықты бетіне тура айту үшін Қайым Мұхамедханов кісі таңдамады. Үлкен бе, кіші ме, шәкірті ме, тіпті дана Мұхтар Әуезов пе, Қайым сескенбеді. Үндемей, қабағын түйіп отырып қалады, не шығып кететін мінезі жетпіс бес жастан кейін ғана қылаң берді. Сол шыншыл мінезді Қайым түрмеден шығып келген бетте Мұхаңа да көрсетіпті. Абақтыдан Алматыға тартқан шәкірт бірден Мұхаңның үйіне тартады. Онда да вокзалдан күтеді. Бұл үш жылдың ішінде Әуезов Мәскеуге баспаналап жүріп, бұрынғы пікірлерінің кейбіріне баспасөз бетіне басқаша баға беріп:

“…Осыған байланысты 1953 жылы январьдың 30 күні “Правда” газетінде М. Әуезов пен С. Мұқанов туралы жарияланған “Сынау орнына мадақтағандық” атты П. Кузнецовтың мақаласын айтып отыр – (Т. Ж.) Абай мектебі деп аталып жүрген қателіктердің түп тамыры туралы да айта кетуді қажет деп санаймын. Бұл мәселе баяғыда 1933 жылы абайтану жөніндегі менің қате, бір жақты пікірімнен басталды. Істің жайы былай: Абайдың бұрынғы жарияланбаған өлеңдері мен өмірбаяндық деректерін кешігіп барып жинақтағандықтан да (түрмеде отырғандықтан да – Т. Ж.) ауыз екі тілде айтқан куәлік сөздері мен естеліктерді сын көзбен қарамай, олардың мәліметтеріне қалтықсыз сеніммен қарадым. Мен олардың маған жеткізген деректеріне дер кезінде қатал сыншылдықпен қарамадым. Көкбайдың және Абайдың өзге де замандастарының мұрасын халық мүддесіне қарсы және бізге жат екендігін анықтай алмадым. Көкбай сияқты адамдарды бағалаудағы теріс бағыттарым 1939 жылы өзім жариялаған Абайдың өмірбаянына енгізілді. 1953 жылы 30 январьдағы “Правда” газетінде жарияланған мақалада дұрыс көрсетілгендей, Абайдың жалған шәкірттері туралы пікірлерім Абайдың орысша шыққан шығармалар жинағында да жағымды пікір айтуға итермеледі. Сол сияқты бұл тақырып туралы менің соңғы жазған рецензияларым да теріс пікір білдіруге ықпал жасады” – деуге мәжбүр болды. Осыған қитығы ұстаған Қайым Мұқаңа:

– Сіз де сенімсіз екенсіз ғой, – дегендей ауыр сөз айтыпты. Сонда:

– Әй, Қайым-ай, сен нені түсінесің? Түрме саған ештеңе үйретпеді ме? Олардың аңдығаны – сендер емес, менмін ғой. Мен өзім үшін емес, сендер үшін осындай әрекетке бардым. Сендерді сөйтіп қорғадым. Егер мен қасарыса берсем, сендерді қысады. Мен жұмсарсам – сендерге де жұмсарады. Мұны тактика дейді, – деп әуелде қату, соңынан тату сөзін айтыпты.

Шындығында да, Мұхтар Әуезовтің бүкіл саналы өмірі түрменің тактикасы мен стратегиясын зерттеуден тұрады. Әйтпесе, аман қалуы мүмкін емес еді.

Қайымды “халық жауы” етіп көрсеткендердің бірі бар, бірі жоқ, ғалым оларға өкпе де артпайды. Бірақ та, сол кезде Абай мен Әуезовке жала жапқандарды кешпейді. Өзінің жеке басына қиянат жасағандарға түсіністікпен қарап: “Оларда не жазық бар. Қысымға шыдамады. Бала-шағасы бар, тіршілікті қимады. Алатын атағы бар… және Қайымды кім біліп жатыр. Ал, Әуезовті аранға жығу деген сөз – қазақ ұлтын арандату деген сөз. Менің өз басым, әйтеуір Әуезов еркіндікте аман-есен жүрсе, түбі бәріміздің бостандыққа шығатынымызға кәміл сендім. Сондықтан, екіжүзділерді жек көрдім. Әуелі Мұхаңды мұқатамын дегендердің өзі ұшып кетті ғой. Адалдығың, арыңның тазалығы – адамдығыңның белгісі. Қазір соларды көрсем – мен күліп қараймын, ал олар қибыжықтап, бет-аузы тыржиып қашқақтай береді. Түн ішінде көрпесін басына жамылып алса да, әруақтар көз алдына елестеп, тыныштық бермейтін болу керек. Менің ұйқым тыныш, ойым орнында”, – дейтін оқымысты ұстаз.

(Сөйткен Қайымның да ұйқысы бұзылды. Қайымды жомарт атандырған да, сері атандырған да, тіршіліктің күйбеңін ойлаттырмаған да Фархинур анамыз еді. Аяулы ана көз жұмған соң, өзегі өртенбейді дейтін қара алдаспанның өзегі өртенді, қара нардың белі қайысты. Қайымның сағы сынды. Оны көзіміз көрді. Ол анамыздың жоқтығы бізге де білінді. Қайым таңдап қонаққа баратын болды, ақыр соңында таңдап баратын қонақтың тізімінен Қайым да сызылды. Аялаған он баланың алақаны ...тумысынан қажылық пен имамдық үзілмеген Фархинурдың орынын толтыра алмады).

Міне, мұны Қайымның творчестволық мінезі деп те қарауға болады.

Реті келгенде үлкен ойлы, бала мінезді Қайым ағаның жұмбақ бір сырын оқырманға аша кеткім келеді. Бірде Семейдің көшесіндегі ұзақ әңгіме үзілмей, Кәкеңнің үйіне ілесе келдім. “Жаңағы материал мынау” – деп сол жақтағы бөлмеге кіріп, қазақы сандықтың үстіне жиналған көрпенің ішінен бір кітапты суырып алды. Мен де ол бөлмеге сұғынып қалып ем, балаша қысылып “жүр, жүр леп” үлкен бөлмеге жетеледі. Қонақ төрде отыруға тиіс десем керек, ұзын столдың басындағы орындыққа отырып едім, түсі суып: “Тұр. Бұл – Мұхтардың орыны. Одан басқа ешкім отырмайды” – дегені. Қарама-қарсы орындыққа жайғастым. Бой жылынған соң: “Тұр. Отыр мұнда. Осы үйге келгендегі ендігі сенің орының осы” – деді Мұқаңның орынын нұсқап. Көзімнен жас ыршып кетті. Әрине, сүйініштен. Достыққа, інілікке, дәстүрге деген махаббатына, адалдығына, жан тазалығына, құрметіне. Жанарына шық тұнып: “Қара шалды сағындым” – деп ақырын ғана сыбырлады. Осы бір ауыз сөзбен көп сырды аңғартты.

Қайым ағаның сол адалдығына оның ғылымдағы жолында да, творчествосында да жусанның қышқылтым исіндей аңқып тұрушы еді.


ІІ

Дүниедегі бар-жоқты білу бар да, соны халық кәдесіне ерте де, кеш те емес, дәл сәтіне асыру бар. Ол үшін – ой парасаты, сана сабыры, пендешілік төзім керек. Бұл ғалымның білгенінен де бағалы, жоғары қасиет. Егерде Қайым Мұхамедхановтың әдебиетші – ғалым ретіндегі ерекше қасиетін айтатын болсақ – ол – азаматтық көзқарасының тереңдігінде, адалдықпен астасып жатқан парасатында және болаттан да төзімді қайсарлығында. Қайым Мұхамедханов қашан да ғылымның мұратын өз мүддесімен араластырып көрген жоқ. Сонау жастық дәуренінде, ғалымның балаң шағында қағаз бетіне түскен алғашқы әріптен бастап, көзі жұмылғанға дейін екпіні үдей түскен зерделі зерттеулерінен тек қана әділдікті, дәйекті және тура шындықты сезінесің. Турашыл да кішіпейіл, сырлы да сырбаз Қайым өзінің ғылыми пікірлерін айтуға, дәлелдеуге, жариялауға, қорғауға келгенде қатал-ақ еді. Ондай сәттерде ол өзін де аямады, өзгені де өбексітпеді.

Иә, Платон, жоқ Абай, оның досы еді, бірақ шындық оған одан да қымбат болатын.

Нағыз ғалымның болмысына тән қасиеттерді сіңіргені, оған жұрттың күмәнсіз қарайтыны сондай, Қайымның баспасөз бетінде білдірген пікіріне ырықсыз сенді. Себебі: ол бүкіл бір мақаланың ішіндегі бір сөзден күдік алса, соның бес-алты үлгісін салыстырып, көзі жетпей көпшілікке ұсынбады. Ал сол бір сөздің түбірін анықтауға кейде он жыл кетуі мүмкін еді. Шын ғылыми ой ешқашан ескірмейді. Өйткені, өзге-өзге, ал Қайым Мұхамедханов іспетті өмір тәжірибесінің ащы-тұщысын татқан адамға асығыстықтың бағасы белгілі. Ғылымға ала өкпелік жараспайды деп есептейтін.

Сексен сегіз жыл жасаған ғұмырының ішінде жалпы өмірдің пендешілікпен көмкерілген кейбір сәттеріне өкініш-өкпесі бар-ау дегенмен де, ғалым Қайым Мұхамедханов өзінің ой-санасын екшеген ғылыми ортаға, оған мүмкіндік жасаған тағдырына разы шығар. Бүгіндері аты аңызға айналған талай марқасқалардың дидарын көріп, әңгімесін тыңдады. Кейбірінің ортасында өсіп, тәрбиесін көрді. Зерделі әкенің өнерлі ананың ықпалы аңғарылғанымен, оны дұрыс қабылдап, дамыту үшін де “жүрек ояулығы” керек емес пе. Ұлы Абайдың ошақ оты суымаған сәтінде оның үй-іші, ет бауыр туысқандарымен араласты. Әлмағанбеттің әнін тыңдады. Көкбайдың қолына су құйды. Әміре, Исалардың кенже інісін дей еркелеп өсті. Қаныш, Мұхтар, Әлкей іспетті даналардың ең сенімді серігі, сүйікті інісі, ғылымдағы шәкірті болды. Қысқасы асыл ойдың уызын қанып ішті, пікірі құнарлы ортада өсті. Бұл оның бақыты еді, әдебиетіміздің, өнеріміздің әр саласына тереңдеп барып жүруінің де сыры осында еді. Осынау достық көңілді жеке өзінің ғана емес, халықтың да мүддесіне ұштастыра білді. Жақсы мен жанасу арқылы жан дүниесін байыта отырып, “досыңа достық қарыз іс” деген Абайдың өсиетіне адал болды.

Қайым Мұхамедхановтың қанаттас аға-бауырлары, ғылымдағы із кесушілері оған сенді. Бірде әңгіме орайы иіліп келіп әдебиет тарихының әлде бір мәселесіне ауысқанда ғұлама ғалым, марқұм Әлкей Марғұлан қолыма Қайым Мұхамедхановқа жолданған хатты ұстатып: “Саған айттым ғой, Семейдегі Мотяштар семьясының Мұхтарға етене жақындығын. Оның “Оқыған азаматындағы” жайларға қатысты хаттары бар еді. Менің сол кезде және тағы бір дүниеге қатысты деректі анықтағым кеп тұрғаны. Қайым аяулы жігіт. Оған сенуге болады. Әдемілеп жазады. Шын ғалым. Өтірігі жоқ. Салып жіберші”, – деді. Өзге түгіл өзі туралы артық сөйлегенді ұнатпайтын Әлекеңнің бұл бағасына еселеп ештеңе қоса алмайсың.

Сірә, жаңылмасам, осы хат Әлекеңнің соңғы қолтаңбаларының бірі шығар. Қайым ағадан не өтінді екен деген пендешілік сауал жиі оралады. Ерекше ұнататын ғалым інісіне ғылыми өсиеті ме екен деген де ой келді. Біздің арымыз таза, Қайым аға хатты алды. Тек жауабын Әлекең оқып үлгерді ме екен. Әйтеуір, өмірден кетерінде қойған сұрағына соңында жауап берер, сенер інісі болғанының өзі қандай ғанибет. Әлекеңнің: “Енді сен сонымен әңгімелесіп жүр” – деген емеурінін де қазір түсінген деймін.

Оның жиырма бес жасында республикамыздағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музейді – Семейдегі Абай музейін басқаруына тура келді. Бұрын із түспеген тың жұмысты – ұйымдастырушылық әрі ғылыми зерттеуді қатар тізгіндетті. Көші-қоны көп елдің әр жұртынан жұрнақтап Абайдың көзі көріп, қолы ұстаған заттарды табу оның иесінің тілін тауып алу, қалпына келтіру, замандастарының естеліктерін жию, ғылыми түсінік беру – оңайға түскен жоқ. Бейнеті зор еңбектің зейнеті одан да асып түсті. Қазір сол қара шаңырақ кеңейе, кемеріне келіп, үш үлкен мәдени мекемеге айналды. Семейдегі, Жидебайдағы Абай музейі және Бөрілідегі Мұхаңның отауы. Бұл да Қайым ағаның өтелген азаматтық парыздарының оқшау белгісі.

Ғылымға ат ізін салған елу жылдың көлеміндегі індете зерттеп, иіріміне үңіліп, иін қандыра айналысқан тақырыбы, бәлкім, ең арналы өмірлік мақсаты мен мұраты Қайым Мұхамедханов үшін – Абай поэзиясының қатпарлы құбылыстары шығар. Ол ұлы ақынның творчествосының барлық саласына ат салысып, тың тұжырымдар, соны пікірлер ұсынып келді. Атап айтсақ: ол – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылуы, басылуы тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек бітірген теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы жыр-өлеңді, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист… Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхамедханов 1941 жылы Семей педагогикалық институтын бітірісімен сол институтта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұлы Отан соғысынан оралған соң 1942-47 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысы бойынша өкілі, 1947-51 жылдары Абай музейінің директоры, 1955 жылдан Семей пединститутының доценті болып қызмет істеді. Ол шығармашылық жолын ақын ретінде бастап, Қазақ ССР-нің Мемлекеттік гимнінің авторларының бірі болды. "Абай шығармаларының текстологиясы" (1959), "Ақын Мағауия Құнанбаев" (1959), «Абайдың ақын шәкірттері» ( 1994-1997, төрт кітап), «Абай мұрагерлері» (1995) атты монографиялық кітаптары, "Перне" (1944), "Майданнан – майданға" (1947), "Комиссар Ғаббасов" (1960) атты пьесалары сахнада қойылды. Абай творчествосы мен оның дәуірін зерттеген "Абай төңірегіндегі ақындар" (1950-1959) атты көлемді еңбегінің маңызы ерекше. Әдебиетіміз бен мәдени тарихымыздың көкейкесті мәселелерін қозғайтын жүзден астам мақала – зерттеулері бар.

Егер аталған әр еңбекті жеке сұрыптап, салаға бөлсек, салмағын бағаласақ, бір ғалымның халық, қоғам алдындағы парызын өтеуге осы еңбектер де те аздық етпес еді. Алайда білімге марқаю, ізденіссіз шиырға бой алдыру Қайымға тән мінез емес еді. Ол сонау ежелгі әдебиет тарихынан бастап, бүгінгі күнгі Мұхтар Әуезов шығармаларының толық басылымына дейін өзінің зерттеу объектісіне айналдырды. Бұхар жыраудың өмірі мен творчествосы, Сегіз серінің әндері, Әлиханның, Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің қайраткерлігі, Көкбай, Әріп, Мағауия, Ақылбайдың ғұмырнамалары – бәрі-бәрі де назарында. Тіпті зерттеумен шектелмей, “Ер Бiлісай”, “Комиссар Ғаббасов” атты пьеса да жазды. Соның барлығында да Қайымға тән ғылыми дәлдік өлшемі, ой тереңдігі шоқтығын көрсетті.

Ол ұстазы Мұхтар Әуезовтің өсиетіне адал бола отырып “Абайдың ақындық мектебі” деген аты-шулы тақырыпты түбегейлі зерттеп, ақыры дәлелдеп шықты. Оны қазақ әдебиетінің тарихындағы бел-белестің бірі ретінде бағалауға Қайымдай еңбек сіңірген адам жоқ. Демек, абайтанудағы жаңа бағыттың, ғылыми тұрғының негізін қалады. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тынысы ашылып, өрісі кеңіген Қайым Мұхамедханов Мұхтар Әуезовтің орындай алмай кеткен арманын, “қазақтың әдебиеттану ғылымының ішіне дұшпандық әрі бүлдірушілік әрекет ретінде сіңіруге тырысқан” мақсатын жүзеге асырды. Соңғы жылдары Семейдегі екі Абай қорының көмегімен және “Атамұра” баспасының азаматтық әрекетімен жарыққа шыққан “Абайдың ақын шәкірттері” атты үш томдық монография мен “Абай мұрагерлері” деген көлемді еңбек – Қайымның бұл саладағы жүргізген ғылыми еңбегінің қорытындысы. Абайдың ақындық мектебі деген ұғым Қайымның есімімен тікелей байланысты. Сондықтан да, бұл еңбектің қадір-қасиеті жылдар өткен сайын арта бермек. Оған еш күмән жоқ.

Қайымның қазақ әдебиеті тарихындағы екінші үлкен еңбегі – Абай шығармаларының текстологиялық тұрғыдан зерттелуі мәселесі. Бұл – бұрын қазақ сыни көзқарастарында назарға ілінбеген, Қайым негізін салған ғылыми сала. Әрине, Мұхтар Әуезовтің ақылымен жүзеге асқан, сол дегдардың шапағатымен жарыққа шыққан еңбек. Бұдан бұрын текстологиялық зерттеу жүргізуге тарихы ғылымның мүмкіндігі де келмеп еді. Дәл қазір де бұл сала жеке дара дамып кеткен жоқ. Әр ғалымның монографияларының соңғы бөліміндегі түсініктер дәрежесінде ғана көшке ілесіп келеді. Ал Қайымның Абай өлеңдері жөніндегі пікірлері мен көкейкесті мәселелері әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қайым Мұхамедханов негізін қалап, Әбіш Жиренше үн қосып, З. Ахметов пен С. Қирабаев, М. Мырзахметов сияқты ғалымдар тереңдеп із салғанымен де, Абайдың “сөзі түзеліп” біткен жоқ. Түзеу үшін емес, түзу сөзді орнына қою үшін түзеу жүргізілетін жұмыстардың басы қайырылып бітті деуге әлі де ерте. Абай шығармаларының соңғы толық басылымына Қайым Мұхамедханов та қатысты, бірақ сол тұста көзі ауырып, қағаз оқуы қиындап кеткендіктен де белсеніп кірісуге мүмкіндігі болмады. Алайда, ең әуелі Кәкітай мен Тұрағұлдың өзі “Абайдың тұңғыш жинағында жіберілген қате көп болды, соны анықтау керек деген пікірінің жаны бар. Оған біздің де көзіміз жетті. Әрине, бұл – басқа мәселе. Алайда, Абайдың текстологиялық тұрғыдан зерттелуінің жүлгесін салып, жүйесін жасауда Қайымның еңбегі қашан да бірінші назарда тұратыны ақиқат.

Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі де өте салмақты. Соның ішінде жыраулар жөніндегі өмірбаяндық зерттеулері мен текстологиялық салыстырмалары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректермен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады. Әсіресе, Бұқар жырау, Махамбет туралы еңбектері ғылыми дәлелімен құнды. Бір өкініштісі, ғалымның бұл саладағы ғылыми мақалаларының басы қосылып, дербес жинақ ретінде басылған жоқ. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың ара жігін ашып, оның көркем сөзде көрініс табулары қақындағы дәйекті талдаулар бізге белгісіз және қазіргі күнге дейін жаңсақ айтылып, қате түсінік беріп жүрген бірталай мәселелердің анық-қанығына көз жеткізді.

Қайым Мұхамедхановтың төртінші бір түбегейлі зерттелген тақырыбы –ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген жазба ақындардың өмір тарихы мен шығармашылығы. Кезінде “кітаби ақындар” деп шетке қақпайланған осынау талант иелерінің мұралары енді ғана зерттеле бастады. Заманның әр түрлі қақпақылына түскен олардың біраз еңбектері жоғалып тынды. Қайым Мұхамедханов қилы-қилы қысымға қарамастан, Әріп, Көкбай, Әділқан, Әсет, Әубәкір, Ақылбек, Уәйіс, Шәкәрім, Шәкәрімнің Қабышы туралы деректерді елу жыл бойы жинап, рухани мұрамыздың ауқымды саласын құрып кетуден сақтап қалды.

Қазір “Абай жолы” эпопеясы әлемдік рухани қазынаға, қазақ халқының энциклопедиялық айнасына айналды. Мұхаң оны өмір бойы зерттеп, жиырма жыл жазды. Сол жиырма жыл ішінде Алматы мен Семейдің арасына толассыз жолданған хаттардың саны қаншама десеңші. Ұлы жазушының материалы мол, зерттеуі мен зерделеуі тыңғылықты. Бірақ таза түбіттің қылшықсыз түтілуі, жібектей кіршіксіз болуы тиіс. Сондықтан да Қайымның атына: “Осы ашық күні Ертіс жағалауынан қарағанда мешіттің айы жарқырай ма екен… Пәленбай көпестің үйінің ішкі бөлмелерінің орналасуы былай емес пе… Мына сөзді Шыңғыстағы Қатпадан, не Әрқамнан сұрашы. Оның ішінде анау адам бар ма? Архивтегі пәленбай материалдың көшірмесі керек. Түгеннің түр-түсін анығырақ білші. Әлгі бір оқиғаның өзге себептерін анықташы. Қоңыраулы шана есіңде ме” – іспетті сұрақты арқалаған жұқа хаттар іші томпиған жауаптарды алып, жеделдете Мұқаңа қайта оралып жатты.

Әрине, бұдан бөгде емеурін ұшық бермейді. Аға мен інідей араласқан жандардың несиесіз достығы риза етеді. Мұқаң архивтің шаңын қағып отырмай алаңсыз творчествомен айналысты. Игілігін бүкіл халық көрді. Демек, Қайым адал ниетімен сол жылдары тек жазушы Мұхтар Әуезовке қол ұшын беріп қана қойған жоқ, туған халқы үшін қызмет етті деген сөз. Міне, ғалымның ерекше еңбегінің бірі осы.

Қайым Мұхамедхановтың ғалымдық, ақындық, драматургтік қасиеттері жөнінде кеңінен талдап айтуға да болар еді. Бірақ та, “Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған” – деген әнұранның сөзін жасынан жаттап өскен ұрпақ үшін мұның барлығы да белгілі.

Тағдыр талқысына түскен Қайым Мұхамедхановтың бұдан кейінгі тағдыры да тақтақ жолға түсті деуге болмайды. “Халық жауынан” сескеніп қалған ел жұрт, ғылыми орта, партия-әкімшілік орындары оны бауырына баса қоймады. Ғылыми жұмыстарын қайтадан тұжырымды негізге түсіріп, жүйеледі, кандидаттық дәрежесін қайта алу үшін жүргізілген кеңестер мен пікір айтушылардың тексеруінен өткен тар жол, тайғақ кешулер, ақыры “Абай шығармаларының текстологиясы” жайында жаңа еңбек жазуға алып келеді. Қаншама рухы күшті болғанымен де, сергелдеңмен өткен он жыл өзінің салқынын тигізді. Қайымның әрбір пікірінен кілтипан іздеп, әр мақаласына қарауыл қойды. Сөйтіп, “Семейдегі халық жауының бөлімшесін басқарған”, “Абай музейін алашордашылардың ұясына айналдырған”, “идеясы тұрақсыз, саяси көзқарасы таяз”, “дұшпандық пен бүлдірушілікке ұқыпты түрде дайындалған Қ. Мұхамедханов деген әлдебір ғалымсымақ” туған қаласында өз бетімен тыныш өмір сүріп жатты. Мұхтар Омарханұлы дүниеден қайтқаннан кейін Алматыда айлап жүруді де қойды. Бірақ та, ұстаздық ете жүріп ғылыми ізденістерін тереңдете білді. Соның нәтижесінде, жоғарыдағыдай менменсіп, менсінбей сөйлейтін, ғылыммен емес, ғылымның төңірегіндегі дау-дамаймен, даңғазамен аты шыққандардың өзі ғалымсымаққа айналып, есімдері ұмытылып тынды да, Қайымның жұлдызы жана берді. Әдебиеттану мен абайтану ғылымында өзіндік дербес пікір, тұжырымы бар қазақтың оқымыстысы дәрежесіне көтерілді.

Ал бұл күнде жаңағы “абайшылардың атын” кім біліп жатыр? Біз де олардың кім екенін білгіміз келмейді, жария етудің де пәлендей қажеті шамалы. Ол өзі – шырмауық сияқты шұбатылған, қырық буынды тақырып. Біз үшін ең маңыздысы, тағдырдың диірменінен Қайымның қажымай, сатпай, сатылмай өз пікірін қорғай отырып тоқсан жасқа дейін өмір сүрді. Өйткені, “ұйқысы тыныш, ойы орнында”, бірақ сол үшін қаншама құқайды көрді десеңші.

Ғалымның соңында тоғыз томдық мұра қалыпты. Соның басылымына себепші болғаныма ұстаз аға алдындағы парызымның орындалғаны деп медет етемін.



ІІІ
«Арын жастан сақтаған» – деп үмітті баласы Әбдірахманға қарата айтылған дәл осы сөзді ұлы Абай бүкіл саналы өмірін, дәлірек айтсақ адамға берген пенделік ғұмырын ақынды зерттеуге бағыштаған алаштың адал азаматы Қайым Мұхамедхановқа арнаған сияқты. Өйткені бұл азамат Абайдың өзін мегзеп, сүйініп отырған "келер күннің" арлы ұрпақтарының бірі болғандығын тіршіліктегі бар болмысымен дәлелдеп берді. Менің ойымша, біле-білген кісіге бұдан артық Қайым туралы айтып жатудың қажеті шамалы. Осындайда тағы да Абайдың: "Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда" – деген сөзі еске түседі. Кімнің қанша жасайтынын кім білген, әйтеуір анық ақиқат біреу – әр адам көзі тірісінде игілікті ісі үшін жылы сөз естуге тиісті. Оның үстіне, халқымыздың ұлы рухани қазынасы Абайды бүге-шігесіне дейін білетін ғалым жөнінде тарынатын ретіміз жоқ еді. Мен бұл арада ғылыми атақ үшін немесе сілтеме жасауға ғана Абайды ауызына алған ағайындарды айтып отырғам жоқ. Өзімнің бір пендешілік ісім түсіп барған академиктің: "Абай философияны біліп пе еді. Аристотельді естіді ме екен" – деген сөзін естіген соң: осындай да ағаларымыз елдің тізгінін ұстап отыр-ау деген қыжылды ойға қалдым. Өзінен басқа ойшыл таппай, білімсіздерге жөн сілтеп, көрегендік танытып үйренген бұл «данышпан» Абайды менсінбегенде, Қайымды қалай көзіне ілсін. Абайтану ілімінің қилы-қилы талқыдан өткенін білсе де, есіне алуды ауырсынған жаңағыдай "жақсылардың" есінде түсіру үшін және жастардың назарына іліктіру ниетімен қадірлі ағаның өміріндегі ең бір қиын кезіне тоқталып, қысқаша мағлұмат бере кетуді жөн көрдім.

"Адам жақсылықты да, жамандықты да өзінің мінезінен табады" – деп Абай айтпақшы, Қайым Мұхамедханов та өзінің жеке және ғылыми өміріндегі "алғыс пен қарғысты" сол турашыл, адал мінезінен тапқан. Мүмкін, оның бұлай қалыптасуына үй-ішінің тәрбиесі де әсер еткен шығар. Семейдегі қазақтардың игі жақсыларының басы қосылып, Мұхамедханның шатырлы үйінен Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннен Тұрғанбаев бастатқан ел ағалары үнемі дәм татып, талай-талай сұхбат құрған. Шәкәрім, Көкбай, Иса, Әміре, Мұхтар, Мағжан, Сәбит Дөнентаев ол үйдің өз адамындай болды. Бұлардың ішінде Мұхтар, Әміре, Исадан басқаларының барлығы да халық жауы боп ұсталды. Қайымды әкесінің үйінен қуып шыққан соң да "шәкірт бала" олардан ат тонын ала қашқан жоқ. Керісінше, солардың мұрасын тірнектеп, сенімді жерге жасырумен болды. Қандай қиыншылықты басынан кешсе де, сол үшін түрмеге қамалса да, осынау халық көсемдері жөнінде бір ауыз қиянат сөз айтпады. Ал ол тұста атақ-даңқы дәуірлеп тұрған, ауыздарынан от шашыраған "ел қамқорлары" қазір "ол кезде заман солай болды" деп ойдан оқиға қосып естелік жазып жүр. Соларды сөз орайында сұрай қалғанымда Қайым аға:

– Ей, олардың жамылғаны – түн, жастығы – қара мысық емес пе. Қанша бүркенсе де адамның ойынан қашып құтыла ма? Ары мысық боп мияулап, тырмалап тыныштық бермейді. Екі қабатты үй де, жібекпен тұмшаланған перде де, кілемі қалың еден де, атақ-даңқ та оған пана болмайды. Әруақтардың елесі көзін жұмса – көз алдында тұрады. Жаза, қарғысқа ұшырады деген сол. Ертеңінде мыж-мыж боп оянып: ойбай ұйықтай алмадым деп шағынып, қалайда ізін жасыру үшін тағы да жылап-сықтап естелік жазады. Онымды біреу өтірік деп айта ма деп ішкен асы тағы батпайды. Айла-амалға көшеді. Құдайға шүкір, ұйқым тыныш, ішкенім – адал. Бетім ашық. Мен несіне жасимын. Сен оларды әшкерелеймін, ұялтамын деп әуре болма. Қанша жылағанмен көздің жасы көңілдің кірін кетірмейді. Қайтесің, ол бейшараларды, толағайсымақтарды. Тағдырдың өзі жазғырған. Сол азап та жетеді. Және ашынған жандар аямайды. Әлі де уыттары бойында. Олардың өтірігін тоқтата алмайсың. Бір сөйлеміңе бір мақаламен жауап береді де шындықты одан әрмен шырмап қояды. Ал халық сенің сөзіңе емес, оған сенеді. Қалай қармауды олар біледі. Өзің сегіз жыл бойы кітабым шықпай жатыр дейсің. Мұхаңның әруағын сыйласа қол ұшын бермей ме. Олар әлі өтірігін айтып біткен жоқ. Байқа, бала, аулақ жүр. Жолама, – деді, "өзінің тәжірибесін" үйретіп.

Оның бұл айтқаны дәл келді. Араға біраз уақыт салып барып отыз жеті-отыз сегізінші жылдарғы науқан туралы архив деректерін қарастырдым. Сондай бір тітіркенішті дерекке жолығып, ертең жақсылап көшірермін деп сақтауға қойдым. Таңғы сағат алты жарымда «толағайдың» өзі телефон шалып, сағат сегізде тез жетуімді «бұйырды». Ішім ашып қоя берді. Кешегі деректен айырылғанымды, бұл адамның әлі де салпаң құлақ тыңшылық жасайтынын, архивтің ерекше бөлімінің қызметкерлері мен тапқан құжаттарды бұған айтқанын бірден білдім. Екі сағат шахмат ойнадық. «Сенгенің кім? Деректерді нұсқаған кім? Кімнің туысысың?» – деді. Мен Қайымды аузыма алдым. Сойдиған кәрі тістері мен арса-арса беті шалбарлана жиырылды да қолын сілтеді. Архивке жетіп барғанымда кешегі құжаттарды «өңдеуге» алып кеткен болып шықты.

Мен сонда ғана Қайым ағаның жан сырының бір қатпарын түсінгендей болдым. Бәсе: Мұхтар туралы естелік неге жазбайсыз, қалай түрмеге түстіңіз, өсек-аяңға іліктірген кім еді, сотта сізді кім қаралап сөйледі – деген қолқаға үнемі немкетті жауап беруінің астары осында екен. Ол өзін емес, шындықты арашалап, соны сақтап қалу үшін ашық әңгімеден бой тартады екен. Бұл мінезі, Шыңғыстаудың ақсақалдарының "әдісін" еске түсіреді. Марқұм, Жұмакүлбай, Қабыш, Леймен, Әбіш, Балтақай сияқты қариялар әңгіме сұраған адамның кім екеніне анық көзі жеткенше шындығын ішінде ұстап, түлкі жортаққа салып, ізінен адастырып кетуші еді. Сол әңгімелерді шала ұққандар талай дүниені шатастырып жазды. Кейін өздері ұялды. Қауесетті әлі де малданып, "ойбай, анау алай екен, Абай былай өліпті" – деп сыбырлап, жыбырлап, өтірік күле әңгіме айтып, білгішсініп сөз тасыған ағалар да арамызда жүрді-ау.

Әлгі дегдарлардың құрдасы Шәкір Әбеновке және олардың інісі Қайым Мұқамедхановқа шындығын айтқыздым дейтін адамға ешқашан сенбес едім. Өйткені, бұл екі марқасқа да шындықтан басқа туыс жоқ, шындықтан өзге дүние-мүлкі жоқ. Ал асылды әркім шығара бермейді. Айтпайды, айтса – қоспасыз ақиқат болғаны. Сондықтан да мен осы мақаланы жазар кезде тым құрығанда өзім білетін бірер жайды айтайын деп сарғайған газет қиындыларын қарап шықтым. Соның ең біріншісі "Семей әдебиетшілері" деп аталатын 1947 жылы 2 август күні "Социалды Қазақстан" газетінде жарияланған мақала. Қайымға құрылған алғашқы тұзақ еді бұл. Абайдың ақындық мектебі туралы алғаш дербес әңгіме қозғаған Қ. Мұхамедхановқа дүрсе қоя беріп, тікелей саяси айыпқа көшеді. Онда: "Челкашты" аударған адам мейлі Абайдың туысы, жақыны болсын, ондай адамның бәрі прогресшіл, Абайдың шәкірті бола алған жоқ. Абайдың "Челкашты" аударған "шәкірті" Совет өкіметіне, партияға қарсы күрескен, соңынан әшкерленген адам. Облыстық газет бұл мақалада оның атын бүркемелеп, атамай кіргізіп, "прогресшіл еді, шәкірті еді" деп босқа лағып отыр. Абайдың бір шәкірті Әріп ақын дейді газет. Әріп патша чиновниктерінің, қазақ байларының мүддесіне қызмет еткен атышулы тілмәш, өмір бойы Абайға қарсы пікірде болған, үнемі бақастықпен өткен адам… Абайдың енді бір шәкірті "Еңлік - Кебек" поэмасын жазып еді дейді. Бірақ Абайдың бұл "шәкіртінің" атын газет дәл айтудан қаймығып (?) басқа біреуге бұра салыпты. "Екпінді" газеті оны қаншама бүркегісі келсе де "Еңлік - Кебек" поэмасын жазған адамды әдебиеттен сауаты бар адамның бәрі біледі. Ол соңынан қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күрескен қас дұшпан!… Облыстық газет осыны Абайдың шәкірті еді, прогресшіл адам еді деп саяси сауатсыздықтың шегіне жетіп отыр… Ішінде азиялық, түріктік бағыттың шеңберінде болған адамдар да бар. Газет осы "шәкірттердің" бәрін сапқа қойып, "жаңашыл, прогресшіл әдебиет өкілдері" деп бәріне бір ат қояды. Міне, Семей "әдебиетшілерінің" бірі Қ. Мұқамедхановтың қаламынан шыққан және редакцияның қабылдап жариялаған "ғылыми мақаласының бірі осындай" – деп әрі қарай кекетіп-мұқата жөнеледі.

Ол кезде Орталық басылымда мұндай айып тағылған адамның жергілікті жердегі жағдайының қандай болатыны өз-өзінен түсінікті еді. Абайдың айналасындағы адамдардың бәрін халық жауы етіп шығарған осы мақаланың авторы алдыңғы қатардағы санаткерге саналып жүрді. Осыдан жиырма бес жыл бұрын Ақылия Тұрағұлқызының естелігін «Лениншіл жас» газетіне жариялағанымызда ішінде: Тұрағұлдың аты аталды – деп Орталық комитетті шулатып, ақыры орынбасар редакторы Сағат Әшімбаевқа түсініктеме жаздырып, сол кездегі бас редакторым Ә. Мархабаевқа мені жұмыстан шығару туралы нұсқау беріп, біраз алаңдатқан адамдардың қолтаңбасы танылады. Әңгіме, ол кісінің жеке басы туралы емес, әдебиет ортасына әкелген даңғазасында жатыр.

Егер істің түп тамырына үңілер болсақ, бұл алдағы болатын ірі саяси-идеялогиялық науқанның алғашқы қара құйындары болатын. Абай мектебі және оның ақын шәкірттері туралы байбаламдардың көздеген мақсаты Қайым емес, Мұхтар Әуезов еді. Архив құжаттарын ақтара жүріп дәл осы шығарманың соғыс жылдарында дайындала бастағанына көзім жетті. Тек тиісті шарттары толмай кейінге ысырыла берген. «Семей әдебиетшілері» атты бұл мақала ұлы жазушыға бағытталған саяси шабылдың тізгінтартары ғана болатын. Іле «халық жауын» әшкерелеу басталды. Тура сол жылы, сол газетте С. Бәйішевтің «Профессор М. Әуезов өткеннің шырмауында» деген атышулы мақаласы жарияланды. Онда: «…Қазақ халқы қазақ революциясына дейін тұтас бір ұлт болып біріге алмады. Олай болса, қазақ жазба әдебиеті тілі бұдан ғасырлар бойы 80 жыл, 50 жыл бұрын Абай заманында болды деп кім кесіп айта алады?… Осындай алып қашты, дерексіз әңгімелердің қайдан шығып жүргенін зерттеп қарасақ, бұлардың төркіні М. Әуезов жолдастың бұрынғы ұлтшылдық қателерімен ұштасып жатыр. Бұл қате пікірлерді бұрын М. Әуезов жолдастың өзі ашықтан-ашық айтып та, жазып та жүрген болса, енді бұл қате, тіпті зиянды пікірлерді М. Әуезов жолдастан қорек алып, соның төңірегінде жүрген кейбір саяз ғалымдар мен әдебиетшілер тоғыз саққа жүгіртіп, таратып жүр» – деп Қайымға қаратыла үкім айтылды.

Өмірлік ғылыми мақсатынан Қайым да қайтпады. Диссертациялық тақырыптан бас тартып, Мұхтарды қалқан етіп иненің көзінен өтуді өтінгендер де табылды. Қайсар ғалым өз пікірінің дұрыстығына сенді. Ұлы Абайдың шәкіртсіз емес екендігін біліп тұрып қалай тансын. Абайдың ақындық мектебі туралы ғылыми зерттеуін табандылықпен жалғастыра берді. Міне, мұны Қайымның алғашқы азаматтық ерлігі деп бағалау керек.

Араға бес жыл салғаннан кейін бұл байбалам қайтадан асқынып, саяси жазалау науқаны басталды. Сәбит Мұқанов та уақыттың гүрзі шоқпарын соқты. Соның бірі Қайымға да тиді:

«1951 жылы 6 көкек күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген Қайым Мұқамедхановтың диссертациясына Әуезов мақтап пікір айтады, соның ішінде Тұрағұл да мақталып жүр… Аталған тізімдегі адамдардың ішінен үш кісінің шығармаларын талдауды орынсыз көрдік. Бірінші – Шәкәрім Құдайбердиев. Бұл адам революцияға дейін діншілдік – ұлтшылдық бағытта жазған адам. 1917 жылы революцияға қарсы ұйымдасқан «Алашорда» партиясының Семейдегі облыстық съезін “Алаш ақсақалы” боп ашқан адам, революцияға қарсы бағыттағы “Абай” журналы мен “Сарыарқа” газетінде Октябрь революциясына қарсы мақалалар жазған адам; 1929 жылы бай-кулактарды бастап Шыңғыстау ауданында Совет өкіметіне қарсы құралды көтеріліс жасап, жазықсыз талай адамды өлтіріп (?), өзі атыста оққа ұшқан адам. Бұндай бандитті ол атылып өлгеннен кейін де Мұхтар Әуезов жолдастың 1934 жылы да, 1940 жылы да “Абай шәкірттерінің тізіміне” қосып мақтауы ойға сыймайды. Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де оған мейірімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда ұят… Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин мен Мұхамедханов жолдастың дәріптеуіне қайран қалдым” – деп жазды.

Дәл қазір халқымыздың үлкен жазушысының бұл пікіріне біз де қайран қалып, басымызды шайқағанмен де, ол кезде адамның тағдырын шешуге толық жарап жатыр еді. Әрине, Әуезовтің айналасындағы “әдебиетшілерді, ұлтшылдарды” тазартып алған соң, кезек әуелі Әуезовке, содан кейін тура Мұқановтың өзіне келетінін жазушының өзі де кеш түсінді. Өзіндік ойлау жүйесі бар зиялылардың түрмеге қамалуы оларды бұрынғыдан бетер “арқаландырды”. Ғылымда ізі де, еңбегі де, аты да қалмаған С. Нұрышев сияқты қара сүйел жандар Әуезовтің соңына шырақ алып түсіп, барлық жаланы үйіп-төгіп:

“…Жоғарыда келтірілген дәлелдер М. Әуезовтің әдебиеттанушы ретіндегі ұсқынын толық әшкерелеп береді, бұл оның 30 жыл бойы әдебиеттану саласындағы әрекетінің саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтан құралатындығын көрсетеді… Өзінің қастандық идеялық позициясын нығайта түсу үшін М. Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымына өзінің ғылымға қарсы “концепциясын” сіңіруге тырысты. Осы мақсатқа жету үшін ол “Абайдың әдеби мектебі” туралы Қ. Мұхамедхановтың диссертациясын сондай ұқыптылықпен дайындады, мұнда Әуезовтің өткендегі қателіктері мен қасақана бұрмалаушылық көзқарастары тұжырымды түрде түйінделіп берілген. Диссертация ашық және бүркемеленіп берілген антимарксистік материялдарға сықап тұрған боп шықты. Алайда бұл жолы Әуезовтің жолы болмады. Мұхамедхановқа ғылыми дәреже беруі туралы шешім қабылдаған ғылыми кеңестің ұйғарымы, ал оның иесі халық жауы ретінде әшкереленді. Осы диссертацияның тарихи төңірегінде ұстанған Әуезовтің позициясы оның бет-бейнесін ашып берді. Ол мұндай зиянды жұмыстың идеялық шабыттандырушысы мен жетекшісі ғана болып сөйлеген жоқ, оның нағыз қорғаушысы да болды. М. Әуезов диссертанттың әрі жетекшісі, әрі оппоненті міндетін бірдей атқарды. Ол оны (Қ. Мұхамедхановты – Т. Ж.) Әдебиет және өнер институтының секторында да, институттың ғылыми Кеңесінде де және Қаз ССР Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің біріккен ғылыми Кеңесінде диссертация қорғаған кезінде де жақтап сөйледі. Міне, бұл М. Әуезовтің дәл осы жаулық пиғылдағы диссертацияны дайындағанында және оны сүйреп алып шыққандығында оның жеке басының аса мүдделі болғандығын айтпай-ақ байқатады. М. Әуезов тек қана аса ауыр қателіктері мен бүлдірушілігі үшін ғана айыпты емес, сонымен қатар, дәл осы пиғылының насихатшысы болғандығы үшін де айыпты. Өйткені ол өзінің айналысына ылғи да идеялық тұрғыдан тұрақсыз, саяси көзқарасы соқыр адамдарды топтастырып келді және қазір де топтастырып жүр”, – деп өршелене өрекпіді.

Оқымысты, ұлтының адал азаматы Қайым Мұхамедхановты әр нәрседен ілік тауып, кінәсіз кінәлауға болар, бірақ – “идеясы тұрақсыз, саяси көзқарасы таяз” деп айта алмайсыз. Ол туғаннан бергі тәрбиесі мен өскен өмірінде бір ғана идея ұстанды, бір ғана “саяси көзқараста” болды. Ол – Абай идеясы, Абайдың көзқарасы, Абайдың Мұхтар Әуезов бағдарлап берген саясаты. Бұдан ешқашан айныған да емес және оны жасырған да емес. Жаңағы С. Нұрышевтің пікірі – ғылыми пікір емес, соттың үкімі болатын. Қастаншықпағыр арандатушылар М. Әуезов “ұқыптылықпен тәрбиелеген” Қайым Мұхамедхановтың сағын сындырып, еңсесін езіп, рухын түсіріп дегенімізге көндіреміз деп ойлады. Бірақ көндіре алмады. Бұдан сұрағаны жалғыз-ақ: “Маған бұл тақырыпты Әуезов зорлап зерттетті” – деген сөз. Соны жазып берсе бостандықта жүрмек, ғылыми атағын да сақтап қалмақ. Бұлай етсе Қайым – Қайым болмас еді. Абайдан да, оның алашордашыл шәкіртерінен де, алашордашыл Әуезовтен де бас тартпады.

Тектінің аты – текті, дегдардың аты – дегдар дейміз ғой. Бірақ кейде сол дегдарымыздың өзі делдал күйге қалдырып кететіні өкінішті. Әуезовтің сағын сындырып, санаттан шығару үшін елуінші жылдары ең әуелі ұлы жазушының айналасын тазалап, содан кейін жалғыз емендей өзі қалған соң оны құлату оңай деп ойлаған адам бірі және белсендісі “қазақ зиялыларының тектісінің” біріне саналып жүрген Қажым Жұмалиев марқұм еді. Ол диссертацияның қорғалу кезінде: “Абайдың ақындық мектебі деген жоқ. Ол Әуезовтің апқаны. Қ. Мұхамедхановтың жазғаны сандырақ. Арандатушы халық жауы ретінде әшкереленсін – (біз стенограмманы жұмсартып келтіріп отырмыз)” – деп екі рет қатарынан үкім шығарды. Қ. Жұмалиев пен С. Нұрышевтің пікірлерінен Қайымның сескенбеуін өтінген профессор Усанович: “Жас ғалым, бұл сіздің өміріңіздегі ең жауапты да, бақытты сәт. Күндердің күнінде ондаған ғылым кандидатын дайындаған қартаң тартқан ғалымның бұл сөзін есіңізге алып жүргейсіз, мен сіздің диссертацияңызбен танысып шығып, мынадай жөн сілтеймін: зерттеуіңіз өте құнды, ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Тек жасымаңыз, қайтпаңыз” – деп қорғау үстінде батасын берді.

Міне, интеллигент деп осыны айт. Қандай жүрек жылытар сөз. Осы сөзді Қайым көзі жұмылғанша өз қандастарының бірінен естімей кетті.

Жала жабушылар мен жалған айқайшылар дегеніне жетіп тынды. Қазақ ССР Ғылым Академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының Президиумы арнайы қаулы қабылдап: “1951 жыл көкекте Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық біріккен ғылыми советі Қ. Мұхамедхановтың “Абайдың әдеби мектебі туралы” деген саяси зиялы диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды. Бұл диссертацияда Совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның бас жауларына айналған буржуазияшыл-ұлтшылдар да Абайдың “шәкірттері” деп мадақталады” – деп бағаланып, Қайымның ғылым кандидаты атағы алынып, ісі тергеуге берілді.

Мұның ақыры немен аяқталғаны белгілі. Ұлы жазушы уақытша Мәскеуді паналады. Қайым жиырма бес жыл түрменің төріндегі “құтты қонағы” болуға “ризалық білдіріп”, маршал Жуковтың штабындағы генералдармен бірге “сыбаға бөлісіп” шыға келді. Қ. Жұмалиевтің өзі де 25 жылды арқалап кете барды. Түрмедегі ыстық, суық камера, әртүрлі қорлаулар, қоқан-лоққылар, алдаулар туралы дербес әңгімелер.

Жағдай түзеліп, ақиқат қалпына келтірілді. Қайым да түрмеден шығып ұстазының құшағына қайтып оралды. Алайда, қайсар ғалым қашан көз жұмғанша өзіне Мұхтар Әуезовтің жазған елуге тарта хаттарының сол күйі жоғалып кеткеніне қатты өкінумен өтті. Тек “саяси көзі ашық, алысқа көз жіберетін” Нұрышевтардың жолдары кесілді. Енді қайтып жалғана қоймас сірә.

“Атың шықпаса – жер өртте” – дегеннің кебін құшқан осынау өлермен жанның өзеуреген сөзі қазақ әдебиетінің дамуын қаншама жылға тежеді десеңші. Жазықсыз адамдардың обалына қалды. Соның және соған ерген үлкенді-кішілі қайраткерлердің байбаламының салдарынан “Абай жолы” эпопеясы бес жыл кешігіп барып тәмамдалды. Сол тұста мәйегі іріген Абай мектебінің шәкірттерінің әлі де басы қосылған жоқ. Өзгені былай қойғанда, күні кеше ғана Е. Курдаков сияқтылар ұлы ақынның шәкірттерінің бәрін апиыншы етіп шығарды. Мұның бүгінгі күн көрініс беруі тегін емес. Арамызда қазірдің өзінді де кешегі Нұрышевтардың тілеулестері болған адамдардың сыпсыңы тыйылмағанын дәлелдейді.

“Жақсылық тез ұмытылады, жамандықтың жасы ұзақ болады” деген мәтелдің шындық болғаны ғой сонда. Біле білсек Қайымға бұл сөзді мойындау өте ауыр болды. Алайда, ол Мұхаңның: “Ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады”, – дегенін ұстанып, ұсақ байбаламға елітпей, “жау қайдаламай”, ұзақ жылғы еңбектерінің басын қосып, жүйелі жинақ етіп дайындап, төрт кітап етіп шығарды. Абайдың академиялық басылымынан Қайым аға қалам қуаты мен білім тәжірибесін аяған жоқ.

Бірақ соның өзінде де өмірден татпаған ащы ризығы бар боп шықты.


ІҮ
Сол өкініштерінің куәсі болсын деп, төмендегі күнделіктегі жазбамды сол қалпында ұсынуды жөн көрдім. Онсыз Қайымның өмір соңындағы тағдырын түсіну де мүмкін емес.

“Бұл өмірдің кекесіні мен әжуасын қойсаңшы. Күні кеше ғана: “Қазақтың ақыл-ойын Абай тойы қарсаңында Алматыға жинаймыз, Қайым Мұхамедханов Алматыға көшіп келмесе – Абайдың академиялық басылымын шығару мүмкін емес. Оған үй берілсін, жағдайын жасайық. Мұхтар Әуезов үшін 25 жыл түрмеге кесілген Қайым – ұлттық рухани қазынамыз!” – деп исі зиялы қауым дабыл қағып еді. Бұған сол тұстағы партия мен үкімет қайраткерлері де ықылас білдіріп, созып барып болса да, Қ. Мұхамедхановқа үй беріп, ғалым ағамыз Абайдың екі томдық басылымын дайындауға кірісіп кетіп еді. Қайымды Алматыға шақырайық дегендердің ішінде де, “Алматыға қош келіпсіз!” – деп қарсы алғандардың арасында да, ең соңында Қайым ағамыз: “Ал, жұмыссыз, күн көріссіз қалдым. Енді не ақыл бересіңдер” – дегендердің ішінде де мен бар едім.



Енді, міне, сөйтіп жетпіс жыл ұя басқан Семейден ардақтап әкеткен Қайым Мұхамедхановты, қазақтың Мұхтар Әуезовтен қалған көне көз ғұламасын баспақ тап жүріп Семейіне шығарып салып тұрмын.

Қайымда жазық жоқ. Естияр ел ағалары мен мекеме басшыларына: “Күйім болмай барады. Үкіметтің қаулысымен берілген жеңілдіктерді алып тастады. Ендігі алатыным не пәтер ақысына, не емдеу ақысына жетер емес. Тіпті, Семейге қайтып кетуімнің өзіне қаржы жоқ. Не істеймін?” – деп емеурін білдіріп, айтуындай айтты. Бірақ, соның барлығы ұлы Абайдың:

Ағайынға күн түспек,

О да үлкен қарғыс қой.

Беретіні ең күштеп,





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет