Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет33/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33

Батысқа, шығысқа, оңтүстік батысқа босқан қағанаттың жұрты Шыңғыс ханның тұсында қайта қосылып, аз рулар жүздік пен мыңдықтың, ірі тайпалар түменнің, тектік бірлестіктер, мысалы түркі текті рулар армияның құрамына кірді. Мемлекет – ұлыс, мемлекет құрушы ұлт – монғол аталды. Қағанат төртке бөлінген соң Жошының қосыны Еділдің бойынан» екініші «Алтын орданың» іргесін көтерді. Бүгінгі қазақ ұлтының тектік құрамы сол ордада ұйыды. Ал Жошының, Шағатайдың, Үгедейдің, кейін солардың тізгінін ұстаған Құбылайдың, Құлағудың, Мөңкенің, Өзбектің, Ақсақ темірдің, Тоқтамыстың, Мамайдың, арғы Әбілқайырдың әскері бір тектен тұрмаған. Сол тұстағы саны алпыс мыңға таяп қалатын өзін «монғолмын» деп есептейтіндер қағанаттың қабырғасын жаппайтын. «Ясы» заңы бойынша үйленген, артында ұлы бар еркек қана әскерге алынады. Сонда баласынан жиырма жыл бұрын әскерге алынған әкесі – Едігенің, інісі – Тоқтамыстың, – баласы – Ақсақ Темірдің, немересі – Мамайдың, немере аталасы сонау шығыстағы Арғудың (Арғын) әскерінің құрамында соғысып, өлгені – өліп, өлмегені – жаңа жүздік, мыңдық, түмендік шерік құрды. Әр әскердің құрамындағы атасы мен, немересі, әкесі мен баласы, ағасы мен бауыры «Алтын орданың» ыдырауы тұсында бір-біріне қарама-қарсы майданда болып, танитындары қылыш қағыстырып қана өткені Ілияс Есенберлиннің «Алтын орла» үштағанында басты көркем идея ретінде желі тартқан. Демек, «Алтын ордада» жүздік тек болған емес, болуы да мүмкін емес.

Бұл – қазақ хандығы құрылып, сыртқы дұшпанға қарсы жер ыңғайына қарай жасақталған тайпалар мен рулардың әскери бірлестігі. Еділдегі, Шам мен Бағдаттағы, Қырым мен Аградағы, Орал мен Ауғанстандағы алшын мен керейдің, наймандар мен жалайырлардың, меркіттер мен қоңыраттардың (біз қағазға түскен және мақаланың соңында айтылатын тақырыбымызға тікелей қатысты деректегі ру аттарын ғана алып отырмыз) әскері – Бағылық пен Шұғай тауындағы, Хуанхэнің (Иә, солай) өр ағысы мен Ордос жазығындағы, Құрымбел жайлауындағы, Ханғай мен Мәнжу үстіртіндегі ағайындарына қайтып қосылуы мүмкін? Бүгінгі қытай мен монғол елінде ХХ ғасырдың ортасына дейін хандық құрып келген жоғарыдағы руларды қай жүзге жатқызамыз? Ал осының бәрінің басын біріктіретін көне түркінің көк түрк қағанатының «Тәңір текті тәңірден туған» тұқымдары қайда кетті? Шынымен де олардың үрімі үзіліп тынды ма? Жоқ. Олар бірінші «алтын орда» іргесін көтерген атажұртында әлі де «алтын тізгінді» ұстап отыр.

Сенбейсіз. Осыдан алты-жеті жыл бұрынғы Сыртқы және Ішкі Монғолияны оңды-солды шиырлаған іздестіру сапарымыздан кейін біз де күдіктен арыла алмағамыз. Сыртқы және ішкі Монғолиядағы ғалымдармен пікір алысып, кейбір тарихи жазбалардың мазмұнымен танысып, Хохоттағы (Көкот) Монғолтану ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Жырғалдың (Жырғал, жырық – өжет, батыр деген сөз екен. Демек, «Қабанбай батыр» дастанындағы Әтеке жырық – Әтеке батыр): «Түркі сөзін білмей монғол жазбаларын түсіну мүмкін емес екен. Соны аңғарғанда ғана барып еңбегіміз алға жылжыды», – деген пікірін естігенде бұл саладан біз мүлдем беймақұрым екенімізді мойындауға тура келген. Профессор Жырғал «Түрк-монғол тілінің байланысы», «Түрк-монғол тіліндегі түбірлес сөздер», «Манжур-монғол бұтағындағы монғол, дағұр, тужут т.б. тілдердің салыстырмалы сөздігі» атты зерттеулердің авторы. Ғұн заманындағы тілдік қолданысты тарихи тұрғыдан зерттеуді қолға алыпты. Ішкі Монғолияның солтүстігінде қоңырат, найман, керей, меркіт, уақ тайпалары бар екенін естігеміз. Ал Көкот – Шыңғыс ханның күйеу баласы оңғұт, яғни, уақ ханы Алақұстың астанасы екен. Ол туралы Гай Шань-Линнің «Оңғұттар туралы зерттеуі» Қ.Ынтыханұлының дайындауымен «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Домбыра – арху, қобыз – қобыз деп аталады. «Ақсақ құлан» күйінің сарыны сақталған «Жетім бота» атты күй де бар екен. Көне жазбадағы «тағ», «күндік», «түндік», керегу – кереге, көк – Көк, көк – от, яғни, жасыл шөпті жер, көк – аспан, Көк – Тәңір деген сөздерді монғолша аударыпты, ал оны қазақшалаудың еш қажеті жоқ. Сол сапардан кейінгі ғылыми салыстыру жұмыстарының нәтижесінде – біз өзіміздің тарихымыздың тамырын монғол, мәнжу, шүршіт ұлттарының тарихымен салыстыра зерттемесек, батыстық көзқарас пен деректерге бойсынған жай ғана түркі деген сөзбен ешқашанда тектік нысанымызды таба алмайтынымызға анық көзім жетті.

Ойды ой қуып екшей келгенде, шүршіт, мәнжу, монғол, ең соңында жоңғар шапқыншылығы туралы тарихи деректер санамызға үйіріле берді. Қалайда бір тектік байланыстың барлығына барған сайын сенім күшейе берді. Сонымен, былтырғы-биылғы Шиань мен Гансу өлкесін, Дунхуаң мен Шұғай тауын, Ішкі Монғолияның қиыр шығысын аралағанда барып ақыры бір суыртпақтың ұшы қолға тиді. Бұрын шашыранды, кездейсоқ сияқты көрінген деректер нақты заттай айғақ – ханның орда сарайы ретінде және қазақ ұлтының бүгінгі мәйегін құрайтын аталған тайпалар «ру-руымен қолға түсті». Бір мәселенің ұшығын шығара кетейік, түркілердің түбірін үзген қауіптің барлығына шығыстағы қытай империясын деп қараймыз. Түркілердің демеуімен құрылған Таң дәуіріндегі патшалық пен «тоқаш тойынан» кейін таққа отырған Мин патшалығынан басқа 1912 жылға дейін қытайды билеген императорлардың барлығы да көшпелілер әулеті, яғни, «алтын ордалықтар». Мәнжу де сол «алтын ұрықтың» тұқымы. Құлағудың Бейжіңге шабуыл жасаған әскерін жалайыр Мұқылай (Мұқыли) басқарған. Оның әскерінің құрамындағы негізгі рулар – алшын, жалайыр, найман, меркіт, қоңырат, керей, оңғұтт (уақ). Шыңғыс ханның қас дұшпаны Таян ханның ұлы Күшлік пен меркіт ханы Тоқта бек шайқаса жүріп батысқа ауды. Ал оған дейін «Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан тәж бен таққа таласып, найман мемлекеті екіге бөлген» болатын («Жамиғат ат-тауарихтағы»). Әрине, Таян ханмен одақтас болудан бас тартқан, сол үшін Шыңғыс қызын берген Алақұс пен Бұйрық хан және Шыңғысты мойындаған не оған бағынған жалайыр, қоңырат, алшын, меркіт тайпалары Мұқалидің қосынына қосылып, Бейжіңді (Пекинді) алды. «Тоқаш тойынан» кейін, яғни, таза қытай әулеттері монғол әскерін кері шегіндіргенде, олар қазіргі Ішкі Монғолияға жаппай қоныстанды. Сонымен, бүгінгі Қытай халық республикасына қарасты Ішкі Монғолияның бес ауданының негізгі тұрғыны ретінде ірге тепті. Көкотта – оңғұттар (уақтар), Алышын ауданында – алшындар, найман ауданында – наймандар, атақты Құрымбел жайлауында – жалайыр, қыпшақ, қоңырат, меркіт, керей рулары мекендейді және бұлар шашыраңқы емес, жұбын жазбай отыр. Міне, Бартольдтан бастап Гумилевке дейінгі ғұламалардың осы тайпаларды «тегі монғол» деп сондай сеніммен айтуының себебі осында. Сырт көзге және ресми құжаттарда, әрине, олар монғол деп есептеледі. Енді олардың қайтадан түріктенуі мүмкін емес. Одан дәметудің де ауылы аулақ. Бірақ өздерінің шыққан тегін ту етіп ұстайды әрі тамырын тануда бізден көрі ілкі түсіп жатқан тұстары да бар екен.

Сәті түскен кездейсоқтық шығар, Пекин ұлттар университетіндегі монғол инстутының студенттері жыл сайын ұлттық мерекелерін өткізеді. Сонда бара қалғанымызда «найман ауданының халық әншісі», «найман ауданының халық жыршысы», «найман ауданының халық би ансамбілі» дегенге сүлесоқтау құлақ түріп отырғанымызда «найман-монғол жазуының ғылыми зерттеу орталығының директорының орынбасары Сайын қыз сөз алып, ол найман-монғол жазуымен басылған кітаптарды сыйға тартқанын көргенде кәдімгідей таңданып қалдым. «Сайын! Мен жақынмын. Таян хан, Тататұнға. Қанымыз бір» – деп қысқа қайырып үлгергенімше Сайын қыз жүгіріп келіп: «Мин джахыны, джахын» деп білеу тамырымды ұстай алып, өзінің тамырын көрсетті. Алғашқы үш сөздің үшеуін (мен – мин, жақын – джақын, сайын – сайын) таудармашысыз түсінгенге қатты қуандым. Қалайда Тұңяу өлкесіндегі Найман ауданына баруға бекіндім. Араға апта салып аға оқытушы Нұрбақан екеуміз Найманшиге жол тарттық. Әңгіме арқауы ұзап кетпеу үшін «Найман энциклопедиясындағы» мағлұматты қысқаша ғана баяндап берумен шектелеміз:

Найман ауданы ҚХР-ның Ішкі Моңғол Автономиялы ауданына (республика дәрежелес) қарайды. Орталығы Тұңлияу қаласы. Жан саны 400 мыңнан асады. Соның 262 мыңы таза наймандар. Бұлардың барлығы да ежелгі наймандардың ұрпағы. Наймандар Хань дәуірінде оғыздардың бір тармағы болған. Таң дәуірінде оғыздар мен Шиянбилердің құрамында болған. Лияу, Жин дәуірінде (б.д 907-1234 жж.) наймандардың жан басы қауырт өскен және «Найман хандығы» шаңырақ көтеріп, дербес ел болған. 1204 жылы найман мемлекеті Шыңғысхан тарапынан құлатылды. Көп сандысы моңғол ұлысын құрайтын тайпалардың құрамына енді. Мандухай – Таян ханның немересіне тиген Шыңғыс әулетінің қызы. Хандықты сақталып қалуына сол қыз ерекше ықпал етіпті.

ХҮ ғасырда Таянханның иелігіндегі жер – «Найман Ытоқ», ал 1636 жылы Цин патшалығы орнағаннан кейін «Найман ордасы» болып аталды. Оларға Уаң хан атағы берілген (Найманшидің орталығындағы біз түскен ең үлкен мейманханада «Уаң хан» деп аталады). Содан бері 17 хан сайланыпты. Хан әулетінің 19 ұрпағы бар, қазір жасы жетпісте екен. Тіпті Мұқылайдың да тікелей ұрпағы Байынғолда тұрады екен. Бір ғажабы сол «Найман ордасының» хан сарайы сол күйінше сақталып қалыпты. Хандық құлағаннан кейін біздегі сияқты әр түрлі мекемелер иемденіпті, қазір ол –найман монғол мұражайы деп аталады. Сол хандардың суреттерінің түгелі өздері ұстаған бұйымдарымен қоса көрсетілімде тұр.

Ұлттық жазуы – найман жазуы. Сол жазумен мынадай кітаптар мен зерттеулер жарық көріпті: 1. Найман ауданының шежіресі. Энциклопедия. Құлынбер. 2. Найман ауданының тарихи материалдары. ІМР Тұңляу, 2009. 3. Найман халық әндері. ІМР, Тұңляу, жасөспірімдер баспасы, 2008. 3. Найман ауданының жер аттары сөздігі. ІМР, Хохот, халық баспасы, 2008. 4. Найман аңыз-ертегілері. ІМР, Тұңляу, жасөспірімдер баспасы, 2008. 5. Найман ауданының жер аттарының түсіндірме сөздігі. ІМР, Хохот, мәдениет баспасы, 2012. 6. Нонжиа. Әңгіме мен өлеңдер жинағы. Хуасия. 2009. 7. Найман ауданыннан шыққан әйгілі адамдар (монғол тілінде). ІМР, Хохот, халық баспасы, 2011. 8. Найман ордасы (альманах), 2 кітап. ІМР, Тұңляу. 9. Найман көркемөнері (журнал), 2 кітап, ІМР, Тұңляу. 10. Бухүшүн (журнал). ІМР, Тұңляу, 2013, № 1-2 сандары.

Бұл кітаптарда найман ордабасының шежіресі және мұрагерлердің кестесі берілген. Сонымен қатар Юань, Миң, Цин патшалықтары дәуіріндегі моңғолдың құрамындағы наймандар жөнінде тарихи деректер баяндалған. Көптеген деректер Цин дәуіріне тән. Мысалы, «Найман ауданының жер аттары сөздігінде» «Бұқа (Өкіреш) өзенінің» ежелден наймандардың тотемі болып табылатыны және ол тотемдік нысананың бүгін де сақталып келе жатқаны дәлелденген (Келбұқа, Кетбұқа, Есенбұқаларды анекдотқа айналдырып алдық).

«Баян төбе», «Қара төбе», «Қарағанды», «Қада сай», «Баян дала», «Сары дала», «Сайқан дала», «Аду су (ат су — көл аты», «Сары дала», «Тарған», «Қашаты», «Сары сор» сынды жер аттарына тарихи деректермен түсінік берілген. Қазіргі Найман ауданындағы наймандардың арғы ата тектері кестемен көрсетілген. Мысалы, олардың аттары – татар, найман, баяғұт, сартағылы, дал, ордос, жақыр, сақалды, даршын, өжет, ұтыр, маңғыт, гүңгір, қалшықұт, жұрқұт. Монғол тілінің 45% түркі түбірінде. Жергілікті Убау (Дүрго, Үзеңгі) ғұлама: «Отызыншы жылдарға дейін арбаны «қазақы арба» дейтінбіз. Сонда: «Қазақтың арбасына отырып, былғары етік кисек арман не» – деуші едік. Асан пай (бай, би, абыз – ?) бізде термин боп кеткен тарихи атау. Өте ежелгі кезеңдегі ықылым дәуірдің заманалық белгісі. Асан пайда әулиелік белгі бар (Біздің Асан қайғымызда әулиелік белгі бар ғой)», – деді бізге. Оқымыстының мағлұматы бойынша: Шиань өзенінің (Киянь өзені) басында 8 өзен бар. Бұл араға наймандар сол Шахар – деген жерден көшіп келген. Оны бастап келгендер Ык наймандар, яғни, ақ наймандар. Қазір олардың аты қытайша Бәй деп жазылады. Шаһар – Көкоттың шығыс солтүстігінде (Түрік қағанаты күйрегенде оңтүстікке кеткен 4 топтың бірі болмас па екен?). «Аға жыры» («Аға него», «Агаан дуу») деген жыр бар. Сөз арасында мына сөздерді аудамашысыз түсіндім: Тарғын – өзен, өзен аты, шаар – шығар, шайны шаар – шәйді шығар, иет – сүйек, білік – ақыл, ойын – ақыл, ой, сайын – ерекше, батыр, кең, құдық – құтых, арыслан – арыслан, тарғын – тарғын, мәңгі – мыңқ, мәңк, орық – құрық (ұстайтын), бригулыкшы – төр, төре, төреші, тірулікші – төреші, тленгут – төлеңгіт, хатын – қатын, тау – тау, аң – аң, аңхына – аңға шығу, аң қинау, таала ел – дала елі (ауылы), кігіт – көгет, Аиік – аяқ (шыны-аяқ), алтын – алтын, жүрық – жүрек, шірік – шерік (әскер), буғдат – бидай, Мяң (мыңх) – мың, тұң – түмен, он мың, жо – жүз, жетік – жетіген (саз аспабы), шага (шаха) – сақа.

Бізге бұл деректерді беріп, мән жайды түсіндірген Пұрла – Найман ауданы ауыл шаруашылық даму банкісінің директорының орынбасары, кеңсе меңгерушісі, Найман-монғол тіл, жазу, зерттеу ұйымының төрағасы; «Өз ағамды таптым. Іздеп келеді дегенге тебірендім» – деп қарсы алған Темірлі Чиемірлі – Аудандық халық құрылтайының төрағасының орынбасары, депутат; Сайын хуа – Сайынгүл көркемжазу ұстазы. Міне, түйіншегі табылмас деген тектің бір суыртпағы осылай ұшығын ұстатты. Сәтін салса, алдағы уақытта Алшын мен Құрынбел аймағына да жол түсер. Ал енді осыдан кейін де С.Маловтың сөзіне сеніп, өз жазуымыздан өзіміз бас тартып, жатбауыр тартамыз ба.

Түсіндіре таратуға көлемі көтермеген, бірақ жоғарыдағы түркітанудағы түйткілді емеуірінді шалықтаулардың салқыны тиген тұстарды еске сала отырып, зиялы қауымның назарын аударғым келген мақсатты түрде жазылған жатбауыр тартқан етбауырлар туралы мақалаға әзірше осымен нүкте қоямыз.



1 Мақалаға автордың бұрынғы еңбектеріндегі пікірі ішінара пайдаланылғанын ескертеміз.

2 Мунир Юсупов. Шигабутдин Марджани. Монграфия. Қазан. Татар кітап баспасы. 2005. 271 бет.


3 Бұл – ұлы қоныс. Ежелгі грек, қытай, ассирия жазбаларындағы Кир мен Дарииге, Ескендір Зұлқарнайынға көшпелілердің: «Сен мықты болсаң біздің ата‑бабаларымыздың әруағы жатқан қасиетті әруақтар қорымына тисіп көр. Міне, сонда сазайыңды тартқызамыз», – дегендегі «ұлы әруақтар көмбесі» осы-ақ болар. Ені бес жүз, ұзындығы бір шақырымдай төрт бұрышты таспен қоршалған майдан. Батысында есігі бар. Оң қанатта 15-20 қорым бір сызықтың бойына тізілген. Содан кейін тура сол тәртіппен қатар-қатар қойылған көмбелер солтүстіктегі бұрышқа тіреледі. Содан кейінгі аралық ашық. Қақпаның босағасынан басталған тас белдеу қорымның ортасындағы төбеленіп тұрған ұлы қорымды жанай өтіп келесі басына барып тіреледі. Қақпаның тура қарама-қарсысында ұлы қорым. Кірер босасағасы оңтүстік жағында. Қорымның солтүстік қанатын белтасты сызық бойлап өтеді де қорымның шығысындағы белдеуге түйіседі. Шығыс бетіндегі қорымдар солтүстікегі қорымдарға ұласады. Шығыс солтүстігі, ұлы қорымның алды ашық. Ортасындағы ұлы қорымнан дүниенің төрт бұрышы түгел көрінеді. Шаршықорымның шығыс солтүстік бұрышына биіктігі үш-үш жарым метрлік бұғытастар андағайлап тұр (№1 сызба). Ханүй жазығындағы екі жүз елуден астам «ұлы көмбенің» барлығы да осындай бір мәнерде тұрғызылған. Әрине, көлемі үлкенді-кішілі болып келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет