Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет8/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   33

2. Мәдениет майданы

Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

«...1926 жылы оқу–ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924 – 1926 жылдары жүргiзiлдi. (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370 – iс 1 т., 220 - бет).

Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми–зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.

Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.

Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт–бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.

«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370 – iс 1 т., 221 – парақ).

«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған шақырып, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi». (Байдiлдин, № 5441 784 – iс, IV т., 134 – парақ»).

«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтанда барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық». (Тынышбаев, № 2370 – iс, 1 т., 131 – парақ).

«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым – жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу–ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370 – iс, 1 т., 378 – парақ).

«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.

а). Оқу–ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.

б). 22 –жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК–ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институтттың директорлығының мiндетiн Әдiлов те атқарды.

в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х.Досмұхамедов төраға, Есболов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж.Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылордада да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды - Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт – бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.)

ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн үлгi ете эпикалық сарында суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.

з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.

и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер: (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х.Досмұхамедов.

к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.

л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиясының ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есболов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.

м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов., Есболов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Аспендиаров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.

н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).

Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты. (Тынышбаевтiң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 277 – 278 – парақтар).

Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу – ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.

Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтанда, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.

ҚазМУ-дiң ректоры Аспендиаров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Домұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов Қаз МУ–де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, сондықтанда рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар – дептi. (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370 – iс, 1 т., 312 – парақ ).

Тағы да ол:

«Оқу – ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков ҚазМУ – де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу – ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 313 – парақ) – деп көрсеттi.

Досмұхамедов Х.:

«...байдың балаларын ҚазМУ–ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т. Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым. (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 209 – парақ)».

Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты - бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толдықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiлмен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени–ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?

Қазақ ұлты рухани парасаттың даму баспалдағына неғұрлым биiктеп көтерiлген сайын, өзi үшiн құрбан болған алаш ғұламаларын соғұрлым құрметтеп, тағзым етуi тиiс. Өйткенi, ұлттың рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалғандар да, мәңгүрттiктен құтқарып кеткендер де, болашақтағы тәуелсiздiктiң қасиеттi ұлы жолын анықтап берген де солар.

Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:

«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20 көкек.

Тыңдалды: № 2370 – iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3 – статьялары бойынша; 2. ‡мбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11 – статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11 – статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11 – статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16 – статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11 – ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11 – ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2 – ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2 – статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:


  1. Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтбасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейтазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х – 30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».

Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды.

ОЙСОҚТЫ АҢСАР

(Зар заман ағымы және тәуелсіз көркем ойлау жүйесінің тарихи тамырлары)

ХIХ ғасырдың екiншi жартысында ерекше қоғамдық құбылыстар мен қайшылықтарға тап болған қазақ елiнiң ұлттық руханияты да жаңа тарихи және көркем ойлау сатысына көтерiлдi. “Мәңгiлiк еркiндiктiң” кеңiстiгiне негiзделген көшпелi әлем мен қатал да тегеуiрiндi тарихи уақыттың арасындағы өмiр қақтығыстары заманалар бойы қалыптасқан дәстүрлi көркем ойлау жүйесiн тосын арна мен өзгеше сарынға бұрып жiбердi. Бiр жарым ғасырға созылған отарлану кезеңi өзiнiң шешушi және түпкi мақсатына жеттi. “Темiр ноқта да, қайыс ноқта да” еркiн елдi шершеулi қыспағына алып, елi мен жерiн ғана емес, жаны мен рухын да тәуелдi ете бастады.

Заманалар бойы қалыптасқан өмiр сүру тәсiлi өзгерiп, таным мен дәстүр де тағдыр талқысына түстi. Отарлау-жазалау саясатына сүйенген Ресей империясы қазақ елiн барынша құрсаулы шеңгелiне алып, оған ескiше тiршiлiк жасауға мүмкiндiк бермедi, ал жаңаша өмiр сүрудiң жолы көшпелi әрi отар қазақ елi үшiн әлi табылмап едi.

Арандату саясатына құрылған отарлау жүйесiнiң билiк құрылымы халықтың елдiк ұйытқысын iрiтiп, мемлекеттiк құрылымын жойып, рухани тамырынан бүтiндей ажыратуға бет бұрды.

ХIХ ғасырдың аяғында ашық жаулап алу мен жазалау әрекетiне көшкен Ресей патшалығы ендi өзiне қарасты ұлттарды тiлi мен дiнiнен, тарихи танымынан, қалыптасқан тiршiлiк көзi мен өмiр сүру тәсiлiнен, елдiк тұтастығынан айыруға белсендi түрде кiрiстi. Әуелдегi жер мен экономикалық дербестiктi қалпында қалдырған, тек саяси бодандыққа ғана негiзделген, қазақ мемлекеттiгiн жойған 1822 жылғы патша низамы ендi қазақ ұлтын тарих сақнасынан мәңгiлiк өшiрiп тастау әрекетiне көштi. Оны жүзеге асырудың нақты шаралары белгiлендi және жедел жүзеге асыруға ұмтылды. 1864 жылы жылы қазақ даласы толықтай жаулап алынып, 1867-1868 жылғы жарыса шыққан екiншi низам ережелерi бойынша мұқым қазақ жерi – Ресей мемлекетiнiң меншiгi деп жарияланды. Содан кейiн 1861 жылғы басыбайлылықтан босаған мұжықтарды қазақ жерiне қоныс аударып, жергiлiктi халықты жаппай отырықшыландыруға, оған көнбесе ығыстырып шығаруға белсене кiрiстi. “Бөлiп ал да билей бер” деген ұран тасталып, құнарлы жер мен су көздерi қара шекпендерге тартып әперiлдi. “Халық атаулының барлығы жойылып бiр ұлт құрауы тиiс, ал Ресейдi мекен еткен елдiң түгелi орыстануы керек” (П. И. Пестель) болды. Сөйтiп қазақ елi өз жерiндегi өгей жұрттың халын кешiп, саяси-экономикалық тоқырау мен рухани күйзелiске ұшырады.

Мұқым ел туған жерi мен бас еркiнен айырылған, азаматтық құқықтары мен заңдық дәстүрi жойылған, мемлекеттiк басқару жүйесi жоқ, қорғансыз босқынның кебiн құшты.

Ал самодержавиенiң идеологиялық ұйытқысы болып табылатын православие шiркеулерi бұратана халықтарды шоқындырудың жоспарын жасап, оны тез әрi қатаң түрде жүзеге асырудың жолдарын көрсетiп, мерзiмiн анықтады. Бүкiлресейлiк архирей басқармасы: “Қазақтардың өз атынан: “Бiзге шоқындырушы уағызшы керек”- деген арыз ұйымдастыруы керек. Бұл мiндеттi орындауға жiберiлген адам қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге мiндеттi, оларды өзiмен бiрге ертiп жүрiп бойын үйретсiн, өзiмен қол берiп амандасқан қазақтардың өкiлiне сый-сияпат көрсетсiн, өзiне тартсын. Дiнге үйiр қыла берсiн, сөйте жүрiп: “Қазақтардың дiнiне ешкiм де қысым көрсетпейдi” – деп пiкiр тарата берсiн, ал олардың уағызға келуi және тыңдауы өздерiне пайдалы, бiр-бiрiне қастық жасамауға, өмiр сүруге көмектеседi деп сендiрсiн. Қазақтарды осылайша тыныштандырып алған соң мынадай ұсыныс жасау керек: “Мұның барлығын қазақтардың өзi сұрап жасаттырып едi, ол үшiн миллиондаған сом ақша кеттi, қазақтардың өзi уағызшы сұрап едi, ол да қанағаттандырылды, соның бәрiне қарамастан қазақтар үкiметтi алдады, сол үшiн жазаға тартылуы керек” – деп жарлық жасау қажет. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелi ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен берiлгеннен кейiн қазақтарды жазалау үшiн әскер жабдықталады және олар ажырықты (крестi) алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрiн де шоқындыруға және православие дiнiне кiргiзуге мәжбүр етедi. Ал бұл талапты өз еркiмен орындамағандарды қырып салу керек”- деген ерекше құпия нұсқау шығарды.

Сөйтiп, “әулие әкейлер” патшалық отарлау жүйесiнiң жауынгерiне, ал “Iнжiл” - полицейлердiң жауынгерлiк жарғысына айналды” (В. О. Ключевский).

Қазақ даласына бағытталған бұл “ажырық жорығын” 1902 жылы Ақмола қаласында жүзеге асыру жөнiнде ұйғарым жасалды. Алматы қаласында қазақтарды салтанатты түрде шоқындыратын кафедралық собор салынды. Әскери жорық 1913 жылға белгiлендi. 1903-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысы мен 1914 жылғы бiрiншi дүние жүзiлiк соғыс шiркеудiң бұл жоспарын жүзеге асыртпай тастады. Түбiнде осындай бiр зауалдың бастарына төнетiнiн қалың ел сонау Бұқар заманынан-ақ сезiп, секем алып, билер мен ақындар тұспалдай толғап, бұқараны сақтандыра бастады. Бiрақ оған қарсы қолданатын әскери күш те, дербес экономикалық қуат пен билiк те, тәуелсiз саясат та жоқ едi.

Осындай шарасыздыққа ұрынған тұста халықтың рухы күңiренiп, санасы сеңдей соғылысып, торыға толқыды. Бодандыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерiлiстердiң дәуiрi өтiп, жекелеген өршiл тұлғалардың буырқанысы мен шалғай аймақтардағы бұлқыныстар ғана шақпақтың отындай жарқ ете қалып, тез сөнiп отырды. Азаттыққа ұмтылған халық өкiлдерi аяусыз жазаланды. Жерi – жексен, елi – зертең, дiнi – шоқынды, тiлi – шорқақ тарта бастаған осынау бiр талмауытты кезеңде қазақтың дәстүрлi әдебиетiнiң рухы, тақырыбы, сарыны, бейнелеуi мен көркемдiк тәсiлi, iшкi ырғағы, сондай-ақ ұлттық-дiни танымы тұрғысынан алғанда мүлдем жаңа ағысқа бет бұрды.

Мұның барлығы ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген ақындардың шығармашылығына да тiкелей ықпалын тигiздi. Көшпелi қоғам мен отырықшы өмiр, еркiн кеңiстiк пен бодандық, дiни танымдар арасындағы сенiм күресi, “сүреңi өзгерген заманның” ықпалы жалпы қазақ руханиятын жаңа идеялық-көркемдiк деңгейге көтердi. “Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама” сияқты шапқыншылық дәуiрiнен кейiнгi толықтай Ресей бодандығына көшкенге дейiнгi аралықта салыстырмалы түрде тыныс алған ел өзiнiң бойындағы талант қуатын сыртқа барынша мол шығаруға мүмкiндiк алды. Ұлттың көңiл-күйi мен көркемдiк дүниетанымы да бұрын-соңды байқалмаған ерекше түлеу мен жаңғыру дәрежесiне көтерiлдi. Түрлi әдеби-мәдени бағыттар мен ағымдар, тағдырлы тұлғалар мен талантты туындылар қалыптасты. Олар қазақ халқының ғасырлар бойғы жинақтаған және қалыптасқан дәстүрлi әдебиетiнiң жанрлары мен көркемдiк кестесiн одан әрi жетiлдiрдi, тақырып аясын кеңейттi, жаңа көркем ойлау жүйесiн қалыптастырды, мазмұнын тереңдеттi. Көркемсөз иелерi қысталаң да қилы замандағы халықтың жан айқайы мен ел мұратын шынайы суреттеп, тебiрене толғады.

Мiне, осындай халықтық құмығудың ызалы әрi үмiтсiз күйге тап болған ығырлы тұсында “зар заман” әдебиетi дүниеге келдi. Ұлттың рухани өмiрiндегi тұтастай құбылыс болып табылатын бұл көрiнiстiң пайда болуының алғы шарттары туралы М.Әуезов: “Зар заман ақындарының көпшiлiгi ХIХ ғасырдың орта кезiнен берi қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысының артынан шығады. Қалың қазақтың ұйқысын шайқап шыққандай болып, орта жүздi, кiшi жүздi түгел оятқан Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы қалмен бiткен соң, елдiң тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үмiт болса, белгiсiз келешекке күткен аз ғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердiң жолсыз жорығынан соң суалып бiткендей болады. Сондықтан ХIХ ғасырдың орта кезiнен кейiн зар-заман күйi қалың елге түгел танылады” – деп (М.Әуезов, Шығармаларының елу томдық жинағы, А., 2001, 4 т. 207б.) баға бердi.

Бұрынғы сырттайғы қысым мен езгi ұлттың iшiне уайым мен түңiлу боп кiрдi.
1.
Көркем шығарманың негiзгi салмағы жеке адамның түйсiгiн ғана емес, мұқым қоғамдық ой-сананы билеп алды. Мұнда бұрынғыдай жеке оқиға мен адамға қатысты оқшау мәселелер емес, елдiк сарын басым түсiп, азаттық нысанасы негiзгi аңсар ретiнде жырланды. Яғни, лирикалық “меннiң” өзi жалқыдан көрi жалпылық сыпат алды. Бодандық басыну мен рухани үстемдiк заңды қарсылық туғызып, жан жiгерiн жаныды. Соның нәтижесiнде қазақ әдебиетiнде таным мен тарих талқысының ортасынан суарылған толғауы тоқсан, сарыны қуатты, философиялық-идеялық тамыры терең, өмiр мен өлiм, мәңгiлiк пен заманақыр, жалған мен жалғыздық, фани мен бақи, ұлт пен тобыр, дәстүр мен дүрегейлiк, ұлттық психология мен дүбара тiршiлiк, екiестiлiк пен екiойлылық, әке мен бала, ұрпақ арасындағы қарама-қайшылық, сенiм мен үмiтсiздiк, адамгершiлiк пен жаҺандық жауыздық, үмiт пен түңiлу, ерлiк пен ездiк сияқты мәңгiлiк мазмұнға ие тақырыптар сыни көркем ойдың арқауына желi боп тартылды. Дәстүрлi халықтық әдебиеттiң қалыпты заңдылықтарын сақтай отырып тың арна салды. Зар-заман әдебиетiнiң негiзгi ерекшелiгi – оның аңсары (идеясы) жалпы ұлттық мән-мазмұнға ие болды. Сондай-ақ елдiң басына төнiп тұрған рухани тәуелдiлiктi нақты көркем салыстырулар мен парасатты пайымдаулар арқылы тебiренiспен жеткiзе бiлдi.

Көшпелiлердiң санасындағы “мәңгiлiк еркiндiк”, Жиделi-Байсын туралы қиялдаған көркем кеңiстiгi тарихтың талыс талқысына түсiп, кәдiмгi жалған-дүниенiң түйсiк-түсiнiгiнiң тар шеңберiне келiп тығылды. Асау көңiлдi ақындардың көкiрегiнен Қорқыттың қобызы болып күңiрене сыртқа шықты. Жүректiң басына ащы запыран боп ұйыған мұндай “ызалы сөздiң” (Абай) жұртшылықтың құлақ күйiне айналғандығы сондай, зар заман әдебиетiнiң ұлы тұлғаларының тiзiмiне iлiкпей қалған, арнайы зерттелмей келген зағип ақын Ноғайбайдың өзi: “Менiң айналамды торлаған зар мен еңiреудi қайтып естiмеймiн мен? Әлi азабын шегiп көрмеген аздаған бақыттыларды сығалап жүрген, жазық даланы да, ұшар басы биiк таудың жықпылдары мен құздарын да долы желдей шарлап жүрген уайымды, қайғы-қасiреттi менiң естiмеуiме бола ма? Жоқ, мен оларды естiдiм, мен бәрiн де естiдiм. Бәрi менiң құлағыма келiп жеттi, оған шалынбай өтiп жатқан ешнәрсе жоқ. Туып-өскен даладан, барлық таулардан, барлық ағайын-туғандарымнан шыққан бұл қайғы менiң жаралы жүрегiмдi кернеп, күйдiредi, азаптайды, оны жырым-жырым етедi. Жаралы жүрегiме ыстық қан құйылып, өзiне сауға iздейдi, бiрақ оны таппайды.”-деп сол заманды тудырған империяның өкiлiне зар сырын жайып салады. (А.Ивановский, Қазақтың халық ақыны – әншi Ноғайбай, жинақ, «Қазақ музыкасы тарихы», А., 1957, 45 б.).

Бұл заман тудырған ащы шындық. Алайда сол көркем шындық ұзына уақыт бойы керiсiнше түсiндiрiлiп келдi. Ондай пiкiрлердiң себептi-себепсiз және мәжбүрлi, мәжбүрсiз айтылуының қат-қабат астары мен тарихи түсiнiктерi бар.

Оларды бұлай аңыратқан жай ғана мистикалық-феодалдық, пессимистiк, схоластикалық, ұлтшылдық, реакциялық немесе регрессиялық көңiл-күй емес, қоғамдық дамудың және отаршылдық жүйенiң қатал заңдылықтары едi. Бүкiлхалықтық сипатқа ие болған мұндай көңiл-күй мен торығу билеген “бұл дәуiрдiң әдебиетi сол кездегi жұмбақ күнге жеткен елдiң алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күннен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсiнген күйiн бiлдiрдi. Не де болса артқа қайтар күн жоқ. Өлiмге кетсе де алға кететiн болған соң артқы бостандық-бiрлiк күнiне қоштасқан мезгiлi” едi. (М.Әуезов, сонда, 213 б.) Өзi өмiр сүрген дәуiрiн “зар заман”, “ақыр заман”, “заманақыр”, “тар заман”, “сұм заман”, “кер заман”, “азған заман”, “тозған заман”, “қилы заман” деп атаған ақындардың басына орнаған “зар заманның” түпкi уыты сонда жатты. Отаршыл жазалау саясатының қасiретi мен оның түңiлдiрер әлеуметтiк себептерiнiң тамырына соқыр ақын Ноғайбайдың шерлi сарынын тыңдап отырған А. А. Ивановский:

“Ноғайбайдың жүрегiн күйдiрiп, азаптайтын, оны быт-шытын шығарып талқандайтын қайғы – “жатақтық” бертiнде шығып, жылдан-жылға ұлғая бердi, ол “Жатақ” деп аталатын ән айтты. Жатақ экономикасы құнарсыз қазақ топырағын тоздырып, зардабы күштi жұт әкелдi, өйткенi, келiмсектерге тиянақты жағдай туып, ендi басыбайлылық мейiлiнше етек алып, кең өрiстеп отыр. Оның қатал соққысына ұшыраған қалың ел құрбандыққа ұшырады, мыңдаған адамдарды ата мекенiнен айырды, туып-өсiп, кiндiк кескен жерiн ешқашан қайтып көрместей күйге ұшыратты. Әсiресе... осы құрбандардың үйсiз-күйсiз, сорлы, бақытсыздық хал-жайы, тұқым-тұяны ешкiмнiң көңiлiн аудармайды, ешкiмнiң көзiне түспейдi, олардың жантүршiгерлiк жағдайына ешкiм шiмiрiкпейдi... Ноғайбай поэзиясында өз халқына сүйiспеншiлiгi, оған шексiз берiлгендiгi, егер керек болса, халық үшiн жанын қиятындығы өлеңдерiнде айқын аңғарылады, бұл өлеңдерден барлық қорлыққа душар болғандар өздерiне ниет бiлдiрген пiкiр табады. Бұлармен қоса, кiм де кiм болса да, қалай болғанда да, халықтың күй-жайына нұқсан келтiрер кесiр атаулының бәрiне қарсы өзiнiң ашу-ызасын, өшпендiлiгiн бiлдiрген өзге де өлеңдерi бар. Мiне, Ноғайбай поэзиясының екi түрi: бiр жағынан қайғы мен зардың поэзиясы, екiншiсi, ыза мен кектiң поэзиясы, бұдан басқа поэзияны ол бiлмейдi”,- деп (А.Ивановский, сонда, 58 б.) баға бердi.

Бұл - Шортанбайдың:


Зар заман, зар заман,

Зарлап өткен бiр заман, - деп,


Дулаттың:

Қилы-қилы заман-ды,

Заманға сай адамды,

Салғастырып қарасам,

Су мүйiз болған танадай,

Шыр көбелек айналам.

Кешегi бiр заманда,

Қайран қазақ, қайтейiн,

Мынау азған заманда,- деп,
Мұраттың:

Мен қауiп еткеннен айтамын,

Ақ борықтай иiлген,

Кейiнгi туған баланың

Ұстай ма деп бiлегiн,

Шая ма деп жүрегiн,

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңiн,

Адыра қалғыр заманның

Мен жаратпаймын сүреңiн.
Ноғайбайдың:

Ыза мен кекте себеп бар,

Сылтауын табар асқынса.

Қайралған кекке ақ семсер,

Мұқалмас, сiрә, тасқа ұрса.
Әбубәкiрдiң:

Заманым түгiл ел азды,

Ел iшiнде ер азды.

Айқын-айқын сулардың,

Балығы кетiп, көл азды –

деп жырлаған күдiк пен күңiренiске, ыза мен кекке толы “зар заман әдебиетi” туралы бұрынды-соңды айтылған пiкiрлердiң iшiндегi барлығынан да шындыққа жақыны осы және барынша әдiл қорытылған пiкiр.

Өкiнiшке орай, көшпелiлердiң рухани әлемiнiң дәстүрлi жалғасы ретiнде көрiнiс берiп, ұлттық көркем құбылысқа айналған зар заман әдебиетiнiң тарихи тамыры мен танымы, дәстүрлiк болмысы мен жаңашылдық бағыты, даму арнасы мен әдеби ағымдары, көркемдiк сипаттары мен ерекшелiктерi ғылыми тұрғыдан бағаланбай, оған үнемi саяси, ұлттық, идеологиялық, дiни астар берiлдi. Бұл ағым – көшпелiлердiң атам заманнан берi рухани аңсарына айналған, “Күлтегiн” мен “Тоныкөктiң” байырғы түркi жазба ескерткiштерiнде тасқа қашалған, Қорқыттан бастап Бұқарға дейiнгi жыраулар әдебиетiнiң алтын өзегiне арқау болған “мәңгiлiк ел” мен “еркiн өмiр” туралы дәстүрлi көркем әлем мен көркемдiк желiнiң заңды жалғасы екендiгi мүлдем қаперге алынбады.
Көшпелiлер әлемiндегi осынау бiр көркем ойлау сарынының түпкi тамыры туралы :“Әуелi Асаннан басталып, барлық зар заман ақындары осы сұрақтың алдында не дерiн бiлмей, қайғылы қара жамылып тұрып, амалы құрығандықтан күрсiнiп жылап, күнiренiп өткен... Бұл дәуiрдегi әлеумет тiршiлiгiнiң ең шаншулы мәселесiн әдебиет жүзiне түсiрiп, алғашқы рет қалың елдiң қамын ойлап, күңiренген қария – Асан. Алғашқы рет келешек заманның құбыжығын сезiп, тұспалымен белгi берiп, болжап айтқан Асан қайғы ...Кейiнгiге ел қалын жоқтаған мұң, зар сарынын тастап кеткен де сол. Зар заман ақындарынын барлығындағы сары уайым Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы белгiсi Асан қайғыдан басталады деймiз” – деген М. Әуезовтiң түйiндi пiкiрi ескерiлмедi. (Сонда 213 б.) Керiсiнше заманалар бойы жалғасып келе жатқа дәстүрлi сарының желiсi буын буынға бөлiнiп, бұтарлана талданды. Ақыры бұл зерттеушiнiң өзiне мiн боп тағылып, “Әдебиет тарихы” монографиясына шектеу қойылды.

Мұның басты себебi: бiрiншiден – отар елдiң бiрiлiгiн, елдiгiн, тәуелсiздiгiн аңсаған рухани дәстүр жалғастығын үзу, ортақ мақсатқа ұйытпау, шетiнен бiртiндеп шетке шығарып, ақыры мүлдем ұмыттыру едi. Бұратана жұрттың әдеби үлгiлерiн жиып, оны iрiктеп, бастыруға үлкен үлес қосқан В. В. Григорьев, В. В. Вельяминов-Зернов, Н. Ф. Костылецкий, И. К. Березин, Н. И. Ильминский, А.Е.Алекторов, А.В. Васильев, П.М.Мелиоранский, А. П. Харузин, В. А. Колпаковсий, Н. И. Гродеков, Н. Ф. Катанов, Я. Я. Лютш, Г. Н. Потанин, В. В. Радлов сияқты т.б. ғалымдар белгiлi дәрежеде сондай мақсатты жүзеге асыруға ұмтылып, терiс ғылыми тұжырымдар мен үстiрт пiкiрлер қалыптастырды. Қазақ халқының “ең сенiмдi досы“, Ы. Алтынсариннiң миссионер-ұстазы Н. И. Ильминский өзiнiң мақсатын ешқандай қысылып–қымтырылмастан 1891 жылы 27 желтоқсан күнi В. Н. Витебскийге: «Бұратаналарға бiлiм беру жүйесiнiң түпкi мақсаты – бұратаналарды орыстандыру және дiнiн де, тiлiн де мүлдем ұмыттырып, бүтiндей орысқа сiңiрiп жiберу. Мiне, соған ұмтылуымыз керек“ - деп (“Н. И. Ильминский, директор Казанской учительской семинарии”, Қазан, 1892) ашық жазды.



Сондықтан да олар жалпы халықтық сыпат алған зар заман сарынына сырғақтай тоқталып, оны тек дiни немесе реакциялық насихат ретiнде бағалады. Империя үшiн аса қауiптi бағыт деп танып, шығарма иелерiн жеккөрiнiштi етiп көрсетiп, жалпы халықтық көркем ой желiсi мен ұлттық танымнан оларды шеттетуге тырысты. В.В.Радлов: ”Жалпы қазақтар: “Оқымыстыларды халықтық әдет-ғұрыптан ауытқығандар” – деп санайды, оларға сырттай құрмет көрсеткенiмен, шындығында iштей жек көрiп, аулақ жүруге тырысады” – деп (Ел қазынасы – ескi сөз”, А., 1994, 8 б.) жазды. Сөйтiп, зар заман әдебиетiнiң өкiлдерiнiң өздерiн түңiлдiрген және соған рухани қарсы күрескен отарлаушы өктем империя мен ұлы орысшылдықтың мүддесi тұрғысынан келiп, оларды керiтартпашыл, дiншiл әдебиет жасаушылар ретiнде “әшкереледi”. В. В. Радлов (1870) пен Я. Я. Лютш (1883) жариялаған Шортанбайдың “Бала зары”, “Зар заман”, “Заман ақыр” жырлары туралы алғашқы қарсы пiкiрдi Дала генерал-губернаторының кеңсесi шығарып тұрған “Акмолинские областные ведомости” мен “Дала уалаяты газетi” (1889, №№ 24, 26, 29, 31, 39, 44) ұйымдастырып, “бұл бағыт самодержавиенiң отаршыл саясатын “табысты әрi тез жүргiзуге” реакциялық керi әсер етедi, панисламистiк, пантүркистiк идеяны насихаттайды“ – деп жазды. Оған сол жинақты құрастырушы В. В. Радловтың: “Бозторғай”, “Зар заман”, “Заман ақыр” сияқты уағыздық өлеңдерi де қарапайым халыққа көне өсиет тәрiздi дiннiң басты негiздерiн сiңiредi... Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бiр “Жұм-жұманың” тигiзетiн әсерi даланы кезiп жүрген жүздеген молдадан артық тәрiздi”- деген (сонда, 10 б.) пiкiрi де ұйытқы болды. Бұған Ә. Бөкейханов (Қыр баласы), Д.С ұлтанғазин (М. Төлеубайұлы), А. Құрманбаев өздерiнiң қарсы пайымдауларын бiлдiрдi.

Екiншiден: қазақ сыни көркем ойы “зар-заман әдебиетiнiң” терең де сындарлы тылсымдарын қазiрге дейiн толық әрi жан-жақты саралай алмай келдi. Оған басты себеп – қазақ елiнiң саяси және рухани тәуелдiлiгi, көркем шығарманың тек идеологиялық тұрғыдан бағалануы, дербес көркем ойлау жүйесiнiң қалыптаспауы кедергi жасады. Зар-заман ақындарының толғаулары көркем ойдың көрiнiсi емес, өктем саясаттың жазалау нысанасы ретiнде социалистiк және ұлыорыстық керiтартпа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Мұндай сыңар езу пайымдаусымақтар ХХ ғасырдың соңғы он жылына дейiн үстемдiк құрды. Ең жақсы ниетпен жазылған зерттеулердiң өзi кеңестiк қалыптан шыға алмады. Сондықтан да ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы қазақ әдебиетiнiң даму жолдары мен оны кезеңдестiре жүйелеу туралы пiкiрлер бiр-бiрiне қабыспады.

Үшiншiден: кеңес кезеңi тұсында бұл көркем құбылыс тек керiтартпашыл әдеби ағым ретiнде ғана оқшау қаралды. Оларға саяси тұрғыдан алғанда – идеалистiк, феодалдық-буржуазияшыл, феодалдық-клерикальдық, ұлтшыл-реакцияшылдық, регрессивтiк, дiни мистикалық, дiни схоластикалық, дiни-реакцияшыл үгiтшiлдiк, дуалистiк, дiни-софылық, дiни-ағартушылық, панисламистiк, түркiшiлдiк, орысқа қарсы жiкшiлдiк жыршылары; ал әдеби-теориялық тұрғыдан алғанда – керiтартпа романтикалық, декаденттiк-символистiк, пессимистiк, мистикалық, схоластикалық, софылық, феодалдық – үгiтшiлiк, реакцяишыл, тұйықталған торығу ағымдардың өкiлi деп баға берiлдi. Әр кезеңде М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, С. Талжанов, Х. Сүйiншалиев зар заман әдебиетi халық мұңын қозғаған нағыз бұқарашыл, эпостық, ызалы романтикалық, реалистiк, сыншыл реалистiк, дiни-философиялық, азаматтық, символистiк рухтағы шығармалар деп бағаланғанымен, саяси қысымның кесiрiнен ол пiкiрлерiнен кейiннен бас тартты. 1959 жылы 15-19 маусым аралығында өткен “Қазақ әдебиетiнiң негiзгi проблемалары” атты ғылыми-теориялық конференцияның ашылу рәсiмiндегi кiрiспе сөзiнде Ғылым академиясының вице-президентi, академик С. Бәйiшев зар заман әдебиетi туралы пiкiр қозғай келе: “Қазақ қоғамының тарихында тек бұлдыр-бұлдыр ғана iз қалдырған Бұқар, Шортанбай, Дулат сияқты ақындар жөнiнде талай еңбектер мен мақалалар жазылды... Бiр ғана мысал келтiрейiн. Атышулы Шортанбай ақынның барлық қалдырған мұрасы мына бiр ғана кiшкентай папкаға сиып отыр. Ал сол Шортанбай туралы баяғыдан берi жазылған еңбектер мен мақалаларды жинасақ, бiрнеше том болар едi... Бiздiңше, әбден жеткен сияқты. Шортанбайдың идеялық көзқарасының керiтартпалығын, жаңалықты, қоғамдық дамудың болашағын көре алмағандығын, өз қоғамын iлгерi, прогресс жолымен дамуға шақыра алмағанын және басқа осал жақтарын әбден ашып, кесiп айтсақ, тарихқа да, ғылымға да қиянат болмайды. Бұлай әдiл баға беру қазақ халқының тарихына да, арына да ешбiр кiр келтiрмейдi, мұны жұрт еңбегiне қарай берiлген әдiл баға деп бiледi” – деп (Әдеби мұра және оны зерттеу, жинақ, А., 1961, 16 б.) талқылауға бағыт-бағдар бердi.

Соның нәтижесiнде арнайы жасалған баяндамалар бiр жақты бағаланып, олардың шығармаларын түсiндiрудiң саяси әдiстерi ұсынылды. Саяси-идеялогиялық қыспаққа қарамастан ғылыми-конференцияда Қ. Жұмалиев зар заман әдебиетiн тарихи тұрғыдан салыстыра талдауды ұсынды, ал Б. Кенжебаев ақынның кәсiбiне қарап бiрде кiтаби, идеясына қарап екiншiде дiни-ағартушы, ағартушы-демократ деп бөлшектемей, теориялық тұрғыдан зерттеу керек деп пiкiр түйдi. Ұлы ғұлама М. Әуезовтiң өзi сол мәжiлiстегi қорытынды сөзiнде: “Бұл үшiн тексерiлетiн ақындарды бiр-бiрiмен салғастыра, бiрiне-бiрiн қарсы қоя талдау мақұл. Сол арқылы кертартпа ақындардың көп-көп сыр-сипатын аша тексеру қажет болады. Мысалы, Шоқан мұраларын тексергенде Шортанбайды сол Шоқан айтқан пiкiрлердiң қарсы, ерсi жағы ретiнде кертартпа қараңғы фон есебiнде алу керек. Шоқанның: Бұқардан, Қазаннан оқыған молдасымақтар қазақ халқының сыншыл сау санасын шырмауға, бұзуға айналды – дегенi түгелiмен сол Шортанбай жырында тұрған жоқ па? Сол сияқты Дулат мұрасын тексергенде, оны жаңағыдай Алтынсарин шығармаларына қарсы, кертартпа сырларын аша тексеруге болады. Абайды зерттегенде Мұрат шығармасын қарсы қойып, салғастыра отырып, бар қосқыртысын, қайшылығын, ерсiлiгiн түгел ашуға болады. Шәңгерей ...өзiнiң Едiл бойындағы ордасында отырып алып, дворян усадьбасында дарашылдық күйде жырлаған Фет, Тютчевке елiктемей ме! Олар көбелектiң ұшқанын, қарлығаштың қонғанын, көңiлдiң бұлдыр елесiн зауық етсе, Шәңгерей қосаяқтың құмдағы iзiн шабыт еткен жоқ па? Өмiр үшiн, халқының күнделiк тiрлiгi үшiн зар-шер шегiп, жырлар жазған Абайды сол Мұрат, Дулат, кейде Шәңгерейге де диалектикалық отрицание ретiнде қарсы қоя зерттеу - ғылымдық анық, дұрыс жол емес пе?.. Шортанбай, Мұрат, Дулаттардың бәрi бiрдей “анау ақауы”, “мынау кемшiнi”, ол-пұл мiнi бола тұрса да “жақсы ақын” дейтiн болсақ, тағы да бiрыңғай ағын-арнасына түсемiз. Ал бұған бiзге тарих та, партия да бiр де бiр рұхсат бермейдi. Солары шексiз дұрыс, ол бiздiң ғылымның ырысы”- деуге (сонда, 355 б.) мәжбүр болды.

Ғылыми-методикалық тәжiрибеге мүлдем жат жалаң салыстырулар өзiнiң тек қана керi нәтижесiн беретiнi белгiлi және бұл әдiс байсалды ғылыми тұжырым жасауға негiз қаламайды, керiсiнше қате үкiм шығаруға жетелейдi. Ресейлiк әскери бiлiм иесi мен шығыстық iлiм өкiлiнiң империя туралы пiкiрлерiн қарама-қарсы қою арқылы Шоқан мен Шортанбайдың, орыс миссионерлiк басқармасының әлеуметтiк тапсырмасын орындаған Ыбырай мен дала жырауы Дулаттың, эпостық рухтағы Мұрат пен философиялық ой иесi Абайдың көркемдiк дүниетанымын салыстырудан көрi олардың арасындағы сабақтастықты iздестiру әрi табу ғылыми-әдiстемелiк тұрғыдан алғанда жүйелi де үйлесiмдi болар едi. Әрине, ғұлама М. Әуезов өз пiкiрiнiң қайшылығын жақсы бiлдi. Бiз осы арада тек бұл пiкiрдi амалсыз, еркiнен тыс айтқанын ескерте отырып, “зар заман әдебиетi” туралы пiкiрлердiң қалыптасу жолының қандай қысталаңнан өткенiн аңғарту үшiн ғана тiлге тиек еттiк. Осындай жаңсақ жолға түскен әдебиеттану iлiмi ұзақ жылдар бойы жалған сүрлеумен жүрiп келдi. Бұл пiкiрлер ғылыми конференцияның қаулысына кiрiп, зар заман әдебиетiн зерттеудi, бағалауды жарты ғасырға жуық кейiнге ысырды.

Дегенмен де назар аударлық пiкiрлер айтылып, ой қорытуға арна тартатын ұсыныстар мен пайымдаулар жасалады. “Зар заман“ деген ұғым В. В. Радлов жариялаған Шортанбайдың осы аттас толғауының негiзiнде қалыптасты. Сонымен бiрге “Бозторғай“ деген атау қатарласа қолданылды. Зар заманда бозторғайдай шырылдап, елiмен жерiн қорғаған ақындарды меңзеген бұл атау кейiннен ұмытылды. “Зар заман” (“Горе киргиз”, Ы. Алтынсарин), “Дiни және ғибрат поэзиясы”, “Болжал әдебиетi” (“Предсказывательные песни”, Х. Досмұхамедов), “орыс патшасына бағынған дәуiр”, “саяси бостандық әдебиетi” (С. Сейфуллин), “Зар заман әдебиетi” (М. Әуезов, С. Мұқанов), “дiни-ағартушылық әдебиет” (Б. Кенжебаев) деген терминдер қалыптасты. (Кейiннен М. Мырзахметов “Отаршылдық дәуiрдегi әдебиет”, тiлтанушы Р. Сыздықова мен Б. Әбiлқасымов «Авторлық поэзия», “Жаңа жазба әдебиет“, - деген терминдердi ұсынды. Осы терминдердiң iшiндегi “зар заман әдебиетi” деген атау ғана ғылымда тұрақтап қалды).

Бұл орайдан алғанда жалпы мағынасы түсiнiктi болғанымен де, “Зар заман әдебиетi” деген терминнiң түсiнiк ауқымы толық ашылмай келедi. Яғни, бұл атау – жалпы зарлы заманның әдебиетi деген түсiнiктi бере ме, жоқ, заман тудырған зарлы әдебиеттi мегзей ме, әлде, жырына зар-мұңды арқау еткен “зарлы ақындарды” ғана қамти ма? ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы қазақ әдебиетiнiң тарихы туралы зерттеулердегi ағартушы-демократтар, кiтаби ақын, сал-серiлер, дiни ағартушы акындар деген жiктеулерге сүйенсек, онда соңғы пiкiрге жүгiнуге негiз қалайды.

Бұл атау жалпылама алғанда өзара мағыналас ұғым сияқты көрiнгенiмен де, мұндай күрделi құбылыстың себептерiн түсiндiру, талдау әдiстемесi тұрғысынан алғанда осы үш атаудың ұғымдық ауқымын нақтылаудың маңызы ерекше. Өйткенi, “зар заман әдебиетi” деген ұғым тiкелей “зар заманға” қаратыла айтылса, онда зерттеулердiң негiзгi арнасына тарихи талдаулар басты тақырып ретiнде алынып, оның обьективтi-субьективтi ықпалдары жан-жақты тарих iлiмi тұрғысынан сараланып, сыни пiкiр қорытылуы тиiс. Ал “зарлы әдебиет” ағымы дегенге тоқталсақ, онда бұл ағымның қалыптасу, даму жолдары мен бағыт-бағдары, ол ағымның өкiлдерi, дәстүрлiк тегi мен жаңалықтары туралы таза әдебиеттану iлiмi тұрғысынан талдануы керек. Егерде, осы бағытты “зарлы ақындар” деген ауқымда түсiнiп, оларды сол кезеңде өмiр сүрген өзге ақындардан бөлiп алып қарастырсақ, онда көркем ой тарихы мен шығармашылық психологияны, жеке тұлғаның дүниетанымы мен көзқарасын сабақтастыра отырып саралау қажет. Сонда ғана бiр ғасырдан астам уақыт бойы пiкiр таласына айналып келе жатқан түйткiлдi мәселенiң терең тамырын жан-жақты және нақты бағалай аламыз.

Егерде, патшалық отарлау кезеңiн “зар заман” деп есептесек, онда ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген Махамбеттен бастап Абайға дейiнгi аралықта осы тақырыпқа соқпаған бiрде бiр ақын жоқ. Олардың шығармаларында түңiлу де, ыза мен кек те, зар мен шер де, дiни таным мен ағартушылық сарын да аралас. Дулаттың, Шортанбайдың, Мұраттың, Нарманбеттiң, Ноғайбайдың, Әбубәкiрдiң, Шәңгерейдiң әзiл-сықақтары мен жiгерлi, ертеңге үмiт артқан шығармалары баршылық. Өмiрiн сал-серiлiкпен бастаған Ақан серiнiң өзi де шығармашылық жолын софылықпен аяқтаған. “Камзолдай қысқа пiшкен дөңгеленiп, дүние өтерiмде шыр айналды” деген Бiржанның рухани жеке басының трагедиясын да заман зауалынан бөлiп қарай алмайсың. Тұрмыс-салт жырлары мен дәстүрлi айтыс ақындарының өлеңдерiнде де “Майырдың алдында майысқан” болыстардың сыналмай қалғаны жоқ. Солардың барлығы да “қызды айтып, қыздырмалата” (Абай) бермеген, “зар заманды”, жалған дүниенi, әлеуметтiк әдiлетсiздiктi, патшалық өктемдiктi, ата мен бала арасындағы қайшылықты, тозған жер мен азған елдiң мұңын домбырасының құлақ күйi етiп алған. Сондықтан да саяси тұрғыдан демократ, ағартушы, дiншiл деп жiктеу олардың нақты ұстанған өмiрлiк бағытынан толық мағлұмат бермейдi. Адамгершiлiкке, әдептiлiкке, оқуға, өнерге, ғылымға, адалдыққа, бiрлiкке шақырмағаны жоқ. Мәселе соны өзiндiк көзқарас пен ақындық қуат, көңiл-күй арқылы көркем бере бiлуiнде.

Бұл реттен алғанда олардың барлығының шығармаларына ортақ бiр сарын бар, ол – заманның дамуы тудырған тарихи шындық пен басыбайлы тiршiлiк алдындағы шарасыздық, түңiлу, ойсоқтылық сарыны. Ал бұл - тура сол дәуiрде тек қана қазақ ақындарының рухын ғана алаңдатқан мәселе емес, жалпы ақыл-ой әлемiн “шырмауықтай шырмап алған” (Ақан серi) құбылыс едi.

Түрлi саяси және ұлы державалық пиғылға негiзделген осындай қарама-қайшы көзқарастар, жалпы дәстүр мен даму, өзара үндесу заңдылығы ортақ осынау әдеби құбылысты тұтастай қарастырып, оның өкiлдерiнiң шығармашылық, тақырыптық сыпаттарын өзара салыстыра отырып жүйелей зерттеуге кедергi келтiрдi. Сонау жиырмасыншы жылдары М.Әуезов күн тәртiбiне қойған және ғылыми тұжырымы табылуы тиiстi: ”Зар заман деген бағыт неден басталып, немен бiттi? Ақындары кiм? Бұрынғы өлеңдерден басқалық жаңалығы бар ма? Кейiнгi заманға қандай сарқыт қалдырды? Онан соң әдебиетте бұл дәуiр қандай орын алды?» – деген (М. Әуезов, сонда, 204 б.) түйткiлдi мәселелердiң түйiнi шешiлмей қалды. Ұлттық тұлғаларды кеңестiк саясаттың “таптық торынан“ алып шығу үшiн зертеушiлер оларды топ-топқа бөлiп, жiктеу арқылы «идеологиялық қырағылықты әлсiретiп», iшiнара арашалап алуға ұмтылды. Тек Шортанбай, Мұрат, Нарманбет, Шәңгерей сияқты дара ақындар ғана ол құрықтан құтыла алмады. Бұған зерттеушiлер емес, оларды қыспағынан шығармаған заманы кiнәлi едi. 1939-1944 жылдар арасында ғана олардың есiмдерi аталып, шындыққа жақын пiкiрлер бiлдiрiлдi де iле оларға тағы да шек қойылды. Осындай қысымның нәтижесiнде зар заман әдебиетiнiң қыр-сыры толық ашылмай қалды.

Ал осы зар заман әдебиетiнiң дәуiрлiк кезеңi қанша уақытты қамтиды?

Зерттеушiлердiң бұл туралы пiкiрi де әр қилы. В. В. Радлов пен Ы. Алтынсариннiң: зар заман сарыны ХIХ ғасырдың екiншi жартысында қалыптасты – деген пiкiрiн әдебиеттанушылардың денi (С. Сейфулин, С. Мұқанов, Е. Исмаилов, Х. Сүйiншалиев, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Дербiсалин, Ы. Дүйсенбаев, Р. Сыздықова, С. Талжанов, Қ. Өмiрәлиев) негiзге алды. Ал С. Мұқанов “ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында ұлт бостандығын жырлайтын әдебиет жасалды. ХIХ ғасырдың 50-70 жылдарында “Зар заман“ әдебиетi басым болды, ХIХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап просветильдiк (мәдениетке үндеушi) әдебиет туды”- деп (Қазақтың ХҮIII-ХIХ ғасырлардағы әдебиет тарихынан очерктер, 1942) араларына нақты жiк қоя талдады. Дулаттың – (1802-1874), Шортанбайдың – (1818-1881), Мұраттың – (1843-1906), Әубәкiрдiң – (1861-1905), Шәңгерейдiң (1847-1920), Шәдiнiң – (1855-1933), Нұржанның – (1859-1919), Нарманбеттiң – (1859-1918) жылдар арасында өмiр сүргенiн ескерсек, жоғарыдағы пайымдаудың шекаралық ауқымы тым тар шеңберде алынғаны, келте қайырылғаны байқалады. Х. Досмұхамедов, Қ. Жұмалиев бұл кезеңнiң тамырын тереңдетiп, оған Махамбет, Алма Азаматқызы, Шернияз ақындарды қосады. Бұл шындыққа барынша жақын және тарихи заманы бiр тұлға ретiнде заңды тұжырым.

Бiр өкiнiштi жайт, зар заман әдебиетi туралы жүз елу жыл бойы пiкiр бiлдiрiп келе жатқан әдебиеттанушылар осы күнге дейiн сол ағымның өкiлдерiн толықтап атап бере алмай келедi. Бұл ағым тек Шортанбай, Дулат, Мұрат, Ноғайбай шығармашылығымен ғана шектеле ме? Әлде, М. Әуезовтiң пiкiрiне ден қойып, Асан қайғы мен Сыпыра жыраудан, Қазтуған мен Шалкиiзден бастап, Бұқар жырау мен Махамбеттi, Байтоқты ортаға салып, Шортанбай мен Абайдың ақындық мектебiмен тиянақтаған дұрыс па? М. Мырзахметов осы тұжырымды дамыта отырып, оны “отаршылдық дәуiрдегi қазақ әдебиетi” деп атап, шартты түрде үш тарихи кезеңге бөлiп, тұтастай қарастыруды ұсынады. Онда ХҮIII-ХIХ ғасырдағы ақындардың барлығы да “зар заман” әдебиетiнен орын алады. Б. Кенжебаев “ХIХ ғасырдағы жаңа, реалистiк әдебиеттi” жеке дәуiр ретiнде бағалады, ол ағартушы, демократ, кiтаби ақын деп бөлiп–жармай, олардың көркемдiк, жанрлық ерекшелiктерiне қарай зерттеу бағытын қалыптастырды. Кейiнгi жылдары жазылған “Әдебиет тарихы“ мен жоғары бiлiм орындарына арналған оқулықтар соңғы үлгiнi ұстануға ықылас танытып отыр. Бұл бағыттың әдебиет өкiлдерiнiң шығармашылық жолы мен көркемдiк әлемiн жүйелей баяндауда, әсiресе, оқу бағдарламасын жасауда белгiлi бiр дәрежеде қиындықтар тудыратынына қарамастан, оқымыстылар тарапынан түсiнiстiк тапты. Соның iшiнде қазақ әдеби тiлiнiң тарихын зертеушiлер (Р. Сыздықова, Б. Әбiлқасымов) бұл жiктеудiң тiлтану тұрғысынан да өзiн-өзi ақтайтынын дәлел етедi. Зар заман сарыны ХIХ ғасырда өмiр сүрген барлық қазақ ақындарына тән болғандықтан да, бiз, бұл көркемдiк құбылысты “ұлттық идея“ ретiнде бағалап, оны тарихи көркем ой тұрғысынан кеңiнен қарастырып, соған қатысты сөз иелерiнiң шығармаларын тұтастай саралап барып, содан кейiн әр қайсысының шығармашылық даралығын айқындап беретiн көркемдiк ерекшелiктерi мен жанры бойынша сарлауды ұсынамыз. Сонда ХIХ ғасыр әдебиетiнiң даму жолы мен бағыт-бағдары толық қамтылады және осы уақытқа дейiн саяси-идеологиялық тұрғыдан жасанды түрде жiктелiп келген жалаң теориядан бас тартамыз.

Алайда мұның барлығы да тарихи уақыттық өлшем. Ал көркемдiк дәстүр мен идеялық және рухани сабақтастық тұрғысынан алғанда зар заманның сарыны бұдан да арғы заманнан тамыр тартады. Сол рухани-көркем үндестiктi дәл аңғарған М. Әуезов: ”Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым – Асан бастаған сарын.. Өйткенi арғы заманның Сыпара жырауы, Қазтуғаны, бергiнiң – алаша Байтоқ жырауы, Досқожасы болсын – барлығы да зар заман дәуiрiнен үлкен орын алатын ақындар. Көбiнiң сөз саптауы мен күй сарыны осы шеңбердiң iшiндегi үлгiмен келедi – деп әдеби ағыммен бағытқа қойылатын ортақ көркемдiк талап тұрғысынан баға бере келiп Бұқар жыраудан соң ХIХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы – Махамбет, одан кейiнгiлерi Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардың соңғы бiр буыны Абаймен тұстас ақындар. Зар заманның артқы ақыны ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың жапсарында өмiр сүрiп, сол кезде өлең айтқан Нарманбет. Заман зарының ең ақырғы күйiн шертiп, тоқтаған осы ақын“ – дейдi (сонда, 212, 220, 235 беттерден).

Көркем әдебиеттегi дәстүр үндестiгi рухани тұрғыдан бағаланғанда ғана байсалды ғылыми тұжырым жасалмақ. Сонда ғана шығарманың және тұлғалы таланттың тылсым құпиясы ашылмақ. Бұл пiкiрдiң дау туғызбайтынына Шалкиiз бен Мұраттың, Бұқар мен Шортанбайдың, Ақтанбердi мен Дулаттың арасындағы тығыз байланысты еске сала кетсек те жеткiлiктi. Мысалы: Шалкиiздiң “Ер Шобаны“ мен Мұраттың ”Шалкиiз” толғауының мазмұны да, құрылымы да, ырғағы да бiрыңғай желiге құрылған. Сондай-ақ Қазтуғанның:

Бұдырайған екi шекелi.

Мұздай үлкен көбелi –

деп басталатын “Мадақ жырымен” Мұраттың:

Еңселiгi екi елi,

Егiз қоян шекелi,

Шекелiгi үш елi, -

деп келетiн “Жалпыға айтқан толғауындағы“ бейнелеу тәсiлдерi мен iшкi ырғақтары, теңеулерi өзара сабақтасып жатыр. Бұқардың:

Ай, заман-ай, заман-ай,

Түстi мынау тұман-ай,

Iстiң бәрi күман-ай, –

деп келетiн жырымен Шортанбайдың:

Зар заман, зар заман,

Заралап өткен бiр заман, –

атты толғауы да өзара сарындас. Бұқар ертеңгi күнге алаңдап:

“Қилы – қилы заман болар,

Қарағай басын шортан шалар” – десе,

Шортанбай “қарағай басын шортан шалған, сиыр пұл болған, қағаз – кұн болған“ дәуiрдiң өзiне тап келгенiне өкiнiп, түңiле торығады. Ал Ақтанбердi:

Жарлауға бiткен жапырақ,

Жамылсақ тоңар ма екемiз.

Жазыққа бiткен бүлдiрген,

Сұғынсақ тояр ма екемiз!

Тұмар мойын ат мiнiп,

Қоныс та қарар ма екемiз! –

деп өз арманын айтса, Дулат ақын басыбайлы бодандыққа түскен өз заманының “Ақтан жасына“:


Жапанға бiткен жапырақ,

Жамылсаң тоңар ма екенсiң?

Жазғы шыққан бүлдiрген,

Сұғынсаң тояр ма екенсiң?

Күрек тiсiн қасқайтып,

Сұлуды сүйер ме екенсiң?

Бадана көз, тоғыз тор

Сауыт киер ме екенсiң?

Бiлтелiнi тұтатып,

Түтiнiн үзбей оқ атып,

Жау қашырар ма екенсiң? –

деп Атқанбердiнiң жырын пайдалана отырып, жыраудың “күреңдi мiнiп қоныс караған“ еркiн дәуiрiн аңсап, тiлек бiлдiредi. Ақтан жасқа “cұм заманының қаруы“ “бiлтелi мылтықтан” үзбей оқ атып, жауды қашырса екен деген арманын айтады. Сонымен қатар:

Мөңiреп жұртқа ой қайтты,

Бұзауы өлген сиырдай –

деп торығады.

Оның бұл бейнелi сөзiн Абай:

Адасқан күшiк секiлдi,

Ұлып жұртқа қайтқан ой, -

деп жаңғырта жалғастырады.

”Зар заманның“ соңғы ақыны Нарманбет Абайды ұстаз тұтып, ұлы ақынның “Сегiз аяқ“, “Ата-анаға көз қуаныш“, “Күлембайға“ атты өлеңдерiнiң түрлiк үлгiсiн пайдаланды, “Қара сөз“ жазды. Абай:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ақылың – ашыған у, ойың – кермек, – десе,

Нарманбет:

Дүниеге көзiм ашық, көнiлiм сергек,

Өмiрдiң алды – тұщы, арта – кермек, -

деп “үстiне үш-ақ қабат бөз оранып, есебiн берiп қайтар жалған-дүние” туралы ой қозғайды. ҮIII ғасырда өмiр сүрген Бiлге қаған “өмiрдiң мәнiнiң” аңсары ретiнде “Мәңгiлiк ел” нысанасын бейнелеп:

Әкемiз, ағамыз құрған халықтың

Аты, даңқы өшпесiн деп,

Түркi халқы үшiн

Түн ұйықтамадым,

Күндiз отырмадым ,

Бүтiн бүдiндi бүлдiрмедiм, -

деп “Күлтегiннiң” жазба ескерткiшiнде тасқа қашап жаздырды.

Осы ұлы қағандық аңсардың (идеологияның) әуелгi сарыны бiздiң жыл қайыруымыздан бұрын өмiр сүрген Афырасиап – Алып ер Тоңаға арналған:

Шеңгелiн ажал салды ма,

Ер-Тоңаны алды ма,

Сұлу дүние артта қалды ма,

Қайғылы жүрек жыртылды-ау! –

деген жоқтаудан тамыр тартады.

Мiне, осындай рухани көркемдiк желiнiң мың жылдан астам уақыт бойы үзiлмей жалғасын тауып отыруы – зар заман “сарынының” ХIХ ғасырдың 50-70 жылдарында ғана тосыннан тарих сақнасына шыға келмегенiн дәлелдейдi. Демек, “ұйқы берiп қайғы алған” (Дулат) ойшыл да шыншыл, дәстүршiл де жанашыл “зар заман“ ақындары көшпелiлер әлемiнiң “мәңгiлiк еркiн ел“ туралы ұлттық идеясының жыршылары болып табылады. Қай дәуiрде өмiр сүрмесiн, қандай сарында, қалай жырламасын, олар өзiнiң өлеңдерiне тәуелсiз ұлттық идеяны арқау еткен. Сол ұлы аңсардың үнi үзiлiп, тарих тылсымына тұншығып бара жатқан тұста, яғный ХIХ ғасырдың екiншi жартысында “зар заман!“ – деп тұтаса серпiн алған тегеуiрiндi толқынның ерекше назар аударуы заңды да. Өйткенi бұл, жеке бiр тұлғаның ғана емес, барша халықтың мұң-мүддесi, жан ашуы, рухани қарсылығы едi.

Көшпелiлер әлемiнiң көркем ойлау жүйесi мен Абайдың көркем әлемiн жалғастырып тұрған талмауытты тұстағы ұлы тұлғаның бiрi – дулат ақын. Ол – ақыл мен нақылдың, жалпы мен жалқының, фәни мен бақидiң, дәстүр мен жаңалықтың, кеңiстiк пен уақыттың, ұлт пен рухтың арасындағы сана аңсарын ажыратып, бостандық пен бодандықтың, рухани тәуелсiздiк пен рухани басыбайлылықтың арасына жiк қойып, заманның бетiне тұңғыш рет тура қараған қазақ көркем ойшылы.

Ол «әр елден өлеңмен қайыр тiлемеген, сөз қадiрiн кетiрмеген, жанын жалған намысқа жалдамаған, бiреудi алдап, бiреудi арбамаған» сайын даланың сайыпқыран өр ақыны. Ол сонау көшпелi заманнан берi тек қана жеке оқиғалар мен адамдарға арнау толғаған, «қылқаның кетер демес ем» деп шайнамай жұтып қоям дейтiн, ат мiнгiзiп, шапан жаппаса өкпелеп өлең шығаратын (қазiр ол дәстүр қайта жанданып келедi) дәстүрдi бұзып, жалқыға емес жалпыны саралап, «елдiң өксiгiн ойлап, ұйқы берiп, қайғы алды».

Қилы - қилы заманды,




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет